- Ассалаумағалейкум, Жүкел аға! Мінеки, асқаралы алпысқа келіп жатырсыз. Құтты болсын! «Алпыс – тал түс» немесе «алпыс – ал піс» дейді, қазақ. Тал түске дейінгі шығармашылық ғұмырыңызға көңіліңіз тола ма?
- Әлей болсын! Иә, толады. Бұл – көкейді талдыратын ең ауыр сұрақтың бірі. Әке жасынан артық жасау адамға түрлі ой салады, әрі ауырлау.
«Мен де келдім Елуге,
Әкемнен төрт жас үлкенмін!..», -
дегенім бар еді, бұл жолы да солай қайталанар!?.
Шығармашылық ғұмыр әркімге әрқалай. Мен үшін әр он жылдық өз міндетін атқарды-ау!
- Бұл – дәстүрлі сұрақ десек те болады. Өлең жазуға (мүмкін шығаруға) деген қабілетіңіз неше жасыңыздан таныла бастады?
- Адам баласына оның болашағы, тағдыры, қалпы құрсақтан жазылып қояды ғой. Біз сол жазмышты орындаушыларымыз. Тәңіріден түйсікке нендей нұсқау келеді, соны қабылдап орындаймыз.
- Монғолия қазақтарының қайнаған ортасы Баян-Өлгейден, таза қазақ тілді ортадан жырақ, қалың торғауыт арасында туып-өскен ақынсыз. Бұл жағдай шығармашылық қалыптасуыңызға қалай әсер етті?
- Торғауыттар – біздің нағашылар, Тоғырыл атамыздан бұрын қыз алысып, қыз берістік. Сорқаққатын бегім біздің әпкеміз екенін ескерсек, арғысын айтпағанда, орта ғасырдан бері егіздеп жүрген халықпыз. Тағдырымыз, босып өткен көшіміз, «Алтайым» деген дастанымыз да, орта ғасырдан бергі сөйлеу мәнерімізді жоғалтпаған алтайы түрік бұтақтарымыз. Қазіргі ұстанған дініміздің екі бөлектігі болмаса, тегіміз бір.
«Мәңгі көк мұз құрсанған...», - деп, шертпемен /топшуыр/ көмейлете айтатын дастанын бала күннен құлаққа сіңіріп өскендіктен, сол арқылы шығармашылығыма «Қорқыттың зары» құйылып, сіңіп қалған деп айтуыма да болады.
- «Қос тіл – қос қанатым» дейтін, орыс, қазақ тілдеріне қатысты бір айтылым болушы еді. Сіздің жағдайыңызда бұл – қазақ, монғол тілдері. Қай тілде жазу оңай, сіз үшін?
- Қазіргі күні, соңғы жеті ғасырда шет тілдерден, діни атау, терминдерден екі тілге кіріккен сөздерді алып тастасақ, бір тілді, тіл түбірі бір тамырлы халықпыз ғой. «Шоқ», «шешек», «жалын», «тәңір», «көк», «Көк Тәңірі» «ала», «құла», «шабдар», «боз», «өмілдірік», «таға», «таңба»... Тізе берсек, сөздік қорымыздың алпыс пайызы бірдей, байырғы атауында сақталған. Қай тілде? Түйсікке әмір қай тілде келсе, сол тілде жаза беремін!
- Қазақ тіліне де, монғол тіліне де аграрлық поэтика тән десек болар. Бірақ бүгінгі қалалық ұрпақ мұны түсінбей қалмай ма?
- Бұл ескірген ұғым ғой! Әлде қазіргі оқулықтарда сақталып келе ме? Кезінде Ілиясты «этнографиялық ақын», Бұқарды «зар заман жырауы» дейтін жалған «теория» болушы еді!
- Мазмұн, пішінге қатысты әңгімені әрмен қарай жалғайықшы. Соңғы кезеңдегі жазған өлеңдеріңіздің көбінесе этноностальгиялық ерікті ұйқасқа құрылғанын байқаймыз. Мұны жаңашылдық, ой еркіндігі деп есептеуге бола ма?
- Түйсігім қалай оянып, нені айтқалы тұрса, соны ғана қағазға түсіремін. Қас қағым сәтте берілген үнді айрылып қалмай, ұстап қалу – маған жүктелген парыз. Форма, жаңашылдық дегенге қатысым жоқ, ол мүмкін болашақтың ісі шығар!
- «Шығармашылық қабілет – қанмен келеді, сүтпен беріледі», - деп жатады. Жолыңызды қуып қаламгерлікпен шұғылданып жүрген балаларыңыз бар ма?
- Бар, құдайға шүкір. Екі ұлым да жазады. Біреуі алты жасында, кішісі сегіз жасында шағын әңгімелер жинағын шығарған. Және олар да қос тілде жазады. Бірде, ақын Ұлықбек Есдәулеттің: «Жүкел, сендер қашан қазақша жазасыңдар?» - деп қалжыңдағаны бар еді. Соңғы кезде қызметтері шығармашылықтарына қолбайлау болып жүр. Соған алаңдаймын.
- Монғол әдебиетінің бүгінгі тынысынан хабардарсыз. Бізге үлгі боларлықтай немесе оларға біз үлгі боларлықтай қандай-қандай ахуалды атаған болар едіңіз?
- Монғол әдебиеті туралы айту – ұзақ әңгіме. Ол жақтың бізден кейінгі бір мүшел өкілдері қазір мемлекеттік және халықаралық әдебиет сыйлықтарын алып, әлемнің көптеген тілдерінде кітаптарын шығарып қойды. Кореядан бастап Швецияға дейінгі елдерде болатын кітап саудасындағы ең өтімді кітаптар солардікі. Биылғы жылы Нобель сыйлығына екі бірдей ақыны ұсынылып отыр... Бізде қырық, елу жастағыларды «жас ақын», «жас жазушы» деп, атап жүрміз. Баяғы сарын ғой!
- Қазақтың біраз қаламгерлерін монғол тіліне сөйлеттіңіз. Солардың ішінде аударуға «оң жамбасқа келгені», яғни сәтті шыққаны қайсысы болды?
- «Жамбасқа келетінді» аудару екінің бірінің қолынан келеді ғой. Мендегі мақсат – кәсіби аударма жасау.
- Шығармашылық адамдарының шабыт шақыру, жазуда өзіндік ғадеті, күй талғауы болады деп жатады. Сіз бұл мәселеде қалайсыз?
- Менде күй таңдау деген түсінік жоқ.
- Ақындар қауымында «ананы мойындау» «мынаны мойындамау» деген сияқты бір ұстаным бары рас қой. Расын айтыңызшы, өз тұстастарыңыз арасында кімді нағыз ақын ретінде мойындайсыз?
- Бұл маңызды және әдебиетке әсері бар сұрақ емес!
- Бұл сұраққа Шыңғыс ханның өмірі мен тарихы туралы дереккөздерді бірнеше тілде оқуға мүмкіндігі бар оқырман ретінде де, кәсіби аудармашы ретінде де жауап беруіңізге болады. Сіздің пікіріңізше, Шыңғыс хан қай тілде сөйлеген?
- Жоғарыда екі тілдегі біраз сөздерді келтірдім. Академик Базылхан Бұқатұлының «Моңғолша-қазақша сөздігі», «Қазақша-моңғолша сөздігі» академиялық сөздіктері мен «Моңғол қазақ тілдерінің тарихи салыстырмалық грамматикасы», Б.Ренчин, В.Владимирцов т.б ғалымдардың еңбектері бұл сұраққа нақты, ғылыми тұрғыда жауап береді. Соларды оқыңыздар!
- Монғолия – қара мекен. Қазақстан – атамекен. Қара мекендегі кіндік жұртыңыз төменгі Бұлғын елінде Баян-Өлгейдің өзінде жоқ кейбір көне салт-дәстүрлер сақталған деп естиміз. Жырақтағы осы бір шоғыр қазақ болашақта ұлттық бояуды сақтап тұра ала ма?
- Қалады! Біздің жыл санауымыздан бұрынғы бесінші ғасырдан бері қоянқолтық келе жатқан туыстас көшпелі екі халық бірін-бірі құртпайды. Орыс пен қытайдан әлдеқалай қауіп төнбесе!
- Жүкел аға, сұрақтарымызға шын ниетіңізбен, қысқа да нұсқа жауап бергеніңіз үшін рақмет! Асқаралы алпыс жасыңыз құтты болсын!
Сұхбаттасқан, Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.