Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар. Тіл проблемаларын жүйелі түрде шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты — ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыру. Міне, осы мақсатта қазақ тілінің қанат жайып дамуына өлшеусіз үлес қосып, Нұр-Сұлтан қаласында тіл үйрету орталығын ашып, қазақ тілінің жанашырына айналған белгілі тұлға, кәріс азаматы Владислав Тен мырзамен сұхбаттасқан едік.
- Тіл үйрену алдымен ынтаны, қажеттілікті, мақсатты, зор махаббатты, табандылықты, зейінділікті, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Білуімше, сіз 5-6 тіл білесіз. Ең қызығы барлығын да ешкімнің көмегінсіз өзіңіз үйреніпсіз. Мұның сыры неде?
- Тілім орысша шыққан. Отбасым орыс тілінде сөйледі. Бала кезімнен медициналық кітаптарды көп оқыдым. Анама еліктеп дәрігер болғым келді. Химияны жақсы көрдім. Ташкент медицина университетіне түсіп, студент кезімде ағылшын тілін үйрендім. Кейін өзбек тіліне бойладым. Ағылшын тілі түсінікті, бәріне қажет. Өзбек тілін не үшін үйренгеніме елдің бәрі таң қалып жатты. Ташкентте орыс тілімен емін-еркін өмір сүруге болады. Бірақ мен өз-өзіме міндет қойдым. Себебі, өзбек тілін білмесең, қызметте жоғарылай алмайсың. Ағылшын тілін ешбір ортасыз үйрендім. "Өзбек тілін неліктен өзбектердің қасында жүріп үйреніп алмасқа", - деп өзіме үлкен талап қойдым. Кейін өз ана тілім, кәріс тілін үйренуді қолға алдым.
- Көпшілік тіл білмеу себебін қазақ тілінің күрделілігіне сілтейді. Бұл қаншалықты орынды болмақ. Тәжірибеңізбен бөлісе отырсаңыз? Қазақстанға қалай қоныс аударып, қазақ тілін қалай үйрендіңіз?
- Әкем Қазақстанға менен 7 жыл бұрын келді. Мені Елордаға шақырды. Келдім. Маған ұнады. Өзбекстан - менің отаным. 2010-жылы Өзбекстанда экономика өте нашар еді. Қазақстанда жақсы болды. "Егер Нұр-Сұлтанға келсем, қазақтардың ортасында қазақ тілін тез үйреніп кетемін", - деп ойладым. Келсем, мұнда бәрі орысша сөйлейді. Қазақ тілді ортаны өзің іздеп табуың керек екен. 2017-жылы мен тіл орталығымды аштым. Қазақ тілі - сондай қиын тіл емес. Түркі тілдер тобына жатады. Ал түркі тілінің грамматикасы - ең оңайының бірі. Қазіргі кезде мен 6 тіл үйретемін. Мен қазақ тіліне ана тілі емес, шет тілдердің бірі ретінде қараймын. Сондықтан да менде әдістеме дамыды. Қазіргі қазақ мұғалімдерінде әдістеме бар, бірақ, өте нашар. Себебі, қазақтарда қазақ тілін білмеу деген сезім болмаған. Сондықтан болар қазақ тілін білмеудің қандай қиындығы бар екенін сезінбейді. Мен соны сезініп, басымнан өткізген адаммын. "Қазақ тілі неге дамымайды? - деп айтамыз. Қазақ тілін үйренгісі келетін қаншама орыс тілді қазақтар бар, оларға жеңіл әрі тез үйрететін жақсы әдістеме жоқ. Мен асқазан дәрігері едім. Қазір тіл дәрігерімін. Ең алдымен диагноз қоямын. Біздің қоғамда үлкен дерт бар, ол - қазақ тілін білмеу дерті. Мен содан науқастарды емдеп жазамын.
Менің 2 балам бар. Біз орыс тілді жанұямыз. Балаларым қазақша білмейді. Мұғалімі айтады:
- Өзіңіз тіл жанашырысыз, балаларыңыз неге қазақ тілін білмейді? - деп.
- Сіз оған үйрете аласыз ба? - деп сұрадым.
- Жоқ - деп мойындады.
Мен қазақ тілін ешбір мұғалімсіз, қазақ тілді ортасыз үйрендім. Жалғыз ғана мұғалімім болды. Ол - өзім.
Қазақ тілін мүлдем білмейтін адамға қазақша үйрете аламыз ба? Міне, бұл өте күрделі сауал. Мен қазақтардың тіл мәселесін өте жақсы түсінемін. Көмектескім келеді. Біз кәрістер, өзбектерге де, қазақтарға да қарыздармыз. Біз енді текке жүрмей, бір көмегімізді тигізуіміз керек. Менің мақсатым - тілін ұмытқан қазақтарға қол ұшын созу.
- Өткен ғасырдың зобалаң жылдарына көз салсақ, кәрістердің Қазақстанға жер аударылғанын білеміз. Сіз де сол бір көштен өсіп-өнген тағдырлы ұрпағысыз. Сіз өскен жанұяның тағдыр жолы қалай болды, соған қарай ойыссақ?
- 1937-жылы кәрістерді жер аударып Орта Азияға алып келді. Олар Қазақстанда алғаш Үштөбеге түседі. 1938-жылы мұндағы ең көп диаспора кәрістер болды. Кейін олар оңтүстік аймақтарға көшті. Ташкентке дейін барды. Содан болар, бүгінгі күнге дейін кәріс диаспорасының ең көп шоғыры - Өзбектанда. Себебі, ол жақта күн ыстық. Егінмен шұғылдануға өте қолайлы. Атам Ташкентке бала кезінде барыпты. Сол жерде өсіп, ержеткен. Қазақ, өзбек барлығымен бірге өсіп, тілдерін емін-еркін меңгерген. Әкем аздап кәрісше біледі. Анам орысша ғана сөйлейді. Атам: «Тілдеріңді ұмыттыңдар! Кәрісше сөйлеңдер! – деп ренжіп, ұрсып отыратын. Амал жоқ, тағдыр солай. Үшінші ұрпақ - өз тілімізден мүлдем бейхабар өстік. Мысалға, Қызылордада туған әйгілі әнші Виктор Цой сырты кәріс болғанымен, іші орыс қой. Біз де тура сол күйді кештік. Кеңес үкіметі бәрімізді де осындай күйге түсірді. Біз кәріспіз әрине, бірақ бізде ұлт жоқ. Себебі, тіл жоқ жерде, ұлт та жоқ.
- Қазақ мемлекетінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін не істеуіміз керек? Қалайша насихаттаймыз? Қазақ тілін үйренудің бар қиыншылығын басыңыздан өткізген тіл жанашыры ретінде қандай ұсыныстар айтасыз?
- Қазақ тілі қазақтан басқа ешкімге керек емес. Осыны түсінетін уақыт жетті ғой. Ағылшын тілін не үшін үйренеміз? Ақша табу үшін, шет елдерді аралап еңбек ету үшін, үлкен табысқа жету үшін. Ал қазақ тілін не үшін үйренеміз? Тек бір ғана себеп бар. "Мен де қазақпын"! - деген ғана. Басқа ешқандай себеп жоқ. Басқаларға бәрібір. Егер қазақ тілін білетіндерге көп ақша берсе, оларға үлкен қызметте жол ашылса, елдің бәрі жүгірер еді. Бірақ ондай дүние бізде қарастырылмаған. Сондықтан жалғыз жол: «Сен де қазақсың!» - деп қазақтардың санасына құюымыз керек. Сана мен жүрек оянбай тіл мәселесі шешілмейді. Қазақстанда қалғысы келетін адам тіл үйренеді, қалмайтын адамға бәрібір. Ең жарқын мысал - Қанат Тасыбеков қой. Әр қазақ өзіне үлгі етсін. Осы мақсатта тіл үйрету орталығын аштық. Барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тек ниет жоқ.
Шындап келгенде қазақ тілі мені де байытпайды. Қазақ тілі менің уақытымды да, ақшамды да кетіреді. Бірақ, мен қазақ тілін жақсы көремін. Қазақ тілінің рухы мені өзіне тартады.
Қазақты сүймей, қазақ тілін үйрену мүмкін емес. Тіл үйренуге менсінбеушілікті қойып, махаббатпен кірісу керек. Мысалы, өзбектерде тіл мәселесі жоқ, кәрістерде де жоқ. Мен мұнда келмей тұрып, Қазақстанда қазақ тілінің мәселесі бар деп мүлдем ойламаппын. Қазақтағы ең жаман қасиет - тіл бойынша адамдарды бөлу. Таза қазақ, шала қазақ деген сияқты. Бұл дұрыс емес. Менен көмек сұрап көп адам келеді. Неге мені таңдағанын сұраймын. Олар: "Сен адамның жан дүниесін түсініп тұрасың", - дейді. Мен оларға ешқашан күлмеймін.
- Тіл ұрпаққа қанмен берілмей ме? Ұлттық код адамның тегінде сақталмай ма? Сіз кәріс тілін меңгергенде осындай дүние байқадыңыз ба?
- Кәріс тілін тез үйрендім. Себебі, тілдер бір-біріне өте жақын. Қазақ, өзбек тілдері түркі тілдер тобына жатады. Ал түркі тілдер тобы алтай тілдер тобына жатады. Кәріс тілі де осы топта. Демек, ұқсастықтар өте көп. Мұны тілдерді көп меңгерген сайын байқай түсесің.
Тіл - қанмен ұрпақтан-ұрпаққа өтпейді. Мұны мен дәрігер ретінде де айта аламын. Егер қазақ америкада туса, онымен ешкім қазақша сөйлеспесе, ол қазақша білмейді.
Сіздер ұрсасыздар: - Өзің қазақсың, неге қазақ тілін білмейсің! - деп. Ол дұрыс емес. Балабақшада, мектепте, жоғарғы оқу орынында орысша оқыса, олардың не кінәсі бар?
Маған адамдар тіл білмейтіндігіне қиналып келеді. Біз соларға жағдай жасап, жүйе қалыптастыруымыз керек. Елбасы бізге рухани жаңғыру керекпіз деді. Бізде қазір екі рух тұр. Себебі, екі тіл халықты екіге бөліп тұр. Біз бір тілге көшкенде ғана бір отбасындай болып, нағыз рухани жаңғыру басталады.
Менің тіл үйрету әдісім: ГРАММАТИКА – ФОНЕТИКА – СӨЗ!
Бірінші, адамның санасына грамматиканы, сөйлем құрау формуласын қалыптастыру керекпіз. Сосын қалай дыбысталуын, айтылуы мен жазылу ерекшелігін үйретеміз. Содан кейін ғана барып сөздік қорды байтамыз. Әйтпесе, маған құр сөздерді жаттап алып келеді де, "Неге сөйлей алмаймын?" - деп қиналады. Сөйлем құрауды білмей тұрып, құр сөз жаттау ешқандай нәтиже бермейді.
- Қазақ тілі мұғалімдерінен сіздердің тіл үйретуде қандай ерекшеліктеріңіз бар?
- Мұғалімдер әйтеуір сабақ беру үшін үйретеді. Мен түсіндіру үшін үйретемін. Түсінген адамның ғана миында қалады. Түсінбеген жерде бір құлақтан кіріп, екінші құлақтан шығады. Орыс тілді адамға орысша түсіндіру керек. Өзінің білетін тілімен салыстырып ұқтыру керекпіз. "Таза қазақша берем, ол қазақ түсінеді", - деген жалған патриотизмді қою керек. "Домбыра тартса, рух оянады", - деп өзімізді алдамауымыз керек. Тіл - ғылым. Егер сен бала кезден тіл білмесең, онда ғылым ретінде қарап меңгеруің керек. Орыс тілін балалайка үйретпейді ғой. Бұл жерде мәселеге тіке қарауымыз керек. Қиялға берілуге болмайды.
"Қазақ тілі бай, күрделі", - деу де дұрыс емес. Керісінше, бұл тіл оңай деп насихаттауымыз керек. Қанат аға қандай үлгі бізге. Бірінші, "Мен де қазақпын", - деген саналарын оятуымыз керек. Қазақ тілін Қазақстанда үйрену оңай. Себебі, мұнда орта бар. Ауыл бар. Бір айдан соң тілің жақсара түседі.
Ерболат Мұхаметжан деген журналистің «Басты тақырып» деген бағдарламасы бар. 2017-жылы осы бағдарламаны ұялы телефоныма көшіріп алып, 1 жыл тыңдадым. Басында түк ұқпадым. 3 айда аздап қана түсіне бастадым. 6 айда толық түсіндім. 1 жылдан соң тілім шықты.
Маған орыс тілді қазақтар келеді. «Влад, біз ит сияқтымыз. Бәрін түсінеміз бірақ сөйлей алмаймыз неліктен?» - дейді. Мен сосын оның нені ұқпай жүргенін тауып, диагнозын қойып беремін. Соны түсіндіріп берсем, сайрап қоя береді.
Мұғалімдер оқулықпен жүреді. Оқушының қай жерден қиналып тұрған мәселесін тауып, сол түйінді шешуге асықпайды. Өйткені, олар артық еңбектенгісі келмейді. Ал мен бірден содан бастаймын. Тез үйретуге тырысамын. Ол үшін мұғалімдерге жағдай жасау керек. Айлығы аз мұғалімнің сабақ беруге құлқы жоқ. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін сол тілді үйретуші мұғалімнің мәртебесін, жалақысын көтеруіміз керек.
- Уақытты қалай үнемдейсіз? Қалай үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады?
- Мен 4-5 сағат қана ұйықтаймын. Сол жеткілікті. Нәтижеге жету үшін жатпай-тұрмай еңбектен. Онсыз ештеңеге жете алмайсың. Биік нәтижеге қол жеткізген адамдардың барлығы да аз ұйықтап, көп еңбектенген. Барлығымызға күніне 24 сағат қана берілген. Уақытты тиімді пайдаланбаған адам - өлген адаммен тең.
Бала неге кейбір пәнді жек көреді. Себебі: мұғалім оны ешбір махаббатсыз, қызықсыз ғып өтеді. Түсінбеген соң ғана пән жек көрінішті болады.
"Қазақша сөйле!" - деп ұрандағаннан ешбір пайда жоқ. Егер тілге жаның ашыса, бір тіл білмейтін қазақты алып, қазақша үйрет. Міне, сол нағыз ерлік. Менде қолдау жоқ. Бәрін өз қаражатымызға жасап келеміз. Егер бізге қолдау жасаса, жүздеген, мыңдаған адамға көмектесер едім.
Маған Корея ұнамады. Мейлі, экономикасы дамып кетсе де. Біздің түріміз кәріс, ішіміз орыс. Маған кәрістер ұнамайды. Керісінше Орта Азиядағы адамдардың менталитеті жаныма жақын.
Орта Азиядағы кешегі кеңес үкіметінің құрсауынан босаған халықтардың бәріндегі бір үлкен қасірет - түріміз өз ұлтымызға ұқсағанымен, ішіміз орыс.
Бұдан арылу үшін үлкен жұмыстар жүргізілуі қажет.
- Кәрістер мен қазақтарда қандай ұқсастықтар бар? Сіз айтқан кесел мінезден қалай арыламыз?
- Кеңес үкіметінен қалған жаман мінездерден арылуымыз керек. Кәрістер қалай өмір сүреді? Олар "біз бір жанұямыз" деп түсінеді. Бізге сол қасиет керек. Ол үшін бәріміз бір тілді болуымыз керек. Ол қай тіл? Әрине, қазақ тілі. Онсыз қоғамда бірлік қалыптаспайды.
Менің ұстанымым адамдарға көмектесу. Мен әрқашанда дәрігермін. Адам басқа адамдарға көмектеспесе, адам болмайды.
Қазаққа деген махаббатым өте жоғары. Тек қана қазақта жеті ата бүгінге дейін сақталып келеді. Димаш қайдан шықты? Әлемдегі ең керемет дауыс иесі. Осындай қан тазалығынан шықты. Міне, қазақтың кереметтілігі! Димаштың арқасында қазақ тіліне деген әлемнің қызығушылығы артты. Димаш қазақ тіліне бәрімізден артық еңбек сіңірді. Осындай Димаштың оны, жүзі болса ше? Ғажап болар еді ғой.
Қазақстандағы әр адам қазақ. Олар қазақша білуге міндетті.
Тіл сөйлесу құралы және ұлы Рух. Тілдің бастапқы сатысы байланыс құралы болса, тереңдей келе ол кемел рухқа айналады. Біз сол рухты сезінуіміз керек!
Сұхбаттасқан: Арман Шеризат
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.