Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Зейнолла Қабдолов: Маржан қызды білесің бе? - деп ...

18.11.2021 4419

Зейнолла Қабдолов: Маржан қызды білесің бе? - деп сұраған еді... 12+

Зейнолла Қабдолов: Маржан қызды білесің бе? - деп сұраған еді... - adebiportal.kz

2021жылдың 19 қарашасында сағат 16. 00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «Атырау Маржандары» кітабының тұсаукесері өтеді. Маржан Ершумен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Маржан, «Атырау Маржандары» атты кітабы туралы толығырақ айтып кетсеңіз…

– Белгілі композитор Әбілахат Еспаев 1951 жылы «Маржан қыз» әнін жазды. Әннің сөзін жазған – белгілі сатирик ақын Садықбек Адамбеков. Әнге арқау болған Маржан қыз – Жайық өңірінің батыр қызы. Дала заңын жатқа білген, күш-қайраты еркектерден кем түспеген Маржан қыз – тылдың батыры. Индер ауданы, Елтай ауылында өмір сүрген Маржан Енбаева еңбегі мен ерлігін танытып, 18-ден асқан шағында 1942-1946 жылдар аралығында колхоздың 300-дей жылқысын шашау шығармай бағып, вагонмен соғысқа жөнелтіп отырған. Оған осы еңбегі үшін 1948 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Ол кезде Маржан қыз небәрі 24 жаста еді. Аталған ән сол бір батыр да ержүрек, ақылды да қайратты дала аруын ел есінде қалдыру мақсатында дүниеге келген. «Маржан қыз» әлі күнге дейін көпшіліктің сүйіп айтар әні. Биыл «Маржан қыз» әнінің шыққанына 70 жыл толды. Сол әннен соң Атырауда дүниеге көп Маржандар келгені анық. Жақында Атырау облыстық әкімдігі, облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының қолдауымен ,облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Маржан қыз» әніне 70 жыл толуына орай атақты жылқышы, Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаеваны еске алу мақсатында жақында Атырау-Жайық бойындағы есімі елге белгілі Маржандардың ұйымдастыруымен «Атырау Маржандары» атты кеш өткіздік. Рухани серпіліс берген кеш болды деп халық риза боп жатыр. Ал жарыққа шыққан «Атырау Маржандары» атты кітапта Атырау-Жайық бойындағы есімі елге белгілі Маржандардың еңбегі топтастырылған бұл кітапта өлке тарихы, әйел, ана ,қыздардың өмірі мен өнері, тағдыры туралы сыр шертіледі.

– «Атырау Маржандары» деген атау қызық екен. Мұндай ой қайдан келді?

– Нұр-Сұлтанда өткен ЭКСПО-2017 көрмесінде бір қызық жағдай болды. Суретші-дизайнер, сәнгер Маржан Маршалл, Махамбет атындағы академиялық драма театрының суретшісі, модельер Гүлмаржан Махамбет үшеуміз көрмеде, киіз үй жанында әңгімелесіп тұрған едік. Сол кездері облыс әкімі Нұрлан Ноғаев нөкерлерімен Атыраудың көрмесін аралап келе жатыр екен. Бізді көрді де, амандасып «Мұнда Атыраудың Маржандары жиналып қалыпты ғой», - деді де әрі қарай кетті. Үшеуміз атымыз есімізге түскендей бір-бірімізге қарадық: «Не деді? Атырау Маржандары деді ме?» Сол күннен бастап жаңа термин пайда болды. «Атырау Маржандары» терминінің авторы – Нұрлан Ноғаев. Сол үшін ол кісіге рахмет айтамыз. «Атырау Маржандары» атауы халық көңілінен шықты.

«Атырау Маржандары» атты әдеби-танымдық кітапта не баяндалады? Кітаптың ерекшелігі, жаңалығы неде?

– Кітаптың басты басты геройы – «Маржан қыз» – Маржан Енбаева. Маржан апайды еске алып, есімін құрметтеу – бірінші міндетіміз. Өзімнің атым Маржан болғандықтан, Маржан есімді қыздарды жақын тұтамын. Атырауда Маржан есімді қыздармен таныссам, осалы жоқ. Бәрі мықты. Мені бұл қатты таңғалдырды. Бұл жоба туралы үш жыл бұрын ойлағанмын. Бірақ айтулы датаны күтуіме тура келді. Алда «Маржан қыз» атанған Маржан Енбаеваның 100 жылдық мерейтойы келе жатыр. Маржан апай туралы деректерді жинап, елге таныстырғымыз келеді. Және Маржан Енбаеваның туған ауылын сол кісінің құрметіне «Маржан ауылы» деп атау туралы облыс әкіміне хат дайындадық. Бұл – біздің ол кісіге деген құрметіміз. Ал «Атырау Маржандары» қалай жиналды десеңіз, фейсбук парақшамда «Атырау Маржандары» деп пост жазып, Маржандарды таныстырудан бастадым.

Кішкентай кезімізде жылыойлық мұнайшы Маржан Боранбаеваның есімін көп еститін едік. Мектепте еңбек адамдары туралы тәрбие сағаттарында Маржанның фотоларынан стенд жасалатын. «Жылыой ауданынан шыққан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, мұнайшы-оператор, нағыз еңбектің адамы, елге адал қызметімен ерлік жасаған тұлға» деп апайлар түсіндіріп жататын. Аттас болған соң, Маржан Боранбаева маған ұнайтын. Өскенде іздеп тауып алып, сол кісі туралы жазсам деп ойлайтынмын. Бірақ Маржан Боранбаеваның ғұмыр жасы келте болды. Мектептің үлкен класына жеткенде, мұнайшы Маржан апайдың капыда қаза болғаны туралы хабар ауданымызды бір селт еткізді. Мұнайшы апайымыз 40 жасында қапылыста газ жарылысында көз жұмған. Маржан Боранбаева Жылыой аудандық музейінде айшықты орын алған екен. Бұл да болса ерен еңбек иесі Маржан Боранбаеваға деген елдің құрметі.

Махамбет ауданында Маржан Мұқанова деген атақты сауыншы апамыз болған екен. Екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «II, III Дәрежелі Еңбек Даңқы» ордендері мен «СССР халық шаруашылығының өркендеуіне қосқан үлесі үшін» екі қола медаліне ие болған, «Облыстың чемпион сауыншысы» атақтарын жеңіп алған. Кітабымызда осы кісілерге айшықты орын бердік. Таныстыру және есімдерін, еңбектерін насихаттау мақсатында. Бұл кітапта өлкемізден шыққан атақты аналардың еңбегін де паш етіп, халыққа танытуды жөн көрдік. Өлкетану тарихынан және маржан есіміне қатысты деректерді кіргіздік. Алтын әйел, Алтын қайықты қыз хикаясы, Қыз әулие, Бекет атаның анасы Жәния, Бопай ханым, Дина, Хиуаз, Ділдә Матайқызы, Фариза, Дина шешеміздің образын сомдаған атақты күйші апа Бақыт Қарабалина, Мәдина Ғабдусалимова т.б . атақты ана-тұлғалар туралы деректер және Атыраудың атақты Маржандары бар. Әдеби-танымдық кітап болғандықтан тілі көркем. Жақсы оқылады екен, көп деректер қамтылыпты, бұл бір керемет идея, бұл бір тарих деп риза боп жатыр кітаппен танысқандар.

- «Атырау Маржандары» кімдер? Соларды таныстыра отырсаң.

- Жайық бойындағы Маржандардың бәрі керім. Ел алдында жүрген қыздар. Осы жобамызға 20-дан астам Маржан қатысты. Олардың ішінде Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің солисі, Бибігүл Төлегенованың шәкірті, белгілі опера әншісі Маржан Төреханова, зейнеткер ұстаз, КСРО Халыққа білім беру жөніндегі мемлекеттік комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталып, «Үздік тәлімгер ұстаз» атағына ие болған Маржан Қабышева, 90-жылдары республика бойынша «Миллионер мектеп» атанған Есбол ауылдық мектебінің директоры, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ҚР Қарулы Күштерінің «Ана жүрегі» медалінің иегері Маржан Бисенова, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ақпараттандыру академиясының академигі Маржан Ғалымжанова, Махамбет атындағы академиялық драма театрының суретшісі, модельер, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, «Гүлмаржан сән үйінің» директоры Гүлмаржан Махамбет, суретші-дизайнер, сәнгер, «Маржан Маршалл» сән үйінің директоры Маржан Маршалл, аудармашы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Диарова, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінде хатшы, кейін «ЕНПФ» зейнетақы қорының Атырау облыстық филиалының бастығы болып қызмет еткен Маржан Байзулиева, «Bаby сity» мектеп-балабақшасының директоры Маржангүл Сүлімова, «Білім.кз» орталығының директоры Маржан Үрпекова, Мажарстандағы Қазақ-Мажар қоғамының қызметкері Маржан Мақсым, қолөнерші, бас аспаз, Маржан Қарабаева, суретші, қолөнерші «Homeart_mbu» студиясының директоры Маржан Боранбаева және басқалар бар. Барлық Маржанмен кітабымызды оқысаңыздар таныс боларсыздар деп ойлаймын.

- Маржандармен танысу әрине қызық. Бір Маржанмен таныстығың туралы айтып өтсең.

- Маржан Төрехановамен танысқаным қызық болды. Ерік Құрманғалиев туралы кітап жазғанымда, Бибігүл Төлегенова апаймен жақсы араластым. Бірде телефон шалғанымда, Бибігүл апайға: «Маржанмын», - десем: «Атырау жақ қалай? Амансыңдар ма?» - деп сөйлеп жатыр. «Маржан Төрехановамен шатастырып тұр-ау», - деп, «Апай, мен әнші Маржан емеспін, ақын Маржанмын», - деп едім, Бибігүл апай күліп жіберді. Ол үнемі сөзінде «Атыраудағы шәкіртім Маржанды ойлап жүрем», - деп маған сырттай Маржанды әбден таныстырып тастады. «Атырауда қалды, тұрмысқа шықты. Бес баласы бар. Жолдасы да бір бала сияқты. Өздері қаланың сыртында жер үйде тұрады. Қатты қиналды, тұрмыс тауқыметі оңай ма, әйелге? Су тасиды, көмір тасиды от жағып. Дауысы түгілі, өзін ойлайтын уақыты жоқ болды. Ондай адамды Атырауда концертке де шақырмайды ғой. Сондай жақсы шәкіртім еді, нағыз әнші! Республиканың опера сахнасында жүретін әнші. Алматы, Астанадағы әншілердің күтімі жақсы ғой. Таңғалатыным, сонша жыл тауқымет көрсе де, Маржанның дауысында мін жоқ. Маржан Төрехановадай әнші Батыс Қазақстан аумағында жоқ. Ол жалғыз түйір! Сондай талантты шәкіртім қиналып жүргенде, үйде қалай отырайын?! Облыс әкіміне барып, Маржанға үй сұрап, Атыраудан үй алып бердім. Қазір оркестрдің солисі. Өзімнің Алматыда өткен жеке концертіме шақырып, Маржан екеуміз «Бұлбұлды» дуэт болып орындадық», - деген еді. Содан маған әнші Маржанды көру, әнін тыңдау бір арман болды. Шынында, Бибігүл апай айтқандай, Маржан – ғажап әнші екен. Шығыстың ұлы ақыны Сағди: «Сор-батпаққа салсаң да, маржан тасты тот баспайды, сол қалпында қалады», - деп еді ғой.

– «Маржан қыз» әнінің прототипі Маржан Енбаеваның картинасын салдырыпсыңдар.

– Иә, өзім сурет өнерін жақсы көрем. Осы кезге дейін Маржан қыздың картинасы салынбапты. Қолға алайық дедім. Индер ауданы әкімдігінің қолдауымен елордалық суретші Алмас Сырғабаев картина салды. Ол картинаның идеясын өзім айттым. Маржан қыз – менің ұғымымда жылқышы қыз. Батыр қыз. Еңбек Ері атағын осы еңбегі үшін алған. Кеудесінде «Алтын Жұлдызы», қолында құрығы бар атқа мініп шауып бара жатқан жылқышы Маржан қызды қиялымда күнде көрем. Осы картина керек дедім. Шынында Маржан апайдың құрығы – қолынан түспеген сиқырлы құрық екен. Бұл жайында мен Маржан апайдың қызы Дариға апаймен жақында көріскенде естіп таң қалдым. Небір асау жылқылар Маржан қыздың құрығы басына тигенде жуасып қалатын көрінеді. Бұл да жанындағы адамдарды таңғалдырған.

Екінші дүниежүзілік соғыста да жел қанатты жылқының орны ерекше болған. Ол жайында атыраулық ардагер журналист ағамыз Өтепберген Әлімгереев былай деп жазады: «Соғыс кезінде майданда жылқының көлік ретіндегі орны ерекше бағаланып, Орталық Комитет арнаулы революциялық атты әскер армиясын құрады. Ол бойынша Кеңес Одағындағы мал шаруашылығымен айналысатын колхоз-совхоздарда аталған түліктің іріктелген түрінен аттар дайындап, ерекше бағымда ұстау міндеттелінді. Бірақ оларды елдің ішкі шаруашылық жұмыстарына пайдалануға рұқсат етілмеді. Есесіне тек соғыс жағдайында ел қорғау ісіне пайдаланылады және ол үшін әр шаруашылық аталған аттарды мініске үйретіп, жасы жеткенде тапсырысқа сай жөнелтіп отыруы керек. Осылайша қолға алынған іс соғыс жылдарында, әсіресе алғашқы кезеңдерде тіптен кеңінен жүзеге асты. Ақырында батыстағы Брестіден іргедегі Басқұншаққа дейін жеткен қан майданның оты да сөнді. Тіпті Сталинград майданында жылқы былай тұрсын, қазақ пен түркіменнің түйесіне дейін арба сүйреп Берлинге жетті. Рейхстагқа ту қадады емес пе?! Соғысты кеңес халқының қолына қару алған ұл-қыздарымен қоса төрт аяқтап, арқасында адам, артында қарайған жүк тасып, жеңісті жақындатқан жылқылар мен түйелер еді».

Расында солай. Мен ҚазМҰУ-ге аспирантураға қабылданып, Атыраудан Алматыға барғанымда, ғылыми жетекшім, академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың алғашқы сөзі мынау болды:

- Сен «Маржан қызды» білесің бе?

- Иә, білем. Ол бір әдемі ән ғой.

- Сол Маржан қыздың атыраулық апаң екенін білесің бе?

- Жоқ, - дедім. Сонда Зейнолла ағай:

- Сен өзі дым білмейді екенсің ғой. Елінің, жерінің тарихына бей-жай қараған ақын – негізі дұрыс ақын боп жарытпайды ғой! - деді.

Бұл сөз менің намысыма тиді. Содан бастан менің «Маржан қыз» атанған Маржан Енбаева апамызға ықыласым оянып еді. Бірақ ол кісіні іздеп бармаппын, жазбаппын. Жылдар өткенде Зейнолла ағайдың сөздері есіме түскенде: «Қап, ұят болған екен, енді Маржан қыз туралы не жаза алам?» - деп ойланып жүргенде, Нұрлан Ноғаев ағамыздың «Атыраудың Маржандары» деген сөзі маған күш бергендей болды. Идея осылай туды. Илья Жақанов ағамыз Зейнолла Қабдоловтың айтуымен «Маржан қыз» атты эссе жазғанын айтады. «Ерді ер таниды, қайраткерді қайраткер ғана бағалайды» деген осы да.

Маржан, әңгімеңізге рахмет. Сіздерге табыстар тілейміз.

Сұхбаттасқан Анар Қабдулина


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар