Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Жәнібек Қожық. Маңғыстау - құтты мекен, тұнған тар...

29.03.2024 2732

Жәнібек Қожық. Маңғыстау - құтты мекен, тұнған тарих 12+

Жәнібек Қожық. Маңғыстау - құтты мекен, тұнған тарих - adebiportal.kz

Маңғыстау сапарында тарихшы, өлкетанушы Жәнібек Қожық мырзамен ел мен жер тарихы жөнінде сұхбаттасқан едік. Сұхбаттың бірінші бөлімі порталымызда Маңғыстаудың өзге өңірлерден өзгешелігі көп деген тақырыппен жарияланған болатын.

- Жәнібек аға, ендігі әңгіменің ауанын жылқыға таман бұрсақ. Республикалық, халықаралық деңгейде жүзден мың екі жүз шақырымға дейінгі алыс қашықтықтарға ұйымдастырылған аламандарда Маңғыстау жүйріктері ешқашан бәйгенің алдын бермей жүргеніне ел-жұрт куә. «Адай жылқысы», «Көкмойнақтың үйірі» деп аталатын шөлге төзімді, жүріске шыдамды жылқы – осы Маңғыстау өңірінің төлтума тұқымы. Авторы белгісіз «Көкмойнақтың үйірі» жырындағы:

Белдеуінде әр үйдің,

Таң аспаса көкмойнақ –

Ол ауылдың несі артық,

Сырлаған сары моладан? – 

деген жолдардың өзі жайдан-жай айтыла салмаса керек-ті. Адай жылқысын мұндағы жұрттың ғасырлар жүзіндегі үздіксіз сұрыптауы нәтижесінде қалыптасқан ерекше тұқым десек болатын шығар?

- Әрине, сөзсіз солай деуге болады. Адай жылқысы, көкмойнақ – осы жергілікті жердің қатал климатына әбден бейімделген тұқымы. Тұрқы кішкентай болғанымен, шөлге, ұзақ шабысқа шыдамды. Осы тұқымның жылқысы кеше ғана 1300 шақырымдық қашықтықта бірінші келген жоқ па? 

Сөйтіп шыдамдылық бойынша әлемдік рекордты жаңартып отыр. Міне, біздің жұрт осындай жылқының күші мен тиімді қорғаныс тәсілдері арқылы мына байтақ жерді, ондағы қалың елді қорғап, аман алып қалған. «Неге жау басып ала алмады?» - дегенде, ең алдымен климаттық жағдайды, сосын өзге де ықтималды мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білген деуге болады.

Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыста біздің елден майдан қажеттілігі үшін біздің елден жылқыны көп алған. Бұл соғыста осы өңірден шыққан азаматтар көп ерлік көрсетіпті. Бірақ қызыл үкімет біздің елді «банды адай» деп атаған себепті, азаматтарымыздың көрсеткен ерлігі лайықты бағалана бермеген. Яғни Кеңес Одағының батыры атағын көп бермеген.

Айта кетерлігі, орыс зерттеушілері: «Бұл халық неге қайтпайтын қайсар, неге жаужүрек өжет болып келеді?» - деген сұрақтың жауабын табу үшін соғысқа дейін де, одан кейін де ізденіс жүргізген екен. Ақыры олардың жасаған қорытындысы: мұндағы жылқының етін жеп, сүтін ішіп, мініске пайдалану – олардың мінез-құлқына, рухтылығына ықпал етеді дегенге келіп тірелген. Текті жылқыны мініске, сүтін сусынға, етін азыққа пайдаланған жұрттың өзі де текті болатындығына бір-екі мысал айтайын. Осы өңірде Балуанияз Мүсірепұлы деген батыр болған. «Жау шапты, кәке!» - деп ауылға қарай аттандап жаушы бала келгенде, өзі ауырып жатса да, жүйрік құла аты бар екен, күшпен мініп, топты бастап кетеді ғой. Бұл туралы баяндалатын жыр да бар. Күші үш есе басым жау қазақ жасағын талқандап, қаза тапқан Балуанияз батырдың құласын да алып кетеді. Еліне барған соң аттардың бәрін шарбақтың ішіне қамап, қол-аяғын тұсап бекітіп қояды. Жаз шығып, шілде болады. Күзге айналады. Түрікпендердің мақсаты: құланы ақалтеке үйіріне қосып, төзімді ұрпақ алып өсіріп, адайға қарсы шаптырмақ екен. Жылқы да мұны біледі. Әбден үйренсін деп алдын ала жібермейді. Құла жүйрік осы кезде өзін жем-сусыз жаратып жүреді. Сөйтіп матау-тұсауын алып енді үйірге қосамыз деп жатқан кезде екі аунап арқырай кісінеп жіберіп, Құла бірден еліне қарай бағыт алып, аңыратады. Соңынан қуғанымен жеткізбейді. Осылайша қанша жүргені белгісіз, қаншама жаптардан өтеді. Түркімендер суды жап дейді. Өзендерден өтеді. Сөйтіп шауып отырып иесі Балуанияз өлген жерге келеді. Келсе, құлазыған түз – ел Арқаға көшіп кеткен. Құланың келіп тұрғанын иен далада аң аулап жүрген аңшылар көреді. Жануар шұрқырап кісінеп, үш айналыпты. Ұстап алмақ болғанымен, адамға келмепті. Аңшылар қарап тұрғанда, сол маңдағы биік шың бар, содан шауып келген бойы ұшқан да кеткен. Бұл – қазіргі «Құла ат ұшқан» дейтін жер. Сосын ел-жұрт құланың басын кесіп алып ардақтап көмеді. «Құла аттың басы» дейтін жер бар. Бұл оқиға ХІХ ғасырдың ортасында болған.

Кешегі соғысқа жылқы алған дедік қой. Осыған қатысты мынадай оқиға бар. Мына жерде Таушықтың қасында Сарытас деген жер бар. Күллі Маңғыстаудан жинаған жылқыны сол жерден пароходқа тиеп алып кетеді. Қазіргі Құрық немесе Ералы дейтін ауыл бар. Жиналған жылқының ішінде сол ауылдан бір текті қара айғырды да алып кетеді. Пароходқа тиеген соң қанша жүзгенін кім білсін, Астраханьға барып жетеді. Содан жағалауға жетіп, жылқыларды түсірейін деп жатқанда қара айғыр кісінеп-кісінеп жіберіп теңізге періп кеп кетеді. Теңізге кеткен адамды да құтқара алмайсың, жылқыны қайдан құтқарасың, шыға алмайды ғой. Содан оған мән бермеген. Әлгі қара айғыр сол жүзе қашқан қалпы, нешеме күндерден соң Сарытастың жағалауынан қырық қадам жерге келіп зорығып өлген екен. Жұрт қараса, тұяғы түсіп, үсті-басының терілері сыпырылып қалған екен дейді. 

Осы екі жануарға да ортақ жағдай: бірі – жаудың ортасынан шауып келіп отыр, екіншісі – теңіздің ішімен жүзіп келіп отыр. Және теңізде бағыт та жоқ қой. Астраханьнан бері кемінде үш жүз шақырым жүзіп келіп отыр. Орталықтағылар осының бәрін мұқияттап зерттейді. Сөйтіп 1952 жылы «адай жылқысын сынаймыз» деп, арнайы алысқа шаптырады. Аттың үстіне жетпіс килограммнан кем болмауы керек, адам мінгізеді. Әр алпыс шақырымнан тоқтатып қысымын өлшеп отырады. Осылайша әлгі атпен үш жүз он екі шақырымға шабады. Мыналар мың шақырымға дамылдап демалып келеді ғой. Ана ат жиырма төрт сағатта шауып өтеді. Шапқын жорғамен сыдыртып отырған ғой. Содан зерттеушілер бұл нәтижені көріп шошып кетеді. Қорытынды есепті Мәскеуге апарады. «Осылай да, осылай, қиналмай шауып өтті!» - дейді. Бұйрық: «Мына жылқыны құртыңдар!» - болады. «Мына жылқы егерде дұрыс болып кететін болса сендерге күн жоқ. Мынаны жеген халықты қайтара алмайсың. Бір жол бар: түгел қырып тастайсың, не ақырындап құртып жіберу керек», - деген пәтуаға келсе керек. Содан бастап адай жылқысы не көрмеді? 

- Расымен де бұл деген – мал тұқымына жасалған зұлмат қой! Қазақты ер қанаты атынан түсірудің нағыз қатерлі, қиянатты жолы екен-ау.

Жауға мінсем – айбарым,

Тойға мінсем – жайнағым,

Төбемдегі – байрағым,

Жанымдағы серігім,

Талыс танау көрігім,

Асылың хайуан демесең – 

Малдан бөлек келімің.

Түлкідейін түн қатып,

Бөрідейін жол тартып

Шиыр салып жүргенім.

Қаба жалдың әр талын

Тарап ұстап сүйгенім.

Сізден басқа жылқыға

Ат екен деп мінбедім,

Көлік құрлы көрмедім.

Тақымыма бір тисең,

Ағын судай гүрледім, - 

деп ақын жырлаған, Маңғыстаудың қазағына ғасырлар бойы сенімді серік болған адай жылқысының жазығы – адамына күш-көлік, қуат сыйлар дәруменді азық, көңіліне жел берер құдіретті қасиеті болып тұр ғой.

- Солай. Маңғыстау жылқысының қасиеті: екі жылқы суға қатар су ішпейді. Бір су ішкенде бірі күтіп тұрады. Басқа жақтың жылқылары бір-бірімен қатар су іше береді. Бұл да тектілік қой. 1957 жылы шана сүйрейтін салмақты жылқы керек деген сылтау-желеумен мұнда буденный жылқысының айғырларын әкеліп қосады. Ол жылқылар мекендей алмайды. Бұл жердің ащы суы мен шөбін жегеннен кейін күйі кетіп, үйірден айырылып қалады. Содан бұл тәсіл нәтиже бермеген соң Ақтөбеден көшім жылқысын, қазақтың кәдімгі қазанатын әкеліп қояды. Бұл жылқы Маңғыстаудың қысына шыдағанымен, мұндағы жаздың аптап ыстығына төзе алмайды. Содан болып, туған құлындар ермей өліп қалады. Ақыры бұл жылқылар да тұқым бере алмады. Ендігі кезек, қысастық – 1961-62 жылдардан бастап қымыз ішуге тыйым салады. «Қымыз ішпесін, уызына жарымағандықтан жылқы арық, етке тапсырамыз. Жылқыны соймаңдар, жемеңдер!» - деген тыйым салынады. Біздің жылқының тұқымы әуелден «адай жылқысы» деп аталады ғой. Кеңес билігі «адай» деген сөзі естігісі келмейді. Адай жылқысының басынан өткен қасіретті жағдай осылай.

- Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері көптеген игіліктер қолға келіп жатыр. Адай жылқысының, құмай мен тазының т.б. сақталуына мән беріліп, қайталанбас қасиеттері арқылы әлемге танылып жатуының өзі осы азаттықтың арқасы ғой. Қазақ руханиятының заңғары Әбіш Кекілбай туған топырақтан екенсіз. Жазушыны ауылдасы ретінде еске алсаңыз... 

- 1956 жылы жоғары жақтан: «Мектеп бітірген оқушы екі жыл қой бағуы керек», - деген бастама көтеріледі. Қазақта: «Үш күн қой баққаннан қырық күн ақыл сұрама» деген сөз бар. Бұл – жай айтылған сөз емес. Қазақтың қой бағып басы айналып, ауыл шаруашылығынан шықпасын, өндіріске бармасын», - деген саясат қой. Әбіш Кекілбай ағамызды да мектеп бітіргеннен кейін, осы науқан дүрмегімен қой бағуға жібереді. Аттестат бермейді. Негізі Әбіштің шын аты – Әртел (Артель) ғой. Сол заманда бұрынғы «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетіне әйгілі Шерхан Мұртаза редактор болады. 

Әбекең мына жақтан сол газетке мақалаларын жіберіп тұрады. Сөйтіп жүргенде ауылдағы жас Әбіштің «Жазушы Хангельдиннің тағы да бір ұрлығы» деген сыни мақаласы жарық көреді. Мәнісі: Хангельдин деген жазушы орыстың бір белгілі жазушысының кітабын тура қазақша мағыналай аударып көшіріп, оқиғасын қаз қалпында өзгертіп роман қылып шығарған ғой. Біздің Ондыда бір де бір орыс жоқ. Ауылда орысша білетін адам да жоқ. Бірақ тумысынан зеректігі сондай: Әбіш орысша да оқиды. Содан не керек, жас Әбіштің талантын, қалам қарымын аңдаған Шерхан Мұртаза Алматыға шақырмаққа бекінеді. Ол кезде Гурьев облысы болып жүрген екенбіз. Шерағаң Гурьев облысына хат жазып: «Әбіш Кекілбаев деген бала қайда?» - деп сұрайды. «Ол қойда жүр», - деп жауап алады. Обком, райком арқылы шақыртқан соң, Әбіш қолына куәлік алады. Осы кезде жақындары: «Әртел деген ат ана жаққа барғанда ұят болар, не деп қояйық?», - десе Әбекең: «Маған бәрі бір», - дейді. Содан Мұқыр деген ағасы: «Әбіш деп қояйық, Әртелден жақсы», - дейді. Содан бір күні: «Әртел!» - деп шақырса, қарамайды дейді. «Мен енді Әртел емес, Әбіш болдым», - деп әзілдейді екен. Әбекең дейтін – сондай қарапайым адам болды ғой. Сөйтіп Шерағаңның шақыруы арқылы Әбіш аға Алматыға оқуға аттанады. 

- Маңғыстау – ұлт руханиятының алыбы Әбіштей дара қазақты берген қасиетті өлке ғой. Бұл өлкенің қасиетін айтқанда үш жүз алпыс әулие мен Пір Бекетке, көрісу амалына соқпай өту мүмкін емес. Бұлар дағы Маңғыстау елінің өзіне тән ерекшелігі ғой.

- Үш жүз алпыс әулие деудің өзі шартты ұғым болса керек. Алғашқы әулиелер – Адам ата мен Хауа ана дейді. Үш жүз алпыс дейтін – адамның саны емес. Ешқандай шежіреші де мұны атап бере алмайды. Қауымдықтардағы анау әулие, мынау әулие деп қана атап символдық сипатта қоса берсе болады. 

Әулиелерге қатысты айтқанда, оларды Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттері деп атайды. Қараман ата, Шопан ата, Ман ата, Шақпақ ата – солардың бәрі үш жүз алпыс екі екен дейді. Осы Ақтаудан жетпіс шақырымдай жерде Қараман атаның жерасты мешіті бар.

Сол әулиелердің ең соңғысы – Бекет ата. «Пірдің соңы Бекет, ердің соңы – Есет» дейтін сөз бар. Адамдар әдетте: «Алланың бірлігін, Құранның хақтығын таныту үшін немен дәлелдейсің?» - деп жатады. Сондай бір сынаулы кезде Бекет ата аққу болып ұшып кетеді екен. Бұл – хикмет. Бекет ата мүмкін еместі мүмкін қылатын адам екен. Содан кейін ғана адамдар: «Сіздікі дұрыс екен, біз сізге құлаймыз», - деп Бекет атаға мойын ұсынған. Пір Бекеттің қасиеті ерекше ғой. Бекет атаға бір ауыз қиянат сөз айттың ба, басыңды кесіп алады. Бекет атаға Маңғыстауда ешкім ондай сөз айтпайды. Мұнда жүздеген мың адам бар ғой, бір адам баласына Бекет деп ат қоймайды. Маңғыстаудың адайы ешқашан баласына Бекет деп ат қойған емес. Себебі: «Баласын шешесі қарғайды, әкесі боқтайды. Сондықтан да Бекет деп қойып атаның атына тіл тигізбесін», - дейді. Пір Бекетті мұнда «Ата» деп атайды. «Қайда барасың?» «Атаға барамын», - десе түсінеміз. 

Үш жүз алпыс санынан қатысты, Меккеде де 360 деген сөз бар дейді ғой. 

Хорезмнің бойында, 

Маңғыстаудың ойында, 

Үш жүз алпыс әулие, 

Бәрің шайтан болмасаң, 

Қолтығымнан бір деме, - 

дейді ескіден жеткен жырда. Мұның өзі қазақы жылнамамен астасып жатса керек. Қазақта жылды 360 күн деп есептейді. Бұлардан өзге «бесқонақ» деген бар. Бұларды жылға кірмейді деп санайды. Жалпы қазіргі күні 22 наурызды «күн мен түн теңелген күн» дейді. Бұл – қате түсінік. Күн мен түн сол он төртінші наурызда теңеледі. Жыл сайын ауысып тұрады. Сол бесқонақтың ішінде, он тоғызына дейін теңеліп болады. Содан кейін 22 наурызда күн артық болады. Әбден теңелетін уақыты – 14 наурыз. Яғни он төртінен бастап қыс бітті, көктем басталды, амал басталды деген сөз. Осы кезде біздің елдің халқы: 

Жеріміз құт болсын, 

Малымыз көп болсын,

 Ақ мол болсын, 

Ел аман болсын! - 

деп көріседі. Біздің жақта бір адам тек бір-ақ рет көріседі. Мен бүгінгі күні көрістім бе, ол кісімен келесі жыл он төртінші наурыз күні көрісемін. Бір көріскен адамға бір жылда екі көріспейді. Бұл деген сөз – біріншіден, қайта-қайта көрісуге болмайтыны: әр адамның қолының микробы болады. Содан сақтану. Кешегі пандемия кезі, басқа кез болсын, сақтандық емес пе? Біздің елде: «Ассалаумағалейкум!» - дейміз, болды, бәрімен қол алысу міндет емес еді. Қазір әр өңірдің дәстүрі араласқан соң, қол бере беретін болдық. Солай қалыптасып кеттік. 

Салт-дәстүр, мәдениеттің үлкен бір көзі – дін ғой. Қазір дін бұзылды. Қазақта «Дін қожадан, күн жұмадан бұзылады» деген астарлы сөз бар. Яғни: «Күн жұма екен ғой деп сеніп қалмаңдар, е мынау намаз оқиды екен ғой, қожа екен ғой, пайғамбардың ұрпағы екен ғой деп сеніп қалмаңдар!» - деген сөз.

Бізде Маңғыстауда жүздің үстінде мешіт бар. Бұрын жеті жаста баласын сүндеттегеннен кейін қызы болсын, ұлы болсын, бәрін молдаға беріп, хат танытқан. Біздің ауыл жақта бұдан 110 жыл бұрын салынған тамдар бар. Сыры сол қалпында тұр. 

 

Біздің бұрынғы моллаларымыз білім, ғылым үйреткен. Біздің ауылда Ержан хазірет деген кісі болған, туған жиені тұрады. Ержан хазірет 1966-жылы қайтты. Сол кісі айтады: «Кәкем құран оқып жататын еді дейді. «Кәке мынау бітпей ме?» - дегенде: «Әй шырағым, бітпей ме дегенің не? Оқи береміз, бұл сарқылмайды», - дейді екен. Содан хазірет жиенінен: «Сен не оқып жатырсың?» - дейді екен. «Мен Гурьевте математика оқып жатырмын, келесі жылы бітіремін», - деп жауап береді. «Айналайын, есебіңді көрсетші?» -депті. «Кәкемнің есеп шығаратынын білемін, сондықтан: «Ал, кәке», - деп, шындап кеткенде өзім де шығара алмаймын қиындау формулаларды әкеліп бердім», - дейді. Кәкем қарап отырып: «Хехе», - деп күліп жіберді де шығарып шығарып жіберіп: «Мә», - депті. Қарасам: шығарылуы бөлек, бірақ жауабы дұрыс дейді. Қағазды алып Гурьевтегі бір ұстаз профессор бар еді, соған апарып бердім дейді. Әлгі оқытушы мұны көрген соң: «Мынаны кім шығарды? Сен емессің ғой?» - деп шошып кетті дейді. «Жоқ, осындай кәкем бар еді, сол кісі шығарды», - деп жауап қатады. Сонда әлгі профессор: «Ойпырмай, біз математиканы Мәскеуден оқып келіп едік. Мынадай шығару формуласын біздің профессорымыз үйреткен жоқ еді!» - деп бас шайқаған екен дейді. Бұл да хикмет.

- Өзіңізбен сұхбат барысында көптеген тақырыптарды қамтығандай болдық. Қай тақырыпқа барсақ та қазақылықтың қаймағы, қанда лапылдаған ұлттық рух, ұрпақтар арасындағы дәстүр сабақтастығы үзілмес желі болып тартылып отырған екен. Біздікі бір руды ерекшелеп басқадан жоғары қоюшылық емес, десек те, осы өңірді мекендеген адай елінің ерекше қайсар мінезі, өршіл азат рухы анық сезіліп тұрғандай.

- Біздің бағанадан бергі айтылып отырған нәрсенің дәнегі – біздің Маңғыстауды терең тану үшін, бұл жерде жүру үшін ел мен жердің тарихын білу керек. Біз тарихты ұмытатын болсақ, болашақ ұрпақ бізді ұмытатын болады. Сондықтан да тарихи сабақтастық ешқашан үзілмеуі керек. Адам нәрді туған топырақтан алады. Тәрбиені ата-анасы мен өскен ортасынан алады. Тағдырды маңдайға Алла жазғаннан гөрі сенің аталарыңның алған алғысы менен қарғысы ұрпағына әсер етеді. Мысалы, кейбір рулар, ұрпақтар бар: жұп-жуас адамдар, бірақ үлкен қасіреттерге тап болып жатады. Сөйтсе олардың алтыншы атасы сондай бір қатігез болған екен. Кейбір рулар бар: керемет адамдар. Байлықтың үстінде байлық, биліктің үстінде билік. Қандай жағдайда да мұртын балта шаппайды. Себебі олардың бесінші атасы халыққа қайыры тиіп: «Жеті ұрпағыңа дейін жамандық көрме!» - деп алғыс алған адам болыпты. Сосын мінген атың, ішкен-жеген тамағың – бәрі әсер етеді. Мәселен, менің екі балам екі басқа өлкеде дүниеге келсе, екеуінің мінезі, өмірлік пайым-көзқарасы екі түрлі болуы мүмкін. Туған, өскен жері, алған нәрі үлкен маңызға ие ғой. Осы тұрғыдан алғанда біздің елдің ерекшелігі бар. Қазір де адайлардың қайта-қайта көтеріліске шығып жатуы, қайта-қайта дау мен айқайдың осы Маңғыстаудан шығып жатуы – соның бәрі бұл елдің кезінде хандыққа бағынбаған, әділетсіздікке төзбеген, ноқтаға басын кигізбеген табиғатында жатыр. Сонау отызыншы жылғы Тобанияз Әлниязұлы бастаған Адай көтерілісінен кейін «адайдан бас жаққа адам алмасын» деген тапсырма болған. Расымен де өткен жүз жылда адайдан үш адам ғана облысты басқарды. Сексенінші жылдарға дейін ауданды да басқартпаған ғой. Жетпісінші жылдары облыс басқарған Тұтқабай Әшімбаевты білмей қалған. «Алақұлан» деген ру шежіремізде жоқ-ты, кейіннен қосып қойды. Алшын Меңдалиев деген кісі Тұтқабай Әшімбаевқа: «Руың кім?» - деп сұрағанда: «Алақұланмын», - деп жауап береді. «Ойбуй, біздің тумаласымыз болдың ғой, балам болдың ғой, баяғыдағы көште қалың керейдің ішінде қалып қойып еді ғой», - деп айтатыны бар. «Керей ішінде деу» де бекер емес, мынау Маңғыстаудың адайы мен Монғолиядағы Алтай керейінің бір-біріне мінездері келеді. Дәстүрі де ұқсас, біздер тамақты ортаға қойып жіберіп малдас құрып жей береміз ғой. Қазір басқа жаққа барсаң, алдыңа тәрелкеге салып береді ғой. «Мен тәрелкемен жеймін», - дейді, бірде Алматыдан «Жас Алаштан» келіп отырған журналистер. Мен оларға: «Тұра тұр! - дедім. – әуелі келген елдің заңына бағынасың. Тәрелкеге бізде кімге салып береді: алдындағы асын төгіп алмасын деп балаларға салып береді. Сосын қолында бір жарасы, болатын болса немесе қолы қалтырап төгіп-шашып алатын ауруы бар адамдар болса, әне сондай адамдарға бөлектеп береді. Ал дені сау адам халықпен бірге осылай отырып ішеді!» - десем, ана адамдар: «Ойбай тәрелке керек емес, керек емес!» - деп безек қаққаны бар. Дәстүр-салт деген – осы. Әрбір салт-дәстүрдің шығу себебі бар ғой. Мысалы, біздің елде жылқыны қадірлегенінің бір белгісі – оның басына құрмет. Әрбір сойған жылқысының басын құрметтеп, биікке қоя бермейді. Оның ішінде де иесінің қадірлейтін малының басы болады. Соны сойғанда: «Ит мүжімесін, аяққа басылмасын, кешегі тұлпардың басы ғой!» - деп құрмет көрсетіп отырады. Қар жілікке қатысты да айтар бар. Оны да іліп қояды. Қар жілікте фосфор болады екен. Оны іліп қойған себебі: кешегі жаугершіліктің заманда түнде ауылға жау шабады ғой. Сонда бірде төбенің басына кілең түйенің, жылқының қураған кәрі жіліктерін теріп алып шаншып-шаншып қойған екен. Содан төбеге от жаққанда ана жіліктер шағылысып, көп адам тұрған сияқты болып көрінгендіктен, жау сескеніп, жоламаған екен. Содан қасиеті бар деп санайды. Сосын әртүрлі микробтарды өлтіреді дейді. Кәрі жілікті есіктің босағасына іліп қоятынының сыры осында.

Ерлікке қатысты мына бір ғибратты оқиғаны айтпай кетуге болмас: Манатаның үстіне шығатын жерде, Дауыл дейтін батыр жерленген жер бар. Оқиғасын ертеректе жазғанмын. Сол Дауыл батыр жетпістен асып қалған кезінде таң намазын оқуға ақ көйлек, ақ дамбалымен шығады ғой. Таңғы тымықта құлақ түріп тыңдаса, ат тұяғының дүбірі, «Жау шапты! Жау шапты!» - деген шырылдаған дауыс келеді. Дауыс пен дүбір жақындаған сайын қоюлана түседі. Жақындаған сайын ауыл жиналып қалады. Жаушы атаның тұрған жеріне келіп жаушы құлайды. Тоғыз жасар бала екен дейді. Арқасына садақтың әлсіз оғы қадалған екен. «Не болды не болды?» - дегенде: «Ата ауылға жау шапты. Ер адамдарды өлтірді, әйелдердің бәрін тұтқындап айдап бара жатыр. Бір отыз-қырықтай адам түрікпен!» - дейді де, бала ұйықтап етеді. 

Содан Дауыл батыр ауылға: «Аттарыңды әкеліңдер, Қонайдың иығының үстіне ұран отын жағыңдар! Жан-жаққа жаушы жіберіңдер! Мен неде болса жауды бөгейін, қасыма еретін жігіттер еріңдер!» - дейді. «Жан кетсе де, мал кетсе де, ар кетпесін!» - дейтін халықпыз. Содан аттанып шапқан бойы, алдағы жауды көреді, жылап бара жатқан аналар мен бала-шағаның дауысын естиді. Сол уақытта Дауыл батыр: «Ия Бекет!» - деп ұран салғанда қолында сырығы, сырығының басында адайдың жалауы бар екен. Мұны біреу көк еді, біреу қызыл еді дейді. Сырықты биіктің басында ұстап тұрып: «Ия Бекет, я аруақ!» - деп айқайлап тұрады. Сөйткен сайын манағы жігіттердің арқасы қозады. Түрікпендерді олай шаншып, былай шаншып өтеді. Айқай-шу болып, біреулері қашып жатады. Сөйткенде түрікпеннің батыры: «Ай, анау төбедегі айқайлаған сайын мыналар құтырып тұр ғой. Ана тушыны атыңдар!» - дейді. Сөйтіп түрікпендер төбедегі Дауылды атады. Бір кезде ту құлап бара жатады. «Ойбай, ту кетті, ту кетті!» - деп Ескелді деген батыр шауып жетіп барып: «Не болды, кәке, не болды?» - дейді. Сөйтсе Дауылдың атына да, өзіне де оқ тиген екен. «Кәке, сәл шыда, сәл шыда!» - дейді де, қайта шайқасқа енеді. Адам жетіспей жатыр ғой. Дауыл батыр тағы да айқайлап тұрады. Садақ оғы үстіне қадаулы, қан сорғалап ағып жатыр. Бір кезде тағы да ту құлап бара жатады. Ескелді тағы да шауып келеді. Сөйтсе батырдың киімінің сырты қып-қызыл қан болған екен. Ақбоз атқа да жебе қадалған, шашасынан тырс-тырс қан тамып тұр екен дейді. «Тағы да сәл шыдаңыз, кәке!» - дегенде Дауыл батыр: «Жаны құрғыр шыдаса, мен шыдармын-ау! Барыңдар!» - дейді. Сөйтіп қарысып туды құлатпай тұр. Ойласаңыз, ондай сөз әлем тарихында жоқ! Ар-намысым, рухым шыдайды деп тұр ғой. Содан ақыры қазақтар жауды жеңеді. Адамдарды, мал-дәулетті қайтарып мәре-сәре болып жатады ғой. Төбенің басында желбіреп тұрған туға келсе, Дауыл батыр сабын жерге қадап сүйенген қалпы отыр екен дейді. Ақбоз аты қасында жатыр екен. «Ай кәке, біз жеңдік!» - деп жігіттер тудың сабынан ұстап қарысып қалған қолын ашады ғой. Сөйтсе батыр тудың сабын сығымдай ұстаған қалпы әлдеқашан жан тапсырып кеткен екен дейді. Жан шыдаған жоқ, өліп жатса да туды құлатпаған. Жан шыдамады, бірақ қазақтың, адайдың туы құламады. Содан батырдың қарысқан қолын ашып, жатқызып жүзін жаба бергенде аты шыңғырып жіберіп, басы сылқ ете түсті дейді. Сол кезде қып-қызыл болып күн де батып бара жатқан екен. «Арымнан жаным садаға», - дейді ғой, қазақ. Бұл – елдің мәңгілік жасымас қайсар рухы айналайын. Кешегі өткен батыр бабаларымыздың ел қорғау жолындағы осындай ерлік іс-әрекеттерін киноға өзек етіп шығаратын болса, жас ұрпаққа тамаша тәрбие болар еді ғой.

- Киелі Маңғыстаудың елі мен жері, ондағы өткен атпал азаматтар туралы кеңінен толғай отырып сұхбат бергеніңіз үшін мың алғыс, сізге, аға!

Маңғыстау деген – ақ шағыл менен аппақ нұр,

Ар-иманыңмен ақ босағасын аттап кір.

Не дегенменен тектіден туған тентектер,

Атаның салтын ананың тілін сақтап тұр! – 

деп алаштың айтулы ақыны Сабыр Адай жырлағанындай, ақ толқынды теңізді жиектеген ақ шағылдарды мекендеген, ата салтымыз бен ана тілімізді ардақ тұтқан, ар-намысты ту еткен адай жұрты, барша қазақ елі жасай берсін!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар