Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Түркістан әдебиетіндегі постколониалды сын...

15.05.2024 1229

Түркістан әдебиетіндегі постколониалды сын 12+

Түркістан әдебиетіндегі  постколониалды сын - adebiportal.kz

Мақаланың түпнұсқасы «Түркі әлеміне жас көзқарас» атты халықаралық симпозиумға арнайы жазылды. Түрікшедегі  мәтін атауы: «Türkistan Edebiyatında Bireyin Konumuna Postkolonyal Eleştiri». Қазақ тілінде жариялау үшін қайта өңделді, ықшамдалды және кей тұстары қайыра түзетілді.

Түрік әлемі (Орта Азия –бұдан әрі Түркістан) осы уақытқа дейін өз географиясында орын алған барлық экономикалық, әлеуметтік және саяси оқиғаларда ұлттық сана мен ұлттық тілге басымдық беріп, өзін қорғап, сақтай білген әлем. Осы тұрғыдан алғанда белгілі бір деңгейде Түркістан әдебиетінің фундаменталды негізі әлеуметтік және ұлттық дискурсқа құрылған десек артық айтқанымыз емес. Әсіресе бұл жағдай классикалық дәуірге дейінгі және классикалық Түркістан әдебиетінде айқынырақ көрінеді. Одан кейін Ресей империясының отарына айналып, кейін Кеңестік идеологияның темір торына жабылған Түркістан әдебиетіндегі аталған ұлттық-әлеуметтік дискурстар отаршылдыққа қарсы (анти-колониалды), интернационалдық сипат алғаны және бар. Яғни, қазіргі түрік әлемі әдебиетіне жеке адамнан бұрын әлеуметтік идеологияны бірінші орынға қоятын маркстік философияның ықпалы зор екенін жасыра алмаймыз. Дәлірек айтсақ, Кеңес Одағы кезіндегі әдебиеттер ұжымшылдық пен социалистік мұраттар төңірегінде қалыптасып, жеке тұлғаның қоғамдағы рөлі, мемлекетке адалдығы, таптық күресі баса айтылды. Осылайша түрлі тарихи кезеңде имманенттілік пен трансценденттік деңгейде дамыған бұл дискурстар қазіргі түрік әлемі әдебиетінің негізін құрағанын айтқанымыз келеді. Нәтижесінде осы әдебиеттің өкілі саналатын әрбір қаламгер саналы болсын, бейсаналы болсын қоғам атынан шығармалар тудыруға және халық атынан пікір білдіруге құқылы статус иемденген.

Аталған тарихи кезеңдердің ішіндегі Орыс патшалығы және Кеңес Одағының отаршылдық сипаттағы саясатының түрік әлемі әдебиеттеріндегі көрінісін көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы біледі деген ойдамыз. Ресей Империясының отаршылдық саясатына қарсы идеология ұстанғанымен, өзі де отарлаушы сипатта өмір сүрген Кеңес үкіметі Түркістан халқының бостандықтары мен материалдық құндылықтарымен бірге, мәдениеті мен әдебиетінің, тарихы мен саясатының даралығын  белгілі бір деңгейде шектеп, өз гегемониясында өмір сүруге мәжбүр еткен. Осы тұрғыдан алғанда, кеңестік отаршылдық жүйе басқа отаршылдық жүйелер сияқты «жер және жергілікті ресурстарды тартып алуды ғана емес, сонымен бірге жергілікті халықтың субъективтілігі мен экзистенциалдық мәртебесіне де шек келтірген. Себебі барлық отаршылдар секілді кеңестік колонизаторлар да өздері отарлаған аймақтардың ресурстарын, жұмыс күшін және нарықтарын тартып алумен ғана шектелмей, сонымен бірге өз отарындағы халықтың әлеуметтік-мәдени және діни құндылықтарына қысым жасағанын тарихи және саяси академиялық мәтіндер арқылы көптеген дәлелдер келтірілген. Яғни, 1917 жылғы большевиктік революция, 1919 жылы Коминтерн және 1919 жылы Лениннің империализмге қарсы лигасын құруымен ХХ ғасырдағы империализмге қарсы басты саясатқа айналған «орыс коммунизмі» отаршылдыққа қарсы саясатты жақтағанымен, Түркістанда орыс патшалығының мирасқоры ретінде қой терісін жамылған қасқыр істетпес өмір сүруін жалғастыра берді. Осыған сәйкес Кеңестік колонизация өз бақылауындағы барлық қоғамдардың мәдениетін, тілін, тарихын тартып алып, Ресей патшалығы кезінде басталған «орыстандыру» саясатының шекпенін өзгертіп, «Хомо Советикус» шеңберінде отарлаумен болды. Осының нәтижесінде қоғаммен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатпаған кеңестік жүйедегі әрбір жеке адам (индивид) ұжымшылдық пен социалистік түсінік аясында қоғамның бір бөлігі болып саналды. Басқаша айтқанда, кеңестік отаршылдық жүйеде субъектіліктен гөрі объективтілік маңыздырақ болды және бұл жеке адамдағы ойдың шектелуін, тіпті олардың қоғам үшін құрбан болып, ұжымдық ойлауға мәжбүрлеуін білдірді. Осылайша, жеке тұлғаларға үстемдік етудің шегі сызылып, барлығы өздерінің ерекшеліктерінен бас тартып, Кеңестік егемендігінің астында езілуге мәжбүр болды. 

Сондықтан кеңестік отаршылдық материалдық және рухани құндылықтардан ада, бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ болып жұмыс істейтін, Ханна Арендттің Маркстің тұжырымдамасын сынау үшін қолданған терминмен сөйлейтін болсақ, «animal laborans» (жұмысшы жануар) түріндегі жұмысшы табын құруды мақсат етті. Сол себепті де осы мақсатқа қарсы шығып, өздерінің айырмашылықтары мен ерекшеліктерін, ұлттық құндылықтары мен мәдениетін сақтауға тырысқан қоғамдар немесе жеке адамдар кеңестік жүйенің қауіп-қатеріне ұшырап, қырғынға, ашаршылыққа тағы да басқа зорлық-зомбылыққа тап болды.

Сонымен, ұжымшылдық пен социалистік идеалдар негізінде отарланып, өз тілін, мәдениетін, тарихын отаршылдық идеология аясында шектеуге мәжбүр болған Айме Сезар терминологиясында «реификацияланған» Түркістан халықтары, егемендік алғаннан кейін отаршылдықтың объектісі болудан алғаш рет шығып, қайта субъектілену процесі кезінде қанша жерден қаламаса да отаршылдықтан мұраға қалған факторлармен бетпе-бет келді. Басқаша айтқанда, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған Орталық Азия елдерінде, отаршылдық таңып берген тіл мен мәдени құрылымдардың шегінен шығып, өз тілдерін, тарихын, мәдениетін қайта ашу оңайға соққан жоқ. Ең өкініштісі Түркістан елдерінде аталған кедергілер мен кемшіліктер саяси-экономикалық-мәдени сферада әлі күнге дейін белгілі бір деңгейде жалғасын тауып келеді. Десе де, тәуелсіздіктен кейін Түркістан әдебиеттерінде жеке тұлғаның өз-өзін іздеуі, ұлттық сана мен ұлттық жадтың қайта оянуына мүмкіндік жасау, дәстүрлі құндылықтар мен қазіргі өмір арасындағы қайшылық, әлеуметтік трансформация сияқты тақырыптарды өткенімен санаса отырып, қазіргі әлемде өз орнын табуға тырысқанын көруге болады. Яғни, Түркістан әдебиетінде әлі күнге дейін жеке тұлғаның еркіндік іздеуі, мәдени болмыс пен әлеуметтік жауапкершілік сияқты тақырыптар жиі қозғалады. Мұнымен қоса, аталған әдебиеттегі әдеби еңбектер жеке тұлғаның да, ұжымдық жадын да, тарихи мұрасын да, болашаққа деген үмітін де білдіреді. Алайда, басқа отарланған мемлекеттер сияқты біздің экономикалық және саяси қанауға ұшырағанымызды ескерсек, олар тәуелсіздік алғаннан кейінгі саяси қысымдарға, экономикалық қиындықтарға және аймақтағы әлеуметтік өзгерістерге тап болғанын да ұмытпағанымыз жөн.  Осы және өзге де мәселелерді негізге ала отырып, бұл мақалада Түрік әлемі әдебиеті арқылы отаршылдық қоғамнан кейінгі жеке тұлғаның қалыптасуындағы рөлі мен идентификациялық мүмкіндіктері талқыланады. Яғни, отаршылдық кезеңнің жеке тұлғаларға тигізген әсерін, олардың бастан кешкендерін және осы тәжірибелердің жеке тұлғаның деформациясын постколониалдық контексте әдеби мәтіндерде қарастырамыз. Сонымен қатар,  жоғарыда да айтқанымыздай, отаршылдық пен империядан кейінгі түрік әлемі әдебиетіндегі отаршылдық пен империализмнің мұраларына күмән келтіріп, тәуелсіздік алғаннан кейінгі саяси қысымдар, экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік өзгерістер аясында да жеке тұлғаның даралығының қалай және қандай деңгейде орналасқанын анықтаймыз. Бұл үшін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдердің әдебиеттерін басшылыққа ала отырып, олардың өз шығармаларында тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі үмітті, түңілісті, әлеуметтік қайшылықтарды зерттейтін боламыз. Осылайша, осы және осыған ұқсас өлшемдер мен факторларды негізге ала отырып, біз алдымен «Түркістан әдебиетіндегі отаршылдыққа қарсы жеке тұлға», одан кейін «Түркістан әдебиетіндегі жеке тұлғаның идентификалық ізденісі», «жеке тұлғаның әлеуметтік теңсіздіктер мен саяси қарсылығы», «экономикалық тәуелділігі» мәселелеріне тоқталамыз. Осылайша, әдебиеттегі жеке тұлғаның саясиәлеуметтікмәдени орнын қарастырып, бағамдауға мүмкіндік аламыз.

Түркістан әдебиетіндегі отаршылдыққа қарсы жеке тұлға

Кеңес отаршылдығы басқа отаршылдар сияқты отарланушының, яғни Түркістан халықтарының «артта қалғандығын» үнемі атап көрсетіп, өздерінің нәсілдік-мәдени артықшылығын желеу етумен жергілікті халықтардың санасына сіңген автоколонизаторлық менталдың ұрпақтан ұрпаққа жалғасуында үлкен рөл ойнады. Қанша жерден өз алдына тәуелсіз субъектілікке қол жеткізсе де, аталған металдың көріністері Түркістан халықтарында әлі күнге дейін байқалып келеді. Аталған көріністер мен кешендердің зардаптары туралы, дәлірек айтсақ, отаршылдықтан қалған тыйымдар мен стереотиптерге қарсы жазылған туындылар Түркістан әдебиетінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көптеп кездеседі. Бұл үшін Кеңес Одағы мен Шығыс блок елдерінің негізінен ұжымшылдық пен социалистік идеалдар төңірегінде қалыптасқан әдебиетіне сын ретінде қоғамдағы тұлғаның орнын қайта анықтау процесін бастады. Яғни, бұл кезеңдегі әдебиетте Кеңес Одағының қаншалықты деңгейде отарлағанын ұғыну, сезіну һәм түсіну сынды психологиялық процесстер және ұлттық қоғамдардың қалыптасуы үшін Кеңестік сананың қаншалықты деңгейде кедергі келтіргені мен келтіретінін ашық және нақты түрде жазуды қолға алды. Мәселен, қазақ ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері Темірхан Медетбектің «Кеше мен бүгін» өлеңінде отаршылдық таптаурындарға тап болған жеке басының жағдайы суреттеледі. Өлеңнен бірден байқалатыны, постколониалды жеке тұлғаның отаршылдықтан зардап шеккен қоғамнан бөлек ойлана алмайды. Яғни, жеке тұлғаның позициясы Темірхан Медетбектің баяндауында жеке тәжірибе ғана емес, кең әлеуметтік және тарихи контексттерде қарастырылады және талқыланады.

Менiң кеше –

Аяғыма! –

Қара тас байлап қойды.

Алшаңдап

Жүре алмадым.

Төбеге шығып

Туымды тiге алмадым.

Менiң кеше –

Аузымды! –

Буып қойды.

Айтарымды айтқызбай

Таспамен тiгiп қойды.

Менiң кеше –

Көзiмдi таңып қойды.

Көрсең –

Көзiңдi жоямын деп

Қасыма табыт қойды.

Менiң кеше –

Қолдарым бұғаулы болды.

Бұлқынсам –

Сұраулы болды.

Соның бәрiн көрдiм.

Соның бәрiне көндiм –деп кешегі отарлық кезеңнің зұлымдығы мен зұлматын суреттесе, қазіргі жағдайдың да осыдан әрі аса алмағанын өкінішпен жеткізеді ақын. 

Бүгiн –

Тас алынды.

Бұғау шабылды.

Таспа кесiлдi.

Ауыз шешiлдi.

Бiрақ

Аяғымыз

Бағымызға қарай емес,

Сорымызға қарай

Бастайтыны несi?

Өлеңде отаршылдықтан кейінгі кезеңдегі жеке адамның жағдайы мен ішкі қайшылықтары бейнеленген. «Тас алынды. Бұғау шабылды. Таспа кесiлдi. Ауыз шешiлдi» деген сөздер тәуелсіздікке қол жеткізіп, еркіндікке қол жеткізгенді білдіреді. Дегенмен, шығарманың қалған бөлігінде көтерілген сұрақтар бұл еркіндіктің қалай қолданылғаны және жеке адамдардың өз тағдырларын қалай жасайтыны туралы сұрауды қамтиды. Мысалы, «аяғымыз бағымызға қарай емес, сорымызға қарай бастайтыны несi?» жолдарынан-ақ отарлаудан кейінгі кезеңде жеке адамдар мен қоғамдардың өз ішіндегі отаршылдық ойлау үлгілерінен толық арыла алмағанын көрсетеді:

Аузымыз

Жақсылықты айтпай

Бәле-жаланы айтып

Қақсайтыны несi?

Көзiмiз –

Өзгенi емес! –

Өзiмiздi аңдып,

Бағып тұрғаны қалай?

Қолымыз

Құшақтаудың орнына

Өзiмiздi жағадан

Алып тұрғаны қалай!

Өлеңнің келесі бір бөлігінде «аузымыз жақсылықты айтпай бәле-жаланы айтып қақсайтыны несi?» немесе «көзiмiз – өзгенi емес! – өзiмiздi аңдып, бағып тұрғаны қалай?» сынды жолдары адамдардың бойындағы жағымсыздыққа және олардың өзін-өзі бақылауға бағытталғандығына назар аударады. Бұл постколониялық қоғамдардың өздерінің ішкі қақтығыстары мен сенімсіздіктеріне қарсы тұру қажеттілігін көрсетеді. «Қолымыз құшақтаудың орнына өзiмiздi жағадан алып тұрғаны қалай!» жолдары болса адамдардың бір-біріне қолдау көрсетудің орнына өздеріне зиянын тигізетінін білдіреді. Сондықтан да ақын отаршылдық дәуірден кейінгі қоғамдар бірлік пен ынтымақта болуы керек, оның орнына алауыздық пен ішкі алауыздыққа ұшырайды деген ойды алға тартады. Аталған сұрақтар мен мәселелер қырғыз әдебиетінде кеңінен көрініс тапқан. Мысалы, Қырғыз Республикасының халық ақыны, Токтогул атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, II және III дәрежелі «Манас» ордендерінің иегері Шайлообек Дүйшеевтің «Кайдыгерлик» өлеңінде азаттыққа қол жеткізгеннен кейін жеке адамдар мен қоғамдардың басынан өткерген қиындықтары мен осы қиындықтармен күресу үдерістеріне күмән келтіреді.

Кайдыгерлик деген эме

Каракчыдай кайтарып өзүбүздү,

Кайдыгерлик деген эме

Кашайтып көзүбүздү,

Айттырбай сөзүбүздү

Бычаксыз канап бүттүк,

Кайдыгерлик дегенден биз

Таптакыр тажап бүттүк!

Өлеңді отаршылдықтан кейінгі кезеңдегі жеке адамдар мен қоғамның енжарлығы мен селқостығын сынайтын көркем мәтін ретінде оқығанда, қазақ поэзиясында да сол мәселелердің талқыланғанын көреміз. Мысалы, өлеңдегі «кайдыгерлик деген эме каракчыдай кайтарып өзүбүздү, кайдыгерлик деген эме кашайтып көзүбүздү, айттырбай сөзүбүздү» деген жолдар жеке адамдардың өз шындығынан қашып, бетпе-бет келген кедергілер мен кемшіліктерді елейтінін суреттейді. Яғни, отаршылдықтан кейінгі кезеңдегі жеке тұлғалардың өзіндік болмысын, тарихы мен мәдени мұрасын қайта ашу барысындағы бастан кешкен қиындықтары мен осы үдерістегі ішкі қайшылықтарды көрсетеді. «бычаксыз канап бүттүк, кайдыгерлик дегенден биз таптакыр тажап бүттүк!» деп дағдарысқа ұшыраған адамдардың шаршауын, түгелісуін айтады ақын. Осылайша, өлеңнің қалған бөлігінде де ақын отаршылдықтан кейінгі қоғамдар өз ішіндегі отаршылдық ойлау үлгілерінен толық арыла алмаған болуы мүмкін екенін көрсетеді:

Кайдыгерлик дегендин

Капканынан чыкпай жүрүп,

Жаманын да,

Жакшысын да,

Гүлүн дагы,

Күлүн дагы,

Бир жерге камап бүттүк. 

Ақын жоғарыда келтірілген жолдармен жеке адамдардың барлық жақсылық пен жағымсыздықты бірдей немқұрайлылықпен кездестіретінін және бұл жағдайдың оларды бір түрлі эмоционалдық-әлеуметтік тұтқынға апаратынын атап көрсетеді.  Мұндай мысалдар отаршылдықтан кейінгі өзбек поэзиясында да кездеседі. Яғни, қазақ-қырғыз поэзиясындағы секілді өзбек поэзиясында да жеке тұлғалардың физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан отарланатыны кеңінен жазылған. Мысалы, өзбек ақыны, драматург және қоғам қайраткері Еркін Вахидовтың «Курсаткыч Бармок» атты шығармасы айтып отырған 

мәселелерімізге мысал бола алады.

Умринг таҳликада, қўрқиб яшадинг, 

Ёнмадинг, тутундек бурқсиб яшадинг. 

Бармоқларинг ичра баридан кўпроқ 

Сенга хизмат қилди кўрсаткич бармоқ. 

Лабга босдинг, шифтга ишора қилдинг, 

Кўпни тилсиз қилдинг, бечора қилдинг. 

Бир замон кўрсаткич бармоқни қўллаб 

Омон қолдинг, дорга дўстингни йўллаб.

Ақын отаршылдықтан кейінгі кезеңдегі жеке адам мен қоғамның ішкі қайшылықтары мен езгіде өмір сүрудің психологиялық салдарын қарастырады. Өлеңдегі «умринг таҳликада, қўрқиб яшадинг» деген жолдарынан жеке адамның үнемі қауіп пен үрейде өмір сүретінін айтса, «ёнмадинг, тутундек бурқсиб яшадинг» деген бөлігінен жеке тұлғаның болмысын суреттейді. Әрмен қарай «бармоқларинг ичра баридан кўпроқ сенга хизмат қилди кўрсаткич бармоқ» деп адам басқаларды кінәлау және көрсету үшін қолданатын сұқ саусақтың барлық басқа саусақтарға қарағанда көбірек «қызмет ететінін» атап көрсетеді. Былайша айтқанда, «адамдарды тілсіз, дәрменсіз күйге түсіріп, коммунистік партияға «сатқындық» еткен адмдарды сұқ саусағымен ату жазасына жіберетінін әдеби эстетикалық деңгейде баяндайды. Ал бұл себептер жеке адамдардың бір-біріне деген сенімсіздігін және отаршылдықтан кейінгі қоғамдардағы кінәлау тенденциясын білдіреді. Өлеңнің қалған бөлігінде ақын осы үрейлер мен қорқыныштардың отаршылдықтан кейінгі қоғамдағы әсерін айқынырақ көрсетеді:

Энди ошкорлиқдан куйиб турибсан, 

Бармоқни чаккангга қўйиб турибсан. 

Сирсиз ҳаёт сенга бағоят мушкул, 

Юрагингда яшар итоатли қул. 

Тилайсан, Берия тирилиб келса, 

Норасмий гуруҳлар қирилиб кетса.

Бу кунлар тилларга бўлса-ю қармоқ, 

Яна кучга кирса кўрсаткич бармоқ.

Өлеңнің «энди ошкорлиқдан куйиб турибсан, бармоқни чаккангга қўйиб турибсан» деген жолдарында жеке адамның қазір ашықтық пен мөлдірліктен секем алып, сұқ саусағын пайдаланудан қашқанын аңғартады. Бұл жеке адамның бұрынғы қысымшылық режимдерінде өмір сүру әдеттерінің азаттықтан кейінгі кезеңде де жалғасатынын көрсетеді. «Сирсиз ҳаёт сенга бағоят мушкул, юрагингда яшар итоатли қул» деген жолдар сырсыз өмір сүретін жеке адамның қиындығын, тіл алғыш құлдай өмір сүретінін суреттейді. Басқаша айтқанда, жеке адамның бостандықтан кейінгі кезеңде де ішкі құлдық күйден құтыла алмайтынын көрсетеді. Десе де, өлеңде бостандыққа қол жеткізгеннен кейін жеке тұлғалар мен қоғамдардың басынан өткерген қиындықтары мен осы қиындықтармен күресу үдерістері сұралады. Осы арқылы ақынның шығармашылығынан азаттықтан кейінгі кезеңдегі жеке адам мен қоғамның ішкі күрестері мен олардың отаршылдық мұрасын жеңу жолындағы талпыныстары қарастырылғанын көреміз.  Қорыта айтқанда, Түркістан әдебиетінде отаршылдыққа қарсы стереотиптер мен тыйымдарға қарсы жеке тұлғаны суреттейтін әдеби шығармалар мұнымен бітпейді. Қазақ, өзбек, қырғыз әдебиетінде кеңестік отарлау кезінде байырғы халықтардың қаншалықты қаналғанын, отарсыздандырудың қаншалықты қиын болғанын, оған жетудің оңай еместігін баяндайтын еңбектер жетерлік. Әр әдебиеттің өзіне тән поэтикалық қасиеті мен ерекшелігі болғанымен, барлығына ортақ қасиет – отаршылдық азабы мен отаршылдықтан азат болуды аңсау. Демек, Түркістан әдебиетіндегі жеке тұлғаның рөлі отаршылдықтан қалған таптаурындар мен салдарлармен күресте түсіндіріледі. Мысал ретінде келтірілген өлеңдер Кеңестік отаршылықтан қалған қысымдар мен шектеулердің әсерінен жеке тұлғаның өзіндік әлеуметтік рөлін қалай қалыптастыратынын көрсетеді. Жеке тұлға еркіндікке қол жеткізгенімен, оның бұрынғы әдеттері мен қиындықтарын ұстанып, болашағын өзі белгілеудің орнына пассивті ұстанымға ие болатыны түсіндіріледі. Бұл постколониялық индивидтің өз еркіндігін толық жүзеге асыру және өз тағдырын қалай құру керектігін үйрену процесінде екенін көрсетеді. Дегенмен, жеке тұлғаның бәріне бірдей немқұрайлылықпен, оңды да, жағымсыз да қарайтыны және бұл жағдай оларды өзіндік эмоционалдық және әлеуметтік тұтқынға апаратыны баса айтылады. Сондықтан отаршылдық дәуірден кейінгі Түркістан әдебиетінде жеке адам отаршылдыққа қарсы стереотиптер мен тыйымдарға қарсы тұру, азаттық үшін күресте өмір сүреді.

Түркістан әдебиетіндегі жеке тұлғаның бірегейлік ізденістері

Түркістан әдебиетінде жеке тұлға отаршылдық кезеңдегі жоғалған барлық құндылықтардың орнын толтыру үшін өзінің ақиқи болмысы мен идентификациясын іздеумен және өзіндік ерекшеліктері мен көзқарастарын ұлттық тіл мен мәдениет аясында қайта жаңғыртып, түрлендірумен, тарихи мұраларды зерттеуімен және оларды жаңадан интерпритациялаумен бар болады немесе бар болуға ұмтылады. Себебі аталған критерийлердің сыртында Түркістан әдебиеттіндегі жеке тұлғаның қалыптасуы екіталай. Яғни, постколониалды жеке тұлға отаршылдық менталитеттегі автостереотиптер және гетеростереотиптерден арылу арқылы ұлттық жад пен танудан өз болмысын табуға тырысады. Мәселен, қазақ ақыны, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика академиясының және Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ұлттық ғылыми академиясының корреспондент мүшесі Бауыржан Жақып «Тұмар» өлеңінде бұл жағдайды тарихи тұрғыда суреттейді:

Мен – рухпын!

Жаралғанмын жанған Күннен, Жалыннан,

Гун де болып сапар шектім сағымнан,

Көк түріктің мәңгі тірі рухымын,

Көктегі Айға Көк бөрі боп табынған.

Тәңірқұты Мөде болып құт тасып,

Баламер боп кездім жерді нық басып.

Еділ болып уысымда ұстадым

Шығыс пенен Батысыңның тұтқасын.

Бумын, Білге, Естеми боп өрледім,

Тоныкөк пен Күлтегін боп ерледім,

Өсиетімді тасқа қашап қалдырып,

Сөзбен жудым ұрпағымның жөргегін.

Постколониалды жеке тұлғаның болмысын іздеуде ақын өзін жанып тұрған Күн мен Жалыннан жаратылған деп сипаттап, көшпелі рух ретінде саяхаттағанын айтады. «Көктүріктің мәңгі тірі рухымын» деген сөздер арқылы көк түріктердің мәңгілік рухын білдіретінін айтып, оны аспандағы айға табынған қасқыр етіп көрсетеді. Дегенмен, тарихи контексте ол өзін Мөде және Еділ ретінде сипаттап, уақыт пен кеңістіктің сыртында бар болады. Сондай-ақ түріктердің тарихи көсемдері Бумин, Білге қаған, Естеми сынды тұлғалармен сәйкестендіре отырып, олардың аманатын арқалап келе жатқанын және осы мұраны тасқа қашап жазып келер ұрпаққа жеткізіп отырғанын айтады. Осылайша, ол жеке тұлғаны іздеуде тарихтың маңыздылығын көрсетеді. Өлеңнің қалған бөлігінде оның тарихи-мәдени мұрасымен байланысы, өзіндік санасы мен ата-бабасына деген құрметі байқалады. Ақын өткеннің рухы мен құндылықтарын сақтап, осы мұраны келер ұрпаққа жеткізуді қалайтынын айтады. Осылайша, қазақ әдебиетінде жеке тұлғаның идентификациясы ұлттық құндылықтар мен ұлттық жадтың қайта жаңғыруы арқылы қалыптасатынын көруге болады. Мұнымен қоса, қазақ поэзиясындағыдай қырғыз поэзиясында да тұлға өзінің болмысын өткен тарихтан, ұлттық бірлік пен мәдениеттен іздейді. Мысалы, Қырғыз саясаткері, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы, Жогорку Кенештің V және VI шақырылымдарының депутаты, Қырғызстан социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі, Филология ғылымдарының кандидаты, журналист, ақын Чыныбай Тұрсынбековтің «Еліме» өлеңінен мұның айқын мысалдарын көреміз.

Кылымдардын тереңине жашынган,

Коктуларга жылдыз болуп чачылган.

Сенин өткөн тагдырынды чогултуп,

Тарых болгум келет жакшы жазылган.

Канат байлап кимбиз?» деген тилектен,

Кубат алып билим аттуу тиректен,

Кумдай болуп сапырылган мезгилден

Өмүрүндү тапкым келет мен өткөн.

Ақын уақыт қойнауында жасырынған, аспанға жұлдыздай тарыдай шашылған тарихты, оқиғаны қайта тірілткісі келеді. Бұл, әсіресе постколониялық жеке тұлға үшін жеке басын іздеуде маңызды тақырып ретінде қырғыз поэзиясында да көрініс табады. Өткенді іздестіру және мәдени мұраны түсіну арқылы автор өзінің жеке басын және әлемдегі орнын жақсырақ түсінуге тырысады. «Канат байлап кимбиз?» деген тилектен?» деген жолдарында да жеке тұлғаның білім мен тәрбиенің құдіретіне бөленген уақыт құмының арасынан адасқан өмірін табуға деген ұмтылысын білдіреді. Бұл отарлаудан кейінгі кезеңдегі жеке тұлғалардың өз тарихы мен мәдениетін қайта ашуға және оларға жаңа мағына беруге ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар, ақынның табиғат пен қоғамға деген құрметі отаршылдықтан кейінгі жеке тұлғаның өз қоғамы мен қоршаған ортасының құндылығын түсінуге және құрметтеуге ұмтылысын айғақтайды. Яғни, отарлаудан кейінгі дәуірде жергілікті құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау және атап өту қажеттілігін көрсететін перспективаны түсіндіреді Сондықтан да ақын өткенмен байланысын қалпына келтіріп, мәдени мұрасын қастерлеуге деген ұмтылысы арқылы постколониялық жеке тұлғаның өзіндік ізденістерін талқылайды. Жеке тұлғаның өзін және қоғамын жақсырақ түсіну жолында тарих пен мәдениетпен қарым-қатынасын ашу осы ізденістің орталығында көрініс табады.  Жеке тұлғаның өзіндік болмысын іздеуде мәдениет пен өркениетке, тарих пен салт-дәстүрге арқа сүйеу қазақ-қырғыз поэзиясы секілді өзбек әдебиетінде де кеңінен көрініс тапқан. Мысал ретінде Өзбекстанның халық ақыны, Халықаралық Махмұд Қашқари сыйлығының, Түркияның Мемлекеттік әдеби сыйлығының лауреаты Рауф Парфидің «Она Түркістан» атты шығармасын алуға болады.

О, Она Туркистон, қора дунёда,

Қисмат елкасида югурдим, елдим,

Гоҳ шавқ қанотида, гоҳо пиёда,

Юкиниб, мен сенга сиғиниб келдим.

Мен сени соғиндим ҳаддан зиёда,

Ғамли хотирангга борлиғим тўлди.

Бу узлук уммонда, бу аҳгар боғда

Сирпандим. Мен қаттиқ чирпандим. 

Сўлдим.

Ўткинчи ғамлардан танамда титроқ,

Ростми шу? Шеър туғар эмиш аламлар?..

Гоҳо хўрлаб, тишлаб ўтдилар, бироқ

Сен билан кечган эй илоҳий дамлар…

Ақын отаршылдықтан кейінгі жеке тұлғаның туған жер Түркістанға деген терең сағынышын тағдырдың ауыртпалығымен бірде ынтамен, бірде жаяу, ауыр жүк артып, пана іздеп өрнектейді. Бұл аңсау жеке адамның өткенмен, тарихи мұрасымен байланысын қайта ашуға деген ұмтылысын көрсетеді. Өлеңдегі «Ғамли хотирангга борлиғим тўлди» деген тіркес жеке адамның туған жер туралы азапты естеліктерге толып, бұл естеліктер оның болмысын толтыратынын көрсетеді. Бұл колониядан кейінгі кезеңдегі өзінің тарихи және мәдени мұрасы тудырған эмоционалдық ауыртпалықты көтеру және оған қарсы тұру үдерісін білдіреді. «Сирпандим. Мен қаттиқ чирпандим. Сўлдим.» деу арқылы жеке адамның басынан өткен қиыншылықтар мен азаптар, уақыт өте келе тозып, күш-қуатын жоғалтуын айтады. Десе де, біздің алдымызда өзбек поэзиясындағы постколониялық жеке тұлға тарихи және мәдени жойылудың әсерінен өз болмысы мен билігін қалпына келтіру күресімен шығады. Яғни, постколониялық жеке тұлғаның бірегейлігін іздеуі өткенді ақтарумен және туған жерге деген сағынышпен астасып жатқан процесс ретінде көрінеді.  Қорыта айтқанда, Түркістан әдебиетінде жеке тұлғаның өзінің болмысы мен шығу тегімен терең байланыс орнатуға деген ұмтылысын көрсетеді. Әрбір шығарма жеке тұлғаның тарихи, мәдени және географиялық тамырымен өзін анықтау тәсілінің әртүрлі қырларын қарастырады. Дегенмен, Түркістанға деген сағыныш, осы жерге деген ыстық ықыласы бүкіл Түркістандық жеке тұлғаға тән. Бұл әдебиеттерде дара тұлға Түркістанның өткені мен мәдениетін қиыншылық пен зұлмат заманға толы әлемге паналау арқылы өз болмысын табады. Басқаша айтқанда, жеке тұлғаның болмысы туған жерінің табиғи сұлулығы мен тарихи мұрасына құрметпен қарау арқылы қалыптасады. Яғни, жеке тұлғаның өткеннің қойнауынан келе жатқан, ата-бабалар мұрасы арқылы қалыптасатын құрылымы бар екенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, жеке тұлғаның жеке басының жеке тәжірибесі ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік жады мен менталитетінің бір бөлігі екенін атап көрсетеді.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                         жалғасы бар…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар