Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Түркіменстанның қазіргі прозасы...

19.06.2023 1795

Түркіменстанның қазіргі прозасы 14+

Түркіменстанның қазіргі прозасы - adebiportal.kz

«ТМД елдерінің қазіргі заманғы әдебиеті» (2022) антологиясына енген прозалық туындылар негізінде жазылды

Қазақстанмен және сол секілді Кеңес одағындағы басқа мемлекеттермен бірге ұқсас саяси жүйені бастан өткізген Түркіменстан әдебиетінің соңғы отыз жылдағы даму жағдайы көп оқырманға жете таныс емес. 1990 жылдарға дейінгі тарихи оқиғалар мен әдеби байланыстардың қалай жүзеге асырылғаны белгілі болғандықтан (ХХ ғасырдағы ғылыми зерттеулер мен әдеби сыннан және БАҚ материалдарынан, т.б.), бұған егжей-тегжейлі тоқталғымыз келмейді. Бізді әдеби шығармаларды оқуға сайттары қолжетімсіз болып тұрған Түркіменстанның қазіргі әдебиетінің даму үдерісі қалай жүріп жатыр деген мәселе көбірек қызықтырды (бүгінгі түркімен авторлары қандай тақырыптар мен жанрларда жазатыны, соңғы отыз жылда бұл әдебиетте қандай есімдер пайда болғаны, жалпы әдебиеттің даму бағыты мен ондағы поэтикалық ізденістер, т.б.).  Сонымен қатар, бір аймақта орныққан бұл елдің әдебиеті және оған қатысты зерттеулер Қазақстан оқырмандарының да қызығушылығын тудыруы мүмкін. Бұл тұста 2022 жылы орыс тілінде жарық көрген «ТМД елдерінің қазіргі заманғы әдебиеті: проза» (түпнұсқа атауы: «Современная литература стран СНГ»: проза) антологиясы қазіргі түркімен әдебиетінің кейбір үлгілерімен танысуымызға септігін тигізді. Антологияның алғысөзін жазған танымал жазушы Тимур Пулатов. Сонымен қатар, поэзия және балалар әдебиетіне арналған жеке екі антология да шыққаны белгілі. Қазақстан әдебиеті бойынша туындыларды құрастырған: Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек және ақын, аудармашы Ержан Алаштуған. Редакциялық кеңестің қатарында көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтен бастап, жеті автордың есімі берілген, бірақ «құрастырушы» деген белгімен тұрған екі есімді ғана атадық. 

Антологияның «Тәуелсіздік жылдарындағы түркімен әдебиеті» деп аталатын бөлімін Түркіменстан Ғылым академиясы Мақтымқұлы атындағы тіл, әдебиет және ұлттық қолжазбалар институтының мамандары құрастырған. Мамандардың алғысөзіне қарағанда тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиетінің дамуына тән сипаттамалар-түсіндірмелердің бір бөлігі түркімен әдебиетіне де қатысты екенін ұғындық, яғни тәуелсіздік кезеңі «дәстүрлер мен салттарды қайта қалпына келтіруге, тарихты зерттеуге» мол мүмкіндік берген. Отанға деген махаббат, ұлттық құндылықтар, бұрынғы тарих пен тұрмыс-салт ерекшелігі, еңбек, махаббат, түркімен авторларының назарын аударған екен. Қазіргі авторлардың қатарында Түркіменстанның экс-президенті Гурбангулы Бердымухамедов шығармалары арқылы бүгінгі әдебиетке өлшеусіз үлес қосқаны және көп тілдерге аударылғаны аталған. Оның «Жақсының аты өшпейді», «Бақыт құсы», «Ахалтеке – біздің мақтанышымыз әрі даңқымыз», «Жылқы – адалдық пен махаббат символы, «Шай – дәрі әрі шабыт», «Түркімен алабайы», «Мәдениет – халық жаны», т.б. туындыларында халықтың рухани әлемі мен байлығы, өмірлік қағидаттары мен салт-дәстүрлері, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, т.б. бедерленген. 

«Тәуелсіздік жылдарындағы түркімен әдебиеті» тарауына сегіз автордың он төрт әңгімесі енген. Атап айтқанда, Атаджан Таганның «Светопреставление», «Поезд проходит», Осман Одаевтың «Ураган», «Палец в меде», Комек Кулиевтің «Дом с привидением», Ағагелді Алланазаровтың «Чабдар», «Старик», Ахмет Халмыраттың «Сказка нашего двора», «Иона», Гурбанназар Оразгулыевтің «Блюдо для борца», «Доргуш», Акмухаммет Хемидовтің «Белый верблюд», «Никогда не поздно», Мурад Худайгулыевтің «Солнце» туындылары кірген. Зерттеу институтының мамандары қазіргі түркімен әдебиетінің жақсы жазылған  прозалық туындыларын жинап құрастырған деп үміттенеміз және мұны төменде түсіндірмелеріміз арқылы байқауға тырысамыз. Өйткені бұл – ТМД елдері әдебиетінің антологиясы. Яғни, қазіргі түркімен әдебиетін өз оқырманы емес, ТМД және әлем оқырманы оқиды. 

Антологияға енген қазіргі түркімен авторларының өмірбаяны да әдебиеттің даму үдерісі мен олардың шығармаларын интерпретациялауда қосымша ақпарат көзі болатыны сөзсіз. 1940 жыл мен 1973 жыл аралығында әр уақытта дүние келген авторлардың әңгімелері енген. Авторлардың жартысы Ресейде (А.М. Горький атындағы Әдебиет институты) және Мақтымқұлы атындағы Түркімен мемлекеттік университетінде білім алған. Кейбірі ғылыммен айналысады, ұстаздық етеді және мерзімдік басылымдарда қызмет етеді, т.б. Ендігі кезекте прозалық туындылардың жалпы тақырыбына, идеясына, қолданылған әдеби амалдарға, жанрлық өзгерістерге тоқталамыз.

Түркімен әдебиетінің бақытты ақсақал кейіпкері және бақытты қоғам образы

Прозаик, Жазушылар одақтарының халықаралық қауымдастығының мүшесі, Дүниежүзілік жазушылар ұйымының шығармашылық қайраткерлерінің дүниежүзілік Париж пен-клубының мүшесі, жиырмаға жуық кітаптың авторы А. Таганның (1940) «Пойыз өтіп бара жатыр» атты очеркінің кейіпкері мен сюжеттік желілері әдебиет идеология құралы болғанын аңғартады. 

Редактор мен журналист арасындағы диалогтан: «Адамдардың тұрмыс деңгейі бұрын-соңды болмағандай жақсарды. Оқырмандардың жан-дүниесіне қозғау салатындай дәуірімізді көрсететін үлкен очерк жазу керек. Қиындықтар туралы жазудың қажеті жоқ. Мұны өзің де білесің... Жасы тоқсанға келген қарт бар. Өмірінің жетпіс екі жылын шопан болып өткізген» деген автордың астарлы ойы да байқалмайды. Очерк атауын қоюға келгенде редактор мен журналистің ойы бір жерден шығады. Журналист «Бақытты қарт» деп атайық десе, редактор «Бақытын еңбектен тапқан қарт» деп атағанды жөн санайды. Қалай болғанда да қоғамды бақытты өмір мен бақытты адам / шопан бар екеніне иландыру ниеті жатқандай көрінді. Сонымен, очерктің басты кейіпкері – тоқсан жастағы Махмұт (шопан). Шопан тұратын ауыл да, журналист қызмет ететін газет те «Шындық» деп аталады. 

Автордың ойынша, қазіргі қоғамға – ХХІ ғасыр адамдарына тоқсан жастағы шопан кейіпкер болуы керек. Өйткені, очерк соңғы отыз жылдың ішінде жазылған. Цифрлық өркениетте роботтар қызмет етіп, Марс тіршілігі зерттеліп жатқанда басқа бір қоғамда шопан кейіпкер болуы қажет пе деген ой туады. Адал, еңбекқор шопандар социалистік әдіс салтанат құрған ХХ ғасырда жазылған кейбір туындылардан кездестіретін едік. Кез келген уақыттың әдебиетінде шопан кейіпкер болмауы тиіс деген қағида жоғы да белгілі. 

Қоғамға үлгі болатын кейіпкер шопан: қанағатшыл, тоқсанда болса да сергек, өйткені талай жыл ауыр еңбек еткен әрі отанына риза, бұдан артық отан деп ойламайды. Біз кейіпкер қоғамға үлгі болуы қажет демейміз, бірақ автор қоғамды тәрбиелейтін немесе өз отанына риза кейіпкері бар шығарма жазғысы келгендей сезілді. 

Очерк арқылы жасалған түркімен ауылының көркем моделі: кейбір мекенге газ, электр жүргізілген, қоғам өкілдері қанағатшыл, қарапайым, өмірінің көп бөлігін еңбекпен өткізген, өткізген ғұмырына риза, ақкөңіл. Бір ұлы Ауғанстанда отан үшін қайтыс болса, екінші ұлынан туған немерелері қалалық болып кеткен. Кемпірі сегіз жыл бұрын қайтыс болған. 

Автор шопанның «поезд прошел» деген сөзін екі-үш рет қайталайды әрі бұл тіркес әңгіме атауына айналған. Мұнда пойыздың әрбір өткен сәті мен өмір ағысы параллель суреттелген және, ең бастысы, шопан қарттың пойызға бір рет отыру – өмірлік арманы болған екен. 

Очерктің басында шопан 72 жыл шопан болды делінгенмен, орта жағында 71 жыл қой баққаны айтылады. Бұл 71 санының өзі символдық мән үстеп тұрғандай сезілді. Өйткені, осынша жылдар бойы қарт қиындықта көп күнін өткізген әрі өзге мемлекеттер секілді Түркіменстан да Кеңес одағының қоластында өмір сүргені мәлім. 

Шопан үйінде күндіз-түні пештің жанып тұрғанын құт-береке деп есептейді. Мұны «түркімендер қазір рақат өмір сүріп жатыр. Дүниеде бұдан артық нәрсе бар ма? ... Мұны өзіміз де сезбейміз, өте бақытты өмір сүреміз. ... Түркімендер бұрын мұндай рақатты көрмеген» деген ризалығымен білдіреді. Қартты бақытқа бөлеген «ескі газ пеші». 

Тоқсан жастағы шопан Байрамали қаласына үш күнге үлкен жиналысқа барғанда мемлекеті тегін қонақ етіп күткені үшін өзін бақытты сезінеді. Оның ойынша, «Отаныңа қызмет етсең, алғысқа бөленесің». Шопан Байрамали қаласына барғанда «осыншама адамға қалай көрпе-жастық тауып береді екен» деп те таңғалыпты. Очерк кейіпкері сол үш күн тегін қонақ болғанда мемлекеті оған тегін халат, галош және бір қорап көк шай береді. Бұл да ақсақалды қуанышқа бөлейді. Сыйлыққа алған галошын «мемлекеттің өз халқына көрсеткен құрмет белгісі емес пе?» деп журналистке ескертіп өтеді. 

«Әдебиет – өмірдің айнасы». Махмұт шопан: «Мен өте бақытты адаммын. Қандай да бір өкінішім қалып барады десем, күнә болар еді» дейді. Бұл – Түркіменстанның тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетінің кейіпкері. Бұған қарап, қазіргі қоғам өкілдері де өздерін бақытты сезінеді деп ой түюімізге бола ма?.. «Түркімендер өте бақытты халық екен. Жақсы өмір сүреміз. Көңілді. Бізден артық өмір сүретін халық жоқ. Біз тоқпыз, жылы үйде тұрамыз. ... Өзімізге қажеттінің бәрі қолымызда бар». Бұл – ақсақалдың ойы. Шопанның бір ғана арманы қалып барады. Бұл, жоғарыда айтқанымыздай, бір рет пойызға отыру. Бұл арманға қол жеткізуіне болар еді, бірақ тоқсан жасында пойызға отырып қайда барамын деп, арманынан бас тартады. 

Жылқы образы

Антологияға енген әңгіменің бірі «Ураган» (жылқы атауыдеп аталады. Авторы: прозаик, публицист, он төрт кітаптың авторы, Түркіменстан президентінің «Түркімен алтын ғасыры» конкурсының жеңімпазы Осман Одаев (1954). Түркімен халқында жылқы жануары, әсіресе, ахалтеке жылқысы ерекше құрметтелетіні белгілі. Тіпті, 2015 жылы түркіменнің бұрынғы басшысы Гурбангулы Бердімұхаммедов ахалтекені күтіп-баптауға қатысты арнайы жарлық шығарғаны мәлім. Жарлыққа сәйкес, жаңа туған құлын туралы мәліметтер ресми құжатқа тіркеліп, өлгенде арнайы белгіленген жерге көмілуі қажет және ахалтекенің өлгені ресми түрде расталады делінген (Сеңгірбай М. Түркіменстанда ахалтеке жылқысы туралы жарлық шықты. URL: Azattyq.org. 2015). Антологиядағы қазіргі түркімен әдебиеті бөлімін құрастырушылар экс-президент Г. Бердімұхаммедовтің «Ахалтеке – біздің мақтанышымыз әрі даңқымыз» атты шығарма жазғанын атап өткенін жоғарыда келтірдік. Сол сияқты жылқы туралы көркем шығармалар Түркіменстан әдебиетінде белсенді жазылғанын байқауға болады. О. Одаевтың «Ураган» әңгімесіне келетін болсақ, бұл шығармада бәйгеге лайық Дауыл деп аталатын құлынның арнайы күтім көрмей, керісінше шөп тасуға жегілуі, аттарға қараушының қиянатын көруі (мысалы, құлынға шөп бермей жазалайды, қамшымен сабайды), т.б. сынды оқиғалар баяндалады. Автор мойнына тұсау салынған аттың күйін суреттеу және баяндау арқылы еркіндік, азаттық концептілерінің көркемдік құрылымдарын беруге тырысады. Бәйгеге жаралған ат еркіндікті аңсап бір рет жүгенін үзіп, қашып та кетеді. Бірақ адамдар ұстап әкеліп, жүгенін қайта салады. Демек, еркіндіктің не екенін ұғына алмаған адам (аттарға қараушы) аттың шабысты аңсаған күйін де түсінбейді. Автордың жеткізгісі келген идеясы – номад мәдениетіндегі көкпар ойыны, бәйге дәстүрі ерекше дәріптелетіні және оған қатысатын аттар да арнайы күтіп-баптауды қажет етеді. Бәйге аты басқа аттардан сұлулығымен, жылдамдығымен, дене мүшелерінің шабысқа лайық тұрқымен ерекшеленеді. «Дауыл» әңгімесі бәйге атына тән ерекшеліктерді әр қырынан және жоғары сапада бедерлеп, көрсете алған деп түйіндеуге болады. 

Жылқы жануарының қайталанбас образы келесі бір әңгімеде де кескінделген. Антологияға әдеби зерттеулерде есімі жиі аталатын жазушы, қырықтан астам кітаптың авторы, А.М. Горький атындағы Әдебиет институтының түлегі Ағагелді Алланазаровтың (1948) «Чабдар» және «Қарт» («Старик») әңгімелері де енген. «Чабдар» (атқа берілген есім) шығармасынан автор тілінің күрделі және бай екенін байқауға болады. Нағыз классикалық эпикалық прозаға тән бедерлеу әдісімен жазылған. Автор бұл әңгімесінде жануарлардың өзіне тән тіршілік заңдылығын көрсетеді. Мысалы, жылқы табындарының да көшбасшысы немесе басқарушысы болады және олар өздеріне бөлінген мекенде – жота, төбе, жазықтарда жайылады. Табындағы көшбасшылықты аттар да келесі біріне бергісі келмейді (адамдар сияқты); оларға да айқастар, қызғаныш, қорқыныш, жеңіс, жеңу сынды өмірлік заңдылықтар мен сезімдер тән болып келеді. Чабдар ат – өзіне бөлінген табын көшбасшысы. Жылқылар өмірінің суреттелуі адамдар өмірін елестетеді. Чабдар мен Серый атты екі аттың айқасындағы Чабдардың жеңілісі кең далада бір-біріне өзара жау тайпа немесе халық кездесіп қалып, басшылары жекпе-жекке шығып, бірінің жеңіліс тапқанына ұқсап кетеді. Осыған ұқсас тағы бір тұжырым: Чабдар мен Серый аттың бір-біріне іштей ашу шақырып, шынайы жекпе-жекке дайындығы мен міндетті түрде аттардың өз арасында жеңіс пен жеңілістің болатынын суреттеу арқылы автор «тіршілік иелерінің өмір сүру заңдылығы, міне, осындай дейтін» философиялық мазмұны бар параллель салыстыру жасағандай көрінді. Автор өзін байсалды ұстап дағдыланған көшбасшының – тіршілік иесінің айқасқа түсер алдында сол ұстамдылығының босаңсуы, ішкі қорқынышының сыртқа көріне бастауы, алдындағы қарсылас күшінің өзінен басым екенін іштей мойындауы сынды психологиялық қолайсыз эмоцияларын сәтті бейнелеген. Табынды басқару құқығына немесе көшбасшылыққа талас құрбандықты әлде жеңілісті мойындауды қажет етеді. Кезекті бір айқаста Чабдар танауынан қан сауылдатқан, денесін тітіреткен Серыйдың ауыр соққысынан өлім құшады. Осы тұстар көшпелі мәдениеттегі шабуылдарда шыныққан және келесі бір айқас үстіндегі айбынды батырлар мен басшылардың әрекетін, мінезін елестетуі мүмкін. Орталық Азия жазушысы кең сахараға тән мұндай көріністерді жақсы есте сақтап әрі өзі де соны шынайы жеткізе алады. Бұдан басқа түз тағысы қасқыр-бөрі туралы жазған қазақ авторы Мұхтар Мағауин («Қасқыр-бөрі» әңгімесі), Султан Раев (қырғыз жазушысының «Кашаба» повесі), т.б. туындылары еске түседі. Орталық Азия қаламгерлерінің шығармашылығында мұндай шығармалар көп кездеседі және бұл континент ерекшелігін көрсетсе керек. 

Шөл – арман мен өкініш, достықтың символы

Жазушы Ағагелді Алланазаровтың «Қарт» әңгімесінде бір ғана кейіпкер – ауыр өкініші бар қарт Құрбан мерген образы бедерленген. Оқиғалар үшінші жақтан баяндалады, кей тұста Құрбан қарттың ішкі монологтары мен ойлары арқылы беріледі. Бұл әңгімені антологияның қазіргі түркімен әдебиеті бөліміндегі сана ағымы әдісімен жазылған жақсы шығармалардың қатарында атауға болады. Әңгіменің негізгі идеясы – ұрпақ жалғастығында ер баланың маңызды орын алатыны және оған географиялық ерекшелікті таныстыру, ұлттық дәстүрді үйрету қажеті туралы. Түркі халықтарының көбі ұл баланың дүниеге келуін ерекше үмітпен күтетіні белгілі, өйткені ол – ата-баба тегін сақтайтын ұрпақ жалғастырушы. Бұл – мәдени-ұлттық ерекшелік. Біз мұнда мәдени тәжірибедегі көріністер мен әңгіме оқиғаларына орай ойымызды сабақтап отырмыз. Ал шын мәнінде ұрпақ өрбітуде әйелдің орнын ешкім жоққа шығара алмайды. 

Әңгімеде шөл образы ғажап сомдалған. Автор шөлдегі жануарлар мен жәндіктер тіршілігін – Бадхыз шөлінің өзіне тән табиғатын әсерлі және шынайы, яғни оқырман шөл кеңістігіне ене алатындай деңгейде суреттеген.  Шөл – қарт арманы мен өкінішінің символы. Ұл немеренің болмауы қартты үлкен өкінішке ұрындырады. Таң ата үйінен шөлге қарай есегімен аттанып кеткен қарт өкініші мен арманын шөлге ақтарғысы келгендей әсер қалдырады. Құлазыған, ыстық шөл бедері қарт өкінішін ассоциациялайды. Тіпті, қарт өзінің бала кезін әлі дүниеге келмеген немересінің орнына қойып та елестетеді. Қарттың қиялындағы немересі – «Ақ жейде, қара түркімен шалбарын және өрнектермен кестеленген тақия» киген бала. Бұл бала қартқа ескі әулеттің, шөл тұрғындарының бірінен, яғни өзінің әулетінен шығып, сексеуілдердің арасында өсіп-жетілуі тиіс көрінеді. Бұл – қарттың санасында жүріп жатқан ой ағымы. (Бала): – Неліктен шөл осыншалық ыстық болады?», (Шал): – Әлдекім үлкен от жағатын шығар». Ойша қарт пен қиялдағы немересі шөл туралы осындай қысқаша диалог құрады. Бұл бала әрқашан қарттың артынан қалмай, етегінен ұстап жүруі тиіс және оған қарт аң аулайтын қаруын табыстауы керек. Қарт сонда ғана өзін бақытты сезінбек. 

А. Алланазаровтың шөлі – түркімен шөлі – Орталық Азияның шөлі. Құрман қарт өзі мерген болғандықтан, аймақтағы шөлдерді, тіпті, онда қандай өсімдік өсетініне дейін жақсы біледі. Шөлдегі дауыстар, құмның сыдбыры мен сусылы, жәндіктердің тысыры, бозторғайдың шырылы, інін қазып немесе кіріп-шығып жатқан сарышұнақтар, жорғалаған тасбақа – бір күн қонып, сонда шай қайнатып ішкен қартқа жаңа шабыт сыйлайды, өзінің бұрынғы әлемімен қайта табысады. 

Қарт шөлді тіршілігі мен танымының алынбас бір бөлшегі деп біледі. «Шөл әлемін сүйеді». Шөл – қарттың балалық шағынан бергі досы. Жазушының ойынша, аңшылық дәстүр атадан балаға өтуі тиіс. Алайда Құрбан қарттың ізін жалғайтын ұрпағы жоқ. Қиялындағы балаға «шөлді сүймесең, жақсы аңшы бола алмайсың» деп те ескертеді. Қарт арманы – қиялдағы баланы шөлмен табыстыру, таныстыру және оған аңшылық, қарудың қыр-сыры туралы естеліктерін ұзақ уақыт әңгімелеу. Өйткені Құрбан мергенге қарттық жетті және бұл қарттық жалаңаш сексеуілді қарақұйрық ізімен шатастырып алып, атқан оғы далаға кетеді. 

Нарратор әңгімесінен қарттың аң аулауға соңғы рет шыққаны белгілі болады. Алайда бір де бір аңды аулай алмайды. Мұнда өмірдің өтіп бара жатқаны (адамның қарттыққа жетуі) мен мәңгілік ештеңе жоқтығы (соңғы реткі аң сапары сәтсіз болды) сынды экзистенциялық-философиялық мазмұн беріледі. 

Әңгімеде ұлттық бірегейлік ерекшелігі де көрсетілген. Мергеннің баласы (қарт балалық шағын еске алады) тек физикалық тұрғыдан емес, менталды жағынан да күшті болуы қажет, яғни жыланнан қорықпауы тиіс.

Прозадағы әлеуметтік проблемалардың берілуі

Атаджан Таганның «Ақырзаман» әңгімесінің басты кейіпкері Тархан-аға. Автордың суреттеуінен Тархан-аға – жеке басын ғана ойламайтын қарапайым ауыл адамы екені танылады. Құдайға сенеді. Сондықтан ақырзаман болып кетсе, қасапшыдан алған қарызы мойнында кете ме деп, теледидардан жаңалық көргеннен кейін бойында бір қорқыныш ұлғая бастайды. Қайтаратын ақшасының жоқтығына және қасапшының «бір кезде қайтарарсың» деген сөзіне қарамай сиырын сатып, қарызынан құтылуды ойлайды. Қара тастың жерге құлайтыны туралы ғалымдар пікірі Тархан-ағаны жаһандық проблема ретінде толғандырмайды да. Телеарнадан көрсетілген бұл жаңалықты автор қарызды қайтару – адам борышы екенін білдіру үшін ғана деталь ретінде қосқан. Қарызды қайтару түсінігі де, қоғамға қиянат жасаудан алыс жүретін қарапайым ауыл тұрғынының образы ретіндегі Тархан-аға түркімен қоғамының қазіргі идеологиясын көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар, кейіпкердің ішкі қорқынышы санасын толықтай жаулап алады. Ойына еніп алған қорқыныш Тархан-аға кейіпкерге қарызынан құтылғанша маза бермейді. Ақыры сиырын сатуға мәжбүр болады. Әңгімені оқығанда кейбір адамдар әлдекімнен немесе бірдеңеден қорықса ғана жаман әрекеттер істемейді деген ой туады. Бұл яғни абсолютті күштен қорыққанда дұрыс деп санаған бағытпен жүруге тырысатын жағдайлар шынайы өмірде де жиі кездеседі. Қазақ жазушысы Тынымбай Тұрмағанбетовтің «Күнді жек көру» деген әңгімесінде де қарыз бен ақырзаман туралы айтылған болатын. Түркімен авторынан бұл әңгіменің ерекшелігі: мұнда рухани-діни сенімге қарағанда әлеуметтік проблема қозғалған. Бектай есімді кейіпкер күн жүйесіндегі өзгерісті ақырзаман деп түсініп, қарызынан құтылу жолы «табылғанымен», артынан жарқырап күн шығады да, қарызы мойнында қалады. 

Қарыз мәселесі прозаик Көмек Кулиевтің (1955) «Елес кезген үй» әңгімесінің тақырыбы ретінде алынады. Әңгіме атауы мистикалық шығармаларға сілтеме жасап тұрғандай көрінгенімен, соңы мүлде басқа шешіммен аяқталады. Шығарманың қысқаша фабуласы келесідей. Жолбарыс есімді кейіпкер екіқабатты үй салу үшін материалдарын дайындап қойғанда аяқ астынан ұсталардың өздері Жолбарыстың үйіне келіп қалады да, үй тұрғызып беруге ұсыныс жасайды. Ұсталар мен үй иесі құрылыс бағасын да алдын ала нақты келіспейді, бірақ ұсталардың «басқа ұсталардан көп алмаймыз және ақымыз үйдің көлеміне байланысты» болады деген сөзі бойынша ауызша келісім жасалғандай болады. Үй салып жатып әртүрлі мәселелер туындай бастайды. Бірінші қабаттан кейін құрылыс материалдары екінші қабатқа жетпей қалады және үй қисық салынған болып шығады. Құрылысшы үй орналасқан жер қисық екенін түсіндіруге тырысқанымен, үй иесі ашуға беріліп, олардың ақысын да төлеуден бас тартады. Әңгімені оқығанда мистикалық екеніне сенімді болып отырғанымызда соңындағы бір деталь әңгіме бағытын мүлде өзгертіп жібереді. Құрылысшылардың басшысы Мяти құрылыс жүріп жатқанда үй иесінің көңілі толмағанын байқап, соңы сәтсіздікпен аяқталатынын сезген екен. Сөйтіп, үй қабырғасындағы кірпіштердің арасына бөтелкелер қойып шығады. Бөтелке арқылы естілген сырттағы дыбыстар әр түн бойы үй ішінің үрейін алады. Бір күні осындай әртүрлі сыртыл, дауыс, дыбыстардың себебін үшін Жолбарыстың әйелі көріпкелге барады. Көріпкел жұмысшылардың разы емесін дәл болжап айтады. Содан кейін Жолбарыс жұмысшыларды тауып, ақысын беріп, мал сойып, садақа береді, тиісінше, жұмысшылар үй иесіне білдіртпей, бөтелкелерді алып тастайды. 

Әңгімеге таңдап алынған оқиғалар ел арасында ауыздан ауызға көшіп айтыла беретін қалжың әңгіме іспетті сезіледі. Алайда автор осындай шынайы өмірде кездесетін жағдаят арқылы еңбекақы өтелуі тиіс деген қорытынды жасайды. Мұндай ойды терең философиялық баяндаулармен жеткізгеннен гөрі жеңіл ғана түсінілетін жағдаят арқылы беруге тырысады. 

Қорыта келгенде, антологияға шығармалары енген қазіргі түркімен авторлары белгілі бір дәуірге тән ауқымды мәдени-саяси, әлеуметтік немесе өмірлік құбылыстарды әртүрлі әдеби әдістер арқылы астармен жеткізуден гөрі күнделікті тұрмыста жиі кездесетін ақшалай қарызды дер уақытында қайтару, жылқы, түйе сынды көшпенді өмірде маңызды орын алған жануарлар туралы жазатыны байқалды. Ахалтеке – түркіменнің ұлттық символы саналатындықтан, жылқы туралы туындылар көп жазылған деп ойлаймыз. Көп әңгімелердің тақырыбы мен идеясы жақсы адам болуға үндейтін дидактикалық сарында жазылған. Кейбір туындылар қоғамдық құбылыстардың, әлеуметтік мәселелердің сырттайғы көрінісін ғана беруге бағытталған. Басқа да жақсы жазылған туындыларды көлеміне байланысты антологияға кіргізу мүмкін болмаған деп топшылаймыз. Оннан астам әңгіме арқылы халықтың белгілі бір кезеңдегі әдебиетінің даму бағытын айқындау мүмкін емесі де елгілі. Алайда антологияға енген шығармалар қазіргі түркімен әдебиеті жайында қысқаша ой түюімізге түрткі болды және антологиядағы басқа әңгімелерді оқып шыққанымызбен, олар туралы жазбадық, оқырман өзі оқып танысар деп үміттенеміз.  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар