Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жақсылық Сәмитұлы. Ғаріптер...

08.02.2023 2053

Жақсылық Сәмитұлы. Ғаріптер 14+

Жақсылық Сәмитұлы. Ғаріптер - adebiportal.kz

Әке-шешесі қанша мәз болып далақтағанымен Сақан бұл жолы қуана қойған жоқ. Өткен күзде ғана осындай бір күннің жетіп келуін ол құдайдан күндіз де, түнде де тілеген болатын.  Енді сол орай ойламаған жерден, көктен түскендей, өздігінен жетіп келген кезде оның жүрегі кенет  қатты-қатты шаншып кетті. Бүкіл денесін түршіктіріп, буын-буынына әлсіз бір діріл жүгірді. Тынысы тарылып, көкірегі қысылып, демін зорлана әзер шығарды. Қуқыл жүдеу жүзіне темірдей көкпеңбек тап тепшіді. Сол қалпында мелшиіп отырып қалды да, сонан соң көтерем малдай орнынан созыла әрең тұрып, қабағын қарыс  түйген бойда мағдыры қалмаған дәрменсіз зілдей ауыр аяқтарын зорға қозғап, ауыл сыртындағы қара төбеге таман ақырын ілбіп, аяңдап жүрді де кетті.

Разияны жақсы көретіні де шын. Бұл маңда ел аузына ілінген бес-алты тәуір қыз болса, Разия соның бірі екені де рас. Оның анау уыз жастықтың балауса нұры ойнаған дөңгелек жүзіндегі шарасы үлкен, тұңғиық қара көзінен ұшқан моп-момын, риясыз, балғын сәуленің қас-қағым сәттік бір арбауына шырмалған әрқандай жігіт өзі де сезбестен еріксіз күрсініп қалатынында дау жоқ. Сымбатына қарасаң… Сымға тартқандай түзу, сындардай балғын дене.  Тұтас арқасын жапқан қолаң қара шаш… Бір бұрылмай кербез басып, ұзап бара жатқан жас ару… Мінезі де бір тоға. Жарасымды қылығымен жадырап үн қатады. Өңінде нұрлы арай, жылы леп бар. Күлген кездерінде дереу ду еткен бір жарқын алау көпке дейін табы қайтпай, ұзақ сөнбей күреңітіп тұрып қалады. Қай-қай жағынан қарасаң да "дұшманы кемітсін" дейтін  жас ару.

Солай бола тұрса да, бүгінгі күнде, дәл қазір Сақан үшін оның бәрі де нолге есеп. Түкке қажеті жоқ, керексіз бірдеңе. Жарым жылдың алдында ол осы бір хас сұлуға ерекше ділгер, сонша құштар, шын ғашық көңілмен: "сәулем, бұл дүниеде сенен басқа сүйетін ешкімім жоқ. Мен мәңгі сендікпін, күнім. Сен болмасаң маған мынау жарық дүние де қараң. Сен болмасаң мынау  пәни жалғанның бар қызығын тәрк етер едім",- деп, үзіліп, есеңгіреп, үздігіп тіл қататын болса, қазір оның бәрі бұрынғы сөз. Ескірген әуен. Ұмытылған сандырақ.

Бірақ, бұл Разияға деген әлдеқандай бір өкпе, реніштен туған бекім емес. Өткен күзде кісі салып, құдалық сөйлесе барғанда қыз жақтың тұлан тұтып, аузына келгенді айтып, жаушыларды қуып салғанынан қалған қыжыл, өкпе, қырыс мінезден туған егес те емес. Онан соң бұлардың былтыр күзде, малдың шелді кезінде, семіз ауыз уақытта қасарыса қалып, енді мынау көкек айында, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілуге таяған шағында, жағдайсыз бір мезгілде, көк ішек уақытта, ойда жоқта түсінен шошып оянғандай мезгілсіз бір тұста той жасауға зорлап отырғанына қам жеп, ренжіп отырған да Сақан емес. Гап басқада. Әлі жан баласы сезіп білмеген бөлек сыр, бөлек құпия. Тағдырдың ісі деген қатігез де мейірімсіз, болжаусыз нәрсе. Пәле қайдан дейтін емес… Осыны ойлағанда Сақан қолын бір-ақ сілтейді.

Ол ауыл сыртындағы домалақ төбеге жеткенше басын жерден алған жоқ. Күн жылы кезде, анда-мұнда еріккен шалдар кешкі бейуақ алдында екіден-үштен бас қосып, әңгіме-дүкен құратын мынау төбе бүгін иен. Сақан да сондай бір оңашалықты іздеп, ел көзіне түскісі келмей, әдейі саяқтап, ауылдың сыртын орай, сылбыр басып, ұзақ жүріп келді де төбе басына титығы құрып, шаршап жетіп, бір жері ауырсынып тұрған адамша кіржиіп барып отыра кетті.

Бұл алқапта, жуық маңда осы төбеден басқа бұдыр жоқ. Төрт төңірегі түгел мидай жазық болатын. Құдай тағала анау көз ұшындағы мұнар басқан терең шатқал, құлама құзды, өркеші бұлт тіреген сеңгір тауды, соның сай-саласынан жамырай келіп қосылып арқырап жатқан асау өзенді жасаған кезде қатты болдырып кетіп, осы арадан өтіп бара жатқанда қалайдан қалай пейілі түсіп, бір уыс топырақты еңкейіп қана төгіп өтіп кеткен сияқты. Осы өңірдің жалғыз төбе аталуы да сол кезден басталған болса керек.

Осы жалғыз төбеге шықсаң көз-көрім жердегінің бәрі де ап-айқын. Мына кезде селдір, жүдеу көрінетін анау өзен бойындағы қалың тоғай, өзен жағалап қоныстанған ауылдар, анау алыста, жоғары жақтағы қызыл адыр тұтас алақаныңда тұрады. Бүгін Сақан кейісті бір енжар көңілмен, болатсыз өлі көзбен көп көріністі ешбір мақсат, ешқандай нысансыз ұзақ шолып отырып кетті.  Түгелдей таныс жерлер. Бүгінгі мынадай қиналысты ой үстінде оның көз алдына онан басқа да көп нәрселер елес беріп өтті. Бәрі де Разиямен болған тәтті күндердің көрікті суреті. Әсіресе, соңғы кездері Разияны сағынған кезде, соны ойлаған шағында осы төбеде осылай бір отырып кететін. Сонда анау өзеннің әрбір тұсынан, әрбір мүйісінен от орнындай, тоқымдай ғана, кейде жап-жасыл, кейде көгал көп нүктелерді көретін сияқты болатын. Солардың арасынан ең алғаш бір кезіккен түнгі, басқа барлық көгалдардың бәрінен жасаң, бәрінен ыстық көрінетін бір нүктені көп іздейтін. Сол бір түнгі көп нәрсе… Разияның уылжыған жүзі, жұп-жұмсақ білегі, оттан ыстық дем… Сүттей жарық айлы түн. Иә, үлкен бір талдың түбі. Бұлардың үстіне аспан перісі аппақ күміс теңгелерін шаша салған тәрізді болатын. Сол сәтте ол екеуі де бейне бір сілеусін тектес, түз тағысындай жүректі еді…

Ақыры Разияның әкесіне жаушы жіберілді. Сақанды олар да әбден білетін. Өз алақандарында өскен бала. “Әкең кім? Шешең кім?” дейтін де біреу емес.  Кемпір мен шал оңаша шүңкілдесіп көрді де: “Жарайды. Разияның өз теңі. Құдай ғұмыр беріп, бақтарын ашсын. Бірақ, а дегеннен етпетімізден түскендей болмайық. Қызынан құтыла алмай отыр екен демесін. “Туған-туыс бар, ағайын-жекжат бар, ақылдасып жауабын берейік”, - деп, "қайтара тұрайық” дегенге тоқтады.

Дәл осы ақылдасу кезінде ойламаған жерден қырсық шықты. Мәдени революцияның қызып тұрған кезі ғой. Сақанның әкесі Бекбайды күреске алатын болды. Ел күрес дегеннің не екенін жұрт артынан білді. Бұл олар өздері білетін қазақша күреске ұқсамай шықты. Оңаша, құпия  жиыннан екі иығын жұлып жеп, ентігіп оралған бір топ белсенді – қызыл жең белгі таққан хоң вей биңдер көздері қанталап кіріп келді де мәжіліске деп шақырылған көп адамның ортасынан Бекбайды тауып, жағасынан сүйреп, алдыға алып шықты.

Шпионсың.

Совет одағынан, Хрущевтен хат алғансың.

Дереу мойында!- деп зірк-зірк етісті.

Өскеменде, Зайсанда туыстарым бары рас. Хатты солардан алғанмын,- деді Бекбай дауысы қалтырап.- Хрущев дегенді білмейді екенмін.

– Міне білме!- деді бір хоң вей биң жуан жұдырығымен қойып кетіп, оның аузы-мұрнынан қанды дыр еткізіп.

Күрес дегені осылай басталды. Белсенділер Бекбайды түн ортасы ауғанша сұраққа тартты. Ойына келгенін істеді. Ала көлеңке сығырайған шам жарығында, кейде тіпті әдейі соны да сөндіріп жіберіп, қараңғыда тепкіледі…

Разияның әкесі момын, жуас адам еді. Шошып кетті. Үйіне қайтып келді де кемпіріне үрейлене сыбырлап:

– Әй, осы Бекбай шынымен шпион сияқты. Баяғыда бір орысша кітаптар оқып жүретін… Пәледен аулақ. Разияны жыламайтын бір жерге берейік,- деді түршігіп.

Бұл сөзге екеуі де мықты-ақ тұрып еді. Қар шеті сөгіліп, күн жылымық тартып, ел қыстаудан көшуге қамдана бастаған күндердің бірінде, Разия оңаша бір орайда шешесін құшақтап, жатып кеп жылады. Жөнін айтпай, жауап қатпай ұзақ еңіреді. Қайта-қайта құтқуырлап, айналып-үйіріліп, перғанадай шырайналып бәйек болған шешесіне ең соңында шынын бір-ақ айтты:

– Мен Сақанның адамымын. Бүйтіп қасарыса берсеңдер аз күнде не мен өлемін, не өздерің ел алдында ұятқа қаласыңдар, - деді шімірікпестен.

Шешесі селк ете түсті. Шошып қалды. Алғашында ажырая қарап, тастай қатып, сұрланып алды да онан соң қызының бұрымынан шап беріп өзіне қарай жұлқа тартып, жақындтып әкеліп, аузынан бұрап-бұрап, жұлып-жұлып жіберді.

– Бетсіз!  Көргенсіз! Жастай қағынған жүзі қара!- деді үні шықпай ысылдап. Сонан соң от басындағы көсеуді жұлып алып, басы-көзің демей асатты-ай келіп…

Өзі де таң атқанша жылап шықты. “Бұл қаншықты бүйтеді деп кім ойлаған?! Өзімде де бар. Тектеусіз, тидаусыз еркіне жіберіп… Кино, мәжіліс дегенге сеніп жүрсем…”, – деп өкінді.

Ертеңінде Бекбайға кісі жіберісті.

Бекбайдың бағы жеңді. Адамын алсын,- деді.

Бекбай көпті көрген, оқыған адам болатын. Кеше ғана көрместей болып, ат бойын ала қашқан Нұрғали семьясынан мына тұста, мынадай хабар жетуі оны қатты қуандырған. Қыстағы қаһарлы күрестің аяғы оған: “Өкіметке қарсы қауіпті адам” деп айдар тағумен аяқтаған. Құқық қорғау орындарының рұқсатынсыз осы ауылдан ұзап басуға құқы жоқ, қатаң бақылау астындағы кезі. Қазір оған қыз бергенді қойып, сәлемін алатын адамның өзі де некен-саяқ. Оның үстіне Сақан оның жалғыз ұлы. Биылғыдай, басына ауыр күн туған шақта Бекбай өз тағдырын емес, көбінде балаларының болашағын ойлап қиналатын. Енді міне ойламаған жерден… Үйінің оң жағын қызартып, ел қатарлы келін түсіре алатын  болғанына, соны естіп тұрғанының өңі яки түсі екенінің байыбына бара алмай көпке дейін мәңгіріп қалды… Асығып-үсігіп, ойдағы-қырдағы туысқандарына кісі шаптырып, тойға дайындалмақ болды.

Дәл осы кезде Сақанның жауабы Бекбайды тағы да ашық күнде төбесінен жай түскендей етті.

– Босқа жінікпеңдер. Мен үйленбеймін,- деді ол дауысы қалтырап.

Бұл қалай сөз?

Сол.

Бар болғаны осы. Сақан соны айтты да шығып кетті. Әбден амалы таусылып, дымы құрыған Бекбай ұлына ұрсып көрді. Тілді-жақты туыстарын жіберіп сөйлестіріп те ешбір жауап ала алмады. Ұлының айтатын жалғыз ауыз сөзі:

Үйленбеймін.

Онан ары мүлде мылқау, тілсіз  қалпы. Оқты көзімен ата, түксиіп бір қарайды да бұрылып жүріп кетеді. Туыс-туғанның ақыл-насихаты, әке-шешесінің өлердегісін айтып, жалынып-жалпайғаны, көз жасы да оны селт еткізе алмады. Кімге болса да айтатыны сол сөз:

Үйленбеймін.

Әбден түңілген кезінде Бекбай енді басқадан қорықты. Былтыр орталық комитеттен  жаңа бұйрық шыққан. Онда:  оқыған зиялы жастарға мән беру, солардың ішінде ауыл-қыстаққа түскен, шекара райондарға барған зиялыларға ерекше құрмет көрсету, оларды қорғау принциптері айтылған. Содан бері қолында "Зиялы жас" деген кінешкесі бар жастардың қаны жерге тимей құтырынып тұрған кезі. Тиіп кетсең пәле. Көрінеу кесір. Өткен күзде көрші ауылда ел-жұртты дүрліктірген бір оқиға болған. Бір ауылда тұрған бір жігіт, бір қыз бастауында бірін-бірі ұнатысып қалады да кейін дүздеңбектері жараспай, жігіт басқа біреумен үйленбек болады. Сол кезде бұрынғы қыз жігіттің үстінен арыз береді: "Мені алдап кетті. Қазір ауыр аяқпын" деп шағым айтып, “Зиялы жас” деген кінешкесін көрсетеді. Құқық қорғау орындары жігітті ұстап алады да ай-шайға  қарамастан он екі жылға соттап жібереді. Разия да сондай “қастерлі кінешкесі”   бар қыз.

Бұл қорқыту, қоқан-лоқы да Сақанды жібіте алған жоқ:

– Соттаса соттасын. Қайта сонысы жақсы. Он екі жыл емес, жиырма жыл берсе де барам,- деді онан ары тағы да мылқау боп, мелшиіп отырып алды.

Ақыры туыстары да тарықты. Әбден түңілді.

Апырай, мұндай тас бауыр емес еді.

Көңілі сонша неден қалды екен?!

Неге түңілді екен, байқұс бала?!- десті тұйыққа тіреліп.

Қыздың үйіне кісі жіберілді.

Құдаларға рақмет. Баланы әзірше ала алмаймыз,- делінді.

Бұл суық хабар оларға да оңай тиген жоқ. Бәрінен де Разияның шешесіне қиын болды. Тосын соққыдан есеңгіреген  байқұс ана басын көтере алмай, төсек тартып жатып қалды.

Енді бұл жақта да шұғыл да, құпия ақылдасулар жүріп жатты. Қаны сұйық кейбір туыстары тез қызынып:

– Бөзек қылатын кісіні тапқан екен Бекбай сұм. Егеске қысас қылғанда сол шпионның өзін де, өзіне тартқан анау бұзық ұлын да соттатып тынайық. Көзіне көк шыбын үймелеп, көресісін көріп жүрсін Тарымда *. Сотқа арыз берейік,- десті білектерін сыбанып.

Разияның әке-шешесі оған шыдай алмады:

– Онымен біздің қай өшіміз алынып, абыройымыз қалай аспандайды ғой деп едіңдер. Мәңгілік сүйекке таңба болады да  қалады. Оның үстіне тегінде өзіміз де оларды қатты өкпелетіп алдық. Соған әдейі қырысып отыр. Бізге енді басқа емес, өз бетіміздің ұяты мен қызымыздың болашағы қымбат. Сол үшін көнейік бәріне. Шама келсе ешкімге сездірмей, қызды құтты ұясына көшіріп апарып  тастайық. Тас түскен жерін ауыр. Елге қашып кетті дей салмыз. Тым болмаса жамандығын көзіміз көрмесін,- десті қинала отырып.

Екі құданың бірі өзеннің ар жығында, бірі бер жағында болатын. Өзеннің мұзы әлі түспеген мына кезде,  тіпті, “әй”  дейтін жер. Сонымен бір күні кеште өгіз арбаға орын-көрпесін, азды-көпті жасау-жабдығын салып алған екі-үш қыз-келіншек Разияны Бекбайдың босағасынан аттатып, бір-ақ қайтты…

Қаңқ-қаңқ еткен дауыс Сақанның ойын бөліп жіберді. Жалт қарады. Екі қоңыр ала қаз. Аяз, суық болса да осы жақта бірге қыстап қалған. Қанаттарын тең сермеп, тең қалықтап ұшып барады. Қазір жаз мысалы. Көктем нышаны. Табиғат көктемінің ғана емес, бүкіл тіршілік атаулының жаратылу, көбею мысалы. Бақыттың, шаттықтың символы. Бірақ, Сақан басынан үріккен бақыт…

————-

* Тарым-Шыңжаңдағы әйгілі жаза лагері.

Сақан ауыр күрсінді. Жылап алғысы келді. Көзінде бір тамшы жас жоқ. Бәрі сарқылған.Таусылған. Аз жылады ма?! Қыз емес, жігіт басымен талай түнде кірпік қақпай, талай жастықты шылқа ғып шылқытпап па еді?! Ол өткен кез. Бастабында солай болған. Ал қазір бәрі тандыр боп тартылған, кендірі кесілген тұсы. Ешкім білмейтін, бір құдайдан басқаның бәріне тылсым, өз құпиясы.

Төбе басында Сақан көп отырыпты. Аяқ-қолы мұздап, денесі қалтырай бастапты. Ол орнынан созылып әрең тұрды да, тағы да дәл баяғысындай, құдайдың зорлығындай еріне, сылбыр басып, үйіне қайтты. Жақындағанда ғана байқады. Ауланың маңайы адам ба, мал ма, көп қараң-құраң. Анау шөп қораның түбіндегі қара шоғыр ойдан-қырдан келген туыстардың ат-көлігі болу керек. Маңай түгел қарбалас. Асхана жап-жарық. Үйде де, сыртта да гуілдеген дауыстар. Той қамы. Өз аяғымен келген қадірсіз келін Разияның әлегі.

Сақан тісін шықырлатып қойды.

– Үй, сен қайда жүрсің? Бағанадан сені іздеп жатыр.- деді біреу кенет дәл қасынан саңқ ете түсіп.- Қызық екенсің өзің. Қор қызындай бұралған қалыңдығың анау  жолыңа төрт көзімен қарап, сарғайып отырған. Ал сен сенделіп мұнда жүрсің.

Сақанның жүрегі қатты шаншып өтті. Ажырая суық қарап еді, той дайындығымен жүгіріп жүрген жеңгелерінің бірі екен. Оған үн қатпай, ілгері жүріп кетті.

Бір қызығы бұл жолы оны елеп-ескерген ешкім болған жоқ. Әуелі әкесі де өз алдына жінігіп, той қамымен айналысып, басқаның бәрін ұмытып кетіпті. Тіпті кеше ғана : “Былтыр бұлданып бермей қойған қызын биыл нағып бере қалатын болған. Ала алмаймын. Қапқа салып қойсын маған десе”, - деп шалқыған, кейін шалының так-тагімен ғана сабасына түскен шешесінің бүгінгі қуанышында да шек жоқ. Келінін қуана құшақтап жылап жіберді. Маңдайынан сүйіп, бауырына басты. Алғашқы қадамына шын жүректен бақыт тіледі.

 

11

 

Разия талығып барып қатты ұйықтап кеткен еді. Әлдененің тықырынан шошып оянды. Иен үйде жалғыз жатқан.  Өзінің бөлек отауы. Әлем-жәлем, көздің жауын алатын жас отау. Жаздыгүні жап-жасыл талдың басындағы құрқылтайдың ұясындай оңаша, жайлs бөлме. Бірақ көңіл құрғыр тыныш емес.  Жүрегінде бір күптілік бар. Тойдан бері бірнеше күн өтсе де Сақан әлі мұның маңына жуыған жоқ. Кей күндері түскі тамақта бірге отырып қалғанда да мұнан көзін қашырып, жерге қараумен болады. Онан кейін лып етіп шығып кетеді де сонан ары қарасын да көрсетпейді. Мұнымен әлі тілдескен де жоқ.

Разия таң қалады.  Не сыр бар екен мұнда? Әлде Разияға өкпелі шығар. Бірақ мұның Сақан алдында қылдай жазығы жоқ қой. Ал, үлкендердің жұмысы деген ол басқа нәрсе. Оны түсінбейтін Сақан ондай ақылсыз жігіт емес. Бәлкім, басқалай бір қарбалас жұмыстары шығып, сіңбіруге мұршfсы болмай жүрген шығар. Еркектің шаруасы деген әйел көңілімен санасып жата ма?!  Деседе…

Есіктің күршегі ілінбеген, ашық болатын. Іңірде шымылдықты жартылай ғfна жауып қойған. Разия көзін ашып еді, үйге енді-енді жарық түсіп келеді екен. Аяқ дыбысына құлағын тігіп, қозғалмай жата берді. Келген адамның Сақан екенін де таныды. Жүрегі кенет дүрс-дүрс соқты.

Енді міне өзіне таныс аяқ дыбысы жақындап, бір-бір басып таяп келеді. Нақ соның өзі. Соның сылбыр жүрісі. Соның таныс пысылы. Дәл осы тұста Сақан ұмтылып келіп, сұп-суық қолдарын мұның ыстық қойнына тығып жіберіп, бір сескендірсе, қанша бұлқынып, қанша туласа да бір босатпай ыза қылса, бәлкім ол қуанғанынан жылап та жіберер ме еді, қайтер еді! Сол бір өткінші көз жасы бәрін  жуып кетер еді. Иә, қыздың көз жасы қандай мөлдір! Ол көңілдің айнасын кірлетпей тазалап, жуып тұруға арналған шипалы дәру ғой. Сонан соң сонау баяғыдағы сол бір кіршіксіз қалпына ауысқан, бабына келген құмарлық жеңген жас көңілмен орнынан ұшып тұрып, құшағын жая қапсыра құшып, қышқыл тер иісі аңқыған кеудесіне ып-ыстық тұмсығын үйкелеп, от болып жанып тұрған қос анарын оның кеудесіне жаныша басып, мойнына асыла кетуден тартынбас еді.

Разия көзін қайта жұмды. Әдейі тосын бір жақсылықты аңсап, қыбырсыз қалды. Сақанның сыбдыры жақындап, таяп келді де қайтадан алыстап кетті. “Бірнеше күннен бергі далаға жаққан оттай шалқыған ұйтқымалы мінезі үшін, бәлкім,  ол да ұялатын шығар. Соған жал таба алмай, мені қалай сендіріп, көңілімдегі өкпе-назды қалай арылтудың амалын таппай қиналып, түйткілсіп, ойланып тұрған да болар…. – деп ойлады Разия іштен тынып. Тағы біраз күтті. Оның сыбдыр қимылы әлі естіліп тұр. Төр алдындағы сырмақтың үстінде шешініп жатқан тәрізді. ”Міне қазір енді бірер секундта ол мұнда жетіп келеді де, бар салмағымен төсекке құлай кетеді. Демі дірілдеп, ентіге өзеурей, аймалай бастайды. Алаңсыз, бақытты тірлік осылай басталады". 

Осыны ойлағанда Разияның тұла бойы от болып кетті. Білектері қарадай сыздап, бұлшық еттері шымырлай бастады. Көзін ашпаса да іштей маужырап, елеңдей түсті. Бір қауым уақыт тосқанымен де қасына ешкім келмеді. Тіпті бара-бара жаңағы аяқ  дыбысы да, қимыл-сыбдыр да жоғалып кетті. Оның орнына Разияға әдейі қарысып, қысасқандай әлдекімнің болымсыз қорылдаған дыбысы естілді.

Разия төсектен басын жұлып алды. Шымылдықты жұлқа тартып, серпіп қалып еді, Сақан төр алдында текеметті жайып жіберіп, сеңсең ішікті бүркене жамылып алып, киімшең ұйқыға кетіпті.

Разияның басына ып-ыстық қан шапшыды. Дереу тұла бойын ашу кернеп, аяқ-қолы дірілдей жөнелді. Орнынын шапшаң ұшып тұрды да аппақ балтырын төсектен салақтатып, бір ауық ойға шомып отырып қалды. Бара-бара өзін-өзі тағы да сабырға шақырды. Күйіп-жанып тұрған табанын сұп-суық еденге басып, Сақанның қасына жақындады. Иіріліп ұйықтап жатқан күйеуінің үстіне үнсіз төніп, біраз бөгеліп алды.

Сақан? Сақан деймін?- деді оны ырғап оятып.

Сақан жуырмаңда ояна қоймады. Сонша тербеткенде бірақ рет ыңырсыды да, басқа үн қатпады. Оның шын оянбай жатқанын яки  болмаса бұған жорта істеген, әдейі қыры екенін айыра алмай дағдарған Разия еңкейіп, оның бетіне үңіліп еді, Сақанның аузынан арақ иісі мүңкіп тұр екен. Сонда ғана Разия “уһ” деп тыныс алды. Толып тұрған жүрегі орталағандай, кеңіп қалды. Тізерлеп отыра қалып, басынан құшақтап, бетіне бетін басты.

– Е, байқұс-ай, мас боп келген екен ғой. Достары қуанышына ортақ болып, думандатқан-ау, сірә. Сонан ішіп келгенде мазасын алмайын  деп бөлек жата салған  екен де,- деді өзіне өзі күбірлеп. Мені қандай сүйеді деші. "Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа" деген. Бекер күнәлі боласың.

Бұл кезде таң аппақ атқан болатын. Қарсы үйден ата-енесінің тұрып жатқан дыбыры да біліне бастаған. Енесі тұрып, қорадағы сиырды далаға шығарды. Нәлілі, саптама етігін қорпылдатып атасы да ат қораға бет алды. Иесін танып ат оқыранды. Сусылдаған құрғақ шөптің сылдырымен жарыса әлгіндегі тынымсыз  тыпыршыған ат тұяғының тықыры енді күрт-күрт дауысқа ауысты.

Разия да көңілі орнығып басын көтерді. Өз жүрегінің рақатты, бір тәтті күймен лүпідей соққан тынысын таныды:

-Не болған маған? Неғып осынша дегбірсіз, жеңілтек болып кеткенмін. Құдай тағала өзің кешір. Күпіршілікке жаза көрме, - деді шын ниетімен Аллаға сиына, мінажат етіп.

Сонан соң қайта еңкейіп, Сақанның кеудесін жастанып аз-кем жатты да, орнынан тұрып:

-Сақан, тұршы. Ояншы. Жамбасыңнан сыз өтіп қалады. Төсекке шығып жат, - деді қайтадан ырғап.

Сақан сезген жоқ.

 

111

 

Кейінгі кездері Разия Сақанның қылығына мүлде жіп таға алмай-ақ қойды. Бұрынғы Сақан емес. Өңі қуқылданып, жүдеу бас тартқан. Көз болаты да бөтен. Нұры тайып әлсіреген. Көзіне көзі түйілсе кеткенде ылғи жасқанып, жанарын тез тайдырып әкетеді. Ұзын бойлы, мығым, шымыр денелі жігіт еді. Кеудесін керіп, шалқақ жүретін. Қазір ол үстемдік, ондай айдын қалмаған. Денесі еңкіш тарта, еңсесі бәсең көрінеді. Сырт жағынан қарасаң жүрісі де бөлек. Бөксе тұсы шөмейіп, имеңдей түскен. Мінезі де басқа. Жұлынып, өрекпіп тұрған бұрынғы жалын жасып, жуасып, өзеуреп өлеусіреген жат құлық бар. Қабағы да бір ашылмайды. Бір ауыз жылы сөзі де жоқ. Ақыл, санасы да топастана түскен. Бұрын ол Разияның да басқа барлық әйел заты сияқты еркелетуге, біліп, көзі жетіп тұрып-ақ алдануға құштар екенін жанымен түсініп, мұның еркіне жүгіріп, көңілін аулап, әлек болушы еді. Болымсыз бір тәтті лебізімен, жымың еткен бір күлкісімен-ақ мәз ғып, өтірік болса да құшақтап, бауырына тартқан болып теңдессіз қуанышқа батыратын. Қазір оның бәрін де ұмытқан. Тіпті ондайды өмірі сезіп, біліп көрмеген мылқау, ноған, безбүйрек жан тәріздес.

Алғашыда Разия ауық-ауық жылап та жүрді. Бұл да Сақанға бит шаққан ғұрлы әсер еткен жоқ. Көрсе де көрмеске салып, мүлде елемей кете береді. Ана бір кезде мұның көзінен бір тамшы жас шықса, оның жаны бірге шығатындай болушы еді. Енді қазір…

Разия шыдай алмай орайын тауып оған бір рет сөйлеп те қалды:

- Сақан, саған не болған?- деді нараулау қабақпен.

– Маған не бопты?- деді Сақан мұның сұрауын өзіне қайта қойып.

Разия сөз таппай, жерге қарап үнсіз отырып қалды. Көзінің жасы мөлт-мөлт етіп барып жерге тамды. Бөгеліп отырып барып қыстыға, булыға жылап отырып сөйлеп кетті:

– Менің не жазығым бар сенің алдыңда? Елге қарайтын бет жоқ болып, сенің босағаңды өз аяғыммен аттады демесең… не күнәм бар, айтшы? Өзің едің ғой… Сүйемін дедің. Өртедің. Күйдірдің. Еркімді алдың. Үзіліп жалындың. Ол кезде тағдыры қыл үстінде тұратын бейшара қыз екенімді, жастықпен, ет қызуымен шалыс басқан бір қадамы, орынсыз күлген бір күлкісі, бір сәттік көңілшектігі үшін мәңгілік опық жейтін, бір жаңылғанын құдай да кешірмейтін сормаңдай әйел заты екенімді, содан осындай күйге тап боларымды мен қайдан білейін… Көкте құдай, қасымда міне өзің куәсің, айтшы қане…- деп ол басын көтеріп, жас толған көздерімен жаудырай қарады.

Сақан үндеген жоқ. Жерге қарап, тұқырып отыра берді де Разия осы сөзді айтып боған тұста я “шын”, я  “өтірік еді” деп тіл қатпастан орнынан созылып тұрды да үйден шығып кетті.

Разия аз күннің ішінде жүдеп кетті. Соңғы бір кезде Сақанды ойлап сағынған, өзегі өртеніп қызуы асқан сәтінде өзі туып-өскен әке-шешесінің мейірімді құшағы да бұған суық көрініп кетіп еді. Сондағы аңсаған ыстық ұясы осы болатын. Елдің мазағы мен табасына шыдап отырып, зарығып жеткен күйеуі Сақанның қазіргі жай-күйі мынау. Разия осы босағаны аттағаннан бергі айға жуық уақыт ішінде бір күн бірге түнеп көрген жоқ. Күн еңкейе бере болды , лып етіп, жоқ болып кетеді. Қайда баратынын Разия әлі білмейді. Бірақ "басқа бір адамы барлығы анық. Соған ниеті ауып, әбден бауыр басып алған. “Осыны ойлағанда Разия бұл дүниеден түңіліп кетеді. Өзіне өзі ренжиді. Күннен күнге жанданып, шиыршық атып, тулаған тебіні күшейіп келе жатқан, әлі көзге көрінбеген бір жапырақ шикі ет, мынау құрсағындағы жылбысқаны да, күйіп кеткенде, жазықсыз қарғап сілейді. “Бітпей қалғыр, қу тажал. Менің сорыма бола жаратқан ғой  құдай сені. Жерге түспей жатып…”, - деп түні бойы егіліп шығады. Кейде тіпті “адам дегенде осындай өзгереді екен-ау… Қойшы соны. Баласын туып беремін де кетемін бұл моладан”, - деп тісін қайрайды. Енді бірде ол ойынан тағы айнып қалады. «Келмей жатып  ажырасу деген өлім ғой. Дос бар, дұспан бар. Бір амалын тауып Сақанды жібітіп алар. Әйел адамның айласы көп. Бірде қатты, бірде тәтті дегендей. Бір септен бұл да енді дөң айбатын сыртына салып, сөйлемей қойса қайтер еді? Мұндай бәсекеде еркектің төзімі әйелдің мекерлігіне төтеп беріп, ұстамды болып көрген емес…" Осылайша ақыры ол да Сақанға сөйлемей, бір ауыз тіл қатпай қоюға іштей бекіп алған.

Бір күні түсте ойламаған жерден Сақан өзі сөйлей қалды:

– Разия, сен бүгін кеште ет асып қойшы. Мен біреуді шақырайын деп едім, - деді кенет жұмсарып.

Разия сенер-сенбесін білмей, оның бетіне ажырая қарап қалды. Бірақ Сақан көзін тез тайдырып әкетті. Разияның көзіне дұрыс қарамай, жалтарып, жапақтай берді. Мұнан ары үндемей тұра беруге Разияның да дәті бармады.

– Кім еді ол?- деді сыбырлағандай бәсең дауыспен. Сол бір ауыз сөзді сөйлегенге тамағы құрғап, үні шықпай қалды.

Сақан біраз кідіріп барып, батылсыздау жауап берді:

Еркінбек,- деді міңгір ете түсіп.

Еркінбек?- деп қайталады Разия Сақанға аңтарыла қарап.

Еркінбек жас шамасы Сақанмен шамалас, бір ауылда, бірге өскен жігіт. Бір кезде Сақан екеуі арасына қыл өтпестей тату да болған. Кейін екі дос осы Разия үшін қырық пышақ болып, жауласып, өшесіп кеткен. Мұны Разия ғана емес, бүкіл ауыл біледі. Біріне бірі қысасқандары сонша, өткен қыста Бекбайды күреске алдырған да, тіпті әкесіне қосып Сақанды ортаға шығарып, масқаралап, абыройын түсіріп, бірге сабатып, өлімші етіп сүйреп тастаған да осы Еркінбек. Өкіметке жақын кедейдің баласы. Белсенді хоң вей биң. Сол еңбегі үшін коммуна парткомы осы қыста оны бригдирлікке тағайындаған. Сонан бері Еркінбек Сақанға тізесін батыра түскен. Әсіресе, Разия осы үйге келін боп кіріп алғаннан бері тіпті де уыттанып алып еді. Қолынан келген бар қастығын аямайтын бейне танытқан. Жеке жерде де, жиын үстінде де адыраңдап, бар қаһарын Сақанға төккен. Мұнысы мұқым елге белгілі еді.

– Оны қайтеміз енді!? Татуласа салайық деп едім,- деді Сақан жасқана тіл қатып.

Разия үндеген жоқ. “Бәсе, еркек деген әйел алдында өйтіп ұзақ сіресе алмайды. Жуасығанының басы осы. Бәлкім бүгін кеште-ақ өлердегісін айтып ақталып, жалынып жалбарынатын шығар”, - деп ойлады іштей бір қуанышқа кенеліп. Сонда да онысын Сақанға дереу білдіргісі келмеді.

Кешке келе ме?- деді сәлден соң әзер тіл қатып.

Иә.

Неше адам?

Жалғыз.

“Сақан тағы да бір нәрселер айтар ма екен” дегендей Разия біраз кідіріп қалып еді. Оның айтқан сөзіне қарсы емесін сезген Сақан онан ары аялдамай үйден шығып кетті.

Ол кеткен соң Разия өзі мен өзі болып біраз уақыт үндемей отырып қалды. Жағын таянып, ұзақ ойға шомды: “Ой, Алла, не боп кеткен өзі? Ұсқыны да бір түрлі. Ажары сондай сынық. Сөзі де бөтен. Жасқанып, жасып сөйлейді. Бәлкім, қыстағы ауыр соққыдан осылай өзгеріп кетті ме екен? Бітіспес жауым деп жүрген Еркінбекті неғып әтуарлай қалды екен? Бригадир болған соң қорыққаны ма?”

Ақыры ас қамына дайындала бастады. Отау ғып шығарғанда енесі бөліп берген азғана дәні әлі қалпы құрамаған. Сүрі еті де, құрт, майы мен женті де дайын болатын. Соның бәрін алып шықты. Етті қазанға салып қойып, дастарқанын жасай жүріп, көптен бері бірінші рет ыңылдап ән де айтты. Солардың тезірек келуін асыға күтті. Олар кешіккен сайын сабыры таусылып, өзінен өзі тықырши бастады. Шыдамы таусылып, есік алдына шықты.

Бұлардың үйлеріне таяу жерде ұжымның ат қорасы бар болатын. Соның қасындағы шөп маясының түбінен біреудің қатқыл-қатқыл сөйлеген дауысы шықты. Сөз арасында әлдекім мұның атын да атап жіберген сияқты болып естілді. Разия елең етіп, құлағын тіге қалып еді, таныс дауыс анық  жетті. Гүжілдеп ұрсып тұрған Еркінбек екен.

– Сен секілді бұзықтың үйінен дәм тамақ ішуге бізге – Маоның қызыл белсенділеріне рұқсат жоқ. Үйіңе ертіп барып, шырғаламақсың ғой сен залым.- деді нығыздана тістене сөйлеп.

Бұл сөзді оның Сақанға қаратып айтып тұрғанын Разия анық білді. Бірақ Сақанның жауабының басы толық естілмей, аяғы ғана жетті:

– Дәмге шақырып тұрмын ғой. Сені шырғалап не қылады ғой деп едің. Бірге өсіп едік қой.

- Бармаймын дедім бе, бармаймын!

– Сені бір ертіп келмедің деп Разия да көптен құлақ етімді жеп жүрген. Бір сәті болмай… Соның көңілі үшін болса да…

Разияның жүрегі зу ете түсті. Шыңғырып жібере жаздап барып, аузын қолымен баса қойды.

– “Алдыңа келсе әкеңнің құнын кеш” деген ғой. Со ғұрлы, өмір бойы татуласпай өтетіндей… Мен саған жалынып  тұмын ғой.

– Айттым болды. Мен сен сияқты екі сөйлейтін ынжық емеспін. Белдессең белдесіп шыдаймын. Тірессең тіресуге дайынмын. Баяғыда анттастық емес пе?!

– Әй, Еркінтай, қойшы деймін. Ол бір өткен іс. Жастық желік, ақымақтық еді ғой.

- Ей, не деп шатып тұрсың, кім ақымақ?

– Жо-жоқ. Сен емес. Мына мен ақымақ. Мен ақымақ. Қойшы соны. Мен-ақ жеңілген болайын. Аяғыңа жығылғаным осы болсын. Үйге жүрші өзің. Дәм татшы. Разия да сарғайып күтіп отыр…

Разияның жүрегі түршігіп кетті. Аяқ-қолынан жан кете бастағандай, ағаш боп қоқиып қалды. Өз құлағына өзі сенбей, бір сәт мелшиіп, есеңгіреп тұрып барып, не заман дегенде әрең есін жиды.

Ана бір жылы осы екеуі тағы да бір рет сөзге келісіп қалғанда Разия қастарында болатын.  Сақанмен уәделескеніне онша көп уақыт болмаған бір кез. Сақан екеуі қолтықтасып, өзен бойынан қайтып келе жатқанда осы Еркінбек әдейі ізденіп, көлденеңдеп келіп, жол тосқан болатын. Шошынған Разия шетке таман ыршып барып, еліктің лағындай үдірейіп қарап тұрған. Алғашында не сөз болғанын жөндеп түсінбеген де сияқты еді. Төбелескен адамды көргені де сол болатын. Қарадай қалтырап, зәресі ұшып тұрған.

Екі арыстан біріне бірі қарсы қарап, айбат шегіп, көздерінен қаһарлы ұшқын атып, үнсіз арбасып, біраз тұрған.

– Тап сені ме?! Енді қайтып бұл жолмен жүрместей қылам.- деген Еркінбек көзінің қиығымен Разияны да шолып өтіп.

– Разия мәңгілік менікі!- деген Сақан да оның сөзінің астарын түсініп, ол да Разияны көзімен шолып,- Қыз алдында масқара болайын демесең босат жолды.

- Босатпаймын!

- Босатасың!

- Босатпаймын.

- Босатпасаң еркек болсаң ал кезегіңді!

- Кезек сенікі.

– Неге менікі. Ізденіп келген мен ғой.- деді Еркінбек нағыз еркекпін дейтіндердің жосыны бойынша бірінші кезекті оған ұсынып, кеудесін керіп, қасқайып тұра қалып.

– Разияны кімнің жеңіп алғанын білесің. Ендеше бұл жолғы кезек сенікі, - деді Сақан да қасқайған беті кеудесін керіп.

Осы арада дәл қалай болғанын Разия тіпті байқамай да қалған сияқты еді. Еркінбек Сақанға қарай атыла бергенде көзі де еріксіз жұмыла берсе керек. Еркінбектің қас-қағым аралықта Сақанды құлақ шекеден асатып жіберген дыбысын ғана естігендей болды. Көзі шарасынан шыға бақырайып кетті. Сақан  ілгері-кейін бір-екі аттап, теңселіп барып, әрең-әрең ғана құламай қалды. Көзін ашып-жұмып, басын сілкіп-сілкіп бір дем тұрып қалды.

– Ендігі кезек менікі. Басыңды иіп “аға” деп жүресің бе, әлде өлесің бе?

– Сенен өлген кісінің арманы жоқ,- деді Еркінбек оны кекеп, ерлене қасқая түсіп.

Бірақ Еркінбек бұл жолы Сақанның соққысына шыдай алмады. Кескен теректей болып, дерең етіп, құлап түсті. Құлағанда да ұшып барып, бетімен жер сүре жығылып еді.

Сақан масаттана қарап тұрып қалған. Аздан соң орнынан сүйретіліп әзер тұрған Еркінбектің сондағы түрі Разияға тым бейшара көрініп кеткен. Жақ жүні үрпиіп, екі көзі жасаурап, кемсең қағып тұрған ұсқыны  тым қораш болатын. Мұнан ары айқасуға батылы бармаған Еркінбектің алдында еркексіне қалған Сақан да оны көзге шұқығандай сұқ саусағын шошайта тұрып:

– Бұдан былай әкеңді танып жүр!- деп бір сыбап алып, Разияны қолтықтап жүріп кеткен.

– Сен таяқ жеп қала ма деп зәрем ұшып кетіп еді.- деді Разия былай шыққан соң Сақанның білегінен қыса түсіп.

– Ол да қарулы мықты неме. Бала кезден күресіп келеміз ғой. Ылғи ит жығыс түсетінбіз. Көбінде ол жеңетін. Бағана мен саған арқаланып тұрғам. Бәлкім, бұл жолы оны менің күшім емес, бағым жеңген шығар. Ол бақ – сенсің ғой, - деген Сақан мұны құшағына тартып, құлағының түбіне бетін таятып.

Сонан бері арада екі жылға таяу ғана уақыт өтті. Разияның білуінше Еркінбек сонан кейін Сақанға бетпе-бет, ашық қарсы келіп көрген емес. Тек қыстағы күрес жиынында ерекше айқұлақтанып, белсенділерді Сақанға “диктатура” жүргізуге шақырып, бақырып ұрандатқаны ғана Разияның есінде қалыпты… Бірақ ол Сақан Еркінбектің алдында дәл бүгінгідей болады деп мүлде ойламаған еді. Екі жігіттің бір қызға таласуы деген әлмисақтан бері бар әңгіме. Сонан бері қашан да жеңіп алғаны үстем шығып, жеңілгені сағы сынып, жасып қалушы еді. Енді мына тұста оның мүлде керісі болып отыр. Иә, қазір дәуір басқа. Пролитарияттың, кедейдің заманы. Бәлкім, Сақан Еркінбектің өзін қайтадан күреске алдыруынан қорқатын шығар. Оның бригадирлығынан, құқына сүйеніп, тағы да тізесін батыруынан жасқанатын болар.

Разия өзінің шықпайтын уақытта үйден шыға қалғанына, естімей-ақ қойса болатын мына сөзді бекер естігеніне өкініп қалды. Аяғын шапшаң басып жүріп кетті.

Еркінбек оның бір жек көретін адамы. Қыздарды көре қалғанда шегірлеу көздері шегірейіп, қас қабағы жыбырлап, жылмаң қағып кететін мінезінен де Разия ылғи бір жасандылық, көлгірлік сезетіндей  болушы еді. Жұп-жұқа еріндері жымпиып алып, қуланған болып, өтірік жөлерсиді. Оған қарағанда Сақан әлдеқайда салауатты жігіт. Еңгезердей денесі де кісі сүйінерлік. Жауырыны қақпақтай, жұмыр да жуан денелі Еркінбек қатар тұра қалғанда оның иығынан ғана келеді. Жүріс-тұрысы дөрекілеу, ұсақ-түйек жұмысқа, әсіресе, үй шаруасына орашолақ болғанымен қару-қайратқа келгенде Сақан бөлек-ақ. Бір дағар бидайыңды арбаның үстіне қолының ұшымен лақтырады. Ал, Еркінбек болса, жүріс-тұрыста биязы. Қашан көрсең жылмиып кеп тұрғаны. Андыз-андыз сирек шыққан сақал-мұрты да Сақандікіндей қалың емес. Қолы месекер, ұсақ-түйек нәрсенің бәріне епті болғанымен оны Разия ғана емес, ауылдағы қыздардың бәрі-ақ жек көретін. Жігіттер жайлы оңаша сырласқанда Разяның бір досы : “Қойшы соны. Ол да біз сияқты. Бар қылығы әйелден аумайды. Оның қай жері таңсық бізге. Бізге қай-қай жағынан да өзімізге мүлде ұқсамайтын, қарама-қарсы келетін, нені болса да сылап-сипап, сызылып тұрғанның орнына ыдыс-аяқты, басқа бірдеңені болса да сындырып алып, бүлдіріп тастап, аңқиып  тұратын еркектік мінезі бар жігіттер керек. Сіз, біз десіп отыратын екі әйел бір үйге сиыса алушы ма еді, тәйірі!”- деп күлетін.

Разия тап кеш батқанша ыза болды. Еркінбек сол бойы келмей-ақ қойса деп тіледі. Бірақ, дәл осы кезде Еркінбекті ертіп, Сақан кіріп келді. Бейнелеріне көз салып, барлап көріп еді, біреуі астамырақ та,  біреуі әлі сол қалпы басыңқы сезілді. Еркінбек тіпті Разияға амандасып, ілтипат білдірмей-ақ төрге бірақ шықты. Дастарқан үстінде де тұжырылып отырды. Шыныдағы шайды шайқақтатып, бауырсақты бір қолымен дастарқанға мыжып, сындырып жеді. Сақанға да жылы қабақ танытпай астам отырды.

Еркінбектің бұл қылығына Разияның ит жыны түскен еді. Мынадай басынғанына жер болып, қорланып кетті. “Әттең, ит терісін басына қаптап, сыбағасын қолына ұстатып, қуып шықса болар еді”, - деп тісін шықырлатты. Сонда да амалсыз көнуге тура келді. Жалынып- жалпайып жүріп, шақырып келген қонағын сыйламаса, Сақан ренжір деп тартынды. Бәлкім, оның да бір есебі бар шығар. Еңкеймейтін ер, иілмейтін тал бола ма?!

Соны ойлап, Сақанның ығына жығыла иіліп:

– Еркінбек, замандас едік қой. “Құрдастың құдайы бір” , “Ағайынның азары болса да безері болмайды”  деген бар. Сақан екеуіміздің саған отауымыздан бір дәм татырайық  деп ақылдасқанымызға қашан? Соның бір орайын келтіре алмай жүр едік. “Сабақты ине сәтімен” деген. Келгенің жақсы болды. Еркін отырып, ішіп же, - деді Сақанның бағанағы сөзін шындыққа шығарғысы келіп, көлгірси сөйлеп.

Соны айтты да көзінің астымен Еркінбекті баға отырды. Бірақ ол сөзі Еркінбектің құлағына кіріп-шықпағанын байқады. Еркінбек сол келген кездегі астам қалпымен, бір жібімеген бойда тасырайып отыра берді. Арақтан бір-екі тостаған қағып тастағаннан кейін ғана аздап жібіп, сөзге араласты. Сонда да Разияны әдейі кекеп:

– Разия, Сақанның бағы зор ғой. Ел бірден тартқанда бұл екіден тартыпты. Ха-ха-ха! –деді оның томпайып, білініп қалған құрсағынан екі көзін алмай, қадала қарап отырып.

Разияның басына ду етіп қан шапшыды. Ыза боп кетті. Бірдеңе деп қалайын деп оқтала берді де үндемей жерге қарап отырған Сақанға көзі түсіп, бұл да басылып қалды. “Соның қонағы ғой. Үйге келген кісіге үйдей пәлеңді айтпа. Сақан ренжімесінші”, -деді өзіне өзі тоқтау салып. Сонан соң: “осыдан бір кесел шығарып алып жүрмейін”, - деді де тамақтарын түсіріп, алдарына қойып бергеннен кейін:

– Еркінбек, апам шақырып жатыр. Қазір келемін,- деді де ептеп сыртқа шығып кетті.

Кеш боп қалған. Дала қараңғы. Мынадай бейуақ кезде есік алдында жалғыз тұрған да, біреудің үйіне қыдырып барған да ыңғайсыз еді. Ол далада жападан –жаңғыз сопайып көп тұра алмай үйге қарай қайтадан қадам басты. Есіктің тұтқасына қолын соза берді де кілт тоқтады:

– Сонда Разия сені әбден ығыр қылған болды ғой, - деп қырқылдап күлген Еркінбектің дауысын естіп қалған Разия босағаға құлағын төсеп, онан арман жақындай түсті.- Онда мені баяғыда құдай сақтаған екен. Мынадай алып денеңмен сені шыдатпағанда мені борбайына қысып өлтіреді десеңші ол пәлең, ха-ха-ха!

– Еркеш, сен қылжаққа айналдырма. Қыз кезінде қалай сүйгенімді білмеймін. Қазір көңілім сондай суып кетті. Сол су қоймаңа-ақ жіберші. Өмірі ұмытпайын. Қалған істі қайтып келген соң көрмеймін бе? Қашан босанып алғанша сот та қарамайды емес пе?- деп жәпілдеген Сақанның сөзін анық естіді.

Разияның кенет басы зеңіп, екі көзі қарауытып, сенделектеп барды да тамға сүйеніп әзер жығылмай қалды. Жүрегі қысылып барып, лоқсып-лоқсып қалып еді, аузынан қара су төгілді.

Мұнан ары олардың не сөйлескендеріне құлақ қойған жоқ. Аздан соң өзінің ауыл сыртындағы домалақ төбенің етегінде жападан-жалғыз сілейіп тұрғанын бірақ білді. Жаңа ашу үстінде, мең-зең күйде жүріп кеткенін есіне алды. Дала шытқыл, суық еді. Өзен жағалап кешкі қызыл үскірік жүріп тұр. Денесі аздап тоңазиын десе де қайтқысы келмеді. Көзінің алдында жылжып аққан ащы сораны сезсе де мынау дала оған тіпті де жарқын, басқаның бәрінен жақын көрінді. Ашық аспанда толған ай да дәл маңдайда тұр екен. Ол да жылаған сияқты. Айналасы көгілжім тартып, шарасы жасқа толып, төгіліп кетпей әрең тұр. Таныс ай ғой. Әсіресе, соңғы бір-екі жылдан бері ол Разияны жақсы таниды. Әбден біледі. Талай түн серік болғаны бар. Бұған ылғи жадырап қарайтын. Тіпті мынадай толған, нұрлы, бүтін кезінде ғана емес, Разияның өз қасындай жіп-жіңішке, сынық жүзіктей жарты шеке кезінде де сонау алыс көкжиектің шетінен сап-сары алтын дидәрімен күлімдеп, жан тарта қараушы еді. Бүгін оның да қабағы сәл. Өңінде көгілдір ме, қаралтқым ба, бір көлеңке–реніш белгісі бар.

Разия қайтерін білмей бармағын тістеді. Жүрегі өртеніп, өзегі удай ашып, көкірегі күйіп кетті. Дүниеде дәл осындай сорлы қыз да бар ма екен, сірә? Қыз кезінде кімді кім алдамайды? Ал әбден үйіне кіргізіп, оң жағына түсіріп алып мазақ ету деген. Бәсе, өзі де сезген. Мұның қасына жуымай, әдейі қашқалақтап, түн баласында үй бетін көрмей, өз ұясынан өзі жеріп жүргенінен-ақ ішін тартқан. Сол сезігі шын болып шықты. Әйтпесе өз үйін тастап, салт тұратын сонау алыстағы су қоймаға қаша ма? Иә, онда ылғи үйленбеген жігіттер, қыз-қырқындар барады емес пе?! Бәлкім солардың біреуі болды ғой. Қандай қорлық деші!  Мұнан артық жәбірлеу бол ма дүниеде?!

Елдің қыздары сияқты төркінінің еркімен келген болса, дәл бүгін қашып та кетер еді. Разияда ондай күн жоқ. Әке-шешесіне көнбей, өзі қағынып жүріп тауып алған күйеуі. Енді бүгін келіп: “Мені бүйтті. Менсінбеді. Сүймеді”, - дейін десе, оған бет керек.

Разия кешкі суықтан қалтырап кетті. Жылы үйден жалаң киіммен шығып кеткенін ол енді сезді де екі қолын құшына бүрсеңдеп, үйіне қайтты.

Үйде Сақан да, Еркінбек те жоқ екен. Үй іші керосин шамның, махорканың ащы түтіні. Оған арақтың иісі қосылып, құсқыңды келтірердей боп мүңкіп тұр екен. Жиылмаған үстел үсті де ыбырсып, қорыс-қопа.

Разия ішіліп боған арақтың бос бөтелкесін есік жаққа таман шарқ еткізіп лақтырып жіберді де не істерін білмей сілейіп тұрып барып, ыдыс-аяғын жинамастан киімшең қалпы төсекке құлай кетті. Жастығын шылқытып, ұзақ жылап жатып, сіресіп барып әбден талыққанда қатты ұйықтап кеткен екен. Оянса таң атып , ел тұрып қойыпты. Үстелдің үстінде бір жапырақ қана қағаз тұр . Сақан жазыпты: "Разия, партия ячейкасының ұйғаруы бойынша су қоймаға еңбекке кеттім". 

 

ІҮ

 

Сақан кеткен соң Разия мүлде құлазып қалды. Иен үйде өзі ғана. Оның жанына батқан бұл жалғыздық қана емес. Мына өмірден ешқандай үмітсіз, панасыз қалғандығы. Тиянағы, медеуі жоқ қараңғы бір дүниеге адасып кіріп қалып, қарадай қаңғырғаны…

Ол талай күнді жылап батырып, талай таңды жылап атырды. Кейде мына дүниеден мүлде күдер үзіп те жүрді. Бірақ ақылға салып шыдап бақты. Шешесі көп-көрім діндар адам еді. Өкіметтен қорқып, елден жасырып намаз да оқитын. Бір кезде, Разия өзінің бойында “бірдеңе” қалып қойған сияқты болғанын алғаш сезінген мөлшерде жақын бір жеңгесі оның шешесіне келіп шағым айтып: “Күйеуім қарамайды. Ішімдегі баланы алдырып тастаймын да басымды ашам”, - деп жылаған болатын.  Мұны естігенде Разияның шешесі шошып кетіп еді: “Алла сақтасын. Күйеуіңе өкпелеп, енді мойныңа адам қанын жүктемексің бе? Көзге көрінбеді демесең ол да адам ғой. Құдайдың өзі жаратқан пендесі”, - деген көзі шарасынан шығып. От басында болатын әңгіме, кеңестерде  алда-жалда өзіне-өзі қол жұмсаған біреулер жөнінде сөз бола қалса да қатты үрейленіп: “Жаратқан Алла тағалаға қарсылық қой. Күпірлік. Ондайлардың ахиреттегі мәңгілік тұрағы тозақ қана”, - деп жағасын ұстап, жерге түкіріп, иманын үйіріп отыратын. Шешесінің сол тәлімі болмаса Разия мынау иен үйде ендігі әлдеқашан өліп те алатын еді.

Уақыт деген үлкен емші аз күннен кейін оны бұл дерттен де сауықтыра бастады. Күндіз ауылдағы әйелдермен бірге далаға барып, еңбек істеп келеді де кеште көрші-қолаңдардың, замандас қыз-келіншектердің үйіне қыдырып, жоқты ермек етіп, уақыт өткізеді. Ал түнде таң атып бермейді. Босанатын уақытын есептейді. Енді бес айдан кейін не болатынын ойлап қорқады. Қайдағы бір қорқынышты елестер зәресін алады. Үрейлі түстер көреді. Айғайлап, шошып оянады. Еститін ешкім жоқ. Маңайын қарманады. Иен төсек. Жалғыздық. Суынып, жасып қалады.

Соңғы кездері Разия өз өмірінің, тұрмыс дағдысының күннен күнге өзгеріп келе жатқанын сезейін деді. Бұрынғыдан мүлде басқа, жалқы, жадау бір тірлікке үйреніп, соған көндігіп келе жатқанын білді. Қыл аяғы өз денесі де өзіне бөтен көріне бастады. Тұла бойы үзбей марғау тартып, жалқаулық иектеп, қия басуға ерінетін болып алды. Тамаққа да талғамы күшейіп, зауқы азайып, қайдағы бір жоқты көксейді. Қой еті  тіпті мүлде топырақ татып барады. « Әттең, бір жылқы еті. Шіркін, иісі бұрқырап тұратын. Соның қазысына бір тояр ма еді?! «  деп аңсайды. Кейде ойлап кеткенде аузынан сілекейі шұбырып  кеткенін өзі де сезбей қалады…

Ол қанша қайрат етейін десе де жанына батқан жалғыздықтың қасіретіне  шыдамы жетпейтінін сезе бастады. Қанша ойламайын десе де, біреудің өзіне жылы сөйлегенін, әсіресе, бір жанашыр еркектің еркелеткен дауысын аңсайды да тұрады.

Бұл мінезіне кейде оның өзі де таң қалушы еді. « Адам деген қызық болады екен-ау.- деп қоятын кейде өзіне өзі күбірлеп.- Қалайдан қалай мұншалық өзгеріп барамын. Кеп-кеше ғана байсалды, сабырлы адам сияқты емес пе едім?!  «

Өстіп жабығып жүргенде бір күні оған Еркінбек кезігіп қалды. Қасында ұжымның запхозы бар. Қойма жақтан келеді екен. Көрмеген кісі болып, жерге қарап, үндемей өтіп бара жатқан Разияның қасына қиғаш жақындай бере ол тоқтай қалды :

– Разия, мына қазы қандай тамаша, ә !- деде қосақтаулы қос қазы ұстаған  қолын жоғары көтеріп.

Бұл тұста жекелер соғым сойғанды ұмытқан кез. Жылқы, сиыр еті тек коллектвтің қоймасында ғана болады. Қазы дегенде Разия еріксіз жалт қарады. Ішектің сыртынан көрініп тұрған сап-сары ала майға көзі тұнып кетті. Ләм-мем демей, аузы аңқиып қарап қалыпты. Өзінің бұлайша состиып тұрып қалғанын ол өзі де аңғармап еді. Байқаусызда сілекейін жұтып, қылғынып та жіберді. Еркінбектің дауысынан селк ете түсті :

– Қазыны қандай көруші едің? Егер зауқың соқса, мына бір сыңарын ала кет.- деді ол Разияның ішіндені айтпай біліп тұрғандай, өзінің шайтан күлкісімен жылмың қағып.

Еркінбек соны айтты да қынанан  пышағын алып, ортасынан кесіп жіберіп, бір қанатын Разияға ұсынды.

Разия алғашында қайтерін білмей тұрып қалды. Аузының сікейі шұбырып, аңсары ауып, ындыны тілеп барады. « Алмайым « деп айта алмады. Еркінбек сыңар қазыны мұның қолына ұстата салды да жүріп кетті. Разия тұрған орнында қалтиып қалды. Қуанып кетіп еді. Тек не заманнан кейін ғана: « Бекер-ақ алғанымды қарашы. Күлкісі қандай сиқыр еді. Жек көретін адамға тап осы жолы нағып босай қалдым. Қарамай жүре бергенім абзал еді. Күйеуі жоқта қарны ашып қалған екен дер. Ол ғана емес. Еркінбектің сыры белгілі. Анау шегірейген көздерінде қашан да бір сұмдықтың көлеңкесі ойнайды да тұрады. « деп ойлады ол үйіне қарай көңілсіз аяңдап келе жатып.- Екі жылдан бері сөйлемей кетіп еді. Бүгін нағып әукесі түсе қалды екен? Әлде әнеугүні Сақанман шынайы жарасып қалып, бұрынғының бәрін ұмыталық десті ме екен?! Ондай болса екі еркектің арасына бір әйелдің тікен болуы деген де ұят шаруа. «

Қалай екені белгісіз, осыдан бастап Еркінбек  Разияға бұрынғыдай емес, жылы бір қабақпен қарап жүрді. Ары өтіп, бері өткенде бір ауыз тіл қатып, кейде аздап қалжыңдап та қоятын болды. Біраз күннен кейін Разия да жіби бастады. Түксиіп, тосырқағанды тастап,  бұл да жүзін жылыта, жақсы лебіз байқатты. « Шынында не бар? Күйіп кетекн түк жоқ. Ол өзі қасарыспаса, кешпейтін ештеңе болмауға тиісті. «

Бұл кез көктемгі егістің бір қарбалас тұсы болатын. Қар суынан пайдаланып тұқым сіңіріп қалуды міндетіне алған тракторлар күн-түн демей атыз басында гүрілдеп жатады. Ауылдың басқа еңбек күштері де тайлы-таяғына дейін атыз-арық жұмысының сан алуан салаларымен өздерінше әлек. Разия да солардың қатарында қарулы жігіттер, қыз-келіншектермен бірге арық аршып, топырақ күрейді. Әбден болдырып, шаршап қайтады. Бес-он минут дем алып отыра қалса, күн шуаққа жасығы жібіп, қалғып кетеді. Езуінен аққан суды да байқамай, ешнәрсені сезбей бір сәтке болса да сеспей қатып, рақат күй кешеді. Кешке жұмыстан қайтқанда қарны томпая, шалқая, мамырлай басып, елдің ең соңында келе жатады.

Бір күні осылай жалғыз келе жатқан Разияны астында торы жорға аты бар Еркінбек қуып жетті. Борпылдық бос топырақты шаңдата тайпалтып, қасынан өтіп бара жатты да кенет атының басын іркіп:

– Қалай, Разия, қиын ба?- деді ат үстінен еңкейе мұның өн бойын шолып өтіп.

– Көктен жаңа түскендей сұрайсың ғой,- деді Разия қабағын шытынып.

– Әй, Разия, сен босқа ашуланасың. Мен саған жаным ашып айтамын. Сенің жүрегің тас болғанымен менікі ет қой. Егер қиналып жүрсең басқа бір оңайырақ жұмысқа орналастырайын деп ойлағам.

Разия үндеген жоқ. Сөзді  Еркінбек жалғады:

– Жарайды онда. Ертеңнен бастап тракторшылардың асханасына барып тамақ істес. Жалғыз емессің. Қасыңда тағы екі қыз бар.  Қайткенмен үй жұмысы. Жеңілдеу ғой. Келісесің бе?

Разия Еркінбектің бетіне сынай қарады. « Әдейі алдап, мазақ қып тұр ма!? – деп еойлап еді. Оның көзінен риясыз шын сөйлеп тұрғанын таныды да ақырын күрсініп қойды.

– Рақмет,- деді бәсең үнмен.

Асхананың жұмысы шынында да жайлі еді. Арыпталасқан ауыр еңбек емес. Бәрі де қолдың ұшымен, еппен бітеді. Бойың да жылы тұрады. Анда-санда бірер минут қалғып, мызғап алуға да әредік бар. Әсіресе, күніне үш уақыт үйіңе барып, от жағып, бықсып отырмайсың. Жападан- жалғыз шошайып отырып ішкен тамағың май болса да кеңірлегіңнен өтпеуші еді. Онан да құтыласың. Кейде тіпті  жатақтағы қыздардың қасына қонып қауыңа да болады. Осыларды салыстыра келіп Разия бір сергіп, қунап қалды « Мұнысы да көрім болды. Асылы Сақан бірдеңе деп кеткен ғой. « деп бір ойлады. Онан соң тағы  бір ой туды: « әй, кім біледі. Соның өзі әуелі… Әнеугүнгі сөзі рас болса… Соны қай қырымен айтты екен?… « деп бір толқыды.

 

Ү

 

Бұл күндері бір бригада мың гектарға дейін жер жыртып, тұқым сіңіруге міндетті етілетін. Одан күзде қанша өнім алынатынымен ешкімнің көп қатысы болмайды. Әйтеуір жер жыртылып, тұқым сіңірілсе  сол есеп.

Мына Еркінбек басқарып отырған бригадаға жіберілген екі трактор күн-түн демей, бір тынбай екі ай жүргенде  сол  жоспарды әрең орындайтын. Ал бұл  міндет ең алдымен тракторшыларға қатысты шаруа.

Осынау меңіреу сахараға трактордың а деп келе бастағанына да әлі он жылға жетпеген кез. Бұл елдің ат бұлық пен өгіз соқадан шындап, құлан таза құтылғанына  да бір-екі жыл ғана болған. Сондықтан бұл кезде тракторшы болу деген бұл ауылда құдайдың құлағын ұстады дегенмен бап-барабар. Оның үстіне « түу «  деген түкірігі жерге түспей тұрған кедейлер үстемдігі  қайдағы бір шылғи-шұнақ кедейдің оқымаған, саңлаусыз надан балаларына техниканың тізгінін ұстатып қойғандықтан бүкіл бригада болып соларға құрдай жорғалайтын кез. Бірақ бір есептен олардың бабы да қиын емес . Бәрінің ақылы тамағында. Әйтеуір ебін тауып,  кеңірдегін тойғызсаң соған мәз. Ал бір күні құрсағы орта болса, көздері шадырайып, шалқасынан түседі де ешкімнің сөзін кәперіне алмастан тракторды доғарып тастап жата береді. Кедей балаларына сөз өтіп, сот жүрмейді. Осы шартқа әбден сыралғылы болған бригадирлер бәйек болып, тапқан-таянғандарын солардың аузына төсеп әлек болмасқа амалы жоқ. Елмен бірге ішетін үш уақыт тамақты былай қойғанда әр екі сағатта бір рет тақта басына да тамақ, сусын тасылып тұратын.

Разия алғашында күндізгі сменада істеп жүрді де бір аптадан кейін түнгі сменаға ауысты. Қырсық болғанда дәл сол күні трактор да сонау шеттегі алыс бір өңірді жыртуға кеткен еді. Оның үстіне кешке таман күн желдетіп, аспан әлемінде қап-қара бұлттар жөңкіліп, көзге түрсе көргісіз масыл қараңғылық басты.

Разия асхананың алдына шығып қарап еді, түн райы сондай қорқынышты екен. Соған орай трактордың түнгі жарығы да анық көрінбейді. Анда-санда  көк жүзіне бозамық бір сәуле тарап барып, қайта сөніп қалады. Бар белгі сол.  Екі арада бірнеше қырқа бар. Трактор соның ар жағындағы сары қобыда жүр. Төте баратын даңғыраған жол да жоқ. Бергі бір қырқаның үстінде  құмырысқаның илеуіндей қалың төмпеш–зират жатыр. Баяғыда бала кезінде, ойнап жүріп бір рет барғаны бар. Онда күндіз еді. Және бір топ бала болатын. Үркектеп қорқа жүріп, аралап көрген. Бірнеше ескі бейттердің бетағашы көрініп, үңірейіп жатқан. « Егер түнде бұл араға қыздар келетін болса, өлген адам көрінен шыға келіп, шақпақ шағып, от жылтылдатады екен. Анау беті түскен солардың бейті. « деп мұның сырын білетін ұл балалар бұларды әбден сендіріп еді.

Осыларды ойлағанда Разияның жүрегі дүпілдеп кетті. Бір таңда бір емес, екі рет бару керек. Бүгін ғана емес, ертең, бүрсігүні… Қайдағы бір кесірлі тақтаның дәл осының кезегіне келгенін қарасаңшы. «Қорқамын, бармаймын « деудің реті жоқ. Онда бұл жұмыстан кету керек. Бірнеше түнгі қиыншылығы болмаса, таптырмайтын жатымды жұмысты қиып кету  ол да қиын. Осында келгеннен бері өзі де көңілденіп, ауыр ойдан арылып, иығы көтеріліп, сергіп қалып еді. Кешке дейін адам үзілмейтін асхана тіршілігі адамға басқа қиял ойлатпайды. Енді міне бүгін қырсық болғанда ай да жарық емес. Бұрын басқа қыздар түнгі сменаға тамақ апарғанда бірлесіп барушы еді. Кейде Разияны да ертіп алатын. Бүгін жанындағы екі қыздың екеуі де жоқ. Біреуі ауырып, дәрігерге қаралуға кеткен. Енді бірі базарға кетіп еді. Кешке дейін үлгіремін деген. Әлі келмеді.

Разия күрсініп қойды. Бір қолына прожекторын ұстап, бір қолына тамағын алды да үйден шықты.

Асхана қыстақтан алыс, егіс алқабының бір шетінде, ауаша дөңсімалда болатын. Бір жақ шеті түңкелі қалың ши, қараған, тобылғы. Әлі нуынан арылмаған қалың қопа. Трактор жыртып жатқан тақтаға бару үшін осы жалпақ шилі өзекті ендей кесіп өтіп, арғы қырқаға шығу керек.

Разия есік алдында тағы біраз бөгеліп, ойланып тұрды да, тәуекелге бел байлап, шапшаң адымдап жүріп кетті. Айнала тастай қараңғы. Барған сайын қатайып келе жатқан жел екпінімен ызыңдаған қараған, бұтаның басы немесе өткен күзден қалған, әлде қандай бір дертпен ұш жағы жартылай сарғайып, жансызданған жылан қияқтың дызылдаған дауысы үрейлі үн қатады. Көк жүзін тұтастыра, қалыңдап қаптап алған қара қошқыл бұлттар да барған сайын төмендеп, ауыр зілмен төніп келе жатқан сияқты. Тілсіз, көзсіз, мылқау бір алып нәрсе еңкейіп, жақындай түскендей. Дымқыл, салқын демі де ап-анық біліне бастайды.

Разия жан-жағына жалтақтап, қарадай үркектеп, аяғын жылдам-жылдам  басып, ұшыртып келе жатыр еді. Кенет алдынан, жап-жақын арадан қараған, бұта су-су қағып, ши бастары сыбдырлап барып, сонан соң бірдеңе тасыр-тұсыр ете қалды. Ол жүрегі зу ете түсті де іркіліп тоқтай  қалды. Өзіне қарап бір нәрсе атылып келе жатқандай. Әлде қандай бір жыртқыштың үрейлі азуы ақсия арс еткендей, жез тырнақтары сорайып, шеңгелін жазып жіберіп бүре түскелі ұмтыла тап бергендей түршігіп қалды. Қорыққанынан дауысы да шығып кетті. Қолындағы прожекторын да сөндіріп алды. Бір қолындағы шелекті лақтырып жіберді де жығыла-сүріне асханаға қарай қашты.

Бір тәуірі онша ұзамаған екен. Есіктен аттады да жығылып түсе жаздап барып, қазандықтың жанындағы діңгекке сүйеніп тұрып қалды. Алқына дем алып, әлсіреп, буыны құрып, былқ-сылқ етіп, діңгекті құшақтай берді.

– Не болды, Разия?- деген бір дауыс естілгенде ғана селт етіп, есін жиды. Өзінің бір пәледен құтылғанының шын екеніне де енді ғана көзі жеткендей болды. Мойнын бұрып қарап еді, Еркінбек екен. Дереу  өзінің жаңа осында не істеп келіп тұрғанын есіне алып, енді басқа бір уайыммен жүрегі сыздай жөнелді. Қолындағы шелегі, тамағы далада қалған. « Құдайдың қаңғыртқаны-ай, зіркілдеп, ұрсып мазамды алады-ау. « деп қорқып еді. Еркінбекке жалт қараған көзінде де сондай бір үрейлі, шарасыздық нышан бар. Осыны ол да дереу сезе қойды:

– Бірдеңеден қорқып келгеннен саумысың? Менің кіргенімді де сезбей, діңгекті құшақтап, сілейіп қалыпсың ғой,- деді ол жақындап келіп.

Дауысында ешқандай зіл жоқ, жұмсақ екен. Разия жылап жіберді. Жылап отырып, мән-жайды түсіндірді. Сөз арасында ішінің қатты түйнеп, шаншып алғанын сезді. Сөзін кенет үзе қойып, зер салып еді, тулап тұрған іштегі баланың қимылы екен. « Құдай сақтай көр. Көзге көрінбесе де барған сайын ыстық тартып келе жатқан белгісіз шарана. Сақанға өкпелеген кезінде көбінде осыны медеу тұтатын. Бір кесел болып түсіп қалмаса екен. Ұятына, сорына, бейнетіне шыдап, әбден әшкере болған кезінде… Құдайым өзің пәлеңнен қаға көр… «  деді іштей бір аналық тілек тілеп. Сөйтті де оның бұл тілегін Еркінбек те біліп, ұғып тұрғандай оған сезіктене жалт қарап, ұялып, қысылып кетті.

– Дегенмен өзің жүректі екенсің. Түнде көп жортқан қусың ғой.- деді Еркінбек қалжың-шынын араластыра. Айтарын айтып алса да, бұл сөзіне оның өзі де ыңғайсызданып, сасып қалды. Сөз әуенін тез өзгертіп, жуып-шая жөнелді.- Мұндай тас қараңғыда әйел сені қойып, ерке мен де әзер келдім. Біреуді ертіп барсаң болмас па еді?! Қыздар қайда қасыңдағы? Жә, енді босқа тұрма. Жеңілдеп бірдеңе әзірлеп жібер . Мен апарысып келейін.- деді елпектеп.

Қайтадан тамақ даярлайтыны Разияның ойына енді түсті. Таңертең сойған еркек қойдың еті тұр еді. Сонан қуырдақ қуырмақ болды. Екі білекті сыбанып жіберіп, Еркінбек те кірісіп кетті. Қазан-аяқ жұмысына тіпті ыспар екен. Қолы қолына тимейді.

Тамақты пысырып, дайындап болғаннан кейін Разия әлденеге елеңдеп, бірдеңеге шүбәланған адамша Еркінбекке ұрлана қарап тұрып қалды.

– Жігіт адамсың ғой. Өзің жалғыз-ақ апара салсаң болмай ма?!- дегісі келіп еді. Аузын дереу тия қойды. Оншалық бұлданатын кімісі еді оның? Қайта бастықсынып, шажылы қылмағанына рақмет десеші. Қанша дегенмен өзінің адамгершілігі бар екен. Ер жігіт емес пе!? Әйтпесе Разияның қай қылығына жібиді? Бір кезде өзін көк тиынға алмай кеткен бір қатынға осынша жалбақтайтын несі бар? Еркінбектің орнында Разия өзі болса да дәл мұндай жібімес еді.

– Не ойлап кеттің, Разия?- деген дауыстан селк ете түскен Разия өз қылығының ерсі екенін енді білді. Соңғы ожау қуырдақты қазаннан алған бойы қайыңтоз шелектің үстіне апара беріп , тұрып қалған екен. Ұялғанынан күліп жіберді. Өтірік-шыны аралас Еркінбек те сылқылдап ұзақ күлді.

– Нағып тұр деймін. Әлі ұстап тұрсың, әлі ұстап тұрсың. Қанша тұрар екен, үндемейін-ақ деп едім, тіпті шелектен ұялып кеттім.-деді ол ішек- сілесі қатып.

Үйден былай шыға берістегі қалың шиді аралап келе жатып, Разия байқаусызда бір томарға сүрініп кетті.

– Қолыңды әкел. Менен ұстай жүр. Жығылып қалсаң мына тамақтан тағы айырыламыз. Бір жеріңді ауыртып та аласың. Түгел тікен емес пе?!- деді Еркінбек қараңғыны қармалай, оған қолын ұсынып.

Разия да амалсыз қолын созды. Әлі үйленбеген жас жігіттің алақаны ып-ыстық екен. Дуылдап тұр. Бұрын қанша жек көріп келсе де, дәл осы жолы оның денесіндегі жанып тұрған бір отты ол да анық сезді. Білегінен лыпылдап қан өтеді. Тасыған қызу қан. Тиген жерден шымырлатып, ұйытып соғады. « Бүгін осы мені бір кеселге бастап келе жатпасын. « деп ойлады ол өзінен өзі қуыстана, әлденеге мазасыздана түсіп. Сонда да қолын тартып ала алмады.

Бірақ Разия мүлде теріс ойлаған екен.. Күнәлі блу деген осындайдан шығады ғой. Өзінің қарадан қарап секем алып, босқа сезіктенгені болмаса,  Еркінбек барар да да, қайтар жолда да бірауыз бөтен сөз айтқан жоқ.

Сол бір айсыз қараңғы түннен бастап, Разиямен Еркінбек қатарынан бірнеше күн бірге келіп, бірге қайтып жүрді. Алғашқы күннен кейін Еркінбек тракторшылардың да көзіне көрінген жоқ. Жақындап барып, қалып қойып, тосып отырды. Оны Разия да жөн көрді. Мұны Еркінбектен гөрі өз беті, өзінің ат-атағы үшін ғой деп санап, іштей разы болып, қуанып қалды. Бұрынғыдай үркектемей, емін-еркін сөйлесіп, тіпті іштей аздап жан тарта бастады.

Бір күні таңға жақын ол екеуі қол ұстасып, тағы да бірге қайтып еді, сөзге айналып келе жатып, Разия сүрініп кетті де , аяғын сипалап отырып қалды.

– Не болды, ауырсынып қалдың ба?- деді Еркінбек те отыра қалып, прожектордың жарығын оның аяғына түсіріп.

Сөйтті де жауабын  тоспастан оның бәтінкесін, байпағын шеше бастады. Жіп-жіңішке ұсақ-ұсақ  көгілдір тамырлары болар- болмас қана білініп тұрған жұмыр да толық мұндай аппақ аяққа оның  бірінші рет қол тигізуі. Уылжыған жас адамның етті-женді балтыры шымыр да нығыз еді. Ақырын ғана аялап сипай бастады. Онда да лып-лып етіп, ып-ыстық қан соғады. Иә, бір кезде арман болған ақ балтыр осы еді-ау. Қандай әдемі! Жауыннан кейін ақ шаңқан сәуле түскен ақ қайыңнан таңдап кесіп алғандай түп-түзу! Ол өзі де байқамай күрсініп жіберді. Осы тұста Разия да оқыс қымсынып, ашылып қалған тізесін көйлегінің етегімен қымтай берді.

Ауыра ма?- деді Еркінбек оның қызыл асығын еппен сипалап.

Қозғасам ауыратын сияқты. Буыны шығып кеткен жоқ па өзі?

Ондай емес шығар.- деп міңгірледі Еркінбек өзі де біле алмай.

Азден кейін Разия бәтінкесін қайта киіп, Еркінбекке сүйеніп тұра беріп еді, бүкіл денесі қисаң етіп, қайтадан отыра кетті.

– Бір пәле болған ұқсайды.- деп күбірледі ол қабағын түйе тістене отырып.

– Жүре алмасаң мен көтеріп алайын. Ертең дәрігерге жіберермін, - деді Еркінбек оның қолынан ұстап.

Разия « қалжыңдап тұрған жоқ па? « деп бетіне қарап еді. Оның дауысынан биттей де жалғандық аңғара аламды. Шын жаны ашыған, ділгер болған жылы әуен бар.

– Жоқ. Құдай сақтасын. Ұят емес пе? Өзім-ақ жүріп кетемін, - деді ол қолын кейін тартып .

Разия орнынан тұрмақ болып, тағы ұмтылды. Еркінбектің білегінен құшақтай, салмағын соған сала бір талай жерге дейін шоқаңдап жүріп барды да күліп жіберді.

– Жалғыз аяқ деген қандай қиын. Терлеп кеттім ғой. Кішкене дем алайықшы.- деді алқынып.

– Иә, жалғыздық деген қай жақсы!?- деді Еркінбек те астарлы бір мағынада.

Еркінбек оның тершіген маңдайынан сипады. Сонсоң қолындағы ыдыстарды жерге салдыр еткізіп тастай салды:

– Жә. қой. Бүйтіп қиналғанша…Кел. Көтеріп алайын. Қанша салмағым бар дейсің?!- деді де Разияның көнгісі келмегеніне қарамастан қапсыра құшақтай алып, балаша көтеріп әкетті.

Разия әлденеге ыңғайсызданып, бұлқынып көрсе де босана алмады.

-Қысылып кеттім. Қатты қысып жібердің ғой. Тынысым тарылып барады.- деді тағы бір жал таппақ болып, тамағы қырылдай сыбырлап.

Еркінбек тоқтай қалды. Бірақ Разияны жерге түсірген жоқ. Енді бағанағыдай емес, асықпай тұрып, оң қолын оның мойнына келтіріп, сол қолымен қылтасынан алды да адымдай басып жүріп кетті.

– Қалай өзі. Сөз ұқпайды ғой тіпті. Түсейінші. Жерге түсірші кішкене.- деп жалынды Разия енді басқа түк сөз таппай.

Еркінбек оны бір талай жерге дейін көтеріп барғаннан кейін ғана тоқтап бүгіліп отыра берді. Сонда да оның айтқанындай емес, алдына көлденең салған бойы онан арман қыса түсіп, кеудесіне жақындатты да тершіп, қызып тұрған ып-ыстық бетін оның ерніне басты.

– Қайтеді өзі… Қалай адам тіпті… Ұят емес пе!?- деді Разия оған сүйгізбей бетін ала қашып.

– Разия, сәулем, өзің де білесің ғой. Мен  ғашық емес пе едім саған.- деп үзілді Еркінбек оны құшығынан босатпай.

Жігіттің оттай ыстық демі шарпыған жас келіншектің балғын денесі кенет уланып, ұйый бастады. Өзін тас қып құшақтап, қадау-қадау тікенекті иегімен тамағының астын қытықтап, өліп-өшіп жабыса сүйіп, еркін алып бара жатқан адамның кім екені де есінен тез ұмытылды. Қас қағым сәттің арасында тұйықсыз, қатты соққан бір құйын оны тез арбап, талмаусыратып бара жатты. Тұла бойында биттей мағдыр қалмай, икемге келмей, жаны кете бастаған қалың еріндерін әзер жыбырлатып: « Босатшы. Жіберші. « деп былдырлай үн қатқанымен, ішінен : « Шіркін-ай, қандай рақат! Босатпай-ақ қойса екен. Төс сүйегімді сықырлатып қыса түссеші… «  деп тіледі. Енді аздан соң еркінен мүлде айырылып, басқа бір күшті әмірге бағынып, қорғасынша балқып кеткен Разия өз сөзінің мағынасын өзі түсінбей:

– Апырай, аямайтын болдың -ау. Қиянат қой. Күнәға батыратын болғаныңды қарашы…- деп өтірік былдырлаған болды да сонан ары салдырап босай берді…

Осыдан бір ай уақыт өткеннен кейін, Разияның отауында, дәл бүгінгідей таңға жақынғы бір мезгілде Еркінбек осы оқиғаны есіне алып, оған былай деді:

– Сені асханаға ауыстырғанда ең алдымен өз жүрегімнің әмірінен аса алмадым. Трактор анау қырқаның ар жағын жыртуға кеткен күні сенің қасыңдағы екі қызды мен әдейі жұмсап жібергенмін. Қалың қопаның арасында аңдып жатып, сені қорқытқан да мен болатынмын. Сол жолы бастабында бірнеше күн сыр білдірмей, үндемей жүруімде де бір ішкі есеп болған. Әйелдердің мекерлігі сияқты, әйелдерге қарсы қолданатын еркектердің де өзіндік бір монтаны, тампыстығы болады. Қалай түсіндірсем екен. Мысалы, енді әйелдер деген ту баста шу асау жылқы іспетті ғой. Бірден шошытып алмый, ептеп-ептеп сылап-сипап барып жақындамасаң қолға тұрмайды. Сен де солсың,- деп сылқ-сылқ күлді.

Мұны естігенде Разияның аузы аңқиып қалды.

– Солай ма?- деді ол басын жастықтан жұлып алып. Не дерін білмей таңырқап біраз отырды да Еркінбектің бетінен зілсіз ғана шымшып қойды.- Жексұрын сол!

« Ақылды жігіт.- деп ойлады ол Еркінбектің қап-қатты білегін жастанып жатып. – Тегінде қалай жек көрді екем өзін. Ақымақпын-ау. Маған ғашық  болғаны шын болды ғой… «

– Еркеш, сенен бір нәрсе сұрайыншы.- деді Разия бір қауым уақыт ойланып, үнсіз жатқаннан кейін.

Сұра.

Шыныңды айтасың ба?

Шынымды айтайын ба?

Иә.

Разия сәл бөгеліп барып сөзін жалғады:

Сен маған ғашық па едің?

Әрине, шын құштар едім.

Мәңгілік пе?

Еркінбек ойланып қалды:

Шынымды айтсам ренжімейсің бе?

Режімеймін.

Бұл дүниеде мәңгілік ешнәрсе болмақ емес.

Разияның кеудесі сәл-пәл көтеріліп барып басылды:

– Сонда… Шын құштармын дедің ғой. Құштарлықтың баяны қанша?

Шынымды айтайын ба?

Иә.

Екі адам алғаш қосылғанша ғана.

Онан кейінгісі ше?

Ол- тек нәпсі.

Ал, ерле-зайыпты болу ше?

– Ол тіршілік талабы. Өмір сүрудің қажеті. Біреуге біреу сүйеніп жан бағу. Ерсіз әйелге, әйелсіз ерге қызық жоқ. Күн де жоқ. Құдірет деген құс бар дейді. Еркегінің сол жақ, ұрғашысының оң жақ қанаты жоқ. Екеуі біріне –бірі сүйеніп ұшады екен. « Құдірет. Құдірет! « деп. Бұл да сол.

Қайдағы айттың ғой көңілді жабырқатып.

Мен сені сүйемін, Разия.

Түсініп жатырмын. Мен де.

Сәулем менің!

 

ҮІ

 

Разия аурыханада босанды. Толғағы төтенше ащы болды. Өліп барып қайтты. Үш күн, үш түн шиыршық атып, дөңгеленіп, әбден дәрмені құрып, мағдыры таусылар шағында дәрігер Жаң  Чюланның көмегімен аман-есен қол-аяғын бауырына алды.

Разия бұл дәрігермен бұрыннан таныс болатын. Бір кезде екеуі дәрігерлік курста бірге оқыған. Кейін өзі ауылда бір мезгіл сестралық істеп жүрген кезінде де ол осы қытай келіншекпен араласып, сөйлесіп тұратын.

Разия әбден есін жиып, сергіп қалған бір күні дәрігер Жаң одан бір істі сұрап қалды.

Күйеуің әбден жазылған болды ғой?- деді жымыңдай қарап.

Разия жалт қарады. Оның не айтып тұрғанын түсінбей, бажырайып  тұрып барып:

Жоқ, ол ауырған жоқ.- деді басын шайқап.

Ауырған жоқ дейсің бе?

Иә, бұрыннан сап-сау.

Дәрігер ойланып қалды:

– Онда жазылып кеткен болды ғой.- деп міңгірледі ол өзіне өзі сөйлегендей бәсең дауыспен.- ғажайып іс екен.

– Сен кімді айтып отырсың. Оны басқа біреумен шатастырып отырған жоқсың ба?- деді Разия оның мына сөзінен секем алып, күдіктене түссе де онысын ашық айтпай.

– Той жасағаннан бері екеуің татусыңдар ма?- деді басқа сұрауға көшіп.

Иә, татумыз.

– Қалай, сонда бірге жатасыңдар ма?- деді қытайы мінезбен төтесінен, ашық сұрап.

– Иә,- деді Разия сасқалақтап барып, амалсыз өтірік айтып. Екі беті ду етіп қызарып кетті.

Жүрегі әлденеге зу ете түсті. Ойда жоқта бір сұмдықты сезе қойғандай, тұла бойы түршігіп, қалтырап барып тоқтады.

Оны неге сұрадың?- деді дәрігердің бетіне үрейлене көз тігіп.

– Әншейін.- деп дәрігер томсырайып, ойланып қалды. Сонан соң жымиып күлген болды да сөзін қайта жалғады.- Бірақ… Сенен жасыратын да іс емес. Қайта мұны ортақ ұғыссақ болад екен. Менің күйеуім Ваң дәрігерді білесің ғой. Ол да осыны зерттеп жүр емес пе?! Қайта соған көмегі болар еді. Бұл бір ғылыми мәселе. Ғажап қой. Сақанның қандай ем істеткенін білсе, ол да қуанып қалар еді. Біз өзміз оқыған шетел медицинасына өлердей сеніп аламыз да онан басқа көп нәрсеге ат үсті, сыңар жықтылы қараймыз. Халық емшілігінің керемет тәжірибелері мен жетістіктерін  елеп-ескере бермейміз. Онда әлі ашылмаған көп құпия, тылсым сырлар бар екеніне тәкаппарлықпен көз жұмамыз.

– Сен маған ғылыми лекция сөйлеп отырғаннан саумысың?- деді Разия күлген болып.

– Сен әлі түсінбей отырсың ба? Мен соны айтайын деп келемін ғой. Асықпай кішкене сабыр етсеңші. Өзіңнің де дәрігерліктен хабарың бар. Былайша айтқанда бұл біз үшін ерсі де сөз емес. Бірақ, жасырып қалмасаң…

-Білетін нәрсе болса несіне жасырам.- деді іштей әлденеге сезіктене түсіп.

Білесің.

Онда айта бер.

Қыста Сақанды күреске алғанда сен бар ма едің?

Басында болғам. Кейін ауырып қалып үйде жатқанмын.

Артынан Сақанмен кезігіп пе едің?

Кезіккем.

Ол ауырып жүрмін демеді ме?

– Иә, айтты. Арықтап кетіпті. Мен неге жүдеу екенін сұрадым. Ол: « Күреске алыну деген оңай ма?! Оның үстіне ауырып жазылдым « деді.

Не ауыру екен?

Оны сұрағам жоқ.- деді Разия шынын айтып.

– Құйдай өтірік.- деді  дәрігер Жаң оған сенбей, қолын бірақ сілтеп.- Сендер – қазақтар, бетіңе айтайын, Разия, жоқ нәрсеге тәлімсіп, жасырмайтын нәрсені жасырасыңдар. Жоқтан өзгеге ұялған сымақ болып, қылымсып тұрасыңдар. Барлық адамзатқа ортақ харекет ғой. Біреуден біреу оны жасырып не керек? Мен сендердің осы қылықтарыңды түсінбей-ақ қойдым.- деп бұлқан-талқан болды да ренжіп шығып кетті.

Разия мелшиіп отырып қалды. Ойға-түске кірмеген бір сұмдықтың шет жағасын сезіп, жүрегі сыздап, әлсіреп соқты. Ой соқты болып, меңіреу адамша бір сәт жүдеп отырды. Көз алдынан көп істі елестетті. Некеге отырып, отау болғаннан бергі барлық кешірмелерін ой көзінен өткізді. Ұзақ қиялға шомды. Ақыры жүрегі тас төбесіне шықты. Онан ары шыдамы жетпеді. Көрпені басына бүркеніп жата кетті де солқылдап жылады-ай келіп. Шын ба? Түсі емес пе?  Өңі болса, бұл шынымен-ақ осындай сорлы болғаны ма? Сенбейін десе…Сақанның қылығы анау. Жаңа дәрігер Жаң да соны дәп басып, біліп сұрап тұр. Амалсыздан жасырған болды. Жалған намыс. Ол өте әділін айтты. Ренжігенінің орны бар. Ал, Разия…

Өлі мен тірінің арасындағыдай мең-зең бір ауыр ойдың масыл боп басқан қара түнегімен мыж-мыж болып құр сүлдері  қалған Разия біреу келіп көрпенің шетін қайырғанда ғана селт етті.  Сақан екен. Разия оның бетіне тесіле қарады. Өңі жып-жылы.  Қаннен- қаперсіз төніп тұр. Нәрестелі болғаннан бері ол ерекше көңілді болатын. Разияны бәйек бола күтіп, қолды-аяққа тұрмай зыр жүгірген.

– Не болды? Бір жерің ауырды ма?- деді ол Разияның ісіп кеткен көздеріне үрке қарап.

– Ішім…- деді ол да жалтарып. Сөйтті де өзін өзі тоқтата алмай, көзінің жасын төгіп-төгіп жіберді. Оның көз алдында өзінің өмірлік серігі, құдіреті бөлек күйеуі, сүйген жары емес, мәңгілік бейшара, мүсәпір бір қуыс кеуде тұр еді.

Дәрігер шақырайын ба?- деді Сақан мөлтеңдеп.

–  Қажеті жоқ. Біраз басылып қалды.- деп Разия тағы да өксіп-өксіп алды.

Сонан соң ақылға келіп, өзін  тоқтатып, күйеуіне көптен бері бірінші рет сұқтана, барлай қарап еді, оның мына бейнесі шынында да бөтен көрінді.  Өңі қуқыл. Ажары сондай сынық. Көз болаты да жасық. Таяқтан әбден зәтте болып, қол көтерсең « ағатайлап « жата кететін жетім бала сияқты жапақтап қарайды. Көзіне тіктеп қарай қалсаң, жанары түйілісе бере-ақ кірпігін тез-тез қағып, көзін тайдырып ала қояды. Денесі де бөтен. Сымпиыңқы. Бұрынғы аршын тұлға жоқ. Ұзын бойы иіріліп, суыққа тоңып, жаурап кеткен адам тектес бөксе жағы шөмейіп, бүрсең қағып, тыпыңдап қозғалады.

Разия салмақтай байқап, ойлана қарап жатып Сақанның бойынан бұрын өзі ерекше қанық білетін бір белгіні анық жоқтады. Ол– оның көзіндегі еркектерге ғана тән  бір ұшқын еді. От болып жанып тұратын өткір алмас. Разияны өзіне ғашық еткен де сол сиқыр.  Ол кезде Сақанның бойынан  ерекше бір жалын, ерлік  кеуде айқын көрінетін. Әсіресе, қыз-келіншектермен кезіге қалғанда өңінде басқа бір ажар ойнап, ерек бір салауат ереуілдеп, бұлтартпай әмір етіп, мысыңды басып, билеп ала жөнеуші еді. Разияның бар асылы, Сақан бойынан таныған бар бақыты осы болатын. Кейін осы  ерекше белгіні Разия қай-қай қыз-келіншектен де  төтенше қызғанатын болған. Әлде қандай бір сезік алған адамына кезіккенде Сақанның көзінен ылғи осы ұшқынды аңдитын.

Бұлардың қазіргі жатқан орны ауырухананаң   бір бұрышы. Есігіне « туытхана « деп жазып қойған үш-төрт палата ғана. Босанған әйелдерді өз күйеуі, туыстары келіп күтеді. Біреу кіріп, біреу шығып жатады. Қалжа көйлек әкеліп, « бауы берік болсын « айтып, қуанышқа ортақтасып келетіндер де көп. Солардың ішінде де не бір сылқым, бұраң бел арулар бар. Бұрынғы Сақан болса, ең болмағанда солардың біреуіне бір ауыз қалжың айтып, ең кемінде бетіне қарап, Разияның ішін қызғанышқа толтырып, бір жымың ете түссе керек еді. Разия бірнеше күн аңдығанда да Сақанның көзінен сол бір ұшқынды мүлде байқай алмады…

Ол екі иінінен демін ала, ұзақ күрсініп жібергенін өзі де байқамай қалды. Сонан соң қайтадан егіліп кетпеу үшін теріс қарап аунап түсті де,  ернін қатты тістеді.

 

 

ҮІІ

 

 

Разияның ата-енесінің қуанышында шек болған жоқ. Жалғыз ұлдан көрген тұңғыш немересінен ештеңе аямауға бекінді. Атасы қалжаға деп байлап отырған ісек қойдың етімен Разияны жеке сорпаламақ болып, ауылдағы әйелдерге арнаулы қой сойып таратқызды. Енесі де бәйек болып, жан- тәнімен беріліп жақсы күтті. «Жел тиіп қалмасын « деп орап-шымқап, « толғақтан кейінгі сүйек тері шықсын « деп, аяқ-аяқ ет пен сорпан аузына тосқанның сыртында қытай келіншектерінің салты бойынша бір ай бойы үйден шығармай, тауықтың жұмыртқасы мен қара шекер салынған қара көже беруді де ұмытқан жоқ. « Келіннің ұйқысы қанып, жақсы дем алсын « деп, баланы да өзі қарап, өзі шомылдырып, өзі бөледі.

Осындай жақсы күтімнің арқасында Разия тез сергіді. Денесі күннен күнге қуаттанып, толыса түсті. Өң реті де түзеліп, жүзінде ақ бөрте нұр ойнады. Алла тағаланың босанған әйелдерді ғана жарылқайтын ерекше бір сыйымен  құлпырып, төлежіп келе жатты. Ажары жайнап, бұрынғыдан арман сұлуланып, көркіне көрік қосылды. Босап қалған бұлшық еттері  ширап, нығыздалып, шымырлана түсіп, бойынан өзі бұрын- соңды сезіп көрмеген тың бір күш-қайрат тірілді.

Соған орай ұйқысы да жақсы еді. Сергіп, қунап оянады. Бірақ анда-санда әлденені ойлап кетеді де өз ұйқысын өзі қашырып алады. Көз алдынан көп елестер өтеді. Және ылғи еркектер. Еркек болғанда да  замандас, қарулы жас жігіттер.

Шынын айтқанда Разия өте ерте, жастай қағынды. Бұл жағындағы сұмдықты ол өз құрбыластарынан  бұрын түйсінді. Оны өзі де мойындайды. Мектепте оқып жүрген кезінде-ақ,  бәлкім он үш, яки он төрт жас шамасы болар,  мұның жүрегінен махаббат оты оянды. Бірінші рет ол өзінің әдебиет мұғалымына ғашық болды. Өзінен мүшел жас үлкен сол мұғалым сабаққа кірген кезде ол  екі шынтағын партаға тіреп, иегін жұдырығына сүйеп, соған қарап көз алмай  телміріп отырып қалатын да  сол сағатта құлағына бір ауыз сабақ кірмей шыға беретін. Оған басқа  ештеңе айта да алмайтын . Өзінің оны сүйетінін білдіруге де шамасы жоқ еді. Кейін сол мұғалым басқа бір қызбен үйленетін боған кезде де неше түн бойы көзінің сорасын тимай жылап жүрген.

Күндер  өте ол да ескірді.  Әдебиет мұғалымының бейнесі  көз алдынан күңгірт тартып, алыстай берді. Бірақ оның есесіне оның санасынан басқа ұлдардың бейнесі орын алды.  Уақыт өткен сайын денесінің қызуы арта берді. Түн баласында қайдағы елестермен әуре болып, әлде қандай бір жігіттерге жақындаса түскісі келіп жүрді. Шешесінің так-тагі, қатулы мінезі болмағанда ол сол кезде-ақ біреудің жемі болып кететін де еді. Ақыры ол Сақанды тапты.

Бүгін де міне, босанып алған, жастық жалыны қайта оянған заруарт кезінде оның көз алдынан ылғи солар өтеді. Солардың арасында көбіекей Еркінбек жүреді. Өзі төсектес болып қызыққа батысқан соңғы еркек сол. Қазір күйеуінен бұрын соның елесі жақын  көрінеді. Ал, Сақан ылғи жүдеу кезігеді. Сағы сынып, бәсең тұрады. Солып қалған бөксе жағы шөмейіп, суқыметсіз ту сыртын ғана беріп, ұнжырғасы түсіп, ұзап бара жатады.

Ана кездегі қытай келіншектің әңгімесінен кейін оны да аяйтын болып жүр. Қазір бұрынғыдай өкпелемейді. Жаны ашиды. Соған келгенде жүрегі талып кетеді. Үзіле жаздап, әлсіреп соғады. Қанша қиналса да еш амалын таба алмай торығып, күрсініп тоқтайды. Кейде тіпті ондай жамандыққа оны өзі де қимайды. Тіпті сенбейді де. Қайратты, мықты жігіт екенін өзі де көрген. Әсіресе, анау алғашқы кездескенде аямап еді-ау!…

Тілеп алған өзі болатын. Басқа ешбір жігітті керек қылмай, осы бір Сақанға құмартты да қалды, ұйқысы да бұзылды. Оны ойласа жүрегі сыздап ауыратын болып алды. Жоқ, жүрегі ғана емес, әлі уыз қалпындағы балғын тәнінің алпыс екі тамыры қоса талықсиды. Бұлшық еттері шымырлайды. Ол да бергісі. Әуелі жілік сүйектерінің кемік басы зырылдап қақсайды. Улана зырқырайды. Ет пен терінің арасындағы запыран, сары су құтырады. Сона ақыры жігітке барып өзі сүйкенді. Оған қарап ешбір себепсіз жымиып, көз сүзді. Көзінің астымен ұрлана күзетті. Өтірік ұялғансып, ернін тістеді. Арбада бірге отырғанда оқап бір жерден дөңгелек солқ ете түскенде, оқыстан шошып кетіп, байқамаған  болып, өтірік шыңғырып қалып, қолынан шап беріп ұстай алды…

Сонан бір күні мақсатына да жетті-ау.

– Жүрші, былай таман шығайықшы. Саған айтатын бір сөзім бар.- деді Сақан мұның білегінен ұстай алып.

Разия қуанып кетті. Жүрегі жылып, елжіреп сала берді.

– Қойшы. Не сөз ол?- деді ол бәрін біліп тұрса да өтірік мекерсіп, әдейі қарысқан болып,- Осы арада айтсаң болды ғой.

Жоқ. Оңашада айтатын сөз.

Ондайды білмейді екенмін.

Қазір айтам. Сонда білесің. Биттей былай таман…

Апам біліп қойса өлтіреді.

Ешкім білмейді.

– Ойбай, әне біреу келе жатыр.- деді осы арада құйдай өтірік елегізіп.

Сақан оған сеніп, оның қолынан қоя бере салып еді, Разия өзі де өкініп қалды. « Кетіп қалып жүрмесін « деп қорықты да дереу жал тапты:

– Адам емес қой деймін. Басқа бірдеңе сияқты. Өмірімде үйден мұндай ұзап шығып көрмеп едім. Қорқып кеткенімді қарашы.- деді жігітке жанаса, тығыла беріп.

Сақан оны өзен жаққа, тоғайдың шетіне ертіп барды. « Мен сені сүйемін, сәулем. « деді оны құшақтап, қатты қысып. Әлі есінде, дәл солай айтты. « Мен сені сүйемін, сәулем. «  деді. Сондағы дауысы да әлі құлағында. Оның үнінде де аздап діріл бар еді. Құдайға рас, тұп-тура солай. Разия бұлқынған болды. Өзінің тырсиып тұрған, әлі ешбір еркектің денесі жуыспаған қап-қатты омырауы жаншылып, кенет ұйып бара жатқанын сезді. Тұла бойын рақат бір мастық жайлай бастады. « Босатпай-ақ қойсашы. Шіркін, бақыт деген осы шығар. Қыса түссеші. «  деп тіледі.

Сонан кейін… Екі қолымен кезек жұлған шөптерді,  сонда байқаусызда қияқ тіліп кеткен сүйріктей шынашағының ашып ауырғанын да елеген жоқ. Сол бір алғашқы кездесуде, жігіт салмағын тұңғыш рет ауырсынған тұста… Адамның жүріп өткен табанының астында жаншылып қалып, аздан соң ептеп жан кіріп, қайта тіріліп келе жатқан көк майса шөп сияқты құр сүлдері қалып басын көтерді…

Қазір Сақан олай елестемейді. Онан көрі Еркінбек жақын. Көріністе әйел сияқты, біп-биязі болып сызылып тұрғанымен , Разия дегенде оның да есі кетіп қалады-ау байқұстың. Көбінде түсіне сол кіреді. Ыңыранып, мекіреніп оянады. Көзін ашып алады да қараңғы түнде, иен бөлмеде, жылуы жоқ төсекте жалғыз жатып, алақызып, құтырып кете жаздайды. Кейде жынды кісіше аласұрып, жастықты жұлып алып, жұмарлап кеудесіне басады. Әнеугүні толғатқан кезінде, ықылық атып, ышқынып,     қиналған   тұсында: « Еркек деген сұмдардың мұндай пәле боларын білсем, олардың маңайын баспас едім-ау. Қап, бәлем, тоқтай тұр.  Енді бар ғой. Осыдан жаным қалатын болса, бар ма?!  Тап сол пәлелердің маңынан ат бойы аулақ жүрермін. Құдай тағала, өзің естіп тұрсың ғой. Сөйтемін. Рас , сөйтемін. Өмір бойы жоламаспын-ау. « деп сан рет тістенген.

Қазір басқа. « Сондағы ант ішкенім балалық ақымақтық болыпты. Жаратқан өзі кешірсін. «  деп тәубесін үйіреді. Сақан үй бетін көрмегелі айдан асты. Иә, оның қазір қажеті де жоқ. Әлгі Еркінбек қайда екен? Халымды бір білмеді-ау. Келмей кеткені несі? Бәлкім, басқа біреуге бауыр басып алған болып жүрмесін… « деген ой келгенде қызғаныштан оның іші күйіп, денесі от болып өртеніп кетті.

Ертеңінде Еркінбекті өзі іздеп тапты.

– Түу, Разия, қандай сұлу болып кеткенсің!? – деді ол көздері от боп жайнап.

Разия оның көзінен еркектерде ғана болатын сол бір сиқырлы ұшқынды іздеді. Шайтан оты. Бір көргеннен-ақ тани қойды. Оның шегір көздерін онан арман шегірейтіп, сол баяғысынша жанып тұр. Сиқырлы ұшқын. Арбап қарайды. Жадылап, еліктіріп баурайды. Қуанып қалды. « Байқұс, әлі мендік екен-ау. Адам көбінде гүманхорлықтан күнәлі болады. Сүйем дегені рас болып шықты. « деп ойлады  іші жылып. Жүрегінің бір тамыры Еркінбектің жүрегімен жалғанып тұрғанын сезіп, көкірегінің әлдеқандай бір қуысынан ып-ыстық жалын бұрқ етіп, өне бойын ду еткізді.

Сұлу боп кетіппін бе?- деді бұл да оны арбап.

– Айтпа. Керемет! Шіркін, оңаша жер болса қазір-ақ бассалып, құшақтап сүйер едім кеп.- деді Еркінбек айналасына бір көз жүгіртіп.

-Шын айтасың ба?- деді Разия жаны сүйсініп.

Құдайға рас!

Разия өзі де толқып, балқып кетті. Көз шарасына лық етіп жас толды. Жүрегі езіліп, есі шықты.

– Мен де сағындым. Келмедің ғой. Келсеңші.- деді демі дірілдей сыбырлап.

Барам. Күт.

Сол күні кешке Разия төсегін кең салды. Екі жастық жастады. Ұйықтаған жоқ. Ұйықтай алмады. Сырттан бір тықырды, есіктің ашылған бір шықырын күтіп, ділгер болып, қап-қараңғы түнде әлденеге қадалды да жатты. Құрып қалғыр, мұндайда уақыт деген де жылжымай тұрып алады-ау. Қастыққа сөйтеді. Сені  сарғайтып, сарылтайын деп әдейі баптанып, қарадай найқалып, асықпай қозғалады. Бірақ алдамайды. Өзінің қымбатын арттырып жетеді.   Бүгін де солай болды…

Түн ортасы ауған, екеуі де лаззатқа мас, бақытты бір шақта Разия өзі шүбәлі болып жүрген көкейіндегі бір тілегін Еркінбекке ашық айтты:

– Менің сенен басқа кімім бар, Еркеш?- деді оның жалаңаш кеудесіне көз жасын үйкелеп,- Сенсіз маған қызық жоқ.

Маған да.

Шын ба?

Шын.

Осыдан кейін Разия оның құшағына тығылған қалпы ұзақ уақыт үндемей қалды. Айтарын да, айтпасын да білмей, екі ойлылау болып толғанып келді де күрсініп қойды.  « Тәуекел «  деді.

-Еркеш, маған сенің ақылың, көмегің керек.

Оған дайынмын. Қандай көмек?

Сақаннан басымды ашам.

Еркінбек үндеген жоқ.

Осы моладан кеткім келеді.

Неге?

– Білмеймін. Тегінде балалықпен аңғармаппын… Сені сүйем.- деп Разия бір қулықпен сөзін тоқтата қойды да Еркінбектің ыңғылын байқамақ болып демін ішіне тарты.

Еркінбек те түсінді. Ол да недеп жауап берсе еп боларын таразыға салып, үндемей қалды.

Еркеш…?

Разия, мен сені сүйемін.

« Шіркін…- деп ойлады Разия өмешегі үзіле ділгер болып. Үндемей күтті.

– Сондықтан, шынымды айтайын. Мен сені сүйем. Бірақ, алдағым келмейді. Саған үйлене алмаймын. Себебі, мен әлі үйленбеген жігітпін. Сен болсаң… Ал, мен әлі… Иә, өзім бригадирмын. Ел бар, жұрт бар. Не демейді?! Мен сені сүйем. Айтқаным айтқан. Сенімен мәңгі осылай  жүре беруге ант етемі. Бірақ…

Разияның жаңа ғана от болып тұрған денесі дереу мұз боп кетті. Ел көшкен сары жұрттай көңілі құлазып қалды. « Бәсе, өзім де ойлап едім сүй дейді ғой деп.  Қаупың неден болса, кәтерің сонан «  деген.  Қисыны солай. Өзімдікі де артықтау талап. Баяғыда қателескем. Қыз кезімде тани алмадым. Енді бір балалы болған қатынға мұндай дегдар жігіттер сүй демегенде  басқа не жауап айтпақ?! «   Күрсініп, үміт үзіп тоқтады.

– Жарайды. Саған өкпем жоқ. Бірақ, соңғы сөзіңе ие бол. Менің есігім саған қашан да ашық.

-Сәулем менің!

Бірақ, мұның аяғы басқа бір сәтсіз оқиғаға апарып соқты. Екеуі бірін-бірі түсінісіп, ешқандай риясыз ақ көңілмен қайта қауышып, рақат құшағында аймаласып, мәз болып жатқан кезде кенет біреу есік қақты. Екеуі де оқыс тына қалып, құлақ түріп еді:

– Сақан, сен бе келген?- деп айғайлап тұрған Сақанның шешесі екен.

Разия қалтырап кетті.

– Сақан келген жоқ.- деді басын көтеріп, ентігін сездірмеуге тырысып.

Жаңа біреу кірді ғой.

Ешкім келген жоқ.

Ерсілі-қарсылы үй болатын. Қарсыда ата-енесі тұратын. Кемпір онан ары үндеген жоқ. Ортадағы үйге шам жақты. Қиюы жақсы келмеген қарағай есіктің жақтауынан аппақ-аппақ сызат болып, сығыр жарық көрінді. Кемпір шамды жағып қойып, тосып отырған болса керек. Иә, сөйтеді. Таң аппақ атқанша, ел тұрғанша отырады.

Разия қысылып кетті. Енесі бұрын да бір-екі рет құлақ қағыс қылған.

– Түн ортасынла сыртқы есік ашылды ғой. Сен сыртқа шықтың ба?- деп сұраған бір күні таңертең.

Иә, мен ішім ауырып…- деген Разия іші қылп ете түсіп.

– Бүгін таңға жақын біреу шықты ғой үйден?- деген енесі тағы бір күні. Бұл жолы түсі бұзылып, қадалып сұраған.

– Білмейім. Мен ештеңе естіген жоқпын.- деген Разия тампыстыққа басып.

– Мен нақ естідім. Алдымен сенің есігің шиқ етті. Онан соң сыртқы есік ашылды. Жатарда өз қолыммен ішкі күршегін іліп қойғанмын. Таң қалдым. Бәлкім, ұры-қары біреу шығар. Ештемең жоғалған жоқ па? Байқашы. « Қонақ таңдап қонады. Ұры басынып ұрлайды « деген. Кім екен ол адыра қалғыр!? Көктен түскен біреу болса да бір күні аяғын шағармын ол сұмның!- деп ызғар танытқан.

Мұнысы Разияға ескерту еді. « Басынба. Құтырма. Тек жүр « дегені. Енді міне қиын болды. Жарымағыр, бұл үйлерде терезе дейтін терезе де болмайды. Бар-жоғы төрт-ақ көз әйнек. Биігі үш қарыс, көлденеңі екі қарыстай. Үй атауы болған соң қап-қараңғы болып тұрмасын деген нысана ғана. Оның өзін де тамға сыналап, бекітіп, сылап тастаған. Шағып тастамасаң басқа лаж жоқ.

Разиядан көрі Еркінбек қорқып кетті. Бұл тұста өкіметтің саясаты әлі қатаң. Ел көзінен тасада, заңсыз түрде құшағы қосылып қалған еркек пен әйелді Жұң-Нан-Хайдың * ірге тасының астына қойылып, жарылғалы тұрған бомбадай көретін кез. Әсіресе, еркек жағына тіпті зейіл. Азуын басқандарын соттап, онан қалғандарын партиядан шығарып, мансабынан алып, ауыр жұмысқа жегіп, бұқараның бақылауына тапсырып, ит рәсуасын шығаратын заман.

– Апырай,ә. Енді қайттым?- деді өзіне -өзі күбірлегендей, асығыс – үсігіс киініп жатып.

– Қандай амалын тапсаң да қолға түспей кет. Босаға барып тұр да есік ашыла салысымен, жаман кемпірде  қанша қауқар бар дейсің, шамды  қағып ұшырып жіберіп, сыртқа бірақ секір. Сен ұстатпай кетсең мен де бой бермеспін.- деді Разия да дауысы қалтырай сыбырлап.

Еркінбек босағаға жақындап біраз тұрды. Жейдесінің сыртынан іле салған сырма пенжегі бар еді. Қаупиып тұрып кемпірдің қолына оңай ілінбесін деп оны бүктеп, қолтығына қысты. Есік ашылса болды, атылғалы тұр.

Еркінбектің ойлағанындай болмады. Есікті ешкім ашпады. Жарым сағаттан кейін шамды сөндірді де кемпір қарсыдағы өз бөлмесіне кіріп кетті. Есікті сарп еткізіп қатты жапты.

« Шынымен кетті ме екен? Ол да мүмкін. Мені көзімен көрген жоқ қой. Босқа тұрып таң атырған кімде-кімге оңай ма? Қап, бәлем, осыдан аман құтылсам еңбектің ең ауырына, тұп-тура молотилканың топанының астына, күні бойы бір минут тыным алмай, кешке тұмсығынан тік шаншылып, мұрттай ұшатын жеріне қоярмын-ау мына қақбасты? Сонан соң түн ортасында оянып көрсін. « деп тісін шықырлатты.

Тағы біраз тосты. Құлағын төсеп тыңдап көрді. Ешқандай дыбыс жоқ. Бәлкім, кетіп қалған шығар. Онда бір пәледен аман құтылғаны. Мұнан былай байқау керек екен. Бір жаман қатын үшін партия, халық алдындағы абыройдан, сенімнен айырылып, масқара болу деген обал ғой. Айдарынан жел есіп, бригадир болып тұрған мына тұсында, көңілі ауса, басқа да қыз-келіншек толып жатыр. Әйтеуір мынаған бауыр басып қалды. Алғашында қысаспен егесіп қармаққа түсіріп еді. Артынан құтыла алмай-ақ қойды. Жадылап, баурап алды. Не сиқыры бар екен?! Өзі де анық білмейді. Жоқ, сиқыр емес, қу қатын. Қылығы да бөлек. Ақылмен арбайды. Еркек көңілінің жан жерін дәп басып, дәл табады. Тілін шайнап, үздігіп, үзіп-үзіп сөйлеген жарты-жарты сөздері де, өлі мен тірінің арасындағы шала жансар күйде үзіліп кетердей ыңырсығаны да тәтті…Бірақ, қанша жақсы болғанымен бұл көңілдес қана. Ол үшін бригадирліктен айырылу ұят. Оған татымайды.

Осы арала Еркінбектің басына тағы бір ой сап ете қалды. Егер

———————

* Жұң- Нан-Хай– Пекиндегі Қытай орталық өкіметі тұрған жер.

 

алда-жалда кемпір өтірік кеткен болып, босағада аңдып тұрса ше? Оның жүрегі зу ете түсті. Сонда ол қайда тұрады. Еркінбекті сыртқа қарай қашады деп солай қарай ұмтылуға дайындалып тұр. Сонда битсем қайтеді деп бір қулық ойлап, сонысына ішінен жымыңдап, қуанып кетті. Қараңғы ғой. Иә, сөйтейін. Ұстай алмас. Алда-жалда ұстап қалса да жаман кемпірді ептеп көрер. Иә, қайткенде де құтылу керек.

Еркінбек дәл ойлапты. Есікті ақырын аша беріп еді, дәл босағадан кемпір « Ыс-с « етті.

– Қайыршы неме!- деп сыртқы есікке көлденеңдей ұмтыла берді. Еркінбек жаңағы ойлағанындай сыртқа қарай емес, ішке қарай қарсы үйдің есігіне, тұйық жаққа қарай жүгірді. Оны сыртқы есікке қарай қашады деп сол жақты бекітпек болып, көлденеңдеп тұрған кемпір аңдып тұрған есігін тастай салып, тұйық жаққа жүгірген Еркінбекті сонда қамап ұстап алмақ ниетпен соның артынан ұмтылды. Сол кезде кемпірдің қолы денесіне тие бергенде Еркінбек дереу жалт беріп, қайта бұрылып, сыртқа қашты. Кемпір қараңғыда дене тауып ұстай алмады. Бірдеңеге қолы ілініп еді, ол оның жейдесінің жеңі екен. Дар етіп,  айырылып кетті де қолынан сусып шыға берді.

Сыртқы есіктен Еркінбек те атылды. Кемпір де қоса шықты. Күздің қоңыр күні. Ай сүттей жарық еді. Еркінбекті дәл таныды. Ол жан ұшыра қашып бара жатып, бірдеңеге сүрініп кетіп, етпетінен түсті. Алақтап артына қарады. Кемпір анадай жерде қалып қойыпты.

– Әй, Еркінбек, танып тұрмын. Бәлем, тұра тұр.- деп кіжінді жұдырығын түйіп.

Еркінбек ұзап барып « уһ « деді. Ауылдың жанында ат арқан, шилі өзек болушы еді. Шашағын мал күзеп, тоқырайтып тастағанымен жуан-жуан түбірлер дөңкиіп-дөңкиіп, қарауытып жатқан қалың ши. Солардың арасына келіп отырды. Темекі тартайын деп қалтасын сипалап еді, бәрі үйде қалып қойыпты. Алқынын басып, демін алып боған соң ауылдың сырт жағын айналып, өз үйіне беттеді.

Ауылда бір қора қой бар болатын. Оның күзетшісі бұлармен көрші тұраты. Қойды есіктің алдана иіретін. Еркінбек ақырын басып күзетші шалдың қасына келді .

Темекің бар ма, Сәке?- деді.

Сонан соң темекіні құшырлана сорып отырды да:

Біздің үй жаққа ешкім келмеді ме?- деді сақсынып.

Жоқ. Ешкім келген жоқ.

Көңілі сонда ғана орнына түсті. Бір пәледен құтылғанына қуанып, асықпай басып, өз үйінің сыртқы есігін ашып, ене беріп еді, құдай сақтасын, босағада аңдып тұрған  біреу шап беріп жағсынан ала түсті. Қапелімде шошып қалса да дауысынан таныды:

– Түстің бе қолыма!- деп ысылдап тұрған Сақанның әкесі екен.- Жүр, былай барып сөйлесеміз. Дыбысыңды шығаратын болсаң айғай салып , ауылды бірақ оятам.- деді ол Еркінбекті сыртқа таман сүйрей жөнеліп.- Ұстадым ба, бәлем!- деді жағасынан жібермей, алқымынан бүре түскен қалпы.

Былай таман кішкене ұзап шығып еді, жалбаң қағып кемпір де жүгіріп келеді екен. Ентігіп жетті де Еркінбектің екінші қолынан  шап беріп ұстай алды.

– Қоқаңдап қорлығың өтіп еді. Басынуың әбден жеткен. Тап қазір әскери үгіт  тобының кеңсесіне алып барам да бетіңді айдай қылам.- деді шаң-шұң еті. Биыл ауылға келіп жатқан қызмет отбы бар болатын. Соны меңзеп тұр.

– Тұра тұр. Сөйлесіп алайық. Айғайлама.- деді шалы кемпіріне басу айтып. Сонан Еркінбекке бұрылды.- Мойындайсың ғой?

Еркінбек жауап берген жоқ.

– Қолға түсіп тұрып, мойындамай көрсін. Қазір-ақ айғай салам. Өзі қолда тұрса, міне мен жаңа ұстай алғанда дар етіп айырылып кеткен мына жеңі де айғақ боп тұрса.- деді Еркінбектің иығынан бөксеріліп, салақтап әрең ілініп тұрған жейдесінің бір жеңін ұстап.

Толған айдың мол шұғыласында Еркінбек кемпірдің алқам-салқам бейнесіне ашулы көз тастады. Көйлекшең. Бауы созылып, қабырғасына таман салақтай түскен етті-женді омырауының кесек шандыры да иесінің ашуына үн қосқандай бұлт-бұлт етеді. Қоңылтаяқ іле салған сандалымен жерді теуіп-теуіп қалғанда кәрлі, зілді салмақтан табанының астынан тып-тып еткен үн шығады. Аямас, кешірмес қатал бекім бар. « Қап,- деп өкінді Еркінбек,- жаңа үйден шықпай қоюым керек еді. Мына бұзық, халық жауы менің үйіме келіп сойқан шығарып, жала жауып тұр « деп айғай салсам, мұныкі мүлде теріс боп шығатын еді. Нағып шолақ ойлағам. Енді болмас. Басқа бір амалын табайын. « деді іштей қалтырап тұрып.

– Сонда маған не қылмақсыңдар?- деді кенет дөң айбатын сыртына салып, ежірейе қарап.

– Жоғарыдан келген қызмет тобына алып барам. Біздің бригадирдің қандай адам екенін көздерімен көрсін.- деді кемпір айқұлақтанып.

Тоқта, кемпір.

– Жарайды. Алып-ақ бар. Сонда олар маған не қылады ғой деп едіңдер. Сөгіс берер. Қиын қылса бригадирліктен алып тастар. Сонда да үш-төрт-ақ ай. Өкімет кедейдікі екенін білесің ғой. Онан кейін бригадирлікке қайта көтерілем. Былтыр Мақұлбайды да сөйтпеп пе еді. Қазір ол де өкірген бригадир. Мен де сөйтем. Сонан кейін сен қақбастың көресісін көрсетем. Бұл– бір. Екіншіден, ел не дейді? Халық жауы Бекбай мен оның жалмауыз кемпірі келінін аңдиды екен. Түн баласында ұйықтамай күзетіп шығады екен. Сонысы данашпандық бопты дей қояр дейсің бе?  Менің түгім де кетпейді. Өз абыройың төгіліп, өз артың ашылады. Жүр, қане, қызмет тобына өзім-ақ барайын.- деді бір аяр қулықпен алдыға қарай жұлқына түсіп.

– Жүр,- деді кемпір белсеніп,- Қорлығың өтіп кетті. Сенің осы ұрлығыңды мен ерте де, жазда білгем. Есік адында кездесе қалғанда ана қара бет келін екеуіңнің көзіңнен танығам.

– Екеуің де тоқта.- деді шал араға түсіп.- Мен бір кесім айтайын. Еркінбек, сен бері қара. Біз ешкімге айтпай-ақ қояйық. Қызмет тобына да бармайық. Сен мына кемпірмен бірге қайтадан отауға кір де келінге бір көрініп, сонан ары өз жөніңе кете бер.

Жо,жоқ.- деп шыр етті кемпір.

Әй!…- деді Бекбай кемпіріне.

« Апырай,ә. Жаңа Разия қолға түспей кетсең болды.- деп еді. Енесіне бет бақтырмайын дегені ғой. Енді мынау… Бірақ мені кешірер. Оның жеке басының ұятынан көрі менің бригадирлығым әлде қайда құнды екенін ол өзі де білер. Тәуекел дейін. Қиын қылса өкпелер. Бірақ көңілдес әйелдің өкпесі құшағыңа бір қыссаң шығып кететін шикі сары су сияқты емес пе?!- деп толғанды Еркінбек енді біраз көңілденіп, есепті басқаша соғып.

Осыдан бірнеше минут өткеннен кейін Разияның отауында, сығырайған керосин шамның шалаңғыр сәулесі астында екі көзі жер тесіп Еркінбек отырды. Шал отауға кірген жоқ болатын. Кеуделі кемпір жеңісіне масаттанып, алқынып тұрды.

– Көрдің бе міне, әуелі аяқ киіміңді де теріс киіп алыпсың.- деді Еркінбекке тағы бір айғақты көлденең тартып. Еркінбек бағана асығыста өзінің бәтінкесінің оң-солын байқамай, ауыстырып киіп алғанын енді сезді. Үндеген жоқ.

Кемпір аптығып тұр:

– Сүттен ақ, судан таза болып, жуытпай қоюшы едің. Енді танып көрші. Кім мынау алдыңдағы?- деді келініне тебітіп.

Разия күлбеттеніп жерге қарады.

– Разияда жазық жоқ. Ол ештеңе білмейді. Бұл менің бірінші рет келуім. Бағана біраз ішіп, сонан қызып қалып…- деді Еркінбек еш қисыны келмесе де Разияға жағатсып, оны ақтаған болғысы келіп.

Еркінбек шығып кеткеннен кейін кемпір Разияға бір талай ұрысты. Разия өрт өшіргендей түтігіп, қап-қар болып, сазарып отырып алды. Ләм деп ауыз ашып, бір ауыз сөз қайтарған жоқ.

Сол түні таң атқанша ұйықтамай шықты: « Бәлем, сен де тұра тұр. Өзіңді жақсы көруші едім. Шынын қуғанда жеті айдан бері Сақан үшін емес, сенің бетіңді ғана қимай жүргем. Енді жақсы болды. Арадағы сыйластық пердесін өзің жырттың. Сені ене деп құдайдай көріп құрметтеп, табынғандағы көрген жақсылығым осы болды ғой. Ұлыңның кім екнін сен білмегенмен мен білем. Басқа уақыт емес, толғатып, бір аяғым жерде, бір аяғым көрде жатқанда да менен әдейі қашқалақтап, қасымда әрең бір күн ғана болған сүмелегіңнің сыры саған белгісіз болғанымен маған анық. Шешілген жұмбақ. Су қоймаға кімнен қашып барып жүргені де түсінікті. Енді бәрінің де басы ашық. Сол сұмды осынд шақырып аламын да бәрін бетіне айтамын. Кетемін бұл моладан. Тұс-тұсынан жел кеулеп, аяз қарып, қарадай қалтыратып, тоңдырып тұратын мынау суық төсектен құтылам. Жас жаныма жылы ұя табам. Мен қалайша жастық жалынымды бекер сөндіріп, жас жанымды қуратып, өмір бойы жалғыз болып, құлазып өтуім керек. Екі айналып келмейтін жастық шақтың бар қызық, ләззатынан мен неге тұржағұн қалам? Жоқ. Мүмкін емес. Басымды ашам. Кетем. Еркінбек алмаса басқа біреуге тием. Адамша күн кешірем… « деп шешті енесімен ойша дауласып, ұзақ салғыласып.

Су   қоймаға  баратын біреуден хат жазып Сақанды шақыртты. « Ауырып қалдым. Келіп қайт « деп сәлем айтты. Күйеуі оған келмеді. Аз күн өткен соң « Шешең қатты кенет қатты жығылып, әл үстінде жатыр. «  деп өтірік айтып та шақырып көрді. Бір сұмдықты ол да сезсе керек, оған да келмей қойды.

Өстіп ертең, бүрсігүні, әне, міне деп жүргенде қоңыр күз аяқтап, қазан айы жылжып, қараша таяп келе жатты. Осы бір-екі ай Разияға ерекше ауыр тиді. Күздің қысқа күнінің өзі  сонша ұзақ сезілді. Ұзарып бара жатқан түн де ерек сарғайтып, таң да әзер атты. Ата-енесі де сырттай аңдып, дүлдараз күн кешірді. Жалғыздық жанына батып, жүдеп кетті.

Қараша айының басында бұлардың семьясына ауылдық парткомның бұйрығы жеткізілді. «  биыл коммунада мал басы қаурыт өсіп, тарихта бұрын-соңды болып көрмеген биік өреге көтерілді. Соған байланысты жаңа шопандар керек. Партияның ұйғарымы бойынша Сақан семьясы қой бағуға жіберіледі. Әйелі Разия күзетші болады. Әкесі Бекбай қора салу, ашы-тұз тасу, жем-шөп  дайындау, төл алысу  сияқты жұмысқа орналасады. «

Бекбай да, бәйбішесі бұған қатты қуанды. « Қазақ баласына мал бағу деген ата кәсіп. Жатымды жұмыс. Кешке дейін қара топырақпен алысқаннан әлде қайда жеңіл. Молшылық, тоқшылық та сонда. Бәрінен де еркіндігін айт. Өзің би, өзің қожа. Мұндағыдай күнде қожаңдап, әңгір таяқ орнатып тұрған ешкім жоқ. « десіп мәз болысты.

Мұның сыртында кемпір байқұс Еркінбектен құтылатын болғанына да қуанды. Тіпті көшпей жатып-ақ бір туыстарының тайыншадай үлкен, қып-қызыл көздері қанталап тұратын, атты адамның басына қарғитын төбет иті бар еді,  « Қораға қоруыш болсын « деп соны қалап, сұрап алды. Мақсаты малдың амандығы ғана емес. « Бәлем, мынадай қабаған иті бар үйге бөтен адам кіріп көрсін. Еркінбек сияқты біреулер ол жақтан да шығып жатса, жалбырап қалайын демесе, маңымызға жуи алмас. « деген жымысқы есебі де болды.

Разия қайтерін білмей екі тарап хал кешті. Бармайын десе, еш себепсіз бөлініп қалу– ол қиын. Барайын десе, бірге өскен замандастары бәрі қалып барады.  Қойшының семьясында мұндай топтық думан, күнде көп қыз-келіншек қайда? Әр сайдың аузында шошайған бір үй. Жалғыздық. Тіпті Еркінбек те осы жақта. Ана жолғы оқиғадан кейін әлі кезіккен жоқ. Қанша сағынса да сәтін тауып бір келмеді.

Ақыры аңдып жүріп, бір орайын тауып өзі іздеп барды.

– Еркеш, ат ізін салмай кеттің ғой. Ана жолғыдан шошынып қалғансың-ау тегі. Бәсе, жүнің жығылып кетіпті,- деді арқандап қойған атын  әкеле жатқан Еркінбектің алдынан шығып, сиқырлана арбап.

– Неден қорқады ғой деп едің!? Сені аядым ғой, сәулем.- деді ол да мұнан аса түсіп, өтірікті түйсінбей соғып.

Разия соған сеніп қалды.

– Білесің бе, сенсіз маған бәрі қиын. Айттым ғой баяғыда, сенен басқа ешкімім жоқ деп.- деді ол Еркінбектің бір ауыз сөзіне қорғасынша балқып. Жанарына лық етіп жас та келіп тығылды.- Ана жолы… Иә, ыңғайсыз болды. Мені өкпелетіп алдым деп жүрген шығарсың. Жоқ. Мен бәрін кешірдім.  Түгел кешіремін.

Разияның өзін шын жақсы көретініне сеніп, Еркінбектің де жүрегі дір етті. Коммуна парткомы « Малға қыры бар, жақсы шопан керек « деген кезде еш ойланып тұмастан Сақанды атаған өзі болатын.

– Ойбай-ау, оның әкесі көпшіліктің бақылауындағы халық жауы емес пе?!- деген сонда секретар.

– Қазіргі бейнесі жақсы. Ең маңыздысы ұлы Сақан мал жағдайын жақсы біледі. Әйелі де пысық адам. Әке-шешесі қосымша еңбекке атап соққандар. Төл алу, жүн қырқу, қара жөндеу жұмыстарына сырттан еңбеккүш сұрамайды. Бір қора қойды деңгелек айналдыратын семья.- деген Еркінбек те әдейі мақтауын асыра дәріптеп.

Осының бәрі Разиядан құтылу үшін қарастырылған шара болатын. « Бір ауылда тұрып, күнде кездесіп жүрсем дәтім шыдамас. Бауыр басып қалдым ғой. Тағы бір күні қызып кетіп, бір пәлеге ұшырап қалармын. Онан да осыдан аулағырақ болайыншы. « деп, ойлап тапқан бір жалы еді.

Разия оны қайдан білсін. Еркінбекті қорған тұта, шағына келіп тұр:

– Бізге шопан боласың, қой бағасың деп жатыр ғой. Білдің бе? –деді салғырттау, өкпелі әуенде.

Иә, кеше ғана естідім.

– Сенсіз маған қалай болады. Тым бомаса төбеңді көріп жүрсем, маған соның өзі де қуаныш, медеу еді ғой,- деді Разия шын тарығып, көңілі босай түсіп.

– Сенен айырылу маған оңай дейсің бе?! Бірақ бұл жоғарының бұйрығы. Сендерді жібермеймін деп қанша қасарыссам да сөзімді өткізе алмадым. Сақанды малға жайлы, сені де пысық деп өздері таңдап отыр. Менің оларға амалым қайсы?!- деді Еркінбек Разияны да қолпаштап, жылмаң қағып.- Оған сен қиналма. Қазірше шыдай тұр. Кейін бір амалын табармын. Қайда болсаң да мен сені ұмытпаймын. Барып тұрамын.

Қызық болғанда осы сөзді Еркінбектің аузына құдай өзі салған болды. Сақан, Разиялар көшіп, қыстауға орналасып, малдарын бөліп алып болғанша тағы бірер ай өтіп кетіп еді. Коммуна парткомы жаңа жылға қарсы қыстақ бастықтарын қайта реттеп, тағайындаған кезде Еркінбекті дәл сол Сақан барған шопандар бригадасына бригадир ғып жіберуге ұйғарым жасады. Еркінбек алғашында бас тартып, жағдайын айтып көріп еді, коммуна секретары қолды бірақ сілтеді:

Жас жігітсің. Коммуниссің. Бұл- партияның бұйрығы!

Еркінбектің амалы қалмады. Бұйрық қатты, мансап тәтті. Ақыры малшылық әтіретіне барып, қызмет өткеріп алуына тура келді. Қыстауларды аралап, жайылымдарды тексеріп, шопандардың семьясына бірден-бірден кіріп, хал-жай ұғысты.

Еркінбектің өздеріне бастық боп келгенін көріп, Разия қуанып кетті. « Ер екен ғой. Мен үшін келіп жүр-ау. Сөзінде тұрғаны қандай кісілік! « деп толғанды жүрегінде ып-ыстық бір жалын ду етіп. Ал, енесі Еркінбекті көзге шыққан сүйелдей көрді. Үйлеріне түсіп, қой санын тізімдеп, қора-қалтқыны көріп, жем-шөп жағдайын  иелеп, атына мінгелі жатқан Еркінбекті аттандырған кісі болып жанына жетіп барған кемпір:

– Сенің құрығың бізден түспейтін болды-ау, Еркінбек. Жер бетінде басқа қыз-қатын құрып қалғандай менің отауыма неге сұғыңды қадап алдың осынша? Соны қуып келген болдың ғой тағы да. Бірақ енді жолың бола қоймас!- деді тістене, қадап-қадап, ауыр зіл танытып.

Оған ешбір жауап қатпай үн-түнсіз аттанып кетіп бара жатқан Еркінбектің артынан ызалана қарап тұрып,  аузы жыбырлап, қарғыс айтты. Аттың құйрығына жармасып, жат еркекті ер үстінен жұлып алмақ болып, өшіге секірген ақ төс қара итін де қорымай, қайта соның аласұрып ұмтылған әр-бір қылығына жаны кіре сүйсініп, күбірлей берді. « Қу жаным бойымда болса, Бөрібасарым аман тұрса, түн баласында енді жуытпаспын-ау сені бұл маңға. Жолай қалсаң да ана жолғыдай сау кетпессің. Бөрібасарды қасқыр үшін емес, тап сені жалбырату үшін асырап отырғанымды сонда білерсің!- деді өзіне өзі серт  еткендей.

Сол күні Разия көңілді жүрді. Баласын тербетіп отырып, өзі де байқамастан, балаға, бесік жырына мүлде қатыссыз әлде қандай бір махаббат әнін  айтып отырғанын артынан білді.

Сәулем, сәулем, сәулемсің,

Басымдағы дәуренсің.

Жақсы болсаң сәулемсің,

Жаман болсаң әуремсің.-

– деп, сол әнге бар зейінімен беріліп, өзгенің бәрін ұмытып, мүлгіп қалған тұсында, енесінің оқыс зірк еткен кәрлі дауысы оны шошытып жіберді.

– Анауың  тағы келді ғой . Соған мәз болып, шаттанып отырған шығарсың?!- деді енесі мұны оқты көзімен ата қарап.

– Апа, бұл әншейін… Жай ғой…- деді Разия жөпелдемеде сөз таба алмай қысылып қалып.

-һым!- деп кектене мырс етті кемпір.- Жай?… Әншейін…Салдақыға со керек….

Көптен ашулы, ана жолы да күйеуінің « өз абыройымызды  өзіміз төкпейік « деген так-тагімен Еркінбекті қоя беріп, қапыда жүрген қапалы кемпір осы орайда келінінің бетін аяған жоқ. Еркінбекке кеткен есесін, сонан алынбаған өшін Разиядан қайтарды. Ол жолғыдай емес, мынадай иен тау ішінде, оңаша жерде ойындағының бәрін құсып, шер құмарынан бір шықты. Не бір и ауыз жаман сөздермен балағаттап, жерден алып, жерге салды.

Разия бұл жолы да қарсы келген жоқ. Ата-ененің, күйеуінің бетінен алып сөз қайтару – шариғат жолында үлкен күнә. Бар ашуын көзінен алды. Бесікті құшақтай отырып, ботадай боздап жылады-ау келіп. Әбден сілесі қатып, үні шықпай ықылық атып, буылып қалғанға дейін  еңіреді. Сонан соң шорт бір бекімге тоқтады. « Күйеуің анау. Оның үстіне албаты айтқан бір ауыз ән де шам болса, бұл шаңырақта енді не бар айланыш болатын. Кетем. Басымды ашам. Кешке қойдан келгенде ана сілімтірмен мықтап сөйлесемін де сонан ары … Әйт, шүу… «

Осы арада ол тағы биттей ойлана қалды. Ана жолы бір жеңгесі арқылы төркініне, шешесіне арнаулы сәлем жолдап, Сақаннан басын ашатын ойы бар екенін емексітіп көрген. Сонда шешесінің:

– Кеше жастай желігіп, ата-ананы– бәрімізді жерге қаратып, елден ерек таңдап, қашып барған күйеуі мен құдайдай ата-енесіне, бүгін енді қайдағы мінді тағып, оларды сыйламай, жүзі қара болып қайтып келген қызды босағамнан аттата алмаймын. Ондай сұмды әкесінің де көрерге көзі жоқ. Қыз балаға жат босағаны аттағаннан кейін сол түскен жеріне балдай батып, судай сіңу ғана парыз. Құдай алдында тағы да күнәкар болмасын.  Шайтанның азғырындасына ермесін. Бұл жолы тағы тілімді алмайтын болса, мен оны қызым екен демеймін. Мәңгі көрмеймін.- деген қатал жауабын алған.

Разия бұл жолы шешесінің сол қатал бұйрығын да бұйым құрлы көрген жоқ. « Кіргізбесе қойсын. Туыс-туғандардың біреуінің үйіне аз күнге паналай тұрам. Сонан соң көзі соқыр, мұрны пұшық болса да біреуге тиіп кетем. Мына тозақтан қайтсем де құтылам. « деді әбден ширығып.

Есіктен неше кіріп, неше шықты. Қаңтардың қақаған аязымен құлақтанып, жиегіне күлдібадам көлеңке орнап, сарғыш тартып, бұлыңғырданған қыстың күні бесін ауғаннан кейін де қара таудан асып, ары қарай құлап кетуге асықпай, өлеусіреп тұрып алды. Түйе өркештің ойығына иегін артып та табандап ұзақ сіресті. Мынау аппақ қар басқан, күлдей ұсақ күміс қылаулар ұшқындаған ызғарлы суық өлкені қимай, қожыр-қожыр серек тастың қыр жалына жарты шекесін жапсырып, тәкаппар да биік тау шыңының өзгеден озып біздиген ұшар басына алтын теңгесін іліп, сыңар көзімен сығырайып, мөлие телміріп, кетпей қойды.

Сонан бір кезде, әрең дегенде, қапталдан құлап келе жатқан бір қора қойға, соның артында ақ таяғын беліне қыстырып, зор денесі иіле құнысып, бүрсең қағып келе жатқан Сақанға Разия қадала қарап, тықырши күтті. Көптен-ақ, әсіресе, егін басында отырғанда Еркінбекпен арадағы жасырын қатынасы әшкере болып, ата-енесінің аңдуы күшейгеннен бері Сақанмен бет-екі отырып, ашықтан-ашық бір сөйлесуді қанша ойласа да бір орайы келмей-ақ қойған. Алғашында Сақан су қоймада болды. Онан көші-қонның әбігері араласты. Қыстауға орныққаннан кейін де Разия қанша ділгер болғанымен Сақан бір ұстатпады. Лып ете түседі. Сырттайды да жүреді. Шақырса да естімеген болып кете береді. Түнде қой күзетін сылтау етіп, сыртта жатады. Іздеп барса да табылмайды. Қайда жүретінін білмейсің. Бүгігі әңгімесіз де қорлығы өтіп жүрген.

Разия қалың ішігін киді де табынның алдынан шықты. Қой қораласқан болды. Жақындап Сақанның ұсқынына көз жіберді. Сақал-мұртына қырау қатып, кетеуі кетіп қалған бейнесін ұзақ барлады. Разияның маңайына жақындамай, түзу қарауға да батпай, төменшіктеп, қарадай жасып, қашқалақтап жүрген бейшара қылығына назар аударды. Дереу шап беріп ұстап алайын деді де сабыр сақтады. Сақанның тозып кеткен жүдеу жүзіне, солғын ажарына, жігерсіз, әлжуаз қимылына   қарап, жаны    ашыды.          « Қалжырап, қарны ашып келді ғой. Тамақ ішіп, бойын жылытып алсын. «  деп тоқтады.

Қазір бұлар ата-енесімен бір үйде тұратын. Көлденеңі кең, төрі ұзақ, ат шаптырым тас үй. Бір жақ бұрышында кемпір-шал. Оң жағында бесіктегі баласымен Разия. Сақан тамағын ішіп болып, әбден жайланып, күндегі әдетінше  сыртқа бет алған кезде едел-жедел Разия да ілесе шықты. Қой қораға таяй бергенде  қуып жетіп, « Сақан « деп дыбыстап еді, ол бұрылған жоқ. Разия   жетіп келіп, шап беріп жеңінен тартып қалды. Сонан соң жіңішкеріп, тарамысы білеуленіп тұрған сұп-суық білегінен мықтап ұстады:

-Тоқта!- деді зірк етіп. Дауысы шаңқ етіп қатты шықты. Түнгі аязбен ширап шың етті ме, немесе мынау үй іргесіндегі қара жартасқа жаңырығып ұлғайды ма, өз дауысына өзі таң қалды. Өз өмірінде , бәлкім, бірінші рет осылай ащы шыққан шығар. Әйел затына күнә деп ұғып, және бала жасынан жұмсақ сөйлеп, сынық мінезді дағды еткен Разияның өзіне де бөтен естілді. Бірақ, бұл жолы оны мін көрген жоқ. Қайта екілене тиісті.- Қайда барасың тағы сүмірейіп. Тоқта!- деп енді оны екі өңірінен қаусыра ұстап, өзіне қаратып алды .- Тоқта! Мені мазақ қылу есең жетті. Тұп-тура тоғыз ай шыдадым. Енді бүгін мен емес,  мынау сөйлейді.- деп ол жетесі кере қарыс қара пышақты етігінің қоншынан суырып алды. Жалаңаш пышақтың алмас жүзі ай жарығымен шағылысып, қылп-қылп етті. Денесі түршігіп, ерік бермей қалшылдап, қолдары дірілдеп, тістері сақылдай жөнелді. Аузынан ақ көбік ата долданып тұрып, Сақанға төне түсті.- Не сен дұрыстап жауап бересің. Не мен өлемін . Тұп-тура сенің көз алдыңда, дәл қазір, осы арада мен саған өз қанымды өзім шашып беремін. Екінің бірі.

Сақан нұрсыз көзімен безеріп қалды. Ай жарығында Разияның өңі қан-сөлсіз, құп-қу боп көрінді. Дауысының кәрлі дірілінен,  қлош-қалш еткен денесінің сілкінісінен оның дәл қазір неден болса да тайынбайтын, қаны қарайған батылын таныды. Әлденеге өз буынына да діріл жүгіріп, аяқ-қолы ұйып, әл- дәрмені таусыла, сенделектеп барып, арт жағындағы қой қораның тастан қалған қорғанына арқасын сүйеді.

Разия бар ашуын, ішіне жиналған қайғы-дертін бір-ақ төкті. Аузы -аузына тимей ашына сөйледі. Ең соңында тіпті:

– Не менімен бірге боласың. Не басымды ашасың. Дәл бүгін, міне қазір осы арада сөзіңді бересің.- деп соңғы кесімін де ірікпей, турасынан білдірді.

Сақан ләм деген жоқ. Бастан-аяқ қыбыр-қимылсыз үндемей тұрды. Басын көтеріп, Разияның бетіне қарап та қоймады. Екі көзін жерден алмай құнысты да қалды. Разия ағыл-тегіл ұзақ сөйлеп, әбден шерінен шығып, сарқылды-ау деген кезде ғана басын көтеріп, танымайтын біреудің сөзіне таң қалып тұрғандай Разияға бажырая қарады.

– Разия, сен өзі де біледі ғой деп ойлап едім. Ешкімнен ештеңе сыбыс естімедің бе?- деді дауысы қырылдай, тұншыға, әзер шығып.- Мені қинадың ғой. Қинамасаң болатын еді. Бірақ сені кінәламаймын. Кешір мені. Мен сені сүйгем. Тегінде. Баяғыда. Жүрегім бар, денім сау кезде. Дәл қазір менде жүрек те, қуаныш та, махаббат та– ештеңе жоқ. Кезінде болған. Қазір соның бәрі түгел жоғалған. Мен қазір тіпті адам да емеспін. Өзімді адам деп санай алмаймын. Бұл күнде мен бір албасты, әруеймін бе, көлеңкемін бе, әйтеуір сол сияқты бірдеңе ғанамын.- деді ол осы тұста дауысы бұзылып, тамағы кірілдеп.

Разия жалт қарап еді, сүттей жарық, аппақ айдың мол сәулесімен шағылысып, оның екі көзі шатынап, болатсыз шадырайып, қос жанары бірдей жасқа толып тұр екен. Шарасынан аса мөлтілдеп, лықылдап төгіліп кеткелі тұрған сияқты. Бірақ, таматын емес. Безірейіп қалған өлі қалпы. Тіпті, жас та емес, соның құр елесі тәрізді. Ол сонан ары бір қауым уақыт үнсіз сілейіп тұрды да бір кезде өзіне -өзі тіл қатқандай ақырып күбірлеп сөйлеп кетті:

-Иә, мен шын айтып тұрмын. Мені құртты ғой ақыры бұл жауыздар. Мынау сұрқия заман. Құртты. Құртып тынды. Тірі аруақ қып мұраттарына жетті. Мен қазір тірі өлікпін. Турасын айтсам…- Ол үні шықпай, булығып, ұзақ қалғынып тұрып қалды.- Сақал-мұрты бар демесең… Қарашы анықтап. Қуарып барамын. Өзгеріп кеттім. Соның өзінде де бұрынғыдай емес. Сақал ма? Жоқ. Сақал сияқты бірдеңе. Жөнді өспейді. Қурап, сиреп барады. Ана кездегізей қатты-қатты қайратты тікендер емес. Жұп-жұмсақ, өлқая, жасық түктер…. Міне осылай. Кетем десең өзің біл. Кеткенің жақсы. Осы сөзді мен сенің бетіңді қиып, айта алмай жүргем. Кетпегенде қайтесің жас өміріңді зая ғып. Бірақ анау баланы. Менің жалғыз ұрпағым ғой. Мен сияқты бір сормаңдайдың бұл дүниеге келіп, аз жыл қонақ болып кеткенінің жалғыз белгісі сол. Сол баланы таста да алысырақ бір жат жерге, біреуге « қызбын «  де  де  тиіп кет. Қазір де қай   қыздан кемсің?! Жоқ, болды. Оны өзің біл.  Мен үшін  баланың да керегі жоқ. Керек болса,  өзіңе ермек болып жүре берсін. Егер күйеуге тисең, көзге түрткі болатындай болып жатса, әкеп тастарсың. Әйтпесе… Мен сені , Разия, ұғып тұрсың ба? Сені бақытты ете алмадым. Соны қанша армандадым деші. Бұл өмірден тек сенің күлкі ойнаған жайдары, жарқын шырайыңды ғана көргім келген. Өмірбақи сені қуантып өтсем дегем. Міне көріп тұрсың ғой, өле алмай жүрмін. Мынау ылғи сордан жаратылған, баянсыз, алдамшы  дүниенің лездемдік  жарық сәулесін, соны ғана қия алмадым. Сонан итшілеп жүрмін. Туада ынжық жанмын. Соның кеселі. Әйтпесе әлдеқашан…

Разияның қолы сылқ етіп, пышақ жерге  түсіп кетті. Сөзін айтып болып, Сақан да бойына жан кіріп, алдында сілейіп тұрған Разияның денесіне соқтықпай, арқасын тамға ысқылап, ақырын жылжып, сытылып шықты да сылп-сылп басып жүріп кетті.

Разия тұрған орнында бүгіліп отырып қалды. Екі қолымен бетін басып еңіреп жіберді. Алғашында өзінің сорлы тағдырына налып еді. Ана жолғы қытай қатынның сөздерінің шын болғанына көзі енді жетіп, соған күйінді. Соңынан өзінің бүгінгі қылығына   да   өкінді. « Қандай аянышты! … Ер адамның әйелге  жалынғаны. Құдай-ай, жанын қинап, осыны бекер-ақ айтқыздым-ау. Оңай ма оған. Қандай ауыр! Қара жердей! Онан өлім жеңіл шығар. – деп өксіді ол осы тұста өзін өзі жек көріп.

Түнімен жылап шықты.  Ертеңінде тұрғанда қып-қызыл екі көзі шоқпардай болып ісініп кетіпті. Тамаққа зауқы соқпай, оразасын да ашпай, бесікке сүйеніп ұзақ отырды. Атасы шайын ішіп болып сыртқа шығып кеткеннен кейін ғана құр сүлдері қалған, көңілсіз күйден арыла алмаған жүдеу қалпы енесінің қасына жақындады.

– Апа,- деді бірдеңе айтқысы келіп. Бірақ аузы сөзге келмей, көз жасы көл болып, ағыл- тегіл еңіреп жылап ала  жөнелді.

– Иә, не жетті?- деп зекіді кешегі кегалі әлі тарқамаған кемпір оны жақтырмай,-   Не болды қарадай сықсыңдап?  Өз басыңа көрінгір!

Разия енесінің бетіне жалт қарап еді, бет-аузы бүріскен байқұс кемпір оның көзіне бұрынғысынан бөтен көрінді. Құнысып, жүдеген. Қазір де мінау жер бетінде, ошақ басында емес, жаздыгүні мөп-мөлдір болып, ақырын ырғалып толқып ағатын, ақ айдын Ертіс өзенінің ортасында отырған секілді ме, қалай? Жоқ. Жазда жайлау үстінде, мынау Алтай деген алып тауда күнде жауын жауады. Таңертеңгі күн жадырап көтерілген, шайдай ашық көк аспанға анау жоғарыдағы биік шың басынан теңгедей қара бұлт ойнап шыға келеді де лезде сіркіретіп төгіп жібереді. Кенет аспанның түбі тесіліп кеткендей шелектеп құяды. Жаңбыр емес, сел жауады. Жан- жануарды сүмірейтіп, адамдардың мойнынан суын сорғалатып, бір сәтке сүрепетін қашырып, бет-аузын көл ғып жуып, кесек-кесек тамшылар сорғалайды.

Разияның көзіне енесінің қазіргі бейнесі солай көрінді. Ол да жылап отырған сияқты сезілді. Біраз қадалып қарап отырды да аяп кетті. Мінезі жеңілтек, ақылы шолақтау болғанымен мейірімді кемпір еді. Соңғы кездері бұзылып жүр. Иә, бір есептен оныкі де жөн. Оның орнында өзі болса, Разия да сөйтер еді. Сорлы кемпір…

Түнімен зығырданы қайнап, қайта-қайта айтып, жаттап алған, оқталып келген сөзін айта алмай, бетін басып жылаған күйі далаға шығып кетті. Тамаққа да, ештеңеге зауқы соққан жоқ. Өтірік болса да жұмыс бірдеңе істеген болып, арық-тұрақ, тайынша-торпақ, қозы-лақты үйдің бас жағындағы тепсеңге айдаған болып, сіркесі су көтермей ұзақ жүрді.

Тек түс әлетінде ғана жоғартыннан келе жатқан бір жас жігіт жолдан бұрылып келіп, ат үстінен қол беріп амандасқан болып, мұның алақанына біп-биттей ғып бүктеген қағаз қыстырды.

Разияның жүрегі әлденеге зу ете түсті. Бойында лыпылдап қан соқты. Оңаша қалған соң ашып көріп еді, Еркінбектің жазуын тани кетті. Бірақ ауыз сөз: « Кешке барам .«

Қуанарын да, қорқарын да білмеді. Бастабында аздап, жүрексінген сыңайлы еді. Кемпір анау қарадай буырқанып жүрген. Қанша кең дегенмен жалғыз бөлме. Қаттырақ алған тынысың да анық жететін тып-тыныш түн. Сыртта анау– аппақ қар. Анау Бөрібасар. Тұмсығы суып алған мынау қыс күнінде ұзақ таңға бір жатпайды. Өзінен өзі аласатып, бас-аяққа тынбай шапқылап, арпылдап шығады. Түнгі аяздың шықыры да күшті тұс. Әсіресе, ат тұяғының дүрсілі аязбен шыңылтырланып, бір мойнақтың арғы жағынан ширығып жетеді.

Солай болса да Разия соңынан қуанып қалды. « Мынадай жүдеп жүргенде, ат терлетіп іздеп келетін біреуің болғаны, шіркін, қандай мерей! Не болса о болсын. Келсінші өзі. Қиын қылса тағы ұстап алар. Басқа түскенін көрем. « деп ойлады. Енесіне байқатпай, есіктің топсасына сұйық май тамызып қойды. Жатарда босаға жақтағы бірдеңелерді, ағаш-сұғашты алып тастап, жолын тазалады. Көз ілмей, бақырайып ұзақ жатты. Бір-екі рет иттің абалағанына елегізіп, ақырын басып далаға шықты. Бөрібасар біресе аласатып сайды құлдай жүгіріп, ендігі бір жолы үйдің бас жағына қарай тасырлата жөнеліп, босқа қайтып оралды.

Жалаңаш етіне сұға салған тоннан қоңылтақсып, Разия екі ретінде де ұзақ шыдап тұра алмай, суықтан тітіркеніп, қалтырап қайтты. Түннің    бір     уағы   болғанға   дейін   ұйықтамай   жатты. « Қыстаудағы ел жай жатады. Сонан бері де, міне, қай уақыт? Таң таяп қалған шығар. Мүмкін , бүгін келмейтін болғаны ғой. Онда неге айтты екен? Бәлкім, кім біледі… «  деп  алуан ойға кетті.

Сөйтіп жатып, ақыры талығып ұйықтап та кеткен екен. Судыр еткен көрпенің сыбдырынан шошып оянды. Жүрегі атқалақтап, тарсылдап тулады. Демін ішіне алып, дыбысын шығармай, басын жастықтан жұлып алды да әлдекімнің қолынан шап  беріп ұстай алды. Тастай суық. Мұздай. Қап-қатты. Еркек қолы. Тани кетті. Еркінбектің кіп-кішкене алақаны. Әйелдердің қолындай. Бірақ, жіп-жіңішке, салалы саусақтар.

Мен ғой,- деп сыбырлады таныс даус.

Разия ірге жаққа ақырын сырылып, орын босатты. Сонан соң оныің білегін мойнын асыра әкеліп жастанды да кеудесіне тұмсығын тіреп, қатты құшақтады. « Қалай келдің? Сені бүгін келмейді ғой деп үміт үзіп едім. Бөрібасар қалайша үрмей қалды? « деген сияқты көп сұрақтың орнына ол Еркінбекті иіскелей аймалап, қарадай алқынып, оның аузына  өзінің тілін салды…

Түннің бір уағында Разия Еркінбекті ертіп далаға беттеді. « Ит абалап, әлек қылар. « деп ойлап еді. Бірақ Бөрібасар есік алдында жоқ болып шықты.

– Бөрібасар қайда кеткен, әкәм?- деп күбірледі ол ақырын өзіне өзі. Сонан соң Еркінбекке бұрылды.- Апамның саған қосам деп асырап жүрген жолбарысы ғой. Саған үрмеді ме?

Еркінбек мырс-мырс күлді:

– Енеңнің ниетін ана жолы келгенде білгем. Жолбарысының ақсиған азу тістерін де көргем. Соны біліп тұрып, көзді жұмып жетіп келетін мені жынды ғой деп пе едің!? Бір кемпірдің қастығына төтеп бере алмасам несін жігіт боп жүрем!? Көп ойландым. Ақыры ол төбет бақса, мен қаншық асырадым. Әне, қарашы өзің.

Разия Еркінбек нұсқаған жаққа қарап еді, ештеңе көре алмады. Үйден бір-екі арқан бойы ұзап шығып қалып еді. Еркінбек Разияның екі иығына екі қолын салып тұрып, бәсең үнмен сақ-сақ күлді.

– Қарамайсың ба, әне, Бөрібасарыңды.- деді денесі бір бүгіліп, бір шалқалай бұраң қағып,- Бүгін  ол да мәз.

Не деп тұрсың ежікшілеп?- деді Разия түк түсінбей.

-Түу, саған не болған, Разия, Бөрібасардың қасындағы менің «бикешімді «  әлі көрмей тұрсың ба?

Разия сонда ғана байқады. Ақ сәулесін молынан төккен айлы түн сүттей жарық. Аппақ қар. Соның кіршіксіз аппақ , таза бетінде середек, тайыншадай  Бөрібасар мен қаншырдай қатқан, жіп-жіңішке қара ала қаншық иіскелесіп, жаласып тұр. Бөрібасар ойнап, тістелеп, қара ала қаншық жұтқына, тұншыға қыңсылап , еркелеп арбайды. Кенет ол Бөрібасардың тұтқынынан босана салып, құйрығын бұтына қысқан бойы тұра кеп қашты. Ақ қарды бұрқырата зуылдай зытты. Адымы кесек Бөрібасар да бар пәрменімен ұшырта жөнелді. Лезде қуып жетті. Қаншық ит құтылмасын білді де шалқасынан түсіп, қыңсылап, төрт аяғын көкке көтерді. Қанша ашумен долырып, жеп қоярдай болып бұрқыратып, тебіндетіп жетіп келсе де енді төбет те құйрығын қайқайтып тұра қалып, екі құлағын едірейте сәл кідіріп барып, тумысынан артық жаратылған бір ерекшелігі– қай сұмдықты да тез аңғаратын сезімтал, иісшіл тұмсығын қаншықтың құйрығына, бұтының арасына жақындатты.

– Көрдің бе, Разия, Бөрібасарыңның кімге тұтқын болып тұрғанын!? Дүние осы. Бұл ғаламда ұрғашының тасынан сиқырлы, сонан күшті не бар? Айтшы өзің.- деді мырс-мырс күліп.

– Сенен де шықпаған шығады-ау!- деді Разия екі иттен көзін алмаған бойы еріксіз жымиып.

– Қайтем енді. Басқа еш амалым жоқ. Сонан осы бұралқы қаншықты он бес күн асырадым. Бағана әдейі мойнына шылбырымды тақтым да жетелеп алдым. Бөрібасар  абалап ұшыртып келе жатқанда босатып, қоя бере салдым. Қанша есті махлақ дегеніңмен Бөрібасарға да қоралы қойдан гөрі иенеліктей имиген осы қаншық иттің артық көрінетінін біліп едім.- деді Еркінбек масаттана, желпіне түсіп.- Жә, енді ана Бөрібасарыңды ұстай тұр. Бикешімді алып кетем. Ертең де керек ол.

Разия таң-тамаша болып, басын шайқады.

– Келіп тұратын шығарсың… Болмаса өзім-ақ тосып алам.- деді оған жабыса түсіп.

Бір күні болмаса бір күні енең біліп қояды ғой.

– Біле берсін. Килігіп көрсін… Қорықпаймын. Одан да, басқадан да, тіпті, құдайдан да… Күнә дей ме, тозақ дей ме, ахиретте жауабын өзім берем. Не жазығым бар? Әйел ғып жаратып алады да қараңғы түннің бір сәттік қызығын да қимайды. Анау қаптап жүрген қалың еркектердің бостан- босқа желге ұшып кетіп жатқан иісін де көп көреді. Немене мен… Жаным, жүрегім сыздағанда кей күні көз ілмей таң атырам. Ұғып тұрсың ба, менің сорыма кезіккен, қоян жүрегім?

Жарайды. Келем- деді Еркінбек оның көзінен сүйіп.

Разия қайтып келді де жылы төсегіне кіріп кетті. Сыртта тұрып, тоңазып қалған екен. Бойы жылына- ақ маужырап ұйқыға шомды. Алаңсыз, қамсыз мас күйге енді. Қанша ұйықтағыны белгісіз, бір кезде ата-енесінің кіріп-шыққан дыбырынан оянып кетті. Рақаттана балбырап көзін ашты. Көкейінде бір қуаныш бар сияқты. Көкірек сарайының түбіне шөгіп қалған шаттық. Керіліп аяқ-қолын созды. Бойын алған бір мастық күй бар. Тұтас денесі, өне бойы түгел жұп-жұмсақ, балқып тұр. Жүйе-жүйесі түгел бос қалған. Алпыс екі тамыры тұтас иіген рақат бір халде. Жаңа ғана еркек салмағымен жаншылып қалған екі омырауының шандыр еттері енді қайта тіріліп, шым-шымдап жанданып келеді. Бойы марғау тартып, ерініп жатса да, өзі де сезбестен омырауының үрпіне саусақтарын тигізіп, сипалап ұстап көріп еді,  ол да күндегі бүрісіп жататын шала жансар қалпынан өзгеріп, мамық, ұлпа, көк тамырлар арасынан едірейіп, тіріліп келе жатқандай көрінді. Қандай бақытты!… Рас па сол?  Түсі емес пе? Жоқ. Бәрі шын. Жаңа ғана, жап-жаңа еді ғой сол рақатқа, теңдессіз ләззатқа қарық болғаны.

Разия көзін қайта жұмды. Соны ойлағанда өзі де, бір жаратушыдан басқа ешкім де білмейтін өз денесінің құпия бір нүктесінен қасиетті тамырлары солқ-солқ соғып, сыздап өтті.

Орнынан тұрып еді. Денесі күндегіден бөлек. Жеп-жеңіл. Ширап, қунап қалған. Көптен қурап, қаңсыған денесіне бүгін төтенше, ғажайып бір сөл кірген тәрізді. Айнаға қарап еді, өңінде бөлек бір нұр сияқты. Көзінің құйрығында күнде көбейіп, білінбей жыпырлап келе жатқан ұсақ-ұсақ әжімдері де бүгін жоғалып кетіпті.

Разияның бұл бақыты онша ұзаққа бармады. Осыдан үш-төрт күн өткен соң, Еркінбек келіп кетіп, Разия тағы бір ләззатты түннен жадырап оянып, енесімен оңаша таңертеңгі шайға отыра қалған кезде енесі кенет зірк етті.

– Ей, ұятсыз қар. Арам қолыңмен ұстама шәугімнің тұтқасын!- деді оның білегінен қағып қалып.

Разия енесінің ұсқынына көз жіберді. Екі ұрты ішіне кіріп, салпиып тұратын астыңғы ерні онан ары салбырап, жирен түкті, жұқа қастарының арасы жақындап, түйіліп қалған екен. Жауар күндей түнеріп отыр.

– Мені өліп жатыр ғой дейсің бе, кім келді үйге түнде?- деді дауысы тамағынан шыға қырылдап.

Разия үн қатпай кемпірдің бетіне сазара қарады. Бұл да кірпігін қақпай қадалып қалды. Екі танауы желбіреп, сұрлана түсті.

Кемпір ыза боп кетті. Күнәсін мойындап, жасқанып, именгеннің орнына әдейі тайласқандай, безірейіп қараған сұрқына жыны түсіп еді. Кенет от басындағы көсеуді жұлып алды да келінінің басына таман бар ашуымен долдана сілтеп қалды. Бірақ, Разия дарытпады. Ол да бір сұмдықты тосып, дайын отыр екен. Көсеудің күйелі ұшынан шап беріп ұстай алды да:

– Тоқта?- деді кенет батыл әрі бұйыра үн қатып.- Тоқта. Бүгін өзім де айтайын деп оқталып келіп едім. Тоқта! Бір сұмдық айтайын.- деді көсеуді ұстаған оң қолы да дауысымен бірге қалтырай түсіп.

Келінінің мына ұсқынынан, тосын мінезінен кемпір сескеніп қалды. Қайтерін білмей, аузына сөз түспей, не деудің ебін таппай бақырая қарап, жапақтай берді.

– Тоқта. Ұруың қашпас?- деді Разия тістене, дауысы онан ары қалтырай, жарқышақтана түсіп,- Өзім де айтайын  деп отырғам. Саған сұмдық… Бір сұмдық айтайын. Өзің де сезіпсің ғой. Түнде келген– Еркінбек. Осы қыстауға қонғалы бірінші рет келуі емес. Үшінші рет келуі. Сен, кемпір, бері қара, мен  осыны сенен кешірім сұрағалы айтып отыр дейсің бе?! Жоқ. Сұмдық айтайын деп отырмын. Менің басыма түскен зауалды сенің де басыңа түсірейін деп отырмын.

Не дейді мынау?- деді кемпірдің қолы кесеуден босай беріп.

Разия барлық оқиғаны, бірнеше күннің алдында Сақан екеуінің арасында болған әңгімені де толық айтты. Көздері барған сайын шатынап, екі қолы албаты ербеңдеп, аузы-басы қиюасыз қисаңдап кеткен кемпірден көзін алмай, тісін баса, ұрт еттері бұлтылдап, ашына сөйлеп келді де:

– Естиін дегенің осы ам? Тілегенің осы болды ғой. Жә, енді ұр мен бейбақты. Соқ , құр тұлыпқа мөңіреп , жас өмірін қор ғып жүрген, бағы қайтқан сорлыны! Мә, міне көсеуің!- деп тал көсеуді кемпірдің алдына тастай салды.

Сөйтті де, әрі- бері безеріп отырды да екі алақанымен бетін басып, еңіреп қоя берді. Екі иығы селкілдеп, үн салып, ұзақ жылады. Ара-арасында:

– Құдай ғой мені өстіп сорлы ғып қойған…. Соны тілеп пе едім?! Әлі оннан бір гүлім ашылмаған  кезім.  Қалай шыдаймын. Түн бойы таң атқанша дөңбекшіп, ұйықтамай шығамын. Менің бір жасшылығымды, бір күнәмді әйел болып, ене болып, не сен түсінбедің. Пенде ғой, жас қой, әйел заты ғой, бір жеңілтектік болған шығар деп кешірдің бе?! Жоқ. Менікі әуейілік, жеңілтектік пе? Сен де  жас болғансың. Өзің де білесің. Енді соны кәперіңе алмай, менің басыма әңгір таяқ ойнатпақ боласың. Суық жүріс пе? Күнә ма менікі? Айтшы өзің құдайшылығыңды. Сонан соң ұр мені. Соқ. Жат босағаны аттай салып бақыты күйген, қарығы тарқамаған мендей бейбеқті ұр. Саба. Басымды жарып, көзімді шығар. Әне көсеуің. Өшің алынып, кегің қайтсын.

Кемпір бойында жаны я бар, я жоқ кісіше мелшиіп, тұқырып жерге  қараған бойы еш қыбырсыз отырып қалды. Аздан соң Разия орнынан тұрып, бесікте жылап жатқан баласының қасына барды . Бесікке асылып, баланы емізе отырып та бір уанбай, көз жасын көл қылып, еңірей берді:

– Ұр мені! Соқ! Әбден шер құмарыңнан шыққанша төпеште!  Сенің сол таяғыңмен күнәдан ада боп, әбден тазарып алайын да мен де кетейін бұл моладан. Батырайын қарамды…

Сол күні түстен кейін көзі бұлаудай болған кемпір шалын оңаша, қой қораның сыртына шақырды.

– Не болды?- деді  кемпірінің сұрқынан шошынған шалы оқыс тіксініп.

Кемпір еңіреп жылап қоя берді. Бәрін айтты.

Рас па екен?- деді шалы қайрандап.

– Мұндай жұмыста әйел адам өтірік айтпайды.- деді кемпірі.- Жазда, Разия босанып үйге келгеннен кейін біздің үйге әлгі Ваң дейтін қытай дәрігер келді ғой. Сақанды шақырып алып, екеуі бірдеңе сөйлесті. Сонан Сақан кенет шадырайып шыға келді де дәрігердің кеңірдегінен шап беріп ала түсті. Тұйықсыз қимылға дәрігер қарманып, қару жасай  алмай қалды. Қырылдап, қылқынып бара жатты.  Шошып кетіп мен жүгірдім. Сақанның қарысып қалған қолын әрең ажыраттым. Дәрігер есеңгіреп көп уақыт сөйлей алмай, үндемей отырды да бір кезде екі көзі жасаурап: « Ей, Сақан, мен саған не жамандық қылып едім. Бар жазығым қыста, мына өзіңнің қазақтарың сені күреске алғаннан кейін оңаша үйге апарып, өлімші етіп тепкілеп, соңында екі бармағыңнан аспаққа асып қойған жерінен босатып алып, үйіңе алып барғаным, сонан соң күп болып ісіп кеткен шатыңды емдеп, ажалдан алып қалғаным ба? Бүгін маған неге кәріңді төктің?- деді дауысы қалтырап. Сақан өрт өшіргендей тұтігіп, қап-қара болып, үн шығармай, безеріп көп отырды. Сонан бір кезде ғана : «  Өзіңнің қазақтарың деуін! Біз ойлап тапқамыз ғой соны…- деді тістене кіжініп. Тағы біраз  түйіліп отырып  барып қайтадан тіл қатты.- Сонда мені өлтіріп тастауың керек еді! Бұл қорлыққа қалғанша жер астында тыныш жатқан әлдеқайда рақат қой. «  деді міңгірлеп. Ол кезде олардың не айтысып отырғанына мен онша мән бере қойған жоқ болатынмын. Азаматтардың арасындағы жай әңгіме шығар деп елемегенмін. Бүгін ойласам, сол тегін болмағаны ғой.- деді қамығып.

– Сонда да Сақанның өзінен бір сұрау керек еді.- деді әкесі қинала  күрсініп.

Сол күні Бекбай бір жақын туысын шақырып алды да далада қой жайып жүрген Сақанға жұмсады. « Разия басымды ашам дейді. Ол не сөз? Соны ғана сұрап кел. «  деп тапсырды. Бірақ ол мардымды жауап әкелген жоқ. « Жарайды. Кете берсін « депті де Сақан онан ары ештеңе айтпай, орнынан тұрып, қой соңынан жүріп кетіпті.

Мұны естігенде Бекбай күңіреніп кетті:

– Апырай, мына сұмдар менің тұқымымды құртып тынған екен ғой…- деді жыларман болып.

Кемпір де боздап жіберді. Бірақ тез уанды:

– Жоқ. Өйтпе. Құдайға шүкір, бір бала бар ғой. Өзі Сақаннан  аумайды. Дәл аузынан түсе қалған.  Дегенмен Разияның ақылы бар екен. Күнәлі болып, соған бекер ұрсыппыз. – деді   кемпірі әлде нені есіне алып, ақырын күрсініп қойып. Сонан соң көп ойланып тұрды да сөзін қайта жалғады.- Енді қайттік?  Жоғарыға арыздансақ қайтеді?

Бекбай қолын бірақ сілтеді.

– Қой оны! Бірақ  ана айтқаның дұрыс, кемпір- деді  біраздан кейін ол да ауыр күрсініп.- Дегенмен бір тұяқ қалған екен. Ендігі әңгіме сол баладан айырылып қалмайық.

– Әй, қайдам?! Келін кетсе өзі ғана кетпейді, баланы ала кетеді ғой. Сот та соған бұйырады.

– Мен де соны айтып тұрмын. Баладан айырылмаудың жалғыз  ғана амалы бар. Ол- келіннен айырылмау.

– Әй, ол қиын ғой . Жас адам қалай отырады?!  Мүмкін емес.  Осы күннің өзінде ниеті бұзылып, әбден  беті теріс бұрылып Алған.

Бекбай көп ойланып тұрып былай деді:

– Елде,  жұртта жоқ бұл әңгіме көпке таралып кетсе,  ең алдымен   сүйекке таңба. Бұл-Бір. Екіншіден, баладан да айырылып қалатынымыз анық.  Сондықтан амал бар, келінді жібермеудің шарасын қарастырғанымыз әбзал. Мен білсем, оның бір ғана жолы бар .- деп Бекбай сөзін дереу айта қоймай бөгеліп тұрып барып, әзер  жалғастырды. – Қазақта тегінде ескі бір  жосын  болған.  Біздің Разия келін әрі ақылды, әрі көңілі жұмсақ қой. Көніп те қалар.

« Ол қандай амал? «  дегендей кемпірі оның аузына қарап қалды.

– Ежелден сондай бір жоралғы болған.- деді шалы да оны дереу айта қоймай.- Айтар болсам,  оның бәрі сенің қолыңда.

Мен неге болса да дайынмын ғой.

– Мәселен, былай енді. Сен келінге жақсылап отырып айтасың. Жоқ, жай айту емес. Оған өлердегіңді айтып, жәтіп кеп жалынасың. « Ақылың бар , аяулым едің. Құдай үшін ая бізді. Түтінімізді өшіре көрме. Ол үшін не десең де, қандай шарт қойсаң да мақұлмыз. Бұдан былай отауыңды бөліп, өзіңді оңаша  шығарып қояйық. Сонан соң соқыр бол десең соқыр болайық. Саңырау бол десең саңырау болайық. Не істеймін десең , өз еркің  білсін. Түндігің жабық, есігің ашық болсын. Тек бізді мынау баладан айырып, отауымызды қаран қалдырып, бақытымызды күйдіріп, басымызға зауал орнатып, қан жылатып кете көрме. « деп өтініп  көр. Бір қалса сонан қалар. Көңілі жұмсақ бала еді.- деді шал тарыққанын жасыра алмай.

Осыдан екі күн өткеннен кейін, таңертеңгі шай ішіліп болған соң Разия баласын бесіктен шешіп , құндақтап орап алды да:

Ал, апа, аман бол. Мен кетем.- деді есікке қарай беттеп.

Кемпір қол-аяғы бірдей қалтырап, тұла бойы  дірілдеп, денесі қалшылдай жөнелді. Қайтерін білмей, әнтек аңырып тұрып қалды да сонан соң сүріне-қабына жүгіріп барып, есіктің алдына  « күрс «  ете құлап, көлденең түсіп жата кетті.

– Жоқ, жаным, жібермеймін. Сенен тірі айрылмаймын. Бұрынғымды кешір. Бұдан былай енді не істесең де өз еркің білсін. Атам қазақтың жосыны бар. Түңлігің жабық, есігің ашық болсын. Олла-беллеһи, Алла атымен ант етейін. Бірақ сені жібермеймін. Бермеймін рұқсатымды. Оған болмай кетем десең, міне басым, міне қуыс кеудем, құр қаңқам. Аттап кет мені. Ақ басымды жаншып өт!- деді екі алақанын жайып, көкке қаратып, серектеп, қалш-қалш етіп.

Разия да безеріп тұрып қалды. Қанша қатулы болса да кемпірдің ақ самайлы басынан аттап кете алмады. Кәрінен, қарғыстан, көз жасынан қорықты. « Жарайды. Қойшы. Тағы бір жөні болар.» деп ойлады райынан тез қайтып.

Үш күннен кейін, бұрынғысынша қара ала қаншығын жетектеп жетіп , соның арқасында үйге сыбдырсыз кіріп келіп, ыстық құшағына кіріп кеткен Еркінбекке өткен оқиғаны, бұрын айтпай келген барлық құпияны Разия бірінші рет  жасырмай айтты. Күндегідей енесінен де қорықпай, дауысын басып, әдейі сыбырлап сөйлесе де ештеңесін қалдырмай ұзақ әңгімеледі. Тек Еркінбекті шығарып салғалы шығып бара жатқанда ғана босағада сәл кідіріп, енесінің басын көрпеге тығып алып, тұншыға, қыстыға жылап жатқан сұңқылын естіді де бұл да тұра қалып, көзін жұмып, жүрегі шымырлай сыздап, ауыр күрсінді.

Бірақ оны тез ұмытты. Еркінбектің қолынан ұстап, жетелеп шығарып бара жатып:

– Айттым ғой. Енді ештеңеден жасқанба! Өз үйіңдей келіп тұр.—деді еш тартынбай, ашық  дауыспен батыл сөйлеп.

– Менің қара ала қаншығым…- деді Еркінбек өзі де байқамай, күндегі әдетінше жан-жағына қарап.

Ой, енді оның керегі жоқ.- деп күлді Разия да жымың қағып.

Таң атты. Қара таудың өркеш-өркеш биіктеріне нұрлы күн алтын сақинасын қайта іле бастады. Қоралы қойды ауылдың бас жағына қарай қапталдатып, өргізіп бара жатып, кенет Сақан жол үстінде ілінісіп тұрған екі итті көрді. Төбет ит өзінікі. Қаншық ит бөтен. Сақанды көре жалтақтап, зәресі ұша жан таласып, жантыраңдай тыртысып, қашпаққа ұмтылды. Бар күшімен төрт аяқтай табандап, өрге қарай тартып көріп еді, тайыншадай үлкен төбетті сүйретіп кете алмады. Сақан жаққа алақтай  көз жіберіп, әлсіз шиқылдап, амалсыздан қыңсылап-қыңсылап жіберді.

Ойламаған көрініске Сақан сәл тіксініп, бөгеліп қалды. Қаншық иттің Еркінбектікі екенін де біледі. Қора шетінде жатып, бұрын да талай көрген. Бір рет Еркінбек үйге кіріп кеткеннен кейін қолына сары мойнақ пышағын алып, тұра ұмтылмақ та болған. Бір-екі аттап барып, ойланып тұрып қалған еді. « Неменеге  бола бүйтеді? Қызғаныш па? Ал қызғанып қайтарып алғанда не істейді? Бұған жалғыз Еркінбек жазықты ма!? Сау кезінде өзі де талай жортқан… Бір есептен оны да солай… Дәл өз істегенін өзіне істесе қайтер еді? Иә, онда дүниедегі бір кемтарға тағы бір сорлы, бейшара қосылады. Сонда бұған мүйіз шыға ма?!«  Кенет бойы суып кеткен.

Қазір де мына көрініске қарап, біраз тұрып қалды. Түнгісін тағы қойшы, тапа- талтүсте қылып тұрған қылықтары мынау. Дәл бір мұны әдейі мазақтап, келеке қылғандай. Кенет оның басына қан шапшыды.  Өзі де сезбестен оқыс құтырынып, долыра жөнелді. Қайтадан жүгіріп барып, үйдің төбесінде жатқан аша бақанды ала салып, ұшыртып келіп, екі итке тұра ұмтылды. Бірі олай, бірі бұлай тартып, қисалаңдай қашып жанталасқан екі мақлұқты лезде қуып жетті. Қарадан қарап көзіне қан құйылып кетіп еді. Дәл қастарына таяп келіп, бар пәрменімен салды да кетті. Салды да кетті. Көбінде ылғи төбетті ұрды. Басың, көзің демей төбелей берді. Ес кетіп, жан шыққан бір уақытта ғана қара ала қаншық босанып, сытылып шыға берді. Құйрығын бұтына қысқан бойы беталды зытып жоғалды.

Сақан тоқтай қалып қарап еді. Орнында Бөрібасар қалыпты. Таяқтың бәрін сол жеген. Бойында жан жоқ сияқты. Сылқиып, сілейіп жатыр. Бет-аузы қып-қызыл ала.

Сақан түрегеп тұрған бойында аша бақанның ұшымен әр жерінен түрткілеп көріп еді, қыбыр еткен еш қимыл білінбеді. Әрі-бері қарап тұрды. Өз иті болса да биттей жаны ашыған жоқ. « ит төлеуі бір күшік.   Көктемде тағы бір күшік асырап алам. «  деді ол Бөрібасарға кектене, қыбы қана, тістене күбірлеп. Иттің артқы аяғынан ұстады да жолдан аулақ ұзатып, сүйретіп тастады.

Ертеңінде Сақан дәл осылай қарай қойын өргізіп бара жатып, шошып қалды. Есіктің алдындағы күресіннің жанынан өте беріп, қыңсылаған бір дауысты естіп, жалт қарап еді. Бөрібасар екен. Күнде өзі жататын күресінде басын көтеріп, Сақанға қарап жатыр. Бет-аузы әлі қып-қызыл ала қатқан қан. Бір көзі шодырайып, жұдырықтай болып, сыртына шығып кеткен. Иесіне жалғыз көзімен мөлие қарайды. « Қай қылығым жақпап  еді?! « дегендей.

Сақан тоқтай қалды да ойланып тұрып барып, жақындап таяй беріп еді, зәтте болған ит қорқып, бар күшімен кеудесін көтеріп, қашуға қам қойды. Үзіліп кеткен белін қозғай алмай, бөксесін сүйретіп, қисалақтап бұрыла берді.

Сақан қарап тұрып күрсінді. Өзінің соншалық аяусыз, қатты ұрғанын енді білді. Бейшараға жаны ашып, өз қылығына өзі өкініп те қалды. « Төбет болғаннан басқа бұл байқұстың не күнәсі бар еді ? « деп ойлап, жүрегі сыздап, қатты-қатты шаншып өтті. Ойға шомып тұрып кетті.

Қайта бұрылып үйіне кіріп, шешесінен бір қасық сары май сұрап алды. Бөрібасарды бір сирағынан ұстап, ауылдың аяқ жағындағы  жырашыққа сүйретіп апарды . Қарысып қалған жағын әрең ашып, аузына әлгі майды салды. Сонан соң бір қолымен тұмсығынан қапсыра ұстап, бір тізесімен қабырғасынан жаныша баса отырып, қынынан пышағын алып, кеңірдегінен орып қалды:

– Сенде түк жазық жоқ… Жазықсыздар көп жауыздың құрбаны болатын ежелгі жосын ғана бар, - деді күбірлеп.

 

Алматы 2003. жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар