Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жемісбек Толымбеков: Тілегім сол – қазақ сөзі ғұм...

24.08.2018 6591

Жемісбек Толымбеков: Тілегім сол – қазақ сөзі ғұмырлы болса екен...

 Жемісбек Толымбеков: Тілегім сол – қазақ сөзі ғұмырлы болса екен... - adebiportal.kz

Ел іші – өнер кеніші. Бұл – халық сөзі. Расымен, халық ортасында өнерімен өрге шыққан, ауыл-аймағына атағы танылған небір таланттар бар. Қазақ халқы таланттан кенде емес, шүкір. Талдықорған шаһарында балалар жазушысы, өлкетанушы, тарихшы Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ тұрады. Ағамыз аймақтағы әдебиеттің белді мүшесі. Есенқұл Маманов атындағы бәйгенің лауреаты. Халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауының бас жүлдегері. Аймақтағы ақын-жазушылардың да әңгімесін естіп, тыныс-тіршілігін білейік деген ойменен ағамызға хабарласып, әңгіме-дүкен құрған едік. Ыстығы әлі басылмаған екеуара сырымызды оқырман назарына ұсынамыз.

- Аға, сөз басын туған жер тақырыбынан бастағанды жөн санап отырмыз. Ғылымда «аймақтық әдебиет», «өлкелік әдебиет» деген түсінік бар. Сіз жазушы ретінде, өлкетанушы-зерттеуші ретінде қазақ тарихы, соның ішінде Жетісу, Ақсу-Қапал тақырыбында өте көп жаздыңыз. Ұлттық сананы қалыптастыруға, елдік мұратты бекем етуге Сіздің де қосар үлесіңіз бар. Осы айтылған мәселелер туралы пікіріңізді білгіміз келеді.

- Табынарым туған жер, кіндік кесіп буған бел.

Шиырбай шешен, Маман зерек, Толғанбай ақын, Шоңай ер.

Өңшең игі мекендеген Ақсу – ырыс тұнған жер. Мен, «үш жүзге мәшһүр»

Байқошқарұлы Түбекті тоқтатқан, өнерін «ұдайы соққан жел» деп ел бағалаған, «тасқын» ақын атанған, сал-сері Мырзағұлұлы Толғанбай, Біржан салдың батасын алып, өнегесін үйренген, қалың малға сатып қыз алмаймын деп, өз жүрек қалауымен сүйгеніне үйленген, сал-сері, ақын Арсалаң Толыбайұлы, дегдардың дәнегі, алтын қылышы, қойтұяқ қорытқандай күмісі, Ілияс Жансүгіров «көзі тірісінде ескерткіш қояр ем» деген Ағанасұлы Тайкөт ақын, ауызыңа дуа қонған шын жүйрік, сөздері философиялық ойға бай болған Азынақұлұлы Ахмет ақын, саңлақ ақын Сара, тоғыз мешпет бөктеріп, омырауына он түйме тақтырып, керім атанған Көшкінбайұлы Омарбай ақын, «екпінді Нұрланбек» атанған Тұрысбекұлы Нұрланбек ақын, кемеңгер ойшыл, 1916 жылғы ақ патшаның «июнь» жарлығына қарсы байғыздай қақсаған «агитаторы», тарихшы шал, білмейтін сөзі жоқ, бір сөзді қайталап екі айтпайтын, екі көзі тұл соқыр Шөмшетайұлы Бекетбай ақын, сал-сері, қыдырлы Қалқабайұлы Нүсіп ақын, дәупірім қобызшы Бұғыбайұлы Байсақ, бақайшағы маймаңдаған жорға, қазақтың қобызшысы атанған Байсақұлы Молықбай қобызшы, өлең сөзі кен дариядай Тергеуқызы Кенбала ақын, ашаршылық пен соғыс зардабынан заманы болмаған, өлең сөзде ешкімге есе жібермеген Базарқыз ақын, әдебиеттің бәр саласына қалам тартқан Ілияс Жансүгіров, аудан, облыс, республика көлемінде топ жарған айтыс ақыны Түлкібек Құрақбаев, жазушы Серік Жанәбіл туған, қазір Ойтоған деп аталатын ауылда туғанмын. Бұл – қасиетті аталар мен батырларды атамағандағым. Жазушы, лирик ақын Ғали Орманов: «Нұр болсын Жемісбекке, әлі талай көріспекке», - деп Ілияс Жансүгіровтың 70 жылдық мерей тойында, 1965 жылы өлеңдер жинақ кітабына қолтаңба естелік жазып, маңдайымнан иіскеп, «жазушы бол» деп бата бергені тағы бар. Сондықтан мектеп, техникум, жоғарғы оқу университетті орысша оқып тамамдағаныммен, ана сүтімен келген қазақ тілінде ізденбеуіме, жазбауыма болмады. Мектепте оқып жүргенде шет тілі мұғалімі, қазіргі балалар әдебиетінің «корифейі» десе де болар, жазушы Шәкен (Шаймұхамед) Күмісбаевтан балаларға арнап жазған туындыларына іштей еліктеп, «сондай болсақ» деп биік мақсат қойып, армандайтын едік. Шәкен Күмісбаев жазуға жетелемесе де, өнеге ісімен үлгі бола білді. Жазған туындыларымен құлшынты. Мені «жаз» деп, жазуға жетелеген радиотеле журналисті, марқұм Тұрсынбек Айтбеков, журналист, бұрынғы мәжіліс депутаты, марқұм Қанат Асқар, журналист Кенжехан Рақышев, журналист Болатбек Бисұлтанов, «қара шал» атанған белгілі журналист, драматург, марқұм Тәкен Әліпбай, «Жемісбек, білгеніңді тастама, аянба, жазшы» деп қиыла құрмет жасаған журналист Қуат Қайранбаевтар болды. Осы аталған қадырлы жандар мені осындай жазу, іздену саласына түсірді.

Ғылымда «аймақтық» немесе «өлкелік» әдебиет деп аражіктеген түсінік ол ғалымдардың өздеріне ыңғайлы бір форматы болар. Әйтпесе, бірін-бірі жалғап, толыстырып, толтырып, көркейтіп, өсіріп жататындығы шындық. Мен, құдай құлы, қазақтың ұлы, «адам» деген затым болғаныммен, атағым бар, жазушылар одағына мүше болған жазушы немесе журналист, ғалым емеспін. Баспасөз беттеріне шыққан туындылар мен жарық көрген кітаптарымды оқып, мақұл көрген халық бағалап, «жазушы» деп атап кетті. Мені көбіне зерттеуші, тарихшы, өлкетанушы, әдебиетші, шежіреші, жазушы деп атақтағаннан көрі, тынбай «ізденгіш» десе, дөп келеді. Жетісу, Ақсу-Қапал тақырыбына біраз ізденіп, баспасөз беттеріне «Жетісу азаматы», «Алаштың атпал азаматы», «Жетісудың сайраған бұлбұл қызы», «Қапал татарлары», «Тағы да Қапал», «Зиялыларды баптаған Мамания мектебі», «Үш Матай елі немесе Маман құт», «Зерделі болайық», «Бөрібай» көтерілісі...», «Ел қаймағын бұзбаған», «Ел намысын жықпаған», «Қазақ елшісі», «Ақсу аймағының мектептер тарихы», «Ақсу өңірінің арыстары», «Найманның ақ жорғасы», «Тәнеке батыр немесе үш Матай еліндегі болыстық», «Ақын Сара», «Қобызшы Молықбай Байсақұлы», «Елдік пен ерлік шежіресі», «Арсалаң ақын немесе махаббат машақаты», «Шиырбай шешеннің әңгімелері», «Бекетбай ақын», «Төребай ақын мәлімі», «Бұрын Пышан батырмын, бүгін Пышан пақырмын», «Матай мен Садыр» көтерілісі», «Кәмпеске», т.т. атаулы тақырыптармен жазып шығарғандарым бары рас. Қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізі аясына бұл ізденіп, жазылған материалдар нұқсан келтірмейді. Әттең, соны оқырман білгенімен, сол шыққан материалдарға зейін салып, құлақ асар әкімшілік азаматтары шамалы. Көрқарау бола қалады. Іске асыру үшін өлкеліктер аймақтан, аймақтықтар одан жоғарыдан қоңырау тосады. «Болады» деген пәрмен берілсе, болдырады. Ал, өздері тұрғысынан қимылдауға батыл да, жігер де жетпей жатады. Кейде, жеке тұлғалар «Туған жерге туың тік» деп, елді үйлестіріп, ризықпен «рухани» жаңғыртып, үлкен пәтуалы, мағыналы шаруалар жасап жатса, құтты қонақ болып келуге әкімдік азаматтары дайын тұрады. Бұрындар Ақсу-Қапал өңірі ең озық, мәдениеті мен әдебиеті өркендеген өлке болса, қазіргі уақытта кенжелеп қалды. Салдары: тозды, жұрт та ауысты.

- Біз білетін Жемісбек Толымбековтың балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармасы көп болуы керек. Жас оқырмандарға ұсынылған «Жанталас» кітабыңыздан соң көз жазып қалған сияқтымыз. Кітаптарыңыздың шықпай жатқаны бізді де алаңдатады. Не айтқымыз келіп отырғанын ішіңіз сезіп отырған боларсыз...

- Балалар мен жасөспірімдерге арналған деректі «Сұркиік», «Асықтың алшысы», «Құтаяқ», «Балалық-шалалық», «Өмір – көрік» атаулы шығармаларымның бары рас. Біразы баспасөз беттеріне шыққан. Әрине, дәріптелуі, насихатына байланысты ғой. Олардың санының көптігіне емес, сапасына, оқырмандардың қабыл көруіне қарайлаймын.

«Жанталас» – патриоттық тақырыпқа орайластырылып жазылған хикаят. Ойдан құралғанымен, өмірде болған деректермен ұштастырылған. «Дарабоз» бәйгесінің жеңімпазы болған туынды. Бір қадыры, «Жанталас» хикаятындағы басты кейіпкері Сартайдың ұрпақтары сол туындыдан соң, Сартай батыр жайында ізденіп, талай құжаттар мен дүние заттарын тапқанын, зиратын жаңғырту туралы қоңырау шалып, рахметтерін жеткізді.

Кітап шығару мәселесі қаржыға тіреледі ғой. Шығару төлемі қымбат. Қалта олқы. Қалталылар қазір кітап шығаруға қолдау жасаудан қашқақтайды. Өйткені, қайырымдары тапшы. Бұрынғылар: «Қазақтан қайырым кетпесін» деп тілеуші еді. Ұлттық сананы, елдік мұратты қалыптастыруға қазақтың бір-біріне деген қолдауы, қайырымы да жетіспеуде. Биыл ақын Сараның 165 жылдығына орай «Атандым ақын Сара» деген атаулы кітап жазып, облыстық мәдениет мекемесінің басшыларының құзырына, облыс әкімі қолдауымен шығатын кітаптар қатарына ұсындым. Себеп-салдары белгісіз, кітап басылымға өтпеді. Енді сол кітаптың электрондық нұсқасын Ақсу ауданының ардақты азаматы Серпербаев Серікбек ағаның ғаламтордағы «Алтын ұям – Ақсуым» атты жеке сайты арқылы дайындатып шығартпақпын. Бұйыртса шығады.

- Сіз өзін-өзі жария етуге аса құлықты емес қаламгерлердің қатарынансыз ғой...

- Иә, «әділін айтқанға қанжар таямас» дегендей, өзімді-өзім жария етуге және атақ, даңққа құмарлығым тапшы. Ол тұла бойы мінезбен қалыптасқан. Қырық жыл оқытушы қызметінде істеп, ешбір атақ немесе даңққа бөленбегенім де сол. «Ой тозар, ойланбасам қайтып озбақ» демекші, еңбегім ұланғайыр. Жазбаларым да солай. Ешкімнен төлем сұрамаймын. «Халыққа еңбегім жақса болды» деген пайымдамын. Іздену жұмыстарының бүкіл шығыны өз қалтамнан. Баспасөз қаламақы төлемейтіні баршаға мәлім. Былай қарасаң, еш еңбек қой. «Ұрпақтарға пайдасы тисін, өмірден өткен белді тұлғалардың еңбектері мақұрымға айналып, аты-заты өшпесін» деген пейілмен жасап жатқан ишаратты, үлесті істерім деп білемін. Әлі де жасалатын істерім бары анық. Тек «бас аман, жұрт тыныш болғанын» қалаймын.

- Жуырда ғана Қызылжарда Мағжанның, Керекуде Сұлтанмахмұт пен Майраның, Арқа төсінде Бұқар жыраудың мерейтойлары дүркіреп өтті. Осы Ақсу-Қапал жұрты Барлыбектің, ақын Сара мен Біләлдің мерейтойы екенін ұмытып кеткен сияқты. Қайтпек керек? «Рухани жаңғыру» бағдарламасының сәулесі осы тұлғаларға тиер ме екен?

- Ақсу –Қапал жұрты «Қазақ елі Уставын» тұңғыш жазған, барша қазақтың сеніміне ие болған Барлыбек Сыртановтың 150 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізуге боларлықтай ниет көрсете алмағаны шындық. Округ пен ауылға есімін беріп, ауыл ортасында үш-төрт қазақ үй тігіп, концерт, литмонтаж, басшылар мен Барлыбек Сыртанов туралы біледі-ау дегендер бір-екі ауыз сөздерін мінберге шығып, қағаздан оқумен ғана шектелінді. Рухына құран бағышталып, нәзір-ас берілді. Аты-заты адақталып, асқақталып облыс, республика мәнінде аталмады. Талдықорған қаласынан бір мектепке есімін беруді көп болып сұрағанымен, іс созбаққа салынып, шешімі шықпай жатыр.

Біләл Сүлеевтің 125 жылдығы аталып өтпек түгілі, бір кездері Талдықорған іргесіндегі Еркін ауылындағы Біләл Сүлеев атындағы көше атауы алына жаздап барып, үлкен талас-шиеленіспен аман қалды.

Ақын Сара туралы жыл басынан бері туған, қайтыс болған жылдарына талас туып, әрең дегенде пәтуалы 165 жыл дегенге тиянақталды. Шаралары енді бастау алмақшы. Талдықорған қаласында жаңадан салынып, құрылысы бітпекші өнер мектебіне ақын Сараның есімі берілетіні жайында облыс әкімі Амандық Баталов көпшілік алдында уәде еткен жайы бар. Облыстық мәдениет басшылығы ұйымдастырып жатқан Республикалық ақындар айтысы осы жылғы қыркүйек айында Талдықорған қаласының Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде өткізілмекші. Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров ауылында шаралар қарастырылған делінеді. Әзірге әлі тиыш. Әйел теңдігі үшін «азаттық туын» асқақтатқан ақын Сараның 165 жылдық мерейтойы қарсаңында республика бойынша көрегенді дәріптеліп жатқан шаралар білінбейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының сәулесі аталған тұлғаларға тиген пайдасы осы айтқандарыммен шектелмес деп түйемін. Ең керегі – дәріп. Тыңғылықты дәріптелмей, ойсырап барады. Іздену мен зерттеу жұмыстарына жоғарғы биліктегі тиісті басшылардың назары түспей-ақ қойды.

- Алты қырдан асқан ізденгіш Жемісбек Толымбековты қандай мәселелер толғандырады? Осы жасқа келгенде кімдерді оқып жүрсіз? Фәни ғұмырда қатар жүрген жандардан кімдерді іздеп сағынасыз?

- Толғандыратын мәселелер әрине шексіз. Айтып-айтпай не керек, тоқ етеріне келсем: Ақсу-Қапал өңірінде небір әдебиет пен мәдениетті өркендеткен тұлғалардың еңбектері елеусіз, ұмытылып бара жатқандығына өзегің өртеніп күйеді. Жер мен ел тозып, асыл тұлғалардың жерленген жақсы орындары жермен жексен, ешкім білместей болып жатқаны көңілге қонбайды. Ақсу-Қапал өлкесі біртуар тұңғыштарға бай. Соларды еректеп шығарса ғой. «Ата-мұра» бағдарламасы аясында осы өңірде түк те жасалып, дәріптелмегені қиянпұрыстық пиғылға тең дер едім. Әйтпесе, небір шартарапты туризм мен саяхаттанудың нағыз қызығарлық атрабы жасауға болады. Қайрандап, қиналасың. Бұл өңірде небір қастерлі, қасиетті орындар, киелі жерлер жетерлік. Соны одан сайын тоздырмай, рухани жаңғыртса, ұлықты ұлағат болар еді. Зерттеу, зерделеу жұмыстары алға баспауда. Яғни, қолға ешкім назарлап алмауда. Кімге өкпелемексің? Асанқайғы ата аралап, туын тіккен, небір шұрайлы өңір қаңырап, боз дала боп тозып барады. Бұрын айтыскер ақындар өре, топталып шыққан өңірде қазіргі кезде бірде-бір айтыскер ақын жоқ. Масқара жәйт.

Арманым: сөз өнерін басты байлық, қымбат қазына санап, ұлт руханиятының адастырмас компос, барометрі биігіне көтерсе ғой. Тілегім сол – қазақ сөзі ғұмырлы болса екен. Еш нәрсені екі қайталап оқымайтын әдетім бар. Қалт жібермей көзіме, қолыма түскеннің барлығына ден қоямын. Қазір көбі жаңа технология, интернет қой. Ондағы шыққан туындыларды қарап шығуым – міндетіме айналған. «Әдебиет порталын» жібермеуге тырысамын. Оған қосымша сайттарды қарап, қажетімді оқимын. Ақсу ауданының электронды «Сербек. Алтын ұям Ақсуым» сайтын құр жібермеймін. Сол сайттың иегері Серікбек Серпербаев деген азаматтың жасап жатқан қайырымды, қанымды ісі нағыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «ұлағаттық» деп түсінемін. Өз жерінің ұлттық мұрасы мен рухани құндылықтарын бойына жинаған, ұлтжанды, патриоттық санасы мен азаматтық борыш құзіреттілігі жоғары, туған елі мен жері үшін мақтана білетін азамат тәрбиелеуге арналған шығармаларды баспасөзден қалт жібермеймін. Айтыс ақындарының айтыстарын ерекше ұйып оқимын. Сирек кітаптар мен қолжазбаларға құмармын. Қазіргі саралап, оқып жатқаным Баянды Құсмолдин деген атаның өлең, эссе, дастандары. Үлкен көлемді, пәрменді жазылған мол қазына. Сол еңбектерін жарыққа шығарып, ұрпаққа жаратуға, өшіп қалмауының да амалдарын қарастырудамын.

Менің сағынатындарым көп. Елбасы «полтора» қазақ деп атайтын журналист, жазушы, майталман «очеркист» Сейдеш Мұхаметшин, өлеңдері алдаспан әуезге ұласқан ақын Ораз Жұмашев, «спортсмен ақын» атанған, жазушы Жұмабек Қуанышбаев, биязы сөз, мінезімен өзіңе жетелеп, баурап алатын ақын, журналист Нұрғали Омарқұлов, Қараталдан аңқылдап жел соқтырып, аңырап келетін ақын Ахмет Кендірбаев, сөздері шалқайған айдай шалымды Өтепберген Ақыпбеков, «мен найманға күйеумін, барлығыңа сүйеумін» деп жалпыға бірдей қарайтын Тоқтасын Сүгірбеков, маңғаз, пейілі асқар Закәрия Кұсайынов, «төрт тоғызым өзіңсің» дейтін ақын Сағынболат Тінтаев, «қандай құрылысшы екенін білмейсіңдер ғой» дейтін жалау ақын Жамау Бұқарбай, «ой, кереметім» дейтін ақын Әбен Дәуренбеков, бізді балалар «айрылмайтын махаббат» дейтін Тұрсынбек Айтбеков, өзі де жомарт, сөзі де жомарт Серік Жортанов, «тарих пен әдебиетті, өткен-кеткенді Жемісбектей ізден» дейтін Ораз Исмайылов, тәлім мен тәрбиесін берген Түлкібек Құрақбаев т.т. Өмір – озмыш, қатарым да сиреп барады. Ел-жұртқа барсам Ақылбайдың әнін ондай салатын жанды әлі көрмеген ақын, жазушы Дубек Мұсанов, ел мен жер және ел іші тұлғаларына арнау өлеңдерін әлі жазып келе жатқан Хасен Көптілеуов, Берлібек Аманбаев, Дүйсен Мұхаметшаров, досым Жайлау – Мұхаметәлі Қазбанбетовке сәлем беріп, шүйіркелеспей қайта алмаймын.

- Бүгінде әдеби ортада есімі жиі айтылып, шығармалары мақталып жүрген жас қаламгерлердің бірі – Қанат Тілеухан. Кешегі бала, бүгінгі талантты қаламгердің алғашқы сапары қалай басталғанын өз аузыңыздан естісек:

- Қанат Тілеухан – сүйген ойын жүзеге асырған, тума талант, дарын. Қызылағаш – жоны қар, қоңы қоңыр, бауыры бұлақ, қасиетті жер. Сол жердің тумасы. Оныншы сынып оқушысы жол тосып, ала кетуге қол көтерді. Жолсерік қылып машинаммен ала кеттім. Ойы ұшыұр, сөзі зере, дана бала көрінді. Жамау Бұқарбай ақынның жазғанын көрсетіп едім. - Мен де осындай болғым келеді, - деді. – Онда, ауылында Сексенбай деген қарт болуы керек, - деп ем. - Үшінші ауылда тұрады, - деді. – Сен содан Саймақ палуан туралы сұрап, біліп жаз, - дедім. – Мақұл, - деп ауыл тұсынан түсіп қалды. «Саймақ палуан» атаулы материалы Ақсу аудандық газетіне басылып шықты. Бұл оған алғашқы нұсқаулық болғаны анық. Өзі айтқанындай, сертінде тұрып, өрісті, қарымды журналист, жазушы болды. Жамауға ұқсап кесек, ерек жазады. Талабына нұр жаусын!

Әсерлі әңгімеңізге зор алғыс. Шығармашылық табыс тілейміз!

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар