Белгілі жыршы Өсербай Сәрсенбайұлымен жасалған сұхбаттың екінші бөлімін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қоңыратқа келдік, осындағы Ескі қалаға жеттік. Наукең тұратын Еліш – Мойнаққа бара жатқан бетте екен. Ол жақтағы елдің үйлерінің сыртында қамыс қоралар болатын. Сондай қоралы үйлердің бірі екен, іздеп жүріп тауып алып қақпасынан кірдік. Қораның сонау төр жағында төрт адам балтаға салып, отындық жыңғыл шауып тұр екен. Ол заманда газ деген жоқ, отқа жыңғыл жағады.
Қақпадан кірген кезде төртеудің бірі – басында ондатра малақай киген, үстіне пальто жамылған кісінің Наукең екенін тани қойдым. Ол кісі де мені көрген соң, жұмысын тоқтатып, бері қарай беттеді. Үш метрдей жерге келгенде: «О, Өсербай, келдің бе, тоңып қалыпсыңдар ғой, тез ішке кіріңдер!» - деді. Менің Өсербай екенімді бұл кісі қайдан біледі? Үшінші сыныптан кейін қаншама жыл өтті. Сілбіреп суық жаңбыр жауып тұрған еді, расымен де. «Ассалаумағалейкум!» - деп сәлем беріп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін үйге кірдік. Бәйбішесіне: «Жыңғылды тезірек молдап жақ, мына балалар тоңып қалды!» - деп бәйек болып жатыр. Қызы Базар шай дайындады, Наукең пештің жылы тұсына мені отырғызды, жанымда табын бала, оқушым екеуіміз жайланып шай ішуге кірістік. Наукең шай үстінде: «Өсербай, Мойнақтағылар аман ба?» – деп бәрін сұрады. Мен өзімді әлі таныстырмасам да Өсербай екенімді біліп тұр. «Мойнақтан келе жатырсың ба?» - деді. Мен Қожеліден келе жатқанымды айттым. «Қожеліде неғып жүрсің?» - деген сұрағына, оқу бітіріп сонда келгенімді, айттым.
Біраз шөл қандырған соң Наукең қызына жаңағы үш жігіттің біреуін шақыртып алып, оған қорадағы қойдың бірін ұстап әкеліп союды бұйырды. «Ойбай аға, ештеңеге әуре болмаңыздар!» - десек, ол кісі күш бермеді. «Мына бала – бас жеуге тиіс! Әркімнің жолы бар», - деді. «Біз Қожеліге қайтамыз, ертең жұмыс, мына балада сабақ еді!», - деді. «Жоқ, сан жылдар өткенде келіп отырсың. Осында қонып кетесің», - деп кесіп-пішіп айтты.
Сөйтіп біз бүгін аттанып кету райынан қайттық.
Бір уақытта тағы біреуді шақыруды бұйырды. Шақырған адамы келген соң оған бүгін осында қонақасы болатынын айтып, шамамен жиырмашақты адамды осында шақырып келуді тапсырды. Сөйтіп ет пісіп, кеш те болды. Табын бала екеуіміз үлкен залдың төріндеміз. Наукеңнің ол заманда нағыз гүрілдеп тұрған шағы ғой. Сөйтсек Қоңыраттың сорпа бетіне шығарлары бәрі келген екен ғой: поркурор, милиция басшысы, қойма меңгерушісі дегендей, өңкей ығай-сығайлар екен. Ішінде бір осалы жоқ. Келген қонақтарға бізді таныстырды: «Кезінде мені ауру деп күшпен Тайлыға алып кетіп еді, келіп едім, туыстарым сезіктеніп-күдіктеніп үйіне кіргізуден қашқанда, мені паналатқан – нағашыларым еді. Солардың, осы баланың үйінде болдым. Сол жақсылықтарын ұмытқан емеспін. Мен мына балаға, оның әке-шешесіне қарыздармын. Анасы осыларға салмаған ақ төсегін маған салатын еді. Мені іздеп келіп отырған бұл балаға не берсем де қарыздармын», - деп түсіндіріп жатты.
- Сонымен бала кезіңізде ұстазыңыз болған, домбыра қолға ұстатқан Наурызбек жырауды іздеп келіп, қайта қауыштыңыз. Ұстазыңыздың алдында жырладыңыз ба?
- Иә, жырладым. Жырлайтын сәт жеткенде: «Кезінде мен бұл балаға мынадайды үйреткенмін, мынандайды үйреткенмін», - деп өзі ағыл-тегіл ал кеп жырласын. Біраздан соң маған да кезек берді, мен де бірдеңелерді айтқан болдым. Наукеңнің шаңына ілесу қайда! Сөйтіп қонақтар таң ата үйді-үйіне кетті.
Біз сілеміз құрып ұйықтап қалыппыз. Бір уақытта Наукең: «Оу, мырзалар, оу мырзалар, тұрыңдар!» - деп оятып жатыр. Қолында ішіне бір ақ тағам құйылған кесе: «Мынаны ішіп ал!» - дейді. «Ол не?» - десем: «Қолдан піскен сары май. Түнде жырладың ғой, тамағың жұмсарсын», - дейді. «Ой, аға, мен кеше көп жырлап шаршаған жоқпын ғой?» - деп тартыншақтадым. «Жоқ, тартынбай ішіп ал! - деді. Бұрын мұндай сары май ішіп әдеттеніп көріппін бе мен? Үлкен кісі өзі ұсынып тұрған соң ұят қой, тастап жібердім. Бұл да болса жыр айтушылардың тамақты жұмсартып сақтаудағы ежелден бері қалыптасқан тәсілі екен.
Осыдан соң шайға келдік. Шай ішіп болған соң мен: «Ал, Науке, рақмет, сый-құрметіңізге! Менің жұмысқа кетуім керек. Бүгін жетуім керек. Жұмыс істеп жүрген бір емес, екі жерге көрінуім керек. Рұқсат болса, біз тұрсақ!» - деп едім, Наукең: «Жоқ, отыра тұр, - деді де: «Зибаш, ау Зибаш, жаңағы заттарды әкел!» - деп айқайлады. Жеңгейдің аты Зибаш еді. Сол уақытта жең ұшынан сатылатын француздық костюм-шалбар мен нейлон көйлекті үш жүз сомды менің алдыма, жүз сом мен бір нейлон көйлекті табын баланың алдына қойды. «Ал, батаңды бер!» - дейді. Мен қайбір жөні түзу бата беремін, сіз тұрғанда!» - деймін. «Жоқ, жөн, жол сенікі, бата бересің!» - дейді. Сөйтіп сол арада бірер сөздің басын құрап бата берген болдым. Наукең: «Сендерді шығарып салайын!» - дейді. «Жоқ, ойбай, өзім шығамын ғой! – десем: «Жоқ, болмайды!» - деп, қораның есігінен сыртқа шығарып салды. Есіктен енді шығайын деп жатыр едім: «Өсербай тоқта!» - деді. «Бүгін нешінші күн?» - деп сұрады. «Бүгін құдай қаласа, бірінші күн», - дедім. «Төртінші күні Қожеліде Қырқыншы деген жер бар, Қылышбай деген ажын бар, соның келінтойында жырлаймын. Сағат бесте мені сол үйдің жанында күтіп тұр!» - деді. «Жарайды, барамын», - дедім. Наукеңнің батасын алып, үйге жөнелдік. Ол заманда Бесқалада Наукеңсіз той болмайды ғой.
Сөйтіп үйге келдім. Зайыбымның алдына костюм-шалбар, көйлек пен 300 сомды тастап едім, қорқып кетті. Менің бір ай бойғы айлығымның өзі – 110 сом ғой. «Мынаны қай жақтан алдың? Бұл не нәрсе?» - деп күдіктенген соң, бәрін түсіндіріп айтып бердім. Себебі, орыс сыныбында оқығандықтан, Наукең туралы ол уақытта білмейтін еді. Осылай да осылай болған деп Наукеңнің біздің үйде жүрген шағы туралы әңгімелеп бердім.
- Осылайша жыршылық жолға біртіндеп түсе бастаған боларсыз. Мектептің жұмысы тағы бар. Осыған байланысты таңдау жасау оңай болмаған да шығар?
- Оңай емес, әрине. Уәде бойынша Наукеңнің айтқан күні Қырқыншыға бардым. Той болатын – биік қақпалы, сәулетті бір үй екен. «Ассалаумағалейкум!» - деп ішке кірдім. Жөнімді айттым. Қазан асылып жатыр. Сол 72-жылдардағы уақытта ерлерге ұзын шаш мода еді ғой. Кең балақ шалбар, дудар шашым бар, шолақ куртка кигенмін. Заманауи түрім ғой. Біраздан соң бір-екі шал келді. Маған сүзіле қарап: «Бұл кім?» - деді. Балалар: «Наукеңді іздеп келген жігіт екен», - деп жөнін айтып еді, әлгі шалдар өзара күбірлесіп алып: «Оу, бұл өзі Наукеңді тонап, ақшасын алғалы жүрген балаға ұқсайды ғой, шығарып жіберіңдер! – деп бұйырды. «Жоқ, ақсақалдар, мен ондай жаман оймен жүрген адам емеспін!» - деген сөзіме сенбестен, үйдің ауласынан шығарып жіберді.
Амал жоқ, қақпаның сыртында Наукеңді күтіп тұрдым. Сонымен сағат алты болды, Наукең жоқ. Жеті болды, Наукең жоқ. Халық деген нөпір болып келіп жатыр. Үйде ас-ауқат жеген соң құрға шығады ғой. Бірақ құрда жырлайтын жырау жоқ. Қақпаның ішінде айқай-шу басталды. «Жырауың жоқ, халық болса күтіп қалды! Бұл не өзі?» - дегендей дауыстар естіледі. Содан біреуі: «Жаңағы қуған балаңды алып кел! Наукеңнің шәкіртімін деген жоқ па?» - десіп жатты. Қақпа сыртындағы маған жетіп келген бірнешеуі: «Ішке жүр!» - деді. Мен де қасарысып, бармадым. Содан екі шал келіп, жалынып жүріп мені қақпа ішіне алып кетті. «Құр ептеп қалпына келгенше амалдап бер, жағдай осылай. Домбыра тартасың ба?» - деді. Мен болсам: «Домбыра тартамын, тартқанмен жыр білмеймін!» - деп қоямын. «Жоқ, неде болса, сен бізді құтқарасың!» - ішке алып кірді.
Ішке кірсем, Наукеңе деп дайындап қойған дастарқан сан түрлі ас-ауқатқа майысып тұр. Маған бір домбыра әкеліп берді, құлақ күйін келтіріп тартып едім: «О, мынау Наурызбектің өзі ғой деді. Ақша жиналғанша ептеп жұртты ұстай тұр!» - деп түсіндіріп жатыр. «Ойбай аға, мен Наукеңше көсіліп ұзақ айта алмаймын ғой!» - деп тартыншақтағаныма қоймаған соң, домбырамды дыңғырлатып дайындалып отыр едім, бір уақытта: «Наурызбек жырау келді!» - деген дауыстар шықты. Жыраудың мұншама кешіккені - жолда келе жатып машиналары бұзылып қалған екен ғой. Наукең келгенде бәрі мені тастап кетіп қалды. «Қой, Наукеңнің алдынан шығайын», - деп солай қара беттеп бара жатқанда Наукең: «Оу, бір бала келген жоқ па, мені іздеп?» - деп айқайлап жатыр екен. «Ол бала іште отыр», - десіп жатыр жұрт.
Сонымен көп күткен Наукең келді. Халықтың ықылас-құрметі ерекше. Төредей құрметтеп күтеді екен. Наукең жайланып, шайланып алған соң маған: «Домбыраның құлағын түзе!» - деді. Құлақ күйін келтіріп едім: «Ал, енді бір-екі ән айтып жібер!» - деді. Наукеңнің тапсырмасын орындап, бір-екі ән айтып жібердім.
Сөйтіп құрға шықтық. Наукең құрдың төрінде жырлап отыр. Ол заманда: «Наурызбек келеді», - десе, ол кісіні тыңдау үшін шақырылғандар да, шақырылмағандар да құрға келе береді екен. Той берген үйдің ауласына халық сыймай қалды. Бір уақытта шалдардың бір: «Ал Наурызбек домбыраңды шәкіртіңе бер, тыңдайық!» - деді. Мен Наукеңнен кезек алып, жарты сағаттай айттым. Алдында Наукең: «Мен тіземмен демеп жіберем, сол уақытта жырлауды тоқтата қоясың», - деген болатын. Бір уақытта Наукең тізесімен демеп қалды. Тоқтата қойдым.
Содан түнгі сағат үш жарымдарда жырлау бітті. «Науке, ертең жұмысқа баруым керек, рұқсат беріңіз», - дедім. «Жақсы, тағы тойларда кездесерміз. Мына балаға орамал-пайын беріңдер!» - деді. «Жоқ керек емес!» - деймін. Ақыры бір көйлек пен 100 сом берді. Мен мамандығым бойынша осы жүз сом үшін бір ай бойы жұмыс істеймін ғой. «Өсербайды жеткізіп тастаңдар!» - деді. «Жоқ, Науке, өзім қайтамын ғой», - дегеніме қаратпады, жеткіздіртіп тастады. Айтпақшы, кеткелі жатқанымда: «Мен сені шығарып салайын», - деді. «Жоқ, аға, отыра беріңіз!» - дедім. «Сыртқа шығарып салайын», - деп, қақпаға дейін келген Наукең: «Өсербай, бүгін нешінші күн?» - деді. «Төртінші күн ғой!» «Алтыншы күні Шоманайда Ордабаев деген бар, сол келін түсіріп жатыр, сонда жырлаймын. Сағат бесте Ордабаевтың үйінде күтіп тұр!» - деді.
Сөйтіп алтыншы күні уәделескен Шоманайға кеттім. Ол уақытта бір баламыз бар, әйеліміз үшеуіміз кеттік. Қайын жұрт: «Неғып жүрсіңдер? Аманшылық па?» - деп жатыр. «Осында қыдырып келе жатырмыз. Ордабаевтың үйі қайда? «Той беріп жатыр» атаң сонда», - деді, неміз. Сөйтіп мен сол жаққа кеттім.
Барсам, осы өңірдегі әйгілі жыраулар түгел сол жерде екен. Жыраулардың бәрі бір үйде, Наукең жеке бір үйде екен. Содан ас-ауқаттан соң құрға шықтық. Ордабаевтың тойындағы құрға шыққан адамның қарасы тым-ақ көп екен. Ұстазым екеуімізді шалдармен бірге, кілем төселген топчанға отырғызды. Өзге жыраулар сәл төмендеу отырды. Байқағаным: Наурызбек жырау отырғанда өзге жыраулар домбырасын шешпейді, жырламайды екен. Сонымен Наукең жырлады, арасында маған да кезек берді. Беске дейін жырлап, ертеңінде тағы да халықтың алдында жырладық. Ықылас деген – ерекше. Ертеңінде Наукеңе ілесіп жолға шығып, біз Қарабайлы деген жерден түсіп қалып, өз бағытымызға кеттік. Наукеңнің қасында жүрген бұл кештер – маған болашақ жыршылық ғұмырыма мәңгілік сабақ болғанын кейін түсіндім.
- Наукеңмен ере жүріп сабақ алдыңыз. Жырау яғни жыршы ретінде алғаш мойындалып танылуыңыз қалай болды?
- Менің алғаш рет жеке жырлауым бірден болған жоқ. Аудандық оқу бөлімінің басшысы Маханов деген кісі бар еді. Сол кісінің берген тойында Наукеңмен бірге жырладық. Одан кейін тағы да бір тойда бірге болдық. Бұл кездерде мен іштей дайындалып, біртіндеп төселе бастаған едім.
Бір күні балалар спорт мектебінің директоры Қоспан аға үйге келіп тұр. Каникул кезі еді. «Сенің жыршылық өнеріңді білемін. Бір тойым бар еді, соған келіп жырлап берші інім», - деп өтінді. «Ойбай аға, менің репертуарым әлі бір тойға жетпейді-ау. Оның үстіне әлі ұстазымнан бата алған жоқпын! - дедім.
- Жыршылық дәстүрде ұстаздан бата алудың маңызы зор болып отыр ғой, сонда?
- Жыршы болу үшін өзіне тәлімгер болған ұстаздан бата алу керек. Яғни қазіргі тілмен айтқанда, лицензия куәлігі берілді деген сөз ғой. Сонда ғана жыршының жолы ашылып, нағыз дербес өнер адамы болып қалыптасу жолы басталады.
Содан ақыры Қоспан ағаның тойына шықтым. Осыдан кейін тағы бір рет бір табын ағайынның тойында жырладым. Сол күнгі тойға сөзім толық жетті. Сөйтіп осы тойда құрдан кейін таң атқанша жырлап, тиесілі шай-пұлымды алып үйге оралдым. Менің бұл қадамым халыққа тез-ақ таралып кетті. Алыстан да шақырады, жақыннан да шақырады: бұған дейін мамандық кәсібім болып келген мектептегі жұмысты кесте бойынша атқару қиындап кетті.
Осыдан кейін өзіме зор талап қоя отырып, қағаз, қалам, дәптерлерімді әзірлеп, жатпай-тұрмай репертуар түзе бастадым. Халық жылы қабылдаған сайын қанаттанасың. Бізге Көне Үргеніш жақын ғой. Сол жаққа шақырды. Одан соң Ташауыздағы адай ағайындар шақыратын болды. Содан кейін Ташауыз, Шарджау, әрмен қарай Қаттақорған, одан Жетіса, Шардара деп жыр-терме тыңдау дәстүрінен жаңылмаған қазақтардың шақырумен аралай-аралай, біртіндеп төселе келе, жырау атанып кеттік. Мектептегі жұмыс қалды. Ол уақытта үкіметте жұмыс істемесең, үш айдан кейін шамалы қысым түсіреді. Сондықтан да Қожелінің Маяковский деген жеріне денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып кеттім. Шынын айтайын, ол жақтағы директор да, оқу ісінің меңгерушісі де біраздан соң менен безер болды. Әдейі істемейсің, алыс-алыс өңірлерге тойға алып кетеді, кейде сабағыңа келіп үлгере алмай қаласың. Оқушылар сабақсыз шулап қалады. Басшылары қазақ кісілер екен, олар, біразға дейін қолдау жасап жүрді. Сөйтіп жүргенде интернатқа өттім. Интернатта жүргенде, Кеңес Одағы құлады, заман мынадай болып кетті. Сөйтіп неде болса, жырау деген атымыз қалыптасқан соң, осы жолды шындап қууымға тура келді.
Наурызбек жыраудың батасын бес рет алдым. 1976 жылы батасын алдым. Наукеңе отбасыммен арнайы Қоңыратқа барып, сый-сыяпатымызды жасап, батасын алдық. Одан соң мен Мырзашөлге көшіп кеттім.
- Мырзашөлге көшуіңізге не себеп болды?
Оның да өзіндік себебі болды. 1989 жылы Қарақалпақстанда бахшылар жарысы болды. Осының алдындағы жылы, яғни 1988-жылғы дәл осы жарыста лауреат атынып, бас жүлде алған едім. 1989-жылы мәдениет үйінің басшысы Бердібай жігіт еді: «Осы жарысқа қатыссаң жақсы болар еді», - деді. Мен оған: «Осы жолғы жарысқа баруға аяғым тартпай тұр, қойсам қайтеді?» - деп едім, «Жоқ, неде болса, бар!» - деді. Ақыры жарысқа барып, енді бастап бастап жатқан уақытта жарыстың төрағасы – «Мұхадес» ансамблінің бастығы Кенжебай деген азамат екен. Мен сахнада жырлап жатсам, әлгі кісі: «Босат, сахнаны босат!» - деп айқайлап тұр. Жаңа бастап жатырмын. Ереже бойынша одан соң тағы екі терме айтылуы керек. Содан еріксіз тоқтадым. «Оу Кенжебай аға, не деп жатырсыз?» - десем: «Сенен басқа елу бақшы бар. Тек сені тыңдап отырамыз ба? Болды, сахнаны босат» - деп әкіреңдеумен болды. «Келесі екеуін айтпаймын ба, мынау біріншісі ғой?» «Көп сөзді қой! Босат», - деді. Халық болса: «Айтсын, айтсын!» - деп, шапалақ ұрып жатыр. Содан кейін мен: «Халқым, рақмет, сіздерге!» - дедім де, сахнадан түсіп кетіп қалдым. Сол кеткеннен Мырзашөлге көшіп кеттім. Сол жолғы кикілжің болмаса, көшпейтін деедім. Мырзашөлге барғанда да, ол жақта бақшылар сайысы болып, бас жүлде алдым. Олар Жызақ облысына қарайды екен. Облыстық жарысқа барып, одан да бас жүлде алдым. Сөйтіп мені Жызақ облысынан Өзбекстан біріншілігіне жіберді. Мұнда бас жүлдені кім алғаны есімде жоқ, мен бірінші орын алдым. Баяғы қуып жіберген бахшылар көрді мені.
- Репертуарыңыз бай екен. Осыншама көлемді жыр-термелерді жаттап алу деген – шынында ғажап екен. Ол үшін біршама күш-жігер, жаттығу керек болар?
- Қалай жатталып қалғанын білмеймін. Сол әу баста талпынып жүргенде Жаратушының өзі көмек берген болар. Негізі тоймен өлшейтін болсақ, үш тойға еркін жетуші еді ғой. Қатарынан үш той бойы алдыңғы айтылған жырлар еш қайталанбайды. Анау Түркіменстан жағында да қайталанса шығарып жібереді. Сол үшін де қайталанбастай жағдайға шейін жетіп, өзімізді шыңдап дайындалдық қой. Ол жақта тыңдармандар зейін қойып, қатты тыңдайды ғой. Сондықтан да қайталанған-қайталанбағанын анық аңдап отырады.
- Өткен ғасырдың сексенінші жылдары соңында жыршылығыңызбен Қазақстан мен Орта Азияға кеңінен танылған екенсіз. Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға да келіп, жыршылар сайысына қатысқан екенсіз. Осы туралы тарқата айтсаңыз.
1989 жылы Алматыға келіп термешілер жарысына қатыстым. Ол кезде мен Қарақалпақстанның атынан, Қожеліден барған едім. Сол сахнада өнер көрсеткен күні дәл қырыққа шыққан кезім еді. Өнер көрсетті дегенде, бірден бара сала сахнаға шыққан жоқпыз. Бірнеше күн бойы, күнде репетиция болады. Кімнен кейін кім шығады, не айтады дегендер пысықталды. Біраздан соң бұл репетициядан мезі бола бастадымда редакторына айттым: «Өзі бұл қашан болатын дүние?» - деп едім: «Пәлен күні болады», - деп нақты күнін айтты. «Онда мен сол күні келейін, маған репетиция керек емес, кімнен кейін шығатынымды білсем болды», - дедім. «Қалып қомайсыз ба? Не айтасыз?» - деді. «Өз толғауымды айтамын», - дедім де кеттім.
Сөйтіп басталатын күні бардым. Алғаш рет барғанымда, кезінде Алматыдан шығатын республикалық мәдени журнал «Мәдениет және тұрмыстың» бетінен жүздері таныс, танымал жыршы, термешілер Аяз Бетбаев, Алмас Алматов, Сардарбек Қожақұловтарды көрдім. Біздер сонау Қарақалпақстанда тұратындықтан, мұндағы жұртшылыққа, көрерменге ешбір танымалдығымыз жоқ. Үзіліссіз келіп тұратын «Мәдениет және тұрмысты» үнемі оқимыз, сол кісілерді көргіміз, сәлем бергіміз келеді. Шыны керек, осындай аңқалақ сезіммен барғанда кейбір танымал жыршы-термешілер менің сәлеммен ұсынған қолымды алған да жоқ. Содан менде: «Қайтсем де өнеріммен көрермен халықтың назарын аудартуым керек!» - деген мақсатты ой пайда болды. Көрермен халықтың ықылас-мейірі керек қой. Сонда ғана жұлдызыңның жанғаны. Әйтпесе, көлденең көк атты біреусің, мені танымады деп кімге ренжисің?
«Не де болса бісмілладан бастайын» деп Қосымқожадан бастап, әйгілі адамдарды айттым. Ол заманда коммунизм шағы, аруақты айтуға болмайтын заман. Десе де жылымық кезең келіп қалған. Сол сахнада халықтың ықыласы ерекше болды. Жас жігіттер жүгіріп келіп, көтеріп жүрді. Гүлге көміп тастады. Он минуттан кейін екінші номерге шақырады. Тағы халық көтеріп кетеді. Сол жолы ең үздік термеші деген номинацияға ие болдым. Сол және басқа да жыр-терме сайыстарынан қаншама дипломдар жатыр. Соған соншалықты назар аудармаппын. Жеңгең мұқияттап жинап қояды екен.
- Қайда жүрсеңіз де қазақтың өнеріне, жыршылыққа қызмет еткен екенсіз. Жетпістің бесеуіне келіп отыр екенсіз. Күні бүгінге дейін осы еңбегіңіз лайықты бағаланды ма? Марапат, атақ-дәреже дегендей. Өнерпаз адамның күні осыған қарап қалмағанымен, бұл да болса еңбектің бағалануы ғой.
- Ешқайдан ешбір атақ-дәреже, марапат дегенді алған да, дәметкен де емеспін. Ілгеріде қарап отырсам, үш рет халықаралық сайыста бас жүлде алыппын. Қазақстан бойынша тек бір рет екінші, бір рет үшінші орын алыппын. Қалғанының бәрі бас жүлде. Ең соңғы рет 2019 жылы Атырауда болған термешілер сайысына қатыстым. Онда да бас жүлде алған едім. Содан кейін ешқайда барған жоқпын.
- Атажұртқа қоныс аударып келгелі де біршама жылдар өткен болар. Ақтауда қанша жылдан бері тұрып жатырсыз? Осында келгеннен бергі шығармашылық іс-қызметіңіз қалай қалыптасты?
- Ақтауға 1996-97 жылдары келдім. Мұнда да жыршылық өнерім кәдеге аспай қалған жоқ. Мен осында келген жылы мәдениет басқармасының бастығы Нұрнияз Мұхатов деген кісі екен. Сол кісі мені: «Жұмысқа кел», - деп шақырды. «Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар ғой, мен насихатшысы болушы Бесқала жыр-терме мектебін Маңғыстауға қалай үйлестіре алар екенмін?» - деп едім, «Бәрі де бір қазақтың төл өнері ғой. Өзіңнің мектебіңді аш. Балаларды жыршы-термешілікке баулы», - деп Халық шығармашылық орталығына жұмысқа алды. Сонымен жұмысты бастап кеттік. Баулыған балаларым ынталылық танытып, нәтижесі үш айдан кейін көріне бастады.
Ақтау қаласында, Маңғыстау облысында, Астана қаласында өткен сайыстарда шәкірттерім шылбыр ұстатты. Алматыда да бас жүлде алды. Осылай жұмыс жүріп, алға биік мақсаттар қойып жүргенде, үш жылдан кейін жұмыс істеуге құлшыныс азайды. Зейнеткерлікке сегіз жыл қалғанда жұмыстан шығып кеттім. Бәрін айтып қайтемін. Мені ұстаз санайтын шәкірттерім көптігіне шүкіршілік етемін. Ең соңғы шәкіртім – Нұрым Асқан еді. Ол да маған төртінші сыныпта келді. Менің термеммен Алматыда үлкен сахнаға шығып бас жүлде алған еді. Балалар да тарап-тарап кетіп қалды. Нұрым оқыды. Қалғандары басқа бағытқа кетті. Жұмысты солай қойып кеттім. Ешкімге барған да жоқпын. Солай өмір өтіп жатыр. Нұрым Асқан, Бақтыбай, Жақсыбек, Нұрқұйсын – шәкірт көп менде. Кейбірінің есімін ұмытып та қалдым.
- ХХІ ғасырда ұлттық өнеріміздің көптеген салалары құлдырауға ұрынып, тыңдаушыларынан айрылғаны жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда жыр-термеге деген сұранысқа қалай баға берген болар едіңіз? Мұндағы тыңдаушылық дәстүрдің қаймағы әлі де болса бұзылмаған болар?
- Замандар өткенде әрбір нәрседе өзгеріс болатыны заңдылық қой. Ұлттық өнерімізде құлдыраушылық бар болса, бар шығар. Жырауларға деген сұраныс – баршылық. Жырауды қазіргі күні астарға шақырады. Астарда халық көп тыңдайды ғой. Күні бүгінге дейін мызғымас көрсеткіш – аста көп жырлайтын жырауға сұраныс бар. Қазіргі күні осы Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбеден тартып Жетісай, Шардараға дейін – бәрі де шақырады. Бұл да болса ата-бабадан мұра болған ұлттық өнеріміздің өміршеңдінің бір көрінісі болса керек.
- Репертуарыңызда қазіргі күні төлтума жыр-термелерден өзге қандай туындылар бар?
- Өз жанымнан шығарған жыр-термелерге қоса, фольклорлық туындылар, өткен ғасырларда жасаған ақын-жыраулардың туындылары бар. Соңғы кезде яғни, бір жыл қатты ауырғаннан бері, қалыңқырап барамын. Қатты ауырып, алты ай дегенде әрең қалпыма келген едім. Жыраулардың жыр-толғаулары, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туындылары, сонымен бірге «Бес ғасыр жырлайды деген кітаптың томдарына енген жырларды түгел айтатын едім. «Асау Барақ», «Әнес сахаба», «Бекет ата» жыры және басқа жырлар көп еді, таңды таңға ұрып жырлайтын. Ауырғаннан кейін біразы ұмытылып барады ғой.
Жыршылық деген – жан-жақты өнер ғой. Оның үстіне Наукеңдей тума таланттар жырласа. Сол баяғы Мәскеуден келген комиссия Наукең жырлағанда сөзін түсінбесе де, ондағы мақамға, саздың иіріміне жылап отыр ғой. Наукеңнің дыбысы, сазы өз алдына ғой. Кейде мақтана бергенімен, әрбір жыршы Наурызбектей болып айта алмайды ғой.
- Ұстазыңыз Наурызбек жыраудың жыршылық өнерін жоғары бағалайтыныңыз, аса құрметтейтініңіз сөзіңізден аңғарылып тұрады екен. Наурызбек жыраумен көзі тірісінде көп әңгімелесіп, талай жырға да сырға да қаныққан боларсыз?
- Әрине. Наукең Шамалғанда, қолымызда қайтыс болды ғой. Мен сол кісі үшін Наукеңнің қасына, Алматыдағы Шамалған станциясына көшіп бардым ғой. Үйдегі жеңгең – медсестралық бітірген ғой. Наукеңнің сырқаты ұлғайып жүрген шағы. Оған уколын салдырамын. Содан бір уақыттарда өз-өзіне келіп, әңгіме қозғайды. Арқасына жайлы болсын деп көпшіктерді қоямын. Бір күні Наукең: «Өсербай саған осыны айтып па едім?» - деді. «Не зат еді?» - дедім. «Сүгірді үш отырғызып, үш тұрғыздым», - деді. «Кәдімгі әйгілі Сүгір жырауды ма? Жоқ, аға, - дедім. Сонымен Наукең әңгімесін бастады. Мойнақтан Қоңыратқа көшіп барған кезі ғой. Бір күні тойда жүргенде Қоңыраттың ар жағындағы Хорезм кеңшарында, таудың етегінде Адай аулы деген жерге Наукеңді жыр жырлауға шақырады. Қасында әйгілі Ораз балуан бар, екеуі барған ғой. Түнімен жырлап, ертеңінде тағы жырлап, түсте паулан басталыпты. Палуандар сайысында Ораз бас жүлдені алды дейді.
Қоңыратқа кетейік деп тұрып едік, ол уақытта машина жоқ, атпен барып едік дейді. Алпысыншы жылдар ғой. Сөйтіп тұрғанда бір шал келіп: «Наурызбекжан, біздің жақта бір той болып жатыр, барасың ба? Бірақ жыршысы бар», - деп айтты дейді. «Жыршысы – атақты Сүгір жырау. Көрем десең жүр!» - депті. Сосын және: «Бір реті келсе, Сүкеңнің алдында жырларсың. Жырламасаң да Сүгірді көріп қайтарсың. Палуаны да бар», - депті. Мұны естіген Ораз да: «Оһ! - деп қопаң етіп, - барайық ендеше! - деп, әлгі ақсақалмен ілесіп жолға шығыпты.
Ақыры діттеген жерінен барса, мақта терімнен кейінгі тыныс сәтінде Сүгір жырау жырлап жатыр екен дейді. Ол уақытта келген қонақтарды қонақжайға алады ғой, әркім сонда алып кетті дейді. Бір уақытта бұлар отырған қонақжайға бір топ жігіт келді дейді. Бұлар – Ташауыз облысының ығай-сығайлар екен. Мұндағы отырған, аузы қисық, қолы тартық Наукеңді көзге де ілмейді. Ащы судан біраз сілтеп алған соң біреуі Наукеңнің жанындағы домбыраны көріп: «Оу, мына жерде домбыра жатыр ғой! Мұның иесі кім?» - депті. Ораз палуан сонда Наукеңді көрсетіпті. Ташауыздықтар Наукеңе қарап отырып: «Бұл жігіт айта ма?» - деп сұрайды. «Айтады!» - дейді Ораз. Сол жерде отырғандар: «Ендеше, домбыраны қолға ал, тыңдайық!» - десепті.
Сол жерде Наукең домбырасын күйге келтіріп алып бастаған. Соза түскен сайын үйде отырғандардың бәрі ауыздарын ашып қалған ғой.
Содан сағат тоғыз жарым ондарда: «Құрға шығыңдар, жыршы жырлап жатыр!» - деп құрдан адам келген ғой. Қызыңқы біреуі: «Бізге жыршы керегі жоқ, өзіміздің жыршымыз бар!» - деп қойып қалады. Сонда отырғандардың көбі: «Қой, ұят болар, шығайық, құрға барайық!» - деп Наурызбек пен Оразды ертіп құрға барады. Наукең келген соң бір шетте тыңдап отырған. Сүгір жырау төгілте жырлар жатыр дейді.
Бір уақытта баяғы ертіп келетін кісі – сол жердің биі екен, адамдарды жайғастырып ортада жүріпті. Бір уақытта Сүкең демін алып шай ішіп жатқан сәті екен, әлгі кісі: «Сүке, Сүке!» - деп айтты», - дейді. «Ау!» - деп назар бұрған кезде би: «Той дегенде қу бас домалайды» дейді ғой. Бір бала домбырасымен келіп тұр екен. Соған бір кезек жол беріп аласыз ба деп алдыңыздан өтіп тұрмын», - дейді. Наукең айтады: «Сүгір жырау – қатты ақкөкірек кісі екен. Бірден: «Қайда ол бала? Шақыр-шақыр, келсін бері!» - депті. Топ арасынан орынан тұра бергенде, жұрттың бәрі Наурызбекке қарайды ғой. Түрін көріп, бұрын бейтаныс жұрт қорқып та кетеді. «Ау, Сүке, өзіңіз айта берсеңізші, қойшы оны!» - депті кейбір шалдар. «Жоқ, жоқ, бері кел, өнерін көрсетсін!» - деп Сүкең оларға ырық бермепті. Содан Наукеңді Сүкеңнің қасына, оң жағына әкеліп отрығызған. Жанында Ораз балуан. Сөйтіп домбырасын қолына алып, жырды бастаған ғой. Алдында үрейленіп отырғанның бәрі Наукең жырлағанда аузын ашып, ұйып тыңдап қалған, Тым-тырыс болып қалды дейді. Сүкеңнің алдында осылайша көсілтіп ал жібермейсің бе! Жарты сағат, бір сағат та өтіп барады дейді. Бір жырлап жатқан уақытта ортаға: «Дастандардың қайсысын қалайсыңдар?» - деген тастам тастаған ғой.
Сол уақытта Сүгір жырау қомданып орнынан тұрды дейді. Сәлден кейін халыққа бірдеңе айтқысы келіп, тағы тұрды дейді. Қайтадан отырды дейді. Дастанды ортаға салу біткен уақытта Сүкең үшінші рет орынан тұрған. Үшінші рет тұрып, шапанын иініне жауып тұрып: «Уа, Хорезм адайлары! Туыстарым, еліме, туып-өскен жеріме кетуге сан рет оқталсам да, мен сендерді қимай жүріп едім. Тойларыңда жырау жоқ қой деуші едім. Міне, енді мына бала келіпті. Ендігі тойды осы бала сіздерге жырлап қызмет көрсететін болады. Не деген керемет, бұл бала. Таңдайының бұлбұлы бар ғой, бұл баланың. Сонша дастан-қиссаны ортаға салып отыр. Әрқайсысын бір күн айтқанда, неше күн айтады бұл? Тіл-көзім тасқа, - дейді. Сосын Сүкең: «Ал бала, тұр!» - деп айтты дейді. Тұрдым да: «Ана жаққа кететін болдым ау!» - деп балдағымды салып, бұрынғы орынға қарай ұмсына беріп едім: «Қолыңды жай!» - деп айтты дейді. Сөйтіп Сүгір жырау Наукеңе құрда бата беріп жіберген екен.
Түнгі жырлаудан соң Сүгір жырау Наукеңді өзінің жатақжайына алып кетіпті. Ертеңінде тойды бастан-аяқ Наукеңе жырлатқан ғой. Сөйтіп тойды аяқтайды. Палуан бәсекесіне кезек келіп, ортада ташауыздық түрікпеннің бір әйгілі палуаны бар екен. Сол бет қаратпай тұрыпты. Ол уақытта қазақ бір жақ, түркіпен бір жақ болып күреседі екен. Қазақтың бәрін әлгі түрікпен жапырып тастаған. «Енді не қайран қыламыз?» - деп қазақтар салы суға кетіп дағдарып отырады. Наукең айтады: Жаныма бұрылып қарасам, Ораз буырқанып отыр екен. «Ана палуамен күресесің бе?», - дегенде: «Ерік берсе күресер едім», - дейді Ораз палуан. «Онда Көтібардың батасын берейін!» - депті Наукең. Көтібар батыр – Наурызбектің атасы ғой. Ортада жүрген таныс адам болып қалды ғой, соған: « Оу, аға, менің түрікпенге қарсы шығатын палуаным бар!» - депті. «Бар ма? Қайда?» - дегенде: «Мұнда отыр!» - деп Ораз палуанды нұсқайды. Сонда ол: «Оу, халайық! Наурызбектңі палуаны бар екен, мұнда!» - депті. Шалдар Оразға батасын беріп, белін буып ортаға шығарады. Екеуі ұстаса кетіп, он бес минуттай алысып, жығыса алмады дейді. Шалдар сонда: «Палуандар шай ішіп алсын, тынығып қайта күрессін!» - депті. Сөйтіп демалып алып, екінші рет қайта ортаға шықты. Тағы да жанталаса алысып жатқанда, әлден уақытта бір дауыс шықты дейді. Қарасам Ораздың басы жерде, аяғы аспанда кетіп барады дейді. «Ойбуй, Ораз кетті-ау, кетті-ау!» - деп ойлап үлгердім дейді. Бір уақытта менің алдыма, екі метрдей жерге дүрс ете қалды дейді. Қарасам, Ораз палуан түрікпенді жыққан екен дейді ғой. Қалай жыққанын өзім де білмей қалдым дейді. Қазақтар келіп Оразды көтеріп алып кеткен. Салт бойынша сөйтіп құрды айналдырады ғой. Бұған да халық ақша береді. Бір уақытта түрікпен тізерлеп ақырын тұрды дейді. «Әй жаңағы кім деген палуан? Кім екен бұл, жерден шықты ма?» - депті. Сонда жас балалардың біреуі тұрып: «Ораз палуан ғой, Ораз палуан», - депті. «Ә доғыңды ұрайын, Ораз палуан екенін білгенімде шықпайтын едім», - депті. Ол да Ораздың атын сырттай стіп жүрген ғой. Ораз айналып бара жатып аяқтан тастаған ғой. Түрікпендерде тізе тиіп кетсе, жығылғанға санайды. Наукең Сүкеңе осы тойда осылай кездесіпті.
- Бата алу туралы жоғарыда да тоқталдық. Қазақта: «Баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас» деп жатады. Наурызбек жыраудың батасын алған шәкірттері туралы нақтылай кетсеңіз?
- Тағы бірде Наукеңнен: «Осы сізден бір нәрсе сұрайын деп ем», - дедім. «Айт-айт!» - деді. «Осы ит те құс та Наурызбектен бата алдым деп жүр. Менің көңіліме қарама, кімге бата бердің, шыныңды айтшы жырауым?» -дедім. «О, дұрыс сұрақ!» - деді де Наукең былай деді: «Батаны бірінші Алдаберген жырауға бердім», - деді. «Асау Барақты» жырлайтын Алдаберген деген жырау бар. Менен үш-төрт жас үлкендігі бар, сол менен бата алды. Екінші, Шымкент жақта, Қазалы жақтың баласы Болатбек деген жігіт болды, сол менен бата алды. Үшінші, Өсербай дегенді танисың ба, сол менен бата алды», - деді. Төртінші, заттарымды тиеп Шамалғанға көшіп бара жатыр едім, әкесі Сәрсенбайды алып келді. Сөйтіп Сәрсенбайға бата бердім. Сәрсенбай бірақ менің қасыма ерген жоқ еді», - деді. «Қасыма ермеген адамға қалай беремін?» - деп едім, ана кісі өтініп қоймады, - деді. «Атүсті бата» деген болады, Өсербай. Атүсті батаны Қаламқас пен Жақсылыққа бердім, - деді. Жақсылық Сәрсенғали – Қаламқас Орашеваның күйеуі, оралдық жігіт болды. Осылайша Наукең: «Басқа ешкімге бата берген жоқпын деді. Шайдың батасы бөлек. Ал жырдың батасы – диплом бергенмен бірдей дейтін.
Жыршылықтың өнер тұрғысындағы қырынан өзге киелілігі бір төбе ғой. Жыршының бойындағы аруағы өз алдына. Наукеңе қатысты сондай бір оқиға есімнен кетпейді. Наукең бірде жырлады. Құр бітіп кетті. «Едігені» жырлап жатыр. Кемпір-шалдардың көзінен жас кетіп жатыр. Бір уақта ақ шалбар, ақ нейлон көйлек киген, шаштарын жылтырата тараған оншақты адам осылай қарай беттеп келе жатыр екен. Қолдарында ондық, жиырма бестік ақшалар. Бірінші келіп жеткен бір адам келіп аяғымен Наурызбекті көрсетіп: «Мына топыр не деп жатыр?» - демесі бар ма? Қолында жиырма бестік. Наукең бұған қарамастан айта берді. Екінші рет тағы аяғын көтеріп, Наукеңді көрсетті. Аяғымен көрсете екі рет айтты, Наукең үндеген жоқ. Үшінші рет: «Мына топыр не деп жатыр?» - дегенде Наукең кілт тоқтай қалды да: «Өсербай домбыраны жина, кеттік», - деді. Бұрын аяқтайтын жеріне жетіп тоқтайтын еді, кенет тоқтата салды. Шал-кемпірлер: «Ойбай Наурызбек жырау, не болды?» - десіп тамсанып қала берді. Ешкімді тыңдаған жоқ, кетіп қалдық. Жатақжайына келдік. Аналарға ренішін білдіріп жатыр. Бұрын көйлегін шешіп, таза көйлек кигізіп, үстін сүртіп ауыстарын едік. Бүгін олай жасауға дәрмен жоқ, жатып қалды.
Ұйықтап кеткен екенбіз. Бір уақытта күбірлеген дауыс шығады. Қарасам – Наукең жоқ. Ортада бір үлкен веранда сияқты зал бар екен. Сонда үш шал тұр. Кешегі кісі Наурызбектің алдында иіліп тұр. Бір костюм-шалбар, 500 сом ақша ұсынып тұр. «Мен қарғаған жоқпын, халықтың назасына қалған шығарсың!» - дейді. Сөйтсек, әлгі тәкаппар жігіт түнде үйіне барып, жатады ғой. Жатқан кезде төсегі газ жіберіп от қойғанда гүр ете қалған. Газ жіберіп от шыққандай болады. От лап еткенде әупірімдеп сыртқа шығып қашып үлгерген. Сөйтіп Наукеңді ренжітудің қандай химкмет екендгін түсінген тәкаппар жігіт арнайы келіп, кешірім сұраған екен. Сөйтсе, әлгілер –Тақияташтың қойма меңгерушілері екен ғой. Наукең ештеңе алмай тұрғаны белгілі болды. Сонда үш шалдың бірі мені көріп қойды. «Мынаны апар», - деп әлгі заттар мен ақшаны нұсқады. Наукең алғысы келмегенімен, мені шалдар қоймады. Әлгі кісінің топыр деген – тартық деген сөз ғой.
- Жыршылардың жырлаудағы әдет-ғұрыптары туралы аз айтылмайды. Осыған қатысты қандай сенім, ырымдар бар?
- Жыр айтушылардың өзіндік ұстанымдары болады. Ортақ әдет: жырлар алдында арнайы дәрет алып, тазаланып келу керек. Кейбір дастандарды, атап айтқанда Едігені жырлағанда жаңбыр жауып кетеді. Наурызбек жырау Едігені, сонымен қатар «Қалмақтың қырық қызы» деген дастанды да айтады. Наурызбек жыраудың өмірі, шығармашылығы туралы кітап шыққан. Үшінші қызының баласы Күнқожа деген жігіт – менің шәкіртім. Наукеңнің балалары қазіргі күні Алматыда тұрады. Күнқожа да музыка саласының кәсіби маманы. Ұлттық консерваторияда істейді. Ұстазым Наурызбек жырау туралы айтқанда, осылай.
- Қазақ халқының көнеден келе жатқан саф өнері жыршылық дәстүрді бүгінгі күнге жеткізушілердің алдыңғы сапындағы өзіңіздей тұлғалардың жүруі – көңіл қуантады. Жалпы жыршылық өнердің көрініс табуын өзіңіздің, ұстазыңыз Наурызбек жыраудың өмір жолынан ала отырып, егжей-тегжейлі сұхбат бергеніңіз үшін көптен-көп рақмет айтамыз, аға! Айдан аман, жылдан есен болып, халқыңыздың ортасында жасай беріңіз!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.