Аудармашыдан аңдатпа
«Қасқырлар құпиясы» атты бұл роман 2005-жылы Қытай елінде үздік әдеби туынды деп танылып, кітаптардың сатылымында ең алдыңғы орынға шыққан екен. Содан бері Ұлыбритания, Италия, Испания, Жапония қатарлы отыздан аса елдің тілінде аударылып ең көп оқырманы бар кітаптар қатарында танылған. Және Францияның режиссері Жан Жак Аннойдтың сценариясы бойынша көркемфильм түсірілді, ол осы арқылы көшпенділер өмірі мен дала қасқырын әлемдік кереметтер қатарына қосатынына кәміл сенуде.
Жазушы Зян Рун, Ішкі Моңғолияда малшылармен бірге өткізген он бір жылда сахара өміріне әбден қанығып, көшпенділер дүниетанымындағы табиғат пен жан-жануарды аялаудың сыры, жайлау, күзеу, қыстау деп аталатын өріс-қонысты пайдаланудың әдептеріне тәнті болады. Әсіресе, малшы мен қасқырдың өзара түсінісуіндегі тылсым сырларды өз басынан кешкен нақты оқиғалармен қызықты етіп ашқан. Аңшының қасқырды аулауы мен қасқырдың малға шабуындағы неше түрлі әдіс-тәсілдерде адам мен бөрінің тепе-тең түсуі бұдан еш хабарсыз адамдарды таңқалдырады.
Сахара өміріне бала жастан жетік өскен көшпенді халықтың ұрпағы қасқырдың зиянынан пайдасының артық екенін жақсы білетіндігі, оны ауласа да шектен шықпай қорғай да алатындығы отырықшы халық үшін тосын жаңалық болып көрінеді. Оқиға шарықтай келе қасқырсыз дала тірішілігі тоқтайтындығы, мәселен қасқырын қырып тастаған өлкелерде қоян мен суыр шектен шыға өсіп, малдың өрісі қалмай қара жұт болатындығы аса қызықты баяндалады. Көшпенділердің ғаламат жауынгерлік өнерді де көк бөрілерден үйренгендігі қасқырмен болған әрбір аңшылық шайқастарда дәлелдене түседі, өткен тарихтағы Ғұндар мен Ежелгі түріктер романда еске алынып отырады.
Отырықшы халық пен көшпенді өмірдің айырмашылығы арқылы малшы қауымның тіршілік қарекетіндегі үйлесімділік, мал мен аңды өздерінің жан жолдастарындай көретін ізгі адамгершілік оқырманды табиғи өмірге құштар етіп санасын оятады. Осылайша, қазіргі кездегі отырықшы тірлікке әбден көндігіп, табиғат заңдарын естен шығара бастаған қасаң өркениетшілдікке үлкен ескерту жасайды. Дала өркениетінде тәрбиеленген көшпенді халықтың терең адамгершілігі отырықшы халықтың ең жек көретін қасқырдың өзін киелі санайтындығымен терең ойға қалдырады. Көшпенділер осындай ізгі адамгершілік арқылы сахараның сайыпқыраны көкжал арландарды қазіргі технократиялық өркениет қатерінен сақтаудың жолын қарастырған.
Және бір ескеретін жай, ежелгі көшпенділердің ұрпағы саналатын мұңғолдардың ішінде әлі сақталған бұрынғы Тәңіршілдік сенімін жазушы ескерусіз қалдырмаған әрі көкбөрі тотемін де осыған байланыстырады. Әрине, бұл мұсылмандық сенімге жат екені анық.
Сондықтан, кітаптың негізгі атауы да «Бөрінің киесі» яки «Бөрі тотемі» деп аталуы тегін емес. Алайда, біз тәржімеші ретінде көшпенділер ұрпағы саналатын қазақ тілді оқырманға «Қасқырлар құпиясы» деген атаумен беруді, кітаптың жалпы мазмұнына сай келеді деп шештік.
Моңғолшадан аударған: Абай Мауқараұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
(Романнан үзінді)
...Батыстағы таудың қырқасына күн қонған сәтте-ақ, Олынбұлақ даласы әдеттегіден де қараңғыланып кетті. Қатты жүріспен келе жатқан екі атты таудың баурайына қарай еңкейе бере, мұхиттың алып толқыны секілді күркіреген, таудан құлаған қар көшкініндей дүркіреген қорқынышты гуілмен бірге қарлы боран қарсы беттен ұрғылай жөнелді, екеуі қалай бұрыларын да білмей қалды. Қатты соққан қарлы бұрқасыннан тыныс алып, көз ашуға да шама келтірмегендіктен аттар бір орында шыр айналды. Екі ат қандайбір жаман иіс сезгендей қатты пысқырып, боранның ығына қарай қашуға тырысып жүр. Қатар жүрген екеуі бірнеше қадам аралықта болса да бірін-бірі көре алмайтындай қараңғылық түсіп кетті. Бат тынысы тарыла қанша қатты айғайлап шақырса да Лхасүреннің жауап дауысын ести алмады. Қарлы боранның қатты ысқырығы басқа дауыстың бәрін жұтып қойған еді. Бат атының басын қатты тартып тоқтатты да, суық тер басып кеткен бетін жеңімен сүртіп, әрең ес жиып, құрығын тірене фонарын жағып байқады. Жай кезде жүз метрден астам тұрған жылқыға жарығы жететін фонардың сәулесі он қадамнан ары ештеңені де көре алатын емес. Қапалақтай жауған қардың ұшқыны арасынан анадай жердегі адамның қарасы мен аттың бейнесі көзге шалынып Баттың алдынан әлсіз жарық көзге түсті. Екеуі фонардың жарығымен бірін-бірі тауып, үріккен аттарын әреңдеп икемге келтіріп бір-біріне таяды. Бат Лхасүреннің тымағының құлағын қайырып тұрып қатты айқайлады:
- Осы жерден қозғалмай тұрып ығып келген жылқыны шығыс жаққа бұрып әкетейік! Жылқыны қамысты көлдің батпағынан алысқа бұрып әкетпесек құримыз! - деді. Лхасүрен де айғай салды:
- Менің атымның қатты үріккеніне қарағанда біздің алдымызда қасқырдың тобы тұрған секілді. Біз төртеуіміздің күшіміз топ қасқырға қалай жетеді! - деді.
- Иә, жанымызды берсек те, осылай алысқаннан басқа амал жоқ! - деп, айғайлады Бат.
Екеуі осылай келісіп алған соң алдыңғы жаққа қарай фонарларын биік көтеріп, екі жылқышы мен жылқыға белгі бере бастады. Кенет бір сұр түсті ат екеуінің фонарының жарығына қарай шауып жетіп келді де жылдамдығын баяулатып құтқарушысын тапқандай Баттың маңайына келіп тұра қалды. Сұры ат қатты қорыққандықтан ентіге тыныстап тұрғанда оның мойын тұсына түскен жарақаттан саулап аққан қан кеудесін бояп кеткені көзге түсті. Лхасүреннің аты әлгі аққан қанды көргенде қатты пысқырды да көзі алайып, мойнын ішіне ала ыққа қарай ала қашты. Бат та әлгінің артынан тебініп қуа шапқанда әлгі сұр ат та көзден таса болды.
Бат Лхасүренді әрең қуып жетіп атының шылбырынан ұстай алған кезде, аяқ дүбірі білініп жылқы үйірі де келіп жетті. Фонардың жарығымен байқалған ат біткен жаңа әзірдегі сұр ат секілді қатты шошынып үркіп келгені байқалады. Жылқы малының шұрқырай кісінегені мен неше жүз тұяқтың дүрсілінен ұшқан қар бұрқасны мына қарлы дауылға қарсы жасалған бір айбын секілді. Бат екеуі фонарь жарығын келген жылқыларға түсіріп тұрғанда Лхасүрен қорыққанынан ерден аударылып түсе жаздап аттың мойынын құшып қалды. Сәт сайын бір тынбай бұрқырап тұрған қарлы бұрқасын ішінде фонарь жарығы қанша әлсіз болса да, қырағы жылқышылар қашып келген жылқымен араласып жүрген қасқырларды да көзі шалып қойды. Тіпті, анықтап қарағанда әрбір жылқының жанында бірден екіден көрінген қасқырлар жылқыларды қауып-талап жүргені, жүндеріне жабысқан қар ұшқынымен жалт-жұлт көрінгені қорқынышты-ақ! Өйткені, әдеттегіден бүйірі бұлтиып өте тоқ көрінген ақшыл сұрғыш түсті бөрілер жылқышылардың үрейін ұшырардай айбатты еді. Жайшылықта жарықтан жалтарып қорқақтайтын арлан қасқырлар ештеңеден тайынбайтын ашуға мінген секілді, өшіккен қаншық қасқырлардан кем емес шабуылдап жүр.
Баттың жүрегі қайтып, қайраты кеміп қорыққанынан өнбойын суық тер жауып кетті, ол бөрі пішінді періге жолыққандай, өзін Тәңірдің қарғысына ұшырағандай сезінді. Қанша уақыт Олынбұлақ өңірінде өсіп-ержетсе де, ең соңында өмір аяқталған кезде қасқырдың жеміне айналып, артында қалған ағайын-туысы әлгі өлген адамының мүрдесін егер қасқыр жеген болса, Тәңірге аттанды деп, сонда ғана жандары тыныш табатын, мыңдаған жыл бойы қалыптасқан дәстүрге бойлары әбден үйренген малшы қауымның, алайда тірі жүрген кезінде қарсы келген қасқырдың жемі бола қойғысы келмейтіні анық еді.
Бат пен Лхасүрен жылқыда қалған әлгі екеуін көре алмады, бәлкім олар кенет соққан қатты суықтан үсініп, шошынып үріккен атымен бірге адасып кеткен болуы ықтимал еді. Өйткені, ол екеуі күндізгі кезекке шыққандықтан жылы киім, қол фонар, мылтық-саймансыз шыққаны анық. Бат «Ол екеуі енді өз жандарын өздері сақтау керек шығар, біз жылқыны қорғағаннан басқа жол жоқ» деген нақты шешімге келді.
Жылқы Баттың түсірген қол-фонарының жарығына еріп шауып келеді. Бұл әскери сәйгүліктер оншақты жылқы табынының, қаншама жылқышылардың маңдай терімен өсірген таза қанды, түрік тұқымдас жылқының тегінен болатын. Олардың бәрі сұлу мүсінді, әрі ширақ, әрі өте жылдам жүрісті ерекше жануарлар еді. Жайбір кезде атақты жылқышылар мен бөлімше басшылары мінетін сәндік аттар саналатын-ды. Сондықтан, әскери қажеттілікке кететін болғаны үшін шаруашылық иелері іштей наразы еді. Сөйткен, әдемі жылқыларды қасқырға жегізіп не көлдің батпағына батырып жіберсе жылқышылар соның орнына өздері өлгенін артық санайтыны сөзсіз болатын. Сондай атқа жанын беруге әзір атпал жылқышыларды ойлағанда Баттың қаны басына шапқандай болды.
Бат қайтерін білмей бөгелген Лхасүренді көргенде атын тебініп оның жанына жетіп барды да, құрығының артымен қарақұс тұсынан итермелеп, атымен жанаса тақымдай жылқы үйірінің артынан еруге мәжбүрледі. Оның бетіне қол-фонарын түсіріп:
- Не болды саған, қорқып қашпақсың ба!? - деп, еді ол:
- Жоға, неден қорқамын! Атым үркіп болмай жүр! - деп, шылбырымен атын қамшылай, жылқы соңынан шаба жөнелді.
Екеуі екі жақтап қол-фонардың жарығын түсіріп, ыққа қарай бұрыла қашқан кейбір сәйгүлікті құрықпен қақпайлай шығыс жаққа қарай қақпақылдап айдай бастады. Баттың шамалауынша дәл осы маң батпақты көлден небары оншақты шақырымнан аспайтындай жерде. Мұндай әскери сәйгүліктердің ішінде жай жылқы үйіріндегідей буаз бие, тай-жабағы деген болмайтындықтан, бұлар осы тебінмен көл жаққа бұрылса демде батпаққа барып ұрынары сөзсіз. Ең қырсығы, көл шығыстан батысқа қарай созылып жатқандықтан желдің мынандай бағытында оны айналып өту оңайға соқпасы белгілі. Ол көл деген қазіргі жағдайда ауызын арандай ашып жатқан айдаһар секілді боп, боран мен бөріге қуылған семіз жылқыларды әдейі күтіп жатқандай Батқа елестеді.
Қарлы дауылдың бағыты арттан алға қарай ешқандай өзгерместен тіпті күшейіп ұлып тұр. Бат мынау көзге түртсе көрінбес қараңғыда тек қана атының аяқ алысы мен жылқылардың тұяқ дүбірі, жер бетінің ой-шұңқырымен бағдар жасап, өздерінің қай маңда келе жатқанын шамалап келеді. Бөлтірігін алғызған қаншық қасқырлардың арланнан бетер ашулы екенін байқаған Баттың көңілі алақұйын қорқынышқа толы. Өйткені, бұлар қасқырдың қоршауына түсіп астындағы атының шапынан шап етіп оп-оңай жара салуы да, не аттың сүрінунен жерге ұшып түссе қасқырға жем болуда қас пен көздің арасында болатын қатердің ішінде келе жатқаны анық еді. Ол осының бәрін ойламауға тырысып құрығын тынымсыз айналдырыумен келеді. Бар ойы, бытыраған жылқысын жиып, қарсы алдында көлденең жатқан көлден айнала өтіп, тым құрығанда бір ауылдың шетіне таяп аңшы иттердің күшімен қасқыр үйірін қуып аман қалу ғана еді.
Жылқы үйірі қол-фонардың жарығы мен өздерінен қалмай еріп айғай салып келе жатқан екі жылқышының дауыснан ес жиып, бір-біріне үйіріліп жинақталып қалды. Іштеріндегі ең денелі ақшулан ат қатты бір шұрқырай кісінеп жылқының алдын бастап қатты шаба жөнелді. Жылқылар өздерін бастаған бас сәйгүлікті көргенде қорқыныштары басылып, айбынданып неше мың жыл бойы қасқырлардың қоршауынан құтылудың амалы болған өздерінің сапқа тұрғандай қатарласа шабуға көшті. Бас сәйгүліктің шұрқырай кісінеген дауысы оларды бір-біріне бүйір тиістіре жинал деген бұйрық секілді, енді олардың арасына ине де симайтындай жанасып сығылыса шапқылады. Неше жүз ат тұяғы сатырлап, дүрсілдеп күш алып кетті. Мұндай күш алудан алдын ала сақтанбаған қасқыр үйірі жаңа әзірдегі басымдықтарынан айырылып қалды. Тіпті, кейбір қасқырлар берік бөрене ағаш секілді тізіліп қатарласқан ат тұяғының ортасына түсіп қалғандықтан, қабырғасы сынып, басы жарылып қатты қаңсылаған үрейлі үні ұлыған бораннан да асып кеткендей естілді. Екі-үш қасқырдың жылқыға тепкізіп өлгенін көзі шалып қалған Бат енді ғана еркін тыныс алғандай көңілі тынши бастады. Ол, дәл осы келген жерінің қай маңай екенін шамалап келе жатқандықтан мына өлген қасқырларды боран басылған соң келіп сойып алармын деп те ойлап үлгерді. Жылқы үйірі өстіп бірнеше қасқырды өлтіріп біраз жүректенген соң, сап тәртібін өзгертіп орталарына арықтау әлсіздерін алып, мықтылары үйірдің сыртын қоршай шапқылады. Темірдей қатты ат тұяғы енді қасқырлардың үрейін ұшырып, келесі кезекте мына қатарласқан аттардың сапы оларға тізілген темір шоқпар секілді елестеді.
Көлге таяп қалған қатерлі кезде жылқының мынандай тәртіппен сапқа тұрып шапқаны Баттың көңілін орнықтырған еді. Енді, тек қана алда кетіп бара жатқан бастаушы сәйгүлікті дұрыс бағыттаса болғаны қалған тығыз-таяң уақытта көлдің шығыс жағымен өтіп кетуге болатын-ды. Алайда, мынау шабуылдаған бөрілер әдеткі қасқырлардан да екпінді екенін байқаған Баттың көкейінде әлі үрей арыла қойған жоқ. Өйткені, әбден қаны қарайған қасқырлармен қарсыласқан сайын оның күші артып, тіпті қатты кететін сырын білетін далалық адамдар одан қорықпай қайтсін! Жаңа әзірде ат тұяғына түсіп жараланған қасқырлардың ащы ұлығанын естіген басқа қасқырлар ендігі қалған аз уақытта не жасауға да мүмкін еді. Әрі, үйірдегі көптеген аттардың қасқыр талап жараланып қалғанын Бат байқаған. Бірақ, мынау әскери аттар жақсы таңдалғанымен қоса, бұдан бұрын да қасқыр үйірімен бетбе-бет келіп көргендіктен, жараланған аттарды да үйірден қалдырмай орталарына ала, саппен шауып келе жатқандықтан олардың қайта шабуыл жасауына мүмкіндік бермей келеді.
Алайда, мына жылқы үйірінің ішінде қасқырмен таласып, қорғанатындай айбынды айғырдың болмауы бұлардың ең осал жағы еді. Өйткені, бұрынғы әдет бойынша иен далада жайылатын әрбір оншақты жылқыға бір айғыр тиесілі болу керек-ті. Ондай айғырдың шұбатылған ұзын жалы желмен желбіреп өзіне айбын беріп, ірі денесі басқалардан озып, тума үйірін не қатерден болса да бастап алып шығатын еді. Ондай жылқы үйірі қасқырлармен кезіккенде буаз бие, тай-құлындарын ортаға алып, құр аттар мен айғырлар сыртын қоршай қасқырмен бетбе-бет келетін. Олар осындай қатерлі кезде жалын желбіретіп, ауыздарын аңқайта ашып, танауларын делдите пысқырып, алдыңғы екі аяғын тік көтере тарпығанда қасқырдың қақ шекесін ойып түсеретін. Ал, қасқыр бұрыла қашқан кезде, тұра қуып аямай тістеумен қатар, кейбір мықты айғырлар қасқырды қапсыра қарпыған қалпы сілке көтеріп, жерге қатты ұрып үстінен аяғымен таптап өлтіріп те жібереді. Сондықтан, даланың ең азулы арланы да айғырды көрген жерде оған таяп барудан жасқанады. Мұндай айғырлар күндіз де, түн де үнемі сақтықпен өз үйірін күзетіп, қасқыр шаба қалған кезде де үйірін айнала шауып ұршықтай үйіріп, аз шығынмен қауіпсіз жерге жеткізе алатын еді.
Міне, осындай сын сағатта Бат айғырдың қаншалықты қажет екенін қатты жоқтады! Өйткені, мынау шауып келе жатқан бірегей сәйгүліктер қанша мықты болса да айғырдай айбыны жоқ еді. Тұрақты армия әлденеше жыл бойы бұл даладан әскери ат алмағандықтан адамдар әскери аттардың үйіріне де айғырдың қажет болатынын мүлде ұмытқанын қазір Бат есіне алып қатты өкініп келеді. Ал, бұл жылқы үйіріне айғырдың қажет болатынын ойлаған адам болса да, иен жайылымда бірнеше күн ғана болады ғой, қайтеді дейсің деп ескермеген шығар, бәлкім. Міне, осы бірнеше күн дейтін бос кеңістікті айлалы бөрілер қалай дәл тапқанына таңданбасқа шара жоқ! Айғырсыз жылқы үйірін тап басып, тап берген арланның алғырлығын Бат қазір іштей мойындауда.
Бат жылқы үйірінің алдына таман түсіп, бастап бара жатқан сәйгүлікті шығысқа қарай бұру үшін құрықтап көрді, келесі кезекте жартылай автомат мылтығын оқтап алса да, атуға жүрегі дауаламады. Өйткені, мына үйірдегі жылқылар өңкей жас аттар болғандықтан, қасқыр үркітемін деп атқан мылтық дауысынан жылқы үркіп бытырап қашуы мүмкін еді. Лхасүрен де бұл кезде Бат секілді бәріне даяр еді. Қарлы дауыл тіпті күшейгендіктен қолға ұстаған құрық та ауырлай бастаған. Көл жиегі тіпті таяп, ашық күндері көлдің батпақ иісі мұрынға келіп тұратындай жақын қалған-ды. Көзі қанталап алған Бат, енді ең соңғы амалын іске асырмаққа, алдыңғы сәйгүлікті шықпырта осып, жылқы үйрін суға айдағандай барынша қатты ысқырды. Иесінің ниетін түсінгендей болған жылқы үйірі, дәл қарсы алдарында әр екі күн сайын барып су ішетін көлдің бар екенін түсінгендей болды. Көктем басталғалы жауын-шашын өте аз болғандықтан, көл суы тартылып шет жағы бүтіндей лай-батбаққа айналғанып, аз-мұз мал суаруға арналған сорап жолдан басқа маңай түгелдей құрылған қақпан секілді ми батпақ болғандықтан көктемнен бері біршама жылқы, мал батып өлген еді. Сондықтан, жылқы үйірі жылқышының ысқырығына құлақ түріп әбден қатқан сорапты қуалай, өте сақтықпен барып су ішіп үйренген болатын. Күндізгі уақ болса, ешқандай жылқы дәл осындай шабыспен көл жаққа қарай қадам баспас еді.
Баттың ысқырығы пайдаға асып, жер жағдайын жатқа білетін жануарлар алдарында жатқан сұмдық қатерді сезе қалғандай мінез танытты. Топтанған жылқы үйірі бір сәтте шұрқырай кісінеді де, аяқ-асты сәл тоқтағандай топырлай түсіп, қатты желдің ығынан тайқып шығысқа бет бұра шапқылай жөнелді. Өйткені, қарсы алдында ми-батпақ, артынан қуған қатты дауыл, өкшелеген өлермен бөрілерден аман құтылатын жалғыз жол осы шығыс алдыңғы бағыт еді. Қалың аттың көздері қорқыныштан шелейіп, бірде-бірі кісінемей, тек мойындарын алға соза жандәрмен алға ентелей ұмтылғаны, жылқы үйірі түгелдей өлімнен жарыса қашқан үрейлі сәтті көзге елестетіп тұрды.
Жылқы осылай кенет бағытын өзгерткен сәтте шайқас тәсілі де шұғыл өзгеріп кетті. Жылқылар шығыс бағытқа бет бұрған кезде, тұяқ дүбірі әлсіреп, олардың қорғанысы осал келетін бүйір тұсы қасқырдың ауызына дөп келіп қалды. Қарсы желдің екпінінен жылдамдығы азайған жылқы үйірінің, енді қасқырдан қорғанатын шамасы тіпті әлсіреп кетті. Желге қарсы шапса да, ыққа жүгірсе де жылдамдығы жылқыдан артық болатын бөрілер, енді қанатты барыстай құтырынып алды. Желдің ығына қарай кеткенде қасқыр қанша жүйрік болса да, жылқы одан кем түспейтіндіктен қасқыр мұндайда тек бүйір тұсынан ғана тістей алады, жылқының артқы сауырынан тістей алмайды. Өйткені, тәжірибелі жылқы артына таяп келген қасқырды сезген сәтте кенет жылдамдық қосатын болса, қасқыр артқы екі аяқтың текпісіне ұшырап, өлмесе де оңбай жараланады. Сондықтан да, қасқыр жылқының бүйірінен келіп жабыса тістейтін жалғыз әдісті қолданады. Бірақ, бұлайша бүйірінен келген кезде, аттың жылдамдығынан жабыса тістей алмайтындықтан, шала қарпып қалады да, онша қауіп тудыра алмайды. Алайда, жылқылар бағытын кенет өзгерткендіктен қасқырларға таптырмайтын жақсы жағдай туа қалды. Енді, желге қарсы баяулап қалған жылқыны қасқырлар қуа түсіп, кенет шабуыл жасағанда желмен селбескен олар жылқының сауыры мен мойын тұсынан жылдам жабыса алатындай еді. Мұндайда олар өткір тырнағымен жылқыға жабыса кетіп, ең жанды жерінен азуды аямай батырып қана қала беретін тәсілі бар. Ал, мұндай жағдайда жалғыз қасқыр болса, жылқылар оны бүкіл денелерімен жаншып тастауға болар еді, бірақ, бір үйір қасқыр бұлайша қаптағанда ештеңе де істей алмайды. Әлгі жылқы жығылған сәтте-ақ топ қасқыр жабыла кетіп, ілезде жұлмалай салады.
Жылқының шетінде қалған аттар қасқырға қабырға, сүбесінен тістетіп, қан соқта боп жаралана бастады. Қан сасыған шабуылдан одан әрі құтырынған қасқырлар тобы жығылған жылқыларға қарамай, одан да көп қыру үшін кірісіп кеткен. Арлан бастаған үлкен көк бөрілер бір атқа жан-жағынан жабыла кетіп, жығады да жаны шығардан бұрын ет пен терісін қоса жұлып-жұлып әкетеді. Келесі кезекте аузына тістеген ет кесегін лақтырып тастап таяп келген атқа тағы тап береді. Сөйтіп, арлан қасқырдың артынан ерген үйірлі бөрлілер жан-жақтан анталап, ет пен сүйегіне сіңген әлгі қырып-жою дейтін сұмдық түйсіктерімен іске кіріскені сұмдық қорқынышты болса да өздері үшін бір рахат секілді.
Жылқылар жарақаттың құрбаны болып, аққан ыстық қан ақ қарды қызылға бояды. Қатал дала түмен жылдардан бергі жалғасып келе жатқан мінезін бұл жолы да ашық көрсетті. Бөрілердің үйірі мұңғол сахарасында сансыз жандылардың жанын алып, қанымен тақыр жерге мөр қалдырған ісін жалғастырумен келеді.
Қол-фонардың шолақ жарығының ұшында екі жылқышы жыл сайын болатын қанды қырғынды тағы да көріп келеді. Алайда, Олынбұлақ даласының ат-абыройын қорғайтын армияға арнаған сайгүліктің мұндай жағдайға ұшырауына қалайда жол беруге болмайтын еді. Өйткені, бұлардың көбі құлын боп туғалы бері талай қасқырдың ауызынан аман қалған, өсірген жылқышылардың маңдай терімен бағылған алтыннан кем емес ең бағалы заттары еді ғой. Бат пен Лхасүрен үшін мұндай жағдайға көз жасын көл қылып жыласа да аздық ететіндей ащы өкініш болғанымен, енді қанша шыдамы қалса сонша күш жұмсап қалғанын аман алып қалу қамын қарастырудан басқа жол жоқ-ты. Өйткені, бұл шабуыл жасағандар әдепкі қасқырлар емес, ең айлакер арлан бастаған сұмдық топ екенін Бат сол әзірде білген-ді. Қыстай азыққа қалдырған қар астындағы киіктерінен айырылған арландар мен жазғытұрғы жаңа туған бәйкүна бөлтіріктерін алдырған қаншық қасқырлар бәрі де қаншалықты ашулы болса да, ақшулан арлан бәрінен де қатерлі еді. Ол өз үйірімен бірлесіп тіке қарсы алдыға қарай жылқыны тықсыра қуғандағы мақсаты айқын еді. Жылқы табынын батпаққа батырып ұстау деген арландардың бұрыннан келе жатқан әккі әдісі еді. Бат бұрындары қасқырдың талай киік пен жылқы, сиырларды батпаққа батырып жегенін көргендіктен жаңа әзірде зәресі қалмағаны сол болатын. Ал, бүгін сол естігені мен сырттай көргенінің дәл өз басына келетініне сенерін де сенбесін де білмеген! Мына, көзіне қан толған қасқырлар бәрін қырып бітпей тоқтамай ма, деген ойдан тіпті шошып кетті.
Бат қол-фонарымен Лхасүренге белгі беріп, екеуі жылқының батыс жағынан орап шығып, сол жағынан жарық түсіріп, құрықтарымен қасқырларға қарай қатты сілтей бастады. Қасқыр әдетте көз қарықтырған жарықтан қорқады. Енді, екеуі ат үстінде тұрып, қол-фонардың әлсіз сәулесін жан-жақа түсіріп, ерсілі-қарсылы шапқылап сол жақтағы жылқыны біршама қорғаштап қалды. Жылқы үйірі өте қатты шошынғандықтан әреңдеп ес жиып, сәл тыныс ала сала көлдің шығыс жағымен айналып өтуге бет алды. Олар, егер көлді айналып үлгерсе болды, ыққа қарай шапқылап таяу жердегі мал төлдететін қыстаққа жетеді, онда көптеген мұңғол киіз үй бар, таныс адамдар, көз қарықтырар электр шамы, үргені ащы болса да бұлар үшін жақын дос саналатын аңшы иттер көп болғандықтан, олар қасқырға аянбай қарсы тұрып бұларды қорғайтынын, адамдар да қол ұшын беретінін сезген-ді.
Алайда, көк бөрілер сахараның сәл тыныс беретін мүмкіндігінен саңылау қалдырмай пайдаланатын соғыс перілері болғандықтан соны соңына дейін қалдырмай қолданатын сайыпқырандар еді. Сондықтан олар, осы қолға түскен мүмкіндікті түгел қолданып, күші таусылғанша тістесіп, жалғыз жылқыны да тірі қалдырмауды ойлады. Жылқы үйірі бұл кезде көлдің шығыс жиегіндегі ащылы борпылдақ маңайға іліккедіктен, тұяқ дүрсілімен қар астындағы жұмсақ қыртыс бұрқырап, адам да мал да қақалып-шашалып тұншыға бастады. Олар осылай көздерінен жас ағып, тыныстай алмай қиналған қысқа сәтте өмір мен өлімнің қылдай жіңішке шекарасында тұрғанын ұқты. Айнала тұмшаланған тас қараңғы, көлдің айдыны көзге түспесе де дәл жиегінде тұрғандары анық еді. Адам да, мал да ащының тозаңынан қақалып-шашалып, көздеріне жас толса да, тек алға қарай шығуды ойластырып бақты. Өйткені, мынау ат тұяғынан көтерілген ащының тозаңынан сәл алыстап, көз ашылса болды, көлдің шығыс бетіндегі еңкіш жазыққа аяқ іліктіріп, одан ары көлдің арғы шетін қуалап желді ықтап кете беруге болар еді.
Адам мен мал осылайша қасқырмен қасарыса ұстасып жарысып келе жатқанда, қасқырлар шұғыл шабуылын тоқтата қойғанын көрген Бат сасқалақтағынан мылтығының құндағынан ұстай алды. Оның он жылдан аса жылқымен алысып жүріп жинаған тәжірибесінде қасқырлардың бүйтіп кенет тоқтауы, ең соңғы шешуші шабуылға шығатынының белгісі деген сөз. Егер, осы жолы жаңа шабуыл жасамаса, қайтадан мүмкіндік қалмайтынынын жақсы білетіндіктен, олар кек алатын бұл тамаша жағдайды қалайша құр жібере қойсын! Ащылы тозаң қасқырдың да көзін бүркеп жылқылар секілді бағытынан шатаса қалса ғой, шіркін! Егер, жылқы шығыс бетіндегі еңкіш жазыққа іліксе болды, Бат мылтық атып, жылқыны алға қарай бұрып, қасқырларды үркітіп және алдан көмек те күтер еді. Бат дірілдеген қолын икемге келтіріп, қасқырлардың топталған тұсына мылтық атса, Лхасүрен де ілесіп мылтық атуы керек.
Бат енді ғана қолын ыңғайға келтірем дегенде, жылқылар шошына кісінеп, астындағы аты да үркектей тоқырап қалды. Бат ащыған көзін бір ұйқалап жіберіп, қол-фонарын алға тосып қарағанда, атының дәл алдында бірнеше үлкен қасқырдың ат тұяғынан да именбей көлденеңдей тұрып алғанын көрді. Бат артына бұрылса Лхасүрен де дәл солай бірнеше қасқырға қамалып қорыққан атын тебініп тұр екен. Әбден құтырынған қасқырлар ең соңында атты адамға да шабудан тайынбайтын жағдайға келгені көрініп тұр. Бат Лхасүренге қол-фонармен бері маған қосыл деген белгі берсе де, оның шошына үріккен аты, тыпыршып ала қашып таяйтын емес. Бірнеше үлкен қасқыр оның атына қарай шапшып тістелей бастағанымен қоймай, оның өзінің қоқиған тонының етегін де жұлып әкетіпті. Қатты қорыққан Лхасүрен қолдана алмаған құрығын жерге лақтырып, қол-фонармен шапшыған қасқырларды ұрам деп жүріп оны да сындырып, енді құр қол қалған. Алайда, кезектесе шапшыған қасқырлардың шабуылы тоқтамады. Бір үлкен сұры арлан оның атының сауырына жабыса кеткен сәтте, аты шыңғыра пысқырып, ауыздығын шайнай, мойынын сілке, иесінің ықпалдынан шығып, батысқа қарай бұрыла шапты, Лхасүрен де оның ауыздығына ие болудан қалған болу керек, көзден таса болды. Өздерінің шабуылына бөгет жасап жүрген бір адамның қашып кеткенін көрген бірнеше қасқыр оны қуа түсіп, қайта бұрыла сап жылқыларға ұмтылды.
Бұл кезде, жылқыны жалғыз қайырып қалған Баттың атына қасқырлар үйірімен лап қойды. Баттың астындағы үлкен қарагер ат, қатты пысқырып, көзі шадырая алайып, денесіне тиген қасқырдың тістерін де байқауға шамасы келмей, алдына келген қасқырларды тарпып, арнына келгенін теуіп, тістелеп бар шамасымен шайқасып жүрді. Қасқырдың қоршауы күшейгендіктен бәрі жабыла қарагер атқа қаптады. Бат мұндай қатердің ішінде қалған соң енді, шамасынша күрескеннен басқа қашып шығар жол қалмағанын түсінді. Бат өзінің жанындай жақсы көретін құрығын жерге тастады да, шыр айналған атынан ауып қалмау үшін бір қолымен ердің алдыңғы қасынан ұстап, келесі қолымен артқы қанжығадағы темір сахиналы дойыр қамшысын алып, қайыс бүлдіргені білегіне өткізіп, сабынан тас қып ұстап алды. Ол жаңа әзірде жайбір жылқышы болса, енді қасқырлармен өліспей берісбейтін батырға айналып шыға келді. Ол соңғы кезде мүлде қолданбаған ата-бабадан жалғасып келе жатқан қасқырмен айқасатын тәсілді іске асырмақ болды. Оның қолына ұстаған бұл қамшы әскерлердің қанжарынан кем түспейтін ұзындығы бар, бірнеше атадан жалғасқан қасқыр аулаудың осынау қолма-қол қаруын Біліг қария оған берген-ді. Қамшының сабы күрек сабындай жуантық, басындағы сақиналардың арасындағы кір сияқты қатқан дақтар баяғыда аталары өлтірген қасқырдың қатқан қаны еді. Бірнеше ірі денелі қасқыр аттың екі жағынан кезек келіп шапқаны, ат үстінен қасқырды ұрып жығуға ең қолайлы қашықтық саналатын. Бұл деген Баттың бүгінгі түні дәл осылай қасқырмен айқасуына ең сәті түскен мүмкіндік еді, тек қана жүректілік пен қолдың дәл сілтеуі ғана қажет болатын.
Бат бүкіл назарын тіктеп, тынысын тоқтатып, жарықты ақырын оң жақ қырына түсіріп, қамшысын басына дейін тік көтеріп, ұратын сәтті күтіп тұрып, шапшып келіп қалған қасқырдың ең осал жері осы-ау, деп қасқиған қасқа тісін ала ұрып өтті, төрт тісі қатар сынған бөрі ауырсынғаны сонша қаңқ етуге ғана шамасы жетіп, шалқалай ұшып түсті.
Әлгі жығылған үлкен сұр қасқыр қардың үстінде тыпырши аунап, ауызынан қанды көбік ағып, аспанға шалқалай қаңсылап ұлығаны қатты ауырсынғанын білдіреді. Ежелгі мұңғол сахарасында қасқыр үшін қасқа тісі оның жанынан да қымбат заты саналаты. Өйткені, қасқырдың ең күшті қаруы осы астыңғы екі, үстіңгі қос қасқа тісі, ол тістер оның айбыны, жүректілігі, алғыр ақылы, әдіс-тәсілі, ашу-ызасы, кек-өштігі, ашкөз-адуындығы, шыдам-қайраты... бәрі осы тісте жинақталған, сондықтан тістен айырылса ол барлық қасиетінен жұрдай айырылғаны. Тіссіз қалған қасқыр сахараны бағындыратын барлық төтенше құзырынан айырылды деген сөз. Тіпті, тіссіз бөріні Тәңірі де тәрік етеді, дейді. Тіссіз қалды деген сөз, қасқырдың күн сайын тауып жейтін тамағынан, алысатын аңынан, таласатын қасқырынан, кесек-кесек асайтын еттен, қылқ-қылқ жұтатын қаннан құр қалып, күш-қуат көзі бітті, деген сөз. Енді, оған әншейін тірі жан ретінде, өзінің үйірлестеріне еріп, олардың аң ұстаған сәтіндегі қызығына қарап отырудан басқа ештеңе қалмайды. Сөйтіп, тіссіз қалған бөрі, ішегі шұрылдай ашығып, қарыны қаңсып шөлдеп, дірілдей тоңып, қу сүйек боп арықтап өлуден басқа жолы жоқ.
Бат жылқы үйірін бір-бірден талап қан қақсатқан, мына ашкөз, қомағай қасқырларға адамның адуын күшін көрсетіп, өздерін де түгел қырып сала алмағына қатты іші ашып, өкінді. Басқа қасқырлар әлі ештеңені аңдап үлгермегендіктен, тағы бір сұр арланның дәл барқыт тұмсығынан аямай осып үлгерді. Ол да қар үстіне сұлап түсіп, қимылсыз қалды. Баттың осындай қасқыр соғатын әдісі нәтиже беріп, өлгені бар, жаралысы бар қасқырды көргендері енді оған қайта шабудан тайсақтаса да, алдын орап бөгеуін тоқтатпады.
Бат өзіне шапқан қасқырларды тоқтатып, алдындағы жылқы үйіріне қараса, қасқырлар олардың шығыс жағына шығып шоғырланыпты да, не істерін білмегендей тоқырап қалғанына қарағанда арттағы шабуылдаған бөрілердің жеңіліске ұшырағанын сезген секілді. Шоқиып отырған қасқырлардың ызыңдаған жел секілді ысылдаған біртүрлі дыбыс шығаруы олардың өздері қатерге ұшырағанын білдіретін белгі еді. Алайда, арлан қасқырдың бастауымен бөрілер үйірі, қасқырдың ең аяусыз шабуылы мен қанды селдей ағызудан тайынбайтын ақылға симастай нағыз жанкешті шабуылын жылқыға қайта бағыттады. Әсіресе, әлгі бөлтіріктерінен айырылған қаншық қасқырлар енді, өз жандарын да шығысқа шығарғандай жанына таяған жылқының бүйіріне жабысуда. Бұл жылқы мен қасқырға тең түсетін жан беріп, жан алысқан ақырғы шайқас еді. Қасқырлар үшін жылқының бүйіріне жабысу деген, тағылған үзеңгіге асылғанмен бірдей, үріккен аттың артқы серіппелі аяқтары оның денесінің кез келген тұсын оңдырмай жарақаттап, тіпті қарынын ақтарып, басы-көзін жарып кетуі де ықтимал қауіпті қарекет саналады. Ал, өте тәсілқой қасқырлар жылқының дәл жұмсақ қарын тұсынан ауыз салса, ішек-қарынын ақтара салып өзі тайқып кете алады. Бұндай шабуылға ұшырау жылқы үшін өте қатерлі, жарақаттан есі шыққан жануар қасқырмен қарсыласа алмай бөгеліп қалса болды, қашқан үйірден бөлінеді де топ қасқырдың ортасына түседі.
Осылайша, қасқыр мен жылқының қан майданы қыза түсті. Атқа тебіліп құлаған қасқырлардың көбісі қаншықтар еді. Өйткені, олар арланнан гөрі денесі жеңіл болғандықтан, бүкіл денесімен жабысып қана жылқының қарынын жарып салуы мүмкін. Алайда, ондай сәтті күтпей-ақ, айырылып қалған жас бөлтіріктерінің кегі үшін жанын да аямай, кез келген сәтте өлімге бас тігіп, жолыққан жылқыға жабыса түсуде. Олар өзінің қарыны ақтарылап жатса да, сүті сыздаған емшектері жаншылып жатса да бір жабысқан жылқыдан жабысқан қалпы қалмай, бірге өлу үшін кетіп барады.
Атқа қарнынан тептіріп оңбай құлаған бір аш бөрі, азу тістерін ақсита ырылдап, ыңырси сүйретіліп, алдыңғы екі аяғымен тырманып, жақын жерде әлі өлмей жатқан жылқыға таяп, оның жарақатына жабыспақ болғаны, өліп бара жатса да соңғы шайқаста олжасын ала кетпек болған асқан жанкештілігін көрсетеді. Өйткені, оның ауызы мен тісі бүтін тұрғанда жарылып қалған қарнына да қарамай асап қалуы керек еді. Сөйтіп, жылқының жас еті қасқырдың ауызына түсіп, жарылған қарыннан қайта шығып қардың үстінде қалып жатты. Қарынның мөлшерін есепке алмайтын дүниедегі ең қомағай хайуан, жылқының қанша етін жесе де тоймайтындай нағыз ашкөздің өзі еді. Мұндай бөрілерге бұл түн айызы қанғандай ең мақтанышты болса да, ең аянышты тамақтану болғаны анық.
Көктемгі жас шөп пен қар астындағы күзгі сүрі шөпті қатар жеп әбден тойған, оның үстіне су ішіп шардиған жылқының қарынын қасқыр қанжар азуымен айырып түскен кезде, ішек-қарын лақылдап қар үстіне оңай ақтарлып қалады. Алайда, енесі тік тұрып туатын, түрегеп тұрып қалғитын, төрт аяғымен шапқылауға жаралған жылқы малы, ақтарылып түскен қарынын артқы аяғымен қақ жарып, шұбатылған аш ішегі мен тоқ ішегін тасырлата үзіп шауып кете береді. Осылай жанталаса арындап шапқан арғымақтар, құрсағындағы мүшесі түгел түсіп біткен кезде енді, кеудесіндегі өкпесі мен жүрегі жерге сүйретілгенде оны өз аяғымен таптап барып жығылатыны олар да қасқырдан кем емес жанкешті жануар екенін айғақтайды. Алайда, ең соңында өз жанын да аямай шайқасқа шыққан қасқыр деген хайуан қарсыласын қандай амалмен болса қан жоса қылудың бүкіл амалын жасап тынады. Қасқыр осылайша өзіне қастық жасаудың қандай болатынын жылқыларға көрсетіп жатты. Осы сәттерде, жылқы бір жағынан өзін қасқырға өлтіртіп, бір жағынан қасқырға өзін құрбан қылып жатқан секілді. Сондықтан, жылқының мына өлімі өкінішіті де аянышты еді!
Қасқырдың мына жанкешті ақырғы шабуылы жылқылардың өзара бірлескен қорғанысының быт-шытын шығарды. Сахара дала бүтіндей қырғын алаңына айналып, ішегін сүйрете шапқан жылқылар ең соңында қар үстіне гүрс етіп құлап, ыстық дем мен қанға толып тұрған кеудесі де құрсағы да ілезде қарлы мұзбен қапталып қалуда. Кейбір омақаса құлаған аттар жанталаса тыпырлаған кезде айналаға қызылала қанын шапшыта шашыратып ақ қарды бояп жатыр. Жылқының ыстық қанымен боялған сансыз қар түйіршіктері үріккен жылқының тұяғымен ұшқындап, оларды соңғы сапарына шығарып салып жатқандай.
Бат, қасқырлардың мынандай кек қайтарушы қорқынышты шабуылынан, есі шығып шаршағаны сонша денесінен саулаған ыстық тері мұзға айналып қата бастады. Ол енді жылқыны құтқарудың бүкіл амалы біткенін түсінді. Алайда, ол анау төбеде қалған бірнеше атты аман сақтап қалу үшін, атын қатты тебініп, тізгінін сілкіп жібергенде астындағы сәйгүлігі қарсы алдын бөгеп отырған бөрілердің үстінен ырғи секіріп, алдағы аттарға қарай ағыза жөнелді. Жеңілген әскер, тау құлағанмен тең дегендей, шошынған аз жылқы ыққа қарай бытырай қашып барады. Әбден үрей билеген жылқылар, алдарында қауіпті ми батбақ бар екенін де естен шығарып құйындай заулап барады.
Көл маңындағы көлбеу жазық, тіпті күшейіп алған қарлы жауынның екпіні, шапқан аттардың жылдамдығына одан сайын жылдамдық қосып, жылқы үйірі таудан домалаған тас секілді алдындағы жатқан ми батпаққа келіп кірді. Көз ілеспес аз уақытта жұқа мұздақ шытынап, лай-батбақ шашырап, шапқылап жетіп келген жылқылар түгелдей батпаққа төрт тағандап батып кеткенде шарасыздықпен шыңғыра кісінеп, амалсыз қалған жағдайда бұлқынып, тыпырлай бастады. Қасқырдан әбден қорыққан, ашудан шегіне жетіп жаныққан жылқылар ми батпаққа кіріп кеткен кезде сәл-пәл сезіктенсе де, келесі кезекте барлық күш-қайратымен ұмтылып, желімдей жабысқан батпақ денесін төмен тартқан сайын оны елең қылмай алға қарай тырмысады. Жылқының бұл қылығына қарағанда, батпаққа батып өлсек өлейік қас жауымыз қасқырдың жемі болып, олардың айызын қандырмасақ болды, дегенге ұқсайды. Жылқышы иелеріне бақтырып арғымақ болған мінезінен айырылған бұл аттар, өмірінің соңғы мезетінде бір шұңқырда бірге өліп, қасқырдың құтырынған шабуылына осылайша тосқауыл берейін дегені болса керек. Бұл да сол ежелгі мұңғол даласының қатал да қайғылы өмірі еді.
Расында, өзі де қатал сахара баяғыдан әлсіздікті қаламайтындықтан бұл жолы да оларға аяушылық білдірмеген-ді. Түнде ауаның суитынына орай батпақтың шеті аздап мұзданса да, орта тұсы қатты қатпайтындықтан батпақ бұрынғысынан бетер жабысқақ болатын. Қарлы бұрқасынмен араласып одан бетер қоюланған батпақ, аттардың аяғын лоңқа секіллі сорып, аттап басуын қиындата берді. Бір топ ат батпақтың орасында сүйретіле жылжып келеді. Әрбір қадам басқан сайын қарлы бұрқасын аяқ ізін көміп, жылқылар батпақ пен қарды араластырып жүргеннен басқа пайда жоқ секілді. Жылжыған жылқы ақыры бүкіл күшін сарқып қозғалуға да щамасы келмей қалды. Ең алдыңғы ат мойынына дейін батып енді басы ғана көрініп тұрды. Бұл сәтте мына жылқылар өлім тақтасына шығарылып жазасын күткен қылмыскер секілді, суық қар мен мұздай қатқан батпаққа қозғалмастай байланған еді. Амалы құрыған аттар, үміті үзілген үнмен кісінесіп, суық батпақтың үстінен ұшқан ыстық демнен пайда болған қырау аттардың құйрық-жал, жүніне ақборық секілді жабысып жатты. Енді, оларды ешкім де құтқара алмайтынын, қасқырдың қысас қырығынан аман қалмайтынын жылқы түлігі түсінген сәт келіп жеткен-ді.
Бат, ақырындап атын батпақ жаққа тебініп көріп еді, биік қарагер ат қатқақтаған мұзға аяғын бір-екі басып көрді де, шошына пысқырып, басын кекжите шегіншектеп алға басар болмады. Бат, енді қол-фонарын батпақ жаққа түсіріп байқап еді, қарлы бұрқасынның сәл тиылған сәтінде онда қамалып тұрған жылқы тобының жағдайын аздап байқауға болады екен. Бірнеше аттың болдырған пішінде басын изектеткені иесінен ең ақырғы жәрдем тілегені секілді көрінді. Бат ашулана атының бүйірінен қатты тебініп, биік қарагерді алға жүруге мәжбүрледі. Алайда, қарагер өте сақтықпен бес-алты қадам алға басты да, аяғы батпаққа терең батқан сәтте, шұғыл бұрылып артқа ытырыла шығып, саздың шетіне жеткенде бірақ тоқтады. Бат, енді оны қамшымен аямай қанша шықпыртса да алға бастыра алмайтынын білді. Бат енді, аттан түсіп қамалған жылқының жанына барып мылтықпен қорғанайын деп ойласа да, биіктен қасқырды қамшымен ұратын тәсілі мен атының да шапшып қасқырдан қатар қорғанатын амалдынан айырылып, аты да, өзі де бөріге жем болып кетуі айқын еді. Оның үстіне өзіндегі алып жүрген он оғын атып тауысқанда, қалған үйірлі қасқырға немен қарсы тұрады? Әрі, мылтықпен қорқытып қасқырларды қуып жібергеннің өзінде, түнімен жауған дымқыл қар батпақта тұрған аттарды үсітіп жіберері сөзсіз. Болмаса, жақын жердегі бөлімшеден адамдарды көмекке шақырса қайтеді? Бірақ, мынандай сұмдық қарлы дауылда әркім өзінің малының қамымен әуіре болып жүргенде, батпаққа түсіп қалған жылқыны шығарыса қояйын дейтін адам табыла ма?! Баттың көз жасы кеудесіне тамып, шығыс жақ бетке қарап: «Тәңірім! Мәңгі Көк Тәңірім! Бізге қорғаушы, мейіріміңді жұмсап, жылқыларымды құтқара көрші!» деп, Жоғарғы Тәңір Иеге жалбарынғанымен, аспан жүзі одан әрмен қарауытып, Баттың дауысы желге ұшып кете барды.
Бат, аққан көз жасын елтірімен жасалған қосымша жеңімен сүртті де, қамшысын білегіне орап, мылтықтың бауын босатып ыңғайлы етіп, қол-фонарын қолына ұстаған қалпы қасқырлардың шабуылын күтті. Бұл сәтте Баттың көкейінде біраз қасқырды өлтірсем деген ғана ой тұрды.
Біраз уақыт өткенде Бат қатты тоңып ат арқасында бүрісіп қалды. Кенет, қасқыр үйірі пері секілді пайда бола қалды да, Баттың артын ала айналып, батпақтың шығыс жағына тоқтап бұлыңғыр тұман ішінде көзден таса болды. Содан кейін, көп кешікбей бір имиген аш бөрі жалғыз өзі жылқы тобына таяп барып, мұздың қалыңдығын байқастағандай болды. Бат ол қасқырды кішкене болған соң атып оқ шығындамады. Әлгі қасқыр оншақты қадам алға басқан соң кенет жылдамдата жылқыға қарай тап берді. Ол аттарға таяп барғанша болмады, кенет көл жиегінен қарлы құйын көтеріліп, жылқылар жаққа жапбай жабылған сәтте, көл айдынын бүтіндей бүркеген қарлы тозаң, аспан мен жерді айырып болмастай астаң-кестең етіп жіберді. Міне, бұл көрініс бейне ақ шашты, шайтан пішінді жабайылар, лаулаған оттың жанында адам мен аңды байлап алып, асыр салып ойнап жүргендей еді.
Бат енді, мұндай қарлы бұрқақта көзін ашуға да шамасы жетпей, қалтырап тұра берді. Асқан сергек қайратты қарагердің өзі қарлы дауылдың өтінде дірілдеп, танауын парылдата пысқырып, басын сілкілегеннен басқа амалы қалмағандай. Қап-қара түн қарлы боранмен қабаттасып, қызыл қан бұлақ боп аққан қанды қырғынды қалқаламақ болғандай түнере түсті.
Үсіп өлуге шақ қалған Бат жарықты өшіріп, төмен еңкейіп мылтығының ауызын батпаққа қарата кезей берді, кенет жоғары қаратып шүрппені ақырын басты, бір оқ, екінші оқ, үшінші оқ...
Моңғолшадан аударған: Абай Мауқараұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Аудармашының шығармашылық өмірбаяны:
Мауқараұлы Абай Хамзатегі, Моңғолиядағы Баянөлгей аймағы Бұлғын өлкесінде туған. Жазушы-журналист, аудармашы. Моңғолия Қазақ жазушылар бірлестігінің және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (1994 жылдан).
Тоқсаныншы жылдардан бастап Қазақстандағы еларалық «Шалқар» газетінде моңғолия қазақтары жайлы «Жүз жылдық көші-қон» тарихи эссесі және республикалық «Ана тілі», еларалық «Қазақ елі», халқаралық «Zaman-Қазақстан» (1995-2005) басылымдарында қызмет атқарған кезде қазақтың дәстүр-салты және қазақ диаспорасына қатысты көптеген ойтолғаулары және этнографиялық мақалалалары жарияланды.
Осы аралықта моңғол халқының рухани құндылықтары болып саналатын «Алтын шежіре» (Алматы, «Өнер» баспасы,1998 ж. 2009 ж.), «Сувашид» (Тибет ғибратнамасы, Астана, «Аударма» баспасы, 2004 ж.) және Цэндийн Доржготовтың «Ламалардың қанды қырғыны» (Таңбалы баспасы-2010 ж.) атты туындыларын тәржімалады. «О қазақ пен бұ қазақ» (Алматы, 2002ж.) публицистикалық жинағы жарық көрді.
2006-жылдан «Алтын қалам», «Фейз» баспаларынан шыққан көптеген Ислам танымдық кітаптарының тілдік, көркемдік редакторы қызметін атқарды.
Осы жылдары балаларға арналған «Мөлдір бұлақ», ғылыми-танымдық «Аңсар», әдеби «Жұлдыз», «Таңшолпан» журналдарында танымдық және ғибратнамалық әңгімелері жарияланды. Және «Құбыланама», «Озық сөздер» атты діни эсселері жарық көрді.
2011-жылдан бері Құран Кәрімнің ғылыми тәпсірі саналатын османлы түрік тіліндегі Рисале-Нұр жинағынан «Сөздер», «Лемалар», «Мектубат», «Шұғыла» қатарлы көлемді кітаптардың қазақ тіліне аударылуына қатысты, оның кейбір маңызды бөлімдерін қазақ баспасөздерінде жариялады.
Қазір Қытай жазушысы Зян Рунның «Қасқырлар құпиясы» атты романын тәржімалап аяқтауда. (Үзінділері «Таңшолпан», «Ақ желкенде» жарияланады.)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.