Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Хан Ган жазбалары (аударма)...

26.03.2025 786

Хан Ган жазбалары (аударма) 12+

Хан Ган жазбалары (аударма) - adebiportal.kz

Аудармашыдан аңдатпа: 

Қытай, Жапон, Корей әдебиетінде еркін стильдегі көркем-публицистикалық бір жанр бар. Ол автордың жеке ойы мен сезімін еркін жеткізуімен ерекшеленеді. Қытай тілінде 随笔(suibi), жапон әдебиетінде «дзуйхицу» (随筆) деп аталатын бұл жанр сипаты жағынан эссеге жуық болғанымен, эссе немесе новелла деуге жілігі татымайтын жағы тағы бар. Оны қазақ тіліне тікелей аударсаң, «Жай жазбалар» деген ұғымға жақын. Оқиға желісі нақты құрылымға бағынбайды, көбіне автордың ой ағыны арқылы берілетін, кейіпкердің ішкі сезімі мен субъективті қабылдауы басым бұл шығармашылық әдіс автордың жеке тәжірибесі мен ішкі толғаныстарын сипаттайтын әдеби эссе ретінде танымал. Мұндай стиль жапон әдебиеттерінде де жиі кездеседі, әсіресе Харуки Мураками, Юй Хуа сияқты жазушылардың шығармаларында осындай бейнелеу көбірек. Өткен жылы Нобель сыйлығын алған Хан Ганның да осындай үлгіде жазған шығармалары бар. Осы тұрғыдан алғанда, шығыс халықтарының жай жазбаларын Қытай, Жапон, Корей елдеріне тән ортақ әдеби үлгі десек те болатындай. 

Есік

Бұл баяғыда болған оқиға еді.

Келісімшартқа қол қоймас бұрын мен тағы да сол үйге барып қайттым.

Ақ түсті темір есік уақыт өте келе сарғайып, кірлеп, сырлары қопсып, кей жерлерін тат басып кеткен екен. Егер мәселе тек осында ғана болса, бұл есікті тек ескі әрі лас деп қана еске сақтар едім. Бірақ менің назарымды ең алдымен «301» деген есік нөмірінің жазылу тәсілі аударды.

Біреу (мүмкін осы үйді жалдап тұрған біреу шығар) есіктің бетіне өткір бір затпен сызғылап, осы санды ойып жазған екен. Шимайлап жазған сол сандарға еріксіз көз жүгірттім. 3 санын үш елідей үлкен, нөлді үштен кішілеу жазыпты да, соңғы цифрды қалыңдата сызғылап, бірден көзге түсетіндей бадырайтып қойыпты. Соңғы бір санын бар күшімен ойып жазғаны терең әм ұзын сызықтан білініп тұр. Таттың қаралтым суы баяғыдан қатып қалған қан ізіндей осы бір ебдейсіз жазылған жазулардың бойымен төмен аққаны айғыз-айғыз боп көрініп тұр. Мен ештеңені қадірлемейтін жанмын. Не тұрып жатқан орнымды, не күнде ашып-жапқан есігімді, не ит тірлігімді барым деп бағалап, қадірлеген емеспін. Дегенмен, әлде кімнің тістеніп тұрып жазған осы бір сандары маған қадала қарап тұрғандай назарымды бұра берді.

Бұл – мен іздеген үйдің есігі еді. Бұйырса биыл қысты осы үйде өткізбекпін. 

Келесі күні жүктерімді реттеп болған соң, бір шелек ақ сыр мен үлкен щетка сатып алдым. Асүй мен бөлмелердің қағаз жапсырылмаған қабырғаларын дақ басып, электрдің айырып-қосқышы айналасы әбден кірлеп, қарайып кетіпті. Киіміме сыр жұқпасын деп, сұр түсті спорттық киімімнің сыртынан ескі ақ жүн жемпірімді киіп алдым да, жұмысқа кірісіп кеттім. Бастабында бәрін мінсіз жасап шығу ойымда жоқ еді. Бар болғаны лас дақтардың орнын ағартып қойғаным дұрыс деп ойлағанмын. Сол себепті тек ең кірлеген жерлерін ғана сырладым. Төбеден аққан тамшының айғыз-айғыз сарғыш дақтарын ерінбей бояп шықтым. Ылғалды шүберекпен қоңырқай тартқан төбені сүртіп, оны да аққа боядым. 

Соңында кіреберіске шығып, темір есікті сырлауға кірістім. Щетканы сойдақтатып сүйкеген сайын ескі дақтар көміліп, ойып жазылған сандар да өшті. Қанға ұқсаған таттың ізі де жоғалды. Бөлмеге кіріп, аздап тынығып, бір сағаттан соң шығып қарасам, сыр кеуіп, тобарсып қалыпты. Мен домалақ сыр жаққыш емес, щетка істеттім ғой, оның қылы тиген әр жер айғыздалып көрініп тұр. Оларды жасыру үшін қалыңдатып тағы бір қабат сыр жағып, қайта ішке кірдім. Бір сағаттан кейін аяғыма сүйретпе іліп, сыртқа шыққанымда, қар жауып тұр екен. Қас қарайып, көз байланып кеткенін де аңғармай қалыппын, бірақ көше шамдары әлі жанбапты. Бір қолымда сыр шелегі, бір қолымда щетка,  мамықтай үлпілдеп, баяу қалықтап жалпақ жерге қонып жатқан ақ ұлпа қарға еңкейген күйі телміріп қадалдым да қалдым. 

Ақ жөргек

Ақша қардай тап-таза ақ жөргекте жаңа туған нәресте ораулы жатыр. Бала үшін ананың тар құрсағынан жыл, жайлы мекен жоқ. Медбике кеңістіктің аяқ астынан үлкейіп, тар әлемнің кең дүниеге айналуы сәбиді шошытып ала ма деп, оны барынша қымтап орай түсті.

Ол енді алғаш рет өкпесімен тыныстап жатыр. Өзінің кім екенін де, қайда екенін де, өмірінің мәні неде екенін де білмейді. Ол жаңа ғана жұмыртқаны жарып шыққан шиеттей балапаннан да, әлі көзін ашып, бауырын көтермеген күшіктен де әлсіз, тірі жан атаулының ішіндегі ең дәрменсізі еді.

Қан көп кетіп, жүзі бозарып, дәрменсіз жатқан әйел баласының жылаған дауысын естіп бірден есін жиғандай, ораулы жатқан баласына ұмтылды. Сәбиді алып бауырына басты. Бірақ ол жаңа туған сәбиді қалай жұбатуды білмейтін. Өзі де жанын қинаған екі дүниенің арасындағы ауыр азапты жаңа ғана басынан өткерген-ді.

Кенет бала әлдененің иісін сезгендей тына қалды. Мүмкін ана мен баланың арасындағы көзге көрінбес байланыс әлі де үзілмеген болуы керек, көзін толық аша алмаса да, мөлдіреген қарашығын дауыс шыққан жаққа – анасының жүзіне бұрды. Екеуі әлі де бір-бірімен тылсым бір байланыста екенін сезді, бірақ оның нені білдіретінін екеуі де аңғара алмады. Қанның иісі сіңген тыныштықта екі дененің арасын ақша қардай аппақ жөргек қана бөліп тұрды.

Итжейде

Тұмса әйелдің тұңғышы дүниеге келген соң екі сағаттан кейін шетінеп кетті.

Анасы оның беті шүмшиген кішкентай, аппақ қыз болғанын айтады. Сегіз айға толар толмас уақытта шала туғандықтан, денесі қолдың басындай тым кішкентай еді, бірақ көзі, мұрны, ерні айқын, әдемі болып жаралған. Бақилық болған сәбиінің қарақаттай жәудіреген қос жанары өзіне қадалған соңғы сәтті еш ұмытпаймын дейді анасы.

Ол кезде анасы шалғайдағы ауыл мектебіне мұғалім болып келген әкесімен бірге ескі қызметтік үйде тұрып жатқан болатын. Әлі уақыт бар деп, бойды кеңге салып, еш дайындық жасамаған еді. Алайда сол күні таңертең кенеттен толғағы басталды. Жанында ешкім жоқ еді. Ауылда жалғыз телефон бар, ол да жаяу жиырма минут жүретін жердегі аялдаманың алдындағы дүкенде тұр. Ал әкесінің жұмыстан қайтуына әлі алты сағат уақыт бар еді.

Бұл жер бетіне алғашқы қырау тұрып, қытымыр қыстың лебі біліне бастаған шақ болатын. Жиырма үш жастағы анасы әрең дегенде асүйге еңбектеп жетіп, әлдекімдерден естігені бойынша су қайнатып, қайшысын ыстық сумен залалсыздандырды. Тігін қорабынан сәбидің киімін тігуге жететін ақ шүберек тауып алып, толғақтың жанына батқан азабына қарамай, үрей мен көз жасына тұншыға отырып, ине-жіпке жармасты. Итжейдені тігіп болған соң, баласын орауға жамылғы дайындады. Толғағы жиілеп, үдей түскенін сезсе де, тісін-тісіне басып шыдамдылық танытты.

Ақыры, ол сәбиін жалғыз өзі босанды. Кіндігін де өзі кесіп, қанға боялған кіп-кішкентай денесін жаңа ғана тіккен киіміне орады. «Қалайда тірі қалуың керек!» - деп өзіне өзі күбірлеп, іңгәлап жылаған қолдың басындай ғана үлкендіктегі баласын бауырына қыса берді.

Бір сағаттан кейін сәби құдіреттің күшімен кірпігін сәл-пәл қимылдатып, көзін ашты. Анасы оның мөлдір қара көздеріне үңіліп тұрып, тағы да: «Тірі қалуың керек!» - деп күбірледі. Бірақ арада тағы бір сағат өткенде сәби жан тапсырды.

Анасы оны бауырына басқан күйі бір қырымен жамбастап жатты. Біртіндеп суып бара жатқан кішкентай денені құшағына құшырлана қыса берді. Құрғап қалған жанарынан бір тамшы жас та тамған жоқ. 

Аударған Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар