Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
ЖАҺАН ШОРА (V бөлім)...

09.08.2024 1143

ЖАҺАН ШОРА (V бөлім) 14+

ЖАҺАН ШОРА (V бөлім) - adebiportal.kz

Өмір шіркін тағы да салынды шөптей ықтырып әкетті… 1944-тің көктемінде Гурьевке десант тобымен тасталған Әмірхан Тілеумағанбетов «Ағаевтың» елге келуі оның ақырғы сапары болды. «Қобызшы Қорқыт» – Мәжит Айтбаев 1945 жылдың басында Дрезденді бомбылау кезінде әйелімен бірге қаза тапты. Ал 1950 жылдарға дейін Харис пен Мәулекештің дәл қай жерде болғаны жайында дерек жоқ. Екеуі бірқатар уақыт Мюнхен түбіндегі Равенсбургте орналасқан интернделгендердің (ұсталғандардың) DP («Ди-пи») лагерінде тұруы мүмкін. Степан Бандера сияқты. Соңыра бұлар және шанышқыдан жырылған коллаборанттардың үлкен тобы бір кездегі нацизмнің киелі байтағы Мюнхенге жиналып, байырқалап, байырлап тұрып қалғандарына қарап солай деп топшылаймыз. 

Жаңа Германияда осы елдің азаматтығын алған ба, әлде бұрынғысынша бодан төлқұжатымен жүрген бе, қолымызда мәлімет болмағасын ол жағын да айта алмаймыз. Жанама деректерге қарағанда, Харес баста денафикациялаудан өтпеген сияқты, ал Мәулекеш тәрізі, «нацизмге қатысы жоқ» деп табылғандардың тізіміне іліккен. 

Бақыт Садықованың жазуынша, Харес Қанатбай соғыстан кейін Берлинде шетел тілдері институтын бітірген, бірақ қай жылдары оқығаны айтылмайды. Және бір дерек оны соғыс кезінде таулары биік, сулары арынды, төс жүндері күлмең қаққан өлкенің жігіттері ұйыстырған «Мұсылман комитетімен» байланыстырады. Бұл комитет Германия тізе бүккен шақта Австрияда – Зальцбург, Швабах қалаларында тұрған. Естеріңізде болса, Харес те сол тұста Австрияның Инсбругінен табылған ғой. Соғыстан кейін де оны «Мұсылман комитетіне» байланысты оқиғалар ішінен көреміз, бірақ бұрынғы комитет емес, оған балама етіп профессор Идрис Әлім-Джон құруға талпынған жаңа ұйым. Құрамына қырымлы татарлар, әзери түріктер, кавказдықтар, балқандық мұсылман қайраткерлермен қатар түркістандық Ахметжан Омаров, Харес Қанатбай енуі тиіс болған ұйымның Миттенвальде қаласына қоныс тебуі тиіс төралқасына Әлім Идриси бастаған сегіз адам ұсынылыпты, соның бірі – Қанатбай. Үржаңа «Мұсылман комитетінің» бұдан соңғы тағдыр-талайы мәлімсіз, бізге белгілісі – Харестің 1950 жылыей мәліметте 1951 ж.) Батыс Германияда шыға бастаған «Түркелі – Түркістанды азат ету ұлттық комитетін» құрғаны. Одан басқа серкелері – түрікмен Аман Бердімұратов пен қазақ Дәулет Тағыберлі. Комитеттің жанынан «Түркелі» журналы шығып тұрған. Басылым бетінде бетінде Түркістан халықтарының Ұлығ мемлекетін құру идеясы насихатталған. Қызметкерлері кеңестік мерзімді баспасөз материалдарын, соның ішінде түркі тілді баспасөзді –  антикоммунистік, антисоветшіл тұрғыдан сүзгілеген, сол негізде антикеңестік мазмұнда жадығат құрастырған журнал редакциясының белді бір мүшесі Мәулекеш Қайбалдин болуы әбден мүмкін ғой. Бұл сұраққа журналдың Мюнхен кітапханасында сақтаулы тікпесіне қол жеткізіп қана жауап беруге болады. Журнал нөмірлері Ауғанстан, Түркия, Пәкістан сияқты түркістандықтар тұратын елдерге жеткізіліп отырған, ол жақта тұратын бұрынғы соғыс тұтқындары қазақтар іздестірілген. Қырғыз Азамат Алтайдың жазуынша, редакцияда қазақтардан келген хаттармен «Карис ага мен Дөолөт Тагиберли» айналысыпты. Қисын бойынша, үлкен саясаттың жықпыл-жықпылын мандытып білмейтін Мәулекеш бұл шақта көптенгі үзеңгі жолдас, тектұрмас Харестің жанасымында, «Түрікелі»-де жүрген деп топшылауға болар еді, бірақ мұнымыз сырттан тон пішу, себебі қолда олай дегізерлік сынық дерек те жоқ. Осы орайда жоғарыдағы Азамат Алтайдың «Мен «Түрік Эл» комитетіне енгенге дейін КСРО тарихы мен мәдениетін зерттеу институтының кітапханасында жұмыс істедім» деген сөзі ой салады. Принципінде Мәскеуде, Франкфуртте білім асырып келген, бірнеше тілді бір дәрежеде тамаша меңгерген, соған орай біреуінен екіншісіне, үшіншісіне еркін ауысып кете беретін білімпаз Мәулекеш сол кітапханаға қызметке шақырылуы мүмкін ғой. 

Кітапхана 1949 жылы Мюнхенде, Халықаралық босқындарды құтқару және оларға көмек беру комитетінің (IRRC) шатырының астында құрылған. Қоры американдардың қаржысына толықтырылып отырған. Нәтижесінде онда әлемнің түкпір-түкпірінен Совет Одағына қатысты қыруар әдебиет жинақталады (1970-жылдары Кельн қаласы көшірілді). Кітапхана құрылымдық бөлімшесі болып саналатын КСРО-ны зерттеу институты да АҚШ қаржысына құрылған-ды. «Түркелі» комитетінде баста бұрынғы нацистік иделогтардың, Ольцше әзірлеп кеткен кадрлардың қолы тигенімен, оның да негізгі бенефициары американдар еді.

1950 жылдың жазында Мюнхенде құрылған КСРО-ны зерттеу мекемесі – Америка сұлқындағы Алманияда сол кездегі жасақталған бейбіт заманның «спецназы»-ның басы. Бәрі де 1945 жылдан, соғыстан соң іле-шала әлемдегі отарлық жүйенің күйреуінен, оған қоса саясат сахнасына езілген ұлттардың азаттық ұранының шығуынан басталған. Оның үстіне, мемлекет бизнеске емес, қоғамға қызмет ететін және интернационализмі, адамдарды ұлттық белгі бойынша бөлмейтін социалистік елдер жүйесі, – міне, осы екі жағдай Батыстың капиталистік дүниесіне қосүйрей әкелген. Оған қоса бұл жылдары АҚШ билігін иудаизмдегі коммунистік ағымның басып алу қаупі туындады. 

АҚШ-та Керенский жетекшілігімен құрылған «Халықтардың антибольшевиктік блогы» славяндардың ішкі алауыздығынан күткендегідей нәтиже бермеді. Соғыс біте сала Совет Одағын үстінен атом бомбасын тастап құрта салу жоспары да кеңестердің дәл сондай тажал қаруды тез жасап алуына байланысты тұйыққа тірелді. 

Не істеу керек? 

Осы кезде еуроамерикандық «жаңа консерваторлар» 1945-тің соңында ағылшын барлау қызметі СИС (Сикрет Интеллидженс Сервис) талдап жасаған «Лиотэ» бағдарламасына назар аударды. Программа социалистік елдерді, ең алдымен КСРО-ны іштен ірітуді көздейтін. Негізгі стратегиясы – коммунизммен күрестің өзегін әскери саладан идеологиялық және экономика саласына аудару. Блок елдерінің осал тұстарын анықтап, қиындықтарын пайдалану. Американдардың бұған қосқан жаңалығы – КСРО-дағы ұлтшылдық пиғылдағы жастарды құлағынан аздырып, басшы қызметтерге сыналап енгізу. 1950-1951 жылдар аралығында іске қосылған Гарвард университетінің Орыс зерттеу орталығы 329 ауқымды «базалық» сұқбат алу және 435 «тақырыптық» интервью, сондай-ақ 12,5 мың егжей-тегжейлі жазбаша анкет негізінде төрт мың иммигрант, бұрынғы әскери тұтқындармен жұмыс жүргізіп, нәтижесінде олардың арасында ғылыми күштерді анықтап, іріктеп алды. Алғашқы 1951 жылы жұмысқа он бес ғылыми қызметкер алынды, 1953 жылы олардың қатары 300-ге жетті. Айлық плюс пәтерақы төленген. Гарвард материалдарының дені цифрландырылып, жобаның ресми The Harvard Project on The Soveiet System Online сайтына қосылған.

Мәулекеш институт қызметкерлерінің тізіміне іліккен деуге әбден ықтиярлымыз. Кітапханамен, сонан соң Институт жанынан шыққан институт Хабаршысымен, «Зерттеулер мен материалдар» монографиялар топтамасымен және басқа да басылымдармен жұмыс істеп, өңге де сараптамалық қызмет атқару талаптарына ол әбден сай келетін. Айта кететін бір жағдай, ағылшын-сакстық «неокондар» нацистік Германия әзірлеген барлаушы және ғылыми кадрларды пайдаланып қана қоймай, розенбергтік Шығыс істері министрлігі даяр астай дайындап қойған бірқатар стратегиялық дайындамаларды да басшылыққа алған-ды. Ал ондай дайындамалар Мюнхенде аз емес-ті – қазіргі француздардың «Paris – бұрынғы френчтер тұрған қала» дейтіні сияқты, ол кездегі Мюнхен де бұрынғы дойч қаласы ретінде космополиттік түс алып қалған-ды. Жел бетке, жау бетке қояр тосқауыл жетеді, тіпті аткөпір, тек өзара қатты алауыз – ұлығ ұлт азшылық ұлттарды бойына тоғытпай, қомсына, кемісіне қарайды, ал аз ұлттар өңшең бір-бірімен иық салыстырып, бой таластырып қалған. «Аздың атасы бір» деп шет жерде бір-біріне жылы ұшырау жағы аздау ма, қалай?! Тіпті табан тіреп, тартысып қалады өзара. Міне, Харес жайында қырғыздар пікірін мысалға алайық. «Түрік Эл» комитетінің президенті Карис Қанатбай ага комитет қаржысын жеке басына жаратып қойып, сосын Түркістан ұлттық орталығына хат жазып, өзінің саясаттан кететінін мәлімдеді. Әлбетте, Карис ага саясаттан кеткен жоқ. Онымен соғыс кезінде-ақ айналысқан адам қайдан кете қалады? Десе де «Түрік Эл» бір отырысқа жиналды, онда мені комитеттің президенті етіп сайлады... «Азаттык» радиосының ашылуымен «Түрік Эл»  программасы өз жұмысы алғысын тоқтатты». 

Әлбетте, өздерінің мессиандық көзқарастары бойынша «заң-заңнамасыз, кері кеткен аз нәсілдерге» батыстық құндылықтар әкелуді өздеріне бір борыш санайтын американдар соғыс мүгедегі Харесті (сірә, Франциядан алған жарақатынан кейін оның шатынап сынып кеткен самай сүйегін алып тастаған), әрі сарамжал, жаһаткер, екпінді саясаткер Харесті санаттан шығарып тастамай, эксперттік қызмет көрсетулерге және социалистік лагерь елдерінен Батыс Германияға келген адамдарды идеологиялық тұрғыдан «өңдеу» ісіне пайдаланады. Алайда соңында қанжуыры бар (денафикацияланбаған) оны жария насихат ісіне, соның ішінде радио хабар тарату жұмысына алмаған, ал денафикациядан сәтімен өткен Мәулекеш ол тарапта қажетті пайдалы кісі ретінде есепке кірген. Күліп тұрып-ақ күн жайлайтын ағылшын-сакстар оның бойындағы өз жөнімен, өз сөлімен жүрер қарапайымдылықты, екі жақтың да ілімі мен өнерін етене білетін дара талантын байқаған. Әйтпесе, кезінде тұтқынға түскен не болмаса қандай да бір түрде нацистермен қолдас болған яки өкпе ауруына шалдыққандарды үзілді-кесілді қабылдамаған американдардың бұл әрекетін басқаша қалай түсіндіруге болады?! Не десе де, «Қанша тіл білсең, алдыңнан сонша есік айқара ашылады» деген сөз рас қой. Төлейтін «капиталистік капустасы» және бар – «советтік әскери қауіп-қатер» деген тіркес бұрын да, қазір де Лох-Несс көлінің құбыжығы сияқты, әлгі құбыжықты ешкім көрмеген, а бірақ жұрт атын естісе зәре-құты кетеді, ал мына жақта соны пайдаланып, бағзы біреулер қорасын қойға, шарасын майға толтырып жатады...

Бұл – өмір. Әрқандай ұрпақ, әр буын қайткенде де өз тағдырын өзі таңдай алмайды. Сол сияқты Мәулекеш пен Харестің де ұдайы жағдайға бейімделуден тұратын өмірі жалғасын тапқан. Бұл жолы соғыстан кейінгі уақыт жаңа жағдайға бейімделу мәселесін алға тартты. Соғыстан кейін жермен-жексен болып жатқан ел... Басқа ұрған балықтай сандалып, сәмсіреп қалған коллаборанттар... Енді не болар екен деген бір күдік, бір үміт... Қаламыз ба, әлде мұхит асамыз ба деген дилемма... Өз бетіңше жер басып күн көру өте қиын. Соның ішінде жазумен де, аудармашы болып та. Белгілі жазушыларыңның өзі түнгі таксиші болып, баранка айналдырып жүр. «Мал таппағанның нан жесін қара»-ның күні құрсын. Одан да бір миски қара көже болса да, ақ адал маңдай теріңмен тапқанға не жетсін. Тағдырдың берген несібесінен ғапыл қалмай, белді бекем байланып, осы жолға – жаһаншоралыққа, қазақша «ет асату», американша «құлақ тесу» жолына қадам басудан өңге не қалды бұларға

ІІ

Анаконда – бұл жолы американ Анакондасы – тағы да «үлкен ойын» соқпағына түсті.  

Сол 1951-дің күзінде американ барлаушылары Висбаденде бірыңғай эмигранттық «Саяси орталық» ұйыстырмақ болып өткізген конференцияда ұлт комитеттері екі жікке бөлінді: бір тарап американдарды қолдап, «кеңес құрылысын орыс эмигранттарымен бірге құлатайық» десе, ағылшындарға жақтас екінші тарап «орыстарсыз жасайық бұл істі» деді. Нашарларға бой теңдік айтып қалған бұрынғы орыстықтан да, ұлттық комитеттердің сүйекке таласқан ит тірлігінен де шаршап кеткен американ қолын бір сілтеп, радио ұйымдастыруға, тікелей «бейбіт ену» бағдарламасын сол арқылы жүзеге асыруға бет бұрды. Осы орайда мәліметі мол кейбір зерттеушілердің жоғарыда айтылған КСРО-ны зерттеу институтын американдық «Азаттық радиосы»-ның құрылымдық бөлімшесі етіп көрсететіні қызық. Жазуларынша, айтылмыш институт «Азаттықтың» ілкі құрылтайшысы болып табылатын «Ресей халықтарын азат ету күресінің американ комитеті», яғни квазимемлекеттік құрылым арқылы қаржыландырылған, ал «Азаттық радиосы» ұйымын АҚШ Конгресі тікелей қаржыландырған. Проф. Авторханов та, Мюнхендегі КСРО-ны зерттеу институтын «Азаттық» радиостанциясымен бір нәрсе деп қарайды және жазылуынша, оның да, Ресей халықтарын азат ету комитетінің де негізін 1945 жылы Майндағы Франкфуркте тұрған болашақ АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр ставкасында капитан шенінде қызмет атқарған ғалым Джордж Фишер негізін салған. Фишер сонда құрған АҚШ армиясының Орыс институтының саяси ғылымдар кафедрасында меңгеруші болып жұмыс істеген адамның бұл сөзіне сенуге әбден болады. Міне, айтылған ұйым және онымен қатар КСРО-ны зерттеу ұйымы қызметке тартқан әртүрлі ұлт ғалымдары соңыра «Азаттық радиосына» шақырылады. Мысалы, жоғарыдағы Авторханов «Азаттықтың» Солтүстік Кавказ редакциясын ұйымдастырып береді. Сонымен бірге радионың Орыс қызметі арқылы КСРО-ның саяси құрылысы жөнінде радиодәрістер оқиды (сірә, «саяси жауырыншы» Харес те Түркі қызметінде осындай лекциялар оқыған болуы керек – оны және Ахметжан Омарханды неміспен жұмыс істегені үшін радиоға қызметке алмай қойған). 

«Азаттық» радиосының қазақтың «Азаттық», өзбектің «Озодлик», әзербайжанның «Азатылыг», армянның «Азатутюн», тәжіктің «Озоди», түркіменнің «Азатылык», қырғыздың «Азаттык» редакциялары болып бөлінуі көп кейін, ал баста 1969 жылға дейін «Азат ету» (Liberation – «Освобождение») деп аталған радиостансада түркітілдес бөлімшелерді бір жерге ұйымдастырған жалғыз қызмет – «Түркістан» редакциясы болған. 

Басында бір редактор тұрған, оның әр тіл бойынша орынбасарлары және спикер, (сірә, диктор жүргізуші). Редакцияға басшы (редактор) болатын адамды бүкіл ұжым қосылып өздері сайлап алған сияқты. Әйтеуір Азамат Алтай осылай деп жазады:  «...Редактором мы назначили казаха Асана Кайгы. Это был его псевдоним еще с войны. На самом же деле он – Мавликач Асан ага... Его заместителем стал Узбек Вели Зунун, по его словам, до войны был журналистом газеты «Кызыл Узбекистан»... По общей численности населения кыргызы занимали третье место, соответственно, должность спикера в туркестанской редакции отвели кыргызам. Спикером стал я. Туркменам, которая стояла на четвертом месте досталась должность секретаря, на которую назначили Мурата Ташмурата». Ал Досан Баймолданың жазуынша, біртұтас «Түркістан» редакциясын құру Харестен шыққан және оған басшы етіп Мәулекеш Қайболдыны, орынбасар етіп өзбек Уәли Зұнынды (Абдолла Төлеген) тағайындауды да американдарға Қанатбай ұсынған. Штат кестесіндегі ресми атауымен жіберсекTCE/PЛ-ның құрылымдық буынның жетекшісі – РЛ Түркістан қызметінің бас редакторы. Мырат Тачмырат өз естелігінде радиостанцияға Түркістан редакциясының редакторы ретінде қабылданғанын, соңыра бас редактордың орынбасары болғанын жазады. Ал біріккен татар-башқұрт редакциясын эмигрант Нияз Максуди басқарды деген дерек кездеседі. Соған қарағанда Еділ бойы халықтарының өкілдері Түркістан редакциясынан бөлек болған, ал «Түркістан» редакциясы бес бөлімді – қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен және тәжік тобын біріктірген. 1960-жылдары қарақалпақ, ұйғыр, қырымлы татар редакциялары құрылады. 

«Азаттық радиосы» алдында «Азат ету» деген атпен шықты деп едік қой. Оған басшылық ету үшін Вашингтонда Боарт фор Интернэйшенал Бродкастинг (Би-Ай-Би) деген атпен арнаулы бюро құрылған. Содан бері айтылмыш бюро радиостанцияның саяси бағытын белгілеп, американ Конгресімен байланысын, соның ішінде қаржыландыру мәселесін (қазірде АҚШ Мемлекеттік департаментімен) реттеу ісімен айналысып келеді. 

Радиостанса 1952 жылы қазан айында Мюнхен түбіндегі Обервизенфельд елді мекеніндегі бұрынғы аэродромның шағын үйіне кеп орналасады да, шамалы әзірліктен кейін, 1953 жылғы 1 наурызда қысқа толқынды эфирге шығады. Радиостанса архивінде сол алғашқы хабар тарату жазбалары сақталмаған. Хабар дүк-дүк еткен метрономмен басталғаны ғана белгілі. Одан кейін диктор – бұрынғы МХАТ актері Сергей Дубровский (Сучков) даусы: «Бүгін 1953 жылдың пәленше айының түгеншесінші күні, сағат мынадай. Иосиф Сталинге – пәлен жас, ай, күн және сағат. Москва уақыты – пәлен сағат. «Азат ету» радиосы өзінің арнаулы хабарын бастайды». Айтқандай, «Азат ету» эфирге шыққаннан кейін үш күннен соң Сталин миына қан құйылып мұрттай ұшып, бес күннен кейін дүние салған... 

«Тарихта қандай да бір фигуранттар перде сыртында суфлерлер тұрғанда ғана пайда болады» демекші, «Азаттық радиосы» радиокорпорациясы – ең алдымен соғыстан соңғы екі қарсы лагерь бірін-бірі қаскөй зұлымдық тың жылымы көрген биополярлық қырғи-қабақ соғыстың нәтижесі. АҚШ неоконсерваторлары – бұрынғы троцкишілдердің қарсы жақтың адамдарының көңілінің нәзік қылдарын нәзік әдістермен бұрайтын үгіт-насихаттық психологиялық соғысының, сол 1951 жылы Трумэн құрған жаңа меморган – Психологиялық стратегия жөніндегі кеңестің (PSB) жеміс беруі. «Лай судан балық аулау» – ол енді сананы алыстан сапырылыстыру деп аталады. Шетке, шеттен тышқан, жорғалатпайтын берік шекара жағдайында бүгінде модаға асқан, адам құқы десе өре түрегелетін, демократияны құрал етіп, сананы мәдениақпараттық контрбағдарлау. 

Радио арқылы жүргізілетін психологиялық прокси соғыс – осы жолдағы ең ілкімді құрал-тын. Саясат тұрғысынан алғанда, иә, анық, капиталистер Совет Одағын қайтеміз деп бас ауыртып, екі айрық жолға – Ресейді ішкі ұлттық тұтастығын сақтай отырып түзетеміз бе, әлде ұлт-ұлт етіп бөліп жібереміз бе деген диалеммаға тірелген кезде ақыры Одақты бөлшектеу жағы жеңіп шыққан, бірақ мұның сырын шекараның арғы жағында жатқан орташа статистикалық совет адамы қайдан білсін, қарапайымы бар, оқығаны бар халыққа керегі – «Азаттық» эфирге шыққанда жиі айтылған «Біз жақсы да, жаман да хабар таратамыз, бірақ олар әрдайым шындыққа сәйкес келеді» деген қанатты тіркес. Сондықтан Мырат Тачмыраттың кейін хатталған естелігіндегі «Азаттық» радиосының негізгі мақсаты өз тыңдаушыларына олар Совет Одағында ала алмай отырған ақпарат беру және олардың құлағына кеңестік насихат жылдар бойы ұйып келе жатқан өтіріктен арылту» деген сөз сөз. Және «Азаттық» радиотыңдаушылардың әлемде болып жатқан уақиғалар жөнінде өзіндік пікір түюіне септескен және септесіп те келеді. Бүгінгі «Азаттық» өзге координат жүйесінде, ол қазірде заманауи ньюсрум, десе де радио «Азаттық Медалімен» ең алдымен қоғамға шыншыл ақпарат жеткізіп, өзінше ой ойлатқан елеулі еңбегі үшін марапатталғанын есте ұстау жөн. Белгілі аксиома: кісіге еркін ой ойлату үшін берілетін ақпарат шыншылдығына қоса контент тұрғысынан терең, төрт жағынан троспен, трактормен тартып тастағандай берік және «Біз айтамыз тақпақЛенинді мақтап. Капитализм қап-қара, Коммунизм аппақ!» деп, таңдайы тақылдап өскен жасыңның да, сауатты ересегіңнің де қалпағын қайырып жіберетін әртүрлі формат, тақырыптарда жұмыс істейтін конвергентті болуы тиіс. АР, американдар белгілеп берген жоба бойынша, халықтық дипломатияға айналуы керек – тыңдаушыларды кеңестік режимді құлатуға шақырмауы керек, өз саяси жүйесін, өз мемлекеттік құрылысын зорлап таңбауы керек, негізгі міндет – совет халқына батыстық құндылықтарды жеткізу, адамдарды дербес ойлау жүйесіне машықтандыру. 

Мәулекеш ағамыздың Түркістан редакциясын бастап құрылғаннан ұзақ жылдар бойы басқаруы (1953-1969 жылдары) оның бұл қызметке о бастан сәтті таңдалғанын айғақтайды. Яғни, бес бөлім өз алдына редакция болып кетіп, қазақ редакциясы Дәулет Тағдыберлінің қолына көшкенге дейін ол «түркістандық аутентика» тепе-теңдігін сақтай алғаны анық. Алғаш рет эфирге 1953 жылғы 18 наурызда шыққан «Түркістан» редакциясы он бес жыл бойы күніге таңертең және кешке шығатын эфирлік хабарларын үзбеген. Ал бұл ауқымды жұмысты басқару кісіден үлкен дайындық, білім, тәжірибе деңгейін талап етеді. Бес тілде кеңестік мерзімді баспасөздегі ашық материалдарды сүзіп, талдама жасап беріп отыру керек. Бұған арғы беттің де, бергі беттің де сырын алып, ішті-тысты болған Мәулекештің потенциалы толық жететін. 

1970-жылдарға шейін Кеңес Одағында радиоға айрықша мән берілгені сонша, ол бойынша жоғары орган КСРО Радио және телехабар тарату комитеті деп аталып келген, яғни радио бірінші орында тұр. Алматыда 1931 жылы қуатты радиохабарлар тарату стансасы іске қосылған. Сол жылы 4 мамырда қазақша тұңғыш радиогазет – «Еңбекші қазақ» эфирге шықса, 30-жылдардың аяқ шенінде Қазақ радио комитеті құрылады (бас редакторы – Құрманбек Сағындықов). Оған қоса Мәулекеш «Винета» радиосында жұмыс істеп келген ғой. «Түрк ыркы» тілдерін де меңгерген. Бірегей тілдік құралдамаға ие, алғашқы санатты еуропалық білім алған, ғалымдық белсенді сөз қоры – тезаурасы жоғары эрудит. 

Тағдырдың тәлкегін қараңызшы, елден Қызыл армияның «қызыл тұмарлы» саяси қызметкері ретінде «қызыл вагон» мініп, тай кезінде аршындап жанып кетіп еді, енді, міне, сол мақтаулы елінің қара мақпал аспанды перделеген алшабар жұқа бұлтын тесіп өтіп, мірдің оғындай қысқа толқында радиодабылдарды төбеден шатырлата түсіріп отыр. Не дегенмен де, келдек қаламның ұшына төгілетін көк найзаның сесінің ауызекі сөзден де алажағы бар. Сөз – құй баспа станогында тасқа басылсын, құй әуеден эфирмен ұшсын, ол қалайда адамдар арасындағы қилы қарым-қатынастың құрылыс материалы, осы өреден қарағанда, сөзді оны дыбыстау арқылы да бейнелеп беруге әбден болады. Тіл, лұғат, лебіз – Адам Сафиолла ғ.с.с. Жерге алып келген бірінші мұғжиза, оған дейін тілге, сөйлеуге қажеттілік болмаған, сонан соң ғана адамзат нәсілі өзара телепатиялық қарым-қатынас жасауға көшкен. Тіл, лұғат өзіне ылғи да үздіксіз шақыртқы нәрсеге айналған жұртшылық қоғамы, пайда болады, басқаша айтқанда, адами зат содан бері өз тілімен, өз лұғатымен алысудай алысып-ақ келеді. 

Мәулекештің радиохабарлар мұрасы болғандай аз, тіпті бармақпен басып санарлық. Сондай хабардың біреуінің мәтіні Хасан Оралтайдың Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы қорынан табылды. Латын қарпіндегі қазақша текст, 1957 жылы 13 қазанда эфирден оқылған, «Асан Қайғы» деп қол қойылған. Оны бертін халықаралық журналист Қуанышбек Қари пабликтерде жариялады. Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің Кеңес Одағын сынап, БҰҰ Бас Ассамблеясына жасаған мәлімдемесі туралы.

«Сөйлеген «Бостандық» радиосы күнделікті хабарларды есіттіру ұластырылады, – деп басталған. – Нью-Йорк Уәдірлі ассамблеяның отырысында тысқы істердің ағылшындық уәзірі Сельвин Лиод советтік үкіметті жақын шығыстық елдерді құралмен қамдаудың саясаты қауіптерді кейбирлеумен бірге халықтар аралық ахуалды қарысуға езгілейді деп ескертті. Құралсыздану туралы сөйлесулердің мәселесін қалпыған Лиод келісудің мүмкіндігіне делінген үмітті әлі де жоғалтпайтындығын айтты. «Құралдың барлық түрлерін сәлбилеудің мәселесінде тиянақты мүдделер өзекіленбейінше, біздер, атомды қорғануды бәсеңдетуді... танбаймыз. Біздер, бұл көлемде, тәжірибелік және тиянақты шараларды, яғни шынайы құралсыздануды таъаминдатуды ұмсынамыз, деді. ағылшындық уәзір».

Халықаралық тақырыптық дайджест ыңғайындағы топтама хабардың бір талы есепті жоғарыдағы мәтін ішкі және халықаралық уақиғалар ақпаратына мемлекеттік монополия орнатқан КСРО үкіметі жай халықтық қаперіне жеткізбей отырған осы текті «құпия» мәліметтер арқылы шындықты жеткізуді көздейді. Кей сөздері түсініксіз, біздің көзіміз, құлағымыз үйренбеген бірқатар тосын аталым сөздер, лексикалық-фразеологиялық құбылыстар, ескілікті тіл көріністері бар, мысалы: уәдірлі, уәзір, есіттіру, ұластыру, тысқы істер, советтік үкімет (кеңестік емес), құралмен қамдау, халықтар аралық, құралсыздану, сөйлесулер, үмітті жоғалтпау, мүдделер ұмсыну. Бірқатар сөз-тіркес ескі түркиге (шағатайшаға) келеді: кебирлеу, қарысуға езгілеу, қалпыған, сәлбилеу, өзекілену, таъаминдату. Сірә, бұл қазақтан басқа қыпшақ, қарлұқ бұтағындағы көмекейде тілі бір туыс халықтар тыңдаушыларына түсінікті ету қажеттілігіне туған аралас (койнэ) тіл яки Хамза Абдуллин айтқан ортақ (умуми) тіл болса керек. Қайткенде де, қазақ үшін аты бұлдыраңқырап кеткенімен, заты айқын – еркін түсініп отырасың. Сол кез радионың атын кейінгі «Азат ету»-ден басқаша, «Бостандық» радиосы деп атауы да қызық. Осы кезге шейін Мәулекештің шетке кеткенге дейінгі жазғандарынан қолымызда бірде-бір мәтін жоқ, сондықтан ол кездегі тілі мен радиода қызмет еткендегі тіл-стилін салыстырып-салғастырып зерттеу мүмкін болмай тұр. 

Еларалық (халықтар аралық) деңгейі – «Түркістан» редакциясы қызметінің ақпараттық көп бағытының біреуі ғана болса керек. Осы орайда «Азаттықта» Мәулекешті көрген, қызметтес болған екі адам ғана бар екенін айта кетуіміз керек, олар – Хасан Оралтай мен Талаат Қойчигит (Talat DE Koçyiğit). Екеуін де Түркиядан тауып, радиоға орналастырған Мәулекеш, алдымен Хасан ағамыз келген,  соңыра ол Талaатты алып келеді. Бұл – 1966 жылдар шамасы. Талғат аға бүгінде Мюнхенде тұрады, сексеннің үстінде, Мәулекешпен екі жылдай қызметтес болған. 2021 жылғы 20 маусымда ватсап арқылы сөйлескенімізде, ол былай деді:  «Мен Мәулекеш ағамызды «Азаттыққа» жұмысқа келген кезімде, 1967 жылдың қазан айында көрдім. Сол уақыттың бірінде ол «Алматы жер сілкінісі аумағында тұр» деп бір мақала жазды, әлде Тәшкендегі зілзалаға, әлде Есік көліндегі селге байланысты ма, дәл есімде жоқ. Жоғарыдағы бастық әйел әлгі қазаққа мәтіннің орыс тілінде аударылған синопсисін оқып, «Азаттықтың» саясатына сай келмейді» деп, эфирге кетейін деп тұрған жерінен алдыртып тастады». 

“Азаттық” радиосында Мәулекешпен әріптес болған, мәлімет беруші Талаат Қойчигит

Радионың ішкі саясатының қай жеріне сай келмей қалды екен жаңағы «тектоника» тақырыбындағы хабар, ол жағын дөп басып айту қиын боп тұрғаны. Бәрі де Мюнхендегі біздің қазақ радиожурналистерінің өзге түркі ыркы, мисалы, С. Бадретдин сияқты «Радиовещание на татарском языке: моя работа в татарско- башкирской службе радио «Свобода» секілді деректі естелік хаттамауының кесірі (соның не қиыны бар екен, жазатын адамға, десейші?!). Содан кеп тек топшылаймыз, «мелекен жобаға» саламыз. Мәулекештей оқыған жампоз Батыстың таза жампозы емес, «Қай тауға шықсаң, соның әнін айт» деп насихат дәрісін оқитын деп. Кеңестік «Самая злобная радистанция «из-за бугра», в период гласности они не гнушились, питали советский народ с лухами, небылицами, порой злобной клеветой» деп келетін тіркес те бұған жүрмейді, себебі, ілгеріде келтіргеніміздей, радионың қожайындары керісінше, тек айыптау ыңғайындағы «үрейт, соқ»-қа, эфирдегі идеологиялық қарсыластың үстінен ылғи дақ келтіретін материалға ғана құруға жол бермеген. «Извечная мечта овца – увидеть плачь волка» принципі, соған орай қолға іліккенді ағылшынның онатарынан бытырлата беруге Мәулекештің жалпы табиғаты қарсы. Біздіңше, Мәулекештердің ұстанған дәбі кеңестік журналистикада орныққан негізгі екі «жанрдың» – мақтау мен жамандаудың тең ортасы, яғни маңдайы қасқа шындықты айту, бәлкім тіпті аздап ашынғаннан шығатын ащы күлкі де араласып кететін де шығар, бірақ сонда да Мәулекештер пікірталас, айтыс түріндегі дискурстік журналистикадан алыстап кетті деп айта алмас едік. 

Осы жерде Койчигиттің синопсис орысшаға аударылды дегеніне ой жіберіп көрейік. Демек, бастық әйел – орыс тілді. Жаңа Германияда ресейлік орыстар бір бөлек ерат жүруін қоймаған, соның ішінде американдар «Азаттықтың» екі шылбыр, бір тізгінін осындағы орыс эмиграциясының бірінші толқынының өкілдеріне ұстатып (Батыста олардың ұзын саны үш лин-ді төңіректеген), ақыры бұл кеңестік өзге коллаборанттар тарапынан наразылық туғызған. Орыс эмигранттарының алғашқы легі қаны шыққан ұлыорыстық шовинизм қара қабырғасының астына сіңіп кеткендер еді және осы негізде олар түркі нәсілі аз ұлттарды ала көздеп отырған. Соның ішінде Мәулекеш сияқты принципшіл тұлғалармен аралары жақсы болмағанға ұқсайды (оның жайына кейінірек ораламыз). Экс-троцкийшіл американ «неокондар» орыс иммигранттарын тыңдаған дедік қой, осы орайда мына бір жағдай ой салады: «Азат ету». («Бостандық») радиосы әуелгіде эфирде тікелей хабар таратпаған, Мюнхен түбіндегі аэродромдағы студияда хабарды магнитті таспаға жазып алып, катушкелерді американдық әскерлік радио беруші құрал тұрған, Мюнхеннен жүз шақырымдай әрі Лампертхайм елді мекеніне жеткізіп отырған (1955 жылдан КСРО-ның шығыс бөлігін Тайваньдағы передатчик арқылы қамтиды). Яғни, американ цензурасы (лито) жұмыс істеген. Мюнхен түбіндегі студияда отырған «бастық әйел» – ылғи демократиялық, батыстық құндылықтарды ұлықтап жүретін сол көместегі цензорлардың көзі әм құлағы десек ше?! Ескі жырларда айтатындай, «Қатесі болса кешірің, білгенімнен білмегенім көп еді»... 

Білмегенім, білмеуім – бізден болмаған себептілік. Кейінгі кезде «Азаттық» радиосының материалдары жарияға шығарыла бастады. 2016 жылдың маусым айынан радионың 1953-1995 жылдар аралығындағы хабарларының жазбалары жинақталған архивтер қол жетімді. Бұл шамамен 30 мың дананы құрайды, ондағы аудиожазбалар – бір бөлігі құпиялылық белгісі алынған деректемелер – біртіндеп цифрландырылуда. Ынта қойған зерттеуші кеңес газеттерін өңдеген «Қызыл архив» материалдарымен де таныса алады. Соның арқасында бүгінде эфирді онлайн түзімінде, сондай-ақ подкасттар көмегімен тыңдауға болады. Әлеуметтік желіде аккаунттары пайда болды. Порталдық мультимедиа жанрлары: мәтін, фото, бейнерепортаждар қолданылуда. Ғажап көрнекі тарих. Тек өкініштісі, солардың арасында бастапқы «Түркістан», кейінгі Қазақ редакциясының шақыртқы сигналдары жоқ. Бұлар әлдеқандай бір алгоритмдік стоп-тізімге қойылғандай әсер қалады. Салдарынан Мәулекештің «Азаттыққа» берген он жеті жылдық өмірінің бір хабардан тұратын пұшпағының пұшпағын ғана ұстап отырмыз. Көптеген талантты адам секілді өзі де жазғанын жинап-теріп отыруды құнт етпеген тәрізді. Стамбұлда тұратын «Азаттықтың» бұрынғы қызметкері Әбдуақап Қараның қолында бір мақала, бір өлеңі бар деп естиміз, бірақ оларды Әбекең әлденеге ғылыми айналымға қосуға асығар емес. 

Орыстың эмигрант, диссидент, ақын-жазушыларының көбісі арғы жаққа барғасын таланттары одан әрі жан-жақты ашылған. Сірә, қиын кезде шабыт, шығармашылық үдеріс кісінің жан сақтауына, өзін сақтай алуына, өмір сүруге деген үміттілігіне недәуір көмектесетін болса керек. Қызулы жұмыспен жүрген адамның уайым ойлауға уақыты да болмайды ғой. Шынында да, кардон асқан орыстардың қаламынан небір туындылар туған, олардың бәрін бұл жерде келтіруге қалам мұжылып тұр. Көбі, соның ішінде «Азаттық» радиосында қызмет атқарған Василий Аксенов, Сергей Давлатов, Гайто Газданов, Александр Синявский сияқты қаламгерлер классик жазушы мәртебесіне ие болып отыр және олардың шығармалары ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің бөлінбес бөлшегі болып есептеледі. «Азаттықтың» иммигранттар тағдырынан алатын орны мен мәнін бағалауда орыс шығармашылық эммиграциясының төл санасы проблемаларын түсіну маңызды деп саналады. Олардың шетелде жүріп өз тілінде жазушы тап осы ұлттық төлсанаға, «сөзді», болмысты, барлықты тануда басты құрал етудің көрінісі деген түсінік бар бүгінгі ресейлік зерттеушілер арасында. Шет тілде емес, ана тілінде жазу мүмкіндігін дұрыс пайымдау маңызды, дейді олар.

Шетелде Мәулекештің жазары көбеймеген сияқты. Екі тілде –  ана тілінде және неміс тілінде қатар жазған биллинг ретінде танылыпты. Қазақша жазғандарынан бізге жеткені жалғыз өлең және Гётенің «Фауст» трагедиясын, Шиллерді қазақшалаған деген дерек кездеседі, бірақ жарияланған-жарияланбағаны белгісіз. Неміс журналдарына бірқатар әдеби мақалалары шыққан және «Жұмақтан жеткен жансауға» деген романы сол Германияда жеке кітап болып жарық көреді. Осымен тәммат-тамам. Содан бері Германияға қаншама сауатты қазақ барды, «Азаттықта» қаншама журналисіміз жұмыс істеді, бірақ солардың бірде-біреуі кітапхана барып іздемеуі, каталог ақтармауы таңдандырады. 

Неге аз жазды, мәлімсіз. Талғам-тұшымның жоғарылығынан аз да болса мәз жазуды мақсат еткен бе, әлде «Ұлттық тамырдан аулаққа кетіп үлкен нәрсе шығару мүмкін емес» деген, өзі де эмигрант Мұхтар Мағауинның сөзі рас па екен?! 

Анығы – Мәулекеш ол жақта таланты гүлденіп, жан-жақты ашылмағанымен, үнсіз де қалмаған, тұншықпаған, қайта жаңа қырлар тапқан сияқты. оқып қояр-ды, ал Мәулекештер сол жерде таң атып, күні батып жүргендіктен ғана емес, өз оқырманын табу мақсатында неміс тілінде жазды деп түсіну жөн. Гетенің «Кезбеннің түнгі әнін» Абай Лермонтовтың «Горные вершины» аудармасы арқылы «Қараңғы түнде тау қалқып» деп үгірсе, ол енді түпнұсқа неміс тілін білмегендіктен. Абайды «фейербахшыламақ» та осы санатта – Абай ол идеялармен кемі «екінші қол» арқылы жеткен мәліметкөздерден таныс Еуропадағы ұлт қаламгерлерінің орыс иммигранттарында болғандай үш-бес миллион оқырманы жоқ еді, сәйкесінше, ана тілінде жазса, көп болса бірнеше жүздеген адам болса керек. 

Бір тілден екінші тілге аударған кезде түпнұсқа өзінің қырық пайызын, ал ол арқылы үшінші тілге тәржімалағанда жетпіс пайызын жоғалтады екен. Ал жан-жүрегімен өз ана тіліндей боп кеткен екінші тілден төтелей өзіңе аударғанда ше, – бұл үлкен қазына. Әсіресе сол арқылы Еуропа мәдениетінің бар асылы – оның критицизмін (рух асылын) тұтасқа жуық беруге болады. Алматыда жүріп Медеубай Құрманов, Сайымжан Еркебаев сынды немісшеден төте аудару бір басқа, Алманияда жүріп, дойчтың шүйгінін шалып, тұнығына жүзіп аудару бір басқа. Мәулекеш елден кеткен кезде немісшеден қазақшаға, немесе керісінше аудару тәжірибесінің өзі түгіл исі де жоқ-тын, әдістемелік дүниеліктер де, көркем аударманың теориялық және практикалық мәселелері де ыңғай бір тіл – орысшадан қазақша аударма жасау тұрғысынан қарастырылатын.

Мәулекеш екі тілде де – ана тілі мен дойче тілін бірдей жетік меңгеруінің арқасында, әлгіндей көмекші құралдар атымен жоқ жағдайда жолма-жол аударма жасаудан ырғып өтіп, тәржіменің екі сатылы тәжірибесін ойдай қысқартқан. Және осы жолмен кімді аударған дейсіз ғой – Гетені, оның әйгілі «Фаустын»! Ол «Фаусты» 1930-жылдардың ортасында, Алматыда Казмузтеатрдың орыс труппасы қойған спектакль түрінде көруі мүмкін, бірақ сахна, советтік сахна әлемдік әдебиеттің ол жауһарының танымдық жағын, тағылымдық мәнін ашқанымен, терең түкпіріндегі адамның мистикалық табиғатын бере алды деп айту қиын боп тұрғаны. Ол үшін қаламгер-аудармашыда тылсымды ұға аларлық ерекше зерде-зейін болмаққа керек. Мәулекеште қазақтың ер жігітке қарата айтатын үш бөлік сипаттамасының осы соңғысы болуы әбден мүмкін. Кейде отырып ойлаймын, осы, Мәулекеш Қайбалдин мен Медеубай Құрмановтың «Фаустты» қазақ тіліне бір мезгіл мұғдарында (1960-жылдардың аяқ шені) тәржімалау фактісі кездейсоқтық па, әлде заңдылық па екен деп. «Фауст», сол сияқты неміс тіліндегі романы, бізге беймәлім өзге де шығармалары әдебиетке, өнерге айрықша көңіл бөлінген, өзінше бір әдеби жоба ретінде жасалған «Азаттық» радиосының эфирінен радиоинтермедиа, радионовелла түрінде берілуі де ғажап емес қой. Қазірге дейін «Гамлет» неге оқылып қана қоймай, ұдайы қойылым ретінде қойылып келеді? Демек, шығармада оқумен беру мүмкін емес бірдеңе-бірдеңелер болғаны да... 

Бүгінде бізде қазақтың эмиграциялық әдебиетін Қытай, Моңғолия қазақтарының ғана әдебиеті деп ойлайтындар бар сияқты. Батыс әдебиетін қазақтан Мұхтар Әуезов қана жақсы танып-білді деген пікір де ұшырасып қалады. Мен мәскеулік әдебиеттанушы Анастасьевтың Әуезов өмірін, шығармашылығын талдаған кітабын оқып отырып, қазақ Батыстың әдебиетін тіпті де танып-білген жоқ-ау деп ойладым. Батысты толық тану үшін Апдайк, Фолкнер, Уиллис, Бернхард Шлинкті түпнұсқадан оқу лазым. Ал біздің Мәулекештер солай еткен. Ендеше оның эмиграциясын әдеби әдіс деп алып, тіпті радиодағы шығармашылығын өзінше бір кітап десек, осыны жазушының өзге мәдениетпен Отаннан тыс жерде қарым-қатынас жасау диалектикасы ретінде қарастыратын кез келді. 

Кеңестер кезінде капиталистік радиохабарларын ел көлемінде таратпауға бар күшін салды. КСРО Министрлер кеңесінің 1949 жылғы 19 сәуірдегі «КСРО аумағын орыс тіліндегі «Америка дауысы», Би-би-си, Мадрид, Афина, Уругвай, Анкара, Ватикан радиостансаларының антисоветтік хабар таратуларынан қорғау туралы» шешіміне сәйкес, қанша қымбатқа түскеніне қарамастан, жер-жерге радиотұншықтырғыш құралдар қойылды. АР-дің Мюнхеннен отыз шақырым Лампертхаймдағы шағын «Барбара» хабар беруші құрылғысынан алғашқы радиосигналдар кеткен соң, он мүйнеттен кейін кеңес жағы станса хабарларын белсенді түрде тұншықтыруды бастаған. Бұл тізімде ол кезде эфирге шыға қоймаған «Азаттық» жоқ, дегенмен, ол кейінірек ең көп қарсынасихаттық кітапшалар жазылған радиостансаға айналды. Ол туралы «Антенна направлены на Восток», «Клевета в эфире», «Төртінші майдан» дейтін кітапшалар шыққаны есімізде. 

Бірақ совет адамдары түн жамылып яки шалғай жерлерге кетіп, КВ және СВ – қысқатолқынды, ортатолқынды радиоқабылдағыштан «Азаттықты» тыңдаудан өздерін тыя алмады. Сол кездегі радиоәуесқойлардың айтуынша, Мюнхеннен таратылған хабарлар азанда ертемен жақсы ұсталады екен. Бұрын кеңестерде автономды радиоқабылдағыш көп болмаған. Болса да, соғыс басталысымен неміс насихатынан қорқып, көбін жинап алған. Олардың орнына көше бағандарына «қауға радио» – репродукторлар қойылды. 

Соғыстан соң, елдің жағдайы жақсара келе, жеке радиоқабылдағыш саны көбейді. Шамамен 1970-жылдары ортатолқында жұмыс істейтін транзисторлы қабылдағыштар келді және оны пайдаланушылар қатарына жекелеген радиоәуесқойлар қосылды. Соңыра шыққан «ЕСЕП», «Жас тұлпар» секілді ұлтшылдық бағыттағы қозғалыс мүшелері «Азаттықты», «Америка даусын» тыңдап, көп шындық жайларға қанығып жоталанғандар. Радиодағы дейін арғы беттегі антисоветшілдер КСРО оппозициясымен байланыс жасау үшін оларға әдебиетті әуе шарлары, тіпті байланысшы бүркіттер арқылы тастап келсе, енді радио пайда болғасын кеңес адамының күнде естіп жүрген «бойдайталайдан» жалыққанда барып табары «Азаттық» болды. Сондайлардың біреуі Қазақстанның бір шалғай түкпіріндегі лагерде отырған Солженицын. «Америка дауысындағы» Сева Новгородцев кеңестік жастарды «С комсомольским задором – группа «Стейп» деп көңілдендірсе, «Азаттықтың» Мюнхендегі штаб-пәтерінен продюсер әрі диктор Константин Эрнсттың даусы саңқылдап жатушы еді. Советтік меломандар «Ригонда» магнитоласының радиоқабылдағышынан магнитофонға батыстың «музонын» көшірді. 

КСРО-ның тігісінен тозған бөздей ыдырап барып кенеттен гүрс етіп құлауының бірнеше тарихи объективті себептері бар және осы детерминистік (себеп-салдарлық) себептілікті бір сөзбен «өз салмағын өзі көтере алмады» деп қысқа түрде түйіндеуге болатындай. Мызғымастай көрінген түзімнің заматта қауыздай қаудырап түсу мысалы ядролық қаруға ие қарсыласты тоңқалаң асыру үшін үш жағдайды – әскери-экономикалық қысымды, ақпараттық-психологиялық соғысты және елдің жоғарғы эшелонында «бесінші колонна» жасақтауды ұштастыра қойса жеткілікті екенін көрсетті. Соңыра осынау жұмбақ құбылысты түсіндіру мақсатында теоретиктер «констентальдық қару» дейтін термин сөзді қолданды – қарсыластың санасын күйрететін, ділін, менталитетін бұзылысқа ұшырататын қару. Қосүрей, қосүрейлілік себу. Қытай сарапшылары осы орайда КСРО-ның құлауының бес себебін тарата кеп, екпінді себеп ретінде «Азаттық радиосының» хабарларын атайды. Сөз майданы, шынында да, қырғи-қабақ соғыстың бас кезінде тепе-теңдік ұстау стратегиясы ретінде талдап жасалған екінші «Барбаросса жоспарының» жеңіске жетуінің аса маңызды бір бөлігі еді. «Совет Одағы жоғарыдағы жемеңқор, ақымақ басшылардың кесірінен құлады, радиохабарлар елдің топсасын босатуға көмектесті» деген пікір шындықты толық бере алмайды – бұл тарихи коллапс адамдар еркін сөйлеу мүмкіндігіне ие болған соң орын алды, яғни жансыздардың қолынан келмегенді сөз еркіндігі орнына келтірді. «Антисоветшілдік» деп деп аталған «шайқасушы шындық» орнына келтірді. Өзін тұншықтыру тыйылған 1988 жылға дейін тарс жабық шекараның үстінен қалықтап өтіп, ақпараттық құрғақшылықта жатқандардың, «ұлттық айырмашылық дегеннің не нәрсе екенін білеміз» деп жүргендердің қырпуын тауып ұрып, тас екеш тасты да жонуға көндірген, көкірек көзін көзеп ашқан ұлы мәртебелі Сөз орнына келтірді. «Родина» радиоқабылдағышы, құрыштан құйылғандай көрінетін Родинаны қаңқасымен құлатқан күш, міне, сол. Португалиядан кейін ыдыраған империяда коллапс жасау, бір есептен, халықаралық қауіпсіздікке кепілдік етуші күштердің ара-салмағын, бұрынғы қауіптің алдын алып отыратын тепе-теңдік жағдайын бұзды, бір тараптың – демократия атын жамылған пітнәтеміршілдердің өпірем өзімшілдігіне әкеп соқтырды. Бұрынғы кеңестік республикаларды «ұлттық пәтерлерге» бөлу – бүкіләлемдік үкімет үшін ірі «федералдық округтер» құру ісіндегі өтпелі кезең болып отырғаны да бүгінде шындыққа шыға бастады. Бірақ әлгі «ұлттық пәтер» иелерінің бұған қарсы қолынан келер қайран жоқ, сондықтан аз халықтар үшін осының өзінен бенефицар болып шығу аз жетістік емес. Бәрібір дүниеде абсолютті тәуелсіздік деген болмайды. 

Осы сөзге тоқтасақ, Қазақ елінің бүгін көк туын көкке желбіретіп отыруында «Азаттық» сияқты радионың, оның үнін шекара асыра саңқылдатқан Мәулекештердің еселі еңбегі бар екен. Ол 1953 жылы құрған «Түркістан» редакциясы 1967 жылға дейін жұмыс істеп келіп, сол жылы «Түстік Түркістан» (өзбек, тәжік, түркімен) және «Түндік Түркістан»,(қазақ, қырғыз, ұйғыр) деген атпен екі редакцияға бөлінеді де, 1971 жылдан әр туыс тілдің өз редакциясы құрылады. «Түркістан-1» (өзбек, ұйғыр), «Түркістан-2» (түркімен, қырғыз, тәжік), «Түркістан-3» (қазақ, қарақалпақ). Сірә, сол 1971 жылғы «Түркістан-3»-ті Оралдың Шыңғырлау ауданының тумасы, бұрынғы Қызыл армия капитаны Дәулеткерей Тағыберлі (1919-1987) басқарған да, 1975 жылдан бері таза қазақ редакциясы ретінде бөлініп шыққанда, оның тізгінін басы бүтін қолға алған. Қаламгер Қайбалдин әлгіндей түрлендірудің қай-қайсысында да «Азаттықта» қала береді, өзі бастауында тұрған құрылымда он жеті жыл үздіксіз қан жілік боп сабылып еңбек етеді. Ой еңбегі – жұмыс қана емес, машақатты, бейнеткеш еңбек. Тоталитарлық кеңес түзімі жағдайында біздің елімізде де еркін ойлау машығын қалыптастырған ұлан-ғасыр еңбек. Біз мұны ұмытпауымыз керек. 

III

«Мінезің жатық болса, ішкенің қатық болады» дейді екен түркімен ағайын. Сол айтқандай, Германиядағы контрпанчерлік радиостанцияларда қызмет еткендер тұрмыс жағынан жаман тұрмағанға ұқсайды. Бұрын келген эмигранттар да, одан кейін американдар кадр тапшылығына байланысты қызметке амалсыз шақырған баяғы, соғыс кезіндегі, немістік коллаборанттар да. Айлық ақша плюс ақысын үкімет төлейтін тегін пәтер, салықтық преференция, жеңілдікті қамсыздандыру жүйесі – мұның барлығы да адамдарды жұмыс орнында бас жібінен тұқыртып ұстады. Соның ішінде азаттықтағы ұлттық қызметтердің, редакциялардың басшыларының виллада тұру мүмкіндігі болған екен. Мәселен, сол тұста орыс қызметінің бас редакторы болып жасаған Олег Туманов қымбат пәтер, банк есепшоты, бай мәнет және орыс икондары коллекциясының ортасында байлыққа бөгіп жүріпті-мыс. Кейін радиостансаға сырттан енгізілген кеңестік «көртышқан» (крот) тымпи екені анықталған ол соңыра Мәскеуде жарық көрген «Подлинная «судьба резидента»: долгий путь на Родину» дейтін естеліктер кітабында «Азаттықтың» қызметкерлері түгелдей жоғары жалақы алғанын, тіпті айлықтары неміс, американ радиостансаларындағы журналистерден де жоғарырақ болғанын жазады. Айтуынша, өзінің жылдық табысы 150 мың дойч марка құрапты, бұл сома Баварияның премьер-министрінің жалақысынан көп екен, ал мен, деп жалғастырады автор, ең жоғары жалақы төленетін қызметкерлер санатында болған жоқпын: «Басында айлығым 980 марка еді, былай қарағанда көп ақша емес сияқты, бірақ ол кезде 1 маркаға асханадан тойып, тамақтанып шығуға болатын». Және қандай тамақ десейші, кеңес кезінде айтылған улы сарказмды «Оларда бір бәліш бір доллар, бізде он тиын, оның үстіне біздің бәліштен кейін тегін емделесің ғой» дейтін каламбурды еске алсақ. Тек 1960-жылдардың соңында, радиостансалардың жылдық бюджетін АҚШ Конгресі бекіткен заң шығып, онымен бірге жалпы басшылық та Конгрестің қолына көшкеннен кейін шамалы шөміштен қысу байқалған. Соның өзінде кепілді айлық тегін пәтер сақталыпты.

Әркімнің пәтер жағдайы әрқалай болған сияқты. Мария Шоқай Мюнхенге келген сапарында түркістандық эмигранттарға қонақ болғанын, олар қала маңында шоғырымен отырғанын жазады. Уәли Каюм болса қайтыс боларының алдында қалдырған естелігінде өзінің Түркістан азаматтығынан басқа елдің азаматтығын алмағанын жаза келіп, әйелі Ева Каюмхан екеуі Дюссельдорфта екі бөлмелі жай пәтерде тұрамыз деп көрсетеді. Харес Қанатбай болса зайыбы Аннелизбен Мюнхеннен 25 шақырым Фюрстенфельдбрукк (Fürstenfeldbruck) қалашығында тұрған. Жобалауымызша, сол кезде Германия заңнамасы азаматтығы жоқ, яки бодандық премфаспен жүргендерге жылжымайтын мүлік сатқызбаса керек, әлбетте, зайыбы күйеуінің герман азаматтығы болса рұқсат. Қалғандарына жамбасақы төленген – арендалық пәтер. Пародокс: еркінсің, бостансың демократия асып-төгіп жатыр, бірақ басыбайлы баспана ала алмайсың. Бізге ауызша жеткен деректер бойынша Мәулекештің де өз үйі болмаған, үйленбеген, соқа басты ол біреудің үйінің мансардында бөлме жалдап тұрыпты. Дәл қай жерде екені,  мекен-жайы белгісіз. Париж маңындағы ластау Матрюэн-Сен-Жак көшесіндегі бес қабатты сұрқай үйдің шатырының астындағы балаханада тұрып, жазуды бастаған Александр Дюма сынды жалғызілікті, томаға-тұйық өмір кешіпті... 

Ілгеріде айтқанымыздай, «Азаттықта» Мәулекешті біз білетіндерден екі адам көрген. Бірі Хасан Оралтай, ол кісіні көре алмай қалдық. Ал екіншісі Талаат Қосжігітпен аулақтан аудио сөйлестік. Кейіпкеріміз онымен 1967-нің күзінде алғаш кездескенде, бірінші рет жақынынан көргенде қандай әсер қалдырғанын білмекке ынта қойғанымызда, құдай қолынан қуат бергір Талаат ағамыз бірқатар әңгіменің басын қайырды. Айтуынша, ол «Азаттық» редакциясында тақырбас, жаумұрт кісіні кездестіріпті. «Бойы – 160 сантиметр болатын, бірақ бойы аласа болғанымен, ойы биік еді» деді. Зуха батырдың бел немересінің сөзіне сенбеске әддің жоқ. Сонан соң: «Қарес Қанатбай қаланың шет жағында тұратын. Дәулеткерей Тағыберлі бастап, анда-санда Қарес ағамызға қонаққа барып тұратынбыз. Бірақ Мәулекеш бармайтын», – деп сөзін сабақтады. 

– Сонда ол кісі бұйдасын мойнына түріп, бөлек кеткен бе?– деп едік, бұл сұраққа жауабын:

– Жоға, жалпы қоғамшыл кісі емес еді,– деп қысқа қайырды. 

Біз бұл қысқа қайырымның астарын өзімізше түйсіндік. Қазақ қандай жағдайда да әзіл-қалжыңнан қалмаған халық. Реті келсе, қай ортада болсын көңілді, шақшақай, аржайы ашық күйден ажырамауға тырысқан. Қолда бар деректер қазақ жат жер, бөтен жағалауда жүргенде де осы табиғи қалпынан танбағанын, о жақта да сөзінің делбе ұшын, жанға жайлы тиетін «бота қалжыңға» беріп отыратындарын көреміз. Бірақ ол заманда да, қазірде де мұндай текті, зілсіз күлкі, қытықсыз базына, қалжың өз ортасына қарай замандас, құрбы-құрдас адамдардың арасында жүрмек. Ал дәл біз сөз етіп отырған мұғдарда Мәулекештің айналасында әлгіндей қатар-құрбы аз-тұғын (мысалы, Дәулеткерей, одан бақандай бес жас кіші, қазақы ұғыммен алғанда бала), болса да олар баяғы үзеңгі қатар ескі жолдастарындай сыралғы емес. Осының өзі Мәулекештің әлгі кезеңдегі томаға-тұйықтығының елеулі бір себебі болуы мүмкін. Харестің үйіне бармауы, онымен жақын араласпауы оның отбасылы, мұның отбасылы емес екендігіне тіреліп жатса да, өзі білсін – нағылса да жоғарыдағы Талаат ағамыздың «Біз Қарес үйіне қонаққа барғанымызда, алман жеңгей үйден кетіп қалатын» деуінде мән бар ғой.

Ең соңында, кейіпкеріміздің бойындағы осы оқшаулану, жатсыну белгілері оның психологиялық тұрпатына – әдетте шығармашылық адамдарына тән интроверттілігіне де байланысты болуы кәдік екенін жоққа шығармауға тиіспіз. «Әрқандай тұлға кісінің тұлғалылығы оның бойында тобырдан қол үзгісі келетін сезім пайда болғанда басталады» деген сөз бар ғой. Мисалы, Лев Толстой құсап. Сөйтсе-дағы, айналаңның барлығы бірдей Ницще айтып кеткен «мырыңбай тобыр» («невнятная толпа») емес қой. Басқасын былай қойғанда, өзің еңбек ететін ұжымың бар, отандас илатияң бар, оларсыз, жалпы қоғамсыз қалайша әлеуметтене аласың?

Мұндай жағдайға тап болған адамның алдында әдетте екі түрлі жол жатады: не білгеніңше өмір сүру, ғаламдық жаратылыстың заңдылықтарын бұзбай, ар-ожданыңның өлшемімен, өз білігіңмен тіршілік ету, не болмаса экрагордан – топтық биоэртістен аулақтау, ажырау. Өзіңмен өзің, діттеген өмір тақыретіңмен болу. Біздің кейіпкеріміз осы, екінші жолды таңдаған сияқты. 

Талаат ағамыздың куәлік етуінше, Мәулекеш жұмыс кезінде, түскілікте кеңседе кофе ішіп, өзімен ала келген нан тілімдерінің арасына шошқаның сүр майын қабаттап салып жеп отырады екен. «Көптің көзі тінтуші, мына жағдай іштегі жігіттерге тіпті де ұнамаса керек, ақыры бір күні Дәулеткерей Тағыберлі ағасының қылығына намыстанып, «Мәке, қойсаңызшы, мұнда намаз оқитын жігіттер отыр, қаламыңыздың қуатымен тапқан адал, нәпақаңызды таразысы таза халал тамаққа жұмсамайсыз ба?!» деп қатты кейіпті. Ағамыз содан кейін жұрттың көзінше харам жемейтін болыпты. 

Осы, Серік Шәкібаев сияқты авторлар чекистік тиллерлерінде көп нәрсені ойдан пішкен яки идеологияға сайып, қағазға ойына келген қошқар мүйіздің бәрін сала берген деп сынап жатамыз ғой, дей тұрсақта, ондай текті кітаптар негізінен ғайбатқа құрылғанымен, арғы тереңінде архивтердегі бұрынғы коллаборант тұтқындардың тергеу-тексеру кезіндегі жауап хаттамаларына негізделгенін ескермеу жөн емес. Сондықтан оларды ада-күде жоққа шығаруға болмайды, бірақ әдейі сайқымазақ етіп, әжуалап, ұластырып әкететін тұстарынан сақ болмақ керек. Мысалы, «Үлкен Түркістанның күйреуіндегі» Азимов пен Хаитовқа байланысты мына бір эпизод «...Азимов Берлинге жүрер алдында, бір керегі болар деген оймен шамаданын толтырып неше түрлі ішімдік, азық-түлік алып шыққан еді. Хаитовтың діңкесі құрып, бірдемеден дәметіп келе жатқанын сезген Азимов, оны Фридрих гоф мейрамханасына алып келді. Азимов шамаданын ашып, үстелге бір бөтелке коньяк, жарты килодай шошқа майын, поляктың бөлке нанын шығарып қойды. Мұны көргенде Хаитовтың көзі шарасынан шығып кете жаздады. Жұтқыншағы әрі-бері жүгіріп, шыдай алмай бір тілім нан мен шошқа майын кесіп алып, асай бастады». 

Әбден мүмкін. Кесер кеңірдек, қу құлқын, тұлпарына доңыз басқан шөпті жегізбеген қазақты жылқының еті емге жоқ жерде алман бюргерінің доға бел малының етінен жасалған шұжықан мен шүжікенге, жонын қызыл бұрышпен қақтап тастаған шпигіне төндірген ау. Сілтемешіміз Қошжігіттің айтуына қарағанда, ағамыздың Бахуспен де арасы жаман болмағанға ұқсайды (мұны өз естелігінде Хасан Оралтай да жазған). «Көбінекей дүдәмалдау күйде жүретін еді, – деді Талаат ағамыз, сосын сәл бөгеліп: 

– Күлбілтелемей турасын айтайыншы, салынып ішіп кетті», – деді. Ешкімге бас бермей, еселеп ішіп, қаңғып кету емес, сөз ләміне қарағанда, сірә, күніге «жүз қой айдап» келетін бір хал, яки екі-үш, үш-төрт күн бошалап кету. Не ішті, сыра отаны Баварияның астанасы Мюнхенде сәнге асқан пилс пе, әлде дәнді дақылдар мен картопиядан қолдан ашытатын қуатты шнапс, не таза спирттік корнбранд па, қасында тұрмағаннан кейін ол жағын айту қиын. 

Алманның мұндай «меймандостығы» ілгеріде, соғыс жылдарынан басталған. Ғайпен Бейісов естеліктер кітабында Люккенвальде лагеріне келген өзін Әлихан Ағаев пен орынбасары Бақи Бисенәлиев ішкілікпен сыйламақшы болып, шөлмектің түр-түрі салынған доңғалақты шағын бар арбасын алып келгенін суреттейді. Осы және өзге де деректер мас кісіні өкіметке қауіпсіз деп санаған кеңестер кезінен бұрыннан «жүз граммдатып» келген жігіттер мына жақта жүріп шнапспен, сондай-ақ баяғыда қазақ «кіршіме» деген, дойч киршвассер (шие суы) дейтін күшті арақпен достаса бастаған-ау. Жоғарыдағы Ғ.Бейісов естелігінде жазатындай, тіпті айлық қолға тиген күні құмар тарқататын орындарды, айталық, жасыл пүлішті казиноларды жағалап кетсе де өздері білсін. Қысқасы, Маркс шал бұларды арғы бетте де қалдырмаған сияқты ғой. Әйтеуір Шәкібаевтың кітабында Мәулекеш қашан көрсең де «бозжорғаны» айдаңқырап отырады. Міне, «Хауст Фатерланд» мейрамханасында екі қазақ – Қанатбай мен Кайгин екі татар – Идриси мен Шафеевпен мәселе талқылап отыр. Төртеуі бір шешімге келген бойда Қайғин «Кәне, осы үшін тост көтеріп жіберейікші!» деп, рюмкесін ала жүгіреді, екі жақ бір тоқтамға келгеннің соңында Қарес тұрып: «Ал, Мәулекеш, тағы құйып жібер!» дейді. Айтам ғой, чекист жазушылардың қолында қалай болғанда да бір нақты мәмілет көздер болған деп. Германиядағы бұрынғы өмірінен бе, әлде Алманиядағы кейінгісі ме, ол жағын енді автор біледі. 

Көңілге қаяу салатын жағдай, әрине, десе де, Мәулекештің Мюнхенде мешітке барып тұрғаны, ондағы жамағатпен аралас-құралас жүргені, тіпті әлгі мешіттің имамы Наманғани деген молдамен дос-жар болғаны жөнінде ауызша жеткен дерек бар. «Бір күні, – дейді Талаат Қошжігіт, – Хасан Оралтай екеуміз Мәулекеш ағамызды сынамақ болып, жорта «Қайтыс болғаныңызда сізді қандай ғұрыппен қояйық?» деп сұрадық. «Қалай қою керек, солай қоясыңдар, деді ол қысқа етіп. «Мұсылманша қоярсыңдар» дегені деп ұқтық.

Арада бір жарым, екі жылдай уақыт өткенде ол уәсиеті, бәлки, тіпті тәубенамасы орнына келді. 

                                              (жалғасы бар)

 

 

                                          


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар