Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Жүйрік едім қашаннан, ақбөкендей орытқан...

06.10.2023 955

Жүйрік едім қашаннан, ақбөкендей орытқан 14+

Жүйрік едім қашаннан, ақбөкендей орытқан - adebiportal.kz

Он тоғызыншы ғасырдағы қазақ қоғамының дінбұзар дүмше молдаларын, елге саясы түспейтін сараң байларын өз жырлары арқылы ашық сынап, елдік пен ерлікті, халықтың асқақ мұратын насихаттаған ақын Қашаған Күржіманұлының туғанына биыл 182 жыл толады. Қашаған Күржіманұлы – өз дәуірінің бағыт-бағдарын бағамдай білген, замана шындығын толғаған, «Қырымның қырық батыры» тәрізді халқымыздың рухани асыл мұрасын өмір бойы жырлап, оны Мұрын, Шәдіман, Жанжігіт, Мұса сияқты  кейінгі толқын інілерге ұластырған ақын. Оның алғашқы толғаулары 1935 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарық көрген екен. 

Біз бүгін қайыртпай кеткен кешегі Қашағанның ұрпағы Тұрсынғали ақсақалмен жасаған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз. Оқи отырыңыз, қадірлі оқырман. 

 

- Армысыз, ақсақал! Сіздің қары әкеңіз Өсербай Сәрсенбайұлы мен Қашаған Күржіманұлы тетелес өскен ағалы-інілі деп естиміз. Алашқа белгілі ақын Қашаған Күржіманұлының ел естімеген, хатқа түспеген әңгімелері болса өз аузыңыздан естиін деп келіп едік... 

-  Қашекең 1841 жылы Түрікменстанның Дашоғыз уәлаяты, Мырзабас ауылында дүниеге келген. Әкесі Күржіман Қашаған бес жасқа толғанда дүние салған. Ол уақыттағы күнелтіс қамы қиын болса керек, ел Маңғыстауға қарата көшкен. Менің қары әкемнің аты – Өсербай. Оның әкесінің аты – Сәрсенбай. Сәрсенбай мен Күржіман – бір кісінің ұлдары. Тағдырдың жазғанына шара жоқ, жұбайы қайтыс болған Күржіманның зайыбы Сәрсенбайға атастырылады.  Қашаған жігітшік болып, есі кіріп қалған кез. Ол заманда осы күнгідей «жалақысы жоғары болса барамын, болмаса бармаймын» демейді. Жұмыс табылса болғаны. Маңғыстаудың жергілікті халқы мата, бұйым, ұн, тұрмыс материалдарын алып келіп Ойыл татарларының малына айырбастайды екен. Мал басы мыңға толғанда жергілікті жерлерден қойшылар жинап, өз еліне айдататын көрінеді.  

Қашекең бұл оқиғаны өз жырында былай өрбітеді:

«Қадір білер ағалар,

«Шырағым, жүр!» - деп ертті.

Он төрт жасқа келгенде

Балалықты тастадым.

Он бес жасқа келгенде

Таяқ алып қолыма,

Қойымның түстім жолына.

Табанға шарық байладым,

Жұмысқа басты сайладым.

Орынбор деген қалаға

Сергей деген көпестің

Серкелі қойын айдадым»

Саудагерлер қойшы іздеп жүргенде Қашекең тап бола кеткен. Қойшылар малды иіріп, түнде күзетіп ұйықтайды. Ұйықтап жатқан Қашағанның кеудесіне бір үлкен қара кісі отырып: «Өнер беремін, елге шаш!» - депті. Әлгі кісі салмақ салып отырса керек, Қашекең оянып кетеді. Оянса, кеудесі ауырып, ынтығып жүрегі толып тұрады. Әрі-бері айқайлап жатып, тағы көзі ілініп кетеді. Баяғы кісі қайта аян беріп «Балам тұр, өнер беремін елге шаш. Қаптап аласың ба, дорбалап аласың ба?» - деп сұрайды. Қашекең бергеніңді аламын дейді. Қашаған ұйқыдан атып тұрса, жүрегі кеудесіне сыймай бір нәрсе керіп бара жатады, ал қой болса ұзап кеткен екен. Ұйқысынан оянып, көз ұшындағы құбылыстарды сөзбен кескіндесе, сөзі ұйқаса береді. Жүрегінің аптыққаны басылады. Алқына жүгіріп мал шетіне жете бергенде, жел айдаған бір түйеқарын қойды дүрліктіре үркітіп, ұзатып әкетеді. Ызаланған Қашаған осы жерде іле шала түйеқарынға өлең шығарады: 

Ассалаумағалейкум, түйеқарын! 

Адасқан ақылынан сен бір жарым. 

Келдің де қия шеттен қойды үркіттің, 

Алдыңда білмейсің бе қойдың барын? 

 

Және түйеқарын болып іле жауап береді: 

-Уағалейкумассалам, түйеқарын! 

Адасқан ақылынан дейсің жарым 

Жол жүріп алыс жерден келе жатсаң 

Алдыңда білер ме едің ненің барын?! 

Сөйтіп, қойды айдатып келе жатқан шенеуніктер жолай елді-мекендерге аялдап, ас-су ішіп отырып бір-біріне: «Әй, ана қойшы бала өлең шығаратын көрінеді. Қасымызға алдыртсақ қайтеді?» - дейді. Қашекең келіп, ішіндегі біреуін оқсатып мақтайды. Сайдагерлер Қашекеңді тағы бірде қызықтайды. Қысқасы, қойшылықтан шығарып, жандарына ертіп, жыр айтқызады. Ауылға келгеннен кейін, Сәрсенбай балам аман-сау, табысты келді деп малын сойып, ауыл-аймақты шақырып, Қашекеңнің хабарын естіп қуаныпты.

Ол ғасырда жұрт базаршылайтын жәрмөңке саудасы жылына бір рет болып тұрады екен. Жәрмеңкеде бәленбай ағаш үй тігіліп, ру ақсақалдары, күйші, жыршылар, небір атақты палуандар жиналыпты.  Шалдар бір-бірін шақырады. Адай руы әлім руын, әлім руы табын руын, табын руы таз руын, таз руы шеркеш пен беріш руларын шақырады... Қонақасы беріп жатқан он екі қанатты үйдің ішіне әр рудың ақсақалдары жиылып, әңгіме дүкен құрып отырса керек. Ішінде адай руымен нағашылы-жиендігі бар, өзі елді көп аралаған, айтқыш, ауыздыға сөз бермейтін кісі таз Қашқынбай төрде отырыпты. Аяқ жақта от жағып отырған адайдың бір жігіті нағашылы-жиеннің әзіліне салып «Әй бәленшеке, сен мұнда қағып не істеп жүрсің?» - десе керек, таз Қашқынбай: «Жиенім қаңғып неғып жүрсің деп отыр ғой, осы бір нағашыларымның әкелері жоқ деп естіп едім, солардың әкесін іздеп жүрмін» - депті. Мәссаған, бұрын естімеген тосын әңгімеге біздің ақсақалдардың аузына құм құйылып, сынып қалады. Адай руының үлкендері мынаған үндемей кеткеніміз болмас, мынаған қарсы тұрып жауап беретін кім бар дегенде, осы маңда Қашаған деген жас жігіт бар, өзі айтқыш деп естиміз, соны алдыртайық дейді. 

Шалдар Қашекеңді алдыртып, жырла дейді. Қашағаннан жасы үлкен таз Қашқынбай: «Өз өмірімнен жүрген жерлерімді, көрген оқиғаларымды баян етіп отыр едім. Өздері келіп ұрынды. Адайдың ар жағы қыздың баласы екенін естиміз. Оның не жасыратыны бар?» - депті. Намысқа шапқан Қашекең атасының тегін түгендеп, байдың бойжетіп отырған Ханбибі атты қызы құрбыларымен мәуелі ағаштың түбін саялап ұйықтап жатып, шошып оянғанын, жоғарыдан бір тылсым келіп құрсағына тірелгенін, сөйтіп адайдың Нұрдан пайда болғанын тарқатып айтып береді. Сонда таз Қашқынбай: «Әй бала, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылдың. Келешегің бар бала екенсің», - деп Қашағанға батасын береді. Міне, содан бері адайдың әкесін тапқан алғаш Қашаған болып аталып кетті…

- Қашағанның жырларын алғаш хатқа түсірушілер кімдер?

- Менің әкем Қашағанды көрген. Қашағанның қасында болған Сәтекеңдердің сөзі бар. Сәтекең, менің әкем Көшен, Шәтімандар Жазушылар одағына ең алғаш рет Қашекең жайлы материал беріпті. Бұл ақпарат Қабиболла Сыдиықтың кітабында да бар. 

- Қашекеңнің медреселік білімі болған ба?

Маңғыстаудың бір ардақты ұлы, математик Ордалы Қосайдың қары әкесі қайтыс болғанда, Қашекеңнің үйінде құран шығартыпты. Яғни, діни сауаты болған болып тұр. Оны жырларынан да байқауымызға болады. Бірақ нақты медреседе оқыды деген дерек жоқ. Оны қосып өтірік айтуға болмайды. 

- Қашаған Күржіманұлы 1870 жылғы Иса-Досан бастаған Адай көтерілісінің тұсында қайда болды деп ойлайсыз?

Қашаған Күржіманұлының домбырасы

Жалпы мен де таң қаламын. Қашекеңнің кітабында батырларға қатысты ақпарат жоқтың қасы. Мұхаммед пайғамбардың күйеубаласы Әзірет Әлидің бір еңбегіне дастан арнайды. 30-40 шақты бет. Бұл – менің жинаған кітабымда бар. 

- Бірде сөзден сөз шығып, Маңғыстаудың танымал жыршысы Сәрсенбай жыраумен байлықтың неге бітетіні жайлы әңгімелесіп қалғанымызда Сәрсекең: «Ақылды адам бай болса, Қашаған бай болар еді. Салт басты сабау қамшылы өтті ғой» - деп еді...

Қашекең жаз шыға ер аралап кетіп, күзге таман ауылға қайтып келеді екен. Келгесін менің қары әкем Өсербайдың үйінен тамақ ішетін көрінеді. Екі-үш күн бойы Өсекең де Қашекең де үндемейді, бөлек-бөлек өз жұмыстарымен айналысатынға ұқсайды. Тамақ ішеді, тынығады, мал жайын жұмыстайды. Екі-үш өткен соң Өсекең: «Ал енді демалдың ғой. Қайда бардың, кімді көрдің, хабарыңды айта отыр», - дейді екен. Қашекең содан кеп саулайды. Кетіп бара жатқанда Бәленшекең келін түсіріп жатыр екен, қуаныштарына ортақтасып бір түйе бердім, келесі ауылда торқалы тойына 3-4 жылқы бердім, тағы бір ауылда бір үйдің ер жеткен баласы дүние салыпты, оған да бір түйемді атадым, қысқасы не керек, ауылға дымсыз қайтып келіпті. Өсекең: «Әй, Қашаған дұрыс, бәрі дұрыс. Тек аман жүр. Елге қадірлі ақын болғасын, саған дүниенің қадірі жоқ қой», - деп айтады екен.

Менің қары әкем Өсербай қырық жыл болыс болған. Екінші Түрікмен-адай ауылы, Шайыр ауданының болысы. Қырық жыл болыс болса да, репрессияға ұшырамаған ауылмыз. Осы кісінің арқасында біздің ауылдың адамдары, мал-жан, дүниесі де аман қалған. Байлар мен болыстар: «Өсербай қанша ешкің бар?» - деп келемеждейді екен. Бұрынғы уақытта ешкіні малға есептемеген. Өсекең – мал жинамаған адам. Үстінен бес жүздей арыз жазылып, іс қозғалған. Комиссия тексеріп келгенде, жаппас Сыдиық деген көмектесіп, аман қалыпты. Жаппас Сыдиық – Форт-Шевченко қаласында исполкомы. Бұл оқиғаға қатысты «Жыр жүйрігі Қашаған» атты кітапта мақалам бар. Өзі исполком болып отырып, болыстың баласына көмектесу дегеніңіз өте қауіпті нәрсе ғой... Сөйтсем, Жаппас Сыдиық біздің ауылдың күйеубаласы екен.

- Қашекеңнің жолдасы Сәттіғұл Жаңғабылұлына қатысты не айтасыз?

- Сәттіғұл – Қашекеңнің жанына ерген қосшы баласы ғой. Қашекең «Қырымның қырық батыры» дастанын жатқа білген. Мұрын жырау өз сөзінде бұл дастанды Қашағаннан үйренгенін айтады. Жасым тоқсанға келіп қайран қалып жүрмін. Осы жасыма дейін жырдағы Қырымды Украинаның Қырымы шығар дейтін едім. Біз Маңғыстаудың халқын ойдың, үстірттің, төбенің қазағы деп жатамыз. Серікбол Қоңдыбайдың «Арғы қазақ мифологиясын» оқып отырып, бұл өзіміздің қырдан шыққан қырық батыр жайлы дастан екеніне көзім жетті. Құдығы, оқиға болған жердегі жер-су атауларының бәрі – өзіміздің Маңғыстау өлкесіне тиесілі атаулар. Өзім де бұрын мына дастандағы шыңыраулардың бәрі Маңғыстау жерінде ғой, Қырым түбегі таулы жер, қалай өзі деп ойлаушы едім. Әлем тарихында мидай даладан 100-110 метрге дейін шыңырау қазған жалғыз ұлт – қазақ, соның ішінде адай руы. Мен білсем, бұл рудың өзіне тән елу ерекшелігі бар.

 - Қандай ерекшеліктер?

Ол бір кітапқа жүк болатын бөлек әңгіме. Сен қазір бәрін біліп алғың келеді ғой (Күліп).

- Қашағанның артында қалған ұрпақтары жайлы айтып өтсеңіз?

- Қабибола Сыдиықтың дерегіне қарағанда Қашекең үш рет әйел алған. Үш әйелден он екі ұрпақ сүйген. Көп баласы ерте шетінеп кете беріпті. Біздің шалдың дерегінде жеті әйел алғаны айтылады. Соңғы рет беріштің қызын тойда алып қашыпты. Он екі ұрпағының ішіндегі бір қызы Жаман адай руына келін болып түскен. Сол қыздан Сармолда деген бала қалған. Қашекең өзі үлкейген шағында қызынан сол жиенін сұрап алады. Былайша айтқанда, жиенін бала қылып алады. Тайсойған жерінде әуелі үш колхоз отырыпты. Кейін ол мекен соғыс полигонына айналып, халықты көшіру қажет болған. Сармолданың жұмыс істеп жүрген колхозы да Ақтөбе қаласына көшірілген. 1941 жылы соғысқа аттаныпты. Сармолданың туған қызы бар. Аты – Ақмаржан. Қазір Ақтөбеде тұрады. Бір жылдары Ақмаржан қарындасым арнайы Маңғыстауға бізді іздеп келді. Қарындасымның он перзенті бар екен. Шүкір, бәрінің көзі тірі. Сармолда да жыр айтқан. Қарындасым Ақтөбеге шақырып, кемпірім бар, күйші Сержан Шәкірат бар, бір інім бар, төртеуміз бардық. Қонақтыққа барғанымда бір Табынай руының тоқсанға таяған ақсақалымен танысып қалдым. Өзі Сармолданың көзін көріпті. Айтуына қарағанда, той-томалақта Сармолданың екі рет жыр айтып отырғанын көріпті. Жалпы айтайын дегенім, Қашекеңнің ізі бар. 

Тұрсынғали ақсақалдың шаңырағындағы Қашағанның кеудемүсіні

Ертеректе Форт-Шевченкода тұрдым. Мен оқудамын. Бір әйел тонау Түрікменстаннан Маңғыстауға кетіп бара жатқан адамдарға: «Елде менің Көшен деген туыс ағам бар көрінеді. Ауру қызым бар, өзім өлуге келдім. Сол ағам мені келіп алып кетсін» - деп хабар айтып жіберіпті. Содан біздің шал барып, апамызды елге алып келді. Қызының ауыратыны да рас екен. Апамыз елге келіп, төрт, бес айдан соң дүние салыпты. Қызының адамға зияны жоқ, үндемейді, тек кішкене есі кіресілі-шығасылы. Біздің ауылдың молдалығы бар Жаңай шалы: «Мен осы қызды адам қылып аламын. Маған беріңіз» - деп ақсақалдан сұрап алыпты. Оқу бітіріп, жұмыс істеп жүрген уақытым. Үйге түскі ас ішуге келген мезетім. Үйге қонақтар келіпті. Мамам шақырып, мына кісіні танисың ба дейді. Танымадым. Сөйтсем, баяғы кемпірдің қызы... Құрық кентіндегі ескі наубайхананың жанында тұрады екен. Шалының екі түйесі бар. Біздің үйге шұбат әкеліп отыр. Апамыз ауруынан жазылыпты. Мені сырттай естіген. Соңыра Баянды елді-мекенінінде көшті. Демек, бұл апамыз Қашағанның тағы бір қызы болып тұр ғой. 

Сәттіғұл Жанғабылұлының да неше баласы болған. Қазір артында қалған тұқым жоқ. Елдің арасындағы тіл-көз деген нәрсе бар. Қашекең мен Сәтекең, Құрманғазы Сағырбайұлы да сол тіл-көзге ұшыраған адамдар болып тұр. Соңы тақ-тұқ. 

- Шынайы әңгімелескеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар