Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Ұлт зиялыларын ұлықтаған...

31.01.2023 1555

Ұлт зиялыларын ұлықтаған 14+

Ұлт зиялыларын ұлықтаған - adebiportal.kz

Ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғастығы деген ұғымдар қазақ қоғамында үлкен мәнге ие. Әр адам баласының тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін, қадірлейтін, сыйлайтын аға буын өкілдері екені шындық. Жастарға үлгі болып, ақыл-кеңестерін аямайтын, жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асыратын кісілердің қасымызда жүргеніне шүкіршілік етеміз. Осындай ізгі жандардың бірі, алғаш еңбек жолымыз басталған А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының проректоры, толағай табыспен жетпістің шыңына шығып отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ білім академиясының академигі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Қадыр Әбілжанұлы Ахметов.

Тарих пен әдебиет қатар ағып жатқан, екі үлкен дарияның екі сағасы іспеттес, бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Ұлттық ерекшелікті, ұлттық таным мен болмысты сақтап отыратын тіл, әдебиет, тарих. Ұлттың өзегі тілде жатыр, тіл болмаса кейінгі екі ғылым саласы да болмас еді. Қазақтың тілі, қазақтың әдебиеті, қазақтың тарихы Қазақстан үшін, қазақ үшін керек. Қазақ тарихының қатпарлы кезеңдерін терең түсіну, оны бойға сіңіріп, жаңа ұрпақ өкілдеріне, заманауи көзқарас тұрғысынан пайымдау әркез маңызды. Осындай күрделі үрдісті ғылыми негізде саралап жеткізу үшін терең білім, ғылыми пайым, кәсіби шеберлік керек екені ақиқат.

Қадыр ағайдың ғылыми-зерттеу бағыты – білім, ғылым, мәдениет, зиялы қауым өкілдері және ұлттың тарихы мен ұлттың тағдыры. Әрине бұл тақырыптар «Мен Қазақпын» дейтін азаматтарды бей-жай қалдырмайтынын білеміз. Ағаймен тілдескен кезде қозғалатын тақырып күнделікті күйбең тірліктің мәселесі, жұмыстың барысы ғана емес. Халқымыздың ұлы тұлғалары жайлы ыстық естеліктерімен, олардың Отанымыздың дамуына қосқан ерең еңбектері туралы терең тағылымды әңгімелерінің куәгеріміз. Біз секілді жас маманның өз ісінің шебері болуға мұндай пікір-алмасулардың орны ерекше. Оқытушының бойында болу керек қасиеттер, қарапайым киім киюден бастап, жұрт алдында сөйлеу мәдениеті, ұжымды қалай басқаруға дейінгі ақыл-кеңестері арқылы Қадыр Әбілжанұлының тұлғалық болмысының ерекше қырларын байқаймыз.

Басшы өзгереді, заң өзгереді, жалпы қоғам өзгереді, өзгермейтін ештеңе жоқ, бәрі өзгереді... Дейтұрғанмен, өзегінен ажырап, бір күйден мүлдем басқа күйге ауысатын дүние атымен жоқ деп кәміл айта аламыз. Осы өзгерістерде ұрпақтан-ұрпаққа жететін біздің жазған, сызған дұрыс ғылыми тұжырымдар екенін жақсы түсінетінін Қадыр ағайдың зерттеулерінен байқауға болады. Мысалы, ұстазы ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор М.Қ. Қозыбаев туралы «Академик М.Қозыбаев және өркениет мәселелері» (Астана ақшамы газеті 2011 жылғы № 126) тақырыбында жазылған мақаласында өркениет жайлы келелі ойларын оқырман назарына ұсынады. Академик М.Қозыбаевтың ұлттық дүниетаным, түркілік дәстүр, қазақтың ауызша тарихнамасы, халықтың сан ғасырлық тарихи тәжірибесі, рухани құндылықтар әлемі, тәуелсіздік жолындағы күрес сияқты іргелі тарихи мәселелер арқау болған ғылыми еңбектеріндегі пайымдауларын саралап, талдауы, оның азаматтық позициясын, ұлттың сапалы қалыптасуына деген жанашырлық көзқарастарын аңғару қиын емес. Қадыр Әбілжанұылының зертеулерінде тарих қана емес, қазақ әдебиеті тарихына қатысты А. Байтұрсынұлы, С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Х. Досмұхамедов, Қ.Кемеңгерұлы т.б. тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашлық қызметтерін объективті сипатта, тарихи дамудың заңдылықтары аясында жаңаша көзқарастармен сарлаған.

Сөзіміздің әлқиссасын ұрпақ сабақтастығынан бастағанымыз бекер емес. Өткен тарихқа бүгінгі күн тұрғысынан баға беру – қате. Тарихтың қат-қабат беттерінен шыңдықты қазып алу, оны саясаттың ығына бағындырмай жарыққа шығару мүмкін емес. Қоғам, саясат талап етіп зерттелген еңбектерден тарихи шыңдықты саралау – өте күрделі мәселе. Шырмауықтай шиеленіскен ұлттық интелегенцияның қиын да, қастерлі тағдырлары туралы, олардың ғылыми, ағартушылық қырларын насихаттауда Қадыр Әбілжанұлының еңбегін атап өтпеуге болмайды. Оның ғалымдығы үлкен бір шың болса, басшылық қызметіндегі шеберлігі – бір төбе. Ағайдың ақырын жүріп, анық басатын қасиетінен әр адам баласы үлгі алу керек деп ойлаймыз. Өз-өзін жарнамаламайтын, астым, толдым, тасыдым демейтін, қарапайымдылығымен ерекшеленетін сарабдал басшымызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейміз!

 

Аслан ЕСІМХАНҰЛЫ

А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық инстиуты

қазақ және орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі,

философия докторы (PhD), доцент 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар