Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Ұмтыл Зарыққан. Сөз – ақыреттің өлшемі......

16.09.2015 2963

Ұмтыл Зарыққан. Сөз – ақыреттің өлшемі... 12+

Ұмтыл Зарыққан. Сөз – ақыреттің өлшемі... - adebiportal.kz

...Өмір мен Өлім текті домбыраның қос бұрауы сияқты, Жарық пен Жалған сияқты, бар мен жоқ тәріздес... Жаратушыдан басқаның бәрі егіз дейді ғой Бағзынама.

Әңгіме бұл туралы да емес, керек етсе, өлең жәйлі да емес... Әйтеуір санаға сіңген осы өлеңнің авторы да білмес, ықылымнан бері келе жатқан қимас құбылыс жайлы...

Жалғыздықты, жапан даланы, от жаққан Отаныңды жаныңмен қанша сүйсең де, әйтеуір бір бүйрегің бұрылып тұрар белгісіз Мекен мен Аңсардың маңдайға басқан мөріндей тұрлаусыз ғұмыр жайлы шығар...

«Ұлтына ұран болған байғұс, сорлы
Ұлықбек Есдәулетов қайтыс болды...
Ұжымақ па, тозақта ма орыны?», - деп,
Ұшпақта әжептәуір айтыс болды:

− Пенде еді пайымдатар
Періштені...
Пәниден барар орны – пейіш тегі...
− Перідей пәтуасыз бір пәтшағар,
Парықсыз, тілінің бар теріскені...

− Шаруақор,
Шұғылданған адал іспен,
Шайқасқан шалдықпастан қара күшпен...
− Шайқақтап,
Шатып-бұтып,
Шатақ қуып,
Шайқы еді шайырмын деп шарап ішкен!

− Жан еді Жаратқаным ақын еткен,
Жаннат қой алар орны ақыреттен!
− Күнәһар,
Күпірі көп, кірпі мінез,
Кісәпір, қандай одан кәпір өткен?

Жүрген жан жолдас болып ібіліспен,
Жүзімнің жалап-жұқтап суын ішкен.
Жұмақты бүлдірмей ме ол ылаң сап,
Жаппасақ жаһанамға мұны күшпен.

«Қарық деп қағанағы» қайтамысың,
«Сарық деп сағанағы» айтамысың?
Жығылған сәждеге емес,
Жыр жолына,
Жын қуып,
Жандандырған сайтан ісін.

Жаны тұр жаһанамға ылайық боп,
Жазасын жаратқаннан сұрайық, − деп,
Жалаңдап Мүңкір-Нәңкір жеткен кезде,
Жатқанмын жер бетінен тырайып кеп...

Авторы: Ұлықбек Есдәулет.

«Ынтық зар» Алматы, Атамұра, 2009 ж)

Аталмыш кітаптың ақырғы бетінде тұрған, жас жігіттердің ортасында әзілмен айтылып қалып, артынан шоқ тістегендей күй кештіретін, Ақынның азалы ақыретіндей осы өлең ет пен тердің арасынан шыққан дүние емес әрине... Ауыр өлең! Кәдімгі «ауырлығы табыттай» дейтіндей...
Ақын бұл жерде сөз ойнатпайды, ой толғайды. Өлеңнің көп нүктемен аяқталары да сол. Өйткені, ешкім де ақыретін білмейді ғой... Әңгіменің тиегі Пері мен Періштенің «айтысында» емес. Олар айтысқа зәруде емес-ау!.. Ақын не айтқысы келеді, тым алыс... Паралелль қос сызықтың көз ұшында бұлдырап барып қосылатынындай құбылыс қой бұл... Оны ұлы аусармен ғана аңғарғандайсыз. Әйтсе, соңғы шумақтың соңғы екі тармағынан осылай ой түйдік. Алдыңғы тармақ бар «күнәні» бауырына басып былай дейді:
«Жаны тұр жаһаннамға ылайық боп,
Жазасын Жаратқаннан сұрайық, - деп,»
Иә, бұл да қазақы өлеңнің қайырмасындай түсінікті дүние. Енді бізге не керек?!

Енді бізге, өлеңнен өтіп, өз ішімізге үңілу керек!
Поэзияда «мен» дейтін кейіпкер болады. Оқырман қауым ауа жайлап жүргендей Ол автордың, иа, ақынның өзі емес... Адам тәбиғи жаратылыс іретінде әр неден өзін іздеуге құмар, не оқып отырсақ та, соның бас кейіпкері өзімізбен туыстас (тағдырлас) болып шығатыны содан шығар... Соның ішінде әсіресе Қазақы өлеңде, поэзияда.
Сөз атаулының жалғыз-ақ нысаны бар – ол Адам! Адам тағдыры Өлеңнің – Жаны. Ендеше, өз ішіңе үңіл, бауырым, Өлеңнің айтылмай қалған соңғы тармағындағы көп нүкте... – Сенің Тағдырың емес пе?! Сенің Ақыретің емес пе?!
Ауыр шешім болса да...

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар