Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Ұлты үшін туған ұл...

10.04.2023 2940

Ұлты үшін туған ұл 14+

Ұлты үшін туған ұл - adebiportal.kz

Хасан Оралтай  -  90 жас

Тірі аңыз, тағдырлы тұлға Хасан Оралтайды 2004 жылы Алматы қаласында кездестірдім. Тарғалаң тарихтың тар соқпақ, тауқыметті тағдырын бастан өткеріп бүгінге жеткен қазақ халқының бармаған жері, көрмеген соры бар ма? Бабалар басы қайда қалып, аналар жасы қайда тамбады? Басымызды басқаға иген бодан күннен құтылып, егеменді ел болдық. Ес жиып, еңсе көтердік. Қоғамдық өмірде түбегейлі өзгерістер болды. Мұң-мұнары сейіліп, санамызға серпіліс кірді. Кеткенімізді келтіріп, кемтігімізді толтыруға мүмкіндік алдық. 

Осы ретте атқарылатын жұмыстың бір саласы – рухани мұрамыздың бір қайнар көзі саналатын шетелде тұратын қандастарымыздың әдебиеті мен мәдениеті екені белгілі. Шетелдегі қандастар әдебиеті өзімізде жарық көріп, зерттеу объектісіне айнала бастағанымен әлі де жеткілікті деңгейде зерттелмегені анық. Сол авторларымыздың бірі – халықаралық дипломат, қоғам қайраткері, зерттеуші ғалым, жазушы, журналист, ағылшын, неміс, түрік, қазақ тілдерін жетік меңгерген шешен, ұлт қаһарманы Хасан Оралтай еді. 1949 жылдың аяғында Сталин мен Маузыдұң басқарып отырған орыс-қытай коммунизмы зұлымдығынан елін бастап, жан сауғалап туған жер Шығыс Түркістаннан шет елдерге босқан, Такламакан шөлінен өтіп, Гималай тауынан асқан, 1951 жылы Кашмир, Үндістанға барып паналаған, 1954 жылдың жазында торғайдай тозып, түбі бір Түркияға жетіп, сол елдің азаматтығын қабылдаған Қалибек Хәкімнің ұлы Хасан Оралтай 1933 жылы "дүңген" төңкерісі кезінде Шығыс Түркістан, Еренқабырға тауының бөктерінде Майлы-Жайырда дүниеге келген. (Шет елдерден алған куәлігінде 1930 жылы туылған деп көрсетіледі).

Хасан Оралтайдың балалық шағының тәтті де бейбіт кезеңі 1944 жылдан кейін қайтып оралмайды. Одан кейінгі өмірі қорқу, үрейлену, үрке көшіп қашу сияқты сан түрлі тауқыметке толы болды. 1940 жылдардың басында Еренқабырға бөктеріндегі Қызылөзен деген жерден ашылған бастауыш мектепте он екі жасына дейін оқиды. 1945 жылы көтеріліс салдарынан ол мектеп жабылып қалады. Осылайша Хасан Оралтайдың отбасында қиян-кескі тағдыр тәлкегі басталады. Жаралы әке қаны, жылаған ана зары құлағына сіңген сәби жөргегінде жер аударылады. Бақыты мұңлы, болашағы сырлы беймәләім бағытқа бет бұрады. Жоғарыдағы ауған елдің жайын жіпшелеп жазуға жеңіл болғанымен осы барыстағы елдің қан кешіп, қабырғасын сөккен, су орнына қан ішкен адам төзгісіз қиямет сапарындағы Такламакан шөлі, Гималай шоқыларында қаза тапқан от басылардың аянышта күйзелісі жантүршігерлік. Міне осы сапарда Қалибек Хәкім мен оның бәйбішесі Қанымшаның сегіз баласына Түркияға аман жеткені Хасан Оралтай мен оның інісі Біләл Хакім ғана болды. Бұл ет жүректі пендеге қаншалық азаппен қайғы-қасірет екені анық. Құдай басқа салмасын, бүгінгі қарын тоқ, уайым жоқ заманда бұл тек айтуға ғана жеңіл. 1954 жылы Түркияға жетіп сол елдің азаматтығын қабылдаған Хасан Қалибекұлының аты Хасан Оралтай болып жазылады. Осылайша Алашым деген арлы азаматтың арпалысты өмірі басталады. 

Хасан Оралтай көптеген мақалалармен үлкенді-кішілі жиырмаға жуық кітаптың авторы. 1957 жылы Ізмірде журналист Өздемір Аталан екеуінің қос автор ретінде "Гималай" дастаны деген 40 күнге ұласқан тізбекті мақаласы шығады. Бұл болашақ қаламгердің тұңғыш мақаласы еді. Хасан 1957 жылы НАТО-да , оның бөлімдерінде қызметке орналасады. Содан АҚШ әуе күштерінің кітапханаларына еркін кіріп-шығу мүмкіндігіне ие болып көп білім алады. Түркияға алғаш барғанда түрлі қиындықтарға тап болады. Осындай мәселелерге байланысты Хасан Оралтай Түркия жұртшылығына қазақты таныстыру мақсатында  1961 жылы Еркіндік жолындағы ″Шығыс Түркістан қазақ түріктері" деген тұңғыш кітабын түрік тілінде Ізмірде шығарады. Бұл сол кездегі Түркияда тіке қазақ атымен шыққан және бір қазақ жағына шығарылған тұңғыш кітап еді. Ол туралы Түркия басылымдарында "Қазақ түрктері туралы құнды бір кітап шықты" деген көлемді мақалалар жарияланды. 1962 жылы "Бүйүк түркелі" деген, 1965 жылы "Коммунизмге сауаш" деген журналдар шығарады. Хасан Оралтай әдеби зерттеуші ретінде 1963 жылдың өзінде-ақ Мағжан Жұмабаевтың шығармасын зерттейді. Оның әдебиеттегі орнын анықтап "Бүйүк түркшіл Мағжан Жұмабайұлы" деген көлемді еңбек жазып, кітап етіп бастырады. Бұл елінен босып басқаны паналаған бір адам үшін ауыр еңбек екенін көзі ашық зиялы қауым аңғарса керек. 1968 жылы Германияда Мюньхенге барып "Азаттық" радиосының штатты қызыметкері болып жұмыс бастайды. Бұл Хасан үшін жаңа бір кезеңнің басталуы еді. 1971 жылы сол жерде "Абылай дастанының" бір нұсқасын кітап етіп өз қаржысымен шығарады. 1973 жылы Стамбулда "Алаш-Түркістан түріктерінің ұлт азаттық ұраны " деген кітабын бастырады. Бұл кітап шыққаннан кейін 1985 жылы Англияда бір журналда көлемді мақала етіп жариялайды. Бұл Алаш ұранын сол кездің өзінде әлем халқы таныды деген сөз. Сол жылдары бұл кітаптың мән-маңызы өзгеше болды. ("Алаш" кітабы жөнінде сол кездегі Қазақстан басылымдарында айғайшылар арсыз соққыға шығады.) 

1960-1980 жылдар аралығында "Үлкен түркелі Түркістан" деген журналдың көптеген сандарын шығарды және осы  журнал беттерінде сол кезде атын атауға қиын болған, халқымыздың ардақты азаматы Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан,  Ахмет Байтұрсынұлы, М. Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов т.б жайында көлемді мақалалар жариялайды. Сондай-ақ, олар туралы "Азаттық" радиосынан жиі-жиі хабарлар да беріп тұрды. Бұған дейін батыста Алаш және Алаш орда атымен кітап түгіл атап айтар жеке мақала да шықпаған. Арманда кеткен арыстарымыздың еңбектерін оқу былай түрсын есімдерін айта алмай жүрген шақта олардың өмірбаяндық деректерімен еңбектері жайында таныстыру, зерттеулер жазып, кітаптарын шығаруы қазағым, елім деп еңіреп өткен ерлердің ісін жалғастырушы, арманын ақтаушы Хасан Оралтайдың аса елеулі еңбегі болып есептеледі . 

Хасан Оралтай 1975-1959 жылдар аралығында Алматыда "Қазақ ССР ғылым акедемиясының баспасында" басылған екі томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігін "қазақша-түрікше" сөздігін аударады. 1984 жылы Ыстамбулда сөздікті өз қаржысымен бастырады. 328 беттен тұратын бұл сөздік Түркияда шыққан тұңғыш қазақша сөздік екенін ескерсек Хасан Оралтайдың бұл тараптағы еңбегінің қаншалықты мәні бар екені айқындала түседі. 1973 жылы Алматыда "жұлдыз" журналының әр сандарына басылып жарияланған жазушы Қабдеш Жұмәділовтың "Соңғы көш" романын алып "Göşten sonra" деген атпен түрік тіліне аударып баспадан шығарады. Күні кешегі желтоқсанның қанды оқиғасы да қаһарман жастардың ерлік рухы да кезінде жұрттан жасырылды. Осынау қиын- қыстау күндерде Хасан Оралтайдың жаны шырылдап отқа түсті. Мюньхеннен құстай ұшып Стамбулға, одан Анкараға барып қырғынға ұшырап, жазықсыз қудаланған қазақ жастарына көмектесуді сұрап, бүкіл шетелдік дипломаттық корпустарды аяғынан тік тұрғызады "(Қазтай Әбіш мақаласынан).           

Сөйтіп, 1988 жылы Стамбулда "1986 жылғы 17-18-желтоқсандағы қазақстан оқиғасы" деген атпен Алматыдағы желтоқсан оқиғасын арқау етіп тұңғыш кітап жазған да Хасан Оралтай. Осылайша Алматыдағы қанды оқиғаның шындығын, аласапыран бүлінушілігін әлем халқына егжей-тегжейлі дәлелді фактілермен жеткізуге тырысты. Бұл Батыс Германиядағы, Түркиядағы, "Азаттық" радиосының қазақ бөліміндегі қазақтарға үлкен сілкініс тудырады. Ол-шындықты бүркемелеген кеңестік үстемдікті сынап, қазақ жастарының қаһармандық қимылдарының ақиқатын әлем халықтарына таныстырған ұлтжанды азамат. Ата жауына ақ найзасын аянбай түйреген Жәнібек батыр ауылынан арман есігін ашқан Хасан Оралтай қанпезерлікке қаламын қайтпай қадай білді. Есіл ердің еңбегін істеді. Қанды тарих парағына жазылған желтоқсан оқиғасының еске алу қарсаңында Хасан Оралтайдың желтоқсан көтерілісіне байланысты қаһармандық еңбегіне мемлекет тарапынан айырықша тоқталып, атап өткен жөн. 

Хасан Оралтай 1977 жылы Стамбулда "Алтайларда қанды күндер" деген кітабын жазып шығарады. 1988 жыл 1 ақпанда ресми түрде азаттық радиосының қазақ бөлімінің директоры болып қызметке кіріседі. Бұл өміріндегі маңызды қызметтің бірі болады. Өйткені ұлттың намысы қанында тулаған арқалы азамат осыдан бастап "Азаттық" радиосы қазақ бөлімі бағдарламаларын жалпы алған исі қазақтың жекелеп алғанда ұлттық мүдде-мақсатын қорғайтын бағытқа бұрып жұмыс істеген еді. Бұл елім деген ердің үлкен рухы мен жігері ғана бара алатын жұмыс еді. Осыны Хасан Оралтай абыроймен атқара алды. 1991 жыл 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін кешкі сағат 8-де "Азаттық" радиосынан әлемге жария еткенде осы Хасан Оралтай ағамыз болатын. Осылайша 1968 жылдан 1995 жылы 28 маусымға дейінгі 28 жылдан астам өмірі Германияда күнделікті бағдарламасын "Елім-айлап" зарлаған сағынышты мұңмен басталатын "Азаттық" радиосында өтеді. Бұл ең жапалы да жемісті жылдар еді. 

Хасан Оралтайдың 1999 жылы Ыстамбулда "Елім-айлап өткен өмір" атты кітабы жарық көреді. 2005 жылы Алматы "Білім" баспасынан екінші рет басылып шығады. Ол үшін де аз еңбектенбегені белгілі. Бұл көркем әдебиет емес, өмір естелігі. Шет елдерде ауыр арпалысты жарты ғасырдан астам өмір сүрген бір қазақтың қиырда жүріп жазып, шет елде бастырған ғұмырнамасы. Кітапта шығыс түркістан қазақтарының 1930 жылдан бергі елдегі және шетелдегі ұлт азаттық күрестерінен көріністер. Сондай-ақ Такламакан шөлінде, Гималай тауында және Түркиямен Германияда арпалыспен өткен жылдар барынша дәлелді, ұғынықты көрсетіледі. Жазушы Жанат Ахмәдиұлы «Кітап Хасан Оралтайдың әкесі, Шығыс Түркістан ұлт азаттық көтерілісінің қаһарманы Қалибек Хәкімнің атын әлемге пәш еткен рудың емес ұлттың намысы десек болады. Бұл кітаптың оқиғасына енген қазақтар біздің ұлтымыздың мына жалпақ жаһандағы ең қайсар, ең көмпіс, ең төзімді ғажайып жұрт екенін әйгілеген. Мұздай темір от қарумен құрсанған жаумен қасық қаны қалғанша айқасып, жан бергенше тірескен ерлік осындай-ақ болар. Мынау жұмыр жердің сонау екінші қабатындағы асқақ әлем Америкаға үні жетіп, азуын айға білеген Совет үкіметін құлатуға күш қосқан әкелі-балалы Қалибек Хәкім мен Хасан Оралтайдың ұлтқа деген қайталанбас мұрагерлік еңбегі, адал төккен маңдай терінің бодауымен жазылған өшпес өмір көшірмесі. Туған жерінен ауа көшіп, шылдай тозып босқан қазақтың рухани жетімдігінің энциклопедиясы десе боларлық.» ТМД елдерінің тәуелсіздік алуына "Азаттық" радиосының қазақ бөлімін ұзақ жыл басқарып, советтік тоталитарлық түзімнің жер бетінен жойылуына  Хасан Оралтай еңбегінің аз болмағандығы зиялы қауымның бәріне мәлім. Олай болса бұл кітаптың бүгінгі қазақ қоғамында орны да өзгеше екендігін айтуымыз керек. Мұндай істі мыңның бірі, тіпті милионның бірі атқарып жатқан жоқ"деп тұжырымдайды. Осыдан да көп істерді аңғаруға болады.

Бір кездері сонау Майлыжайыр деген тауда ағаш кереге, киіз туырлықты көшпелі қазақ отбасында  іңгәләп дүниеге келіп, аттың жалы, атанның қомында өскен қандасымыз Хасан Оралтай қазақ халқының елім деп өткен кешегі Мұстафа Шоқайлар сияқты саңлақтардың бүгінгі көзі, ізбасарларының бірі де бірегейі екенін өз өмір жолы мен еңбегін куә еткен тұлға. Қазақ халқының азаттығы, қазақ ұлтының рухани бостандығы жолында өмірін сарып еткен Хасан Оралтайдың жиырмаға жуық шығармаларының дені ағылшын, түрік тілінде жарық көрді. Өз Отанында қазақ тілінде жарық көрмеуі өкінішті. Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарында соңғы жылдары Хасан туралы көлемді мақалалар жарияланды. 1995 жылы "Абылай хан", "Алаш", "Желтоқсан" атты төл шығармалары мен жазушы Қабдеш Жұмәділдің "Соңғы көш" романын түрік тіліне тәржімелегені үшін Қазақстанның «Алаш» сыйлығын алды. Қызылорда облысы, Кейден ауылының «Құрметті азаматы» атағы мен сонда бір көшеге есімі берілді. Бұл алашым деген арлы азаматқа болмашы ғана құрмет. Өмірі өзгеге үлгі Хасан Оралтай еңбектерін кеңінен насихаттап, оның шығармаларының Қазақстанда жарық көруіне еңбек етіп, көлемді зерттеу, сол арқылы қазақ әдебиеті оқулықтарына енгізу, оның атына Қазақстанның үлкен қалаларындағы көшелерге, мектеп, үниверситеттерге беру керек. Сонда ғана ұлты үшін теңдессіз үлес қосқан аяулы ұлды ел ретінде шынайы ардақтай алған болар едік.

Талапбек Тынысбекұлы

Ақын.

2023 жыл, 7 наурыз

Астана.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар