Немесе Дүйсенәлі Әлімақын шығармашылығы хақында
Ақын Дүйсенәлі Әлімақын есімімен әдебиетке құштар жандар жақсы таныс. Поэзия әлеміне соқпақ тартқан шайырдың қадамына үлкендер жағы оң жол тілеген екен. Танымал ақын Әбубәкір Қайран ол жайында былай дейді: «Поэзиядағы ішкі музыканың болуы әрбір ақынның қолынан келе бермейді. Жақсы деген ақындарымыздың өзінің өлеңдері жұтаңдау, дұрыс киіндірілмеген сұлу сияқты көзге оғаштау көрініп тұратыны неліктен? Өлеңнің ішкі музыкасы болмағандықтан. Поэзияның қара сөзден айырмашылығы оның ұйқасып келуінде емес. Оның ішкі музыкасында болады деп білемін. Поэзияда табиғат пен ақынның астасып кетуі деген болады. Ол оғаш түрде қатар қойып қойғандай болып тұрмауы керек. Өлеңде табиғат пен ақын бір-біріне сіңісіп кеткендей болуы керек. Мен Дүйсенәлі өлеңдерінде сол қасиеттің ұшқындары бар екенін байқап, соған қуандым». Ал белгілі жазушы Дәурен Қуат мынадай пікір айтады: «Қазақ әдебиетіне талантты ақын келді. Өлеңде оның оңаша өзіндік әлемі бар екен. Жырларынан соны байқадым. Дүйсенәліде сөзге деген адалдық бар. Сөзді аялап, абайлап ұстау талабы бар. Мен соны қолдаймын».
Жақында «Foliant» баспасынан шыққан «Жанарымда түн сөйлейді» атты жыр жинақ қолға түсті. Авторы – ақын Дүйсенәлі Әлімақын. Поэзия әлемінде танылып қалған шайыр жырларын парақтағанда өзіндік стиль, өзгеше ойлар мен ұйқас ерекшеліктеріне тап келдік. Жинаққа енген жырларынан алған әсер мен түйген пайымды ортаға салуды жөн көрдік.
Кез келген ақын артында сөз қалғанын арман етсе керек. Атақты Қасым Аманжоловтың «Күніне жүз ойланып, мың толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп» дейтін жыр жолдары тұңғиық толғаныстан шыққаны өзгеден бұрын, ақындар қауымына аян. Тарихи кітапқа барлығына орын жетсе де, поэзия тарихының айдыны қаншама белгісіз шайырларды жұтып жіберген көрінеді. Содан болса керек, ақындар тек жақсы, мықты өлең жазуға ғана талпынатыны. Әуелі ізденіс пен еңбек дегенмен де, талант пен қабілет деп аталатын қасиеттердің ақындық ортада мәртебесі биіктеу ме дерсің. Қашанда жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Ақын үшін таланттың қайнар көзі жүректе жатқан шығар, бәлкім. Кір шамаған таза жүректен шыққан сөз-таңба ақ қағазға өшпестей сіңіп қалса керек. Сөз бен сөйлемнің сұлу суреті, ұйқас үйлесімділігі қалам ұстаған жанның төлқұжаты іспетті. Әуелгі буыннан-ақ деңгей анықталатындай. Әйтсе де, ең үлкен сыншы – жазарманның өзі. Ол жүрек түкпірінде өзінің қал-қадерін шамалап отырады. Ақындарда да ішкі «меннің» рөлі басым. Ал Дүйсенәлі өлеңдерінен тегіне қосымша боп жалғанған «ақын» деген сөзге әрқашан адал екенін көруге болатындай. Әйтпесе ол түн жамылып өлең жазбас еді ғой.
«Төрімдегі сөйлеп тұрған нән сағат,
Сырт-сырт етіп бар әлемге жар салад.
Бақылайды ол, жазғанымды қанша өлең,
Бақылайды ол, келгендігін қанша хат.
Ерік берсем жалқаулыққа, бостыққа,
Тіл қатпастан айналады тас пұтқа.
Ренжиді ол ермек іздеп отырсам,
Жылайды ол ерте жатсам жастыққа...» – дейді ақын.
«Құдай-сағат» өлеңінде Дүйсенәлі өзінің миссиясын баян еткендей. Шайырлық жолға түскен соң, сол жолда тынбай адал еңбек етуге, ізденуге тиіссің. Ақын сол міндетті тереңнен түсінеді. Қарым-қабілетін шыңдай түсуге, қағазды бос қалдырмауға тырысады.
«Қуанады бұрын тұрсам өзінен,
Оған әрбір минут сайын кезігем.
Сан ғасырды жұтып алғам дегендей,
Қарайды ол тостағандай көзімен.
Сол көзімен әлдилейді, аяйды,
«Оқы, – дейді, – Шекспирді, Абайды».
Сыр айтады, жетегіме көнбеген
Сүріндіріп жібергем деп талайды».
Біз күнде сағатты көріп жүргенімізбен, оның құндылығын аңғара бермейміз. Бәлкім, аңғарғымыз да келмейтін шығар. Әрбір сағат, минут өтіп жатқан өмір екенін есімізге алудан именетін шығармыз. Ал ақындар оған басқаша қарайды. Уақыт пен кеңістіктің мәнін басқаларға қарағанда жақсырақ түсінсе керек.
Шынында да, шығармашылық адамдарының жаны нәзіктеу келетіні әмбеге аян. Кішкентай бір оқиғаның немесе табиғаттың өзінен шабыт алады. Шынайылықтан туған әрбір нәрсе оларға ой салуы мүмкін. Дүниенің сырларына тереңдеу үңілуге құштар. Оқырманға да өзі білген сырларын жайып салуға асығатыны содан деп білеміз. «Ұйықтау» атты өлеңінде де қарапайым дүниені жаза отырып өмір философиясын астарлап жеткізуге тырысатындай.
«Күн ұйықтайды жалпақ жерге тесіліп,
Түн ұйықтайды көшелерде көсіліп.
Мен ұйықтаймын, тек сәл ғана қалғимын,
Сен ұйықтайсың балғын тәнің шешініп.
Ой ұйықтайды менің сарсаң санамда,
Жол ұйықтайды, жолаушысы аман ба?
Мен ұйықтаймын серт табыстап қаламға,
Сен ұйықтайсың, пысылдайды балаң да...».
Өмірдің кішкентай сәті ақын өлеңінде баяндалыпты. Тыным таппайтын тіршілік миниатюрасын суреттейді. Былайғы кездері мән беріп қарамайтын ұйқы деген арсыздың өзінен ой түюге болады екен. Қаламға серт еткен шайыр өмірінің негізгі тұғырын да сол қағаз бен қаламнан жасап алса керек.
«Көз ұйықтайды, ұйықтар және жас жүрек,
Сөз ұйықтайды салмағымен тас күреп.
Сен ұйықташы менің дала кеудемде,
Мен ұйықтайын иығыңа бас сүйеп», – деп, ақын өлең соңын қарапайым қорытындылайды. Сол қарапайым дүниенің өзінде бақыт пен сезімнің салмағы анық байқалады. Өмірдегі ең күрделі нәрселердің өзі қарапайымнан басталатын еді ғой. Дүйсенәлі жырында да сол аңғарылатындай.
Ақын өлеңдерінен жалғыздық ұғымы да тысқары қалмапты. Шығармашылық адамдары осы бір ұғымды айналып кете алмаса керек. Жалғыздық сөзі талай қалам иелерінің тақырыбына арқау болған. Ойлы адам өзін жалғыз сезінетіні жайлы да айтылып жүрген сөздер аз емес. Дүйсенәлі «Paradox» өлеңінде былай дейді:
«Шаттығыңды күліп тұрған Күн деймін,
Жоқ күніңді жұлдызы өлген Түн деймін.
Сені аяйтын Мен бар екем жалғанда,
Мені аяйтын кім бар еді, білмеймін...
Енді ешқашан жығылмасем, сүйесең.
Жанарыма жалғыз рет түне, Сен.
Сені ойлайтын батыл Жүрек менде бар,
Мені ойлайтын Жүрек кімде жүр екен?..».
Кез келген адам өмірде өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Әсіресе шығармашылыққа бет бұрғандар үшін бұл бір дерт секілді. Олардың жалғыздығы да ешкімге ұқсамайды. Нәзік мұңын қағазға ақтарып, сонымен сырласатын да жазарман қауым. Қаламнан төгілген көз жасы адамға өзгеше әсер сыйлайды.
«Тағат таппай көңіл құрғыр желіккен,
Сені іздейді көшелерден, көліктен.
Саған раушан ұсынатынмен бармын,
Маған ешкім гүл бермейді неліктен?
Көз алдыңда бар ма жарқын елесім...
Мен туралы не білесің, Сен, осы?
Саған арнап қарға сонет жазамын,
Маған ешкім жыр жазбайды о несі?» – деп қорытындылайды ақын.
«Ер адамның гүл сұрағаны қалай?» деп те ойлауыңыз мүмкін. Әйтсе де, шайырлардың жаны нәзік келетінін ескерсек, олар да өзіне назар аударғанды, көңіл бөлгенді басқаларған қарағанда көбірек қажет ететінін түсінуге болады.
Егер ақындар болмаса бұл әлем қалай боп көрінер еді? Оны көзге елестету қиын шығар. Әрнәрсені ең алғашқы боп қабылдайтын, түсінетін, сезінетін және оны жыр ғып ақтаратын ақынның жаны да жүрегі сияқты тілім-тілім болуы мүмкін ғой. Кірлеген қоғамның бар шаңын жұтып алып, фильтрден өткізгендей етіп сұлу сөзге айналдыратын да ақындар. Жылы сөзге мұқтаж болатын да солар. Ол үшін ақынды айыптай алмайсыз. «Сезімтал болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет пе?..» деген де ой келеді. Өлеңнің тууы да оңай құбылыс болмаса керек. Жүректен жарып шыққан әрбір сөз құндақтағы сәби секілді ақын үшін қастерлі. «Мезгіл айнасындағы адам» өлеңінде де көп сыр ақтарылғандай.
«Тас қабырға.
айна алдында сол адам, ары-бері қараған.
Шашын көрді, ағы да бар, қарасы,
Бұрынғыдан азайыпты, қарашы.
Көрді көзін баяғыдан суалған,
Ойнақ салды мұң арлан.
Қасын көрді қасқа жолдай таралған,
Сонда жатты өкініш пен бар арман.
Жүзін көрді, тағдыр сурет салыпты,
Жағын көрді, бұрынғыдан солыпты...».
Ақын өмірдің адамды қажытатынын, уақыт алға озған сайын ол да тоза беретінін меңзейтіндей. Соның бәрін көңіліне түйіп жүрген шайыр көкейінен сөз қылып шығарыпты. Сыры мен мұңын ақ қағазға ақтарып ақжарыла сөйлепті. Көңіліндегі күпті ойды көркем баяндапты. Бұл өлең жырдың қара нары Жәркен Бөдешке арналған екен.
«...Сол жалғыз сөз «Жайыр» деген сөз еді,
Жаттан құшақ айыр деген сөз еді,
Сол жалғыз сөз тамырларын тепкілеп,
Сол жалғыз сөз көмекейін езеді...
...Сосын ақын түрегеліп алды да,
Айна алдына ақсаң басып барды да,
Осы айнамен көрсем деді жүрегін.
Есі дұрыс тілек пе екен бұл өзі?..» – деген ақын Жайырдан шыққан жыр данышпанының уақыт айдынындағы бейнесін дәріптеп, дәл суреттейді.
Ақын жанын түсіну қиын деп жатады. Бұл сөз жайдан-жай айтыла салмаса керек. Мұңая білетін және одан ұялып, қымсынбайтын ақын жаны шынында да қызық. Сәл нәрсеге баладай ренжіп, кейде бүкіл әлемнен баз кешіп кететін де кездері болады. Оны ақындар жырларында баяндап отырады. Шыныдай нәзік болмыс шырт етіп шытынайтыны да заңды сияқты. Ақындар, бәлкім, біз көре бермейтін ақиқаттарды біліп отыратын шығар. Түйсігі арқылы түсініп, соны адамзатқа жеткізуге тырысатын болар, кім білсін. Ақылдан бұрын, жүрекпен ойлай білетін де ақындар екені анық.
«Таразысы кімнің өлшеген,
Жүрекке түскен азапты әр.
Сезем де соны, теңселем...
Ышқына соққан мына жел,
– Жел емес, біле білсеңіз,
Еңіреп тұрған қазақтар.
Көзіңді немен сүртесің,
Қас-Сақтың шемен ғасыры.
Жартасты соққан бұл толқын,
– Толқын емес, білсеңіз,
Кеудемнің ыза-ашуы».
«Қызыл қар» өлеңінде осындай жолдар бар. Халық тағдыры мен тарихына бейжай қарамайтын ақын оның қасіретін де өз жүрегінен өткізіп жырлайды.
«Есірік дауыл жол қамай,
Қызыл қар жауды қыс күні.
От бишік атқан найзағай,
– Найзағай емес, білсеңіз,
Жанымның жалғыз ұшқыны», – дейді ол.
«Анама» атты өлеңінде де ақын қарапайым сөздермен күрделі сезімдерді ортаға салады. Бұл жырдан да өксік пен мұңды, шерді байқауға болады. Сонымен бірге анаға деген асқақ махаббат көрініс тапқан.
«Білем, білем сені өртеді сан түрлі от,
Уайымға түстім, ана, сенсіз көп.
Мен ауылдан кеткен кезде жастау ең,
Енді міне, шыға кепсің кемпір боп.
Ойхой, ана, сен әнімсің, сен – өлең,
Жымысқы жыл жүйрікеді не деген?
Уақыт дейтін сол ессізге жолықсам,
Жас күніңді сұрап алып беререм».
Ана туралы жыр жазбаған ақын жоқ шығар. Бұл өлеңде ақын бәріне аян сезімді жырлай отырып, өзіндік ерекшелігін де көрсеткен. Уақыт жүйріктің адамдарға қалай әсер ететінін сенімді суреттеген.
Дүйсенәлі «Хайкулары» да оқырманға философиялық ой салады.
«Шын дәруіш болдым нақ,
Шыққан күнді құшақтап,
Батқан күнге қол бұлғап.
Қала тұр беймазаән салып,
Ең соңғы қонағынұзатып,
Алғашқы тұрғынын қарсы алып».
Бұнда да ақын өзі түсінген сырларын өлең тіліне көшіріп, адамдарға ұсынғандай. Сезім мен ойды үйлестіріп, табиғатпен тілдескендей.
«Күз келсе ғұмыры бітетін,
Өмір – ең ащы шарап қой,
Жалқы рет көтеріпішетін.
Тағдырым ертеңгі жолға алаң,
Арудың жанындай әсерлі,
Жиырмаға әлі де толмаған», – дейді ақын.
Ақын тынысынан оның өмірлік ұстанымын білеміз. Қаламға серт бергеніндей, асыл сөзге қызмет етуді көксеген шайыр шығармашылығы өз оқырманын күттірмей, жыр қайнарын ақтарып жатыр. Дүйсенәлі өлеңдерінен әркім әртүрлі ой түйер. Біреу одан өзін тапса, енді бірі бүгінгі адам баласының ішкі сезімдерін көруі мүмкін. Ақынның қиял кеңістігі де түн секілді тұңғиық. Әдебиет айдынындағы шайырдың осы алаңда ізін бақылап жүрген өз оқырмандары бар. Олар тек жақсы жырдан дәмелі. Бұны шайырдың өзі бізден тереңірек пайымдаса керек. Ал біз оған тегіне жалғанған «ақын» деген абыройлы сөзге адал боп қалса дейміз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.