Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Жұмбаққа толы «Жер асты әлемі»...

10.03.2023 2235

Жұмбаққа толы «Жер асты әлемі» 14+

Жұмбаққа толы «Жер асты әлемі» - adebiportal.kz

Әсем Өскен

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты

Әлем жаратылысы туралы сұрақ төңірегінде бүгінгі таңдағы пікір екіге жарылады. Біз бұл жерде әлем, жалпы тіршілік бір жасушадан яғни материядан пайда болды деген материалистік көзқарас пен әлемді жаратушы күш жаратты деген идеалистік көзқарас туралы айтып отырмыз. Материалистік деп танылған ғылыми көзқарасты дұрыс деп тапсақ та, қиялымызға ерік беріп, әлем жаратылысына идеалистік сана тұрғысындағы мифтік көзқараспен қарап көрелікші. 

Ежелгі грек Құдайлары туралы мифтегі «үш әлем – аспан, жер үсті және жер асты әлемі» көрінісі бүгінгі мифологияда да өзектілігін жойған жоқ. Грек мифологиясы бойынша құдіреті күшті Зевс аспан әлемін бағындырса, қаһарына тисең жерді сілкіндіріп, теңізге алапат дауыл да тұрғыза алатын жер үсті құдайы – Посейдон болды. Ал, адам өлгеннен кейінгі тіршілік жер асты әлемінде жалғасады және оның билеушісі – қатігез Аид патша. Үш басты төбетімен бірге жүретін мифтік кейіпкер Аидтың жанындағы жер астындағылар жер үстіне қайта шыға алмайды, - деген жер астының өз заңдылықтары да бар. Бүгінгі бізді қызықтыратын тақырып та «жер асты әлемі» туралы болмақ. Жер асты әлемі туралы ежелгі грек миф-аңыздарындағы сюжеттер қазақ фольклорында да қайталанып отыратынын ойласақ, біздің ойымызға ең алғаш түсетіні –  «Ер Төстік» ертегісі. Жалмауыз кемпірден қашқан Ер Төстік жер астындағы Бапы ханның патшалығына түсіп кетеді. Ол жер астынан шығу үшін Бапы ханның тапсырмасы бойынша Темір ханның қызын Бапы ханға әкеліп бермек болған Ер Төстік, осы жол сапарында Желаяқ, Саққұлақ, Таусоғар, Көлтаусар сынды жүйріктермен танысады. Жер астына кірген адам ол жерден шыға алмайтыны белгілі. Тек жер асты патшасының тапсырмаларын орындаған ең мықтысы ғана жер үстіне шығуына мүмкіндігі бар. Мұндай мотивтер әлемдегі көптеген халықтың аңыздарында кездеседі. 

Жер шарында жұмбағы шешілмеген тылсым дүниелер көп. Солардың ақиқатына барғымыз келген кезде әрдайым мифке жүгінетін әдетіміз бары жасырын емес. Әлем үш кеңістіктен тұрады десек, оның бізге белгілісі – жер үстіндегі тіршілік. Ғарыш әлемі ең алғаш 1957 жылдан бастап аспан кеңістігінде Жердің жасанды серігі ұшырылған сәттен бастап зерттеліне бастады. Адамзат бұрын күн райын, теңіздегі кемелер мен аспандағы ұшақтар бағытын Ай мен Жұлдыздарға қарап болжайтын болса, ХХ ғасырдың ортасынан бастап Жердің жасанды серігінің көмегімен бақылап отыратын дәрежеге жетті. Аспан әлемін жаппай зерттеудің нәтижесінде:  Жерден өзге ғаламшарда да тіршілік бар, - деген пікірлер ғалымдар тарапынан айтылып қалып жүр. 

Осы орайда бізге мынадай ой келеді. Ғылым: «аспан әлеміндегі кеңістікте тіршілік бар», - деп шешкен екен, олай болса мифтегі үш әлемнің үшіншісі, жердің астында да бізге беймәлім тіршілік болуы мүмкін ғой...

2021 жылдың қараша-желтоқсан айында біз докторанттардың ғылыми тағылымдамасы бойынша Түркия мемлекетіне жолымыз түсті. Әлемге сұлу табиғатымен, тарихи жерімен мәжһүр болған Түркия мемлекетінде тарихы тылсым жерлер де молынан ұшырасады екен.  Солардың бірі, ежелгі христиандардың мекені болған Орталық Түркиядағы әуе шарлары мен жер асты қалаларымен мәшһүр болған Кападокия шаһары. Бұл жер асты қалаларының пайда болуы туралы әлі күнге дейін тарихшылар мен археологтар тарапынан әр түрлі пікірталастар айтылуда. Солардың бірі, Деринкуй б.з.д. 1900-1200 жылдары салынған. Бұл аймақтарды Хетт тайпалары мекендеген,- дейді [1]. Ал хеттер келгенге дейін бұл жерлерді Хатти тайпалары мекендепті-мыс.  Хатти тайпасы Анадолының орталық және оңтүстік-шығыс бөлігінде б.з.д. 2500-2000 жылдары ерте және орта қола дәуірінде мекендеген көрінеді. Ал кейін тілі де, сенімі де бөлек топтарға жататын Хеттер Хаттиларды басып алып, ассимилияцияға ұшыратып жібермекші болған. Алайда Хаттиларды басып алу мыңжылдарға созылған деседі. Халық ретінде жойылып кетуден сақтанған хаттилар, сол кезеңде жер асты қалаларын салған болуы керек, - дейді Кападокиядағы жер асты қалаларының тарихын зерттеуші ғалымдар. Тағы бір пікір бойынша, бұл жер асты қалаларын VII ғасырда арабтардың шапқыншылығынан және діни қудалауынан қашқан христиандар мекендеген көрінеді.

Ендеше, жер асты патшалығы Деринкуй қаласын кім тапты? Қалай табылды? Бұл туралы тарихшылар мен археологтар не дейді? 

Алғаш рет 1962 жылы Невшехирдің бір тұрғыны үйінің қабырғасын құлатып, жөндеу жүргізіп жатқанда кездейсоқ қабырғаның арғы жағынан «жұмбақ бір бөлме» тауып алады. Бұл адам қазба жұмыстарын одан ары жалғастырғанда, қосымша үңгір бөлмелерге жалғасқан күрделі туннель жүйесін кездестіреді. Бұл жағдай түрік археологтары мен тарихшыларына  үлкен жаңалық болып, ерекше қызығушылық туғызады. Араға екі жыл салып Деринкуй қаласы туристер үшін ашық алаң музейіне айналды. Бүгінде Каппадокиядағы жерасты қалалары тарихи-мәдени туристік объект ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени тізіміне кіріп отыр.

Невшехир аумағындағы бұл Деринкуй жер асты қаласына кірген сәттен бастап: «Осыншама керемет дүниені жасайтындай сол замандарда қандай өркениет болды екен? Жер үстінен қашып, жердің астына тығылатындай бұл халыққа қандай қауіп-қатер тууы мүмкін? Бұл жер асты тұрғындары кімдер? Туннельдердің шегі қайда жатыр? Жердің астында қандай тіршілік болды?» деген сұрақтар санамды жаулап алды. Бір қарағанда, алып-алып ғимараттар салу, неше алуан өнер туындыларын жазу, адамзатқа пайдасы мол ғылыми жаңалықтардың ашылуы біздің заманымызда ғана пайда болған дүние сияқты болып көрінері анық. Біз өзімізге дейінгі көне өркениетке «тас ғасыры» деп қана қарайтын секілдіміз. Сонда әлемнің «жеті кереметі» саналған Хеопс Пирамидасын (б.з.д 2550), Аспалы Бақты (б.з.д. 600. Вавилон), Олимптағы Зевс ескерткішін (б.з.д. 435), Эфестегі Артемида храмын (б.з.д. 550), Галикарнас кесенесін (б.з.д. 351), Родосс Колосыны (б.з.д. 292-280), Александрия шамшырағын (б.з.д. III ғ.) қайда қоямыз?! Сол замандарда қандай өркениет болды екен? «Бір нәрсені үйренгенімде ештеңке білмейтінімді ұғынамын» деген ескі тәмсілдің түп мағынасын мен осындайда ұғынғандай боламын.  

Сегіз деңгейден (қабат) тұратын, сыйымдылығы 30 000 адамға дейін  жететін Деринкуй қаласы бүгінде мұқият зерттелген.  Мұнда асхана, мектеп, шіркеулер, ас үй, тұрғын үйлер, қоралар, шарапқа арналған жертөлелер мен қоймалар да бар. Ең бастысы әлі күнге дейін жер жер астына ауа кіріп тұратындай табиғи «вентиляция шахталары» бар. Сол себепті де, біз жер астында бір сағаттай болғанда ешқандай қысымды сезбей, жақсы тыныс алдық. Сондай-ақ, мұндағы туннельдер мен бөлмелерге күн сәулесінен тікелей келіп тұратын жарық та кіргізілген екен. Мұнда қаншама жылдар бойына жердің үстіне шықпай да, тіпті жер үстіне шығуды керек деп те санамаған ұрпақ өмір сүріпті. Ал, жер үсті тұрғындарынан қауіп туындаған жағдайда тұрғындар жертөлені үлкен тастармен жауып тастап отырған екен. 

Бұл жерде көрші жер асты қалаларымен байланыс орнату үшін едендерінде кішкене тесіктер орнатылған. Бұл мекеннің келуші туристерге 54 метр тереңдігі ғана аян. Алайда, ғалымдар мен археологтар бұл бізге белгілі жер асты қаласының тек 15 пайызы (%) ғана деп санайды. Каппадокиядағы Озконакы атты жер асты қаласын қазып зерттеген түрік археологі Мұхаммед Джейдабар: «Жер асты үңгірлерінің «алғашқы бөлігі» болып саналатын 10-12 қабаттары бұл тек алып айсбергтің төбесі ғана. Жасырын елді мекендердің тереңдігі жүздеген, тіпті одан да көп қабаттарға жетуі мүмкін. Біз бұл жер асты қалаларын ондаған жылдар бойы қазып келеміз. Бір қабатын қазып болдық дегенде, артынша келесі қабаты көрініп тұрады. Бұл істің соңы қалай болатыны өзімізге де қызық»,- дейді [2]. 

Көне мифологиялық аңыздарда айтылатын үш әлемнің бар екеніне көптеген мифологтар анық сенеді. Өз көзімізбен көрген көрініске нанбасқа бізде амал қалмады. Расымен де, жер астында бізге белгісіз тіршілік болған. Кім біледі, бәлкім, ол тіршілік бүгінгі күнде де өз жалғасын тауып жатқан болар?!  

Жер асты қалашығына кірген кезде біз мына дүниеге таң қалдық. Ол – жер асты үңгірлерінің төбесінің биіктігінің соншалық аласалығы болатын.  Есіктерінің кішкентайлылығы басқа бір тіршілік иелеріне арналып жасалынғандай болып көрінді...  

Археология ғылымы Индонезиядағы Флорес аралының Линг-Буа үңгіріндегі адам қаңқалары бұдан 20 000 жыл бұрынғы адам бойларының 1 метрдей ғана болғандығын дәлелдеді. Бұл миниатюралық тіршілік иелерін ғалымдар Homo floresiensis ("Флорес адамы") деп атаса, әлемдік баспасөз оларды хоббиттер деп атады. Ғылыми деректерге сүйенсек, бұл адамдардың миының көлемі шимпанзе миының көлеміндей ғана болыпты. Алайда, соған қарамастан, олар тіршілікке қажетті барлық заттар мен құралдарды өте әдемі етіп тастан жасаған, - дейді австриялық зерттеуші-антрополог Ганс  Хетцке. Кейбір сарапшылар біздің планетамыздың алғашқы тұрғындары лилипуттар болды,  ал кейін олардың нәсілдері жойылды, - деген де пікір айтады. Ал, австриялық антрополог Ганс  Хетцке «Озконак, Деринкуй және Каймаклыдан» табылған жер асты қалаларындағы біздің планетамыздың алғашқы тұрғындары жойылып кетпеді, бірақ олар жойылып кетуден құтылу үшін жердің астыңғы қабатына кетті, - дейді.

Жер асты адамдары туралы ғалымдар мен зерттеушілер тарапынан көптеген болжамдар айтылуда. Сол болжамдардың негізгілерінің бірі: екі тайпа арасындағы таным-түсініктерге байланысты  қайшылықтар туындап, соңы бітіспейтін үлкен соғысқа алып барған соң, бір тайпа жердің астына түсіп, жер астын мекендеген, - дейді. Ал, кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша, жер үстінде гном тәрісдес майда адамдар өмір сүрген. Алайда адамдар олармен қоян-қолтық араласудың салдарынан келешекте гном тәріздес ұрпақ пайда болуы ықтимал деп, оларды жерге сыйдырмай қуғындап, ол тайпалармен үнемі соғысып отырған. Сондықтан, гном тәріздес тұрғындар жер бетінде күн көрсетпеген адамдардан қашып жер астына түскен, - дейді. Кейбір ғалымдар, жердің үстінде де, аспан әлемінде де тіршілік бар болғаны рас болса, жер астында да қайнап жатқан тіршіліктің бары ақиқат, - деген пікірде. Бұл пікірлердің қайсысына сенем десеңіз де өз еркіңіз. Егер ғылыми тұрғыдан келер болсақ, жер астына түскен адамдардың күннің сәулесі және адамға керекті басқа дәрумендердің жеткіліксіздігінен адам кейпінен айнып, бойларының өсуі де тежеліп қалған болуы мүмкін. Уақыт өте келе бұл генетикалық белгі ұрпақтан ұрпаққа жалғасқандықтан, олардың ұрпағы майдаланып кетсе керек. Бұл біздің пікіріміз.     

 Атақты тарихшы В. О. Ключевский (1841-1911 жж.): «Тарих –  өткен шақтан болашаққа бағыт-бағдар беріп тұратын шам», - дейді. Мүмкін тарихты дұрыс зерттей алмай жатқандығымыздан да, ақиқат-шындыққа жете алмай жатқан шығармыз. Өткенімізді жоққа шығармай, оны ғылыми негізде дұрыс зерттей білсек, ақиқаттың көмбесі ашылары анық. Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің метафизикалық ойға құралған «Үш анық» танымдық шығармасында: «Менің ойымша, ескі замандарда ойламаған ой, айтылмаған сөз, істелмеген іс қалған жоқ. Бәрінің басын олар (ойшылдар) бастап кеткен. Бірақ көп заман оқу, қазаға ұшырау сияқты себептермен жоғалған, ұмытылған. Өйтсе де, қаншадан кейін екенін өзі білсін, келген уақытының киімін киіп, жаңарып шыға келеді. 17, 18, 19 жүз жылдарға (17, 18, 19 ғасырлар) Еуропа білімділері баяғы грек-ионның Эпикур, Демокриттерінің ойларын жаңғыртып отырған жоқ па? 19 жүз жылда болған Дарвин әлдеқашан сүйегі қурап қалған Маиеннің таяғына кез келіп, соны үкілеп отырған жоқ па? 16 жүз жылдағы Коперник сүйегінің күлі де қалмаған грек-ионның Пифагорының бөркін тыстап киіп отырған жоқ па? Жақын арада таптық деп жүрген электрия қуатын грек-ионның әлдеқашанғы табысы тапқан жоқ па еді? Сол сияқты біз де жоғарғы ескі сұрауға өткен білімділердің сөзінен қорытып, оның, үстіне тұңғыш ой деп өз ойымыздан жамау салып, бөрік жасамақпыз. Бірақ тұңғыш дегеніміз әлдеқашанғы кімнің ойы болып шығарын білмеймін», - дейді [3]. 

Бұдан әрі, Шәкәрім Құдайбердіұлы ойын былай сабақтайды: «Платон деген білгіш өзінің, «Республика» деген кітабында Троглодит деген адамдар болыпты деп мысалдайды. Олар зындан сияқты бір қараңғы үңгірде өскен, өмірінде жарық көрмеген. Соның бірі әлдеқалай кез болып, үңгірдің аузын бекіткен есікке қақтығып, есік ашылып, тысқа шыққан. Басында көзі шағылысып түк көрмесе де, үйрене келе күнді, ағашты, суды, шөпті, тауды көріп қуанып, тамашалап, жолдастарына келіп айтса, мынау жынданған екен деп күлкі қылыпты. Әлгі байғұс анық көрген табиғат қасиеттерін айтпай тұра алмай, шын дей берген соң, аналар оны ұрып-соғып қойғызбақшы болады»,- дейді. Платонның жазбасынан келтірген Шәкәрім мысалдарында айтылғандай біз адамдар жер астындағы тіршілікке сенбеуіміз қаншалықты қисынды?!

Жоғарыда айтып өткеніміздей, күллі ғалам – аспан, жер үсті және жер асты әлемі болып бөлінеді. Ал, аспан әлемі, жер үсті әлеміне ғылыми тұрғыдан зерттеулер жүргізіп жатса,  жер үсті әлемінің жер асты әлемін зерттеулер нәтижесіне неге күдікпен қарауға тиіспіз?! Бұл ғылыми зерттеулердің қиын да күрделі зерттеу болары сөзсіз. Мүмкін, осы зерттеулерден туындаған жаңалық адамзат тарихындағы жаңа белес, жаңа төңкеріс болмасына кім кепіл?! Әлемде жұмбаққа толы сан алуан дүние бар. Алайда, кез-келген «эврика» қиял мен идеядан туатынын естен шығармайық...  

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A5%D0%B5%D1%82%D1%82_%D0%BF%D0%B0%D1%82%D1%88%D0%B0%D0%BB%D1%8B%D2%93%D1%8B
  2. https://aif.ru/society/23014
  3. https://adebiportal.kz/kz/news/view/shakarim_kudaiberdiuli_ush_anik__20360 

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар