Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жұмабай Шаштайұлы. Абайдай шынайы болу қиын екен...

10.10.2020 5033

Жұмабай Шаштайұлы. Абайдай шынайы болу қиын екен 12+

Жұмабай Шаштайұлы. Абайдай шынайы болу қиын екен - adebiportal.kz

1984 жылдан бері қазақ әдебиетіне "Қызыл қар", "Жала мен нала", "Жыр жолбарыс", "Біздің заманның Аяз биі", "Жаңғырық" сынды қадау-қадау шығармалар берген Жұмабай Шаштайұлы биыл 70 жасқа келіп отыр. Мерейтой қарсаңында қаламгермен өткен өмір, шығармашылық жылдар, ағалар мен замандастар турасында аз-кем сұхбаттасқан едік.

- Аға, мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын! Бүгінге дейін қызығы мен қиындығы мол біраз жол жүріп өттіңіз. Көңілге не түйдіңіз?

- Көргенім баршылық. Түйгенім онша көп емес-ау. Қанша сөздің соңына түстік, соны қудық деп айтқанмен көп нәрсені бұрынғы ата-бабамыздай терең тани алмадық қой. Баяғыда Сейдахмет Бердіқұловтың 50 жылдығында Тахауи Ахтанов айтты дейді: «Сейдахмет, мына Асқар Тоқпановтан кейін бізге сөз сөйлеудің не қажеті бар», - деп. Сөзді келістіріп сөйлейтін Асқар Сүлейменов қандай шешен, ділмар адам еді. Нені болсын өте шебер, кең ауқымда айтатын Әбіш Кекілбаев немесе Ақселеу Сейдімбектің соншалық бипаз айтатын қасиеттері шындығын айтқанда қазір азайып бара жатыр ғой. Көңілге түйіп, қорқатыным осы. Жалпы қазақ сөзінің қадірін білмей, ана тілдің уызына жарымай, жөргегінен қазақтың ой-арманын сыйдыратын сөздерге оранбаған жандар көбейіп кете ме деп қорқамын.

Жастардың кемшілігі өздеріне байқалмайды. Біз де жас боп көрдік қой. Түсінбейтін сөзді қолдана салып, бір естіген сөзді көрінген жерге тықпалайтынбыз. Мысалы, «көзайым болдың ба?» деген сияқты сөздер көп болатын. Абайдың «Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып аяғын көп шалдырған» дегенін қайталап қазір көп жастар орынсыз «бой алдырып» дей беретін болды. «Бой алдырып» дегенді Абай бір үлкен себеппен айтса, біз қазір оп-оңай қолдана саламыз. Біз соның бүкіл тамырлы мағынасына бойламай, қолдана беретін болдық. Ал негізінен жастарда үлкен жауапкершілік болмаса сөздің қадірін білу деген кері кетіп бара жатқан сияқты. Түйгенім осы. Бұл өте қауіпті. Жалпы біз ділмар, өте шешен халық едік. Бүгін сол қасиеттің жұрнағы да қалмай барады. Өткенде бір академик айтты ғой: «Біз Шыңғысханды не қыламыз?» - деп. Шынында сондай бір орынсыз нәрселерге таласып жүреміз. Одан да келешек ұрпақтың өз үлесінен, сыбағасынан құр қалмауының харекетін ойлауымыз керек еді ғой. Осындайда жапон тәрбиесінен көп нәрсе алуымыз керек сияқты болып тұрады. Өмір бір қарағанда жайма шуақ болып тұрғанымен, енді бір қарасаң қиын бұрылыстар жасап күтпеген жағдайларға тап қылады. Сол кезде кімнің қандай ниет көрсететінін, кімнің қандай жағдайда өзін ұстайтынын білмейміз ғой. Мысалға, біздің ойымызда жоқ 1986 жылы отыз алтыдағы адаммын. 17 желтоқсан күні жұмыстан келе жатсам Алматыдағы «Отырар» қонақ үйінің жанында бір топ жастар кетіп барады. Митингіге кетіп бара жатқандай көрінді. Қолдарында транспарант. Мен, неге екенін білмеймін, қалың топқа қосылып кеттім. Қазақтың мықты жастары ғой. Жібек жолына түсті де жүріп отырып Сейфуллинмен жоғары өрледі. Қыздар педагогикалық институтының алдына келіп қыздарды қосып алды. Байтұрсынов көшесімен жоғары өрлеп барып Семеряновқа түсті. Сөйтіп сол кездегі орталық комитеттің қасындағы алаңға жиналдық. Елдің рухы көтеріліп керемет шалқу болды. Алаңдағылар бір-бірін «Ұлттық мереке құтты болсын!» деп құттықтап жатты. Осылай басталған еді. Артынан ойран-топанын шығарды ғой. «Ұлттық мереке» деп құттықтап жатқанда бір жазушы жігіт (кейін қайтыс боп кетті) шошып кетіп: «Не айтып тұрсыңдар?» - деп айғай салды. Мынаған не болды деп шошып қалдым. Сөйтсем, менімен бірге жұмыс істейтін сол жігіт жоғарының адамы екен ғой. Осындайды да көрдік қой.

Жалпы адам баласы батырмын деп айтуы ыңғайсыз ба деп қаламын. Қасым Қайсенов ағамыз айтушы еді: «Батыр деген Махамбет, батыр деген Бауыржан Момышұлы! Қалғандарын білмеймін...» - деп. Тіпті өзін де қоспайды. Шынында батыр болу өте қиын екен ғой.

- Биыл Хәкім Абай жылын атап өтіп жатырмыз. Абайды қаншалықты жаныңызға жақын тұтасыз? Біз ойшыл әлеміне терең бойлай алдық па?

- Абайды жастанып оқимын. Ал білімпаздық жағынан Абайды танып, хәкім іліміне тұрақты түрде, терең үңілетін адамнан Тұрсынжан Шапайды ғана білемін. Тұрсынжанның Абайға деген перзенттік адалдығы жөргектен сіңген сияқты болып тұрады. Осындай ерекшелік бар. Жастау кезімізде бір топ қаламгермен кетіп бара жатыр едік бір үлкендеу кісі «Абай қу» деді. Сол «қу» дегені маған қатты әсер етті. Кейін барып қарасам тауып айтқан дегендей Абайға сүйініп отыр екен ғой. Абайдың бір дүниесіне қатты таңданамын. Бойында қазақта жоқ шынайылық бар. Абайдың шынайылығы бүкіл әлемдік ойшылдардың құбылысына тән. Өте сирек кездесетін шынайылық. Және ол кісімсімейді, пендешілігі жоқ. Абайдың суреткерлігін де, сезімталдығын да, ойшылдығын да былай қойғанда алдымен ұлт болып Абайдың шынайылығына жетуіміз керек.

- Қасымды пір тұтады екенсіз...

- Қасым Аманжоловты пір тұтатын себебім біздің буын бала кезімізде жаппай Қасымды жаттап өстік. Үйімізде 4 томдық шығармалар жинағы тұратын. Соның бәрін сүйініп оқыдық. Мен Қасымның өміріндегі кейбір трагедияларды білмейді екенмін. Кейін бір ағамыздан естіп қатты тебірендім.

Өмірімде тағы бір қызық жағдай болды. «Қазақ әдебиетінде» істеп жүргенде редакторға айттым: «9 мамыр – Жеңіс күні Қасым ақынның жарымен сұхбаттассам қайтеді?» - деп. Келісімін алып, ақынның үйіне бардым. Сақыпжамал (Сәпен) деген апамыз қарсы алды. Ең бірінші таңданысым апайдың келбеті Қасымға қатты ұқсайды екен. Сол ұқсастықты айтып едім апай жымиып: «Қасым да сөйтіп айтатын еді», - деп толқыды. Біз Қасым туралы көп сырды білмейді екенбіз. Бір өкінішім - сұхбатты толықтай жызып әкеліп бердім, газет толық басады екен деп ойлағанмын ғой. Сөйтсем газет жеті-ақ бет керек депті де, ең сүбелі деген жерлерін қиып тастапты. Ал толық нұсқасы 12 бет болатын. Соны жоғалтып алғаным үшін өзімді қылмыс жасағандай сезініп, әлі күнге дейін кешіре алмай жүрмін. Сондағы әңгімелері керемет болатын. Қасым адам ретінде жалғандығы, опасыздығы жоқ өте шынайы адам екен. Бас-көзің демей шындықты айтып кете береді. Содан талай таяқ жеп, зардап та шеккен екен. Ақын ешкімді бөліп-жармай тұтас қазақ деп жақсы көретінін байқадым. Апамыздың айтуынша өмірінің соңғы жылдарында Қарағандыны қатты сағынған екен. Қарағандыға барып келіп, оңалып келе жатқанда бір жағдайға ұшырап қайтып ауырып содан тұра алмапты...

Сұмдығы - майданнан келсе апамыз ренжитін көрінеді. Сөйтсе, соғыста жазған қаншама хаттарының бірі де қолына тимеген екен. Ол неге жетпеді, кім кедергі болды ол жағы тағы жұмбақ.

- Осы жасқа жеткенше өмірлік ұстанымға қаншалықты адал болдыңыз?

- «Ойға түстім толғандым, өз мінімді қолға алдым» деп Абай атамыз айтпақшы ойшылдың өлшеміне салсам, менде кейде біреуге жамандық, опасыздық жасаған шығармын деп ойлаймын. Пендешілік қызғаныштық, іштарлық қылған болармын. Қазір бір өзімді жақсы көре бастаған кезім (күлді). Өзің сияқты жастар іздегенде бірдеңе бітірген екенмін ғой деп қуанып қаламын. Жазу жағынан онша бір шеберлікке жете алмадым. Үлкен мәселені қозғайтын шығарма үлкен жүректі, азаматтықты қажет етеді. Сол жағы менде жетіңкіремеді ме деп ойлаймын. Өйткені шығарма жызып отырғанда Абайдың шынайылығына жетпей мықты шығарма тудыра алмайды екенсің.

- Журналистика шығармашылығыңызға кедергі болды ма?

- Олай десем үлкен күнә болады. Уақыт бәрімізге тең берілген. Жазатын адам уақыт табады. Зейнетке шыққан кезде кетпей жүріп алдым, осының өзі пенделіктің салқыны емей немене? Қазір маған Абай қиын болды. Соның шындығына жетсем бе деп талпынсаң да бәрі бір жете алмайды екенсің. Абайдай шынайы болу қиын екен.

Зейін Шашкиннің бір шығармасында ылғи шындықты ғана айтып жүретін адам жайлы аңыз бар. Әлгі адам ақыры ешқайда сыймай қаңғып өледі. Ондай болу да қиын ғой.

- Шығармаларыңыз өмірге қалай келеді? Жазылу тағдырымен бөлісе отырсаңыз...

- «Өмір ертегісі» деген әңгімем бар. «Қазақ әдебиетін» шығарып жүретін бір ағам: «Бұл нашар әңгіме», - деп қайтарып жіберді. Баспай қойды. «Лениншіл жасқа» жібердім. Вокзалда бір күні сол газетті ақтарып отырсам әңгімем шығыпты. Қуанышымда шек жоқ. Оқи бастап едім көңілім су сепкендей басылды. Шығарманың ең негізгі өзегін алып тастапты. Күйіп кеттім. Жазу деген де адамның тағдыры сияқты ғой.

Ерғали Сағатов деген жауапты хатшысы болатын. «Бұларыңыз не?» - деп ренжідім. Сөйтіп ем сіздің шығармаңызды оқып редакцияға жан-жақтан хабарласып ризашылықтарын білдіріп жатыр оқырман деді. Сауытбек те қоңырау шалып алғыс айтты деп марқайтып қойды. Ол кезде шығармаңның шығуы қиын еді ғой. Қиып тастайды.

Рафат Әбдіғұлов деген досым мен жайлы былай деп пікір жазыпты: «Оған академик Рымғали Нұрғалиев «Қияда» сияқты он әңгіме жазсаң жетеді. Тарихта қаласың!» - деген. Бұл соның 5-6 әңгімесін жазды». Соның тізімде осы «Өмір ертегісі» бар екен. Бетіме мақтаған емес. Сол досымның шыншылдығына риза болам.

Небір ұстанымы биік тұлғалардың кейін қартайып сөзінен, ісінен тайып жатқанын көрдім. Ұстанымға беріктік деген өте ауыр нәрсе ғой. Мен қазір шындығымды айтсам, өз ұстанымдарыман айнымай осы қалпымда өлсем деп армандаймын.

- Жазушыға керек қасиет қандай?

- Ең бірінші адамның жадысы мықты болу керек. Көп нәрсені іштей біліп, бірақ кек тұтпау керек деп есептеймін. Мысалы, мен осы жасқа дейін қаншама жамандық көрдім. Біреуі есімде жоқ. Елден көрген жақсылықтарымды ешқашан ұмытқан емеспін. Өмірдің заңдылығы ма деп ойлаймын. Қазақ халқының кекшіл ұлт емес екенін білем. Аталарымыз «кек қума, жол қу» деп өсірді. Менің таңданғаным М. Горкийдің орыс шаруаларының кекшілдігі жөнінде жазғаны бар. Солардың жауыздығы жөнінде 1922 жылы жазылған мақаласын оқып қайран қалдым. Сол үшін орыстар М. Горкийді кешіре алмайды екен. Кешірмейтін себебі өте қатты жазған.

Шешем жарықтық: «Ленин болмағанда қырылып кететін едік қой», - деді бір рет. Шешем мифке қатты сенетін. Сол сөзін қазір 70-ке келгенде есіме алып жүрмін. Шынында басқыншы халықтың бізге жасаған қиянаты айтып жеткізгісіз екен. Біз ол кекті қумай-ақ осы нәрселерді айтуымыз керек қой. Ертең тағы біреуден таяқ жеп қалуымыз мүмкін. Біздің балалар осы сезімнен айырылып қалса қорқынышты. Кезінде одақтан қалған ескерткіштерді қиратқан жігіттер шықты ғой. Бұл еркіндікке деген құштарлық деп білемін. Сол құштарлық бәрін де жеңді.

Біз қанша еркіндікке, тәуелсіздікке жеттік десек те жастарымыз рухсыз болса күйреп қаламыз. Сондықтан болашағымыз жастарды кеудесін ешкімге басындырмайтын етіп тәрбиелеу керек. Сонда ғана тәуелсіздік баянды болмақ. Біреуге тәуелді, кіріптар болмауға үйретуіміз керек. Желтоқсан оқиғасында тотаритарлық жүйе қатты басынып, бізді аяусыз жаншып жатқанда бір қазақ әйелі айғайлады: «Сендер бұларды жеңе алмайсыңдар. Сендер тек біліммен ғана, кісілікпен, кішілікпен ғана жеңесіңдер. Басқадай жол жоқ» - деп. Сол дана әйел кім болды екен деп ойлаймын қазір.

- Өміріңізге қатты әсер еткен бір оқиғаны айтып беріңізші?

- Әкем қой бағады. Бір күні қатты ашулы боп келді де шешемді сабады. Үйде ағам, мен, інім үшеуіміз ғана. Бір уақта мен әкемнің қолынан қамшысын жұлып алып өзін тартып жіберіппін. Кішкентай ғана баламын ғой. Шешемді сабап жатқанына төзе алмаған болуым керек. Бір кезде шешем жылап екі бауырымды ертіп кетіп барады. Маған: «Сен қал! Сен де әкеңе тартқан сұмырайсың!» - деді. О кезде жайлауда, таудың арасында тұрамыз. Бір уақта бақырып жылап шешемнің соңынан жүгірдім. Бөктердегі бір үйге бардық. Нағашы атамның үйі алыста болатын. Содан тау асып атпен келетін. Әкем келді де кешке нағашы атаммен ұзақ сөйлесті. Ақыры мәмілеге келді ғой деймін. Маған өкпелеп жүрсе де қалған балаларын алмай, мені алып тауға шығып кетті. Маған бір ауыз тіл қатқан жоқ.

- «Үзеңгі жолдасты» үзбей көретін едік...

- Ғалым Доскеннің идеясы ғой. Қазақ телевизиясына келгеннен кейін қаншама керемет дүниелер әкелді. Бір күні осы бағдарламаны тапсырды. Кейін сол бауырым: «Жұмаға, менің бір өкінішім бар», - деді. «Елдің бәріне көңіл бөліп жүріп, сізге назар аудармаппын ғой», - деді. Бұл үлкен баға ғой. Бауырларымды жақсы көремін. Шынында сол бағдарламаға келген ағалардың білгенін қазір білмей қалдық қой. Сендер жассыңдар, әке-шешенің қадірін білу деген жас кезде аздау болады. Солардың дегенін көңілге көбірек түю керек. Түсінген жанға ол бағдарламада көп дүниелер айтылды. Аяз бидей өткен күнді ұмытпауымыз керек. Біз бүгін тым ұмытшақпыз. Ұятты, ынсапты өткен күнді есімізге салып тұратын бәрімізге де бір қамшы керек сияқты.

- Әсерлі әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар