Қош, сонымен, орайсыз орайда шығарма басталып кетті. Енді, темірдей төзімді талап ететін, дүниедегі қызықтың бәрін тәркі етуді қалайтын осынау бір азапты жанкешуді кімнің қалай басынан кешкеніне көшейік.
Герберт Спенсер күніне тура 2 сағат (дәл ме дәл) жұмыс істеген. Межелі минут біткенде орынынан тұрған. Кей кездері сөйлемі аяқталмай қалады екен.
Лейбниц «Еркектерді» жазғанда 3 күн, 3 түн ұйықтамапты.
Метерлинк таңсәріде тұрып күн сайын 3 сағат жазумен айналысқан. Бұл оның өмір заңына айналған «жұмыс машығы» екен. Егер ештеңе жазылмаса, онда өзін-өзі жазалап, 3 сағат бойы орынынан қозғалмай қояды екен.
Әйел қаламгер Жорж Санд түнгі 11-ге дейін жазуды тәртіпке айналдырыпты. Сағат кешкі 10. 30-да кезекті романы бітсе, сағат 11-ге дейін жаңа романын бастап жібереді екен. Өзі де жанкешті жазушы атанған Альфред де Мюссе қатаң тәртіп ұстанған көңілжықпасы Жорж Сандтың сол әдетіне шыдамай, еріксіз сырдаң тартқан, яғни, көңілдесінің күнтәртібіне көндіге алмаған.
Бодлер – апиынның күшімен «көңіл қошын» келтіріпті.
Жұмыстан ғана жан құштарлығын қандырған драматург Лопе де Вега 2 000 (!) пьеса жазған! Ал әр пьесасын екі жыл жазған деген де дерек бар. Сонда ол қанша жасаған? Біздің білуімізше, соншама ұзақ та жасамаған. Ендеше осы арада бір кілтипан бар. Мүмкін, әлемге танымал туындыларын екі жыл жазса – жазған шығар, ал қалғандары сарай театрының күнделікті ермегіне татитын қатардағы дүниелер болса керек.
Көркем шығарманың идеясына қатыссыз талант даралығын таныту үшін жазушының өзіне өзі қоятын шеберлік пен көркемдік ерекшелікке қатысты «қитұрқы да қырсық» талаптары болады. «Өзіндік қана» мақсаты бар сондай «кәсіби қырсықтар» кейде шығарманың жеке басына тиесілі азаптан асып түсіп, негізгі мәтіннен көрі көп уақыт алатын болған.
Флобер «Иродиаданы» жазғанда бір тауды (екі сөзден тұратын) суреттеу үшін ориентолог досына хат жолдап, жауап келгенше жұмысын тоқтатып қойыпты.
Сөзбен – сөздің, сөйлеммен – сөйлемнің арасына үтір, нүкте қоймау Аполлинерден басталды. Оған себепші болған кәдімгі корректорлар екен. Оның өз өлеңдеріне қойған тыныс белгілерін корректорлар мен редакторлар ұнатпаған. Соған намыстанған Аполлинер ешқандай еміле белгісін қоймаған. Бұл «қырсық», заманынан асып туған «авангардтық» ретінде бағаланып, кейінгілерге «үлгі» (мода) болған. Әдебиеттегі «авангардизм» деген бағыт осылай қалыптасқан. Аполлинердің поэзиясын түсініп оқу үшін «француз тілін білу аздық ететіні» де сондықтан.
Джеймс Джойс «Поминок по Финнечану» – «Финнечануды еске алу» (немес жоқтау) романын тек қана бұрын ешкім қолданбаған «выражениемен» – «оралыммен» жазған. Сондықтан да «Финнечануды» оқу ағылшындардың өзіне қиын соққан. Оған қарсы қандай уәж айтарсың. Жазушылық шеберлігін көрсеткісі келгендіктен емес, қарабайыр, ауызекі, үйреншікті тіркестермен роман жазуға тақыстанып алған қаламдастарына қыр көрсету үшін әдейі солай жазған. Ал атағын шығарған «Улисс» романын ерінбеген адамның өзі бір жылда әзер оқып бітіреді. Қайран уақыт! Алайда өкінуге тиісті осы «түсініксіздік» әдебиетте «ой ағымы» деген бағытты қалыптастырып, көркем ойға төңкеріс әкелді. «Еңбегі жанды» деген сол, әне.
Француз жазушысы Жорж Перек, француз тілінде ең көп қолданатын «е» деген әріпсіз роман жазып шыққан. Бұл француз тілінің бейнелеу мүмкіндігі мен сөз байлығын байқату ма, әлде, «шаловство» – «ерке қырсық» па?
Қазақ әдебиетіндегі мұндай мінез Жүсіпбек Аймауытовты үлгі тұтқан Ғабит Мүсіреповтен ғана шаң береді. Ол дегдар: «Мен әдебиетке қадам басып, қалам тартқаннан бері етістікке соғыс жариялаумен келемін. Бірақ бір де бір рет жеңіске жеткемін жоқ» – деп жиі айтатын. Расында да, Ғабеңнің шығармаларында «еді, болды, қылды, жасады, етті» деген етістіктер анда-шанда бір кездеседі. Айтуға оңай. Бірақ сол етістікті қолданбас үшін сөз тіркестерін, сөйлемді қаншама рет қайта құруға тура келді десеңші. Ал ол да уақытты «жейтін» жебірдің бірі, бірі емес, нағыз өзі.
Керексізге кеткен керексіз уақыт сияқты көрінгенімен, бұл «қырсықтың» астарында ұлы талант қуаты мен қаламгерлік қарсылық, сөзге, ана тіліне деген ұлы махаббат жатыр.
****
Суреткер өзінің кәсіби мақсатын анықтаған соң жинақтаған шикізатын игеруге кіріседі. Шикізатсыз, яғни, шикізатты игеруге жұмсалған дайындықсыз, яғни, шындық пен көркем шындықтың салыстырмалы буданынсыз – шабыт та, көңіл қошы да, жұмыс дағдысы да, «қырсықтың тарқауы» да еш дәрмен көрсете алмайды. Мұның барлығы бұйдалы бураның құр шабынуы ғана болып қалады.
Бұл – шығармашылық жолды таңдаған суреткер үшін ең жауапты, ең күрмеулі, ең іш пыстырарлық көңілсіз кезең. Өйткені дауылға қарсы арпалыса ұшуды аңсаған көк еркесі – сұңқар сияқты, кез-келген өнер иесі, біздің тәпсіріміз бойынша жазушы қаламының ұшына қаны мен жаны үйірілген шапағатты да, киелі шақты өмір бойы аңсаумен өтеді. Ал соған жеткізетін алғышарттарға менсініңкіремей, «етекбасты тіршілік» есебінде, көңілсіздеу қарайды. Бірақ та сол бір аяулы сәтті елестете жүріп, «түңіліп барып отығып», өшіп барып тұтанып, жанын жұбатады.
Қарабайыр өмірлік шындықты қанатты көркем шындықтың деңгейіне көтеру, ал содан кейін сол «аспандап алған асқақ қанатты» (Несіпбек), яғни, көркем шындықты екі аяқты пенденің пәкәнасына дейін төмендету үрдісі – азаптың ішіндегі азабы. Сайып келгенде суреткердің талантын безбенге салатын тұс, шығарманың сәтті-сәтсіз болатынын анықтайтын таразы, осы шикізатты көркем қиял арқылы саралау кезеңі, дәлірек айтсақ, жазуға дайындық мерзімі болып табылады.
Бұл – омартаға бал жинаған араның тіршілігімен пара-пар ұзақ та қысқа мерзім. Ұзақтығы – жылдың тоғыз-он айы күздегі омартаны құндақтаудың, қыстың қытымырынан аман-есен құтылудың, көктемнің қызыл суынан сақтанудың қам-қаракетіне кетеді. Содан кейін гүлдің шоғырын, оның ішінде шырыны тазасын тауып, ызыңдай жүріп ырысын жияды. «Тістеп сүйетін» сақтық алаңы тағы бар. Сонда, қалған екі, әрі кетсе үш ай ғана уақыт тікелей бал жиюға кетеді. Балдың сапасы – алдыңғы тоғыз-он айдың ішіндегі дайындыққа (біздің тәпсіріміз бойынша өмірлік шындықты зерттеуге), қалған екі-үш ай гүлдің шырынын таза бал етіп шығаруға (біздің тәпсіріміз бойынша, өмірлік шындықты көркем шындыққа айналдыруға) тікелей байланысты. Сондықтан да, дайындық мерзімі, жоғарыда айтқанымыздай, ең талмауытты әрі деректі жинауы қанша күнге, айға. жылға созылары белгісіз беймерзім.
Мысалы, ойлаған шығармасының оқиғасына араласатын кейіпкерлердің (бастысының да, қосымшасының да) межелі санын, олардың жеке мінездері мен іс-қимылын, оқиғаға кірігетін өкпе тұстары мен шығып кететін кезін анықтау, міндетін белгілеу, былайша айтқанда жалпы қаңқасын (фабуласын) құру да оңай жұмыс емес.
Бальзактың «Адам комедиясында» 5 мың адам бар. Ал Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында 5 200-ден астам кейпкердің аты кездеседі. Шығармашылықтың азабын былай қойғанда, осыншама адамның атын есте ұстап тұрудың өзіне қаншама жүйке талшығы керек және олар «тыныш жатпайды», өзара күйісіп-сүйісіп, сыбырласып-қыбырласып, айтысып-тартысып, қосылып-ажырасып, өліп-тіріліп жатады. Яғни, дайындық барысы қанша уақытқа, қайталап айтамыз, қанша күнге, айға, жылға созылғанша, ол оқиғалар шығармашылық иесінің түйсігіңнің түкпірінде ызыңдайды да тұрады.
Ал олардың кейіпкерлік тұлғасы мен оқиғаға араласы анықталып, соған орай қимыл мен «тіл біте» бастаған кезде, яғни, шығарма қаңқадан ажырап, желіге (композицияға) көшкен кездегі жүйкенің қалай шүйкеленетінін елестетудің өзі бір азап.
Сондай ми машақатынан құтылу үшін суреткер не түрлі амал, айла, тәсіл қолданады. Мысалы, орыстың ұлы жазушысы, түпкі тегі түркі Иван Сергеевич Тургенев әр шығармасына жеке дәптер ашып, әр кейіпкерінің өмірбаянын, көзқарасын, түр-түсін, киетін киімін, сөйлеу мәнерін, соған орай сөздік қорын, мінезін, өскен ортасын қағазға түсіріп, олардың атынан күнделік жазып отырыпты.
Әрине, мұның барлығы, шығарма кейіпкерлері бейнесінің бірін-бір қайталамай, даралана сомдалуы үшін жасалған дайындық шарасы. Ол «Әкелер мен балалар» романындағы қоғамға өші кеткен Базаровтың жан ашуының себебін түсіну үшін Базаровтың «Күнделігін» пайдаланыпты. Дұрыс-ақ, бірақ... Ол «Күнделікті» кім жазды дейсіз бе? Иван Сергеевичтің дәл өзі жазған. Жазу барысында Базаровтың, яғни, Базаровтың атынан өзі жазған «Күнделікті» қайталап оқып, ондағы ой-пікірлерді бірде – алғап, бірде – сынап, өзінің авторлық пікірін қосып пайланған.
Атақты француз жазушысы Эмиль Золя да кейіпкерлеріне арнап жеке күнделік ұстаған. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы күнделіктер қалай дүниеге келді, ол жағы бізге мәлімсіз.
Өмірде ізім-қайым ізі жоқ елес адамдардың атынан жеке күнделік ашып, оны өмірлік шындық ретінде көрсету үшін өзі жазып, уақытын кетіргенше бірден неге туындының бойына тоғыта салмады. Оны өзінен басқа кім біліп жатыр. Әлде, сол жасанды шындықтың өмір шындығы екендігіне өзінің көзін өзі жеткізіп, соған өзінсендіру үшін бе? Ол да мүмкін.
Мүмкін емес, солай. Өзінің жазғанының шындық екеніне өзі сенбесе, шығармашылық жұмыс мағынасынан айырылады. Бұл, әлгі өзінің баласының өзінікі екенін біліп тұрып, жатбауыр тартатын кінәмшіл әке сияқты кірпияз қылық.
Мұндай сенімсіздіктің соңы жеке трагедияға әкеліп соғуы да ғайбыл. Өздерінің жазғанынан жасандылықты аңғарған Джек Лондонның, Фиц Скоттсжеральдтің, Эрнст Хэмингуейдің, Германн Гессенің, Рюнеско Акутагаваның, Ясунар Кавабатаның, Сергей Есениннің, оның өлімін қоштамаған Владимир Маяковскийдің, Маяковскийдің өз еркімен өмірден кетуін мінеген Александр Фадеевтің, біз «шекпенінен шыққан» Бердібек Соқпақбаевтің сондай тосын шешім қабылдауы, шығарманың дайындығы мен дүниеге келуінің арасында қияметқайымдық катарсистердің жүріп жататынын қасым етеді.
Ал тікелей санаға түсетін салмағы тұрғысынан алғанда, мазасыз емес, араның ызыңына ұқсаған мазаңдау кезең бұл. Мазасының аздығы – қабырғаң сөгіліп, шөгел шүйілген күй кешпейсің. Өмірдің әр көрінісін, соның шындығын дәлелдейтін деректерді тірнектеп теріп, көркем қиялдың талшығын үзік-үзік жалғап, бір желінің бойына моншақтап тізе жүресің. Тірнектеген «төлің» қашан қосақты көгенге айналғанша ол үрдіс үзілмейді. Күндіз – күлкіңе, түнде – ұйқыңа тыныштық бермейді, Абай айтқандай ұзатқан «ойың жұртқа ұлып қайта береді». Бұл кезеңнің мазаңдау келетіні де сондықтан.
Тікелей жеміс бермейтін бұл науқанның өмір бойы аяқталмауы да мүмкін. Ондай мысалдар бірдеп емес, жүздеп саналады, тіпті, әлемде қанша суреткер өмір сүрсе, соншама туынды тумай қалды деп сеніммен айтуға болады. Арыға бармай орыс әдебиетіне жүгінсек те жүгіміз жеңілдемейді.
Мәселенки, Николай Васильевич Гоголь Ресей самодержавиесінің жағымсыз өмірін әшкерелеу ниетімен өмірлік құбылыстарды «Өлі жандар» романының шикізаты ретінде өмір бойы тірнектеп жиған. Екінші кітбында жағымсыз кейіпкерлерді жағымды бейнеге айналдыруға ұмтылған. Роман сәтті аяқталған. Бірақ өзінің ғұмыр бойы тірнектеген «қарабайыр өмір шындығының» пайдаланылмай қалғанына өкінген және кейіпкерлерінің әлгі құбылуына (жағымсыздан жағымдыға) сенбеген жазушы толық аяқталып, сыннан өткен романын пештің көмейіне тыға салған. Сөйтіп, «Өлі жандар» да, оның дайындық шикізаттары да діттеген жеріне жетпей қалған.
Лев Толстой қуат-күші бойында булығып тұрған шағында «Декабристер» атты роман жазу үшін пәленбай жыл дайындалып, архив ақтарып, жеке құжаттарды қарастырып, өмірлік деректер жиған. Бұл дегдар да күнделікке жүгінген. Ақыр-соңы не болды дейсіз ғой? «Декабристер» атты роман жазылмай қалған. Жазу барысында көркем қиял еркіне қоймай жетектеп, «Соғыс және бейбітшілікке» алып келген. Ізденіс пен дайындық шарасы текке кеткен жоқ, бірақ декабристер туралы пәленбай жыл жинаған түгендей том деректер, шығарманың қаңқасы мен желісіне байланған кейіпкерлердің күнделік беттері мен мінездемелері, қысқартып айтқанда, есіл еңбек еш кетті.
Мұндай мүттәйімдіктен Мұхтар Әуезов те құр алақан қалмаған. Отызыншы жылдардың басында түрмеден шыққан соң алаш зиялыларының өміріне арналған «Тұман айығарда» атты романға деректер жинастырып жүргенін анда-санда айтып қалып жүрген. Оның бірінші тарауы жазыла бастап, тоқтап қалды. Тірнектеген өмірлік деректер сананың ашылмайтын түйсік түкпіріне жасырылды. Оған кім кінәлі? Заманы ма. Әрине. Алаш қайраткерлерін кейіпкер етсе, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» сияқты, көбесіне ши жүгірте әшкерелеуге тиіс еді. Романның жап-жақсы басталып келе жатып мазмұндама, жоба деңгейінде үзіліп қалуына басқадай себеп табу неғайбыл.
Дегенмен де, аяқталмай қалған романның бір желісін «Абай жолы» роман-эпопеясының төртінші кітабындағы Әлихан Бөкейхановтың прототипі – Әзімханның бейнесіне пайдаланғаны шындық. Жағымсыз кейіпкер болғанымен де, эпопеяда оны – Әзімханды жақтайтын Сарымолда, Тәкежан, Шұбар сияқты «кәнігі, туа жағымсыз жаратылған» ой оппозиционерлері бар. Ал жеке романда ондай қамқоршыны табу қиынға соғар еді. Мүмкін де емес. Сондықтан да екі оттың арасында қалатынын біліп, дайындығының тиянақты-тиянақсыздығына қарамастан, роман жазуды тоқтатқан. Алайда сол идея тыныштық бермесе керек, кейін «Тартыс», «Алма бағында» атты пьесаларында алаш зиялылары қылаң берді. Ал «Дос – Бедел дос» атты соңғы пьесасында қиял жүзіндегі шындық арқылы тағдырлы туынды сомдауға ұмтылды. Әрине, шындықтың өзі шырматылып жатқанда, шынай шығарма қайдан тусын. Авторына ішкі сырын ашпаған күйінде тартпада қалды.
Илья Сельвинский: «Власть одного писателя над другим – это самое тяжкое, что может выпасть на долю литературы» – «Бір жазушының екінші бір жазушыға жасаған өктемдігі – әдебиеттің басына төнген ең ауыр қауіптің бірі» – деген екен. Мұндай өктемдіктен Мұхтар Әуезов өлерінен екі-үш жыл бұрын ғана арылды. Әлгі: «Уа, тар заман, адымымды аштырмай, шырмап алатындай не жазып едім мен саған» – деп Абайдың атын жамылып отырып шағынатыны сондықтан.
Сондай өктемдікті өле-өлгенше көріп кеткен Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» мен «Қатерлі өткелдің» және «Қатерлі өткел» мен «Айқастың» арасын жалғайтын (алғашқысы Әлихан мен Ахаңның, соңғысы Ермахан Бекмахановтың өміріне арналған) романдарының шикізаттары игерілмей қалды.
Біздің де жиырма жастан бастап қырық жыл бойы жинақтаған, тек қана Ресейдің 64 мұрағаттары мен мұражайларының, кітапханаларының қорынан тірнектеп терілген шикізаттарымыздың бума-бума күйінде шаң қауып жатқанын ішіміз аши отырып еске саламыз.
Бұл өзі «тірі күйік» нәрсе екен. Кейде соның барлығын көзге – күйік, санаға – салмақ қылмай, өртеп жібергің келеді. Амалың қайсы. Әзірше, соншама деректі жиғанша тағы бір адамның өмірі зая кетпесін, бірде болмаса – бірде, біреу болмаса – біреу кәдесіне жаратар деген есекдәмемен әзірше аман сақтап келеміз.
Үмітсіз шайтанның ісі, әрине. Шайтан заманда шайтанға дәме артпасаң тағы болмайды.
Тұрсын Жұртбай
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.