Көкшенің әйгілі сал серілері, атағы дүйім қазаққа мәшһүр Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтардың сал-серілік дәстүрін өз дәуірі мұрсат қылған мазмұн-пішінде алып жүрген шәкірттері біршама. Олардың әрқайсысы өзіндік даралық сипатқа ие болғанымен, әдебиеттану тарихында «ХХ ғасырдағы халық ақындары» деп атайды. Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Омар Шипин т.б. халық ақындарын өздері туып-шыққан өңірдің фольклорлық қазынасын және ән шырқау мақамының дәстүрін, сондай-ақ шынайы суырыпсалма ақындықтық жаңа ғасырға аманаттаушылар деп қарастырамыз. Өз кезегінде олар да соңынан шәкірт ертті. Арғыдан жалғасқан игі дәстүрдің жүлгесі кейінгі толқындарға жалғасты. Қазақ даласының әр түкпірінде халық ақындарының тұтас шоғыры болды. Олардың өмір сүрген дәуірі ұлы төңкерістерге, империялардың құлап, екінші бірінің құрылып нығаюына, идеологиялық көзқарас салдарынан туындаған аласапыран зобалаң-зұлматтар мен екі бірдей дүниежүзілік соғысқа тап келді. Яғни шығармашылық ғұмыры, мұраларының мазмұндық ауаны екі дәуірді қамтитындығына халық ақындарының барлығының дерлік баспа бетінде қалған туындыларына қарап көз жеткізуге болады.
Шығармашылығы екі дәуірдің шежіресі болған халық ақындарының бірі – көкшетаулық Шәкен Отызбайұлы. Өзі өмір сүрген тұста Көкше өңірінде қанаттаса қатар жүрген халық ақындарымен айтыс аламанына түскен суырыпсалма ақын болғандығын соңында қалған жазба мұраларынан аңғаруға болады. Туғанына 135 жыл толуына орай Шәкен Отызбайұлы туралы қолда бар деректерді оқырман санасында жаңғыртып өтуді жөн санадық.
Халық ақыны, әнші, әуесқой сазгер, жыршы Шәкен Отызбайұлы 1887 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданы, (бұрынғы Көкшетау) Шағалалы аулы аумағында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Шәймерден болса да, ата-анасының еркелеткен Шәкен деген есімімен тарихта қалады. Шәкен Отызбайұлының шыққан тегі – арғын қарауылдың ноғай табының аман атты бөлімі. Отызбай Саполатұлы – өз заманының көзі ашық, еті тірі азаматы, ескіше діни сауатты молла адам болыпты. Отызбайдың Рамазан, Қожахмет, Сүлеймен, Шәймерден атты ұлдары болыпты.
Шәкен Отызбайұлының өмірдерегіне қарағанда, сол дәуірдегі хат танып сауат ашудың ауыл молдасынан немесе орыс-қазақ школынан деген сияқты баспалдақ білім жолынан өтпеген. Өзінің табиғи суырыпсалмалығы мен құймақұлақтығы арқылы айтыскер, жыршы, термеші ретінде ауыл-аймағына танылып Шәкен ақын атанған адам. Хат танымағандықтан да болар, кезінде суырыпсалмалықпен жырлаған өлең-жырларының көбі хатқа түспеген. Шәкен ақынның мұрасын қолынан келгенінше жазып алып, сақтап жеткізген – баласы Темірбай Қабділмәжитов. Әкесінің көп өлеңін жатқа айтқан Темірбай ақсақал Шәкен ақынның 1164 жолдық мұрасын қағазға түсірген екен.
Шәкен Отызбайұлының шығармашылық жолы жоғарыда айтылғанындай, кеңес дәуіріне дейінгі және кеңес дәуіріндегі кезеңді қамтиды. Кедей-кепшіктің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаймыз деген ұран көтеріп, билікті қолға алған коммунистер халық ақындарының ел ішіндегі беделін, шығармашылық әлеуетін барынша пайдалануды көздеді. Лениндік-сталиндік саясатты ел ішінде насихаттау, түрлі науқандық шараларға халықты жұмылдыру т.б. жағдайларға халық ақындарын тарта білді. Өз кезегінде бұл халық ақындарының жаңа дәуірде ел арасында танымалдылығы арта түсуіне септігін тигізгендігі анық. Жетпіс үш жасында шығармашылығының жаңа кезеңіне аяқ басқан Жамбыл халық ақындарының көшбасшысы ретінде танылды. Бұдан соң елдің идеологиялық тізгінін ұстағандар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі халық ақындарын іздестіріп, жергілікті өңірлік, аймақаралық, республикалық деңгейде айтыстар өткізе бастады. Қазақ әдебиеттану ғылымы тарихында қазіргі күні «Жамбыл дәстүріндегі халық ақындары» деп қарастырылатын шығармашыл тұлғалардың мол шоғыры осы кезеңде қалыптасты.
Жалпы алғанда өткен ғасырдың 20-жылдары қазақ халқының ғасырлар бойы сақтап жеткізген рухани қазынасын жинақтау, хатқа түсіріп мұрағаттау кезеңінің басы болды. Осы жылдары атқарған А.Затаевичтің қазақ әндері мен күйлерін жинаған еңбегі – осыған дәлел. Көкшетау өңірінде осы кезеңде елге аты кеңінен танымал халық ақындары Молдахмет Тырбиев, Сұлтанмұрат Әміреұлы, Қалия Жұбандықұлы, Уахит Жақияұлы қатарлы өнерпаз тұлғалар өмір сүрді. Олар тек суырыпсалма ақын ғана емес, әйгілі сал-серілердің әндерін олардың өз аузынан үйреніп, бар бояу-болмысымен игеріп көкірегіне түйген шәкірттері, әрі оларды нәшіне келтіріп тамаша орындаушылар болды. Сонымен қатар олардың әрқайсысы өз жанынан ән шығарған өнерпаздар болғандығы да белгілі. Бұл ақындар да ел ішіндегі өзінен кейінгі толқынға, соңынан ерген жас таланттарға өнер өлкесінде бағыт-бағдар беріп шәкірт тәрбиеледі. Шәкен Отызбайұлының тікелей шәкірті – белгілі айтыс ақыны, Қазақстан ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті Көкен Шәкеев болды.
Көкен ақын өзінің айтыстарында «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» дейтін Жамбыл ақын тәрізді, ұстазы Шәкен ақынның есімін ілтипатпен еске алатын еді. Көкен ақын өз ұстазы туралы жазған «Елу жыл есте қалған ән» атты мақаласы кезінде «Көкшетау» газетінде жарық көрген.
Жалпы Шәкен Отызбайұлы шығармашылығы туралы өткен ғасырдың екінші жартысында негізінен бұрынғы Көкшетау облысының аумағында таралған басылым беттерінде біршама жазылған деуге болады. Атап айтқанда көкшетаулық белгілі өнер зерттеуші Әуез Өтеевтің «Халықтың ардақтысы – Шәкен ақын», Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұловтың «Шәкен ақынның отты жырлары», филология ғылымдарының докторы Серік Негимовтің «Шәкен ақын», өнер зерттеуші Жұмабай Есекеевтің «Шағалалыда шырқалған ән мен күй», Темірбай Қабділмәжитов «Ақын жұлдызы сөнбейді», ақын, журналист Қайырбай Төреғожаның «Ақын өмірінен бір үзік сыр» атты мақаласы шыққан. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Серік Негимов «Қазақтың сал-серілері» атты ғылыми эсселер жинағында Шәкен Отызбайұлы шығармашылығы туралы былай деп пікір білдіреді: «Елдігіміздің, ерлігіміздің, киелі қасиеттеріміздің жыршысы, топырағымыздың, табиғатымыздың дара туған жарық жұлдызы, дәулетті, бейнетті, жарқын күндеріміздің шынайы шежірешісі, тұйыққа тірелгенде көптің көш бастайтын марғасқасы, ай мүйізді айбарлы серкесі – сылдыр көмей ақын-жыраулар ғой. Бұл орайда Біржан сал мектебінен сабақ алған, үлгі алған, көрнекті әнші-ақындармен халық композиторлары Үкілі Ыбырайдың, Ақан серінің, Балуан Шолақтың сұлу да кербез әндерін нәшіне, кемеліне келтіре шырқаған Һәм «Бөгембай батыр», «Қабанбай батыр», «Ағыбай батыр», «Кенесары-Наурызбай», «Қарға батыр» жырларын жатқа сайратқан ардақты өнерпаздың бірі – Шәкен Отызбайұлы еді».
Жоғарыда атап өткеніміздей, нақты сауат ашып, хат танымаса да Шәкен ақын өзінің ән мен жырға, жалпы өнерге бейімдігінің арқасында шығармашылық жолға ерте түседі.
Әуелде ауыл ішіндегі кішігірім жиын-тойларда өлең айтып талантын шыңдаса, бірте-бірте белгілі Көкшедегі әйгілі сал-серілердің шығармаларын орындап жүреді. Әсіресе, ауыл аралас, қойы қоралас дейтіндей, жақын аумақта өмір сүрген Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың ықпал-әсері ерекше болғаны анық. Сал-серіліктің қазақ даласында ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы ең тамаша үлгісіндей болған осынау тұлғалардың ғажайып өнеріне таңдана тамсанған жас Шәкен де сегіз-тоғыз жасынан өлең шығарып, домбыраға қосып орындап, бозбалалық шағында әзіл-қалжың түрінде тіл қатып, серілік дәуренге қадам басады. Бұл туралы зерттеуші Әуез Өтеев былай деп жазады: «Шәкен жастайынан өнер қуды. Бір жолы мынадай қызық оқиға болды. Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақ семьясы нанға жарыған ба? Бұл үйде (Отызбай үйінде) бір табақ ұн қалған-ды. Шайнама дегеннен ішіп-жемі – осы. Сол бір түнде жоқ болып шықты. Әке-шешесі «ұрланды» деп санды бір-ақ соқты. Бірақ, ұры сырттан емес еді. Елде Сазай деген шебер қарт бар-ды. Сол кісіге бір табақ ұн беріп, Шәкен қарағайдан домбыра жасатқан еді. Ұрлық үйге домбыра келгенде бірақ ашылды». Кеңес дәуірінде арғы кезеңді жадау-жүдеу етіп суреттеу, тілге тиек етер адамның шыққан тегін киер киім, ішер асқа жарымған қу кедей ретінде таныту қалыпты жағдай екенін ескерсек, қалай болғанда да жас бала Шәкеннің шеберге домбыра жасатуға тапсырыс беріп, ақысына ұн апарғаны анық. Осылайша Сазай шебердің жасап берген домбырасын қолға алған жас Шәкен шығармашылығын шамасының жеткенінше дамыта береді. Ресей билігі бұл тұста қазақ халқын рухани отарлаудың қуатты бір тетігі – дін деп қарастырып, елге указной моллаларды қаптатып жатқан еді. «Патша – Алланың жердегі көлеңкесі, сөзсіз бағынып әмірін тұт», - деген уағыз арқылы рухы биік арда қазақты жусатып-өргізуге шындар кіріскен заманда ел ішінде Шәкен ақынның домбырасымен алысқандар да аз болмағанға ұқсайды. Бірақ бұған Шәкен жас мойынұсынып қарап отырмайды. Ел ішінде өнерімен таныла түседі. Шәкірті Көкен Шәкеевтің жазуынша елдің есті адамдары Шәкеннің өнерін мойындаған мындай жағдай болған екен: «Шағалалы ауылының беделді ақсақалы Байдалы қажы қажылыққа барған жерінде тоқсан үш жасында қайтыс болған екен. Нұғыман, Бөжікей, Толтыр қажылар елге келіп, қажы өлімін естірткен соң, жоқтау өлеңді сол кезде он беске толмаған Шәкен шығарып берген еді. Көңіл айта, бата қыла Шұбардан Мәди қожа, Мұқыжан қожа, Біләл қожалар барған екен. Сол батада жоқтау шығарған Шәкенді қайта шақыртып алады. Сол жерде жас балаға домбырамен өлең айтқызады. Отырған жұрттың ішінен бір беделді адам: «Шариғат заңы бойынша домбыра тартып, өлең айтқан дұрыс емес», - деп наразылық білдіреді екен. Бірақ үш қожа: «Мұндай сөз шариғатта айтылмаған, бекер сөз», - деп жауап беріп, Шәкенге өлең айтып, домбыра тартуына рұқсат беріп, баталарын берген екен. Осы күннен бастап, Шәкен домбырасын қолынан тастамаған». Бозбалалық, жігіттік жасына жеткен кезде Қылжирен атты жүйрік атына мініп, қолына қаршығасын қондырып, соңынан жүйрік құмай тазысын ертіп, өз тұсындағы Ақан серінің жолын жалғастырған сән-салтанатты дәурен сүреді.
Есіл-Көкше төңірегіне аты мағлұм болған Шәкен ақын 1939 жылы ел астанасы Алматыда өткен ақындар айтысына қатысады. Әміре Сұлтанмұратұлы, Қалия Жұбандықұлы, Молдахмет Тырбиұлы, Уахит Жақияұлы қатарлы көкшелік ақындар да аталған айтйысқа шақырылып қатысқанға ұқсайды. Осы сапарында Шәкен Отызбайұлы жан жақтан келген айтыскерлермен танысып, олармен өнер сынасады. Халық ақындарының көшбасшысы Жамбылмен жүздесіп, танысып, Жәкең тарапынан зор ілтипат, бағаға ие болып, «Қазақстанның халық ақыны» деген атаққа ие болып, елге шат көңілмен оралады. Шәкен ақынның осы сапардан оралғанда сырқаттанып жүрген кезі болса керек. Ақын өзінің қиналысты шағы туралы былайша жырлайды:
Зор атақ, жол бергенде үкіметім,
Аралап жүріп тұру келмейді шамам.
Шыққанда алпыс деген қыр басына
Жүрмедім денім сау боп есен-аман.
Бұл – ақынның Алматыдан келгеннен кейін сырқаттанып ауырып жүрген кезінде жазылған болса керек. Қалай болғанда да Алматы сапары аса жемісті болады. Олай деп ой қорытуымызға да себептер бар. Қазақ музыка өнерін зерттеу тарихында есімі айрықша тұлғалардың бірі – Борис Гиршевич Ерзакович (1908-1997). 1931 жылдан бастап қазақ халық музыкасын зерттеуді бастаған ол өмірінің соңына дейін осы игілікті іспен беріле айналысып, 20-дан астам монографиялық еңбектер, 200-дей мақалалар мен очерктер, 12 музыкалық-этнографиялық кітаптар шығарған екен. Қазақ даласының әр түкпіріндегі халық ақындары шығармашылығын қамти зерттеген ғалымның назарынан Шәкен Отызбайұлының өнері тыс қалмаған. Ол Шәкен ақынның аузынан бірнеше әнді хатқа түсіріп алған. екен. Кейіннен профессор Ерзакович ақынның ұлына хат жолдап, онда былай деп жазады: «Сіздің әкеңіз Шәкен Отызбаевты білетін мені ұмытпағаныңыз үшін, мен сіздің хатыңызға өте риза болдым. Мен одан өзінің бірнеше әнін жазып алған едім. Бірақ өкінішке қарай оның әлі де көптеген әндері нотаға жазылмаған күйі қалған еді. Шәкен Отызбаевтың «Жыл құсы» әнінің мәтінін анықтап бергеніңіз үшін рақмет!» Аталған хат мазмұнынан қарап, Шәкен Отызбайұлының өз жанынан шығарған көптеген әндері болғандығын, уақыттың тапшылығынан олардың бәрі бірдей жазылып алынбағандығын аңдаймыз.
Шәкен Отызбайұлы Алматы қаласына барып, Жамбыл ақынмен дидарласып, профессор Ерзаковичке ән жаздырған жылы басталған Екінші дүниежүзілік соғысқа екі жылдан соң Кеңес Одағы толықтай тартылып, Ұлы Отан соғысы басталады. Барша кеңес халқымен бірге қазақтар да майданға аттанып, фашистермен жан аямай соғысады. Осы соғыста асқан ерлік көрсеткен жауынгерлер Кеңес Одағының батыры атанады. Қазақтар арасынан бұл мәртебеге алғаш ие болғандардың бірі – көкшетаулық Мәлік Ғабдуллин еді. Сегіз қырлы бір сырлы тұлға, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин осы жоғары мәртебелі атаққа ие болғаннан кейін, 1943 жылы тамыздың 6-23-і күндері аралығында елге қысқа мерзімдік демалыс алып келеді. Демалыс деген болмаса, мұнда да әр күні халықпен кездесу, түрлі іс-шараларға толы болады. Қызылжардан Алматыға дейін сапарлап, әредікте туған өлкесі Көкшетауға келіп, отбасымен, туыс-туған, жерлестерімен қауышады. Бұл кездесу күндерінің біраз тұстары деректі фильм ретінде мұрағатталған. Желтау баурайындағы Қойсалғанда, Ғабдолла ақсақалдың үйінде, Мәлік батырды ортаға алған бір топ адам дастарқан басында қымыз ішіп отырғанда, қолында қалақша домбырасын шеберлікпен бебеулетіп, Біржанның «Жанботасын» беріле шырқайтын фрагмент бар.
Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында,
Керемет той өтіпті Желтауымда.
Сол тойда ақын Шәкен Отызбаев,
Мәлікті мақтап берген бар қауымға, -
деп көкшелік ақын Тайлақ Жалмұрзенов жырлағанындай, жасы шамамен алпыстардағы дерлік осы әншіні Шәкен Отызбайұлы болуы мүмкін деп жорамалдаймыз. Мәлік Ғабдуллин елге келген сапарда Шәкен Отызбайұлы батырды алқалаған топтың бел ортасында болып, сегіз күн ән айтып, жыр төккен екен. Сол күндердің естелігі ретінде Шәкен ақын Мәлік батырды қарсы алған кезде батырға арнаған шашу жыры тасқа басылып жеткен:
Алыстан келген арыстан, алдыңнан шықтым асығып.
Жүйріктей боп шабысқан, тау суындай тасынып.
Сарыарқа бір сілкінді, бұлақтың көзі ашылып.
Миллион жүрек бұлқынды, күннен гауһар шашылып.
Тау бұлбұлы сайрады, бірінен-бірі асырып.
«Мәлік батыр келді», - деп, сүйіншілеп шақырып.
Жаудың құтын қашырып.
Құрдас едім әкеңмен, сүйейін, қалқам, Мәлігім
Еркелеші батырым, мойныма асылып, -
деп жырымен шашу шашып, бауырына басқан екен. Жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдары Шәкен ақын шығармашылығында ерекше мән-маңызға ие. Қару ұстауға жарарлық ер-азаматтардың бәрі майданға аттанған заманда Шәкен ақынның бір інісі мен Қоңқабай, Құрманбай атты ұлдарын қимастықпен шығарып салады. Шәкен ақынның соғыс жылдарына тұспа-тұс шығарған «Алтын жас» атты көлемді туындысы – тұтастай Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған. Мұндағы «алтын жастар» – сел қорғау үшін қан майданға аттанған жігіттер мен қыздардың ортақ атауы. Шәкен ақынның өлеңінде алтын жастарға деген қимастық, сарғайған сағыныш, аман келсе деген аталық тілек бар.
...Кеткендер келер ме екен тұрсам зарлап,
Ағады жас шұбалып көзден парлап.
Бауырым әскердегі – Алтын жастар,
Кішкене сөз сөйлейін соларға арнап.
Жанадан көзін ашқан сәулелерім,
Алысқа елден шығып кеттің аулақ.
Қанды қасап майданға алтын жастарды қимастықпен аттандырып, олардың соңынан амандығының куәсі болып жетер бір жапырақ үшбұрыш хатты зарыға күткен ата-ананың азапты сезім халін жырмен шынайы суреттейді. Бұл – бауыры мен ұлдарын майданға аттандырған ақынның өз басынан өткен қасіретті жағдай болатын:
Тәңірім тілек берер ме егілгендей,
Көл қылып көздің жасы төгілгендей.
Балаларды Рузайда жөнелткенде,
Қалып еді қабырғамыз сөгілгендей.
Халқымның уайымы маған батты,
Қайғы мен қасіретке езілгендей.
Білдірген есендігін хаты келсе,
Қуанып соған көңіл бөленгендей.
Аламыз хат келмесе боздап, боздап,
Айрылған ботасынан бозінгендей.
Майданға кеткен ұлдарының, туыс-туғандары мен жерлестерінің амандығын тілеген ақын осы сарында көп жыр төгеді. Боркеміктеніп жаси бермей, жұртты қайартқа шақырады. Майданда жүрген ерлерді ата-бабалары сияқты ержүрек, батыр болуға үндейді. Миллиондаған боздақтың өмірін жалмаған сұм соғыс Шәкен ақынның отбасына да ауыр қайғы әкеледі.
Соғыс біткелі екі жыл,
Әлі күнге хабар жоқ,
Зарықтырып шөлдеттің.
Хабарсыз екі қарағым,
Мұнша мені жылатып,
Көзімнің жасын көлдеттің.
Құдіреті күшті құдайым,
Себепсіз адам қырылтып,
Қанын судай селдеттің.
Біреулерді қуанттың,
Кейбіреуді суалттың
Ашылып тұман желдеттің.
Қоңқабай мен Құрманбай,
Хабарсыз қайғың шыдатпай,
Өзімді-өзім тербеткен,
Әлдилеген бөбекпін.
Ақынның майданаға кеткен қос ұлы Қоңқабай мен Құрманбай алапат соғыстан оралмайды. Жылай-жылай торығып, ақыры қолда бар ұрпаққа қанағат қылып, өлгеннің артынан өлмек жоқтың күнімен өмір кемесін алға сүйрейді. Шәкен ақын өмірінің соңғы жылдары кәрілікке бой ұсынып, өмірдің базарынан қайта бастаған тұста «Бақұлдық» атты көлемді поэмасын толғайды. Бұл – ақынның мынау жарық дүниемен, ел-жұртымен қоштасуы еді:
Тоқтауылдан Орақ, Көшек, Ноғай бабам,
Кенжесі Ноғай бабам – елім Аман.
Дүниені келіп көріп аз өмірде,
Бұрынғы бәрі де өтті ата бабам.
Ажалдан құтылған жоқ ешкім қашып,
Өлмесе қайда Шәкен іні-ағаң.
Көңілім су сепкендей қалды сөніп,
Хабар жоқ әскер кеткен екі балам.
Ақын өтіп кеткен қайта айналмас базарлы өмірдің жарқын сәттерін қимастықпен еске ала отырып, сол бір жалынды жастық шағында өнерімен, жырымен туған халқына шын ниетімен қызмет еткенін мақтан етіп, көңіліне алғау, сүйеніш көреді. Қарттық келіп жеткен шағын ақын «Алпыс» атты ақсақалға сәлем беру, «Кәрілік» атты есекке міну арқылы ишаралайды:
Қазағым қалың елім кез келгенде,
Өнерін көрсетіп ем қызыл тілдің.
Үш жылдай ауруменен әуреленіп,
Келгенін кәріліктің бір-ақ білдім.
Алпыстың ар жағына көзім салсам,
Жүдеу тартқан «ақ сақал» сәлем бердім.
Ақын өзінің алпыстың асуынан аса алмайтынын, жетпіс пен сексеннің ауылына жету үшін күш-қайрат, денсаулық, күтім қажет екенін меңзей отыра, қалған өміріндегі өкініштің ащы запыранын, таусылмас күңіреністі гөй-гөйін былайша толғайды:
Жетпіспенен сексенге күтім керек,
Күтімсіз қадірсізді және көрдім.
Жануар өзі жуас қозғалмайтын,
Кәрілік «Есегіңе» мен де міндім
...Сұм өмір келіп алпыс жасқа,
Қайғыда көкірегім, көзім жаста.
Қоңқабай Құрманбаймен қос құлыным,
Бұл күнде менен туып кеттің басқа.
Кіргенше қара жерге бір көрмесем,
Гөй-гөйім екі қалқам таусылмас та...
Ақын «Бақұлдық» жырында туып-өскен ауыл-аймақ, ел-жұртымен, майданнан оралмаған қос ұлымен бақұлдасып болған соң, Жастық шақ пен Денсаулық атты екі досымен бақұлдасады. Өзінің алпыстан аса бере дауасыз бір дертке ұшырағанын, енді осы дерттен еш құтыла алмасын сезген ақын былай деп бақылдық айтады:
Тартылып тамырларың қаның тоқтап,
Сөйлеуге тілден қалсаң жауаптасып,
Бойда қуат, баста ақыл бар кезіңде,
Қояйын ел жұртыммен бақылдасып...
...Қартайып ауырмастай, өлместей ек,
Қас болды сөйткен дүние сенгеніміз.
Жалғанның көп қызығын дос көріп ем,
Бәрі әуре дәнеңе жоқ өнгеніміз.
Ауру үш жыл болды соңнан қалмай,
Әлсіреп алпыс жасқа келгеніміз.
Жетпіс, сексен, тоқсанда түк дәурен жоқ,
Белгілі тірі болсақ та өлгеніміз.
1945 жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының жүз жылдық мерейтойы атап өтіледі. Іс-шараны ұйымдастырушылар Шәкен ақынды Алматыға арнайы шақырады. Абай тойында өткен ақындар айтысында қарт ақын Шәкен Отызбайұлы шабыттана жыр төгеді. Ақын Шәкен Отызбайұлы 1947 жылы туған аулы Шағалалыда өмірден өтеді.
(жалғасы бар)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.