Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жанар Әбсадық: Елеусіз қалудан мүлдем қорықпаймын...

03.04.2017 6990

Жанар Әбсадық: Елеусіз қалудан мүлдем қорықпаймын

Жанар Әбсадық: Елеусіз қалудан мүлдем қорықпаймын - adebiportal.kz

– «Жанардың қазіргі көрінбей жүргені – дауыл алдындағы тыныштығы шығар» депті, ақын Құралай Омар сіз туралы бір пікірінде. Одан бері де біраз жыл өтіп кетті. Дауыл да жоқ, сіз де жоқсыз?
–Құралайдың бұл пікіріне рахмет. Кез-келген өнер иесінің шығармашылығынан үлкен үміт күту – жақсылық. «Дауыл жоқ» дегеніңді түсінуге болар, ал «сіз де жоқсыз» деген пікірмен келісе алмаймын. Жалпы, өз басым «жоқ» деген сөзді ұнатпаймын. Бар адамды «жоқ» деуге асықпаған дұрыс, меніңше. Құдайға шүкір, бармын, жер бетіндемін. Арманым да, мақсатым да, жоспарым да көп. «Көп көрінбейсіз» деген дұрыс шығар. Құралайдың пікіріне келер болсам, ол бұл сөзді осыдан үш жыл бұрын айтқан болатын. Көрінбеуімнің нақты себептері бар. Осы уақыт аралығында сәбилі болдым. Рәбиябегім атты қызым бар қазір, Құдай қаласа мамыр айында екі жасқа толамыз. Дүниеге сәби әкелген аналар жақсы түсінеді деп ойлаймын, бала ең аз дегенде, бес жасқа толғанша, бүкіл сана-сезіміңді басқа арнаға бұрып, ауқымды дүние жасау, шығармашылықпен түбегейлі айналысу оңайға соқпайды. Оның үстіне, жеке басым баланы бәрінен қымбат көретін жанмын. Шығармашылық адамнан үлкен қажырды, энергияны талап етеді. Ал әзірше балаға арналған ішкі күш-қуатты басқа жаққа арнай алмаймын. Сәбидің бүкіл өміріне – азық, болашағын айқындауына тірек болатын түйсіктегі тұжырымдар жеті жасқа дейін қалыптасады. Бұл мәселеге қатысты өзімде нақты ұстанымдар бар. Ол – басқа әңгіме. Таратып айтудың қажеті шамалы. Сондықтан осы кезеңге дейін мүмкіндігінше қызыма беруге тиісті дүниелерді сіңіру – аналық парызым.
Ал дауыл туралы айтар болсам, қазақ өлеңінде дауыл тұрғызам деген міндет – менде жоқ. Жеке шығармашылығымда өз биігімді бағындыру мақсатым бар. Ол тек өлеңде ғана емес, прозада да, басқа салада да. Жалпы, әу баста ақын болуды емес, жазушы болуды армандағанмын. Өлең көздің жасындай, жанымды тазартады. «Ақын болам» деп айрықша таңдау жасамаппын, осы кезге дейін жүрегімді толқытып, өзі келген жырды қағазға түсіріп қана келдім. Табиғатымнан еркін адаммын. Кез келген дүниені тек жанымның қалауымен жасаймын. Өлең жазғым келе ме, жазамын. «Мен ақынмын, өлең жазуға міндеттімін» деп жаныға алмайды екенмін. Не болмаса, ел мені ақын деп таныды ғой, енді осы образды ары қарай сомдауға тиіспін деп те түсінбеймін. Қысқаша айтқанда, ешкімге өлең қарыз емеспін. Қазақ әдебиетіне құбылыс жасаймын, төңкеріс туғызамын деген аспани мақсаттан адамын. Ал жазған, жазатын дүниелерім елдің рухани қажетіне жарап жатса, қуаныштымын.

– Демек, проза да жазасыз ғой?
– Иә, жазамын. Шағын әңгімелер, бір үзік ойлар әзірге бары. Жеңіл-желпі, кішігірім дүниелерден өзгесін баспасөзге жарияламаппын. Сүйекті шығармалар жазуға іштей дайындаламын. Өзімді қамшылаймын. Қазіргі оқырман баяғы оқырман емес. Ескі сүрлеумен жазып, таңғалдыру қиын. Бұл іске де тыңғылықты дайындық, соны сүрлеу қажет. Классиктер қалпағын түу биікке іліп кетті. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес», соларша жазуды ойлайсың. Алғаш әңгіме жаза бастағанымда ішімнен бүкіл қазақ жазушылары жарыса сөйлеп кеткендей сезілді. Бір абзацта Асқар Сүлейменов, бір абзацта Тәкен Әлімқұлов, енді бірде Оралхан боп, ойың жан-жаққа шалқып, шашырап, не өзіңдікі емес, не олардыкі емес, бір қызық құбылысқа тап болдым. Әр автор – өз дәуірінің, өз кезеңінің суретшісі, өз замандастарының тіл мен жағы. Не жазсам да бүгінгі адамның ойы тұрғысынан жазғым келеді. Қазіргі замандастарым әлемге қалай қарайды, дүниені қалай қабылдайды? Оларды не толғандырып, не толқытады? Олар қандай түс көреді? Олардың санасының түкпірінде нендей құбылыстар жүріп жатыр? Өзіме осы жағы қызық. Классиктермен енді таласпаймын деп шештім. Өз қабілет-қарымым жеткенінше көрермін. Қай істе болсын, «арық сөйлеп, семіз шыққан» дұрыс қой. Әр автордың ішкі дүниесінде жазсам деген шығармаларының рухы пісіп-толғанын, сыртқа шығар уақытын күтіп үздіксіз айналып жүреді. Сондай жарыққа шығуын күтіп жүрген шығармаларым бар. Тек қайратты шағымда сол мұратыма ғұмырым жетсін деймін.

– Өлеңдеріңізді әлеуметтік желілерге мүлдем жарияламайды екенсіз. Қазіргі ақпараттық технологияның дәуірінде елеусіз қалып қалам деп қорықпайсыз ба?
–Тура сол өзің айтқандай, қазіргідей ақпараттық технологияның дәуірінде елеусіз қалудан мүлдем қорықпайды екенмін, керісінше коммуникация дамымаса, қорқуыма болар еді. Мен үшін маңыздысы –танытуға лайық дүние жазу. Әйтпесе бесіктен белі шықпаған былдырлаған бала да, не болса соны көкіген адамдар да әлеуметтік желінің, ғаламтордың арқасында жұлдызға айналып жатқанда, оның еш қиындығы жоқ. Қазір жарнаманы дұрыс жүйесімен жасай білсең, кез келген тауарды, кез келген авторды танымал ету оңай. Ол бір игерілмейтіндей космонавтика емес қой. Жалпы, күлкім келеді. Осы сұрақты жиі қоятындар бар... «Не жазып жүрсің немесе не жазғың келеді, сені не толғандырады?» деген сұрақ емес, «Неге көрінбейсің?» деген сұрақ көбірек мазалай ма осы ел-жұртты? Күнде теледидардан түспей, әлеуметтік желілердің бетін бермей, көзіңе сүйел болған тұлғасымақтар қазір қаптап кетті. Еңбектеген сәбиден, еңкейген қартқа дейін солардың мағынасыз әңгімелерін тыңдап, қызылды-жасылды киімдерін, ішкен ас, тұтынған затын қызықтайтын болды. Олар қазіргі бұқаралық мәдениеттің өкілдері шығар, өздеріне істеген істері жарасатын шығар, бірақ еліне мұра боларлық бірнәрсе тындырды ма? Жұртының рухани өрісін кеңейтетіндей дүние жасады ма? Мәселе сонда шығар. Сондай жандармен жарысып, шала піскен, жанды-жансыз дүниеңнің бәрін елге тықпалай берудің қажеті шамалы. Бұл «бар байлығым өзімдікі» деп, барыңды тығып отыра беру дегенді білдірмейді. Барлық нәрсенің фанатизмнен ада, өзінің қажетті мөлшерінде болғаны дұрыс деп ойлаймын.
Өнердің құны мен өлшемі тек танымалдық емес. Бұл менің өз пікірім. Егер де өз ойымнан шығатындай дүниелер тудыра алсам, оны тығып, жасырып отыратын ұяң адам емеспін. Міндетті түрде оны елге жеткізуге тырысамын. Оның бағасын да, салмағын да уақыт көрсетер, көзіқарақты қауым ажыратар. Өнердің биігіне ұмтылған кез келген адам, егер қоғамның қолпаштауына, әлдекімнің бағалауына өте зәру болса – аянышты. Бастысы – өз ішкі рухани қуатыңды білу, межеңді көздеу. Сол жолда таза еңбектене білу. Ал танымал болуға қазіргідей уақытта дұрыс жолға қоя білсең, заманауи құралдарды пайдалана алсаң, ары кетсе, бес жыл жетіп жатыр.

– Осы уақытқа дейін мемлекеттік тапсырыспен кітабыңыз жарық көрмеген екен. Өзіңізден ынта болмады ма, әлде ұсыныс болмады ма?
–Ұсыныс болған, өзімнен ынта болмады. Себебі ұсыныс түскен кезде қоғамға ақын боп танылуым қаншалықты қажет деген ойда болғанмын.

–Жалпы, өз оқырмандарыңызға қашан жаңа кітабыңызды ұсынасыз?
– Нақты мына күні деп кесіп айтпайын. Шамалап айтсам, екі-үш жылдың көлемінде. Алғашқы кітапқа жастық шақтың өлеңдері ғана енді. Он жеті мен жиырма жастың аралығында жазылған шумақтар. Оқырманға ұсынуға лайық көрмеген бір дәптер өлең өзімде қалды. Кітап бастырарда іріктеп қарасам, жанымды тым жалаңаштап жіберген екем. Пафос көп, бүкіл тағдырыңды, өміріңді, әлемді, адамдарды кесіп-пішіп ұлы өлшемдерге салу, ақ-қара деп қақ жару, қаршадай боп, бүкіл ғаламның мұңын мойныңа жүктеу сияқты кемшіліктері бар екен. Келесі кітап салиқалы-салмақты, көзқарасы қалыптасқан, қолтаңбасы, стилистикасы анық дүние боп шықса деймін. Картинаның эскизі сияқты мазмұндық-мағыналық сызбасы бар жоспарда. Сол жоспарды орындап, діттеген жерімнен шыға алсам, үлкен олжа болар еді.

– Өз шығармаларыңыздың құнын білесіз бе?
–Білемін. Шығармаларымның құны дегеннен гөрі, шығармашылық қуатымды білемін.

– Көп қаламгерлер ешқандай әдеби сыйлық – шығармашылықтың өлшемі емес деп жатады. Бірақ, бәрі мемлекеттік сыйлықтан дәмелі. Дегенмен, жазған дүниелеріңнің өз бағасын алғанына не жетсін? Сіздің шығармашылығыңыз осы тұрғыдан қаншалықты бағаланып жатыр?
– Әлі күнге ешқандай әдеби сыйлыққа, не жарысқа қатысып көрмеппін. Студент шағымда мүшәйраларға қатысатынмын. Жақсы жүлделер алып жүрдім. Кейін сол аса қызық болмай кетті. Біреулер өзін ұсынып жатады немесе ұсынылып жатады дегендей. Мен өзімді ұсынған да емеспін, ешкім «сен осыған қатыс» деп ұсынған да емес. Және осы нәрсе маған керек-ау деп, соңына түспеппін де, ойланбаппын да. Аз ғана дүниемді осы кезге дейін тек өзім үшін ғана жазып жүрмін деп санадым. Егер сыйлыққа лайықты дүниең болса, оның бағаланғаны дұрыс деп ойлаймын. Бастапқы пікірімді тағы қайталаймын, егер еңбегің татып тұрса, адамды атақ та, сыйлық та өзі іздеп табады. Атақ та, абырой да – ағаштың өзі емес, көлеңкесі сияқты. Тамырын тереңге тартып, бойың шыңмен таласып тұрса, діңгегің түзу, жемісің мәуелі болса, көлеңке қайда қашады?! Әуелі өзіңді өсірумен, өнеріңді баптаумен айналысу керек, меніңше. Алла жазса, көре жатармыз. Дәл мені іздеп келген сыйлықтан бас тартпасым анық.

–Өз замандастарыңыз сізді әлем әдебиетін сіңіріп оқыған ақын деп бағалайды екен. Сол әлемдік поэзиямен қазақ поэзиясына синтез жасай алдыңыз ба?
–Өз басым әлемдік әдебиет, қазақ әдебиеті деп бөле алмаймын. Мен үшін бәрі – бір әдебиет. Тек жауһары бар, жасығы бар. Әр ұлттың өзіне тән ойлау жүйесі ғана ерекше. Ал әлемдік поэзия мен қазақ поэзиясын талдап-тарқату, көркемдік өлшемдерін бағалау – әдебиетті зерттеумен айналысатын сыншылардың ісі. Мен тек рухани қажеттілігім үшін ғана мектеп кезінен бастап тек поэзия емес, прозаның түрлі жанрларындағы қолым жеткен, тісім батқан әлем авторларын оқуға тырыстым. Көп замандастарыма қарағанда бәлкім сәл ертелеу, бәлкім бір-екі кітап артықтау немесе кемдеу оқыған шығармын. Әлем әдебиетін түгел қопарып оқыдым, бүкілін бойыма сіңіріп алдым десем, артық болар. Қазақ әдебиетінде де, әлем әдебиетінде де өзіме ұнайтын авторлар бар. Сол тізімді толықтырамын, кейбір шығармаларға кейде айналып соғамын. Кез келген туындыны әуелі таза оқырман ретінде оқысам, екінші рет жазарман ретінде сыни көзбен тағы шолып шығамын. Не үйренуге болады деген оймен, шеберлік тәсілдерін байқап, ауқымы мен тереңдігіне бойлауға тырысамын.

–Өзіңіз аудармамен де айналысасыз. Қазір кімдерді аударып жүрсіз?
–Аударма жасау – жазарманды өсіретін дүние. Ал өзіме тәжірибе жинау, толысу үшін керек. Әсіресе поэзияны аудару үлкен рахат сыйлайды. Маған қанды қыздыратын, өзге автормен ой жарыстыратын ойын секілді. Қаншалықты ойын нақты, суретін дәл, ішкі иірімдерін жоғалтпай, көркем аудара алам – сол қызығырақ. Бұл іспен жүйелі айналысып көрмеппін. Арагідік өзіме ұнаған өлеңдерді түртіп қоямын, мүмкіндік болғанда аударамын. Бұл миыма гимнастика жасау сияқты әсер етеді. Сара Тисдейлдің, Набоковтың, Поль Элюардың, Лорканың, испандық жаңа заман әдебиетінің, романтикалық ағымының ізашарларының бірі болған Густаво Беккердің, тағы біршама ақындардың өлеңдерін аударып жүрмін. Белгілі мөлшеріне жеткенде, аударма өлеңдерді жеке жинақ етіп бастыру ойымда бар. Әзірге бұл екшелеу, қырнау секілді өңделу үстіндегі процесс.

–Аударма жайлы әңгіме өрбіткеннен кейін, жақындағы Испания сапары туралы айтпай кетуге болмас?
–Қазақ ақындарының испан тіліндегі антологиясының жарық көруі – үлкен мәдени оқиға. Абай атамыз бастаған қазақ поэзиясының алыптарымен қатар біршама жас ақындардың да өлеңдері осы антологияға енді. Осы игілікті істің жүзеге асуына мұрындық боп, ұйымдастырып жүрген Дәурен Берікқажы мен Танагөз Ілиясованың ерекше еңбегін атап өткім келеді. Антологияның Мадрид қаласында өткен тұсаукесеріне бір топ ақын барып, үлкен рухани серпіліс алып қайттық. Мақсат – өзгені тану, өзіңді таныту. Қазіргі кезде әлемдік ортаға елдің атын шығару мәселесінде, тек спортқа, өнердің бірлі-жарым саласына ғана қаржы бөлініп, қолдау көрсетіледі. Ал ұлттың ойын, рухани кеңістігін танытатын әдебиетке соншалық зор көңіл бөлінбейді. Осы тұрғыдан алғанда, олқы жатқан тұсымызды түгендеуге нақты бір қадам жасалды. Демеушілерді тартып, жауапкершілікті істі жан жақты ұйымдастырған Қазақстанның Испаниядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев мырзаға үлкен алғыс айту керек.
Қазақ ақындарын испан тілінде сөйлеткен Хусто Хорке Падрон мырза – еуропалық әдеби ортада мойындалған тұлға, көрнекті ақын. Тұсаукесер кеште сол кісі қазақ поэзиясы туралы кең көлемде баяндама жасап, қазақ ақындарының өлеңдерін испанша оқып, кешке келген испандық әдебиет өкілдеріне бәрімізді жекелеп таныстырды. Падрон мырза кеш бойы қазақ өлеңінен алған әсерін, өзі үшін тұтас бір жаңа кеңістік ашылғандай болғанын шабыттанып айтумен болды. Әлемдегі аса көркем де қуатты поэзиялардың бірі – қазақ ұлтының еншісінде екенін осыдан-ақ аңғаруға болар. Саяхат барысында Мадридтегі әйгілі Прада музейінде болып, Гойяны, Веласкесті, Тициан, Ботиччели т.б. көркемөнер үздіктерінің туындыларын түпнұсқадан тамашалау – зор рухани ләззатқа бөледі. Сапарымыз әрі қарай Барселона қаласында жалғасып, Гаудидің көркем ғимараттарын тамашалап, қаланың өзге де мәдени орындарымен таныстық. Аз күндік болса да, рухани байыған, мазмұны терең, естен кетпейтін сапар болды.

–Жанар апай, бір кездері әдеби ортадан жалпы, әдебиеттен біржола кетсем деген шешіміңіз болыпты. Неге ондай ойға келдіңіз?
–Әдебиеттен кету үшін, әуелі әдебиетке келу керек шығар... Дұрысы, әдебиетке деген құштарлығымды сөндіргім келді. Оның жекелеген себептері көп. Ең негізгі себептері – әлемдік жауһар әдебиетті тудырған дара тұлғалардың, оның ішінде әйел затының өмірбаяны әсер еткен болар. Хас өнер – жанкештілікті тілейтінін, өмірді бәске тігумен тең түсетінін ертелеу сезіп қойғаным. Тұрмысқа шығып, балалы болғаннан кейін өнерден гөрі, өмір тәттірек көрінді. Өзімді ондай жанқиярлыққа арнау қаншалықты дұрыс деген ойда болдым. Жастық максимализм, амбицияның тым жоғары болуы, шығармашылыққа перфекционистік тұрғыдан қарау осы шешімге тіреді. Сосын өлеңді жазбай кетсем, әдеби ортадан алыстау болсам, әдебиетке деген махаббаттан айығып кететіндей көріндім. Бұл құштарлықтың әу баста жаныңмен бірге жаралатынын, тетігін бұрап жіберіп, қалаған кезде қосып, қалаған кезде өшіре салатын қасиет емесін кейінірек бағамдадым.

–Жалпы, ақын үшін әдеби орта қаншалықты маңызды?
–Осы жағын тап басып айта алмайды екем. Себебі өзім үшін соншалық маңызды емес. Жекелеген тұлғалармен араласамын, реті келсе, пікір бөлісемін. Шығармаларын оқимын. Біздің қоғамда ресми бірді-екілі жиындар болмаса, үнемі қызу талқы, ойталас жүріп жататын қалыптасқан таза әдеби орта жоқ сияқты. Бізде автор бар, өзінің оқырмандары бар. Және әдеби ортада айналымда жүретін есімдер бар. Таза сын, талдау-бағалау, ширыққан пікірлер жоқтың қасы.

–Шығармашылық әлемнен өзіңізді қанша алыс ұстағыңыз келсе де, ақынның ұрпағына келін болдыңыз. Енеңіз мықты әдебиетшілеріміздің бірі Алма Қыраубаева... Оқырмандарымызға осы әңгімені тарқатып өзіңіз айтып берсеңіз?
–Енем Алма Қыраубайқызы менің ұстазым, біздің курсқа «Ежелгі дәуір әдебиетінен» сабақ берді. Жақын араластым немесе таныстым десем, жалған. Бірақ ол кісінің адами табиғаты, ұстаздық қасиеттері, байыпты терең білімі керемет ұнайтын. Адамның жан-дүниесін дәл танып, шәкіртті ынталандырып, қанаттандыра алатын жан еді. Ол кісінің ұлы, жолдасым Бұланмен апай қайтыс болғаннан кейін таныстық. Апайға деген құрметтің нышаны болар, баласына да сыйластықпен қарадым, әу баста. Сол сыйластық достыққа, әрі қарай сезімге ұласты. Бір жылдай қол ұстасып жүрдік, артынан шаңырақ көтердік. Күйеуімді өмірлік серік ретінде таңдауыма анасының әдебиетші болуы себеп болған жоқ. Тектілік дегенге бала кезден-ақ мән беретінмін. Болашақ балаларымның жыр алыбы Жамбылдың, Алма апай секілді жақсы адамның ұрпағы болуын қаладым. Әрі өмірін әдебиетке, ұлт мұратына арнаған өнерлі ананың тәрбиесін алған жан маған де, өнеріме де қиянат жасамайды деп сендім. Ол сенімім ақталды дей аламын.

–Сіздің шығармашылығыңыз туралы Алма апай пікір білдірген бе еді, жалпы әдебиет туралы әңгімелесетін бе едіңіздер?
–Апаймен әдебиет жайлы пікір алмасқан жоқпыз. Бірақ бірде апайдың сабағында Күлтегіннің жырын тапсырма бойынша оқып тұрғанымда, ол кісінің тоқтатып қойып, аудиториядан: «Мына қыз өлең жаза ма? Ақындығы бар ма?» деп сұрағаны бар. Курстастарым: «Иә, иә, өлең жазады» деп жамырады. Апай болса: «Бәсе, өлең оқығанда жүзі нұрланып, шабыттанып кетті. Күлтегінді өзгелер оқып берер. Сен өз шығармаңды оқы» деп өлең оқытты. Өлеңді оқып біткенімде, кейбір жерлерін талдап, ризашылық білдіріп, «талантты бала екенсің, осы алған бетіңнен таймасаң, мықты ақын боласың» деп мақтап қойды. Емтиханға кіргізбей, сессияда бірден автомат қойып берді. Үлкен кісінің биікке талпынсын деп, талапты жасты қанаттандырғаны, қамқорлығы деп түсіндім. Өйткені ол кісінің әрбір шәкіртінің жұлдызын жағуға тырысатын ғажап ұстаз болғанын барлық шәкірті біледі.
–Сіздерден кейін әдебиетке келген буынның шығармашылығын бақылап жүресіз бе?
–Қадағалап, іздеп жүріп оқимын десем жалған болар. Бірақ көзге түсіп жүрген жастарды танимын. Қолыма түскен шығармаларын оқимын. Аяқ алысына қарап қуанатын жастар көп. Тек әрі қарай ізденіп, өз соқпағын тапса, үнемі өсіп отырса деп ойлаймын.

–Өзіңізді ақын ретінде қоғамға қаншалықты керекпін деп ойлайсыз?
–Біздің қазіргі қоғамға ақындардан гөрі, шуттар көбірек керек сияқты. Шынымен толғандыратын жәйт – бұқаралық мәдениеттің тым асқынып кеткені. Халықтың рухани сұранысы тек жеңіл-желпі әзілді, бір сәттік арзан дүниелерді тұтынумен шектеліп қалды ма деген ой мазалайды. Ақын-жазушыны керек етпейтін қоғам – рухани қайыршы қоғам. Елдің назарын әдебиетке аударып, сол ықылас-назарға лайықты шығармалар жазылуы керек. Классиктердің шығармалары қайта жаңғыруы тиіс. Ал әдебиет керек болған жерде, өнімді де тұшымды еңбек ете алсақ, бәріміз де керекпіз.

–Егер уақытты кері айналдыру керек болса, қандай сәтіңіздің қайталанғанын қалар едіңіз?

–Ешбір сәттің қайталанғанын қаламаймын. Себебі егер жағымсыз сәт болса, оның қайталануы тіпті қажет емес. Ал жүрегімде із қалдырған сәулелі сәттер болса, ол мезеттер, күндер, оқиғалар қайталанбайтынымен құнды. Өткенімнен гөрі, болашағыма қарағанды, жақсылықты алдағы күннен күткенді жақсы көрем. Қайталанбайтын ғажап сәттердің көп болғанын тілеймін.

–Кімнен кешірім сұрағыңыз келеді?
–Жаратушыны және ата-анамды айтпағанда, өзімнен өзге ешкімнен кешірім сұрағым келмейді. Өзімнен өзгеге қиянатым болды, жамандығым тиді деп санамаймын. «Ақыл-парасатымның жеткен жеріне дейін ғана кінәлімін» деген сөз ойыма оралып тұр. Барынша біреудің өміріне зиян тигізіп, көңіліне дақ салатындай әрекеттен сақ жүремін. Мен үшін бұл – адамдықтың, мұсылмандықтың басым шарты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар