Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Жыршылық деген - бір әлем. Өсербай жыраумен сұхбат...

27.01.2024 2607

Жыршылық деген - бір әлем. Өсербай жыраумен сұхбат (І бөлім) 12+

Жыршылық деген - бір әлем. Өсербай жыраумен сұхбат (І бөлім) - adebiportal.kz

Маңғыстау өңіріне сапарымызда белгілі жыршы Өсербай Сәрсенбайұлымен арнайы жолығып, қазақ ауыз әдебиетінің синкретті жанры жыршылық дәстүрдің Сүгір, Наурызбек жыраулардан бері қарай желі тартқан кешегісі мен бүгіні, өз шығармашылығы, бауылған шәкірттері, т.б. жөнінде сұхбат құрған едік.

- Өсербай аға, қазақ жыршылық өнерінің әр өңірде өзіндік дәстүрі қалыптасқан мектебі бар екенін білеміз. Бір қуантарлығы – осы бір игі дәстүр жыршылықтың өздеріңіздей белгілі өкілдері арқылы ХХІ ғасырға аман-есен сақталып жетуі деп білеміз. Өзіңіз тәлім алған Бесқала өңірінің жыршылық мектебінде кімдерді атар едіңіз? 

- Бұл енді қиындау сұрақ екен. Жалпы қазақ руханиятының бір қаймағы қалың өңірі болған Бесқалада жырау көп болды. Шамалап айтқанда отызшақты болған шығар. Арал теңізінің құбыла жағында, Әмудария бойында Мойнақ деген қала бар. Сол Мойнаққалада жыршылар көп болды. Сабырбай жыршы, Теңелбай жыршы, Ербөкен жыршы, Қайырбай жыршы, Алдаберген жыршы, Наурызбек жыршы деген айтулы өнерпаздардың аты атырапқа әйгілі болған еді.

Осы Бесқала өңірінде жыр айту дәстүрі ежелден келе жатыр және ондағы әр ауданның өзіндік ерекшелігі бар десек болады. Мына Тақтакөпір ауданы жағы – өзінше бір жыр мектебі. Әлім-шөмендер мекендейтін Бируни, Төрткүл деген жерлер бар. Олардың жыршылық мектебі – өз алдына бір бөлек. Ол жақтың тілімен Шұқыр деп атайтын Хорезм бағытындағы Ташауыз, Көне Үргеніш – бәрі Қожеліге жақын ғой. Ол жақта өз алдына бөлек жыршылар шоғыры болды. Адайдан шыққан атағы әйгілі Сүгір жырау да сол жақтан келді. Кішкентай кезінде сол жаққа барып, қартайған шағында елден рұқсат сұрап, жасы үлкендердің батасын алып атақонысы Маңғыстауға қайтады ғой. Баяғы аласапыран кезінде Бесқалаға келген Қарасай деген әйгілі жырау болған. Ол кісі 1928 жылы қайтыс болған. Сол жақтағы Бестөбе деген жердегі қойымшылықта, Адайдың немересі Қосай атаның жанында жатыр. Сүгірдің бүкіл өмірі Шоманай, Тақияташ, Көне Үргеніш, Ташауыз жақта өткен ғой. Ар жағында Түркіменстанға қарайтын Тәжен, Байрамалы, Мары деген жерлер бар. Солардың бәріне Сүкеңнің даңқы шыққан, әр кез тойға алып кетеді ғой.

- Бесқала болсын, жалпы жыршылық кең қанат жайған өңірлерде жыршы мен жырау деген ұғымдардың әдетте баламалық сипатта қатар қолданылатынын байқаймыз. ретте оқырмандарымызға түсінікті болу үшін, жыршылық пен жыраулықтың өзара ұқсастығы мен айырмашылығы туралы сәл тоқтала кетсек дейміз. Жыраулық әдебиеттің білгірі, жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин «Қобыз зарыны» монографиялық еңбегінде: «Жыраудың жыраулығының басты белгісі – ақындық, яғни өз жанынан өлең шығарғыштық қабілетінің болуы. Жырау деген атаудың өзінің «жыр» сөзінен шыққандығы күмән тудырмайды», - дей отырып, жыршылық туралы: «Біздің заманымызға жырау атымен жеткен Мұрын өз жанынан тың тақырыпқа өлең шығарып айта алмайтын болған. Яғни Мұрын шын мәнісінде жай жыршы ғана; ал жырау деген атау оған қаһармандық эпостарды өте көп білетіндігі үшін берілген. Жырау сөзі қарақалпақ, өзбек тілдерінде де ұшырасады. Бірақ бұл термин тек эпикалық жырлар айтушы (яғни жыршы) деген мағынада ғана қолданылады», - деп нақтылаған екен. Ғалымның бұл тұжырымына қосыла отырып, жыршылық, яғни жыраулық дәстүрдің кешелі-бүгінгі ел арасындағы сұранысы, беделі, салттық рәсімдері туралы әңгіме өрбітсек?

- Күні кешеге дейінгі замандағы ел ішіндегі үлкенді-кішілі тойлардың негізгі сауығы – жыр болып келген екен. Қазіргі замандағы эстрадалық музыка сияқты танымал болған ғой. Тойбастық деген болады, соған ақшаны тастап отырады. Жырау жырлап отырады. Келіннің бетін көбінесе сол жырау ашатын болған. 

Жыр жырлаудың барысы негізінен былай: әуелі той берерде ауылдың ақсақалдары кеңес қылады, яғни мәжіліс жасайды. «Мен бір той берейін деп жатырмын. Қандай тамашаны қалайсыңдар?» - деп той бермек адам шалдардың талқылауына салады. Шалдар әдетте: «Балуан болсын» немесе «Атшабыс болсын», - дейді. Сосын өнер жағына таңдау жасалады. Көбінесе: «Жырау болсын», - дейді. Осыдан кейін: «Қай жырауды қалайсыздар?» - деген сұрақ тасталады. Мұнда да ақсақалдардың пікірі ескеріліп, өздері тыңдағысы келетін жырауға ортақ келісіммен қалау жасайды. 

Осы шешім бойынша той иесі, шалдардың қалауы түскен жыраудың қай елде тұрғанына қарамастан, кемінде бір ай бұрын арнайы ат арытып іздеп келіп, , мән-жайды айтып, қазіргі той асабаларымен уақыт келіскен сияқты, тапсырыс беріп кетеді. Мысалы, ұстазым Наурызбек ағаға ту Байрамалыдан, Марыдан той иелері келіп, тапсырысын беріп, аттанатын күнге билетін алып қолына ұстатып, сол күні өзі келіп, ертіп кетіп жүретінеді. Той біткен соң жол-жорасын жасап, бір сиырдың ақшасын қалтасына салып, пойызға, арнайы көлікке отырғызып жібереді. 

Тойдың қалай өтуі жырауға да байланысты. Қонықта алыс-жуықтан барлық ағайын-туыстар келеді. Көріш-көлемдер де жиналады. Кең ашық алаңға шатыр құрып, төріне жырауды шығарады. Ол уақыттарда алыстан келген қонақтарды көрші үйлер алып кетеді ғой. Мысалы, осы үй бір қонақтық жиырма адамын, ана үй жиырма адамын дегендей, бөліп алып кетіп, тамақтандырған соң, кешкі тоғыздардан халық шатырға келіп, жырауды тыңдауға кіріседі. 

Келген қонақтар міндетті түрде жырға баруы керек. Сөйтіп ол жақтың тілімен айтқанда құрға шығады. Құрма ғой негізі. Келген қонақтың жас па, кәрі ме, келін-кепшік, бала-шаға ма, бәрі шығады. Қонақтар сыймай кетеді. Жырау төрде отырады. Ол уақытта микрофон да жоқ қой. Сол замандардағы халықтың жырға деген ынта-ықыласы сондай, жырау жырлай бастағанда шыбынның ызыңы естілмес тыныштық орнайды. Жырау жырды бастайды. Қыза-қыза келе тоғыз-ондарда бастап, он бірге дейін көсілте айтады.

Сағат он бірлерде жыраудың алдына үлкен қылып орамал жаяды. Ортада бір жасы үлкен адам жүреді. «Жыршыға!» - деп атап, жұрт ақша сала бастайды. «Пәленше он сом», «Түгенше жиырма сом!» - деп, дауыстап, жыршының алдына апарып тастай береді. Сөйтіп, ақша салу аяқталған соң, екі жағындағы шалдар орамалды түйіп, жырауға ұстатады. Сөйтіп тағы да жырлауға кірісіп, көпшілікті үш жарым-төртке дейін жырмен сусындатады. Айтып отырады, айтып отырады, бір уақытта жұртшылыққа енді қайсысын қалайсыздар? – деп қалауын сұрайды. «Едіге», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай» т.б. айту ұсынылады. Көбінесе, «Қырымның қырық батыры» циклі ғой. Сондай-ақ “Асау Барақты” немесе “Жанғожаны” айтсын деп ұсыныс білдіреді.

Жырау осылайша, халықтың қалауы бойынша жырды шетінен айтады. Сонымен түн ортасы ауа: «Демалайық», - деп шалдар бата береді. Ертеңінде таңғы тоғыздан түскі бірге дейін тағы тыңдайды. Бір сағатта келін той болса, беташар жасайды. Келін той болмаса, палуан басталады. 

Жыр айтудағы басты ұстаным: түнде айтқанын ертеңінде қайталамауы керек. Егер кеше түндегі айтқанды қайтап жырлар болса, ол жырауды бұл ел екінші қайтара шақырмайды ғой. Әсіресе, мынау Байрамалы, Мары жақтарда бір айтқанды қайталап айтсаң, саған ешқашан екінші қайрылмайтын. Басқа жырау шақыратын. Байрамалы деген – жердің түбі ғой, ол жақтағы қазақтардың көбі  құмның ішінде, сексеуіл арасында мал бағатын еді. 

Бұл жаққа шақырылып барып, тойда жырлап болып, енді жолға шығайын деп тұрсаң, тағы біреудің баласы қыз алып келеді. «Ау, жырау барда той беріп жіберелік!» - дейді. Сөйтіп жырауды алып келген той иесімен келіседі. Сөйтіп жырауды алып қалады. Енді не істеу керек? Кеше екі күн жырладым ғой. Мұнда тағы екі күн айтуым керек. Анау екі күндегі репертуарды қайталауға болмайды! Себебі, алдыңғы тойда тыңдағандар – мұнда да келеді ғой. Сондықтан да, қазіргі тілмей айтқанда, қатарынан бірнеше тойда қайталамайтындай, әр кез шығармашылық даярлықта жүретін едік. 

- Әйгілі Оразбай жыраудың жиені Наурызбек жыраудың есімі жыр, терме сүйер қалың жұртшылыққа біршама таныс десек болатын шығар. 1931 жылы дүниеге келіп, 1994 жылы өмірден өткен Наурызбек жырау – өзіңіздің тікелей ұстазыңыз екен. Наурызбек жыраудың өмір жолы туралы кеңінен тоқталсаңыз?

- Иә, Наурызбек – жоғарыда талаған жыраулардың ішінен, жалпы Бесқала бойынша ең соңғы атағы жер жарған өнерпаз ғой. Наурызбек – тума талант. Осы бір тағдырлы таланттың балалық шағы туралы тоқталмай кетуге болмайды.

Наурызбек жыраудың бала кезінде басынан өткен бір қайғылы жағдай болыпты. Ол кісі он үш жасында жылқы қайырып жүріп суға түсіп кетеді ғой. Қыпшақдария деген су бар, қаңтарда сол суға қарай ойнақтай шапқылаған колхоздың мың жарымдай жылқысы мұзға түсіп кетпесін деп қайырмақтаймын деп алдынан ойқастаймын деп жүргенде, астындағы аты тайып, ойыққа түсіп кетеді. Ана шал ана жағында, мына шал мына жағында жүр, бұған көмекке келетін жылқышылар жоқ. Мұздың асты ағынды су, шығуға мүмкіндік бермейді. Мұздың шетіне ұмтылса, сынып кете береді.

Су ішерлігіне қарай, мұздан шыға алмай, ойықта малтығып жүрген баланы жағада есекпен кетіп бара жатқан бір шал көріп қалып,  шығарып алады. Ат үстінде терлеп жүрген бала, мұздай суға түсіп, шыға алмай жүргенде денесі жансызданып тартылып қалған ғой. Арпалысып, жанталасып жүргенде денесін мұздың қырлары әбден тілгілеп тастаған екен. Мал бағатын фермасы орталықтан алыс. Мойнаққа бару үшін біраз жер керек. Сөйтіп не керек, үш ай дегенде ауруханаға апарады ғой. Бұл үш айда денесіндегі жарақаттың бітері бітіп, буын-сіңірлерінің қатары қатып қалған. 

Содан екі-үш жылдан кейін мұны сол Арал-Мойнақ жағында көп болған лепроматоз, яғни алапес ауруы деп мұны апарып Мойнақтың маңындаТайлы деген жер бар сондағы аурухана бар, сол жаққа алып кетеді. Мұндай ауруханалар сирек. Қазақстанда қазір Қызылорда жақта бар ғой. Наукеңді сол Тайлыға апарғаннан кейін бір-екі жылдан соң лепризорийді тексеріп жүрген дәрігер көреді. Бұл кісінікі негізі ешқандай ол ауру емес қой, жай жарақаттан, тоңудан болып, қолы тартылып тартылып қалған. Наурызбек бала сол жерден екі рет қашады. Үшінші рет қашқанда  әдейі аяғының тілерсегін қиып тастайды. Сөйтіп бала ұзап қаша алмайтын болып қалады. 

Бұл кісі сол он үш жасынан бастап-ақ өлең, жыр-терме айтып, ән шырқаған адам ғой. Нағашысы – мойнақтық төртқара Оразбай жырау деген белгілі кісі (айтпақшы, ол кісінің домбырасы осында болған еді). Сөйтіп торға түскен бұлбұлдай болған, өмірге налалы Наурызбек бала ауруханадағы күндерін өткізіп жатады. Мұнда жатқанда да оның жыршылық өнері кәдеге асады. Күнде кешке таман сондағы науқас кемпір-шалдар баланы жырлатады екен. 

Бір күні жаңағы лепроматоз ауруы бойынша мұнда Мәскеуден көп адамдық комиссия келеді. Кіріп келген кезде аурухананың бүкіл пациенттері Наурызбекті тыңдап отырғанын көреді. Бас дәрігері: «Тоқтатайын ба!» - десе, «Жоқ, айта берсін, біткен соң осы баланы маған алып кел!» - дейді. Сөйтіп мұндағы жырлау аяқталған соң, Наурызбекті келген дәрігерге ертіп барады. Алқа-қотан отырған дәрігерлер отырған бөлмеге домбырасын ұстап кіріп келген балаға комиссия басшысы: «Давай, сынок, спой!» - дейді. 

Алдыңғы жырлаудан арқаланып келген бала, мұнда шабыттана жыр төгеді. «Жарты сағаттай жырладым, «Қой», - демейді дейді. Ақыры: «Осы шынымен тыңдап отыр ма деп, көзіне көзім түсіп кетіп еді, мәскеулік орыс профессордың көзінен жас ағып отыр екен дейді. Біраздан соң дәрігер көзәйнегін алып, көзін сүртіп: «Сынок, хватит, отдыхай!» - деді дейді. «Сынок, я с тобой с утра занимаюсь. Ты свободен!» - деді, өзге айтқанын жақсы түсінген жоқпын, кете бердім дейді. 

Біраздан соң аурухана қызметкерлері: «Профессор шақырып жатыр», - деп бір кабинетке ертіп әкелді. Сол арада бірден қолынан, арқасынан қан алдырыпты. Бес жыл жатқанда бұдан бір рет зерттеуге деп қан да алмаған екен ғой, баладан. Тек жаман аурудың екпесін егіп, дәрісін бере берген. Арада он бір күн өтті дейді. Комиссия шақырды дейді. Барлық дәрігерлер отыр. Төрдегі сол профессор: «Ұлым, сен теоретиялық және практикалық тұрғыдан сап-саусың. Сенде тіпті оның белгілері де жоқ!» - деп айтты дейді. «Сен боссың!» - деп сол жердің бас дәрігерінің көзіне шұқыған ғой. 

Сөйтіп әлгі мың болғыр мәскеулік профессор мұны жаман аурулы ауруханадан босатып жібереді. Енді қайда бармақ? Ең әуелі Мойнаққа: аулына, ағайындарына баруы керек қой. Солай барса, барлығы бірдей, «Жаман аурусың!» - деп кіргізбейді дейді. Бұдан соң Қоңыраттағы ағайындарына барады, өзге жақтарға да барады, алдында бәрі аурудан құлақтанып алған, ешкім жолатпайды. Сөйтіп ақыры нағашылары төртқараларға, бұрын «Сталин» аталған, кейінгі «ХХІІ партсъездә колхозына келеді. Содан келіп, біздің үйде жатады. Мен сол кезде 5-6 жасар баламын. Менің үлкен ағам бұл кісіден бес-алты жас кіші, бәрі кешке қарай жұмыстан кейін тойға шығады. Ол уақытта ауылда той көп. Тойда жырлайды, бет ашады. Өзінің жылқы бағатын үйі алыста ғой. Сөйтіп жүріп ол маған домбыра үйретті. 

- Наурызбек жырау сол ауруханадан шығып келген соң, сіздің үйде жатқан кезде, өзіңізді шәкірттікке баули бастаған екен ғой? Сөйтіп Наукеңнің төл шәкірті болдыңыз.

- Төл шәкіртімін ғой. Наукең күнде осындағы тойлардан кейін біздің үйде келіп жатады. Бір демалыстан кейін үйіне кетеді. Осылай уақыт өте берді. Үшінші сыныпты бітіріп каникулға шыққан жылымда Нұржаубай атаның үйі бұл маңнан көшіп кетті. Жылқышылықтан зейнеткерлікке шыққан соң Қоңыратқа, сондағы Еліш деген жерге қоныс аударды. Көшіп кеткеннен кейін Наукең келіп, шешемнен мені сұрады. «Өсербайды бер, жаныма ертіп баулып шәкірт қылайын!» - деді. «Мен дүниеге келгеннен екі айдан кейін әкем қайтыс болған екен. «Кішкентай балам еді, әкесінің де түрін көрген жоқ, бере алмаймын, ана үлкен екеуінің қай қалағаныңды ал да кете бер!» - деп шешем мені бермеді. Екі ағам бар ғой, соларды нұсқап отыр. Оларды неғылады? Наукеңе мен ғана керекпін. Сөйтіп сол келісінде Наукең: «Қолқалаған балаңды бермедің!» - деп шешеме өкпелеп кеткен екен. Содан көп уақыт аралассыз қалыппыз.

- Осылайша Наукеңмен байланысымыз үзілді деңіз. Жыр айту машығын одан әрі игеріп, дамытуға мүмкіндік болды ма? Ары қарайғы өмір жолыңыз қалай жалғасты?

- Үшінші-төртінші сыныптардан домбырамен аздап жырлап жүрдім. Осылай өнер жолын ұстансам ба деп жүргенде спортқа аңсарым аумасы бар ма? Ұмытпасам, мен алтыншы сыныпта оқып жүрген жылы ауылға Ленинградтан оқу бітіріп келген бір жас мұғалім бокс үйірмесін, тағы бір жас мұғалім волейбол үйірмесін ашты. Екеуіне де барамыз. Сөйтіп жүргенде жетінші сыныпта волейболдан Мойнақтың құрама командасына алындым. Сөйтіп Қарақалпақстанның чемпионатына қатысып, бәрін ұттық. Ақыры сол елдің құрамасына кірдім. Содан не керек, оныншы сыныпты бітіргенше волейболдың соңынан кеттім. Үнемі сайыстық сапарда жүрдім. Мұғалімдер спорттық жетісіктеріме қарап, ұялғаннан баға қоя берген, оныншы бітіргенде, білім сыналар мамандықтарға тапсыруға жағдайым қиын екенін анық сездім. Аттестат алған соң: «Енді не істеймін?» - деп қиналып жүр едім, Қарақалпақстан құрама командасында жаттықтырған бір жақсы ағай бар еді, сол кісі жағдайымды түсініп: «Маған құжаттардыңды алып кел!» - деді. Сөйтсем бұл кісі – жай жатықтырушы екен десем, пединституттың денешынықтыру факультеті деканы лауазымды адам екен. Сөйтіп сол кісінің арқасында 1966-жылы Нөкістегі жоғары оқу орнына денешынықтыру мамандығы бойынша қабылданып, 1971 жылы бітіріп шықтым. Бітірген соң мені жолдамамен Қожеліге жіберді. Балалар спорт мектебінде Тасбол деген адай ағамыз бар еді. Сондағы СПТУ-24 деген оқу орнында Раев деген кісі абыройлы басшы бар екен. Сол ағалардың қарамағында жұмыс істедім. Шыны керек, ол заманда СПТУ-де кімдер оқиды дейсіз ғой. Оқу жақпайтын, армиядан келген т.б. студенттер білім алды. Оңай емес. Содан жарты жүктеме балалар спорт мектебінде, толық жүктемемен СПТУ-де жұмыс істеп жүрдім. Сөйтіп 1972 жылға айналып, мұғалім болып тынымсыз жұмыс істеп жүргенде түсімде Наурызбек жырау аян береді ғой.

- Бұл бір қызық жағдай екен! Аян немесе аян беру – адамның ұйықтап жатып, физиологиялық үрдіс түстің барысында оны алда не күтіп тұрғанын, болмаса қандай әрекеттер жасауы қажет екендігін таныс яки бейтаныс бейнелердің тікелей немесе әр түрлі ишараттар арқылы сездіруі деп атайды ғой. «Бала кезімдегі өнерді тастап кеттім-ау, Наурызбек жырауға бір жолықсам да дұрыс еді!» - деп ойланған кезіңіз болып па еді?

 - Жоқ. Көп жыл өтті ғой. Наурызбекті ойлаған адам емеспін. Түсімде: киіз үй тұр. Қара үй дейміз ғой. Сыртында адамдар топырлап тұр. Наурызбек жырау бес көпшіктің үстінде отырып жырлап жатыр екен. Қасымда бір бала бар екен деймін, әлгі бала: «Әй, сені Наурызбек жырау шақырып жатыр ғой», - дейді. «Қой, Наурызбек мені неғылсын, баяғыда өкпелеп кетіп қалған», - деймін. Сөйтіп тұрғанда бір кісі келіп мені Наурызбектің алдына алып барды. Наукең бес көпшіктің үстінде отыр, қолында баяғы домбырасы. Бір уақта балдаққа сүйеніп тұрды. Халыққа қарап: «Халқым, мына баланы іздеп жүр едім мен. Ендігі жерде өздеріңе осы бала қызмет етеді!», - домбыраны маған берді. «Отыр!» - деді. Бес көпшіктің екі көпшігіне мені отырғызды да: «Қане, айт! дейді. Бірдеңелерді айтып жатырмын... Ояна келсем, түсім екен. Ол кезде Қожеліде тұрамыз,. Оянып алып, әрі ойландым, бері ойландым. Түсіме кіретіндей, бұрын осы туралы ойлап жүрсем екен. Бұл жыршылық жайында еш ойламағанмын, ол туралы ұмытып кеткен адаммын ғой. Қырғын спорт, бәсеке ойландыруға мұрша бере ме? 

Сол түс көруден екі-үш күн өткеннен кейін басым айналатын бір бәлеге тап болдым. Кетіп бара жатамын да, жер дөңгелей жөнеледі, сүйеніп қаламын. Жүрек өзінен-өзі ұрады. Кенет аяқ тартылып қалады. Үйдегі жеңгеңнің Шоманайда тұратын, жүзге тақап қалған нағашы әжесі бар еді. Сол кісіге бір барғанда: «Әже, мен осындай бір түс көріп едім, содан кейін осындай жағдай болып жатыр», - деп айттым. Ол кісі маған: «Ойбуй, балам, сенің мынау институттағы дипломың қалады, сен халыққа әйгілі жырау болайын деп тұрсың ғой. Сенің несібең халықтан болады. Ертең қайт та, жылдам Наурызбекке бар!» - деді.

Келіп алып тағы ойландым. Сонау үшінші сыныптан кейін ол кісіні көрген жоқпын ғой, қаншама жыл өтті. СПТУ-де оқитын студенттерден: «Қоңыраттан кім бар?» - десем, бірнешеуі қол көтереді. «Наурызбек жырау деген кісіні білесіңдер ме?», - десем біреуі: «Білемін ол кісіні, Қоңыраттың Елішінде тұрады», - деді. «Онда екеуіміз ертең сонда жолға шығамыз!» - дедім. Сөйтіп, жолға шықтық. Себебі Науекеңе бармасам, жағдайымның дұрыс болмайтынын сезіндім. Ми айналу, аяқ тартылу көбейе түсті. Нағашы әжей: «Аруақтыкі, барсаң сап-сау боласың!» - деген болатын. Сөйтіп әлгі баланы ертіп алып Қоңыратқа тартып кеттік... (жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар