Қатынасушылар:
Бүгінгі күн:
Елбасы – Қазақ мемлекетінің президенті
Оноре де Базан – Француз елінің кәсіпкері, өте беделді тұлға
Кешегі күн:
Әміре Қашаубаев – қазақтың жезтаңдай әншісі
Луначарский Анатолий Васильевич – 1920-30 жылдардағы КСРО халық ағарту наркомы
Мұстафа Шоқай – Алаш қайраткері
Әлихан Бөкейхан – Алаш қайраткері
Серке Қожамқұлов – атақты қазақ актері
Тамара ханум (Петросян) – өзбек бишісі
Мұхитдин Кари-Якубов – өзбектің баритон әншісі
Сауытжанов – қазақ еліндегі мәдениет саласында істейтін жауапты қызметкер
Жекелеген көріністерде:
Иса Байзақов, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Қанабек Байсейітов, НКВД өкілі, бейтаныс жігіт, дауыс, т.б.
Негізгі оқиға Астанада және Қызылорда мен Алматыда өтеді. Ән атасы атанған Әміре Қашаубаевтың өмірінің соңғы сәтіне арналған, алайда шегіністер арқылы өткен күндер көрінісі көрермен алдына кеңінен тартылады.
Ескертпе:
1) Бұл пьесаны сахналау сәтінде екі нәрсеге баса назар аудару керектігі сұралады: біріншісі – 1925 жылғы ескі Париж көрінісі, оның бет-бейнесі нанымды көрсетілсе; екіншісі – бүгінгі жаңа Астананың көрінісі – суреттері де айшықты бейнеленсе құба-құп.
2) Әміре тек әнші ғана емес, ол ұлтжанды, елін жан-тәнімен сүйген азамат, сондықтан да оның бейнесін сомдағанда барынша рухты, қайсар адам ретінде көрермен көңілінен орын алуы қажет-ақ!
Оқиғаны желілеу
(Бүгінгі күн, Астана, 2016 жылдың аяғы)
Қоңыр күз айы.
Астанадағы “ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесінің іс-шарасына әзірлік алаңы. Қайнаған қызу еңбек. Әр-әр тұстан шуласқан еңбек адамдары.
Дауыстар:
– Тез, жылдам қозғалсаңшы!
– Туһ, мына түріңмен тапсырған жұмысты халықаралық көрме мерекесі басталып кеткенше аяқтамассың!
– Өзің неткен майлыаяқ жан едің?
– Бол! Болыңдар!
– ЭКСПО – біздің ел үшін мақтаныш әрі үлкен сынақ! Бүкіл әлем елеңдеп, құлақ түріп отыр бұған...
Осы кезде сахнаға қара көзілдірікті екі жігіт шығады. Олар сыбырлап сөйлейді.
1-дауыс: Сен жолдың арғы бетіне барғаның дұрыс! Өте сергек бол! Мен осында қаламын.
2-дауыс: Елбасы қазір келе ме?
1-дауыс: Уже құрылыс алаңына аяқ басып, кіріп келеді. Қасында Парижден келген құрметті қонағы бар.
2-дауыс: Ендеше, кеттім.
Олар кете береді де, артынша сахнаға қазақ елінің Елбасы шығады. Оған ілесе Франциялық қадірлі қонақ – Оноре де Базан да көрінеді.
Оноре де Базан: Құрметті Президент, сіздердің көрмеге әзірліктеріңіз өте жақсы екен. Таң қалып келемін.
Елбасы: Оноре мырза, бұл әлі толық аяқталған іс емес. Ертең түгел біткен кезде көресіз, мұнда жаңа заманның шағын қаласы бой көтермек.
Оноре де Базан: Оған бек сенімдімін. ЭКСПО-ға дүние жүзінен жүзден астам мемлекет келуге тілек білдіріпті. Бұл – мақтанарлық жағдай.
Елбасы: Әрине, әрине! Сіздің ел де солардың ішінде. Біз француз халқымен әрқашан дос ниеттеміз. Тығыз байланыстамыз.
Оноре де Базан: Сіздің ел мен біздің ел арасында тарихи сабақтастық бар. Оған өткен замандар куә. Мен ептеп тарихпен де айналыса жүрем. Біздің Парижде ХХ ғасырдың 30 жылдары Мұстафа Шоқай есімді өте білімді қазақ өмір сүргенін де оқып-білгем.
Елбасы: Оны білетініңіз өте жақсы! Сізге толығырақ түсіндіре кетейін. Мұстафа Шоқай – өткен ғасыр басында Керенскиймен бірге оқыған қазақ. Керенский “Уақытша үкімет” билігін қолға алғанда Мұстафаға “министрлік портфель” ұсынады. Сонда атамыз “сенің өкіметіңнің атынан қауіптенем, уақытша министр болмай-ақ қояйын” депті.
Оноре де Базан: (күліп) Қандай әзілқой, сөзтапқыш кісі! Мұның астарында қаншама терең мағына жатыр. (сәл тоқтап) Ал, енді сол Мұстафаны... бүгінгі қазақ жұрты жақсы біле ме?
Елбасы: О-о, Мұстафа Шоқай есімі біз үшін мақтаныш. Ол тек саяси қайраткер ғана емес, өте талантты әдебиетші-журналист, ғалым да болған. Оның артында қалған мол мұрасы қазір том-том болып басылуда. Ол кісінің есімімен көшелер, мектептер аталады.
Оноре де Базан: Тағы да есіме түсіп кеткенін қараңызшы! 1925 жылы осындай халықаралық көрме біздің елде – Парижде өткенде сіздің елдің атақты әншісі Өмір-р... Әмір-р...
Елбасы: Әміре Қашаубаев!
Оноре де Базан: Міне, сол Қашаубаев қайта-қайта сахнаға шығып, өзінің ұлттық аспабымен ән шырқапты. Екі ішекті аспабының аты...
Елбасы: Домбыра! Біздің ұлттың қос ішекті музыкалық аспабы –домбыра деп аталады.
Оноре де Базан: Сөз ретінде сұрасам болатын шығар. Сондай музыкалық аспап сіздің елге қайдан келген?
Елбасы: Оны біздің халық баяғыдан өзінің ұлттық музыка аспабы санайды. Ал, тарихы... (сәл ойланып) Ертеде, яғни 9-10 ғасырларда біздің топырақта, дәлірек айтсам, көне Отырар қаласы маңында Әбунасыр Әл-Фараби есімді ғұлама өмірге келген. Кейінірек, әлемді аралап, сонау Араб елдеріне барып, ғылыммен айналысқан. Тарихи деректердің айтуынша, ең алғашқы домбыраны жасаған – сол Әбунасыр баба! Әрине, ол кездегі домбыра қазіргімен ұқсас емес, оның ішегі екеу емес, бесеу болған деседі.
Оноре де Базан: О-о, Әбунасыр әл-Фараби үлкен философ-ғалым! Оны француз оқымыстылары жақсы біліп-таниды. Еңбектері француз тілінде жарияланған.
Елбасы: Өте қуаныштымын! Сол Әбунасыр – біздің қандас бабамыз!
Оноре де Базан: Президент мырза, келер жылғы ЭКСПО көрмесі кезінде шетелдік қонақтар Қашаубаевтың әнін тыңдаса бола ма?
Елбасы: Біз ол жағын да ескергенбіз. Көрмені ұйымдастыру тұсында “Ағаш аяқ”, “Жалғыз арша” секілді Әміре әндері міндетті түрде шырқалады.
Оноре де Базан: Сол әншіні... Ресейдің мәдениетін басқарған Луначарский өте жақсы көрген, қатты қолдаған екен. Осыған таңмын.
Елбасы: (ойлана сөйлеп) Анатолий Васильевич Луначарский – мемлекет қайраткері болумен қабат өте тамаша жазушы, сыншы, аудармашы, көсемсөзші, өнертанушы болған жан-жақты адам. Текті кісінің назары біздің әншіміз – Әміреге түскен. Сосын да Парижге алып баруға тікелей ықпал еткен. Бұл үшін Луначарский мырзаға қазақ халқы бек риза. (сәл тоқтап) Луначарский Әмірені кейін де көп қолдаған. Әттең, өмірі қысқа болды.
Оноре де Базан: Хабарым бар. Өзі Испанияға елші ретінде бармақшы болып, жол-жөнекей біздің елдегі Ментана курортына келгенде, кенеттен бақилық болған.
Елбасы: Міне, тағдыр деген осы!
Оноре де Базан: (ойлана сөйлеп) Қашаубаев туралы көбірек білсем деп едім.
Елбасы: Ол өтінішіңізді орындауға болады. Біздің өнер майталмандары атақты әнші туралы арнаулы фильм, тіпті сахналық қойылымдар әзірлеп жатыр. Соның алғашқы көрермені де енді Сіз болмақшысыз. Жүріңіз, сонда баралық... (екеуі жүріп бара жатады)
(Сахна қараңғыланады)
Бірінші перде
Көрініс
(1925 жыл, Париж)
Париж. “Дория” қонақ үйі. Бөлмесіне енді кіріп, жаңа ғана орналасып жатқан қазақ азаматы – Әміре Қашаубаев көрінеді. Оның көңіл-күйі өте көтеріңкі, өзі ыңылдап әндетіп қояды.
Әміре: (әндете сөйлеп) Ертең... екі күннен соң Француз жұртшылығы алдында ән шырқаймын. Қазақ әні шырқалады. Ту-у, неткен бақыт! Маған дейін мұнда қай қазақ әншісі келіпті? Жоқ, ешкім де келе алған жоқ. Ал, мен болсам...мен қазақ әнінің құдіретін Европаға молынан таныстыруым қажет. Көрсін! Естісін! Таң қалсын!..
Кенет бөлмедегі телефон шырылдап қоя береді. Әміре жүгіре жетіп, трубканы көтереді.
Әміре: Бұл кім?
Дауыс: Телефон тұтқасын көтерген кісі алдымен өз есімін атауы керек. Бұл – мәдениет, жолдас Қашаубаев!
Әміре: Ой, ғапу етіңіз, мен... мен байқамай қалыппын. Кешіріңіз, Анатолий Васильевич!
Луначарский: Ал, қалай? Бөлме өзіңе ұнады ма?
Әміре: Бұдан артық әдемі де әсем бөлме бола қоймас!
Луначарский: (күліп) Болады! Болады одан да әсем бөлмелер... Ал, бірақ, ондай тым керемет бөлме бізге керек пе? Барынша қарапайым болғанға не жетсін! (сәл тоқтап) Бүгінше демалыс! Тек... әлгі мәселеге өте сақ болыңдар.
Әміре: О не дегеніңіз, Анатолий Васильевич! Мен шетелде жүргем жоқ па! Мұнда аузыма бір грамм да алмаспын.
Луначарский: Мұны барынша қадап айтып жатқаныма ғафу ет! Сен орындайтын әндер, әсіресе ана “Ағаш аяқ”, “Қанапия”, “Жалғыз арша”... жоғары дауысты тілейді. Үлкен дем керек.
Әміре: Анатолий Васильевич, маған сеніңіз! Менің даусым бабында. Еш қиналыссыз орындап шығамын деп ойлаймын.
Луначарский: Айтпақшы... өзіңнен сұраймын деп ұмыта берем. Осы қазақ еліндегі мәдениет басшылығында жұмыс істейтін Сауытжанов деген кім, а?
Әміре: Оны қайдан білесіз?
Луначарский: Маған жеткен мәлімет бойынша, сол кісі сенің Парижге баруыңа өте қатты қарсылық көрсетіпті. Айтпаған сөзі жоқ. Тіпті ақыр аяғында сені... араққа салынған, ішкіш деп кінә тағыпты.
Әміре: Е, ол қызық адам. Мені қарадай жүріп ұнатпайды. Даусың тым жоғары, ышқынып айтасың дейді.
Луначарский: Мәселе – сенің даусыңда ғой, Әміре. Мұндай дауыс әзірге ешкімде жоқ. Осындай ерекше үнді қадірлеп, аялауымыз керек қой...
Әміре: Жолдас Луначарский, мен қандай ән салсам да, тек өз даусыммен айтамын. Фальш жасағым келмейді.
Луначарский: Жарайды, осымен тоқталық. Ертең – алғашқы репетиция! Даусыңды сақта, Әміре! Мен саған зор сенім артамын. Ал, әзірге! (трубкадағы дауыс үзілді)
Әміре: Пай-пай, қандай қарапайым адам. Өзі Ресейдің білдей наркомы! Қарапайым қазақ жігітімен өте сыпайы сөйлеседі. Міне, мәдениет... (сәл тоқтап, ойлана) Ойпырмай, Луначарский жолдастың өзі біліп тұр, осы Сауытжановқа не жаздым екен, а? Несін алыппын оның? Қарашы, тағы да алдымнан шықты.
Осы кезде есік қағылады.
Әміре: Иә, кіріңіз.
Өте әсем киінген, қолында оюлы таяғы бар, көзілдірікті кісі есіктен аттайды.
Әміре: (таңдана) Кешірерсіз, сізге кім керек?
Бейтаныс кісі: Сіз қазақ боларсыз?
Әміре: Қазақпын.
Бейтаныс кісі: Тегіңіз?
Әміре: Қашаубаев.
Бейтаныс кісі: Есіміңіз?
Әміре: Әміремін.
Бейтаныс кісі: Міне, мен іздеген кісі тап сіз екенсіз. Дәл тауыппын.
Әміре: (таңдана) Ал, сіз кімсіз?
Бейтаныс кісі: (қалтасынан тілдей қағаз алып) Оқыңыз.
Әміре: Түсінбедім.
Бейтаныс кісі: То есть, мында менің фамилиям жазылған, осы кісімін.
Әміре: (қағазға қайта шұқшиып, Мұстафа Шоқай деген жазуды оқиды) Е, сіз әлгі... сіз осы... сіз деген...
Мұстафа: (сөзді бөліп) Түсінем. Осылай сөйлескеніміз өте дұрыс. Қанша дегенмен тыңшы бар дегендей. Біздің елде қалай айтушы еді. “Үй артында кісі бар” дейтін бе еді.
Әміре: (батылданып) Жоқ, мен кімнен сескенемін? Неге сескенем? Өзім әншімін. Өнер адамымын.
Мұстафа: (жайбарақат, жайлы үнмен) Мүлде олай емес, жарқыным! Сіз шетелге шықтыңыз ба, енді соңыңыздан тыңшы ере жүреді. Совет өкіметінің баяғыдан бергі салты солай.
Әміре: Сонда мен... мен не істеуім керек?
Мұстафа: (ымдап) Ана балконға шығып сөйлесейік. (екеуі шығады)
Әміре: Не туралы сөйлесеміз?
Мұстафа: Ел туралы. Қазақтар өмірі жайлы...
Әміре: Е, оны айтуға болады. Онда қандай саясат бар екен!
Мұстафа: Жарқыным, сенің білімің бар ма?
Әміре: Музыкалық сауатым бар. Бірақ ешқандай арнаулы оқу орнын тауысқам жоқ.
Мұстафа: Сосын да ескертем. Жақсы әнші болу бар да, өзіңді-өзің сақтай білу тағы бар. Қазаққа керексің. Қазіргі заманда аса қажет талантсың.
Әміре: Мен туралы көптен бері білесіз бе?
Мұстафа: Тек сені ғана емес, елдегі барша зиялы кісілерді, өнер тұлғаларын білемін. Оларды үнемі іздеп, ара-тұра жасырын поштамен хабарласып отырам. (сәл тоқтап) Айтпақшы, Байтұрсынов қалай? Әлі мұғалім бе?
Әміре: Байтұрсынов Қызылордада мұғалім. Оны қайдан білесіз?
Мұстафа: Ал, Дулатов кітап жазып жатқан болар?
Әміре: Ол шығармашылықпен айналысады. Үлкен кітап жазып жатыр деп естідім. Сіз менен гөрі жақсы білетін сияқтысыз.
Мұстафа: Үкіметте, билік жағында кімдер жүр? Қазақтарды айтамын. Крайкомның екінші хатшысы Сұлтанбек Қожановтың жағдайы қалай?
Әміре: Казкрайкомның бірінші хатшысы Нанейшвилимен жақсы тіл табысып жұмыс істеп жатқан сияқты.
Мұстафа: Сол өзі... (ойлана) Өзі грузин бе?
Әміре: Солай деседі.
Мұстафа: Қазақша біле ме? Сөйлесе ме?
Әміре: Қазақша қайдан сөйлесін! Орысша сөйлегеніне де мәз болып, шуласа қол шапалақтап жүрміз ғой.
Мұстафа: (күліп) Өзің астарлы сөйлеудің шебері екенсің.
Әміре: Бұлай астарлап сөйлеуді Қожановтан үйренгем. Ол – тек қоғам қайраткері емес, өзі ақын... Әзілі де жетеді.
Мұстафа: Қала аты – Ақмешіт еді, қазір Қызылорда болып өзгеріпті.
Әміре: Оны өзгертуге күш салған да сол-Қожанов. Бізді тіпті “қырғыз” деген аттан құтқарып, енді бар құжаттарда “қазақ” деп жазыла бастады. Маған көзқарасы өте жақсы. (сәл тоқтап) 1924 жылы Семей қаласында өткен халық өнерпаздарының байқауында бірінші орынды жеңіп алдым. Сосын маған 1925 жылы Қызылордада өткен Кеңестердің бесінші съезіне қатысып, ән шырқауды жүктеді. Міне, сол кезде Қожановпен жақын танысып, қолын алдым. Сол жылы Луначарскийді де көрдім.
Мұстафа: Қожанов Луначарскийге жақсылап таныстырған екен. Бұл – ерлік іс! Әй, бірақ...
Әміре: Тағы не ойлап кеттіңіз?
Мұстафа: Сауатын айтамын. Оның қасында әрине, Байтұрсынов, Дулатовтардың терең білімі бар. Тіпті ана Садуақасов та біршама сауатты жігіт. Айтпақшы, Смағұл Әлихан ағайға күйеу бала болған дей ме?
Әміре: Тойында болған жоқпыз, бірақ етуіміз – солай!
Мұстафа: Ал, ендеше әзірге қош бол. Мен тағы да хабарласам. (кетуге ыңғайланады)
Әміре: Сіз шынымен сол кісі боласыз ба?
Мұстафа: Әлі де сене алмай тұрсың ба? (күледі)
Әміре: Маған өте сақ бол деген соң... (күмілжиді)
Мұстафа: Оны кім айтты? Ә-ә, ана кісі... Түсіндім. Ол туралы кейінірек. Әзір емес. (кетеді)
Әміре: (өзіне-өзі) Ойпырмай, мына кісі расымен атағы жер жарған сол кісі ме? Өз көзіме өзім сене алар емеспін. Ал, неге... неге асығыс кетіп қалды? Маған Әлихан ағай тапсырған маңызды жұмысты неге сұрамады? (ойлана) Өте сақ екен. Нағыз саясаткер деген осындай бола ма әлде?...
Сахна қараңғылана береді.
Көрініс
(Париж, 1925 жыл)
Тағы да сол Париж. “Дория” қонақ үйі. Түн іші. Бір бейтаныс кісі есікті қағады. Әміре өзі барып ашады.
Бейтаныс жігіт: Маған еріңіз.
Әміре: Неге? Не үшін?
Бейтаныс жігіт: Тапсырма солай. Қорықпаңыз!
Әміре: Неге қорқуым керек? Қорқып тұрғам жоқ! Тек... өзіңді танымайтын болған соң... (сәл тоқтап) Тапсырма дейсіз бе? Онда... ерейін. (екеуі қатар жүреді)
Сахнаның бір бұрышында қараңғылау жерде Мұстафа Шоқай күтіп тұрады. Әміре батыл басып, оған жақындайды.
Мұстафа: Бұл мен ғой, Әміре! Енді ашық айта бер. Әлихан ағай маған не беріп жіберді?
Әміре: Хат...
Мұстафа: Әкел.
Әміре: Туфлидің табанында.
Мұстафа: Онда туфлиді шеш.
Әміре: (қуақылана) Сонда мен осы жерден жалаң аяқ кетем бе?
Мұстафа: (күле сөйлеп) Әзілің де жарасып тұр. Саған дәл сондай екінші аяқ киім әзірлеп қойғанбыз. (Әлгіндегі жас жігіт су жаңа туфли ұсынады)
Әміре: (әзілге басып) Тегін бересіз бе?
Мұстафа: Жоқ, тегін емес, сенің аяғыңдағы туфлиіңе баспа-бас айырбастаймын.
Әміре: Онда қарсылық жоқ. (күліп) Менікі ескілеу еді, жаңартып алатын болдым.
Мұстафа: Ал, сен енді қонақ үйге тез қайт. Тыңшылар тап қазір өзіңді іздеуі әбден мүмкін. Тіміскіленіп жүреді олар! Сенбе, ешкімге де сене көрме, жарқыным! Түк болмағандай ұйықтап қал. Менен тағы да хабар күтерсің.
Әміре: Жақсы. Мен кетейін.
Өз бөлмесіне қайта оралады. Қонақ үйге жақындағанда алдынан өзбектің баритон әнші жігіті Мұхитдин Кари-Якубов пен биші Тамара ханум қарсы ұшырасады.
Тамара ханум: Жеті түнде қайдан келесіз, Әміре? Әлде осы елден де бір сұлу тауып алдыңыз ба?
Кари-Якубов: (жарыса сөйлеп) Әміреге француз қыздары ес-түссіз ғашық болуы әбден мүмкін.
Әміре: Жо-жоқ, француз бикештерін қайтем! Таза ауа жұтайын деп тысқа шығып ем. Түн салқындау екен... (бөлмесіне кіруге беттейді)
Кари-Якубов: Сонша асыққаның қалай? Төменгі қабатқа түсіп, бір-бір саптаяқ сыра ішпейміз бе?
Әміре: Даусымды сақтауым керек. Ертең концерт...
Кари-Якубов: Мен де ән салам ғой. Бір-бір саптаяқ тартып жіберсек... түк те етпес!
Тамара ханум: Әй, қу жігіттер! Мені тастап, оңашаланып кетпексіңдер ғой,ә! Ойларың белгілі...
Әміре: Шын сөзім! Бүгін көңіл күйім жоқ. Ертең Тамара ханумды да, өзіңді де мейрамханаға шақырайын. Бүгінше кинамашы! (бөлмесіне кетеді)
Кари-Якубов: (Тамараға) Мен бірнеңе білсем, Әміре дәу де болса Мұстафа Шоқаймен жолығып жүр. Саясатта не жұмысы бар екен осы әншінің?..
Тамара ханум: Сіз де айтасыз-ау, отағасы! Әміре шетелде жасырынып жүрген Мұстафаны қайтсін! Ол-қызқұмар еркек. Көр де тұр, еліне бір француженканы алып қайтады әлі...
Екеуі де күледі.
Сахна қараңғыланады.
Көрініс
(Париж, 1925 жыл)
Париждегі үлкен концерт залы. Сахнаға қазақ әншісі Әміре Қашаубаев домбырасымен шыға келгенде Француз көрермендері тіксіне қарайды.
Залдағы үндер:
– Қолындағысы қандай аспап өзі?
– Сонымен де ән салуға бола ма?
– Советтер елі де қызық, мынадай адамды үлкен сахнаға шығаруға қалай ұялмайды?
– Тыңдап көрелік, әй бірақ жүрек тербейтін ән шығар деймісің?
Әміре көпшілікке бас иіп, қолындағы екі ішекті домбырасын қағып-қағып жібереді де, “Ағаш аяқты” бастайды. Дауыс бірте-бірте жоғарылайды. Зал сілтідей тына қалған. Дауыс барынша көтеріліп барады. Міне, төбедегі люстралар да сылдыр-сылдыр етіп, қозғалып ала жөнелген.
Ән аяқтала бере залда отырған тыңдаушылар дүркірете қол соғып, әр-әр тұстан “Браво!” дескен үндер естіліп қалып жатты. Артқы қатардағылар орнынан тұрып кетіпті.
Әміре: Ықыластарыңызға рахмет! Тағы да бір ән орындайын. Сабыр сақтаңыздар.
Залдан дауыс:
– Тыңдайық!
– Үні ерекше екен!
– Не деген биік дауыс!
Сосын екінші ән – “Жалғыз аршаны” бастап кетеді.
Тағы да зал сілтідей тынады.
“Браво! Браво!” деп айқайлаған үндерге ілесе сахна қараңғыланады да қайта жанғанда – кезекті концерттен шыққан сәт. Әміре өте көңілді. Өзі байқаудың күміс жүлдесін жеңіп алған беті. Қонақ үйдегі бөлмесінде киім ауыстыруға асығып келе жатады.
Луначарский: (жол-жөнекей тоқтатып) Жарадың, Әміре! Залдағы көрермендер әлі де дүрлігіп, басыла алар емес. Сенің асқақ үнің Париж сахнасының төбесіндегі люстраларды да теңселтіп-билетіп жіберді.
Әміре: Ой, тым асыра мақтап жіберген жоқсыз ба, Анатолий Васильевич!
Луначарский: Ешқандай артық мадақ емес. Сен ерледің! Ақтадың сенімді. Бүгін біздің мерейіміз барынша үстем болып тұр.
Әміре: Аянып қалғам жоқ, Анатолий Васильевич! Тек әнебір тұсында...
Луначарский: Байқадым! Ішім сезді. Сенің домбыраңның тегі қисайып кетті ме, қайтті?
Әміре: Орнынан қозғала берді, сосын амал жоқ, түкірікпен қатырып қойдым.
Луначарский: (күле сөйлеп) Оны да француздар өзінше сөз етуде. Сенің еркін қимылыңа таң-тамаша!
Әміре: Анатолий Васильевич, біле-белсеңіз қазақ еліндегі кез-келген әнші-күйшілер домбыра тегін солай қатырады. Оны – қазақша желім деп атаймыз.
Луначарский: Солай ма? Е, бәсе! Содан кейін домбыраң күмбірлеп кетті. Ризамын! Ризамын бәріне! Мұны ерекше атап өтеміз әлі... (сәл тоқтап) Ал, бүгінше демал.
Әміре өз бөлмесіне қарай адымдайды. Ол бөлмеге кіріп, шешініп болғанша, Мұхитдин Кари-Якубов келе қалады.
Кари-Якубов: (көңілсіздеу) Кеше сені тыңдауым керек еді. Сыра ішем деп...
Әміре: Бәсе-ау, даусың қарлығып...
Кари-Якубов: Өз бағымды өзім байладым. Әй, өзіме де обал жоқ.
Әміре: Бірақ, Тамара ханум тамаша өнер көрсетті! Оның биіне бүкіл Француз жұрты қол соқты.
Кари-Якубов: Әміре, мен өткенде байқап қалдым. Сен елден қашқан Мұстафамен кездестің ғой, ә! Жасырмасаң да болады.
Әміре: (үрке қарап, амалсыз сөйлеп) Өзі іздеп келіпті. Сосын бетінен қағамын ба? Қазақ екеніміз, қандас екеніміз рас қой. Әбден елді сағынғаны байқалып тұрды әр сөзінен...
Кари-Якубов: Осында дәл Мұстафа секілді менің жақын қандасым болса, сөзсіз жолығар едім.
Әміре: Мұхитдин, сенің мына сөзіңмен еш келісе алмаймын.
Кари-Якубов: Е, қандай артық сөз айтып қойдым тап осы жерде?
Әміре: Е-е, достым, өзбек-қазақ бір туған ел емес пе едік! Тарихымызды қазбаласа, тегіміз бір арнада тоғысады. Осы өтірік пе?
Кари-Якубов: Оны да Шоқай айтты ма?
Әміре: Мен де сауатты қазақпын. Қол боста кітап оқимын. Тарихқа үңілемін. Тап Абай ақындай терең болмасам да, өз білерім бар.
Кари-Якубов: Абай дедің бе? О-о, ол терең теңіз қазақ қой. Мен концерттік-этнографиялық ансамбль құрып жатырмын, сол ұжымның репертуарларына Абай әндерін де кіргізбекпін. Айтпақшы... (мүдірді)
Әміре: Неге тоқтап қалдың?
Кари-Якубов: Сол ансамбльге сені де шақырсам, келер ме едің?
Әміре: Мен Қызылордадағы драма театрының актерімін. Көптеген спектакльдерде басты рольдерді орындаймын. Оны қалай тастап кетем? (сәл тоқтап) Кеше Мұстафа да “қазақ өнерін, театр өнерін биікке көтерулерің керек, соның уақыты жетті” деп тапсырды.
Кари-Якубов: (ойлана сөйлеп) Мұстафа! Мұстафа Шоқай? Атын көп естимін! Қандай қазақ өзі, а?
Әміре: Айтпақшы, ол кісі бізді сыйлағысы келеді. Мейрамханаға шақырып отыр.
Кари-Якубов: (дереу тартына сөйлеп) Жо-жоқ, мен бара алмаймын. Саясатпен айналысатындармен сөзім жарасқан емес. (кетіп қалады)
Әміре: (ойлана) Қандай жақсы адам осы Кари-Якубов! Ал, бұның қасында ана Мәдениет министрлігіндегі Сауытжанов – не деген қызғаншақ қазақ! Менің жоғары үнмен ән салғанымды да, тіпті оны айтасың, әнші болғанымды да жақтырған емес.
Осы кезде тағы да есік қағылып, Мұстафа Шоқай кіреді.
Мұстафа: Уәде бойынша мен сендердің бәріңді мейрамханаға шақырып, сыйлауға келдім. Өздерің нешеусіңдер?
Әміре: Біз көппіз!
Мұстафа: Мейлі. Бәріңе де дастархан жайып, дәм бере аламын. Қазақ деген қонақжай атымыз бар емес пе?
Әміре: Бірақ, олар бара қоя ма?
Мұстафа: Айтып көрмедің бе?
Әміре: Кеше сөйлескем. Ешқайсысы сізбен кездескісі келмейді.
Мұстафа: Мұхитдин Кари-Якубов келіспеді ме?
Әміре: Иә.
Мұстафа: Тамар ханум ше?
Әміре: Ол да...
Мұстафа: Солай де. Олар менен қорқады де! (ойлана) Жарайды. Онда екеуміз төменге түсіп, кофе ішейік. Көп уақытыңды алмаймын.
Әміре: Мен қазір түсем.
Мұстафа: Төменде күтем. (ол кетеді)
Әміре: (өзіне-өзі) Осы істеп жүргенім дұрыс па өзі? Мен Совет елінен келген әнші емеспін бе? Луначарский жолдас не деп еді? Саясатта қандай шаруам бар, а? Тап осы әрекетім онсыз да сыныққа сылтау іздеп отырған Сауытжановтың құлағына тисе, онда тірілей терімді сыпыратын шығар! (сәл тоқтап) Егер Әлихан ағай қатты өтініп сұрамағанда...
Сахна қараңғылана береді, қайта жарық жанғанда – сахнада Әлихан Бөкейханов тұрады. Ол Әміреге құпиялап сөйлеп жатады.
Әлихан: Есіңде болсын, Әміре! Бұл өте қауіпті тапсырма! Әрине, сені бұл іске араластырмауымыз керек еді, бірақ амал қанша! Бәрі де ел үшін...
Әміре: Мен де қазақ деген елге ұлмын. Қиналмай, айта беріңіз.
Әлихан: Мұстафа осы күні Совет елінің ата жауы. Оны өзің де білесің. Бірақ ол – Совет өкіметінің көзімен. Ал, біз үшін Мұстафа – ұлт еркіндігін аңсаған адам. Ұлтын шексіз сүйген азамат.
Әміре: Мен Мұстафаны Парижден қалай таба алам? Қайдан іздеймін?
Әлихан: Сен іздемейсің, ол өзі іздеп табады.
Әміре: Менің қайда тоқтағанымды қалай біледі ол кісі?
Әлихан: Мұстафа – сауатты қазақ. Осы бүкілдүниежүзілік этнографиялық көрменің Парижде ұйымдастырылып жатқанын елден бұрын естіп отырған жоқ па? Тіпті халық-ағарту наркомы Луначарский жолдастың бастап баратынын да біледі.
Әміре: Ол кісі қалай біліп отыр? Париж қайда, біз қайда?
Әлихан: Мұстафаға жеткізіп отырған жасырын пошта бар. Оны сенің білуің еш қажет емес.
Әміре: Әрине, мен саясатшы емеспін. Жәй, сұрай салғаным да.
Әлихан: Ал, енді мені тыңдап ал. Мұқият тыңда. Саған тіктірген етіктің табанына бір парақ хат салынды. Сен ештеңе де естіген-білген жоқсың. Егер бір жағдай бола қалса, түк те білмеймін деген сөзден танба.
Әміре: (қалтырап) Біліп қойса, мені де қинай ма?
Әлихан: Сені қинай қоймас. Бірақ, бұны істеген кім деп сұрауы әбден мүмкін. Ештеңе де білмеймін деп құтыл.
Әміре: Жарайды, аға! Сізді ұқтым.
Сахна қараңғылана береді де, қайта жанғанда – Мұстафа мен Әміре мейрамханадағы бір таса бұрышта кофе ішіп отырады.
Мұстафа: Егер осыдан соң кездесе алмай қалсақ, онда Ахмет пен Міржақыпқа сәлем айтарсың. Алдымен айтарым – мен өзім бастаған үлкен істің жолынан еш айныған жоқпын. Түркі жұртының басын біріктіру – басты арманым! Арман болғанда – бұны түркі елінің ұлы арманы десе де болады! Біз осы ұлы арманға қол жеткізсек, болашағымыз барынша нұрлы болмақ! Соны жалғастырудамын. Сосын... сағынғанымды айт! Қазағымды сағынып жүргенімді жеткізерсің.
Әміре: Ал, әлгі хат...
Мұстафа: Оны қайдан алу керектігін өздері біледі.
Әміре: Айтпақшы, туфли... Жақсы. Түсіндім.
Мұстафа: (ойлана) Әттең, өз еркім өзімде болса ғой... мен бүгін-ақ сенімен бірге елге құс болып ұшар едім-ау!..
Әміре: Оған кім кедергі жасайды? Қайтпайсыз ба елге!..
Мұстафа: Мен елден өз еркіммен қашып кеткен адаммын. Совет өкіметі қашқынды еш кешірмейді.
Әміре: Сіз өз халқыңызды шексіз сүйгендіктен де Совет саясатымен келісе алмадыңыз. Келісім болмаған жерде, екі кісі екі жаққа кетпей ме?
Мұстафа: Дәл айттың, жезтаңдай әншім! Ойымдағыны дөп бастың! (сәл тоқтап) Сағындым! Туған елді де, топырағын да, бар азаматтарын да...
Әміре: Сағыныштың не екенін сізден сұрау керек! Сіз оны шын жүрекпен сезіне аласыз. Ал, біз...
Мұстафа: Туған жерде тұрып, туған елдің ауасын жұту да – бір бақыт! Туған елге еркелеп, туған бауырлармен күліп-ойнау да – бір бақыт! Біздің қазақ ақындарына осыны айтшы! Мағжан Жұмабаевқа жеткізші өтінішімді! Осындай сағыныш туралы жыр жазсын...
Әміре: Менің әндерімді тыңдап отырып, неге көзіңізге жас алғаныңызды енді түсіндім! Сізді қазір ғана шын бағалай бастағандаймын.
Мұстафа: Өткенде, үйде болғанда салған әндеріңді магнитофон таспасына жазып алғам. Елді сағынғанда сол әндерді тыңдап, көңілімді көтерермін.
Әміре: Мен қандай әншімін? Ойыңыз қалай?
Мұстафа: Қазақта әзірге саған жетер әнші туған жоқ болар! (сәл тоқтап) Біздің ұлтқа ендігі керегі – опера. Операсы бар ел – өнері бай ел! Осыны ойлай жүріңдер.
Мұстафа: Оны кім жазады? Ондай талант бар ма?
Мұстафа: Алыстан тақырып іздеп не керек! Мысалы, “Қыз жібек” – нағыз сұранып тұрған опера. Абайдың терең философиялық өлеңдері де аз дүние емес.
Әміре: Соны жоғары деңгейде кім жаза алады дегенім еді ғой бұл!
Мұстафа: Қазақ талантты халық. Көр де тұр, енді 30-40 жылда біздің халық өз өнерімен әлемді таңқалдырады. Әлем таңданатын болады. (сәл тоқтап) Тіпті осындай халықаралық көрме қазақ топырағында да өтеді. Оған сенімім мол...
Әміре: О-о, оған Ресей жол бере ме?
Мұстафа: Ресей өз алдына, Қазақ елі өз алдына мемлекет болатын күн де туар! Туады ондай шуақты заман да...
Әміре: Арманыңыз қандай асқақ?
Мұстафа: Мен өз халқыма сенемін, сосын да айтамын. (ойлана) Халқын өрге сүйрейтін терең ойшыл, ақылы телегей азамат неге тумасын! Міне, сол азамат осы игі істі жүзеге асырмақ! (тебірене) Ішімдегі бір салмақты үн маған осылай тіл қататындай... (ойлана) Әттең, көңілде арман деген көл-көсір еді. Бәріне де көзім жетіп тұр еді. Ойламаған тұстан быт-шыт болған-ай, ә! (тоқтап) Жоқ, әлі де арманым сөнген жоқ. Сөндіруге еш хақым жоқ менің...
Әміре: Менің уақытым тақап қалды. Қазір жиналуымыз керек.
Мұстафа: Енді елге сәлем айт! Сендер тұрып жатқан Қызылорда менің туған жерім ғой. Сұлутөбеде өскен қазақпын. Туған топыраққа жырақта жүрген жетім қозысынан сәлем айта бар! Ауылымнан менің атымнан кешірім сұрауды саған тапсырдым.
Әміре: Не үшін? Неге кешірім сұрауыңыз керек?
Мұстафа: Оны мен айтпайын, сен әрі қарай қазбалап сұрама. Ал, жезтаңдай әншім, қош бол! Қош, қазағым-м...
Екеуі құшақтасады.
Сахна қараңғыланады.
Көрініс
(Париж, 1925 жыл, елге қайтатын кез)
Әміре Луначарскийдің шақыруымен оның кең бөлмесіне келеді. Луначарский орнынан тұрып, сыйлы көңілмен қарсы алады.
Әміре: Жай іздедіңіз бе, Анатолий Васильевич?
Луначарский: Өзіңмен жеке сөйлесіп қояйын деп едім.
Әміре: Не жөнінде?
Луначарский: (ойлана сөйлеп) Сен орыстың атақты әншісі Феодор Иванович Шаляпин жайында естіген боларсың?
Әміре: Шаляпинді кім білмейді дейсіз! (дереу Шаляпинның бір әнін шырқап жібереді)
Луначарский: Сол Шаляпин осыдан екі-үш жыл бұрын Францияға кетіп, қайтып Россияға оралмады. Ресейдің тұңғыш халық әртісі, басқа да атақ-дәрежесі жетіп-артылады. Сөйте тұра, өз Отанынан аяқ-қолын бауырына алып, қашты. Тіпті Максим Горькийдің өзі “елге оралсаңшы” дегенде, сөзін тыңдамай қойыпты.
Әміре: Бұны маған неге айтып отырсыз, Анатолий Васильевич?
Луначарский: Маған ұзынқұлақтан сыбыс жетіп жатыр. Сен осындағы бір қандасыңмен кездескен секілдісің?
Әміре: Өзі іздеп келді. Сосын қалай қуып шығам?
Луначарский: Жо-жоқ, еш қорықпа! Мен тырнақ астынан кір іздеп отырғам жоқ. Кездескеніңді артық санамаймын. Тек ойың бұзылып жүрмесе болғаны. Совет өкіметі – өте үлкен, алып мемлекет. Оған өзіңдей талантты әншілер аса қажет.
Әміре: Ондай ой басыма кірген емес, Анатолий Васильевич! Сеніңіз маған!
Луначарский: Ендеше, уәдеңді бер! Сен менімен бірге елге қайтасың! Әлі біз талай рет ән додасында кездесетін боламыз.
Әміре: Сеніміңізге рахмет! Мен сіздің алдыңызда қарыздармын. Оны қалай ақтармын – білмеймін!
Луначарский: Ақтағаның сол болсын – елге орал! (ойлана) Шаляпин де қатты қателесті деп ойлаймын. Ол да түбі өзінің Ресейіне қайтады. Мен бұған іштей сенемін...
Әміре: Мен де солай ойлаймын.
Луначарский: (толғана сөйлеп) Саясатпен айналысатын адамдар елден кетсе – соншалық үлкен трагедия емес, ал өнер адамдары өз елінен қашса – бұл үлкен бақытсыздық! Өнер – әр халықтың ең үлкен, ең зор байлығы! Оны жоғалтуға әсте жол бермегеніміз мақұл! (сәл тоқтап) Осы сөзімді әрқашан есте ұстағаныңды қалар едім, Әміре!
Әміре: Есімнен шығармаймын, Анатолий Васильевич!
Луначарский: Е, ендеше келістік!
Әміре: Арнайы уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет.
Луначарский: (ойлана) Айтпақшы... сен елге оралған соң, ана Бөкейхановпен тым жақын араласа берме. Ол – саясат адамы! Өнер мен саясат – екі бөлек нәрсе! Саясаттың түбіне ешкім де жете алмаған. Бұралаңы көп қисық жол...
Әміре: Менің саясатта қандай шаруам бар!..
Луначарский: Ендеше, осымен тоқталық.
Сахна қараңғыланады да, қайта жанғанда – Әміре оңаша ой үстінде отырады.
Әміре: (толғана) Ойпырмай, біздің Әлихан ағайды ешкім де дұрыс түсіне бермейтін сияқты. Өзім аз уақыт араласқанда байқағаным – терең білімді сұңғыла адам. Тіпті менің ән айту мәнеріме де, ән сөздеріне де сыпайылап сын-тілек айтты. Деңгейі жоғары болмаса, сөйте ме! Мәскеудегі қаншама керемет әнші-жыршылар оны қатты қадірлейді екен. Солардың ортасына алып барды. (сәл тоқтап, жымиып) Маған “сенің үстіңдегі киім қазақ атыңа жараспайды, осы түріңмен Парижге бармақсың ба?” деп сынап-мінегені ше! Өз қолымен су жаңа киім алып бергені ше! (ойлана) Міне, нағыз биік парасатты кісі осындай болмақ. Ал, сол Бөкейхановті Мұстафа көкке көтере дәріптейді, мақтауын асыра сөйлейді, Луначарский болса онымен қазіргі кезде көп араласпа, тым жақындама дейді. Әй, бұл саясат дегенің не өзі? Түлкібұлаң тірлік пе? Жоқ, сауысқандай сақтық па? Түсінсем бұйырмасын... (сәл тоқтап) Жарайды, бәрінде елге жеткен соң тағы бір салмақтап байқармын.
Сахна қараңғылана береді.
Екінші перде
Көрініс
(Алматы, Желтоқсан, 1934 жыл)
Алматы қаласы. Опера және балет театрының маңы. Өмірден әбден қалжырап, бойдан күш-қуат кете бастаған Әміре театр шамдарынан көз алмай қарап тұрады.
Әміре: (толғана) Қайран, қара шаңырақ! Менің алтын ұям! Сенің құтты сахнаңда қаншама рет ән салып, мына елімді әнмен сусындатып ем, енді мынау... Ән салу былай тұрсын, ішіңе кіруге де зар етті. Саясат! Сауытжановтар жүргізіп отырған саясат па? Ой, саясатыңды...
Осы кезде бұның жанына театрдың танымал актері, өзінің жақын досы Серке Қожамқұлов келеді.
Серке: Оу, Әміремісің? Бұл не тұрыс? Өзіңнің ең қымбат алтын ұяңа бөтен көзбен осылай алыстан қарап тұруға бола ма?
Әміре: Енді қайт дейсің? Әмірені іздеп жатқан жан бар ма?
Серке: Өзгелер іздемесе де, мен іздеймін.
Әміре: Менің қадірімді басқалар білмесе де, сен білесің ғой, Серке-дос!
Серке: Ау, ойбай-ау, біз пьесадағы рольдерді қалай құбылтып ойнауды өзіңнен үйренбедік пе! Ана “Еңлік-Кебектегі” Жапал қандай! Ана “Қарагөздегі...”
Әміре: Оның бәрі өткен өмір! Бүгінгі күні соны білетін де, айтатын да кісі қалды ма деші!
Серке: Тіпті, Әміре, өзің ойнаған Жапалды көріп, атақты жазушы Мұхтар Әуезов сені құшағына қысып тұрып, ыстық сөздерін айтқанын да білеміз.
Әміре: Ал, бүгін бәрі де басқаша! (сәл ойлана) Қайдан ғана Парижге сапар шегіп едім. Қайдан ғана Луначарскийдің назарына іліне қойып едім! Сол сапардың маған түкке де қажеті жоқ еді.
Серке: Олай емес, Әміре! Сен қазақ ән өнерін Француз жұртына молынан паш еттің! Арқалы қазақ үнін әлем тыңдап-таңданды. Біз әр бас қосқан сайын осыны айтып, бір марқаямыз...
Әміре: Әй, бірақ... Луначарский жолдасқа еш ренжитін жөнім жоқ. Парижден келген соң да мені Мәскеуге екі рет шақырды.
Серке: Оны ұмытармыз ба? Сен 1927 жылы сәуір айында Мәскеудегі консерваторияда екі күн ән шырқағанда, ондағы бар қазақ, бүкіл мұсылман жиылыпты деседі.
Әміре: Ол бір тамаша кеш болды мен үшін! Мәскеу қазақтары бірінен соң бірі қонақ етті. Ал, Луначарский... жеке өзі шақырып, ас бергені тағы бар.
Серке: Айтпақшы, сол жылдың аяғында сен Германияның Майндағы Франкфурт қаласына сапар шегіп, халықаралық музыка көрмесіне қатыстың емес пе? Онда да талай қазақ әндерін әуелете шырқадың ғой, Әміре!
Әміре: Айтпақшы, сол Германияға жүрер алдында Луначарский жолдас маған французша журналдарды көрсетті. Сонда мен туралы Ромен Роллан, Анри Барбюс секілді атақты қаламгерлер тамсана мақала жазыпты. Өз көзіме өзім сене алмағам.
Серке: Біз де сен туралы ой-пікірлерді жинақтап, кітап етуге кірісіп жатырмыз, Әміре!
Әміре: Біз дегенің кімдер?
Серке: Мен, Иса, Қанабек, Қалибек...
Әміре: Сендерге еш өкпем жоқ. Алда-жалда осы күйіктен өле кетсем, атымды кейінгі ұрпаққа жеткізетін де сендерсіңдер. Сендерге шексіз сенемін-н...
Серке: Өлім туралы айтпа! Оған әлі ерте. Біз істейтін іс көп әлі. Қазақ мәдениет үшін, Әміре, сен әлі-ақ керексің. Сенің аққу-үнің қазақ көгінде әлі қалықтауы керек...
Әміре: Қалықтау қайда? Енді құлдилай бастаған сыңайлымын.
Серке: Бұл не сөзің?
Әміре: Сенен несін жасырайын, Серке-дос. Менің соңыма қашаннан бері түсіп жүрген бір адам бар. Ол – Мәдениет министрлігіндегі Сауытжанов.
Серке: Сауытжанов? Мен де сол кісіні еш түсінбеймін. Өзінің мінезі қызық! Бірде – кілт, бірде – мүлт! (сәл тоқтап) Ол неге сені жек көреді? Оның несін алдың сен?
Әміре: Бәрі де баяғыдан келе жатқан ескі кек... Ескі өкпе...
Осы кезде сахна қараңғылана береді де, қайта жанғанда – сахнада Мәдениет министрлігінің қызметкері Сауытжанов пен Әміре оңаша отырады.
Сауытжанов: (кіжіне сөйлеп) Саған салмақтап айтпап па едім, сол Париж сапарынан бас тарт дедім емес пе?
Әміре: Өз еркіммен бардым ба? Мені шақырған – Луначарский...
Сауытжанов: О, тоба! Оу, Луначарский сендей сауаты төмен қара қазақты қайтсін? Одан да сені кім қолдады – соны айт?
Әміре: Қазақ қазақты қолдаушы ма еді?
Сауытжанов: Әй, сен байқап сөйле! Әнші екенмін деп аузыңа келгенді оттай берме. Қазаққа аузыңды кере сөйлеп, баға беретіндей кімсің сен?
Әміре: Жәй қазақпын. Әншімін.
Сауытжанов: Ендеше, сол әніңмен бол! Қазаққа баға бермей-ақ қой. (сәл тоқтап) Сонымен, Парижге барған соң Мұстафаны іздедің. Соны айт маған.
Әміре: Мен ешкімді де іздегем жоқ.
Сауытжанов: Бәлкім, Мұстафа Шоқай сені іздеген
шығар, ә?
Әміре: Ешқандай Мұстафаны да, Шоқайды да танымаймын.
Сауытжанов: (ашулана) Мен құпия комитеттің адамы емеспін. Саған өзімше жаным ашып, көмек қолын созайын десем, өзің төрт аяқтап қаштың. Ендеше өз обалың – өзіңе! Енді бізге театрдағы қызметің туралы да ойлануға тура келеді.
Әміре: Неге? Не үшін?
Сауытжанов: Өйткені, сен саяси тұрғыдан өте сенімсіз адамсың. Сол үшін де үлкен саханадан елге сөз айтуға тиіс емессің. Түсіндің бе? (сәл мүдіріп) Әттең, ана Луначарский болмаса, өзіңді бүгін-ақ итжеккенге айдатып жіберуге болатын еді. Ничего, ол күн де туар әлі...
Сахна қараңғылана береді де, қайта жанғанда – сахнада Әміре мен Серке.
Әміре: (өкіне сөйлеп) Еһ, бәрі де Мәскеудегі Луначарский жолдастың кенеттен қайтыс болуымен басталды. Әйтпесе...
Серке: Луначарский сені қорғап жүретін бе еді? Мұны естімеппін.
Әміре: Анатолий Васильевич нарком болып тұрғанда мұндағы бұралқы бір қазақ маған тура қарап сөйлей алмаушы еді. Тіпті Сауытжановтың өзі де! Енді, міне, төбемді тесе жаздап, тасырлата ойнап, есімді шығаруда.
Серке: Орыс та әділ халық. Әйтпесе, Луначарскийге алыста жатқан, күпі киген қазақ неменеге керек? Талантыңды танығаны да!
Әміре: Сол Анатолий Васильевич Париждан қайтарда маған “үйге сыйлық аларсың” деп ақша да берген. Қандай кең жүрек адам еді десейші! (сәл тоқтап) Жарықтық жол үстінде, тағы да сол Францияның бір курортында үзіліпті деседі. Иманды болсын, жақсы азамат!
Серке: Әміре, сен енді есіңді жи! Әлі де үміт үзілген жоқ. Сен ұлт театрына қайта оралуға тиіссің.
Әміре: Мұны маған емес, ана жаққа (жоғарыны нұсқап) айтыңдар. Солардың құлағына жетсін.
Серке: Айтамыз! Неге айтпасқа! Біздің де өз ойымыз бар. Әуелі мына шаруаны біржақты етіп алайық.
Әміре: Қай шаруа?
Серке: “Қыз Жібек” операсын айтамын. Ертең премьерасы емес пе!
Әміре: Ә, оны білем ғой. Күләшқа сенем. Күләш – өте дарынды әнші қыз. Күләш Жібекті жеріне жеткізе орындап шыға алады деп ойлаймын.
Серке: Біз де сеніп отырмыз.
Әміре: Айтпақшы... мен саған...
Серке: Иә, айт. Не нәрсе?
Әміре: Жарайды, ештеңе емес.
Серке: Тиын-тебен бе?
Әміре: Ыңғайсызданып тұрмын.
Серке: Берейін. Тек... байқағын. “Үй артында кісі бар” дегендей.
Серке қалтасынан ақша алып, Әміреге береді. Сосын театрға қарай кетіп бара жатады.
Әміре: (толғана) Бар болыңдаршы, достарым! Сендер аман жүріңдерші. Сендер барда, мен неге күйзелуім керек? Сауытжановтардың да күні өтер! Өшер олар да! Жоқ, әлі-ақ мен де жарқылдап сахнаға шығатын боламын. Көр де тұрыңдар, Әміре ән салар күн де алыс емес... (сәл тоқтап, ойлана) Көрмегенімді көрсетті-ау бұл қазақ! Сол Сауытжановтың айтқаны дәл келді. Қызылордада қанымды іше жаздаған да – НКВД өкілдері болмап па еді!.. Оны қалай ұмытайын!.. Қалайша есімнен шығарайын-н... (басын ұстап, отырып қалады)
Сахна қараңғылана береді.
Көрініс
(Қызылорда, 1927 жылдың аяғы)
Қызылорда. Түн іші. Әміре театрдан әбден қалжырап оралып, енді ұйқыға жатқан сәт. Кенет бәкене үйдің есігі қағылады. Қатты-қатты қағылады.
Әміре: Бұл кім?
Дауыс: Бұл – НКВД өкілі. Есікті аш.
Әміре: Мен ұйықтағалы жатырмын.
Дауыс: Аш! Әйтпесе есікті бұзамыз.
Әміре: Сәл сабыр. Киініп алайын.
Әміренің әйелі: Ойбай-ай, осылардың-ақ зіркілдеген даусы балалардың үрейін алып болды-ау!..
Дауыс: Тез! Күтетін уақыт жоқ.
Әміре киініп, есікті ашады. Қара киім киген екі кісі Әміреге бұйыра сөйлейді.
Қара киімділер:
– Тез жинал!
– Бізбен бірге барасың!
Әміре: Қайда?
Қара киімділер:
– Оны барған соң көресің!
– Айтқан сөзді тыңда.
Әміре: Әйтпесе не болады?
Қара киімділер:
– Онда отбасыңа қиын болады!
– Бізге бәрібір.
Әміре: Түсіндім. Қазір әзір боламын. (әйеліне) Уайымдама!
Әйелі: (күбірлей сөйлеп) Ойпыр-ай, осылар-ақ дікектеп, балалардың зәре-құтын қашырып болды-ау! Қашан аяқталар екен осы тергеуі...
Қара киімділер Әмірені дедектете сүйреп алып кетеді. Үйдегі әйелі мен баласы үрейлене қорқып, зар илеп қалады.
Сахна қараңғылана беріп, қайта жанғанда-жеке бөлмеде Әміре мен қара киімді адам. Сұрақ-жауап.
Қара киімді: Енді бар шындықты айт. Әйтпесе, аяушылық күтпе менен!
Әміре: Мен бәрін де айттым.
Қара киімді: Жоқ, сен бәрін айтқан жоқсың.
Әміре: Тағы не айтуым керек?
Қара киімді: Сен Совет елінің хас жауы – Мұстафа Шоқаймен кездескенде оған қандай хабар жеткіздің? Сауытжановтың айтуынша – сен онымен оңаша кездесіпсің! Оны қалай таптың?
Әміре: Мұстафаны мен іздегем жоқ, ол мені тапты.
Қара киімді: (кекесінмен) Үлкен Парижде сені қалай оп-оңай таба салды? Бұл ертекке кім сенеді, а?
Әміре: Парижде дүниежүзілік этнографиялық көрме өтті демедім бе!
Қара киімді: Оған Мұстафаның қандай қатысы бар?
Әміре: Көрмеге әнші ретінде менің де келгенімді естіген болар.
Қара киімді: Ол не деді?
Әміре: Ел жағдайын сұрады.
Қара киімді: Сосын?
Әміре: Сағынғанын айтты.
Қара киімді: Кімді? Кімді сағынған екен?
Әміре: Елді сағыныпты.
Қара киімді: Сосын?
Әміре: Көзіне жас алды.
Қара киімді: (кіжіне сөйлеп) Жыласа, көзі ағарсын! Маған керегі ол емес. Мұстафа Бөкейхановқа хат берді ме?
Әміре: Жоқ, хат алғам жоқ.
Қара киімді: Сауытжановтың айтуынша, сенен Байтұрсынов, тағы басқа кісілерді сұрапты.
Әміре: Сұрады. Ахмет, Міржақыптар не істеп жүр деді.
Қара киімді: Сен не деп жауап бердің?
Әміре: Байтұрсынов қазір мұғалім, ал Міржақып шығармашылықпен айналысады дедім. Керек десең, Мұстафа мұндай деректі мен айтпай-ақ біліп отыр.
Қара киімді: Мәскеуде Бөкейхановпен жолыққаныңды неге айтпайсың? Онымен оңаша сөйлескеніңді неге жасырдың, а?
Әміре: Ол кісіні бір-ақ рет көрдім.
Қара киімді: Не туралы сөйлестіңдер?
Әміре: Ел туралы. Артық сөз болған жоқ.
Қара киімді: Өтірік! Жалған сөйлеп отырсың! Мен әлі сені сөйлетемін. Сайратамын-н... (ашуланып, столды салып-салып қалады)
Сахна қараңғылана береді де, Әміре Париждегі күндерін қайта еске түсіреді.
Сахнада Әміре Тамара хануммен оңаша сөйлесіп отырады.
Тамара ханум: Бұл көрмеде сенің бағың жанды, оны мойындаймын.
Әміре: Бұл не, қызғанышың ба?
Тамара ханум: Жоға, қызғанып қайтем? Парижде бір қазақ күміс медаль алып жатса, ол біз үшін де мәртебе, өзбек-қазақ бір туған ел емес пе?
Әміре: Әрине! Былайғы ел өзбек пен қазақты ең жақын туыс халық деп біледі.
Тамара ханум: Шіркін, Париж қандай керемет шаһар! Ал, біздің Ташкент қашан осындай жағдайға жетер екен?
Әміре: Ташкент жақсы ғой. Біздің Қызылорданы айтсайшы. Әлі де аяғынан тік тұрып кете алмай жатыр.
Тамара ханум: Қызылорда – жас астана! Оның көркейіп-гүлденуіне әлі көп уақыт керек.
Әміре: Ал, біздің Крайком хатшысы Қожанов олай демейді. Ол айтады: енді он жылда әлем таң қалатын астана жасаймын дейді.
Тамара ханум: Қожанов дейсің бе? Әй, қайдам. Басқалар жасайтын болар, ал сол Қожанов деген хатшыға сену қиындау.
Әміре: Неге?
Тамара ханум: Өйткені, елдің айтуынша, ол өте қызба қазақ екен. Тіпті Сталин жолдастың өзімен сөз таластырып жүрген адам деседі. Өтірік-шынын білмеймін, әрине! Ал, сабырсыз басшы бәрібір көздеген жеріне жете алмайды.
Әміре: Жарайды. Қожанов туралы сенімен таласпай-ақ қояйын. Алайда, біліп қой. Қазаққа түбі өте мықты басшылар келеді, жаңа астана да салынады. Тіпті Ташкенттен де асып түседі әлі...
Тамара ханум: Ал, мынадай ЭКСПО... біздің елде өте ме? Сенесің бе осыған?
Әміре: Неге сенбейін! Өтеді. Әлі-ақ қазақ елі оянады. Халықаралық көрме де өтетін болады жаңа, өркен жайған астанада...
Тамара ханум: Сонда Ташкентте өтпей ме? Неге өз еліңді айта бересің?
Әміре: (күліп) Әркімге өз елі жақын. Ренжіме, Тамара...
Тамара ханум: Ендеше, мен де өзімнің өзбек халқын асқақ санаймын, ең озық ел санаймын.
Әміре: (ойлана) Осы, Тамара ханум, мен білсем сенің шын тегің басқа. Толық аты-жөнің...
Тамара ханум: Оны өзім де жасырмаймын. Тамара Артемовна Петросян! Алайда, бір нәрсені біліп қойыңыз, Әміре жолдас! Мен Ферғанада туғанмын. Демек, өзбек елі – менің де елім.
Әміре: Жо-жоқ, сенің тегіңді айтып, бөтен кісісің дегім келмеген. Білмек болғаным – Мұхитдинге қалай ғашық болғансың? Ол сенен бақандай 10 жас үлкен...
Тамара ханум: Мұхитдин екеуміздің арамызда жас айырмашылығы еш сезілмейді. Ол – өте отты жігіт! Бойында қызу қаны бар. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын өзбек! Сосын да мен оны ұнаттым. (сәл тоқтап) Осы сен, Әміре, менің отбасымды неге тәптіштеп сұрап кеттің, а? Оның саған қандай керегі болды, а?
Әміре: (күле сөйлеп) Жәй... Мұхитдин менің досым ғой, сен онымен бақыттысың ба деп... Соны білмек боп...
Тамара ханум: Енді көзің жетті ме?
Әміре: Әбден жетті!
Осы кезде сахнаға Мұхитдин Кари-Якубов шығады.
Кари-Якубов: Оу, екеуің қандай мәселеге көз жеткізіп жатырсыңдар, а?
Тамара ханум: Әміре ғой, мені сауал-сұрақтың астына алып...
Әміре: Мұхитдин, қызғанбай-ақ қой, мен Тамараның өзіңді есі кете сүйетінін бек білемін.
Кари-Якубов: Мен қызғандым ба! Сондай сезім байқаттым ба?
Әміре: Жоқ, әрине!
Кари-Якубов: Өзбектер сондай халық, өз сезімін өте құпия ұстай біледі. Қазақтардан бір артықшылығы да сонда.
Әміре: Қазақ, рас, өте сезімтал халық. Біз өз сезімімізді дереу байқатып қоя береміз. Бірақ, сол жаман ба?
Кари-Якубов: Білмедім. Оны таразылап-салмақтайтын мен емес.
Әміре: Жарайды, бөліне бермейік. Біз шетелдеміз. (сәл тоқтап) Келіңдер, мен сендерді сыйлаймын. Төменге, мейрамханаға түсеміз бе?
Тамара ханум: Ең дұрыс ұсыныс – осы болды ма деймін. Әйтпесе, бағаналы бері бос әңгіме... Мылжың сөз...
Бәрі де күледі.
(Сахна қараңғыланады)
Көрініс
(Қызылорда, 1928 жылдың басы)
Сахнада – үш жігіт. Үшеуі де өте көңілді. Аздап шарап ішіп алған. Бұлар – Әміре, Иса және Серке.
Иса: Осы сен, Әміре, бізге Парижде ән салған күндер туралы неге аз айтасың, а? Француздың сылқым сулулары жөнінде тіс жармайсың ғой.
Серке: Соны айтсайшы! Бұл Әміре тіпті ол жайлы жақ ашуды қойды. Қалай шыдап жүре алады осы, а?
Әміре: Оның несін айта берейін, достар! Мен үшін Париж сапары – азап сапарына ұласты емес пе!
Иса: Е, неге?
Серке: Бұл қай сөзің?
Әміре: Айтсам – сөз біте ме? Оның қайсыбірін айтайын сендерге.
Серке: Бүгін ғана аздап ойдан серпілген сияқтысың. Әйтпесе, сені тану қиын болып кетті. Мүлде басқа Әміресің...
Әміре: (серпіле) Ту-у, Расында да бүгін ғана өздеріңмен еркін сөйлесіп, мейірім қанды-ау!
Иса: Мен де сені қазір танығандаймын.
Серке: Осы сен неге үнемі тұнжырап жүресің? Кейде бетің көгеріп, ісіп келеді.
Иса: Соны мен де сұрасам ба деп жүр едім.
Әміре: (қабағын түйе) Сендерге айтуға да қорқам. Менің кейінгі жылдары көрген қорлығымды иттің басына да бермесін.
Серке: Неге? Не болды?
Иса: Кімдер? НКВД ма?
Әміре: Осы Сауытжановтың несін алдым екен? Бәрі де соның көрсетуімен! НКВД өкілдері қараңғы түсе бере алып кетеді де, түні бойы қинайды. Шоқай туралы шындықты айт дейді. Бөкейхановпен қандай байланысың бар дейді. Таң атқанша ұрып-соғады. Таң ата үйге әкеп тастайды.
Серке: Сен бұл туралы ешқашан да айтқан емессің.
Әміре:Қалай айтам? Егер осы туралы тіс жарсаң, отбасыңмен қоштаса бер деп қорқытады.
Иса: Оларға керегі – Мұстафаның өз елімен қалай байланыс жасайтыны шығар?
Әміре: Сұрақтары да қызық! (мырс етіп) Бөкейхановпен қалай хабарласады дейді. Араларында байланысшы бар ма? Мен оны қайдан білемін.
Серке: (күйіне сөйлеп) Поу, асқақ үнді әншім-ай! Сенің тағдырыңды қақпақыл еткен мына таскерең қоғамға не дейін!
Иса: Күдер үзе берер түк те жоқ. Бұның бәрі де құпия комитетте жұмыс істейтіндердің кәдуілгі әдісі. Ақыры қояды. Шыдау керек. (сәл тоқтап) Сондай сұрқия саясат туралы поэма жазамын әлі-і...
Әміре: Шыдамның да шегі бар. Осы күні әбден қалжырадым. Даусым да жоғалып бара жатқан сияқты.
Иса: Жоқ! Менен-жыр, сенен-ән көшсе, аққу-ән қош десе, онда біздің де өлгеніміз! Әніңнен айрыла көрме, жезтаңдайым!
Әміре: (кенет желпіне) Әннен құдіретті не бар жалғанда! Қазақ әні ешқашан өлмек емес. Оны ешкім де өлтіруге хақы жоқ.
Содан кейін ақырын ыңылдап, “Балқадиша” әнін бастайды. Оған Серке мен Иса да қосылады.
Сахна қараңғылана береді.
Көрініс
(Қызылорда, 1928 жыл)
Әміренің жұпынылау ескі үйі. Түнгі сәт. Әміре ұйқы құшағында. Түс көріп жатады. Түсінде – оған Анатолий Луначарский келеді.
Луначарский: Оу, жезтаңдай әншім, сенің мына түрің қалай?
Әміре: Анатолий Васильевич, қазіргі көрген күнімді иттің де басына бермесін.
Луначарский: Е, неге? Не күн туды басыңа?
Әміре: Сізге айтуға да қорқам.
Луначарский: Айт! Айта бер. Бұл жерде екеумізден өзге жан жоқ.
Әміре: (даусы дірілдеп) Мені НКВД тергеп жатқанына жарты жыл болды. Күнде түн ортасында алып кетеді де, таң атқанша сілелетеді.
Луначарский: Оларға не керек? Сенен не сұрайды сонда?
Әміре: Қандас қазақтар жайынан білгісі келеді. Париждегі Шоқай, Мәскеудегі Бөкейханов, мұндағы Байтұрсынов...
Луначарский: Олар – саясаттың адамдары. Ал, сен әншісің. Соны айтпадың ба?
Әміре: Айттым. Бірақ сөзіме сенбейді, сенің олармен тығыз байланысың бар дейді.
Луначарский: Жарайды, қамықпа. Мен бұл туралы Сталин жолдасқа айтамын. Сені мазалағанын қойсын деймін. Әзірге сабыр сақта. Шыдамды бол.
Осыны айтады да, Луначарский елеске айналып кетеді, Әміре оған ұмтыла беріп, енді қараса – алдында Бөкейханов тұрады.
Әміре: (алқына сөйлеп) Әлихан аға, мына заман не боп барады? Мені күнде тергейді, күнде әлдебір хат туралы сұрайды.
Әлихан: Рас, сен Мұстафаға хат алып бардың. Мұстафа сен арқылы маған хат жазып жіберді.
Әміре: Мен ол хаттардың ішінде не барын да білмеймін ғой, аға! Мыналарға не деймін? Не айтамын?
Әлихан: Сол білмеген қалпыңнан айныма! Саясатты қайтесің! Оған бір кіріп алсаң, онда шатасасың. Әніңмен бол!
Әміре: Сол әнді де айтқызбауға айналды ғой мыналар...
Әлихан: Қояды. Тергеп-тергеп, түк шықпаған соң, өздері-ақ доғарды. Тек шыдай білші, бауырым!
Әміре: Аға, шыдамға да үлкен жігер керек екен. Мен осы күні...
Әлихан: Түсінем! Қазір ешкімге де жайлы болмай тұр мына заман! Алайда ұлт үшін, ел болашағы үшін мен де, сен де осы азапты шегеміз. Болашақ жас ұрпақ бізді түсінеді. Бағалайды.
Әміре: Болашақ үшін десеңіз, әрине, бәріне шыдауға да бармын.
Әлихан: Ұлтыңа жасаған қызметің еш болмайды, бауырым! Ұлтқа жасаған сатқындық болса, ең сұмдығы сонда. Ол өмір бойы арыңды азапқа салады.
Әміре: Сол сатқындық... неге өміршең? Неге ондайлар көп жасайды?
Әлихан: Сатқындық дейсің бе? Сатқындықтың екінші аты – екіжүзділік! Екіжүзділер барлық уақытта болған, бола да береді. Ең бастысы – олардың жазасын беретін біз емес – уақыт! Тарих екіжүзді, хамелеон жандарды келер ұрпақ алдында әлі талай-талай масқаралайды.
Әміре: Жоқ, мен сатқын адам болып тарихта қала алмаймын.
Әлихан: Ендеше, осыған келіселік. Қолды әкел!
Әміре: Міне, қолым Әлихан аға! Міне, менің қолым...
Әміре қолын созып жатып, оянып кетеді. Түн ортасы. Балалары мен жары қалың ұйқыда. Кенет тағы есік қағылады.
Әміре: Бұл тағы да сендер ме?
Дауыс: Тұр! Тез жинал. Бізбен бірге жүресің.
Әміре: Айқайлама! Балалар ұйықтап жатыр. Мен қазір шығам.
Дауыс: Тездет! Күтіп тұра алмаймыз.
Әміре: (мысқылмен) Өте маңызды жұмыс атқарып жүргендей бола қалады. Білеміз ғой бұл шаруаларыңды. (сосын дауыстап) Киініп жатырмын-н...
Әйелі: (қосарлана сөйлеп) Киініп жатыр! Киінбей қайда қашады сендерден!..
Сахна қараңғылана береді.
сахналық қойылымның Эпилогы
(Алматы, 1934 жылдың соңы)
Әміре өз үйінде ой үстінде отырады. Жападан жалғыз. Құлағына мұңлы әуен естіледі.
Әміре: Уай, бұл не? Бұл қандай қайғылы әуен? Маған не болды осы?
Осы кезде бір кісі есік қағады.
Бейтаныс адам: Сізді телефонға шақырады, Әміре аға!
Әміре: Қазір! Қазір барам.
Ол телефонға келеді. Тыңдайды. Арғы жағынан таныс үн естіледі. Бұл – Мұхитдин Кари-Якубов.
Кари-Якубов: Әміре, амансың ба? Сені бір жеті іздеп, әзер таптым ғой. Қалың қалай?
Әміре: Жаман емес. Бірақ аса тамаша да емес.
Кари-Якубов: Көп уақытыңды алмайын. Саған баяғы ұсынысымды тағы да айтпақпын. Менің ансамбліме келсең қайтеді, а?
Әміре: (ойлана) Кел дейсің бе? Ташкентке көшуім керек пе? (сәл тоқтап) Жоқ, бара алмаймын. Мен бақылаудамын.
Кари-Якубов: Қайта жақсы. Із жасырып кетесің.
Әміре: Болмайды, Мұхитдин! Мен елдегі кейбір сезімсіз, тасжүрек жандарға өкпелесем де, еліме ренжи алмаймын. Өлсем де өлігім осы қазақ топырағында қалады.
Кари-Якубов: Осындай ұран сөз кімге керек, а?
Әміре: Бұл ұран емес, шын сөзім. Жан сырым! Мен – қазақпын! Қазақ боп өлем! Қазақ боп бақи дүниеге аттанам. Ал, артымда... аққу-әнім қалса болғаны. Соны ғана арман етем...
Дауыс жоғала береді.
Осы кезде сахнаның бір бұрышынан Сауытжанов көрінеді.
Сауытжанов: Естідім! Бәрін де естідім. Сен енді елді тастап, басқа жаққа қашпақшы екенсің ғой, ә? Өзбек жерін паналамақ ойың бар ма?
Әміре: (селк етіп) Мен туған елімді ештеңеге де, ешқандай алтынға да айырбастамаймын. Осында тудым, осында өлем!
Сауытжанов: Сенбеймін! Сен екіжүзді адамсың. Қанша қинаса да, НКВД өкілдеріне шын сырыңды айтқан жоқсың. Сенгенің – Луначарский еді, енді ол да бақиға озды. Сол орыстың саған соншалық ықыласты болғанына таңым бар. Оған не беріп, көңілін аулап алғансың, а?
Әміре: Луначарский жолдасқа тіл тигізбеңіз! Ол – өте таза жүректі адам. Маған Шаляпин сияқты Отаныңды сатып кетпе, елге орал, қадірін біл деп ақыл-кеңес берген де сол кісі.
Сауытжанов: Біз ше? Біз ондай сөзді айтпаппыз ба? Құлағыңа ілдің бе менің ақылымды! (сәл тоқтап) Жә, енді бәріне де жауап беретін кезің келді. Бұдан былай театрды ұмыт! Турасын айтқанда – театрдан садаға кет! Саған ол жаққа жол жабық! Ұқтың ба, жол жоқ деймін! (айқайлайды)
Әміре: Осы сізге, Сауытжанов жолдас, менің қандай әрекетім жақпайды? Неге маған сонша өшіктіңіз, а? Ең болмаса, соны ашып айтыңызшы! Естіп өлейін...
Сауытжанов: Ә, өлуге жиналдым де! Дұрыс-с! Ол да дұрыс шаруа! Саған, біле-білсең, одан басқа жол қалмаған сияқты.
Әміре: (ашулана) Өлем бе, жоқ па – ол менің жеке ісім! Сіз менің сауалыма жауап бермедіңіз...
Сауытжанов: Жауап керек пе? Жауап естігің келе ме? (сәл тоқтап) Ендеше айтайын. Сенің көкірегің өсті, ешкімді тыңдамай, өркөкіректеніп кеттің. Бірақ әу баста саған жол ашып, үлкен сахнаға жолдама берген мына біздерге...
Әміре: (сөзін бөліп) Яғни, Сауытжановтарға!..
Сауытжанов: Солай десе де болады. Мына билік басында отырған сыйлы кісілерге қарсы жүрдің. Қарсы сөз айттың! Жалпы сүйікті партиямыздың сұңғыла саясатына күдікпен қарадың! Өкімет ісіне өгізкөздендің! Сөйтіп, өзіңе-өзің көр қаздың! Арғы жағын түсінген де боларсың енді.
Әміре: (кіжіне) Түсіндім! Түсінгенде, тұп-тура есімнен тандыра жаздадың. Расымен өлмесіме қоймайды екенсіңдер! (сәл тоқтап) Еһ, сорлылар... Сорлаған қазақтар-р...
Қараңғыланады да, қайта жанғанда – Алматы. Сахнада – театр ғимаратының үлкен суреті. Үлкен жарнама: “Бүгін опера театрында қазақтың тұңғыш операсы “Қыз Жібек” сахналанады.” Осы кезде сахна сыртынан шуылдасып-сөйлесіп бір топ артистер көрінеді. Араларында – Күләш, Қанабек, Жүсіпбек, Құрманбек, Манарбектер бар.
Манарбек: Опера сәтті өтті. Күләш, саған таң қалмаған жан болмаған шығар.
Жүсіпбек: Залдағылар түрегеп тұрып, ұзақ қол шапалақтады. Мен дәл бұлай болар деп ойламаған едім.
Қанабек: Сендер біздің Күләшті кім деп жүрсіңдер, а? (сәл тоқтап) Енді, міне, қазақ операсы да өмірге жолдама алды. Бұл әлі басы. Көр де тұрыңдар, қазақ елі әлі әлемді аузына қаратады. Біз әлемдегі ең өнерлі, ең талантты халықпыз. Бұдан өткен бақыт бола ма, айтыңдаршы?
Күләш: Рахмет, сендерге! Бәріңе де дән ризамын. Тек... (күмілжіді) Тек арамызда Әміре жоқ. Ол қайда екен?
Осы кезде сахнаға Серке шығады. Ол өте көңілсіз.
Жігіттер:
– Неге көңілсізсің?
– Не боп қалды?
– Айтсаң тезірек?
Серке: Сұмдық хабар естіп келдім. Сұмдық болды бұл!..
Жігіттер:
– Қандай хабар?
– Қайдан естідің?
Күләш: Әміреге қатысты ма?
Серке: Әміреден айрылыппыз, жігіттер!.. (өксіп жіберді) Енді Әміре жоқ!
Жігіттер:
– Қайда?
– Қашан?
– Бұл қалай болғаны?
Серке: (көзін сүртіп) Өлі денесін бағана осы театрға жақын жерден тауып алыпты. Есіл талант, қор болды-ау, тіпті оның жүрегінің соңғы соғысы да осы театрдың жанында дамылдапты. Әй, бұл қандай қоғам! Неткен қоғам!
Қанабек: Бұл сондай қоғам! Сондай тасжүрек, таскерең қоғам!
Күләш: (даусы дірілдеп) Ән – Адам енді жоқ десеңдерші! Енді қайтып құдіретті үн естілмейді десеңдерші! Ән жетімсіреді десейші! Аққу-ән сыңарсыз қалғаны ма сонда-а... (күрсіне) Сенің үнің, сенің даусың өзің кетсең де біздің жүрегімізде ұзақ уақыт естіліп, сөз болып сыңсып тұра береді, Әміре аға! Ән-аға... сіз өлмейсіз! Өлген жоқсыз!.. Сізді ешқандай құдірет өлтіре алмайды-ы... Сіз тірісіз, Әміре аға!..
Сахна қараңғылан береді.
ОҚИҒАНЫ ТҮЙІНДЕУ
(Астана, 2017 жылдың көктемі)
Тағы да “ЭКСПО-2017” халықаралық мамандандырылған көрмесіне әзірлік алаңы. Абыр-сабырға жүгіріскен жұмысшылар. Өздері у-шу.
Дауыстар:
– ЭКСПО басталуға аз уақыт қалды!
– Мына қарқынмен іс біте ме?
– Әй, жайбасарларым-ай, не деген марғаусыңдар?
– Бітеді! Үлгереміз! Әлі-ақ әлем халқы қазақ еліне таң-тамаша болып қарайды, көр де тұр...
Осы кезде екі қара көзілдірікті жігіт сахнаға шығады.
1-дауыс: Елбасы келе жатыр.
2-дауыс: Қасындай сыйлы қонағы бар.
1-дауыс: Кім екен?
2-дауыс: Франциядан келген қонақ...
Олар шығып кетеді де, енді Елбасы сахнаға көтеріледі. Қасындағы қонағы – Оноре де Базан.
Елбасы: Міне, ЭКСПО құрылысы аяқталып та қалды. Алғаш келген кезіңізден бері бас-аяғы үш-төрт ай өтті. Ал, қарқын өте күшті! Байқайсыз ба, Базан мырза!
Оноре: Өте жылдам жүргізіп, аяқтап жатыр екенсіздер. Құрылысшылардың қарқынына көз ілесер емес тіпті!
Елбасы: Францияда мұндай халықаралық көрме 1925 жы-
лы өткен екен. Биыл – 2017 жыл. Тұп-тура 92 жылдан соң қазақ жерінде Көрме туы көтерілмекші!
Оноре: Оны ата-бабаларыңыз да арман етіпті. Кеше Қашаубаев туралы сахналық қойылымда тамашаладым. Сонда Әміре айтады: “Біздің елде бір уақыттарда әсем де әдемі астана болады, жаңа тұлғалар өсіп шығады, тіпті ЭКСПО көрмесі біздің елде де өтетініне сенімдімін” деді. Қандай көрегендік!
Елбасы: Сол аталардың ұлы арманын жүзеге асырып жатырмыз. Үлкен той – алда!
Оноре: Біз де, Президент мырза, ЭКСПО-ға қонақ боп келеміз. Францияның ең үздік өнерпаздарымыз қатысады. Әншілеріміз де келеді. Бірақ...
Елбасы: Неге бірақ дейсіз? Неге мүдірдіңіз?
Оноре: Бірақ, Қашаубаевтай зор даусымен төбедегі люстраны дірілдетіп жіберетін әншіні қайдан табайық. Ол – ерекше талант. Мойындауымыз керек!
Елбасы: Рас, өзіміз де қазақтың маңдайына біткен ұлы әншісі деп білеміз. Әміре әндері ешқашан өшпек емес. Халқымен бірге жасайды.
Оноре: (ойлана) Әттең, тағдыры аянышты аяқталған екен! Мен бүгін бір ойға табан тіредім. Елге, Парижге оралған соң, архивтен Әміренің жанды даусын іздеймін. Мүмкін, табылып қалар.
Елбасы: Олай болса, менің халқыма өте тамаша сый жасар едіңіз!
Оноре: Егер табылып жатса, сөзсіз ЭКСПО көрмесіне әкеліп, тосын тарту етемін.
Елбасы: (ойлана) Біздің қазақ халқы – өте талантты халық! Абайдай дана ұлы болған! Жамбылдай дара таланты тағы болған! Қашаубаевтай әншісі бір емес, баршылық. Қажымұқандай әлемді таңдандырған палуаны да көп. Күләштай жезтаңдай әнші қыздары тағы бар. Қысқасы, бұл ел – өнер дарыған ел! Сіз де Париж жұртшылығына осыны айта барыңыз. Сәлемімді жеткізіңіз! Енді халықаралық көрменің ашылуында кездескенше!.. Той дастарханында жүздескенше!..
(шымылдық)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.