Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жәмила Кынажы: Қазақ әдебиеті - жетістігі мол әдеб...

05.06.2018 7303

Жәмила Кынажы: Қазақ әдебиеті - жетістігі мол әдебиет

Жәмила Кынажы: Қазақ әдебиеті - жетістігі мол әдебиет - adebiportal.kz

Бүгінгі қазақ әдебиетінің үлкен досы, түркиялық белгілі әдебиеттанушы ғалым, Гази университетінің профессоры Жәмила Кынажы ханым соңғы жылдары ұлттық әдебиетіміздің дамуы үшін орасан зор еңбек сіңірді. Қазақтың атақты жазушыларының классикалық шығармаларын түрік тіліне тәржімалап, қазақ театр өнері туралы арнайы ғылыми-зерттеу еңбек жазған-ды. Міне, сонау Түркияда жүріп, алыстағы ағайынды Атажұртындағы қандастарымен байланыстырып, рухани-мәдени дамуымыздың алтын көпірлі дәнекері болып, ауыз толтырып айтар үлкен істі орындап, бауырлас екі елдің ықыласына бөленген Жәмила ханыммен қазақ әдебиеті жайында әңгімелескен едік. Қызуы әлі тарқамаған сол әңгімемізді оқырман назарына ұсынып отырмыз:

– Түркиялық әдебиеттанушы ғалым ретіндегі қазақ әдебиетіне деген көзқарасыңыз қалай? Қазақтың классикалық шығармаларын өз тіліңізге аударып, түрік оқырмандарына ұсындыңыз. Ағайын ел бұны қалай қабылдады?

– Қазақ халқының әдебиеті расымен де зор және бай. Қазақ жазба әдебиеті ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап өркендей бастаған, алайда бұл әдебиет бірден пайда болған жоқ. Қазақ жазба әдебиеті өте бай ауыз әдебиетінің негізінде қалыптасты. Ақындардың, жыраулардың, айтыстардың, жыр-дастандардың, мақал-мәтелдердің және көптеген ауыз әдебиеті туындыларының дәстүрлі жолы қазақ жазба әдебиетінің қайнары болып келген. Сондықтан мен қазақ әдебиетін жетістігі мол әдебиет деп бағалаймын.

Түркияда соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігі мен Еуразия Жазушылар бірлестігінің ынтымақтастығымен қазақ әдебиетінің көптеген озық туындылары түрік тіліне аударылды. Қазіргі таңда әдеби шығармалары арасында ең танымалы және ең көп оқылатыны қазақ әдебиетінен түрікшеге аударылған еңбектер деуге болады. Түрік оқырмандары бұл шығармаларды шынымен де сүйіп оқиды. Мұны мен өзім де көрдім. Сізге осыны бір мысалмен айтқым келеді. Түркияның әртүрлі қалаларында өткізілген кітап жәрмеңкелеріне жазушы ретінде қатысқанымда түрік оқырмандарының, әсіресе түрік қыз-келіншектерінің «Ұлпан» романына үлкен қызығушылық танытқанын байқадым. « Сонымен қатар осы жәрмеңкелерде ата-аналар қазақ әдебиетінен аударылған балаларға арналған кітаптардың бар-жоғын жиі сұрайтын еді. Міне, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романынан кейін Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты шығармасын аударуымның себебі осы еді. Түрік оқырмандары қазақ әдебиетінен аударылған шығармаларды қызыға оқиды және осы шығармалар арқылы қазақ халқын да жақсы тани түседі дей аламын. Әдебиет арқылы бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынас күннен-күнге күшейе түсуде деп ойлаймын.

– Ғ.Мүсірепов, Б.Соқпақбаев сынды классик жазушыларымыздың шығармашылық әлемін қалай бағалайсыз?

– Ғ.Мүсірепов те, Б.Соқпақбаев та – қазақтың классик жазушылары. Оларды оқып түсіну және түрік тіліне аудару шынымен қиын екен. Себебі екі жазушы да қазақ әдебиетінің классиктері болғандықтан, оларды түрік оқырмандарына таныту да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Осы екі үлкен жазушының классикалық шығармаларын түрікшеге нашар аударатын болсақ, түрік оқырмандарына оларды лайықты деңгейде таныта алмауымызбен қатар олардың әдеби да зиян келтірген боламыз. Сондықтан осы екі жазушының танымал шығармаларын түрік тіліне нашар аудару үлкен айып болар еді деп ойлаймын. Әсіресе, Ғ.Мүсірепов – інжу маржандай етіп сөз құрайтын жазушы. Кейде қазақ оқырмандарының өзі де білмейтін диалект сөздерді қолданатын кезі болады. Сол себептен Ғ.Мүсіреповті тілі ауыр және оқып түсінуі соншалықты оңай емес жазушы деп есептеймін. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы балалар әдебиетіне арналған туынды болғандықтан, тілі барынша қарапайым, түсінікті түрде жазылған. Бірақ, әрине, Бердібек Соқпақбаевты балалар жазушысы деу әділетсіз болады, себебі ол өзінің басқа да еңбектерімен қазақ әдебиеті тарихына үлкен орны бар жазушы екенін дәлелдеп кеткен тұлға. Қазіргі таңда да екі жазушының да еңбектері сүйіп оқылуда және бұл олардың өздерінің де, шығармаларының да классикаға айналғандығының көрінісі.

– ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің публицистикалық еңбектерін де түрікше сөйлетуге күш салмақшы екенсіздер. Ұлық басшы Ататүрік үлгі қылған Алаш зиялыларының еңбектерімен танысу барысы қалай жүріп жатқандығы турасында айта кетсеңіз...

– Мен өзім әдебиетші ғалым болғандықтан Алаш зиялыларының көбіне әдеби еңбектерін қараймын. Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Қошке Кемеңгерұлы сынды Алаш зиялыларының әдеби еңбектеріне байланысты зерттеулер жасадым және мақалалар жаздым. Ұлттық және жаңашыл болмыстарымен жазған еңбектері арқылы ұлттық жаңғыруды жүзеге асыру және халқын дамытуға деген талпыныстарын көрсетуге тырыстым. ХХ ғасырдың басында үлкен бір жаңғыру әрекетін қалыптастырған бұл зиялылар мен олардың күрестерінің арқасында бүгінгі таңда қазақ халқы күн сайын ұлттық болмысын бекемдей түсіп, сенімді қадамдармен келешекке нық басып келе жатыр деп ойлаймын.

Сталин кезеңінде орын алған қуғын-сүргін мен зиялы қауым өкілдерін қырып-жою кезінде Алаш зиялылары жазықсыз өлтірілмегенде, еш күмәнсіз қазір қазақ халқы бұдан да жоғары деңгейде, алдыңғы қатарда болар еді.

Соңғы кезеңдерде Түркияда да Алаш зиялыларымен байланысты конференциялар, ғылыми жиналыстар көп өткізілуде. Алаш зиялыларына деген сезімталдықты оятуға тырысуда. Гази университетінде Әлихан Бөкейханға байланысты кең көлемде симпозиум өткізілді, Алаштың 100 жылдығы да ғалыми симпозиуммен Анкарада тойланды. Соңғы жылдарда Қазақстандағы секілді Түркияда да Алашшыл ғалымдарға деген ықылас артты және бұдан да арта түсетініне ұқсайды.

– Сіздің «Қазақ театрындағы әйелдер бейнесі» зерттеу еңбегіңіздің жарыққа шыққандығын естіп едік. Осы зерттеуіңіз жайында мәлімет берсеңіз...

– Иә, бұл кітабым 2017 жылы жарық көрді. 1920-1928 жылдар аралығында Алашшыл қазақ жазушылар жариялаған әйел тақырыбындағы сегіз пьеса осы еңбегімде зерттелді. Исмаил Гаспралыны үлгі тұтқан және жәдитшілік идеясына сай ұлттық және жаңашыл Алашшыл жазушылардың қазақ қыз-келіншектерінің мәселелерін қолға алған еңбектер арқылы қазақ халқының көзін ашып, тәрбиелеуге тырысқандарды түрік оқырмандарына танытқым келді. Кітапта Міржақып Дулатұлының «Балқия», Жүсіпбек Аймауытұлының «Сылаң Қыз», «Рабиға», «Қанапия-Шәрбану», Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» секілді пьесалары негізге алынды. Сол еңбекті жазғанымда ХХ ғасырдың басында қазақ жазушылары жазып кеткен және өзгертуге тырысқан әйел мәселесінің аса өзгере қоймағанын байқадым. Сонымен қатар қазақ жазушыларының 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін сол кездегі идеологияның ықпалымен әйел мәселесін қозғамағандығын, қазан төңкерісінен көп уақыт бұрын Исмаил Гаспралы бастатқан жәдитшілік түсінігінің әсерінен қыз-келіншіктердің білім алуына мән бере бастағанын және қазақ қоғамының осы мәселеде санасын оятуға тырысқандығын байқадым.

– Түркияда білім алып жатқан қазақ жастарының оқуға, білімге деген ынтасы қандай?

– Бүкіл әлемдегі секілді Түркияда да технология дәуірінде кітаптар өзінің маңызын жоғалта бастады, жастар кітапты аз оқып, компьютер алдында интернетте көп отырады. Біздің елде жастарға ғалым, жазушыға қарағанда басқа саланың атақты, танымал адамдарын үлгі етіп көрсетіледі.Осы себепті жастар ғылым мен білімнен ұзақтап, танымалдылық жолын іздеуде. Сондықтан алдымен елімізде зиялы қауымға, ғалымдарға, ақындарға, жазушыларға баға берілуі қажет. Сонда жастар да соларға қызығып, еліктеп, оқуға ынталанып, ғылым қуады.

– Болашақта қазақ халқын қандай жаңалығыңызбен қуантпақшысыз? Шығармашылық жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– Менің көптеген мақалаларымның, кітаптарымның тақырыбы – қазақ әйелдері. Олардың өткен кезеңдегі және қазіргі уақыттағы әдебиетте көрініс тапқан бейнелерін зерттеудемін. Бұдан бұрын Ботагөз, Ақбілек, Балқия, Ұлпан секілді қазақ әйелдері менің еңбектерімнің тақырыбы болды. әйелдің жаңашылдығы жайлы зерттеу жасау өзіме ұнайды. Сондықтан тағы да қазақ әдебиетінен әйел тақырыбында бір аударма жасауды ұйғардым. Қазақтың көрнекті жазушысы Шәрбану Бейсенованың «Бозоқ Аруы» атты көлемді әңгімесін аударуды бастадым. Қазірше келесі жылға дейін осы шығарманы аударып бітіруді жоспарлап отырмын.

– Сөз соңында сұрарым: бүгінгі күні әдебиетші боламын деген талапкер қандай шығармаларды оқуы керек? Және бүгінгі күннің әдебиетшісі қандай болуы керек?

– Атын атап мына жазушыны немесе мына шығарманы оқыңдар дегім келмейді, бірақ, әсіресе, классик жазушыларды және олардың шығармаларын оқулары керек деп ойлаймын. Және сонымен қатар, қазіргі таңдағы жазушылардың, олардың еңбектерінен де хабардар болу керек. Әдебиетке қызығатын жастардың өлеңге ме, әңгімеге ме, романға ма, не нәрсеге ынтасы, қызығушылығы болса, соны оқулары және сол саладағы білімдерін тереңдетулері пайдалы болады. Менің көзқарасым бойынша бүгінгі таңның әдебиетшісі де көп оқып, өткеннің әдеби дәстүрін жетік біліп, бүгінгіні бақылап отыруы қажет. Сонымен қоса, дәуіріміз интернет дәуірі болғандықтан, әлеуметтік желілер де өте ықпалды құрал болғаны үшін қазіргі таңның жазушылары осыларды қолдануды білуі керек, өздерін шектеп қоймай, көпшілікке, үлкен топтарға өздерінің үнін жеткізудің жолын табулары қажет деп ойлаймын.

Мынадай қарбалас кезеңде қауырт жұмысқа толы жоспарыңыздан арнайы уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Шығармашылығыңыз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Жарқын Әлі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар