Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №2 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Мендельсон маршын күткен қыз
(повесть)
Таңғажайып түс
Тық-тық, тық-тық, тық-тық....
Әппақ мәрмәр баспалдақтарды бойлай жүгірген бойжеткеннің өкшесі осылай әндетіп келеді. Қандай биікке көтеріліп кеткен өзі де?!. Әлгінде күймеден түсе салысымен, сән-салтанаттың қақ ортасынан шыға келген сияқты еді, тіпті бір баспалдақ жоғары өрлегені де есінде жоқ. Тура көктен түскендей сұлу ханшайымға жұптаса билеп жүрген жас арулар мен падишалар жалт қараған күйінде «аһ!» деп ауыздарын ашып тұра қалған. Тіпті, сол сәт тіршілік атаулы да тегіс тоқтап, айналада өлі тыныштық орнағандай еді. Осы кезде аңтарылған топты екіге жара екпіндей, сымбаты сымдай керілген, паң кеуделі ханзада алға ұмтылды. Ешқайда бұрылмай, тіпті ешқайда көз қиығын да салмастан, қыздың жанына келіп тоқтай қалды да, сәл ғана еңкейіп, бір қолын кеудесіне қойса, екінші қолын бұған ұсынған. «Құдайым ау, мынау шынымен де ханзада ма, шынымен патшаның ұлы басқа емес, мұның алдына иіліп тұр ма?» Олай етерлік, мен кіммін дегендей, үсті-басына қарай берді бұл.
Мәссаған, қандай керемет көйлек, аяғында хрусталь туфли, қолымен жайлап шашын ұстап көріп еді, ол әсемдеп түйіліп, тіпті бетіне шілтер де тағынып алыпты ғой өзі?!. «Қап, қалай ұмытып кеткен, өзі де анау-мынау емес, кер маралдай керілген, ай дегенде аузы, күн дегенде көзі бар періште бейнелі ханшайым екен ғой?.. Әрине, сондықтан бұған ханзаданың өзі тізерлеп, алақанын ұсынбай қайтсін?! Осыны сезінуі мұң екен, иегін жоғары көтере, алдында тізерлей отырған жігітке тек саусағаның ұшын ғана ұсынды. Содан соң екеуі қалықтай билеуге көшті. Ботадай мойыл көздері мен қиылған қас, қайқы кірпік, шиедей ернін шілтер жауып тұрса да, ханзада мұның сұлу жүзінен көзін айырмай қарап, үзіліп кетердей қыпша белінен өзіне тартып барады. Қанша қалықтағандары есінде жоқ, жақындай-жақындай, ақыры араларынан ауа өтер жер қалмай, демдері астасып, үздігуге шақ қалғанда, кенет көзі қабырғадағы сағатқа түспесі бар ма?!.
Аһ?! Құшағында қаперсіз билеп жүрген ханшайымның осы сәт көз ілеспес жылдамдықпен жұлқына сытылып шыққан күйі, қалай қаша жөнелгенін патшаның ұлы сезбей де қалды. Тек соңғы рет оның аузынан шыққан «аһ!» деген дыбыс қана құлағында, ал жер жаһанда бұрын-соңды кездестірмен жұпар исі мұрнында қалды. Пе-е-ерииизззааааат! Ең құрыса есімін сұрап алайын деген алаңғасар үміт падишаданы от көбелектей ханшайымның соңынан жүгіртті. Қалықтай ұшқан періште қайдан жеткізсін, көз ұшында әппақ қауырсын етектер ғана сусылдап барады. Қанша өршеленсе де жеткізер емес...
Тық-тық, тық-тық, тық-тық… өкшесі өкшесіне тимей қашқаннан кеудесіне сыймай дүрсілдеген жүрек соғысы ханшайымның өзіне естіліп келеді. Енді екі аттаса күймеге де мінемін деген сәт, кенет тобығы қайрылды да, қалбалақтаған күйі құлап түсті. Құламай қайтсін, адам түгілі шыбын тайып жығылардай жылтыр мәрмарда осынша жылдамдықпен жүгіру тек көзсіздің ісі еді. «Жо-жоқ құламауың керек, болмайды! Тұр ханшайым, әйтпесе қазір санаулы сәттен кейін-ақ бар сән-салтанатыңнан айрылып, таз кейпіңе енесің, абыроймен кеткін одан да...» Осы ой қайта күш беріп, жығылған жерінен тұрды да, бір-екі аттап, тықырши күтіп тұрған күймесіне мініп, жоқ болды.
Өкшелей ұмтылған ханзада санын соғып қала берді... Көрген түстей ғайып болған хор қызынан қалғаны тек сыңарсыз аяқ киім. О да болса әлгінде періштеде қыздың құлаған жерінде шешіліп түсіпті. Құдай да құлай сүйген пендесін аяған ау шамасы... Құмырсқадан басқаға сыймас кіп кішкентай аяқ киімді алақанымен аялаған патша ұлы қала берді... Жасаураған жанар иесін артқы терезесінен соңғы рет көріп үлгерген Ханшайымды зулаған күйме алып қаша берді...
– Мен сені сүйем, ханзадам, сені ғана күтем, сені ғана.... ааааа
Түн тыныштығын тіліп түскендей ащы айғайдан шошып оянды. Тық-тық-тық, манағы өкше дыбысы сағат тілінің сыртылана ұласқан. Түнгі бір. Асаудай тулаған жүрегі көмейін ашса ыршып жерге түсердей. Ентігі басылғанша біраз отырды. Уһ!... Не деген шынайы көрініс еді?!. Түс емес, тура өңі дерсің. Ханзаданың өзіне қадалған көздері, саусағының табы, деміне дейін, бәрі-бәрі санасында сайрап тұр...
Неге екені белгісіз, Ханшайым есін білгелі осы түсті көріп келеді. Араға ай, кейде екі-үш ай салып көретін түсі тым ұзап кетсе, өзі тықыршып іздей бастайды. Тіпті сондағы ханзаданы сағынып та үлгеретінін қайтерсіз. «Мені осылай қияли еткен не өзі?..» Әлде ата анасы Ханшайым деп ат қойғандықтан, бұл өзінің ханзадасын іздей ме екен?.. «Тауықтың түсіне тары кіреді» деген, – қыз осы тұста өз-өзінен мырс етіп күлді. «Жүр өзіңе жақсы болса, тек қиялдағы әлдекіммен құшақтасып, ертегінің кейіпкерімен вальс билеп. Әйтпесе, өз қатарың әлдеқашан әлдилеп бесік тербетіп, бір емес тіпті бірнеше қара домалақтың анасы. Содан бақыт тауып, ұйқыдағы сәбиіне сүйсініп... Кім білсін, солардың бәрі бірдей құшағындағы жарларына сонша ынтық болмаған да шығар. Әйтеуір отбасын құрып, бала сүю керек деп өздерін көндірген де шығар». Іштегі бір дауыс үнемі осылай ұрсумен келеді. Кейбірде тіпті мұны жылатып та қояды ол. Иә, иә, бәрі болмаса да сөйткендері бар.
Үш құрбы
– Махаббат дейсің бе? Аха-ха-ха-ха... Күлкімді келтірмеші, Ханшайым, ғашықтық деген жоқ қой?!.
Сөз салған жігітті сүймегендіктен «тұрмысқа шықшы» деген тілегі мен жүзігін кері итергенін айтқан мұның сөзіне құрбысы тап осылай ішегі түйілгенше күлді. Сосын кенет жүзін суытып алды да:
– Осы сен қыз шынында ақымақпысың, әлде адамдарды ақымақ деп ойлайсың ба? Айтшы, ол жігіттің несі кем? Неге кеудесінен кері итердің? Сүймеймін дейсің, ғашықтық, махаббат дегеннің бәрі бос сандырақ әңгіме! Ромео мен Джулиетталар болса болған шығар бір заманда, ал қазір жоқ ондай сезім!
Сілейіп тұрып қалған мұны құрбысы « мені естіп тұрсың ба?» деп, екі иығынан сілкіледі. Бұл үндемеді. Не дейді? Жоқ, сен қателесесің, махаббат бар дейін десе, өз жағдайын ашып айта алмайды. Жоқ деуге тағы тілі бармайды.
– Ақылың бар қызсың ғой, қысқасы пәдрушка, отызға толмай тұрып, осы екі жылда есті еркектің етегінен ұстап ал, сөйт те бала ту, бітті осымен сөзім тәмам деген құрбысы бағанадан бері толассыз безектеген телефонының жасыл түймесін басып қалды. Ар жақтан жан даусы шыққан күйеуі болса керек, «Ало, ау, не дейсің? Жылап жатыр? Сен не қарап отырсың, соның бұтын ауыстырмай? Жарты сағат ұзай алмайтын болғанымыз ба үйден енді? Кетем дейсің бе, қайда? А? Ой, жарайды, мен міне, бара жатырмын... Шыдай тұр енді!» деген күйі қоштасуға шамасы келмей құстай ұшқан Сәниясына абдырай қарап қалды бұл.
Ханшайым – әлгінде құрбысы айтпақшы енді екі жылда отызға келетін қыз. «Кәрі» деген тіркесті өзіне жапсыруға аузы бармайды. Әрі оны ешкім бұған қимас та еді, әйтсе де жас көрінеді екенмін деп жалғанды жалпағынан басып, сіңлісі қатарлы қыздармен клубтан клубта секіріп жүрген жайы жоқ. Жоғары оқу орнын бітірген, тәп-тәуір жалақысы бар компанияда қызмет істейді. Әрине, онысын өзі мақтаныш санап, өмірдің мәні сол деп ұққан емес. Бірақ сыртынан ел солай тон пішіп, «бұл қыз ешкімді менсінбей, өзінен өткен ауқатты жігітті іздеп жүр дейтінін бір-екі рет құлағы шалып қалған. Ал кей жігіттер болса тіпті ұят-аятты қойып «сендей қызға жігіт тиюі керек қой, мені аласың ба?» деген қалжың-шыны белгісіз айтып та үлегерді. Бірде тіпті сыртынан ынтық болғансып, мейрамханаға шақырған бір жігіт ас үстінде: «сонымен, қарындас, қанша жалақы аласыз?» деп қойып қалды. Ішіп отырған сусынына шашалып қала жаздаған қыз, оқты жанарымен ата қарады. Үндемеуші еді, әлгі жігіт аздан соң осы сұраққа тағы оралды. Содан соң бұл да аямай «немене, әйел алып, есебіне күн көруден дәмелімісіз?» деді де, тұрып кетіп қалды. Болды, содан әлгі жігіттің қоңырауын да алмай, хатына да жауап бермей, біржола жауып тастады.
Айтпақшы, бұлар кішкентайдан үш қыз болып бірге өсті: Ханшайым, Сәния және Гүлшат. Сәнияны бірінші сыныпта адасып басқа сыныпта оқып жүрген жерінен жетелеп әкеткен өзі еді. Дәурен ай, содан бері жиырма бір жыл өтіп үлгеріпті ау. Сондағы бұйра шашты, аузынан сөзін оңайлықпен шығара алмайтын құрбысы міне, бүгінде өзіне ұрсып (әрине жақсы оймен ғой) шыға келгені. Гүлшаттың да екі баласы бар, әттең ол өзге қалада. Бірақ телефонда онымен де күнде бірге. Сәниядан қарағанда байыптылау ол құрбысы «қайтеміз, сенің әп әдемі болып жалғыз жүргенің жанымызға батады да, әйтпесе, шынымды айтсам, сендей «петрушкамды» (ежелден солай дейді өзі) жан баласына қимаймын ғой» дейді. Айтса айтқандай, бір қыдырып барғанында телефонның ар жағынан «тезірек қайт» деп қаққанда қанын алған жігітсымағын жаратпай, "қазық қағатын ондай күйеудің қажеті жоқ, немене жау қолында жүр ме екенсің, екі күннен соң қайтасың ғой өзің де" деп күйінгені бар. Ақыры сол жігітінің шикі мінезі шығып, әне-міне деген той болмай қалған. Еее, Ханшайым қыз осы жасына дейін не көрмеді?.. Кейде өзінің басынан кешкен тағдырын, әсіресе жүрегінің жартысын іздеп шарқ ұрған жолдағы кездестірген тауқыметтері көз алдына келсе, «одан да осы неге түсім боп, ал үнемі көретін түсім неге өңіне айналмайды екен?» деп ойлап кетеді. Егер өзге жұрт киноны теледидардан көріп тамашаласа, Ханшайым оны күнде басынан кешіп жүргендей.
Күтпеген қоңырау
Қарбаласқа толы бес күндік жұмыс күнін шығарып салып сенбіге жеткеніне қуанатынның бірі осы өзі. Содан ба, әлде, бала күннен қалмай еріп келе жатқан жалқаулық атты әдетінен бе, әйтеуір сенбі түскі он бірсіз оянбайды. Таң сәріде ұйқысын бұзған жаннан жек көретіні жоқ. Онысын үйдегі әпкесі де, жездесі де, тіпті жеті жасар жиеніне дейін біліп алған. «Бәледен машайық та қашыпты» дегендей, сенбі күні таңертең үй іші тегіс тықырларын сездірмей аяқтарының ұшымен ғана жүреді. «Осы сенің ұйқың ақ бізді бір күні балеринаға айналдыратын болды» депғ кейігенсіп күлетіні бар әпкесінің. Сондай сенбінің бірінде қаперсіз ұйқыда жатқан Ханшайымды ғайыптан тайып сөнбей қалып кеткен ұялы телефон даусы шошып оятты. Өң мен түстің арасында тұтқаны қалай көтергенін де ұқпай қалды. Алайда арғы жақтан естілген қатқыл үн дел сал денесін бірден жиғызып алды. Қайта ол кезде ханзадасын көріп жатпап еді, сондықтан түсімен тез қоштасқан.
Ало, Ханшайым? Ало?
Ау?... Ар жақтағы кім болса да, бұл телефон шалушыны жақтырмай, әрең сөйлеп тұр.
Не, ұйықтап жатсың ба әлі?
Тәтті шағын бұзғаны аздай, өңештен алғаны несі мына әйелдің?
– Қызық, сіз кімсіз өзі?
А, танымай тұрмысың, мен ғой Жанна. Есіне мұндай есімді ешкімді түсіре алмай тұр еді, ар жақтағы дауыс іліп әкетті
– Мен ғой, әріптесің, Жанна тәтеңмін!
– Ааа, Жанна тәтесіз бе, Сәлеметсіз бе... Таң сәріден тыныштық па тәте? Енді оянып жатыр ем, – деді даусын жұмсартып.
Әдетте жұмыста жүзіне күлімсірей қарайтын тәтесіне не болған? Әлде аяқ астынан бір қолайсыз жағдайға тап болып, абыржып қалған беті ме? Не де болса, соңын бағайын деді.
– Иә, тәте, мені жай іздедіңіз бе?
Жылы сөйлеген мұның жауабы әйелдің үнін сәл жұмсартқандай.
– Ыммм... не десем екен?.. Кездесіп сөйлескеніміз дұрыс секілді... тап қазір қайдасың? Адресіңді айтшы, барайын.
Жауабын ести сала тұтқаны қойған Жанна тәтесі бұл орнынан тұрып, жуынам дегенше «келіп тұрмын» деп қоңырау шалып та үлгерді. Амал жоқ, таңғы оразасын ашуды кейінге қалдырып, тез-тез киінген күйі тысқа ұмтылды.
Терезесі күңгірт көлігінің ішінде мұны даусы секілді жүзі де суыт Жанна тәтесі күтіп отыр екен. Әлденеге қатты абыржығаннан тіпті саусақтары дірілеп, онысын басқысы келгеннен темекі шеккен де ау, терезесі ашық тұрса да, көлік іші түтін аңқып тұрды. Жанына жайғасқан қызға түттіккен жүз бұрылды да, бір минуттай қадала үндемей қатып қалды. Әңгімесін неден бастарын білмей тұрғаны еді. Әлден уақытта бір ауыр жүкті тастап жібергендей терең күрсінді де, ақырын
– Ханшатай... деді. Кәрі-жасы бар, қызметтегі әріптестері мұны тегіс осылай атайды. Манадан бері өрт сөндіргендей сұп-сұр боп отырған Жанна тәтесін жатсынып отырған ды, енді ғана өз әріптесін танып, бұл да иә дегендей күле қарады.
– Ханшатай, – екінші рет осылай дегенде, рөлді тас қылып ұстап алған келіншектің жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті, – Менің не істеп қойғанымды білесің бе сен? Неткен ақымақ едім?!. Енді сонымды тағы бір рет дәлелдеп сенің алдында өр кеудемді жыққалы отырмын...
– Қойыңызшы, тәте, жылағаныңыз не, қорқытпаңызшы бұлай, – деп, түкке түсінбесе де, үп-үлкен әйелдің өзінің алдында жас баладай жылап отырғанына шыдай алмай кеткен Ханшайым жалма-жан оны жұбатуға көшкен.
– Түкке түсінсем бұйырмасын, тәте, өтінем сізден... айтып өлтіріңізші не де болса, – деді тізесі дірілдей. «Қылмыс жасап қойып, өкініп отырғаннан сау ма өзі?», қыздың басына осындай да ой келді. Онысынан өзі қорқып кетті.
– Елуге қараған жасымда осыншама мүсәпір халге түсіп, қызымдай адамның алдында боздармын деп ойладым ба? – осылай деді де, әйел одан сайын еңкілдей түсті, – Кешір, сені таң сәріден төсегіңнен жұлып алып, қарсы алдыма келтіргеніме, бірақ сенесің бе мен бүгін таңды көзбен атырдым. Бүгін деймін ау, тіпті осы жетінің әр түнін кірпігіммен күзетіп шықтым десем болғандай. Осындай бейшара халге түсірген не деп ойлайсың, Ханшатай, сіңлім?.. Біразға созылған үнсіздіктен соң сөз қайта сабақталды.
Ол ма, ол – сау адамды естен айырып, тағатын тауысып, сабырын сарқып ішетін қу соқыр Махаббат, қызым. Тағы үзіліс жасады осы тұс, –Махаббат бола ма, басқа ма, маған не қатысы бар, неге мені неге таң сәріден әуре қылды?» деп ойлап тұрған шығарсың. Қатысы болып тұр ғой сол... қатысы болғанда да қандай...
– Сіз бен маған қатысты нәрсе? Тәте, не айтқалы тұрсыз? Екеуміз тек бір қызмет орнында істегеніміз болмаса, ортақ еш нәрсеміз жоқ еді ғой?
…Тағы да ұзақ үнсіздік орнады. Адам өзінің ең қымбат затын ешкімге көрсеткісі келмейтіні секілді, аса құпия сырын да жан баласына жайып салудан қашады. Себебі сыр – адамның өзі, абыройы, демек, дүниенің ешбір байлығына айырбастағысыз асыл қазынасы. Осы тұста, шыны керек, біз ойымызды бөгде ешкім оқи алмайтындай етіп жаратқан Алла Тағаланың асқан мейірімділігін сезіне бермейміз. Әйтпесе, адамға күніне, тіпті әр сәт сайын қандай сұмдық ойлар келіп-кетпейді деңізші.. Және дүниеде ойдан жүйрік нәрсе жоқ шығар, тіпті адамзат қанша дамып, сан алуан технологияларға қол жеткізді деген күннің өзінде, Алла берген ойдан озатын құрал шыға алмайтыны анық. Жасы жер ортасына келген Жаннаны дәл қазір қинап тұрғаны да осы, яғни, қызындай адамның алдында шешіліп сырын айтуға мәжбүрлігі. Әлі де болса бірақ ештеңе айтылған жоқ, сондықтан жақ ашпай кете салғаны дұрыс па? Осындай қат-қабат ойлар қарбаласып, онсызда шақшадай болған басын шарадай етіп жіберді. Жоқ деді іштей, тастай бекініп, осы кездесуге жеттім екен, енді айтайын.
– Иә, екеумізді дәл осы бүгінгі әңгімеге дейін жеткізіп, сенің жүрегіңді білмедім, бірақ менің жүрегімді қарс айырған бір ортақ адам бар. Кім екенін сезіп отырған жоқсың ба?
Тіпті, түсінсе бұйырмасын! Бірақ не болса да, кім болса да, дәл қазіргі әңгіменің әрі қарай жалғасуына ынтықтырып барады. Әзілдеп не болмаса өзін бір қорқытайын деген шығар дейін десе, Жанна тәтесі ондай жеңілтек әйел емес секілді. Қай істе болсын нық, тыңғылықты. Жеке өмірде де кәдімгідей екі баланың анасы, ең бастысы жарын аузынан тастамайтын адал жар. Міне, Ханшайымның танымындағы Жаннаның қысқаша сипаты осы еді.
– Кім жайлы екенін білсем, сізді осынша қара терге түсірмей өзім ақ айтып салмас па едім. Мен сізді бірінші рет тап осындай күйде көріп, аң таң қалып отырғаным?!..
– Жә, «айран сұрай келген екенсің, шелегіңді жасырма» деген, ендеше басынан бастайын. Бірақ сіңлім, сен бұл сырды естіген сәттен бастап өзіңде менің ең асылымның барын есте ұста. Сөйт-дағы жан баласына тіс жарып айтпауға уәде бер. Әйтпесе, егер осы әңгімем өзімнің алдымнан шығар болса, онда менің өлгенім дей бер. Онда, онда... Мен жер басып жүруден қаламын.
– Шошытпаңызшы мені бұлай... Сіз өзі кісі өлтіргеннен саумысыз? – Ханшайымның үнінде діріл пайда болды, – Мен сізді айт деп қинап тұрғам жоқ қой, өзіңіз хабарласып, өзіңіз келдіңіз, қаласаңыз, мейлі айтпай ақ қойыңызшы, өтінемін...
– Жарайды, саған мұны айтам деп оқталып келдім, айтамын, ал арғысы өз арыңа сын, – деді де Жанна жастық шақтың бағынан бір ақ шықты. Қазіргі күйеуімен қалай танысқанын, екеуінің қандай қиындықпен үйленгендерін, одан алғаш перзент сүйген кездегі қуаныштарын айтқанда, әлгінде өрт сөндіргендей болып отырған келіншектің түсі өзгеріп, әлдебір бақыттың себезгісі пайда болды.
– Білесің бе, – деді, бір сәт тоқтай қап, – сүю деген – тілмен жеткізгісіз бақыт, сонымен қатар адам төзгісіз азап та. Бір аяғыңмен телегей теңіз кешіп жүріп, екінші аяғың алаулап жанған өртке түсіп кеткендей күй кешесің. Негізі біреуді қаншалықты шексіз сүйсең, ол адамнан қатты көңілің қалса, сол сүйгеніңнен артық деңгейде жек көруің де мүмкін екен. Оған менің осы жақса жеткенше көзім әбден жетті. Өмір бойына аялап өтем деп ағынан жарыла ант берген жарын күндердің күнінде жат біреудің қойнына жалт береді деп кім ойлайды? Кезінде құшағыңды гүлге толтырып, бақыттың бағын аралатқан адамың, тоғыз ай құрсағыңда көтеріп, сосын ай күні жеткенде өмір мен өмір арасында арпалысып дүниеге сәби әкелгеніңде қарсы алмақ былай тұрсын, үйге келгенде сені өлімші қылып сабаса, не сезінесің? Мен соны көрген адаммын, жаным. Солай жарымнан суып, көңілім қалып, тек қос құлыным үшін құр сүлдерімді көтеріп жүруге мәжбүр болған кезімде Тәңірім мені бір адаммен жолықтырды.
Әңгіменің дәл осы тұсына келгенде, Ханшайым қасындағы Жаннаға бар денесімен бұрыла қарады. Өз құлағына өзі сенер емес. «Қалай сонда, екі баланың анасы, жары қасында, солай болуы мүмкін бе?» деген ой қызды таң-тамаша қалдырды. Жанна болса, мұның аңтарыла қарағанын сезсе де, әңгімесін үзбеді.
– Кездесті де, тіршіліктің білте шамы әлсіз ғана шоқтанып тұрған кеудеме үміттің отын үрлеп кеп жіберді. Сол сәтте қос жанарым жарқ етіп, мен қайта дүниеге келгендей күй кештім. Қасіреттен үгіле-үгіле қуыс боп қалған кеудеме нұр құйылып, мен мүлдем басқа адамға айналып шыға келдім. Сөйттім де, жаңа өмір бастадым. Онда қос құлыным мен күйеуімнен өзге тағы бір адам пайда болды. Әрине, ол өмірім жайлы ешкім білмейтін, әлі де білмейді... Өзімнің адам болып жер басып жүруіме жігер беретін ол адамға жету үшін қандай азаппен бетпе-бет келетініміді білсең ғой? Алып тауларға бергісіз кедергілерден аттап, әрең жетіп, сосын оның қасынан кетерде одан қанша есе зор қиналасықа түсетінім тек өзіме аян. Бірақ сол азап – мен үшін бақыт! Сол «азапты бақыт» пен тәтті мұңнан тұратын өміріме де он шақты жылдың жүзі болыпты. Еш байқалмай өте шыққаны, кеше ғана қырыққа жаңа шыққан келіншек болсам, енді бүгін айнадан маған самайына ақ түсе бастаған егде әйел қарайды. Енді, сіңлім, мендей бейбаққа ғұмыр сыйлаған да, сонымен қатар ғазиз басымды ғаріп қылып, тып қазір сенің алдыңа алып келген кім дейсің ғой?
Көзінен тарам-тарам болып аққан жасын сүртуді ұмыт қалдырған әйел әңгіменің ең түйінді сәтінде тоқтай қалды. Жел тербеген тамшыдай дір-дір еткен саусақтарымен тағы бір шылым тұтатты сонан соң. Оны да құшырлана сорып, түтінін асықпай қос танауынан шығарған соң барып, кілт үзген жеріне келді.
Кімді айтар екен, кім екен деп бұл да тына қалған.
– Ол Шаттық Базарбайұлы!
Аспан айналып жерге түскендей ме? Әлде аяғының астындағы жер қозғалып, тіршілік көшіп кеткендей ме? Бұл есім иесі кіммен қандай байланыста болса да мейлі таң қалмас еді, бірақ, бірақ... Құдайым ау, сонда манадан бері өз сырын айтып отыр деген тәтесі мұның да сырын білгені ме? Қайдан? Алып тұлға санаған адамы сонда өзінің бар ойы мен сезімін, бар сырын бұл өзі күнде көретін, тіпті иық тіресе бір үстелде отыратын әріптесіне айтатын болғаны ма?
– Қайдан білдің деп отырсың білем, жаным...
Естен танып қалғандай сұлқ күйге түсіп кеткен мұны Жаннаның әлгі сауалы селк еткізді. Апыр ау, тәтесі тіпті енді мұның ойын оқитын да болғаны ма?...
– Сен ол адамды кінәлама, қарғам, сен жайлы айтып сүйінші сұраған ағаң емес. Барлығын із аңдушы тыңшылардай тінтіп, көрместі көріп, тергеп тексеріп жүріп біліп алған өзім. Мен оның ұялы телефонынан саған жазылған хаттарын оқып қойдым.
Не? Хаттарды оқыдым дейді? Бұл қыздың ойы.
– Сондай таза, мөлдір сезіммен жазылған жыр жолдарын алғаш оқыған сәт оны сенен қалай қызғанып кеткенімді білсең ғой. Қалайша менің асқар тауым өзгенің алдында аласарып шөгіп, хатында жазғандай шарасыз халге түскен? Тіпті өз сезімінің жауапсыз қалғанына да қарамай, өршелене өлең жазатындай не басына күн туды? Алайда тап сол хаттарды сенің жауапсыз қалдыруың ғана мені өзіме қол жұмсаудан сақтап қалды.
Жанна өз сезімін, қызғанышын мен күйінішін толассыз айтып жатыр, ал Ханшайымның көз алдына сол бір кездер тізбектеле берді.
Аспан жылаған түн
Шаттық Базарбайұлы – Ханшайым мен Жаннадан басқа елу шақты адам қызмет істейтін үлкен бір мекеменің президенті. Елге танымал, сыйлылығы өз алдына, ұжымды сүттей ұйытып отырған азамат. Бірге қызмет істеген жылдары бір рет те болса Ханшайым оның біреуге жөнсіз дауыс көтеріп, болмаса біреуді асыра мақтап, екінші біреуді жерге ұра даттап, адамдарды алалағанын көрген емес. Қол астындағылардың тізесін дірілдетіп қорқынышпен емес, сыйластықпен басқаруды ұйғарған жан. Тіпті әр жиналысты күліп бастап, күліп аяқтайтыны да шындық. Сонымен қатар, жұмыстан тыс уақытында жыр жазатыны бар. Ханшайым мен Шаттық ағасының арасын жақындатқан да сол поэзия еді. Жаңа бір өлең туса мұны кабинетіне шақырып алып, бірінші рет Ханшайымға оқып беретін. Мұң мен қайғыдан, қимастықтан, қоштасудан тұратын жыр жолдарынан бұл сырты бүтін көрінетін басшысының да жүрегі шерге толы жан екенін ұқты. Әйтсе де әп әдемі әйелі, үріп ауызға салғандай ұл қыздары бар отағасының мұндай күйік тартып, егіле жылайтын не жөні барын түсіне алмайтын. Жә, түсінудің де қажет жоқ шығар маған, мен тек тыңдарман ғанамын ғой деуші еді. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде Ханшайымды хатшы қыз кезекті рет бастықтың кабинетіне шақырды. Әдеттегідей жаңа өлең естірмін деген оймен алаңсыз кіріп барған қыз көк түтіннің ортасында қалың ойға шомып, тіпті дүниеден баз кешіп кеткендей халде отырған жанды көрді. Және әдеттегідей төрдегі Хан тағындай креслосында емес, бұл жолы есік аузына жақын диванға жайғаса салыпты.
– Кел, жаныма отыршы...
Оған дейін тек төрден, биіктен көріп келген адамының бір пәсте өзімен қатар отыруды ұсынғаны қыз көңіліне бір түрлі секем алдырды. Қатты ыңғайсыздықтан не істерін білмей тосылып қалған қарындасын Шаттық ағасының өзі құтқарды. Құтқарды дейді ау, керісінше одан сайын қыспаққа алды деген дұрыс шығар. Әй-шайға қарамастан қолынан тартып, жанына жалп еткізді. Қыбыр ете алмастан қыз отыр. Себебі қырықтың жетеуіне келген жігіт ағасы мұның қолын алақандарының арасына салып алған еді. Бір-екі рет ақырын тартып көріп еді, тас қылып алған уыстан сытылып шығара алмады. Енді бір сәт үнсіздікке көшті екеуі. Әлден уақытта ол жүзін аздап бұған бұрды да
Алтын құсым бармысың, аманбысың
Күні бойы ойым сен, жарам ба шын?!
Апырай шықпай қойдың санамнан еш,
Сен менің данамбысың, бағамбысың?
Жаңа жыр туған екен ғой, аға, бәсе неге өзгеше күйде десем, дей берген қыз сөзін аяқтатпай Шаттық бастырмалатып алып кетті де, тағы бір өлеңнің тиегін ағытты:
Жүзіңе бағым ба деп жүз қарадым,
Жүрегімнің дүрсілін, тыңда жаным.
Көңілің маған ауып тұрмаса да,
Бәрібір сені әркімнен қызғанамын...
Осыны оқып отырғандағы Шаттықтың өзіне қадала қараған жанарынан біртүрлі секем алып қалса да, сыр бермеген күйі отыра берер ме еді, ол күйді бұзған Шаттықтың өзі болды.
– Ханшатай, сөзбен жеткізе алмағанымды, көзбен жеткізген шығармын ендігіде, жасырынбақ ойнағанымыз жетер! Ағаңның күйін ұқпағандай болмашы!
Қапелімде өзі ағам деп келген адамның кенет көзімен ішіп-жей қарап, соншалық ғашықтық ғазал оқығаны несі, «жасырынбақ ойнаған» дегені несі? Расында, ештеңені түсінбей отырған бұған Шаттық одан сайын шүйліге:
– Ұқпадың ба шын? деді қайталай.
Жоқ, аға, түкке түсінсем бұйырмасын, нендей жасырынбақты айтып отырсыз?
– Сырыңды қалай астарлап, қанша тереңге жасырсаң да Абай айтпақшы «өлең шіркін өсекші» емес пе? Қарындасым, сезімталдығың ерекше ед, қалайша онда әр сөздің өз жүрегіңе бағытталғанын аңғармадың?
– А-а ағ-ғаа-таай, қо қо қойыңыз... Күтпеген жерден сезім сыры мәлім болып, ол өзім екенін білем-ау деген ой үш ұйықтаса түсіне де кіріп көрмеген қыз талып түсе жаздады. Бала күнінде гүрс еткен найзағай даусынан қорыққанда, онсызда тостағандай көздері шарасынан шыға қорқа, тілі күрмеліп, сөйлей алмай қалушы еді. Қазір де дәл сондай күйде. Тіпті есінен адасқан адамша «Жо-жоқ аға, олай болуы мүмкін емес, болуға тіпті тиіс емес» дей береді бар болғаны. «Туу, не деп кетті өзі?» Өзінің осыншама бейшара халіне ыза болған Ханшайым жылап жіберді. Манадан бергі іште жиналған түрлі сезімдер көмейге өксік боп кептелген екен. Солар енді жас болып сыртқа шығып жатыр, толассыз шығып жатыр.
Қанша дегенмен қыздың көз жасын көргенде жүрексіз болмаса ер атаулы селт етпей қалмайды ғой. Сезімін жайып салғанда Ханшайым осыншалық күйреуік халге түседі деп ойламап еді. Өзінің не істеп қойғанын енді барып түсінген Шаттық шарасыз халдегі қарындасын ә дегенде қалай жұбатарын білмей дал болды. Жылап алсын, жеңілдесін деп қимылсыз отырып еді біраз, жылағанын үдетпесе қоятын қызды көрмеді. Енді өзі қобалжып, сасайын деді. Жұбату мақсатында жаймен ғана оның иығынан ұстай бергені сол еді, онсызда үркіп тұрған қыз өзгеше түсінді. Қызға бірден «сүймекші ғой?» деген ой келуі мұң екен, иығына қолын сала берген Шаттықтың қолын сілкіп жіберді де, бар күшін жинап шапалақпен жақтан салып қалды. Сөйтті де өксіген күйін, бетін басқан қыз сытылып сыртқа қаша жөнелді.
Тіпті жұмыс үстелінде қалған сөмкесіне де, басқасына да қарамай тұп- тура далаға безілдей жөнелген. Жұмыс орнына мына түрімен қалай бармақ, анталаған көздер не ойлайды? Онсызда кірерге жердің тесігін таппай келеді емес пе? Әппақ жанына біреу қап қара лайды лақ еткізіп төгіп жібергендей.
Ызаға булыққан күйде жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, толассыз тамшылаған көз жасы бетін айғыздай жуып, жерге тырс-тырс тамып жатыр. Іші алай- дүлей дауыл, тіпті ақ боран ұлып тұрғандай. Ал кеудесіне бір бақсы жайғасып алып, күңіренте қобыз тартуға көшкен сыңайлы. Бірінен кейін бірі аңыраған күйлерге елтіп әлден уақытта есігіне жеткен қыз құр сүлдерін сүйрете ішке енді де, сұлқ құлады.
Сол түні аспан таңға дейін жылап шыққан.
Жасырынбақ
Екі күн үйінде жатып, үшінші күн дегенде қызмет орнына әзер оралды. Онда да жұмыстан өз еркімен босату туралы өтінішке қол қойдыру үшін. Қолында бір жапырақ қағазы бар Ханшайымды Шаттық ерекше көңілді қарсы алды. Кабинет ішін әдемі ән тербеп тұр.
– О-о-о, кір, отыр, тыңдашы мына әнді» деді орындыққа жайғасып жатқан қыздың ауыз ашуына мұрсат бермей. Сөйтті де өзі әнге елтігендей үнсіз көзін жұмып отыра берді. Сосын еріксіз әннің аяғын күтуге тура келді. Міне, соңғы нота... Әуен үзілді ау деген шақта, аға демекке аузын аша беріп еді, тағы бір ән басталды.
Тсс... деп сұқ саусағын ерніне апарып белгі берді.
Үкілім-ау үрікпеші...
Құдайым ау, мынаның сөздері, тап өзіне айтылғандай ғой. «Үкілім ау, үрікпееее-ші». Ағаның сөзіне жазылған әндер болды ғой демек?!. Өнердің құдіреті ай десеңші, осы бір сәтте қыз өзінің кабинетке кірген мақсатын ұмытып бара жатқандай еді. Кенет әлдене есіне сап ете түскені... Орнынан көтеріле бергені сол алақанына әлдене топ ете түсті. Алма?! Қып-қызыл әрі хош исі аңқыған алманы шат-шадыман көңілде отырған Шаттық лақтырып жіберген еді қызға. Нысанаға дөп тигені. Көзі тостағандай болған мұның түріне қарап рахаттана күліп алды ол содан соң. Бұл әрекет тіпті ызасына тиген Ханшайым, орнынан атып тұрды да, қолындағы тілдей қағазын бастығының тура алдына тарс еткізіп қоя салды.
– Бұл не? – деді Шаттық, көріп тұрса-дағы. Онысы «неге бүйттің?» дегенді меңзегенін түсініп, қыз:
– Жұмыстан кету туралы арыз. Қол қоюыңызды өтінемін, содан соң әніңізді әрі қарай тыңдайсыз ба, әлде тербеле вальс билейсіз бе, өзіңіз біліңіз!
Өткендегісі есіне енді ғана түскендей, Шаттық та томсырая қалды. Төмен қарап біраз үнсіз отырды. Сәлден соң басын көтеріп, «бала болмасаңшы, Ханшатай» деп деді. Сөйтті де орнынан лып етіп тұрып, сол жақ бұрыштағы терезенің жанына барды. Тұтқасын қайырып терезені айқара ашып жібергені сол, салқын ауа ішке лап қойды. Көктемнің лебі еседі. Терезенің түбіндегі алма ағаштары бүр жарған екен. Оның өзін жаңа аңғарды қыз. Жалпы қалаға келгелі қыс, жаз, көктем барлығын да терезенің бергі жағынан ғана көзбен қарсы алып, көзбен шығарып салуға көшкен екен. Оны да жаңа бағамдады қыз. Көктем!... Шаттыққа ерекше шабыт берген де бәлкім көктем шығар. Көкірегін кере саф ауаны жұтып жатыр терезе алдындағы Шаттық та, бер жақтағы Ханшайым да. Ауру қалса да, әдет қалсын ба, жігіт ағасы қолын кеудесінің тұсына апара берді. Онысы темекі іздегені еді. Негізі терезені де сол шылым шегу үшін ашқан. Бірақ сол сәт жанында қыз бары есіне түсіп, шеті шыққан шылымды қайта орнына салып қойды. Сосын қыз тоңазиды деген болар, өзі айқара ашқан терезені қайта жапты. Аз ғана үнсіздіктің өзі қызды ой тұңғиығына тарта жөнелген еді, кенеттен «Білесің бе, жаным, түбі осы біз екеуміз үйленеміз!» деген дауыс оны селк еткізді. Соншалық сенімді екпінге қыздың ызасы келді. Десе де сыр бермегенсіп, естімегендей отыра берді.
– Иә, рас айтамын, қазақта «жаманның сандырағы келеді» деген бар ғой. Бірақ бұл сандырақ емес, мен жындылықтан айтып тұрған жоқпын. Жетінші түйсік деген бар ғой, міне сол түйсігім маған солай сыбыр ете қалды жаңа.
– Осы сіздің әзіліңіз қайсы, шыныңыз қайсы, аға, аңғармайтын болдық қой. Жетер ендігіде, түнеу күнгіңіз анау, ал бүгінгіңіз енді тым шектен шықты! Менде неңіз бар, айтыңызшы? Құлдығыңыз болайын, мені бұлай бұлтаққа салмай, арызға қол қойыңыз да жіберіңіз, бар қалауым сол, ағатай!
Әу баста кабинетке кіргендегі мақсатын енді ғана жайып салған қыз, түйдектелген осы сөздерді айтқан соң жеңілдеп сала берді.
Кенет кабинетті жара аха-ха-ха, аха-ха-ха... деген күлкі естілді. Ой, ішегім ай, уһһһ! – осылай тағы бір рахаттана күліп алған Шаттық бірден езуін жиып алды.
– Әзіл дейсің иә?.. Демек, сен түнеукүнгіні солай қабылдапсың ғой? Бәлкім, масайрап отырып айтып, енді бүгін тіпті есінде де жоқ деп ойлап тұрған шығарсың. Жо-жоқ, қалқам, қателесесің. Адам өзгемен қалжыңдар-ау, бірақ өз өмірімен, өз жүрегі, өз сезімімен ешқашан олай етпейді, осыны біліп қой, Ханшатай! Осыны біліп қой, – сөзін осы тұста бір түйіндеген ол аздаған кідірістен соң қайта сабақтады, – Әлгінде әнді тыңдадың ғой, студиядан әкелген бойына алғаш тыңдап отырған кезімде да сен де кіріп келдің, бұл да кездейсоқтық емес. Жаратқан сені тап сол минутта, тап осы жерге айдап келіп тұр. Ал ән,шындығында, жаным, саған арналады.
Аздаған үнсіздікті тағы да Шаттықтың өзі жалғады.
– Мен сені жақсы көрем, Ханшатай, ал бұл сезім саған да, маған да, ешбір есті адамға ойыншық емес.
Осы сөздерді кабинет ішінде әрі бері жүріп, жанарын биіктегі бір нүктеге бағыттап айтқан байыпты басшы біртіндеп өз орындығына да жетті. Сөйтті де, қалай лып етіп көтерілсе, тура солай жеңіл отыра кетті. Дәл Ханшайымның жүзіндей мұңайған жапырақ қағаз, жұмыстан кету туралы қыздың арызы сол орында әлі тұрған. Шаттық оны ақырын қолына алды.
«Уфф, әйтеуір қол қояйын деді ау», деп жүрегі аттай тулап кетті Ханшайымның. Тура түсінде ханзадамен кездескен сәттегідей кеудесіне сыймай дүрс-дүрс соғады ол. Санаулы минуттардан соң қамауда қалғандай азапты күйге түскен жаным жай табатын болды... Қыздың осы сәттегі әр қимылы мен жүзіндегі өзгерісті Шаттық көзілдірігінің астынан жіті бақылап отырған. Бір қызарып, бір сұрланып, беймаза халге түскен оны осы сәт одан сайын жақсы көріп кеткен еді.
– Шыға бер, қалқам, сен боссың. Ал мына қағазды, – деп алды да, алдымен екіге, сосын төртке бөліп, жазу үстелінің астында тұрған кәрзеңкеге лақтырды да тастады. – Алаңсыз жұмысыңды жасай бер, бірақ әлгі сөзім есіңде болсын!
Есікті сыртынан жауып бара жатқан қыздың құлағында «екеуміз түбі үйленеміз» деген сөздер қайта қайта жаңғыра берді.
***
Адамның ары – қашанда жанының арашашысы, ақылшысы. Жаза басқан жерінде жазғырып, тұп-тура табаға салып шыжғырғандай ұрсып алады. Желігіп, көкке самғап кеткен сезімін алдына салып дедектете сүйреп әкеліп, сабасына қайта түсіретін де сол – ар атты арашашысы. Сол үшін пенде кейде тіпті оны бейне жауындай жек көріп, айтқанына құлақ аспай қояды да. Бірақ түбі отқа күйген көбелектей «қап, қандай ақымақ едім!» деп бармағын тістегенде барып, оның дұрыстығын мойындайды. Ханшайымды да ары қыспаққа алып, жанын құлындай шыңғыртуда. Сондағысы «неге ғана мен онымен әу бастан оңаша қалып, жырларын тамсана тыңдадым екен? Ең құрығанда бір мезет те болса, оның еркек деген аты барын, ал өзінің заты әйел екенін неге ойламады? Сонда оның жүрегіне шоқ түспес те ме еді, осылай үздіге сезімін білдірмес те ме еді?» деген ойлар тізбегі. Үздіккені емей немене, әкесіндей адам әр түн сайын ұялы телефонына өлеңдетіп хат жолдап, ертесі соның жауабын көзімен сұрайды... Хатына жауап жазбай, көзіне қарамай, тіпті қашып жүретін болған бүгінде. Бірақ қашанғы қашады, қайда барып құтылады, егер екеуі бір қызмет орнында істесе?! Ақылдан айырып, төзім мен тағатты тауысып, жүректі жылатып, есіл-дертті билеп алатын ғашықтықтың опасыздығы да сол, тіпті үп-үлкен адамның өзін жас балаға айналдырып жібереді екен-ау.
– Ханшатай, менен неге қашасың? Өтінем, олай етпеші... Мен саған титтей де жамандық көрсетпеймін, – ақыры бір күні кешкісін офисте ел сиреп қалған оңаша бір сәтте Ол мұны «қолына түсірді». Қызға, яғни қызметкеріне әдейі жұмысты көп беріп, кеш қалдырған өзі еді. Кабинетіне оңаша шақырғанына келмейтінін білген соң, қыздың жанына Шаттықтың өзі келген. Сөйтіп әлгіндей сөзін бастап жіберді.
Бұл үнсіз, не десін? Ыңғай бермеуге тырысып бағып, барынша кері теуіп-ақ жатыр. Не деген табанды жан өзі? Қазір де үсті-үстіне төпелеп айтып жатыр, айтып жатыр.
– Мен сенің еркіңнен тыс, ештеңе істемеймін, оған күмәнің болмасын титтей де. Не болса да, бәрі сенің қалауыңмен, сенің келісіміңмен болады, Күнім! Қаласаң, әппақ көйлек кигізіп, ақ лимузин мінгізіп, той да жасаймын. Қаласаң, басқа елге барып, бал айын да өткізейік, бәрін де жасаймын, тек сенің қаласаң болғаны...
«Күнім дейді?» Иемденіп алыпты ғой өзі, жетер! Осындай ашу-ыза манадан бері үндемей отырған қызға тіл бітірді:
– Аға, мен бір нәрсеге түсінбедім, сіздің жарыңыз, ұл-қыздарыңыз бар емес пе? Ең құрығанда, соларға деген құрмет сезімі қайда? Талай жыл дәм- тұзды бөлісіп, ыстық суыққа бірге төзген әйеліңіз бен «әкем бар ғой» деп жүрген құлындарыңызды аямайсыз ба? Осынша жалынардай мен сізге кіммін? Бар болғаны жырыңызды тыңдап, қызмет орнында бұйрығыңызды орындайтын қызметкеріңіз ғанамын!
– Тоқтат, доғар! – осы сәт Шаттық шарт кетті. Әлгінде ғана момақан күйде отырған адамнан кенет осындай ащы айғай шыққанда қыз шошып кетті. – Сен мені олай орынсыз кінәлама! Отбасымның түтіні түзу ұшып, төрт құбылам түгел болса, ноқтамды керіп нем бар менің? Осы тұста аңғарды жігіт ағасының қолдары дірілдеп тұр екен. Өңі нарттай қызарып тұр. – Біз жұбайым екеуміз – әңгімелері әлдеқашан таусылған жандармыз, бүгінде тіпті төсек түгілі шаңырағымыз да бөлек.
Солай ма еді, дегендей қыз аңырап тұрып қалды. Осыған дейін бұлыңғыр жағдайдың тұманы сейіліп, енді жағдай айқындала бастағандай...
– Балалар үшін деп, өз басымды, өз жүрегімді жинастырып, соңына дейін шыдадым, енді қарасам, олар да өз өмірін сүре бастапты. Жалғыз қалғанымды сонда барып білдім. Сонда барып жаныма сүйеу болар жанды іздедім… сол жалғыздығымды бөлісетін жақсы адамды мен сенен көрдім...
Аспанға шапшыған асау да тулай-тулай, ақыры көнбей ме, сол сияқты ашу арыны ақырын басылған жігіт ағасы біртүрлі мұңайып қалыпты. Арқа сүйер аға, білдей басшыны осындай халде көру тіпті қиын екен. Дәл қазір алдында түнеукүнгі өзін мысымен басып, ән мен жырын еріксіз тыңдатып, арызын жыртып тастаған адам емес, өмірден опық жеген мүсәпір жан отыр. Осыны сезінуі мұң екен, жүрегіндегі мұз еріп сала бергендей. Әрі-беріден алғанда, алдындағы адамды аяп та кетті.
Айтарын айтып салып, енді жердің бір тесігін тауып алғандай, Шаттық бір нүктеге қадалған кірпігін қақпастан қатып қалыпты. Әйел болса жылар еді-ау, еркектер қандай бақытсыз еді, тіпті көз жасын көрсетуге хақысы жоқ. Ханшайым осы сәт әлемдегі ер атаулыны аяп кетті... Қандай ауыр азап пен қайғыға душар болса да, өксігін тежеп, үнсіз тұншыға жылауға мәжбүрлігі үшін аяп кетті.
Қиылыс
Он жылдан бергі өмірінің азабы мен мазағын кім де болса бір кеште айтып қайдан тауыса қойсын, қысқаша түйінінің тиегін ағытқанның өзі бірнеше сағатқа ұласқан. Әйтсе де сол сол сағаттардың қалай өткенін көлік ішіндегі екеуі де сезбей қалды. Желі шыққан қауақтай, Жанна да шаршаған сыңайлы. Қалай сарқылмасын, қалай таусылмасын, бұған дейін жан баласына кілтін ұстатпаған құпия әлемін айқара ашу оңай ма? Шаршаған күйі көлігінің рөлін екі жағынан ұстап, өзі де соған жантайыпты. Ханшайым да бір сәтте ойменен екі әлемді: Шаттық пен өзінің арасындағы және Жаннаның жан баласы білмейтін әлемін қатар кезгендіктен, қатты қалжыраған еді.
– Қой, кеш батыпты ғой?! – деді осы тұс селк етіп оянғандай Жанна. Қоңыр ала түске бояла бастаған далаға көзі түскені осы болатын. Жантайып жатқан жерінен басын жұлып алып, – бүгінгі күніңнің бәрін мен ұрладым, кешір, – деп жалма-жан көлігін оталдыруға кірісті.
Сұлқ отырған Ханшайым да қозғалып, бір қолымен есікті ашуға оқтала берген сол еді, дәл жанынан бір қол келіп білегінен шап берді.
– Тоқташы... Көлік қызғанша тағы бір шылым тұтатып, кеңсірігін кере түтін жұтып отырған әйел осы ретте қақалып қалды. Жөтеліп жатыр тоқтаусыз. Амал жоқ, әйел өз-өзіне келгенше күтуге тура келді. Демек, сөзінің соңғы нүктесін әлі қоймағаны ғой... Әйтпесе, тәтесінің өзін қимай тұрмағаны анық.
– Болған жай, ыхы-ыхы-ыхы, осы ыхы-ыхы, жерде қалады деп сенем, сіңлі-іхі-хі-іхім... қақала-шашала осы сөзді жеткізді ау әйтеуір.
Тыныш таптырмай тұрған сол айтылған сырдың зілдей салмағы мен баға жетпес құны екенін ескертусіз ақ білетін қыз. Сондықтан Жаннаның соңғы сөзі шамына тиіп те кетті.
– Әйтпесе? – деген сұрақ көмейінен қалай сытылып шыққанын өзі де сезбей қалды. Ашудың күші дегенді қойсаңшы!
– Әйтпесе ме?... Мұндай жауапты әйелдің өзі күтпесе керек, әйтпесе, деп қайталаған күйі күмілжіді де қалды. Сөйткенше болған жоқ, көліктің есігі сарт етіп жабылды.
Тысқа шыққан сәт Ханшайым өзін темір тордан құтылып, бостандыққа шыққан тұтқындай сезінді. Әлгі көлік көлік емес, небары төрт-бес сағатта-ақ мұның жанын қамауға алған түрмеге айналып үлгеріпті. «Азаттықта жұтқан ауадан артық ештеңе жоқ екен ау, бұрын қалай білмегем?» деген ой келді бұған. Сол саф ауадан кеудесін керіп жүре тұрғысы келді. Сондықтан үйіне асықпады.
Бірақ қайда барады? Оны да білмейді. Әйтеуір аяқтары қайда бастаса, сонда жүріп келеді. Күздің қысқа ауысар соңғы шағы, бірақ күн әлі күшіне мініп, ызғарға ырық бере қоймаған. Сондықтан дененің сәл тоңазығаны болмаса, тісті тіске тигізбей қалтыратар суық жоқ. Тек не жаңбыр деуге келмейтін, не қар да емес, әлдене бүркіп тұр. Сырт киімінің желке тұсындағы қалпақшасын басына киіп алып Ханшайым алға оза берді. Мана «көлік түрмеде» отырғанда Жанна тәтесі айтқан сөздер бірінен соң бірі санасында қайта жаңғыруда.
...«Ағаңның саған жазған хаттарын оқығанда, өзіңді қалай жек көргенімді білсең ғой...»
Күнде қасында жүрген адамдардың арасында өзін осынша жек көретін біреу бар деген ой қыздың ойы түгілі үш ұйықтаса түсіне кіріп көрді ме? Бүгін міне, оның өзі мұның алдына келіп «міне жауың менмін» деп тұрғаны. Бұл оның құпиясын қинап айтқызғандай, «осы жерде қалсын» деп қадағанын қайтерсің? Ал біреуге айтса ше, біреу болғанда да Шаттықтың өзіне барып «бетпердеңді шеше сал, енді оның саған қажеті де жоқ» деп, болған жайды жайып салса ше? Сонда не істемек тәтесі? Киллер жалдап өлтірмек пе? Өз ойынан өзі мырс етіп күліп жіберді қыз. Алайда жағдай күлетіндей емес, керісінше болғандықтан езуін тез жиып ала қойды.
«...сенің сол хаттарды жауапсыз қалдыруың ғана мені өзіме қол жұмсаудан сақтап қалды...» деді ғой бірақ... қызға емес, өзіне жамандық жасауы мүмкін ау Жаннаның. Сонда бұл әлдекімнің өліміне себепші бола ма? Балалары ше, олар жетім қалады ғой?...
Осыны ойлауы мұң еді, әлдекім төбесінен сұп суық су құйып жібергендей болды. Алқымына өксік тығылып тұр, өкіріп жылағысы да бар, бірақ... Қапас қоғамның ең құрығанда адамның өз көңіл күйін еркін сыртқа шығаруына да мұрша бермейтіні өкінішті. «Кім не ойлап қалады?» деген ой адам атаулының өзінен биік секілді, үнемі үстемдік құрып шыға келеді.
Ызы-қуыт ойлар жанын жегідей жеп, ар соты дарға сүйреген қыздың құр сүлдері еді келе жатқан. Күн әлдеқашан ұясына қонақтаған, Ай да жоқ. Қараңғылық пен ой құшағында қыз өзінің көшелердің қиылысына қалай келіп қалғанын сезбей қалды.
Ал осы сәт бағдаршамның жасылы жарқ ете қалған, манадан бері қызылдың әр секундын санап, тықыршып әрең тұрған көліктер сеңдей қозғала берді. Ұялы телефонның ар жағында әлдекімге ашуланып ұрсып келе жатқан жас жігіт бағдаршамның жасылы жарқ еткенде көлігін орнынан қозғай бергені сол... Қалтарыста қайдан шыққаны белгісіз, әлдебір нәрсе алдыңғы терезесіне келіп сарт етіп соғылды. Санаулы секундтарда жер әлем төңкеріліп түскендей ме?.. Не болғанын аңғарып та үлгірмеген жігіт қалбалақтай ұшқан әлдененің тіпті адам екенін де көріп үлгерген жоқ. Тек тежегішті баса берді...
Қызыл қанға боялып асфальт құшқан Ханшайым болса алдымен ауыр соққыны сезді, әйтсе де әп-сәтте өзін қауырсыннан да бетер жеп-жеңіл сезінді. Қандай рахат күй?!. Қанат біткендей ме өзіне, әйтеуір биіктеген үстіне биіктеп барады. Бір кезде әлдене есіне түскендей кілт тоқтап, төменге мойнын бұрып еді, ұлардай шулаған адамдар мен сеңдей сапырылысқан көліктердің қоршауында қалған өзін көрді. Қимылсыз сұлқ жатыр екен…
***
Жан сақтау бөлімі. Екі сағат бұрын өмір мен өлім арасындағы қызды алып кіріп кеткен дәрігерлердің қандай хабар жеткізерін күтіп жігіт отыр есік алдында. Тықыр етсе, жүрегі атша тулап қоя береді. «Апырай, жаманат хабар айта көрмесінші», өзі жас қыз екен, көрер жарығы болса ғой алда. Тәңірім, тілеуім біреу ғана, қыздың жанын ажалға қия көрмеші». Екі көзін тарс жұмған күйі Жаратқанға «жол тартқан» жігітті кенет сонадайдан естілген у-шу сергітіп жіберді.
– Қайда? Тірі ме өзі? Құдайым-ау, – деп ебіл-дебілі шығып жүгіріп келе жатқан келіншекті көрді. Соңында қатарлас жігіт еріп, жете алмай келеді. Сірә, жұбата алмай келе жатқан күйеуі болар деп топшылап үлгерді бір ойы. Расында олар Ханшайымның әпке-жездесі еді. Хабар жетісімен, жүгіре басып жеткендері осы болатын. Қазір маған «сен бе біздің қызды қағып кеткен?» деп тап беріп, ашуын төгіп салатын шығар деп ойлаған. Қателесіпті сөйтсе, әлгілер мұны елеген де жоқ. Есікті айқара ашып, ішке кіріп кетті. Әрине, ар жақтан «кіруге болмайды» деп жатқан болар, оған әлгі келіншек бой берер емес. «Бауырымды көрем, жіберіңдер» деген дауысты естіп тұла бойы тітіркеніп кетті. Жаңағы қорқынышы одан сайын үдеп, жігіт Жаратқанға жалбарынуын қайта жалғады. Бұл сәтте, әрине, тек Алла Тағала ғана пәрменді, шыбын жанды қалдырам десе де, болмаса пендесінің пәниде енді қалғаны қайырсыз десе де, тек Өзінің құзырында...
Жалпы, өмірдің әр сәтінде не нәрсенің болсын аяқ алысы Жаратқанның құзырында ғой. Бірақ пенделер соны тек шыбын жаны кеудесінен шығар сәтте не болмаса қатты қиналған тұста ғана сезеді. Сөйтпесе пенде болар ма?.
Ал бұл сәт өмір мен өлім арасындағы Ханшайым сол баяғы түсін көріп жатқан. Түсі ме, болмаса ол бір тылсым әлем бе, о жағы да беймәлім.
...Сол баяғы салтанатты сарайдағы кеш. Жұптасқан қыз-жігіттер қол ұстасып билеп жүр. Кенет, төбеден түскендей орталарында пайда бола кеткен бейтаныс аруға тағы да бәрі аңтарыла қарайды. Міне, ханзада да бұған тура беттеп келеді. Қандай келісті кескін, сымбатты мүсін! Паң бейнесі өзіне сондай жарасып тұр. Иіліп келіп биге шақырғанда, Ханшайым еріп, елжіреп бара жатқандай сезінді өзін.
…Шыр айнала билеп жүр екеуі, бірінен-бірі көз ала алмай ынтыққан қос жүректен бақытты жандар жоқ еді осы шақ. Қанша айналғандары есінде жоқ, әйтеуір ентелей-ентелей демдері астасып, еріндері түйісуге шақ қалғанда... Қап, тағы да сол қабырғадағы сағат! Он екіге жетіп қалған тілді көрген Ханшайымның көзі шарасынан шығып, тағы да әдеттегідей суырыла қашты.
Жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, баспалдақтар таусылар емес. Бейшара халін көрсетпей тұрып, ғайыпқа айналып үлгеру керек, ал баспалдақтар бітер емес.
– Аһ! Табаны тайып құлай берген Ханшайым осылай дыбыс шығарды...
Манадан бері қолдарынан келгенін жасап жанталасып жатқан дәрігерлер осы сәт соңғы мүмкіндік деп электрошокты жансыз кеудеге тақай берген. Селк еткен қыз осылай «Аһ!» деп, тіршілік белгісін берді. Демек кеудесіне жан кірді. Кардиограмманың бетінде түзу жолға айналып бара жатқан жасыл жолдар әлгі демнен кейін ирек сызықтарға айналып, зырыл қаға жүгірді. Ақ халаттылар өздерінің бір адамның жанын алып қала алғандарына қуануда.
Ал Ханшайым болса әлі сонда, күймеге мініп қозғалып барады. Қолында сыңарсыз аяқ киім ұстап қала берген Ханзадаға соңғы рет мойын бұрып әдеттегіше бар даусымен: «Ханза да-а-а-а-а, мен сені сүйем, сені ғана күте-е-ем деп айғайлаған күйі өз даусынан шошып оянды. Оянды да, өз көзіне өзі сене алмай көзін қайта жұмды.
Мүмкін емес, жо-жоқ. Жете алмай қалған еді ғой ол? Әлде мен оянбадым ба? Не өңі, не түсі екенін айыра алмаған соң, көзін қайта жұма берді.
Операциядан кейін бір тәулік қыздың төсегін күзеткен жігіт алғаш ол көзін ашқанда, қуанғаннан төбесі көкке екі елі жетпей қалды. Бірақ неге көзін аша беріп, қайтадан тарс жұма қойды. Неден шошыды? Әлде? Жо-жоқ, олай болмасыншы. Өз ойынан өзі қорқып кетті жігіт. Сондағы шошытқаны «мүмкін қыз өзінің өткенін ұмытып қалды ма?» деген ой.
Ал анығында, мүлдем олай емес еді. Көзін аша бере Ханшайым өмір бойы өзінің түсіне еніп, үнемі өзі қашып кетуге мәжбүр болатын Ханзадасын көрген еді. Тура сол кескін, сол көздер, сол бейне! Тек салтанатты кештегі ақ фракта емес, кәдімгі аурухананың ақ халатын жамылып тұр.
Осылайша бірін-бірі өмір бойы шарқ ұрып іздеген екеуді күтпеген жерден көше қиылысында кездестіріп, алғаш бір-бірінің жүзін ауруханада көруге жазған Жаратушы ие неткен шебер еді?!.
Бір шоқ гүл
– Құрысы-ы-ын қыз ау, бәріміздің тегі үрейімізді ұшырдың ау, сен дағы. Елдің осы түшкіргенді ауыртып, ауырғанды «өлді» қылып шығаратыны несі? Шыны керек, кейбіреу сенің сыртыңнан жаназаңды шығарып үлгерді. Онсызда тынысымыз тарылып, жанымыз алқымға тірелген уақытта әлгіндей желсөз шығарушыларға қарадай қаным қайнағаны, – деп көз жасын сығып отырған мұның қызмет орнындағы ең жақын сырласы, құрбысы Айсәуле. Ол Ханшайымның көп адам біле бермейтін жеке бас жағдайымен біршама таныс. Студент күннен бірге келе жатқан бұлардың достығы өмірдің айтарлықтай сындарынан өткен деуге болады. Қызметтестері арасынан бірінші боп келіп, Ханшайымның көңілін сұрауы да соның дәлеліндей. Бұйрабас досы, жанқұрбысы Сәния өзі жылай жүрсе де, мұны жұбатып кеткен кеше. Ал Гүлшаты болса, телефонда халін біліп, «ұшып жететінін» айтқан, бірақ қыс ауасы емізулі сәбиі бар досының пейіліне ризалығын танытып, келмек болған жолын бөгеген бұл өзі. Әпке жездесі қаншама түн төсегін күзетіп, шаршаған соң, «енді жан сақтауда емес, жай палатадамын, алаңдамаңдар» деп, мұның өзі демалуға үйлеріне жіберген. Айсәуле әлгінде келген.
– Қалайсың енді? Тәуірсің бе, әйтеуір еш жеріңе зақым келген жоқ па? Осы сөзден кейін ол құрбысының бас аяғын жақсылап көзбен шолып шықты. Кенет әлдене шағып алғандай жалма жан орнынан атып тұрды да, Ханшайымның қолынан ұстай алды. Қане, орныңнан тұршы! Қапелімде не болғанын ұқпай қалған қыз, жамылғысын жаймен сырғытып, төсегінен тұрды. Бірақ тұра бере, басы айналып, көзінің айналасы қарауытып кетті де, кереуетінің шетінен қарманып үлгерді.
– Шүкір, шүкір, жүре алады екенсің, осыған көз жеткізейін дегем, көңілім орнына түсті, жата ғой... Әлсізсің әрине, әзірге. Бірақ нешауа, әлі ақ аттай шауып кетесің деген күйі көккөз құрбысы мұны құшақтай алды. Ал мұның көңілі басқа бір нәрсеге алаң еді осы сәт. Әлдене жетпей тұрғандай, құлазып, елегізіген көңілі есіктің тықыр еткен дыбысын бағуда...
– Айтпақшы, мына гүлдерді кім сыйлаған, аааа? Қулана сыр тартқысы келген Айсәуле осы сәт терезенің тұсына барған ды.
– Қане, қандай гүл? – деген Ханшайым жастықтан басын жұлып алды.
Манадан бері перде көлегейлеп тұрған екен, құрбысы оны айқара ашып кеп қалып еді, арғы жағынан бір шоқ қып-қызыл раушан гүлі көзге жарқ етті. Әдемілеп құмыраға салып қойыпты өзін.
«Бәсе сол ғой, басқа кім болушы еді? Менің ханзадам!» деген ойдан әп сәтте қыздың жүзіне қан жүгіріп, көздері нұр шашып қоя берді. Гүлге қарап өңі құлпырып шыға келген құрбысынан сұрағына жауап тосып Айсәуле тұр.
– Ә, қу қыз, тіпті ауруханада жатса да бізден бақытты. Кавалерлері гүл сыйлайды! Айт қане, қандай жігіт?
Бұл да әдейі оны біраз ынтықтыра түсейін деп, қулана жымиды да, тағы үнсіз қалды. Екінші жағынан ойында әлгі жігіт... Қарап тұрса, ол мұны көлігімен қағып кетіп, ауруханаға түсірген жан. Бірақ бұл неге екені белгісіз, оны жек көрудің орнына, бір көргеннен ғашық болды да қалды. Жоқ, бір көргеннен емес, қыз оны ес білгелі түсінде көріп келеді емес пе? Анау-мынау емес, патша сарайындағы ғажайып баллда ол мұны биге шақырып, соңында үнемі бұл одан безек қағып қашпай ма? Қыз әзер үлгеріп мінген күйменің соңында тек сыңарсыз аяқ киімді ұстаған күйі қалып қоятын осы кейіпкер емей кім? Әлде оны жай түс деп, өңінде ұшырасқан содан аумайтын бейнені жай кездейсоқ біреу деп қабылдай салғаны дұрыс па?
Әлі қыздан жауап күтіп тұрған құрбысы бұртия қалыпты.
– Ааа, гүлді ме, деді сұрақты осы жаңа естігендей, оны…– деді де, кім бергенін айтайын деп жатып, ол жігітті қалай атарын білмей тосылып тұрып қалды, – қалай айтсам екен, оны... мені қағып кеткен жігіт сыйлаған болуы керек.
Әлгінде ғана күлімсіреп тұрған Айсәуленің қабағы бірден түксиіп, түрінде бір ашу пайда болды.
– Айтпақшы, ол қайда жүр өзі? Жазықсыз қызды қағып кетіп, гүл сыйлағышын!?. «Өлмей жаны қалды ғой, уф» деп қашып кеткеннен сау ма өзі? Жердің жеті қабат тереңіне түсіп кетсе де, тауып аламыз... деп бұрқ-сарқ қайнаған досын Ханшайым етегінен тартып, төсегінің шетіне отырғызды.
– Білесің бе, Айым, саған бұлай ашуланған жараспайды, сабаңа түс, сабырға кел. Болмашыға, жүйкеңді тауыспа
– Болмашыға? – деді жұлып алғандай бұл, – сонда болмашы деген сенің өмірің бе? Жаным ау, қандай жомарт жан болсаң да, дәл осыныңды түсінбедім, мен оны... – дей бергені сол, кенет есік қағылды.
Тық-тық, тық-тық
– Иә, кіріңіз, – дегенше болған жоқ, ол жақтан үлкен мамық аю көрінді. Қорбаңдаған аюды есіктен әрең сыйдырған соң, артынан иесі де кірді ау. Сөздерін кілт үзген екеудің аңтарыла қарамасқа лажы қалмап еді. Ханшайым үшін осы сәттегі жігіттің кіріп келуі жай кіру емес, жарқ ету болса, Айсәуле үшін ол аса қуаныш емес. «Әп, бәлем, келдің бе, бәсе қайда қашып құтылам дейсің?» деген ой тұр оның басында. Ал Ханшайымның көңіліне көктем орнағандай. Тіпті «Сенбісің іздегені, елеңдеп екі көздің?..» деген өзі сүйіп оқитын Қалқаман ақынның сөздерін ішінде біреу қайталай айтып тұрғандай. Өзіне қараған күйі тоқтай қалған қос қыздың жанарынан жігіт бітүрлі жасқана берді.
– Кешіріңіздер, мен таңертеңгісін бір келгенімде сізззз...
Осы сәт өзіне қарап ұзақ үнсіз тоқтап қалған жігіттің ойын ұға қойған қыз кірпіктерін жыпылықтата «Ханшайым» деп атын атады.
– А, иә, сіз, Ханшайым ұйықтап жатыр екенсіз. Тәтті ұйқыңызды бөлмейін деп тысқа шығып кеткем. Осы кез әлдене есіне түскендей жігіт, – Арман, деп, қолын ұсына берді. Алғаш тіл қатысуы еді екеудің. Көз жанарлары түйіскен мезет екеуі де біртүрлі түсініксіз күй кешті. Жігіт қызды «бұрын қайда ұшыратуым мүмкін, сондай жақын жандай өзі?» десе, қыз өзінің «ханзадасын» жазбай танып тұр. Ұзақ әрі сүйсіне қараған қыз бен жігіттің жүздеріне кезек көз тастап, ештеңені аңдамаған күйі ортада Айсәуле тұр. Ыңғайсыздана бастаған оны бұл жағдайдан ұялы телефоны құтқарды. Соны сылтау етіп, бөлмеден сытылып шыға жөнелгені.
Оңаша қалған Арман мен Ханшайым ә дегенде не істерлерін, не айтарларын білмей тосылды да қалды. Әйтсе де тығырықтан шығудың жолын жігіт тапты осы тұс:
– Айтпақшы, сіз таңғы аста ұйқыда болдыңыз, қарныңыз ашып қалған шығар, бірге түстенсек қайтеді? Мұндай тосын ұсынысқа қапелімде қыз не дерін білмей де қалды. Бірақ асқазаны аздап ас сұрап тұрғаны өтірік емес еді, сондықтан жауабын әдемі жымиыспен білдірді.
– Үнсіздік? деп жігіт әдейі қызды сөйлетпек болып еді, қыз:
– Келісімнің белгісі, деп күліп жіберді. Қыздың сыңғыр ете түскен күлкісін есту қанша күннен бері өзін жазықты сезінген жігіттің көңілін жадыратып жіберген.
– Әлі толық айықпаған сізді сыртқа жібермейтіні қандай өкінішті, әйтпесе, мейрамханаға керемет дастарханға тапсырыс беруге болар еді. Десек те, мұның да бір ебін табуға болар, мен сізге онда тура сағат бірде келемін, ал әзірге... деген жігіт сыртқы есікке ұмтылды. Әлі ол табалдырықты аттап үлгерген жоқ, мұның көңілі біртүрлі күйге енді. Оның не күй екенін өзі де толық түсінбейді, бейне ішінде біреу қарсы алдындағы адамды жібергісі келмей тұрғандай ма... Сол ойын оқып қойды ма, есіктен шыға берген жігіт қайта басын сұғып, – Сонымен, сағат бірде кездескенше, Ханшайым! деп тұтқаны жібере берді.
Көкте қалықтаған көңілі жерге түспей тағы біраз тұра берер ме еді, іле- шала сырттан мана телефонмен тысқа шығып кеткен құрбысы кіріп келді. Қабағы аздап жазылғанмен, әлі де ызасы толық тарқамағаны жүзінен көрініп тұр.
– Сен қыз бар ғой, жынданған шығарсың? Оянсаңшы, оян! О заман да бұ заман, өзіне залалы тиген адамға соншалық бір ынтызарлықпен қараған сендей адам көрсем, көзім шықсын тура! Сенің орныңда болсам, мен оның гүліне де, түріне де алданбастан, тура сотқа берер ем. Ал сен, еміне қалыпсың!
Өзінің соншалық күйіне айтқандарына Ханшайымның құлақ салмағанын көріп, «мынаған бәрібір дауа жоқ» дегендей Айсәуле тоқтай қалды. Тыңдамағаны былай тұрсын, жаңа ғана төсегінен тұра алмай, басы айналып құлаған құрбысы әндете жүріп, сәнденуге көшіпті. Онысы Айсәулені одан сайын аң-таң қалдырған.
– Әй, қыз, қайда жиналдың? деді ең құрығанда барар жерін білейін деп.
– Түскі асқа шақырды мені, деген Ханшайымға басын бір шайқаған күйі Айсәуле мырс етіп күліп жіберді. Қанша ашуланса да, қанша жерден кейісе де, досының жүрегі жылы екеніне сенетін қыз оның қабағы жібіген сәт аспанда Күн шыққандай қуанып кетті. Сөйтті де Айсәулені жалма жан құшақтай алды. Бұл олардың түсінісіп, табысқан сәттердегі әдеті еді.
Қансонар
«Ханшайымды көшеде көлік қағып кетіпті, ауыр халде жатыр», деген хабар «Өрлеу» компаниясын өре түрегелдірді. «Тірі ме екен, халі нешік?» деді шын жаны ашитындар. Екінші біреулер «жағдайы қиынға ұқсайды, тірі қалса да, мүгедектер қатарына қосылуы әбден мүмкін» деп болжам айтып үлгерді. Ал үшінші бір топ болса, «не де болса өзінен, кешке қыдыруға шыққан да желігіп, үйінде тыныш отырса, түк те болмас еді» деп күстаналай кеткені. «Біреуге жан қайғы, енді біреуге мал қайғы» деген сол екен. Әйтсе де ең жарағыны жастар жағы еді, «біз сөзді қойып оған барайық, жағдайды өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естиміз сонда» деді. Сөйтіп бір топ әріптестері мұның жатқан ауруханасына жетті. Алайда әлі Ханшайымға операция жасалып, есін жия алмай жатқан кез еді. Келгендерді дәрігерлер қыз жатқан жан сақтау бөліміне жібермей, сырттан қайтарған.
Ал Шаттық болған жайды елдің ең соңынан естіді. Оның себебі кейінгі сәттері жігіт ағасы жалғыздық кешіп, мұң құшып, тіпті жұмыс орнына да келместен, құсаға беріліп кеткен еді. Іштегі өртті солайша сөндірем, есіл- дертімді билеген сезімді есімнен тана ішіп қана басам деп ойлауға көшкендей. Бірақ қанша ішсе де күйігі алдырар емес, қайта өмірінің опық жегізген тұстары жадында қайта жаңғырып, жанын қинап барады. Ол әрине, жастық шағы алдымен. Не ішем, не кием демеді жастайынан. Әкесі совхоз директоры, қазіргі тілмен айтқанда шенеуніктің баласы боп өсті. Бірақ әкесі емес, кемпір мен шалдың, яғни ата әженің бауырына берілген еді. Зеректігі алғырлығы да, сонымен қатар серілігі де бар Шаттықтың үйі күллі ауыл жастарының бас қосатын жері, думанды ортасы болғандықтан, күнде бастаңғыдан босамайтын. Әсіресе мектепті бітіруге аз қалған уақытта ауыл жастары кеш батқаннан, таң атқанша жатпайтын болды. Шаттықтың шарапқа алғаш ауызданғаны да сол тұс. Енді дәмін татқан дүние қашанда құмарландырып тұрмай ма, әп-сәтте өзінің шарапшыл болып алғанын сезбей де қалды. Түнгі отырыстар сол сиқыр сусыз өтпейді. Сондай кештердің ертесіне ұйықтап жатқан бір күні. Күбір-сыбыр сөйлескен екі кемпірдің әңгімесінен оянып кетті. Әйтсе де ұйқысын қимағандықтан көзін жұмып жата берді. Әлден уақытта әңгімеге еріксіз құлақ түрді.
– Әй, Ағилаш, сенің мына балаң бұрын мұндай емес сияқты еді, қазір нілдей бұзылып жүр ғой өзі. Шылым шегіп тұрғанын көрдім өткенде. Шалың ішпейді, ауылдың дүрдей деректірінің әкесі ғой, одан да биік өз абыройы бар. Кімге тартып мына Шақантай сауықшыл болған? – деген Қара кемпірдің сөзі өң мен түстің ортасындағы бозбаланы селт еткізді.
«Мәссаған, ауыл осылай деп жүр екен ғой мен жайлы? Қап, қалай ойламағанмын осы жағын? Атам мен әкемнің атына кір келтіргенім ғой бұл?» Біреу төбесінен мұздай су құйып жібергендей. «Апам ай, байғұсым ай, кірерге жердің тесігін іздеп отыр ма, неге үндемей қалды?». Бір ашу-ыза бойын кернеп, тап осы сәт орнынан тұрып барып, Қара кемпірді осы табалдырықты аттамайтындай етіп қуып жіберуге үгіттесе, екінші ой не де болса сабырға жеңдіріп, не де болса апасының жауабын күтуге шақырды. Осы сәт оның да жұмсақ үні естілді.
– Е, ей, Қара қыз ау, ес білгелі іргелері ажырамай келе жатқан екі үйдің кемпірлері бір-бірін осылай еркелете сөйлейтін. Балам жастық желікпен жүр ғой, әйтпесе мен тәрбиелеген, атасы Мыңжасар тәрбиелеген бала ессіз болуға тиіс емес. Көресің, құлынымның өзі ақ ертең бәрін қояды да, үлкен жолға түседі. Мен соған сенем, сондықтан еш қорқынышым жоқ.
Мана Қара кемпірдің айтқанынан ашуы өрттей лап етіп тұтанған Шаттықтың енді апасының осы сөзінен кейін жүрегі елжіреп, көзіне жас тығылды. Неткен дана еді апасы! Ешкімді беттен алмастан бір ауыз сөзбен жеңді. «Кешірші мені апатайым, данам менің! Кешіріңдерші асқар тауларым, енді сендердің беттеріңе шіркеу болатын бір іс жасасам, олай тірі жүргенше өліп кеткенім артық» деп, көрпені қымтай жамылған күйі бозбала өксіп-өксіп жылаған. Ертесіне-ақ сауық-сайран сап тыйылды да, Шаттық адам танымастай күрт өзгерді. Сол бір ғана сәт үлкен өмір бастар алдында не істерін білмей сан құбылған жігітке үлкен сабақ болып, болашақ өмірге дұрыс бағыт берді десе болғандай. Оқуын бітірде де, атасының батасын алған беті қалаға аттанған. Бар намысы мен күш жігерін салып, оқуға түсті. Үздік оқыды, бітірмей жатып үйленді. Себебі қос шынарының шөбере сүйіп кеткенін қалаған болатын. Өкінішке орай, Мыңжасар шал шөбересі дүниеге келуіне екі ақ ай қалғанда кенеттен бақиға аттанып кете барды. Ал Ағила Шаттықтың үлкен ұлы Саматты мектепке ертіп апарып, сосын барып көз жұмды. Ең өкініштісі, сөйткен екі құлыны да, сол кезде үріп ауызға салғандай келіншегі Сәуле де қазір жанында жоқ. Кім ойлаған, жиырма жыл отасқан әйелімен ірге бөлісеміз деп? Ақырында бір бірімізді соншалық жек көріп кетеміз деген ой сол шақта мұның ойы түгіл, түсіне де кірмес еді. Енді ше? Енді бүгін Шаттық шау тартқан шағында жалғыз қалды. Кеше ғана тарқамастай көрінген базары бүгін әсте болмағандай. Күндіз қызметпен алдаған болады өзін, алайда кеш батысымен қайта жалғыздық жанына үйірсектей бастайды. Тіпті өзі бүгінде түні бойы төсекте де құшақтап жататын жарына айналғандай. Алайда азамат ер әлдекімдер құсап тағдырының осылай өрбіп, жалғанның жалт бұрылмай кете барғанына ешкімді де кінәлап көрмепті. Бәрі өзінен, өзіне өкпелі. Сондықтан ба, әйтеуір бір кездері қайта табыспасқа ант еткен ащы суды қартайғанда қайта жансерік етіпті. Түпсіз ойдан шаршап, шараптың мастығымен қалжырай құлаған жігіт ағасы сол күндердің бірінде түс көріпті. Түсінде бұл тұлпарға мініп құйғыта шауып келеді екен. Айнала әппақ қар. Өзінінің сарышұнақ аязда мидай далада не істеп жүргенін ұғар емес, тек бір кезде барып аңғарды, көз ұшында құйрығын бұлғаңдата бір қызыл түлкі қашып барады. Жеткізер емес, тек әлден уақытта жоғарыдан бір қап-қара нүкте қызылға шүйлікті де, тік шаншылды. Ол қыран мұныкі еді. Енді барып түсінді, қансонарда аңға шыққан екен. Қыраным бүрді-ау түлкіні деп бұл да астындағы атына қамшы басып, әппақ қарда ұмар-жұмар болған қара мен қызылды бетке алды. Енді жеттім-ау дегенде, қыранның тырнағынан қалай босанғанын білмейді, өлді деп ойлаған түлкісі зып беріп, қаша жөнелді. «Қап!» деп кіжініп, санын соға бере оянды да кетті. Қара терге түсіп жатыр екен, бір жағы шөл де қысып тұр, орнынан көтерілген, басы зырқ ете түсті. Сонан соң сағатқа қарамақ боп бас жағында жатқан ұялы телефонын қолына алып еді, ол әндетіп қоя берді. Түн жарымында мұнысы несі деп ойлады. Алайда түн жарым деген мұның ойы ғана, ал шынында кеш енді батқан кез болатын. Бір тәулік ұйықтап оянған соң мең-зең боп уақыт айыра алмай тұрғаны. Қоңырау шалып жатқан өзінің орынбасары еді.
– Ало, Шәке? – деді ар жақтан үрейлі дауыс. Әншейінде емен-жарқын сөйлесетін інісінің дауыс ырғағынан-ақ бір суыт хабар барын түсіне қойды.
Тіксінгеннен есін бірден жиып ала қойды.
– Тыңдап тұрмын, Сұңғат, айта бер!
– Шәке, өзіңізге кешелі бері хабарласып, ала алмай қойдық... қалай айтсам екен, біздің Ханшайым.... дей бергені сол, Шаттықтың жұтқыншағына тас тірелгендей, өңі бозарып сала берді.
– Не болды оған, тыныштық па, амандық па? – дей берді дегбірі таусылып.
– Жол апатына ұшырап...
– Не дейсің? Ханшайым апатқа ұшырады? Аман ба өзі, айтсайшы, не болды?
– Көлік қағып кетіпті, абырой болғанда, аман, бірақ...
– Бірақ не?
– Ол ауруханада, есін жия алмай жатыр...
Адресін сұрай сала, тез-тез өзін ретке келтіріп, көлігіне отырған күйі сонда ұшты. Кеш болсын, мейлі түн болсын, онымен санасатын мезгіл емес бұл үшін. Бар ойы тек қызды көру, есендігіне көз жеткізу. Жылдам жүргізіп- ақ келеді, бірақ осындайда жол ұзарып кете ме өзі. Көлік те көп, кептелістен қашып, барынша тездеткен. Неге ғана ішті екен, неге? Ханшайымның осы халге душар болуына Шаттық іштей өзін кінәлап келеді. «Неге ғана өрімдей қыздың өміріне бас сұқтым екен, қайдан ғана бозбалалық желікке жүрегімді алдырттым. Желік емес, дегенмен бұл оны шынында жақсы көреді ғой. Амал қанша, ол...» Жүрек түбі тыз ете түсіп, шанши жөнелді осы тұста. Қой, боркеміктенгені жетер, сөйтем деп қой осы жағдайға жетіп, өзгенің де тағдырына зиянын тигізгені. Осы ойлармен арбасып отырып, аталған жерге де жетіп қалыпты. Тежегішін басты да, көлігін жөнді жабар-жаппас жүгірді. Жан сақтау бөліміне жете бере, кілт тоқтады. «Мәссаған! Мәселе қайда жатыр?!» Өз көзіне өзі сенер емес!
Жанна? Бұл оған, ал ол бұған қараған күйі сілейіп тұрып қалды екеуі. Осы кірпік қағар сәт бұлар үшін ең ауыр, ең азапты ғасырдай, жер әлемнің тірлігі тоқтап, аспан төңкеріліп түскендей сезілді. Түйсігінің терең түбіндегі бір ойы қарсыдағы әйелдің қандай да бір қадамға барғанын сезіп қойып еді. Дәл қазір пәни мен бақи арасында жанталасып жатқан қыздың кенет осындай күйге ұшырауына демек тікелей өзі кінәлі. Олай болса, бұл не бетімен оған көрінбек? Көз алдында күйік болуға қандай қақысы бар? Осы ой басына келуі мұң екен, жігіт ағасы Ханшайым жатқан палатаның есігіне екі қадам жер қалғанда, кілт бұрылды да, келген ізімен шұғыл басып кете барды.
Танысу
– Қане, тағы екі үш қадам, қане, қане, қорықпа...
Әрі әлсіздік бар, әрі толқығаннан, дірілдеп әрең жүріп келе жатқан қызды ақырын ғана белінен демеп, қолынан жетелеген жігіт айқара ашық тұрған есіктің табалдырығынан аттата бере, көзіндегі тартпасын шешіп кеп қалды. Мәссаған, әппақ шатырдай бөлме ішіне әп-сәтте қайдан тап келді бұлар? Ақырын ғана әуен естіле ме... Ал ортада екі кісілік дөңгелек үстел. Әппақ дастарханмен көмкерілген оның үстінде күміс қақпақты екі ыдыс тұр. Құмырада гүл. Мына көрініске аңтарыла тұрып қалған қызды осы сәт жігіт саусағынан сүйрей ортадағы үстелге бастады.
– Хош келдіңіз, Ханшайым! Бұл сіздің бүгінгі түскі асыңыз! – деп сөйлеген күйі жігіт күміс қақпақтарды ашып кеп қап еді, ыстық тамақтың буы мен хош исі бұрқ етті.
Ендігіде екеуі бір біріне қарама қарсы жайғасқан. Алдарындағы астан ауық-ауық жеген болады, бірақ ыдыс әлі ортаймаған күйі тұр.
Арман, – алғаш сөзді қыз бастады, – әрине, мынадай романтикалық сәт үшін ризамын, бірақ бұлайша әуреленудің не қажеті бар еді?
– Жо-жоқ, әуре болған түгім жоқ. Бар болғаны дәрігерлерден маңызды қонақтарға арналған осы оңаша ас бөлмесін ашқызып, мейрамханадан ас алдырғаным ғана. Ол менің сізге деген шын ілтипатым... Сеніңіз... мен мұнымен Сіздің алдыңыздағы айыбымды жуа салғалы тұрғаным жоқ. Тек өзіңізбен тілдесіп, жақынырақ таныссам деген ойым еді.
Танысу дейсіз ғой, иә... деген қыздың ой тереңінде «ал мен сізді бұрыннан танимын» деген сөздер жатқан. Аз кем үзілістен соң қыз қолындағы қасығын үстел үстіндегі тәрелкеге сүйеді дағы, екінші қолымен жағын тіреп отырған күйі жігітке тура қарады. Содан соң ішіндегі бар демін шығара күрсініп алды да,
Сен менің өзімді көрсең
Тұрысым осы менің,
ал мендегі... –
осы тұсқа келгенде жігіт іліп алды да,
Ал мендегі алапат сезімді көрсең,
шошыр едің, демексіз ғой? деп нүкте қойды.
Сыры мәлім болғанына сасқалақтаған қыз сыңғыр қағып күліп жіберді. Таудың тұма бұлағындай сыңғыр күлкі жігітті елең еткізіп еді. «Тағы күлсе ғой шіркін!» дейтіндей ішінде бір үн. Еліктің лағындай ғана сүп-сүйкімді қызбен әттең тағдырдың дәл осылай кездестіргенін ай!... Өз ойынан өзі шошып оянған жігіт қарсы алдында мұның сөзін тосып отырған қызға жанарын қайта тіктеп, – Айбергеновті оқимын деңіз... деді. Неге екені, ол күрсінді. Осыдан кейін тағы да ұзақ үнсіздік орнады. Бірақ ол сырт көзге үнсіздік болғанымен екеу үшін ең ұлы сөздермен алмасқан ғажап сырласу еді. Минут па, әлде сағат па, осы бір сәттің қаншаға созылғанын екеуі де білмейді, оны санап, онымен санасып отырған бұлар жоқ. Құдіретті деген уақытты бағындырудың дүниеде сірә бір амалы бар болса, ол осы, яғни, елемей қою секілді. Әсіресе ғашықтар үшін оңаша қалған сәттегі бақытты мәңгі ұстап қалу үшін секундтың сырғымай, минуттың жылжымай қалғаны ғана керек. Біріне бірі ынтық жүректің емі – тек осылай мәңгі бірге қалу секілді, тіпті сол сәтте біреу келіп «осы бақыт үшін, тап қазір жандарыңды қиясыңдар ма?» десе, еш ойланбастан екеуі де «иә» дейтіні анық. Әлден уақытта қыз жанарын тайдырып әкетіп еді, жігіт жаңа жырға көшті:
Қайда əке шаңырағы?
Мен онда өспегем –
Баяғы, аяулы ескі өлең!..
Мұң билеп жүреді естелік сазына,
Ой ағып жатқанда кешпенен.
Іңірге батарда адасқан ойларым,
Əкесіз өскеннің əттегенайларын,
Түн, саған тапсырдым,
Жел, саған байладым!..
Өзімді іздеймін өзгеден,
Тірі жүргенімді сезбеген..!
Түн қарап тұрады қабағы мыжылып
Қазақы көзбенен...
Қазақы көзқарас:
Оқ жона алмадым!
Мендегі азаптың салмағын
Ішімде тұншықты
Көтере алмаған талай жас арманым!..
Сен мені жазғырма, қара түн,
Бір қақса, қағады кəрі анам,
жанымның жаралы қанатын..!
...Түсімде жүремін жоғалған соқпақта адасып
əкемнің үйіне баратын!
Əкемнің үйінен шығатын,
Кəрі жол, қайтейін мен сені, ұмытқан мұратын.
Сол үйде – той жасап жатыр ма ұлына бөтен ел –
Кезінде жалғыз шал тұратын?!
Мен бала кезімнен,
Жол, сенен біреуді күтумен көз ілгем...
Жігіттің де поэзиядан қара жаяу еместігі қызды қуантқаны өз алдына, мына өлеңмен оның күллі тағдыры аян болды. Шіркін, поэзияның құдіреті десеңші. Соңғы кездердегі сезімнің әлегі болмаса, ата анасының алдында, бауыры бүтін өскен қыз бақытты екен ғой. Ал әкесін мүлдем көрмеген, әке деп өмірінде бір рет айтпаған, тіпті өзі туған қара шаңырақтың ең құрығанда бір рет табалдырығын аттай да алмаған мына бір жан ше? Қарап тұрсаң, нағыз бақытсыз сол секілді, бірақ солай екен ғой деп, ол біреудің алдында басын иіп,біреуге алақан жайып па екен? Осыны ойлаған сәт Ханшайымның жүрегі одан сайын елжіреп, тап қарсысындағы жігітті құшақтап алғысы келді. Соншалық бір тылсым күш мұны оған тартып барады, бірақ өзін тізгіндеп, тежеп отыр барынша.
Ал өлеңді өз өмірімен үндескен соң бір рет оқығаннан-ақ жаттап алған Арман болса, тіпті осы жолдарды Ерлан Жүніс емес, өзі шығарғандай көріп кетеді кейде. Қазір де сол күйге беріліп, сәл болмағанда қасындағы қызды да ұмытып кете жаздап еді.
– Шынымды айтсам, шыбынды да шыбықпен ұрып өлтіруге қимайтын ұл едім, мына тағдыр дегенді қойсаңызшы, қазір сіздің алдыңызда осы сөзді айтуға да ұялып отырғаным... «Жә, қойыңызшы» деуге шақ қалған қыз жігітті әрі тыңдай түсейін деп сөзін бөлмей, тілін тістей қойды. – Менің өмірім?.. Жалғыз шешем және өзімнен тұратын ол өмірдің енді не болары бір Аллаға аян. Аяныш туғызып, мүсіркеуді өтініп тұрғаным жоқ мен сізден, олай ойлай көрмеңіз, өтінем. Тек сөзімді соңына дейін тыңдасаңыз болғаны. Ия, анам өте ғазиз жан, мені де барынша адал болуға, кісі баласына қиянат жасамауға үйретумен келеді, ал мен, мен болсам сіздің тағдырыңызға кесе- көлденең жолықтым да, ауыр халде ауруханадан бір ақ шығардым. Шүкір, әйтеуір ажалдың тырнағынан емес, көрер жарығыңыз болып тұрғаны ғой. Осы жағдай болғалы үйде емес, осында қонып, анамның көзіне қарамай жүрмін. Әйтпесе, мен анамның бір жайсыз көзқарасынан кейін жердің үстінен гөрі астын лайық көрер ме едім өзіме... Десек те, ең алдымен Сіздің алдыңызда айыптымын. Тіпті не дерімді де білмей тұрғаным...
Қара терге түскен жігіттің шын қысылғанын Ханшайым оның көзінен ақ оқып қойған. Әйтсе де сездім екен деп, толып қалған іштегі шерін тарқатқысы келген жігітті тоқтатқан жоқ. Себебі ол мұң мен шер сыртқа лықсып шықпаса, жігіт тіпті күйзеліске түсіп, құсадан ауруға шалдығуы әбден мүмкін ғой. Бірақ осы сәт Арманның езіліп бара жатқан еңсесін езе беруге қыздың дәті бармады.
Арман! деді қатқыл үнмен. Кінәлі жүзін төменшіктете төменшіктете жерді маңдайымен сүзе құлауға шақ қалған жігіт басын көтеріп алды.
Бұл жазмыш қой, түсінемісіз жазмыш дегенді. «Жазмыштан озмыш жоқ» екенін де білетін шығарсыз. Сіздің көлігіңіз мені тап сол сәтте қағып кетуі керек болған, солай болды. Демек, Жаратқан бізді солай кездестіріп тұр, - дей беріп еді, манадан бері төмен қарап отырған жігіт бұған жалт қарады. Өз құлағына өзі сенер емес.
Бәлкім, деп жалғады Ханшайым сөзін, сырт көзге шынында сіз мені қағып кеткен «жексұрын», тіпті жаналғыш әзірейілдей көрінетін шығарсыз?..
Бірақ, меніңше, бұл жерде Сіздің де, менің де еш кінәміз жоқ. Бұл жазмыш, бұл Жаратқанның нұсқауы...
Әңгіменің ауанына жігіт еш түсінер емес, тіпті бұл күтпеген басқа сөздер, ал мына қыз басқа әлемнің адамы секілді.
Жалпы мына өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ, сондықтан бір адам мен екінші бір адамның жолығуы да әсте Жаратқанның бұйрығынсыз жүзеге аспақ емес.
Адамдар тек көңілді тойлар мен белгілі мекемелерде кездесуі шарт емес қой, олар осылай да, яғни, тағдыр тәлкегімен де ұшырасады. Сіз мені түсініп отырған шығарсыз? деп Ханшайым осы тұс сөзін бір түйіндеп жігітке қарады. Қанша күн бойына жанын жегідей жеп, маза таптырмаған бір қорқыныш, қорқыныштан бұрын жазғыру сезімі жігітті жай таптырмаған еді. Көңілі қалай жай тапсын, егер өзі ойламаған жерден жазықсыз біреуді, онда да жас қызды ажал құштыруға шақ қалса? Кісінің қаны, қыршын өмірі өзіне өмір бойы өкініш арқалатар еді ғой? Ол өмір мен өлім арасында жатқанда бұл да өзін тірілердің қатарында жайбір рахат жүргізе алмады. Күн, түн оның амандығын тіледі Алладан. Аман қалса, алдына жығылып, тіпті сол кешірім үшін егер ол «өмір бойы құлым боп өт» немесе десе де көнуге бекінген беті еді. Сол әңгіменің сәт енді ғана сәті түсіп, енді ғана іштегі жан азабын айта бастағанда, япырай алдында отырған қыз адам ба, әлде періште ме, жек көрмек, кінәламақ түгілі, барлығын Тәңірдің бұйрығына балап отыр.
Жоқ, Ханшайым, мені судан таза, сүттен ақ қыла көрмеңіз, мен кінәлімін. Алдыңызда айыбымды қалай өте десеңіз де, әзірмін. Осы сөздерді айтып, басын төмен ие берген жігіттің тап осы сәттегі жүзі тура қыздың түсіндегі ең алғаш ханзадасын жолықтырып, алдына келіп тізерлей биге шақырған кездегі бейнесінен аумай қалып еді. Соған таңырқаған бұл мүмкін емес іштей деп өзін ол ұйқыдан оятпақ болған секілді еді, даусының қалай сыртқа шығып кеткенін аңғармай қалыпты.
Не дейсіз, Ханшам, не мүмкін емес, деген жігіт қыздың өң мен түс арасындағы жүзіне шошына да тосыла үңілді. Ұяттан демде екі беті алау түске боялған бұл «ештеңе емес... ііі... қалай десем екен, айтайын дегенім, егерде сіздің қандай да бір кінәңіз бар болса, ол тек менімен кездескеніңіз... егер оған өкініп отырған болсаңыз, дей берген қыздың саусағы кенет жігіттің саусағымен ұшыраса кеткені... Екеуі де бірден тоқ ұрғандай селк етіп, бірден бір бірінің көздеріне жалт қарасқаны... Жігіттің көздері мөлдіреп тұр екен, әсте жылауға жасқанып, көз жасын әрең тежеп тұр ау шамасы... Онсызда әлгінден бері өз өзін әрең тежеп отырған қыз осы тұста шыдамады, мөлт еткелі тұрған тамшы жанардан сүйіп алды. Сүюін сүйіп алып, бейне «мәссаған, мен не істеп қойдым?» деген қылмыскердей, қипақтады да қалды. Кірпіктері дамылсыз дір дір еткен қыздың осы сәттегі бейнесі жігіттің онсызда шоқтанып тұрған сезімін үрлеп кеп жіберген. О дағы жүрек түбінде осы сәтті аңсап тұрған. Себебі ол да ең алғаш қызды көрген сәттен белгісіз күйге түсіп, оның қандай күй екенін түсіне алмай қойған. Сонысын дәл қазір, әлгінде ғана қыздың жұп жұмсақ еріндері бетіне тиген сәтте ұғынды. Жігіт ғашықтық деген сезімге ұшырасқан екен. Түсінгені мұң екен, өзіне еріксіз елітіп әкеткен еліктің лағындай ғана қызды қапсыра құшатқай алды. Сөйтті де әлі дірілі басылмаған ерніне төніп барды. Осылайша бір бірімен ұзақ арпалысқан сезімдер еріннің ұшында табысты. Аңсаған шөлден су тапқандай құштарлықпен сусындануға көшкен бұл екеу үшін айналадағы бар дүние бір мезетте жоқ болып кетіп, әлемде тек өздері ғана қалған еді.
Науқасты палатасына алып кетуге келген медбике қыз есіктен ене бере, тосылды да қалды. Тап мұндай ғажайып көрініске тап болам деген ой оның үш ұйықтаса түсіне кіріп пе еді? Жемсауымен бір біріне су берген қос көгершіндей екеудің ең бақытты шағына тамсана тұрып қалғанын сезбепті өзінің. Іле шала өз өзін жиып алды, дегенмен ғашықтардың тәп тәтті минуттарын бұзуға дәті бармай, кері бұрылып, кете барды. Ал екеу тіпті тықырды да сезген жоқ.
Әке үкімі
Таңертеңгі тәтті ұйқыда жатқан Ханшайым кенет маңдайдан сипаған жұп жұмсақ алақанды сезді. Әлі көзін ашпаған күйі еркелей керіле «Ммм, Армаааааан» деп көрпесін бүркене берді. Ауруханаға түскелі төсегін күзетіп келе жатқан сол бір аяулы жан үшін қыз осы жерде қанша ай, тіпті жыл жат десе де жатуға бар. Тағы да сипады міне, ұйқыда болса да кенет қыздың ойына «бұл жолы қандай гүл әкелді екен?» деген сұрақ келді. Сол екен, ұйқысы қаша бастады, ақырын көзін ашты. Буалдыр тұман секілді бір түссіз перде көз алдынан біртіндеп сыдырылғанда барып аңғарды, төсегінің бас жағында Арман емес, тіпті жігітке ұқсамайды. Жаулық тағып алған ба?...
Мәссаған, Мама? деп жанұшыра айғайлаған қыз, жалма жан қарсы алдында тұрған егде әйелді құшақтай алды. Сол сол екен, өз өзінен босасын ай бір. Неге жылап жатқанын өзі де түсінбейді, бірақ егіле жылағанда тура екі иығы селкілеп, ет жүрегі елжіреп барады. Жамал да құлынын кеудесіне қысып алған. Шіркін, ана құшағы, тіпті тоқсандағы қарияның өзін жаңа туған сәбиге айналдырады ау әсте! Әлдилейтін жастан әлдеқашан өтіп кеткен Ханшайымды анасы осы бір ақ сәтте өмір сүруге шарасыз шарана халге түсірген еді. Жан баласына айта алмайтын, тіпті тілмен жеткізе алмас күйін осы сәт қыз анасына тұншыға жылап, көз жасымен білдіріп жатқан.
Оның ішінде ғашықтық ғазалы да бар, оның ішінде намыстың азабы да бар, оның ішінде біреудің тілі де бар, оның ішінде тағдырдың ауыр жүгі де бар, ұялу да бар, өз өзін кінәлау да бар, ақыр аяғы анасына деген өкпе де жоқ емес еді.
Қайтейін, құлыным ай, тіршілік деп байланып жүре беріппіз, тіпті сенің осы жайыңды да білмесек, қасыңа келмейтін түріміз бар екен ғой. Тұрмыс құрсын, өз отауы болсын деп жүр ем, сөйтсем, сенен айрылып қала жаздадым ғой...
Бұл құдіретті қойсаңшы, анасы қалай тап мұның іштегі өкпені айна қатесіз қалай оқып қойды?.. Расында, қыз «неге мені осы уақытқа дейін іздеп келмедің, үнемі тек ауылға өзім барам, қанша жүр деп жалынғанымда да бір келмеуші ең...» деген ойға беріліп отырған. Демек, Ана жүрегі өзі қай қиырда жүрсе дағы құрсағынан шыққан сәбиінің жайын біліп, сезіп жүреді екен ғой. Жамал да ана ғой, қызын көргісі келмейді емес, келеді ақ, уайымдағанда кейде тіпті таңға дейін көз ілмейтін де кездері болады. Бірақ күйбең тірлік, үй жай, Ханшайымнан кіші балалары бар, солардың ас қамы, басқасы бар, әйтеуір өзі кетсе бәрі қараң қалатындай, байланады да қалады. Көңіл түкпіріндегі бір үміт «Әлі ақ Ханшатай қонатұғын тұғырын табады, сонда барамын ғой» дейтін. Сөйтсе.... адамның емес, Алланың дегені болады екен...
Манадан бері ана құшағында сан қилы азаптан арылып, бір рахат күй кешіп отырған қыздың осы тұста кенет әлдене есіне түскендей басын оқыс көтеріп алды. Сөйтті де бірден:
Мама, әкем қалай? деп сұрады. Сұрауының бір себебі Ханшайым оның ашуын білетін. «Қап, ол жағын қалай ойламағанмын, әкем Арманды өлтірем деп жүрмесе болғаны еді» деген сұмдық ой санасын тіліп өтті. Бала күндерінен «әкелерің келе жатыр» дегененнен үй ішінің тегіс тізесі дірілдеп шыға келетін. Тіпті ойнап отырған жерлерінен ұшып түрегеліп ағайынды төртеуі, (ол кезде әлі бесіншісі жоқ еді) төрт іспен шұғылданып кететін, солайша шашылған үй жиылып, әп сәтте дастархан да жайыла қалушы еді. Сонда ол кісі айғайлап ешкімге ұрыспайды да, біріне қол жұмсамақ түгілі, сонда неге қорқады? Әсте сол қорқыныш емес, әке деген құдіретті сезіну болар, енді ғана өздерін анасының солай тәрбиелеуіне қыз тәнті болып отырған жайы бар.
Әкең бе, оның жайын несін сұрайсың, қызым... осылай деп үндемей қалған апасының мына жауабы ендігіде қызды тіпті басқа ойға жетеледі.
Әкеме не болды, мама? Әлде ол кісі бірдеңеге ұшырады ма? Айтсаңшы, енді...
Жоқ қызым, әкең аман есен, шүкір. Өзің білесің ғой оның мінезін, ол сені мәшине қағып кеткенін естісімен, қатты ашуға мінді. Тап сол сәтте билет алып Алматыға шығам деп әбден тулады. «Қызымды қағып кеткен адамды қылғындырып өлтірем, сол үшін соттаса соттасын, өлтірсе мейлі өлтірсін» деді.
Содан, мама?
Апасы осылай деген сайын жүрегі тас төбесіне шыға тулаған қыз ар жағын білгенше дамыл табар емес.
Сосын әйтеуір кәрі жасы бар, туған тус бар, ауыл, ел зорға дегенде ол райынан қайтардық қой әкеңді, қызым. Сенің амандығыңды білген соң сабасына түсті аздап. Бірақ ашуын біржола баса алғанымыз жоқ. Енді тек...
Тек дегенде не, мама, әкем не дейді енді?
Әкең әлгі жігітті жауапқа тарту керек, соттатамын дейді, арыз жаздыруға сенің айыққаныңды ғана күтіп отыр, қызым.
Немене? Не естіді жаңа ғана мына құлағы? Аспан айналып жерге түскендей, қыз есеңгіреген күйі отырды да қалды. Шыны керек, бұл жайсыз хабар оған тіпіт сонау бір кеште көлік қаққан кездегі соққыдан да ауыр тигендей. Ол кез бір рет қана соққыны сезіп, сосын жеп жеңіл рахат күйге түсіп еді, ал мына хабар Ханшайымның жанын қайғының түпсіз тұңғиығына тартып барады. Қалай қалай құбылады мына өмір? Күні кеше ғана ол өзінің осы уақытқа дейін сақтап келген бар тәттісін мұның аузына тосып, бұлттардың өзін табанының астына салып беріп, сонау ғарыш кеңістігіндегі бақыт сарайының төрінен бір ақ шығарып еді. Ғұмыр бойына аңсаған адамын ұшыратқаны үшін қыз тіпті тағдырдың оған дейінгі көрсеткен ең ауыр азапты шақтарын ұмытуға да келіскен. Кешіруге бекінген. Содан міне, санаулы сағаттар өтер өтпес, ертеңгі таң атар атпаста анасы жеткізген мына хабар сол бақыт сарайының күлін көкке ұшыра қират деп шарт қойып отырғаны. Қалай, қайтіп қана бұл өз сүйгенін соттатпақ?
Жо жоқ, атай көрмеңіз! Бұл сөзді қыз іштей әлгіндей ойына айттым деп еді, дауысы қатты шығып кетті.
Не дейсің қызым? Жоғың не, жарығым ау? Әкеңдікі жөн ғой, ол сені қағып кетті, жазасын алсын! Сен оны неге қорғаштайсың?
Анасының әке үкімін жақтауын да түсінеді. Ғазиз ана, өзі жарық дүние сыйлаған сәбиінің ғұмырын сәл болмағанда қыршыннан қия жаздаған адамды, мейлі ол кім болсын, кешіруі мүмкін бе? Ендеше, сол адамға «ғашықпын» деген қызын қалай түсінеді ол? Қалай түсіндіреді қыз? «Туғалы бері түсімнен шықпайтын бейне осы, мен оны таптым» деп қалай айтып түсіндіреді? Жоқ, мама, жоқ, жоқ! дей берді бар болғаны. Осы сөзді қанша айтқанын білмейді.
Қызым? Ханшайым, саған не болды, жарығым? деген анасының бір сөзі естілсе, екіншісі естілмей, дыбыс үзіліп, біртіндеп алыстап бара жатқандай. Әйтеуір жүрек тұсы шым етті де, бір түсініксіз күй тұла бойын билей берді.
Өңі боп боз болып кеткен күйі кеудесіне құлай берген қызын ұстаған Жамал аңырады да қалды.
Дәрігер, әй қайсың барсың? Дәрігер! Тез, тез, құтқарыңдар қызымды, қызым... деп егілген әйелді жүгіріп жеткен ақ халаттылардың екеуі сыртқа алып кетсе, қалғаны тегіс қызға төнді.
Соққы
Күндегі әдетінше гүл сататын дүкеннен ең әдемі, хош иісті деген гүлдестені сатып алған жігіт көңілді еді. «Ооо, керемет таңдау, қызыңыз қуанып қалатын болды ғой, сұлу шығар ә, өзі?» деген сатушы көзін қысып, қулана жымиған күйі жігітке қарап. Біріншіден, «қызың» деген сөз жанына майдай жақса, екіншіден, көз алдында осы гүлдерді иіскегенде кірпіктерін айқастыра жұмып, рахат сезімге бөленетін сүйкімді сүйіктісінің бейнесі келген. Кеудесін одан сайын қуаныш кернеген жігіт, тіпті сол сәт «бүгін оны сүйіп аламын» деп ойлап та үлгерді. Ол ой жігіттің жылдамдығын арттырып, сүйіктісіне одан сайын асықтыра түскен. Себебі ол бүгінге дейін қыздың гүлді алғандағы бақытты жүзін елестеткенімен, сүйіп алу дегенді шынында жүзеге асырмақ былай тұрсын, тіпті оны ойлаудан да ұялатын. Өйткені ол қыз қанша сүйкімді болсын, қанша жерден бұл оған ынтық болсын, мұның түпкі бір ойы өзінің ол қызды қағып кеткені жайлы деректі үнемі есіне түсіріп, тізгінді тежеп отыратын. «Ей, жігітім, тоқта, арыныңды бас, сен кімсің, ол кім?» деп, алып ұшқан көңілді сабасына түсіретін де қоятын. Ал кешегі кездесуден кейін... Паһ, шіркін! Ол ғажап шақтың әсерін әсте тілмен жеткізе алмайтын шығар... Сол ғажап әсер жігіттің қыз палатасын күзетемін деп талай ұйқысыз өткерген түндерін, сондағы «егер ол өліп кетсе не істеймін?» деген уайымнан тамған көз жасын жуып кетпеп пе еді. Тіпті анасына да көріне алмай қиналған жігіт кеше керемет көңіл күйдің құдіретімен барып, ол кісіге барлығын жайып салған. Анасы сабырмен барлығын тыңдап алып, соңында бір ғана сұрақ қойды бар болғаны.
Балам, енді ол келінімді қашан әкелесің үйге? Маңдайынан иіскеп, ақ жаулықты қашан тағамын, ұлым?
Тосын сұрақтан алғаш тосылып қалған жігіт артынша шаттана айғайлай, апасының бетінен сүйіп алды. Сөйтті де
Апатай, сен әлемдегі ең мейірімді, ең ғажайып және данышпан жансың! Сен менің қалауымды тап бастың, апа! Рахмет, саған, рахмет! деп, көзіне іркіліп қалған жасын жеңімен сүртіп алды. Осыдан ауруханадан шықсын, апа, мен өзіңе өмір бойы өз анасындай қарайтын сұлу да ақылды келініңді табалдырықтан аттатамын! Бердің ғой батаңды, бердің ғой?! деп сөйлеген күйі сүріне қабына жүгіре есіктен шыға жөнелген.
Енді міне құшағында гүл, самайға жете керілген екі езуін жинай алмай келе жатқаны. Кім ойлаған, тағдыр өзін бір ақ сәтте сүріндіріп, сол сүрінген сәтінде бақытқа апарын жолға түсіреді деп. «сүрінген әрбір шағыңды бақытсыздыққа балама, бәлкім сенің бақытың сол жерден басталатын шығар» дегенді айтқан Толстой қарт расында әулие екен ғой. Біреу айтса сенбес еді, ал енді өз басына түскен соң сенбеске шарасы жоқ. Егерде сол жол апаты болмағанда... Мәссаған, ойлаудың өзі қорқынышты, бұл өзінің жүрек қалауын таба алмай өтер ме еді өмірден? Әлде, Алла Тағала екеуін әйтеуір бір жолықтырар ма еді? Бір сұрақ екіншісін тудырып, түпсіз тұңғиыққа батыра береді екен. Алайда тағдыр деген тағы бар, оның тосынсыйлары да үнемі жағымды бола бермейді. Тап қазір де мәселен ол бірер минуттан соң өзінің алдында не тосып тұрғанынан бейхабар еді... Аурухана ауласына енгені сол, ғимаратқа қол созымдай жер қалғанда оқыстан дәл құлақ шеке тұсы зың ете түскені. Қаннен қаперсіз келе жатқан жігіт жалп етіп ұшып түспесе де, есеңгірей теңселіп кетті. Іле шала екінші соққы тұмсықтың астына тиді. Алғашқы жұдырықта шалқалай берген ол екінші соққы алған соң шайқалды да қалды. Абырой болғанда құлаған жоқ, төменге тіктелген күйі отырып қалды. Көз алдындағы қара тұман сейілгенде барып аңғарды, қарсысында жас шамасы өзінен сәл үлкендеу жігіт тұр екен. Соққының иесі сол екенін біліп тұр, бірақ неге ұрғанын біле алмай дал. Ол да мұның өз өзіне келгенін күтіп тұрса керек:
Бауырым, мен Ханшайымның жездесі боламын. Ал мынау оның әкесінің атынан жеткен сәлемдеме деді өктем үнмен.
Енді барып мән жайды ұға бастаған Арман әлгінде өзін ұрған ағаға қос қолын ұсынды. Сонда барып аңғарды, қолындағы гүлі сонадай жерде шашылып қалыпты. Біртүрлі іші ашып кетті, гүлге кеткен ақшасына емес, сол гүлдің сүйіктісіне жетпей, жолда шашылып, әзір ақ әркімдердің табанына тапталатынын ойлағаннан. Теріп алуға ұмтылайын десе, жездесінен ұялып тұр. Жігіттің қайсарлығы мен әдептілігі көңілдегі тоңын жібітті ме, «жездесімін» деген жігіт даусын жұмсартып
Бауырым, есімім Рауан болады! деп бұл жолы достық қолын ұсынды.
Арман деді жігіт қолды алып жатып.
Жүр, деді Рауан сонан соң мұның иығынан ұстап, бір оңаша жерге шығалық, сенімен ұзақ әңгіме бар, деді. Не десін, еріксіз жүр деген жағына ере берді. Ал гүлдер сол шашылған жерде қалды.
Енді екеуі иық тірестіре аурухана іргесіндегі бақта келеді.
Арман, деп үлкендік ретпен әңгімені Рауан бастады, әлгінде өзіңді қойып қалғаным үшін ренжіме. Мен өзім қит етсе жұдырығын ала жөнелетін жан емеспін, інім. Бірақ бұл шынында қайын атам, яғни, Ханшайым мен біздің үйдегі Балайымның әкесінің «сәлемдемесі» еді. Мен қайта ол кісінің ашуының оннан бірін ғана жеткізген шығармын. Егер тап сол ашумен атамыздың өзі келгенде, міне сол кезде сенің жағдайыңды тіпті көз алдыма келтіруге қорқамын.
Жігіт сабырмен тыңдап келеді. «Әке, қайран әке! Мен өзіңді көргенім жоқ, сенің ауыр соққың түгілі бір ауыз «ұлым» деген сөзіңді естісем, менен асқан бақытты жан болмас еді ғаламда. Менің «әке» деген сөзімді есту саған да арман болып кеткен болуы керек шамасы. Енді міне, бүгінде ұлың әлдебір әкенің соққысына қалып отыр. Бәлкім, бұл менің сүйген қызымның әкесі болғандықтан, маған да әке болар... Бірақ, сенің орның бөлек қой, әке. Осы оймен келе жатып, бұл Рауанның кей сөздерін естісе, кей сөздерін естімей қалған еді.
Қысқасы, деп Рауан мұның иығына қолын тірей, атыңды кім деп еді, кешір ұмытшақтығым бар өзі сондай...
Арман, деді екінші рет есімін қайталапы.
Иә, Арманжан, қысқасы, біз сені жауапқа тартамыз. Өзің де осындай бір күн туатынын біліп, соған іштей дайын болып та жүрген шығарсың түнеукүнгі жол қақтығысынан кейін ақ. Ендеше, сол сәт келді. Әрине, ол үшін Ханшайым өзі арыздануы керек, ең қиыны сол болып тұр. Ол қыз сені өлердей қорғаштаймын деп, әлгінде тіпті талып қалды.
Не дейсіз, Ханшайым талып қалды ма?
Иә, бүгін таңертең мамасы осы сөзді оған айтқан екен, ол сені өлердей қорғаштаймын деп...
Енді қайда ол деп тұра жүгірмек болған жігітті Рауан иықтан қағып кеп қалды да, жолына кесе көлденең тұра қалды.
Тоқта! Қайда бармақсың? Ханшайымға ма? Сен енді бұдан былай оның жанына жолаушы болма! Әдемі гүлің мен тағы басқа сыйыңды қыз жүрегіне жақын алып қалған ғой шамасы. Сен өз айыбыңды өтеудің оңай жолын қыз жүрегі арқылы табамын деп ойласаң, қателесесің. Мен сені жігіт ретінде қанша жерден түсінсем де, қайын атамның аманатын орындау үшін, ендігіде сені оның есігіне жібере алмаймын.
Әлгінде ғана үйден анасының ақ батасын алып, құшағы гүлге, қойны қуанышқа толып келе жатқан Арманды жазғанның енді жүз сексен градусқа кері бұрып, тіпті бөтен күйге түсіргені, қайткені?! Осылай да тағдыр адамның жандүниесімен ойнайды екен ау! Алаулаған намыстан тұла бойы от боп жанған жігіт тістенген күйі өксік толған өңешін тежей берді. Әлгіндей айтатынын айтып болған соң Рауан жалт бұрылып кете барған. Сол сәтті күтіп, өз ашуын әрең тежеп тұрған Арман жұдырығымен дәл жанында тұрған тал ағашты гүрс еткізді. Ауырсыну сезімін еш сезінбеген соң тағы қайтара бір ұрды. Қолынан қаны бұрқ еткенде барып, әлдене сыртқа шыққандай сәл сабасына түсті. Сосын келген ізіне түсіп, кері қайтты. Бірақ ол оның бір ақ ауыз сөзге көніп, өзінің бар мақсатынан бас тартқаны емес, тек әзірге тежелгені еді. Бақтан шыға бере кеңістікте тұра жүгірген оның ойында әлі де сол мақсат, бірақ оның басқа жолы жатыр еді. Жігіт енді қызға апаратын жолдың негізгі бағытына қарай жүгіріп барады.
Байланған тіл
Апыр ай, адамның өмір сүруге деген құштарлығы өлсе, қалған дүниенің бәрі бекер екен ау! Айқара ашылып тұрса да, көз ештеңені көруге құштарланбайды, ғаламның қандай ғажап күйі болса да, құлақ оны естігісі келмейді, тіпті асқазаны ұлып ас сұраса да, аузы кеуіп су сұраса да, тіл шіркінің үн қатқысы келмейді.
Ханшайым түнеукүнгі талып қалғаннан кейін осындай күйде есін жиды. Есін жиды дегенде, жай кеудесінде жаны бар құр кеуде ғана қалқиып отырып, қайта жататын. Әйтпесе ол күні бойы бір нүктеге қадала қарап отырады да қояды, жалықса жата қалады. Адам баласына, тіпті туған анасына сөйлемейді. Жамал байғұс өзінің келгеніне өкініп, жылай береді кешке дейін. Бауырын ойлап Балайым да семіп барады.
Құлыным, кешірші анаңды, тым құрыса бір ауыз «мама» деші деп жалынады анасы.
Ондайда қыз қиналады, өзінің мына күйімен ана жүрегін қан жылатып жатқанын түсінгенімен де, тілі байланып, тіпті қыңқ деп дыбыс шығара алмайды.
Дәрігерлер оны жүйкенің әсерінен болған құбылыс деп түсіндіреді. Жүрекке де жүк түскен дейді. Бірақ қай уақытта, қай сағат, қай минутта жүйкенің қайта қалпына түсіп, жүректің жүгі жеңілдейтініне кепілдік бере алмайды. Сол жағдай Жамал ананы да, әпкесі Балайым, сондай ақ Ханшайымды жақсы көретін жандардың барлығын да сары уайымға салып, көз жастарын көл болғанша ағызып, ендігіде тауысуға айналған. Алғашында өзінің шарасыз халіне қыз да іштей егіле жылайтын, қимылсыз жатқан оның жүзін тамшы айғыздап, жастығына тырс тырс таматын. Алайда сонда қызды қинайтыны «өз жағдайым не болады?» деген ой емес, бірнеше күннен бері Арманның өзіне ат ізін салмай кеткендігі еді. Екеуі тым керемет өткерген кездесуден кейін бұл оны көрген жоқ. Терезесінің алдын гүлмен көмкеріп, романтикалық дастархан жайып, бар өмірін бір ақ ауыз өлеңмен жайып салған жігітке бұл барынша сеніп еді.. Барынша сезімге беріліп, тіпті оның жағдайын да түсінгендегі жазығы не? Ол сонда бар болғаны мұңға толы көзімен мұны арбап, сөзімен алдағаны ма? Бәлкім, тағдырын да ойдан құрап, бар болғаны мұның аянышын тудыруды ғана көздеді ме екен?
Алдымен Айсәуле айтты, «жаным ау, сенің ақылың қайда, ол сенің жауың ғой, оян, ойлан» деп. Сонда ол осылай боларын, жігіттің кенет ізім ғайым жоғалатынын сезгені ме? Әрбірден алғандай сол жігітті өлердей қорғаштаймын деп емес пе, оның осы күйге түскені?! Сөйлеуге тілінің икемі келмей, үні шықпай, сұлқ жатқаны енді міне. Осылай ойласа болғаны қыз қорланып, дәл осы күйге түскенше, неге алғаш көлік қаққан сәт мерт болмадым екен деп өкінеді. Сонда өмірі де дәл бүгінгідей өрмекшінің өрмегіне айналмас та еді. Сонда сезімнің де арбауына алданбаған күйі жалғанды тастап кетер де еді. Алайда арбалу мен алданудың уын қыз осы кезге дейін ішкенім жоқ дей алар ма, сірә? Жалпы удың у екенін ішпей тұрып ешкім білмейді, себебі ол балдай дәмімен тілді үйіріп, тағы да аңсатып, зәрі денеге әбден жайылған соң барып, у екенін аңғартады екен.
Шіркін, әлі бал ішпей тұрған кезде қандай еді?! Балғын жүзінде тек өмірге деген құштарлық қана өмір сүретін топ томпақ қызға қызықпайтын жан жоқ тын. Қатарымен салыстырғанда балғындықпен ең кеш қоштасқан осы шығар. Бакалавриатты тәмамдап, дипломын ала сала Алматыға аптыға жеткенде әлі албырттығын алдыра қоймаған. Алатауға қалай ғашық болса, адамдарға да дәл солай ашық еді. Көп нәрсеге деген көзқарасына қарап кей құрбысы «ей, Ханшатай, әлі баласың ғой» деп күлсе, кейбірі қызыға «шіркін, сендей көзқарас менде де болса ғой» деп күрсінетін. Өзіне олардың неге күрсініп, неге күлетінін бұл онша түсінбейтін, бірақ бір нәрсені анық білетін, ол өзінің дұрыс жолда екендігі еді. Бірақ, елдің көзі тиді ме, болмаса кезегі сол кезде келді ме, әйтеуір көп кешікпей тағдыр қыздың өмірге құштар жүзіне өзгеріс енгізді. Тіпті өзгерістің өзі бөлмеге іздеп келді десе болғандай.
Сол бір ақпанның ақ қарлы кешін қыз әсте ұмыта алмас. Бірінші себебі ол мұның сүйіп оқитын ақыны Мұқағалидың туған күні болатын. Сол кеште өзі неге екенін білмейді сабақтан соң студенттер қалашығындағы сары үйіне жеткенше асықты. Тезірек жетіп, ақынның жыр кітабын жата жастанғысы келіп пе еді әлде? Әйтеуір бірақ ол ойы орындалмағанын біледі, себебі келсе бөлмеде бір топ жастар жиналып әлденені талқылауға кірісіп кетіпті. Қынжылса дағы, онысын сыртқа еш сездірместен есіктен енген қыз көпшілікке бас изеп сәлем берді де тез шетке отыра салды. Арғысы есінде жоқ, өйткені сол орынға отырар отырмаста қарсы тараптан бір жанар мұны шап берді де, кеш соңына дейін тырп еткізбестен, тұтқынында ұстаған. Бұл оның тұтқыны болды ма, әлде ол мұның тұтқыны болып па еді? Не де болса, сол отырыста қос жанар иесінің тек тәндері отырғаны болмаса, екеуінің де есіл дерті қол ұстасқан күйі мүлдем басқа әлемге кетіп қалған. «Сонымен, бүгінгі маркетинг жоспары осы, кім не түйді, не шешті?» дегенде барып екеуі селк етіп оянып, еріксіз ортаға оралды. Оған дейін қанша уақыт «оңаша кеткендерін» екеуі де білмейді. Бөлмеден шығып бара жатқан жігіт қызға «тағы да жолығамыз» дегенді көзімен ұғындырды, қыз үнсіз күлімсіреген күйі қала берді. Бір көргеннен ұнату дегенді солай тағдыр бір ақ сәтте көрсетті де кетті. Ертесі күні кешкісін барып Ханшайым жігіттің есімін біліп, өзі жайлы біршама сұрақтарға жауап берді. Бір ғажабы екінші кеште бес алты ауыз сөз алмасқаны болмаса, бұлар үнсіз ұғысып, тіпті бір біріне тік қарауға да жасқана берген, алайда бір бірін әлімсақтан танитын жандарша соншалық жақын сезінді. Күн өткен сайын бір біріне ынтызары ауа берген қыз бен жігіт өздерінің сол бір тәтті шақтары бір күні кермек күндерге айналады десе сенбес еді. Себебі екеуі де өздерінен басқа ешкімді, ештеңені елеген жоқ, екеу үшін барлық әлем тек екеуінен тұратын. Ақ қарлы қыста қар астынан шешек атқан гүл сезімнің жаз ортасы жай түсіп, найзағайға ұрынарын екеуінің бірі білсе ғой... қыс пен көктемді тас қылып байлап тастаса да, жібермес пе еді?!. Ееей, жалған ай, бал деп алғаш у ішкенін қыз сонда алғаш біліп еді... Бір ақ сәтте ұнатқан адамын ұмытуға сірә бір ғұмырым жете қоймас деп ойлап еді, уақыт емші әйтеуір оны да жазды. Бірақ жүрегінде жарасы әлі қалыпты ғой, өмірдің кезекті бір ауыртаплығын кешкен сәтте сол жара қайта сыздап қоя бергені.
Бір қызығы, адамға Алла іштен тынбасын, іштей тұншықпасын деп тіл бергенімен, сол тілдің көп сөзді, көп ойды жеткізе алмайтыны бар. Одан гөрі осылай үнсіз қалса, талай сөздің тиегі ағытылады екен ау. Үнсіздік те көп нәрсені айтады екен. Тіпті нағыз айқай үнсіздікте екен. Тілі байланғалы қыз осындай ойға келді. Үндемейтін тек сыртқы кейпі болғанмен, негізінде қыз осылай айғайлап жатыр еді. Әттең оны жан баласы естіген жоқ.
Алғашқы албырт шақта қалай сүйсе, Ханшайым Арманды одан артық сүймесе, кем сүймеп еді. Анау алғашқы сезім болса, бұл соңғы сүю, өмірінің соңына дейін жететін сезім деп түсінген. Сондықтан оны жамандыққа қия алмауда әлі де. «Жо жоқ, бұл жерде бір түсініксіз жайт бар, әйтпесе, Арманның жалт беруі мүмкін емес! Ол мұның түсіндегі ханзадасы ғой? Ал ханзаданың өмірде тексіз біреу болуы мүмкін емес! деген ішкі дауыс әп сәтте жігіттің адвокатына айналып, қыздың жүрегіне жігер отын жаға түседі.
Бірақ қайда Ол? Неге келмей қойды бұған? Әлде, бұған асығамын деп бір жағдайға душар болды ма? Әйтеуір ұялы телефоны «байланыс аясынан тыс жерде» дегеннен басқа еш мардымды жауап қатар емес. Ең құрыса, амандығын да біле алмадым ау деген ыза қызды өлтіріп барады. Бәлкім, әлі де болса келіп қалар деп күткен қыз тықыр етіп есік ашылған сайын жалт қарайды. Қызық, біреу үшін ол әншейін көптің бірі шығар, бірақ қыз үшін Ол Өмірдің бар мәніне айналып шыға келіпті, айналдырған осы аз ғана уақытта. Ол жоғалып еді, қыздың тіршілік етуге деген құштарлығы да бірге жоғалды, жандүниесі де тоналғандай... Құла дүзде қаңғыған қаңбақтай, қайда жел шайқаса сонда ауатын әйтеуір бір үміті бар. Діріл қаққан ол үміт те есік тықыр еткен сәтте бөтен адам болған сайын біртіндеп сөніп барады. Ендігіде ындыны кебе сарғайған шөлдегі құмдай Ханшайымның жүрегін әлдебір сағыныш жайлаған. Үнсіз біреуді іздейді. Үнсіз егіледі. Үнсіз сағынады. Үнсіз, үнсіз, үнсіз... Бұл үнсіздіктің немен тынарын не өзі білмейді, не дәрігерлер де білмейді.
Осылайша бір жеті өтті, әрең. Қыздың тілі оралар емес. «Бәлкім, үйінде жақындарының жан жылуынан жағдайы тез оңалар деген болжаммен дәрігерлер Ханшайымды ауруханадан шығаруды ұйғарыпты. Алғаш бұл хабарды дәрігер қызға айтқан сәтте, неге екенін өзі де білмейді, бейне өмірдегі ең үлкен жауы сол секілді, оқты көзін қадаған. Себебі тап осы жерден кетсе, ханзадасы мұны таппай қалатындай көрінді. Артынша өзінің бұл қылығына қатты ұялды. Қыздың енді соңғы үміті - «аурухана ауласында бір шоқ гүлімен күтіп алатын шығар?» деген ой. Сол себепті ол соңғы сағатта күндегіден сергектеу қимылдап, әдемі киімдерін киіп, айнаға ұзақ қараған. Палатадан барынша жарқырай шыққан қызды көріп есік алдында құрбылары, бір топ әріптестері, әпке жездесі, анасы көріп, қуанып кеткен. Жан жақтан қаумалай демеп, тіпті қол шапалақтап, әйтеуір барынша мұның көңіл күйін көтеруге тырысқандары көрініп тұр. Риза болды, дегенмен ләм дей алмайды тағы. Үні жоқ. Топ ішінен көздері әлдекімді іздеп тұр. Оны жиналған жұрттың барлығы дерлік сезеді. Бірақ сезгенде қайтсін, не істей алар еді ол көп? Олар тек байғұс қызды аяды, бар болғаны сол ғана. Себебі бұл іздеген жан олардың көзімен қарағанда, ең бірінші қызды қағып кеткен қылмыскер, екіншіден, соның жазасын өтейтінін сезгенде сытылып қашып кеткен қорқақ біреу. Ал ақиқатында....
Шұғыл сапар
Сол күнгі соққы Арманды әсте есеңгіреткен де жоқ еді, сондай ақ оның жүрегіндегі сезіміне селкеу де түсіре алмаған. Үп еткен желден морт сынатын болса, оның несі сезім? Сондай ақ бір екі жұдырықтан сағы сына салса, несіне жігіт болып, шалбар киіп жүр? Қайта кейінгі кездері алған соққы осыған дейін қалғып мүлгіп келген мұның жанына суық су боп тиіп, есін жидырып алғандай. Бірақ әзірге түсінбестік, танымау секілді жайттардың арада айтарлықтай кедергі болып тұрғаны анық. Сондықтан не істеу керек? Бұл жағын ақылға салып өлшеп, бірақ әрі көп кешеуілдетпей шұғыл шешім де шығару керек. Не де болса, бұл жерде жағдайды шешетін бір адам бар, ол қыз әкесі. Қыздан да бұрын жігіт ең алдымен сол кісілердің алдында кінәлі, себебі Ханшайымды дүниеге әкелген әкесі мен анасы ғой. Демек, бұл сол аяулы жандардың алдына барып кешірім сұрап, тізерлей құласа да жарасады. Тіпті олар кешірмеген күннің өзінде, олардың үкімін өз құлағымен естір.
Таңертең үйден қанатсыз ұша жөнелген ұлының артынша ақ қан жоса болып есіктен кіріп келгенін көрген анасының жүрегі тоқтап қала жаздады.
Жарығым ау, тыныштық па, не болды? деп қарсы ұмтылған шешесі баласын құшағына алған.
Апа, шошыма, бәрі дұрыс, ештеңені уайымдама, апа, түсіндірем бәрін түсіндірем дей берген бұл. Сосын апасын диванға жайғастырып, өзі жуынатын бөлмеге беттеді. Сұп суық судың астына тұрып, енді не істейтінін тез тез ойластырып үлгерген жігіт ол бөлмеден тіпті бөтен адамдай, барынша сергек күйде шықты. Анасы ас үйде ыстық шай әзірлеп үлгерген екен. Үстел басында болған жайды қысқаша баяндап берді де
– Апа, жолға дайындал. Құдаларыңның алдына барамыз, деп сөздің соңғы нүктесін қойды.
Енді міне алпысты алқымдаған әйел мен шиыршық атқан жас жігіт поезда келеді. Кеш бата мінген, қазір түн ортасы. Өз төсектеріне бас қойып жатқандары болмаса екеуі де ұйықтамаған еді. Қайдан ғана көз ілінсін мұндайда. Ана байғұс әлдеқашан дүниеден озған марқұм күйеуін, соның көре алмай кеткен осы бір шағын ойлап күрсінеді. Тым жастай кеткен есіл ердің ажалы көліктен келіп еді, бетін аулақ қылсын, қазір ұлы да сол көліктің кесірінен осындай күйге тап болып тұр. Ұлы әкесін көрген де жоқ, іште қалған. Содан бері өмірін тек аяулы жарының жарығын сөндірмейтін ұлына ғана арнаумен келе жатқан ананың басына «егер қыздың әкесі келісімін бермей, ұлыңды түрмеге қаматамын» десе ше деген ой келуі мұң екен. шошып кетті. Онда не болмақ? Жалғыз ұлы, өмірінің жалғыз шырағы әлі өмірдің қызығын көрмей жатып, қапасқа қамалса, бұл қалай жер басып тірі жүрмек? Жо жоқ, оған жол бермеуге тиіс, қайтсе дағы ол адамның мейірімін оятуға тиіс. Жүрегі тастан жаралған біреу болмаса, мұның мұңын түсінер.
Ал Арманның жүрегі бұл сәт артта қалған Алматыдағы аруды іздеп кеткен. «Ол не істеп жатыр екен, қандай ойда, қандай күйде? Мені жоғалды деген сенді ме екен? Тастап кетті деген қорқынышты ойға берілмесе жарар еді. Сүймейді деп сезіміне шек келтірмесе жарар еді. Бұдан күдер үзбесе болар еді». Ұялы телефонына хабарласайын десе, болған жайды айтуға ары бармайды. Бейне «әкең жездеңе айтып ұрғызды» дей ме, не дейді? Не де болса, жағдай бір жағына шешілген соң, бір ақ айтар. Ол кезде тіпті сөз емес, нақты іске көшпек. Жігіттің жүрегі осындай күй кешсе, ақыл ойы алдағы күтіп тұрған шаққа дайындалуда. Қайын атасының алдына бару әсте оңай шаруа емес қай жігітке болса да. Ал мынадай жағдайда, кінәлі боп бару тіпті қорқынышты. Дегенмен, қорқынышқа салынғаннан кім не ұтпақ? Жігіт жасып, «мейлі енді, бұйырғаны осы шығар» деп қыздан да бас тартып, жазаға да өзін өзі беріп қоя салмақ па? Ау сонда кім жетіспек одан? Қыздың әкесі ме? Тепсе темір үзетін азаматты, өзінің қызы секілді біреудің ұлын жазалағаннан рахат алатын соншалық қатігез қария емес шығар ол?!. Сондықтан жігіт бір жақсылыққа үміттеніп келеді.
Ауыр күрсініске толы түнді көзбен атырған ана мен бала таң ата шағын шаһардың топырағына табан тигізді. Үлкен үміт арқалай келген екеуді қала сұп сұр сұсты қабақпен қарсы алды.
Эпилог
Тық-тық, тық-тық...
Дүрс-дүрс...дүрс-дүрс...
Не деген бітіп болмайтын баспалдақтар өзі?! Әлі көтеріліп келеді, әлі... Жүрегі, жо-жоқ жалғыз емес екен ғой, екі бірдей жүрек дүрсілдеп, кеудеге сыймай, тіпті ауыздарын ашса, атқып шығардай... Қуаныштан! Бақыттан! Шаттықтан! Шын ба, әлде өтірік пе, бүгін бұлардың қосылатыны?!. Расында екеудің көз жасы құрғап, бұлт шалған қабақ жадырай ашылып, жанарларынан Күн шуағы төгілмек пе? Тағдыр екеуді ойда жоқта жолықтырып, содан соң торықтырып, түбі әйтеуір қосқалы тұрғаны түс емес, өңдері ғой?!.
Иә, түс емес өңдерінде Ханшайым Арманына қол жеткізіп, қазір екеуі қос аққудай тізілген күйі «Жас Отауға» енбек. Сосын салтанатты сөз сөйленіп, екеуі әлдебір қағазға қол қойып, бір-бірінің саусағына неке жүзіктерін тақпақшы. Осы сәтке зарығып әрең жеткен екеуі бір-бірінен айрылып қалардай, қолдарын тас қылып ұстасып алыпты. Баспалдақпен жоғары өрлей көтеріліп бара жатқан қос аққудың соңында тілектес жұрты қаумалай еріп келеді. Қауым арасында бәрі бәрі бар: Ханшайымның анасы мен әкесі. Тайсалмай алдына келген жігіттің батылдығы мен тәуекелшілдігіне тәнті болған жан әке оның «қызыңызды өмір бойы жылатпауға уәде етемін» деген бір ауыз сөзіне жүрегі елжірей, ақ батасын берген болатын. Сол сәттегі қуанышын ең алғаш бөлісіп, әрі өзінің ең ізгі ниеті мен соңғы сәтке сақтап келген төрт ауыз сөзін айтуға қоңырау шалған сүйіктісінің үнін естіген Ханшайым жылап жіберген. Шемен боп қатқан барлық шер көз жасымен сыртқа ақтарылып, сол сәтте оған тілі қайта оралған. Бүгін ол иә деген сөзді айта алады. Және сол жалғыз ауыз сөздің өзінің қадірін сондай қатты сезінеді. Себебі жоғалтып көрмеген адамнан гөрі, жоғалтып қайта тапқан жанның сезімі бөлек, қадірі бөлек екен.
Өмірдің қиын жағдайында ұшырасқан екеудің тағдырына куә жандар арасында Ханшайымның туыс туғандарымен қатар құрбылары бар. Сәния, Гүлшат, Айсәуле жұбайларын қолтықтай, балаларын көтере, жетектей барлығы неке сарайының баспалдақтарымен ақырын көтеріліп барады. Ұжымы түгел, тіпті Шаттық Базарбайұлына дейін жүр. Бір шетте әне Жанна да көрінеді. Бәрі бүгін екі жасқа шын жүректен тілекші.
Ханшайымын қолынан жетелеген ханзада неке сарайының табалдырығын аттап, ішке енгені сол, сол сәтті күтіп тұрған оркестр Мендельсон маршын әуелете жөнелді.
Дүрс-дүрс, дүрс-дүрс
Қос саусаққа сақина тағылуға санаулы ғана секундтар қалды...
Тағы да оянып кетпесе жарар еді, осының бәрі түске айналмасыншы осы жолы...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.