Биыл «Келешек» баспасынан тележурналист Бейбіт Құсанбектің қоғам мен мемлекет, әдебиет, өнер қайраткерлерімен қазақ теледидарында жүргізген сұхбаттары «Өмір-өзен» атауымен жарыққа шықты. «Өмір-өзен» жинағының бір кейіпкері – Тұманбай Молдағалиев.
Б. Құсанбек 1995 жылы Тұманбай Молдағалиевтың 60 жасқа толуына байланысты «Жыр жампозы» деген хабар жасады. Бейбіт хабарды «Алғашқы жыр жинағынан бастап, сонау құнан кезінде-ақ өзінің аяқ алысынан тұлпар шығатынын бірден танытқан ұлы Мұқаңның, Мұхтар Әуезовтің дуалы аузына іліккен, сол жылдарда-ақ Сәбит Мұқанов «қазақ поэзиясының аспанына жарқырай шыққан жұлдыздардың бірі» деп сүйсінген, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, ақын Тұманбай Молдағалиев алпыстың асқарына алқынбай шығып отыр. Кемеліне келген ақын тойы, поэззия мерекесі жер-жерде жалғасын тауып жатыр.» деп бастап ақынның ағаларымен, замандастарымен, інілерімен сұхбаттасып, ескірмейтін хабар жасады.
Сол хабардың жазба нұсқасын төменде беріп отырмыз.
Серік Қирабаев: Тұманбай – 40 жылдай бұрын әдебиетке келген тұтас бір ұрпақтың басы. Осы қазір Тұманбайлар, кешегі Сағилардың ұрпағы өзі бір қиын заманнан жаңа босаған тұсымызда әдебиетке келді де, әдебиетті жаңа белеске көтеріп, жаңа сөз айтып, өздері тарихта бір із қалдырды. Біздің ақыл-ойымыз, сөзіміз, сезіміміздің бәрі бір тұсалып жатқан кезеңдер болды ғой, ойымыздағыны еркін айта алмай, поэзияның өзі бір таптаурын тақырыптардан аса алмай жүрген кезде, содан біз азын-аулақ жылымықтың тұсында 50-ші жылдардың бас кезінде босаң тарта бастаған кезімізде Тұманбай бастаған топ әдебиетке келді де адамның сезімін, ойындағы сөзін бір еркін айтуға ұмтылды. Сол еркіндік біртіндеп бұларды үлкен ақын етіп қалыптастырды. Тұманбайды мына жастықтың ақыны, сезімнің ақыны, махаббаттың ақыны деп аталуы да осы тұста, жастарға өте сүйкімді көрініп, жастардың көкейіндегі ойын табу осы кезеңмен байланысты. Тұманбай өлеңдеріменен, Тұманбай сезімінің ашықтығымен біздің жас ұрпақтың кейінгі бірнеше өкілдері тәрбиеленді.
Тұманбайды әрине бірыңғай жастықтың ақыны, махаббаттың ақыны деп шектеп қоюға болмайды. Тұманбай өз заманындағы әлеуметтік мәселелердің барлығына да үн қосқан үлкен, кең мағынасындағы ақын.
Сол кешегі қыспақ заманда ой-пікірлер Тұманбайдың өлеңдерінде мол кездеседі. Мен, мысалы, «туған жерге симай кетіп барады, туған елді қимай кетіп барады» деген өлеңдерде сол тұсалып тұрған адам сезімін көрем. Мына бүгін соғыстың, Жеңістің 50 жылдығы аталып жатыр. Осы тұста Тұманбай өлеңдерін қайта бір оқып қарасаңыз, онда сол дәуірдің үлкен суреттерін табасың. Тұманбайда әкесінен айырылған жас баланың сезімі, жесір болған ананың сезімі деген өте бай. Яғни сол ұрпақтың, соғыстың ауыртпашылығын көрген ұрпақтың өмірін Тұманбайдың өлеңдерінен тануға болады. Тұманбай кейін өзінің ақындық өнерін кеңейте келе, ақындық көзі жіті, көп нәрсені көріп, дүниенің көп бұрышын аралап, барлық жағынан қазақ поэзиясын байытты. Тұманбайдың ақындық өнері біздің поэзиямыздың ең биік үлгілерінің қатарына жатады.
Өмір маған кейде бір тау сияқты
Өмір маған кейде бір тау сияқты,
Шыңына шыққым келеді.
Өмір маған кейде бір жау сияқты,
Аяққа жыққым келеді.
Өмір маған кейде бір бел сияқты,
Гүлдерін тергім келеді.
Өмір маған кейде бір шөл сияқты,
Сусын бергім келеді.
Өмір маған кейде бір от сияқты,
Жылынып алғым келеді.
Мен үшін кейде бақыт жоқ сияқты,
Өліп қалғым келеді.
Өмір маған кейде жақсы дос сияқты,
Күнде көргім келеді.
Өмір маған үлкен керуен көш сияқты,
Жетектегім келеді.
Өмір маған кейде адал жар сияқты,
Еркелеткім келеді.
Мені күткен бір бақыт бар сияқты,
Ерте жеткім келеді.
Өмір маған кейде сұлу қыз сияқты,
Құшақтап сүйгім келеді.
Өмір маған кейде, апа, сіз сияқты,
Қуаныш үйгім келеді.
Өмір маған шаттық сезім сияқты,
Мәз боп күлгім келеді.
Өмір маған кейде өзім сияқты,
Өмір сүргім келеді.
Мұзафар Әлімбаев: Бұл талант құдіреттілігі. Ешкімнің қолпашынсыз, көтермелеуінсіз әр оқырман өзінің жүрек әмірімен ізденді бар ғой, одан мықты адам жоқ. Мен «Студент дәптері» дейтін ең алғашқы тырнақ алды қолжазбасын қатар отырып өңдесіп, жөндесіп Жазушылар Одағында талқылауға қатысып, сөз сөйлеп, қолдасып, ақыл қосқан ағамын. Содан бері Тұманбайдың шығармаларын мен жақсы білем ғой деп жүр едім, ал соңғы үш айдың ішінде мен басқа бір Тұманбайды ашқандай болдым. Мына жуаннан жуас шығады дегендей бұл ақынның ақындығы ең сарқылып келгенде, таразға тартылып келгенде бар ғой, сен халқың үшін не жасадың, халқыңның елдігі үшін, халқыңның салтанаты үшін, халқыңның болашағы үшін қандай сөз айта алдың. Халқыңды сен сөз құдіретімен қолдай алдың ба, қолдай алмадың ба осыған саяды екен. Ал Тұманбай болса, әлгі тоталитаризм заманында, тиым салған заманда, бірін-бірі аузын аңдып отырған заманның өзінде ебін тауып елге керек сөзді айта білген екен. Мысалы, «Құстар қайтып барады» әні бар ғой, 60-шы жылдардың басында шыққан, ал енді сонда туған жерін қимай кетіп барады, туған жерге симай кетіп барады. Маған сол өлең бүгінге шейін «Туған елін қимай кетіп барады, Туған елге симай кетіп барады» боп естіледі. Неге? Бұл өлеңнің астарында қазақ халқының қазір үштен бірі біреуі шет елде жүр бордай шашылып. Тұманбайдың әлгі өлеңін естігенде де, оқығанда да менің ойыма сол отандастар, сол қандастар оралады. Ал өлең күші сол көпке соны аңдатқан. Ал Тұманбайдың одан басқа да мысалы «Чита» дейтін өлеңі бар, сонда айтады елді оятқан адамдарды мен жақтаушымын дейді. Ана өзі ол орыстың декабристері жөнінде айтып отырған секілді. Ал бұның айтып отырғаны әлгі қазақ халқының «оян қазақ» - деп оятқан Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов секілді арыстарды іздеп отыр Тұманбай. Міне осы мен мысалға ғана екі-үш өлеңді ғана айтып отырмын. Осы секілді азаматтықты танытатын, ақынның азаматтығын танытатын жай ақын ғана емес, өлең ұйқастыратын ақын деген көп, өлеңші деген көп, бірақ күрескер ақын, азамат ақын аз. Сол аз ғаналардың бірі – Тұманбай. Енді Тұманбайдың халыққа аса қадірменді көрінетін бір тағы бір қыры – ол ән өлеңдердің асқан шебері. Менің ойымша, Қадыр қазір 300-ге тарта ән мәтіндерін жазған, мен де ән-өлеңдердің авторларының бірімін. Бірақ Тұманбайдың ән-өлеңдерінің саны 300-ден асып кетті ғой деймін. Ал енді соның көбі халықтың қалаулы әндеріне айналып кеткен. Бұған мен қызыға қараймын. Бір тақырыпқа, мысалы махаббат тақырыбына осыншама Тұманбай секілді ән жазып көрші. Бір жағынан жай махаббат лирикаларын, сонда Тұманбай өзін-өзі қайталамайды. Жаңадан бір тәсілдер табады, жаңадан бір ойлар табады. Жаңа бір асыл сезімдерді сыйлайды.
Құстар қайтып барады
Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.
Зымырайды менің бала кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан сезімдей.
Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал, адамдар күліп бастап өмірін,
Кетерінде жылай да алмай қалады.
Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,
Тамаша әнмен келіп еді көктемде.
Өскен жерге сыймай кетіп барады,
Өскен жерін қимай кетіп барады.
Мұзафар Әлімбаев: Бұнымен қатар, Тұманбай ойшыл ақын. Біздің қазақ халқының маңдайына біткен ойшылдық, толғампаздық, сонау ұлы жыраулардан басталады ғой. Сол дәстүрді жалғастырушылардың біреуі – Тұманбай. Мысалы, «Сен, – дейді, – ұлыңа ұнамасаң, халқыңа да ұнамайсың». Ал енді осында ата баланы тәрбиелейтін, қалай тәрбиелесе ұлдары ата-аналарын тәрбиелеп жатыр дейтін екінші бір қырынан алғандағы философиялық ойды Тұманбай екі-ақ жолға сыйғызған. Енді мынау сыртында айтатын нәрсе – арнау өлеңдер. Тұманбайды «жұртқа арнау өлеңдерді көп жазады» деп кішкене былай қабақ шытып тыжырынып жүретіндер бар. Ал арнау өлең деген – сөз ол замандастың қадірін білу деген сөз. Ол өзіңменен қатар жүрген адамның қадірін біліп, халыққа қадірлету деген сөз. Ал осы тұрғыдан алғанда Тұманбай жырлап отырған адамының қадір-қасиетін керемет табады. Тек сол адамға ғана тән. Мысалы, Бауыржан жөнінде жазды ма, Бауыржанның қаһармандығын, бірбеткейлігін, өткірлігін, азаматтығын дәл, дөп түсірді. Бұл тұрғыдан алғанда арнау өлеңдерді көп жазғандардың бірі – сәруар, салауатты ақын Сырбай Мәуленовтен кейін портреттер галереясын жасаған ақынымыздың маңдай алдысы осы Тұманбай дер едім. Бұл да Тұманбайдың артықшылығына жатқызатын дүние. Енді Тұманбайды әсіресе жастар өте жақсы көреді. Жаңа да айтып кеттім оны, тағы бір қайталап айтайын махаббат лирикасының, махаббат жыршысы, есіркеушісі, жастардың сүйіспеншіліктің жыршысы, келісті жыршысы, сүйікті жыршысы. Осы тұрғыдан алғанда Тұманбайдың қадірі бүкіл жастардың алдында. Енді Тұманбайдың бір артықшылығы, әлгі жыбырауыздардың осы күні құлақ ассаң «Тұманбай үй-іші босағасынан аттаған жоқ, өз үй үшін ғана жырлап жүр, баласын жырлайды, жарын жырлайды, нағашысын жырлайды, әлгі қайын-жұртын жырлайды» деген секілді. Бірақ 40 жыл бойы бір тақырыпты осыншама түптеп, түбегейлеп, жан-жағынан қопарып жырлау, қайталамай жырлау – ол құдіреттілік. Менің бір афоризмім бар, «өнерін 3 рет көрсеткен адамға ешкім де күдіктене алмайды» деген. Ал мықты ақын дегеннің өзі де айтайық, мына өсіп түрған талға 3 өлең арнап көрсінші арасын үзбей. Ал ол ақынның ғана қолынан келеді, шын, шынайы ақынның ғана қолынан келеді. Ендеше мына әулетті ғұмырнаманы тәптіштеп жазу да – Тұманбай үлгісі. Бұл жас талапкерлерге, жаңадан шығып келе жатқан жас ақындарға творчестволық үлгі дер ем. Осы тұрғыдан біз Тұманбайды қадірлеуіміз керек.
Енді Тұманбайдың соңғы кезде жақсы бір қырынан көрініп келе жатқаны – юморы. Тұманбай өзі болмысында онша сайқымазақ, әлгі Қадыр секілді сайқымазақ емес ол. Қадыр мына жай отырғанда да, өлеңдеріне юморды қаптатып жібереді. Тұманбай да қазір юморға көңіл бөліп, қазақтың өзінің ақжарқындылықтың, жанының ашықтығын кәдімгідей өлеңдетіп, әшекейлеп, парасатты сөйтіп көрсетіп жүргеніне мен өз басым риза боламын. Сосын тағы бір нәрсе әлгі ойшылдығына қарата айттық қой, бұл нақыл сөздерге бұрын өзі қарсы болатын. Мысалы, менде әлгі нақылдық нақыштар басымырақ көрінеді. Менің поэзиямда соны, мысалы, жай әзіл ретінде болсын «сіз не ғып нақылға құмарсыз, соның не керегі бар?» дегендей ана ауыз әдебиетіне төменшіктеп, кем санап сөйтіп жүрдік қой, соған қарай шығыңқырап, сөйтіп әзілдеп жүретін. Сөйтіп жүргенде Тұманбай қазір өзі нақылдық нақыштарға барып кеш болса да өлеңдерінде ауыз әдебиетіне тән, мақал-мәтелге тән нақыштарды қолданып жүргеніне тағы да қуандым. Қалың оқырмандар да қуанады деп ойлаймын. Менің түйіп айтайын дегенім, Тұманбайды, «сыбырлағанды құдай естімей ме» деген, халық ұлы талант деп таниды. Ал енді бұл осындай сүйіспеншілік, осындай таным талантқа батпандай жүк артады. Тұманбай сол әлгі халықтың сүйіспеншілігін қарыз деп түсініп, бұл бұрынғысынан да бетер буырқанып, жаңа туындылар, жаңа поэзия тудыра берсін. Ал түйіп айтқанда Тұманбай бауырым, сенің жерде қалатын сөзіңнен, елде қалатын сөзің мол болсын.
М. Тазабеков. Арнау өлең
Сыйласын біздің қазақ барды біліп,
Қара өлеңде жүр едіңіз нарды мініп.
Қадірменді ер едіңіз бұл күндері
Сыйлайтын қара түгіл, хан да күліп.
Қаратам жырдың тонын жауырыныңа
Береріңді бердіңіз қауымыңа.
Алғы топтан көрініп әрқашанда
Қамшы тимей келеді сауырыңа.
Төрден орын алатын жөніңіз бар,
Төркіндеп келген қыздай ауылыңа.
Болып жүрсіз бұл күнде ел беделі
Жырыңызбен шайқап-ақ жел кемені.
Артыңыздан еріп жүрген шәкірттер көп
Тәсіліңді тәбәрік қып меңгереді.
Бойыңыздан байқалмақ қасиет көп
Жасырынған суреттей теңгедегі.
Қазақтың жігіттері ер келетін
Қанжығаға қара өлеңді өңгеретін.
Таңғажайып сәт қой бұл қайта келмес
Пері қыздар жуғандай көлге бетін.
Періштенің демінен жаралса да
Перзент бар ма Өзіңе тең келетін
Бейбіт Құсанбеков: Тұмаға, Сіздің өлеңдеріңізді оқып отырсақ, тура өмірбаяныңызды оқып отырған сияқты, қуанған сәттеріңізде, сәл бірнәрсеге ренжігеніңізде бәрі өлең болып төгіліп жатады. Сізді көктемде туған соң, көктемді, махаббатты, жастықты көп жырлағандықтан, көктем жыршысы, махаббат жыршысы деп сыншылар осыны тілге тиек етіп жатады. Шығармаларыңызды оқып отырып, таң қалғаным сол 19-20 жасыңызда махаббатты қалай жазсаңыз, махаббаты қалай жырласаңыз да, 60-қа келгенде де солай жырлайсыз. Осыған таң қаламын, бір жағынан қызығамын. Сонда бұл жастық шақтағы сол махаббат жүректе қалған оттың өшпегені ме, әлде қалай?
Тұманбай Молдағалиев: Бұл әрине менің 19 жасымда жазған өлеңіммен 60-та жазған өлеңімнің табиғаты бір-біріне ұқсамайды. Қанша айтқанмен жас күніңде жазған өлең жас күніңде жазған, 60-тағы өлең, алғашқы жазған өлеңде сезім көп, лапылдаған от көп, рас айтып отырсың, қазіргі өлеңде ой көп.
Бейбіт Құсанбек: Сіздің сонау алғашқы «Студент дәптерінен» бастап, бүгінгі мынау таңдамалы томдарыңызға дейінгі аралықта өзіңізді зар күйінде ұстап, өзін жарау қалпында, арғымақтай күткен бір ақындықты осылай сезінген адам сияқтысыз, солай түсінем, ал ол үшін де адамға бір нәрседен бас тарту, бір нәрсені осының жолында құрбандық шалу деген сияқты болу керек қой.
Тұманбай Молдағалиев: Көп нәрсені құрбандыққа шалуға тура келеді. Мысалы, мен өмір бойы жұмыс істедім кеңседе, ал енді біз жұмыс жасай бастағаннан кейін мынау сенбі мен жексенбі екі күн демалысымыз болды. Ал мен өмір бойы бір-ақ күн демалған адаммын. Ол жексенбі күні. Сенбі күні таңертең 7-де барып, 9-ға дейін моншаға түсіп, 9-дан 16-00-ге дейін, кейін 14.00-ге дейін, міндетті түрде 4-5 сағат сол өлеңге арнап жүрдім. Бір жетіде жиналып қалған ойлар бар емес пе, солардың бәрін қағазға түсіріп қоямын. Түнде келсін, күндіз келсін шала-шарпы өлеңдер жазамын. Соны отырып алып кәдімгідей жаздым мен. Көп жыл солай істедім. Сосын ақынның өмірінде той көп, ақынның өмірі – қиын да өмір, қызық та өмір. Бізге өлеңімізге қызығады да, ақкөңіл қыздар артымыздан жүгірді, жасыратыны жоқ. Оның бәріне жүрегіңді ашып шауып жүре берсең, өлеңге деген махаббатың басқаша болып кетеді ме деймін.
Бейбіт Құсанбек: Өлең қызғанып қалады дейді ғой
Тұманбай Молдағалиев: Иа, өлең қызғанып қалуы мүмкін. Барлық бауырларды білесің біз қатарлы жазған 80-90 % жердің астына кетіп қалды. Мен әулиелігімнен жүргем жоқ. Бір Алла тағаланың берген жасы шығар маған. Бірақ көп жерде ұстамды болуға тура келді. Тойға барсаң, ақынға бірден сөз береді, мақтайды, ой бәленше деп, басқа біреудің өлеңін сенің атыңды айтып, сенікі деп соғып, қызық қой біздің халық өзі. Мен тойда көп отырмай кете бастағанымда өлеңдерімді жыртып, кітабымды тепкілеген кісілер де бар: «Сен неге кетесің, бізді елемейсің, бізді сыйламайсың» – деп. Енді өзіңді де жақсы көру керек, ертең сенің жұмысың бар, солай емес пе? Ал енді сол тойдың қызығына ерем деп, Алла тағала маған берген екен деп сілтей бергенімде, мен де баяғыда 60 емес, 50-ді де көре алмайтын едім, шындығын айту керек. Көп жерде сол қуаныш пен қызықтан қашуға тура келді. Мен қашайын деп те қашпаған шығармын. Сол Алла тағаланың берген тағдыры, бала күннен жетім өскендік, әкенің жоқтығы, бауырларымның жоқтығы. Сосын дүниеге көзін ашып балаларым келді. Оларға қараймын, оларға жем беру керек, олар да құс сияқты, оларды ұшыру керек, оларды оқыту керек. Ал осының бәрі үйленгеннен кейін бәленшенің баласы жаман болып жүр, бәленшенің баласы жетпей жатыр, жетімсіз болды дегізбей, өзім көрген жетімдікті олар көрмесе екен деген де тіршілігім болды. Осының бәрі айналып келгенде – өмір ғой. Мен осы ылғи ақындықты қуаладым, ылғи осы күнде-түнде жаздым десем ол мүмкін емес, ал бірақ бір адамның бір ақынның қазақта жұмысын мен істедім. Мен көбінде өзімді тоққа тығып қоятын шәйнек бар ғой сол сияқты сезіндім. Ол өзі солай. Мен кетіп бара жатқан машинаның ішінде де өлең кіреді, тоқтап жазғандарым бар, самолеттің іші бәрі менің өлең жазумен өтеді. Мен самолетте өзі босқа отырғым келмейді. Бір нәрсемен шұғылданып отырғым келеді. Уақыт бос, өйткені, аман-есен қонамыз, тәуекел деп, жазу жазып отырдым. Мен самолетте көп өлең жаздым. Соны жақсы көретінмін және биікте бір түрлі адам, ақындық деген өзі биіктік қой. Биікке шыққандай боп. Мен ақындық өлең жазып болғаннан кейін менің патша көңілім ең биікке шығатын, сол сәтте менен биік адам жоқ, мен құстардың арғы жағында одан да биік ұшып жүргендей сезінем өзімді.
Аспанға шықсам, тезiрек
Түссе екем жерге деп тұрам.
Мазалаған соң өзi кеп
Көз жұмып ойды көп қуам.
Әйнектен көздi ала алмай,
Сағатқа төнем бiр ұрлап.
Ең соңғы күнiме қарап
Барамын ағып дуылдап.
Қақ жарып келем аспанды,
Бұлттар да бұққан тым-тырыс.
Не деген тездiк, шапшаңдық
Не деген мынау ұмтылыс!
Бұлттар да төмен қашты ұшып,
Таңғалам мынау күшке мен.
Қырымнан ертеңгі асты ішіп,
Алматы келіп, түстенем.
Жарысып уақыт – ұрымен,
Озатын одан бар ма күш.
Өзім бе осы, шынымен,
Қиялым ба әлде алдағыш!
Көгінде елдің келемін,
Төмендеп, бірде жоғарылап.
Аңдиды кейде мені өлім,
Жонады маған оқ арнап.
Әлемді түгел сүйгізген
Қиялым неткен тәтті едің.
Сол оқты кетсем тигізбей,
Мәңгігіе тірі кеткенім.
Ере алмай күнге жүгірген,
Ентіге берем – сол жаман.
Өлімге қарсы жырыммен
Өзім де ылғи оқ жонам.
Бейбіт Құсанбек: Жүке, мынау алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер демекші, жалпы Тұманбай Молдағалиев, сол Тұмағаңдардың толқыны, одан кейінгі інілеріне, одан кейінгі қазақ поэзиясына, жалпы қазақ поэзиясына не берді деп ойлайсыз?
Жүрсін Ерманов: 60-қа келіп отырған Тұманбай туралы мен қатарлы інілерінің алпыстан асқан ақындардың қай-қайсысы болса да айтам десе, айтатын сөзі болуға тиіс. Өйткені біз Тұманбайдың шекпенінен шыға қоймағанмен, қалай болғанда да осы қатарлы ақындардың ықпалын көріп өстік. Маған біздің қазақ поэзиясы қазір әлемдегі ең құдіретті поэзиялардың бірі болып көрінеді маған, бүкіл қару-жарағы сай, көлігі түгел. 50-ші жылдардың аяғы, 60-шы жылдардың басында әдебиетке, поэзияға келген толқын лек бар. Соның ішінде үш ақын атап айтсақ, кешегі марқұм Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, осы Тұманбай Молдағалиев қазақ поэзиясын басқа бағытқа бұрып жіберді. Осылардың арқасында өлеңнің мәдениеті өсті, бүкіл көркемдік сапасы жоғарылады. Әрине, олардан бұрын ақын жоқ деген сөз емес, осы Кеңес дәуірінде үлкен-үлкен ақындар болды ғой, Таир ағамыз да, Ғали ағамызда, әсіресе Қасым Аманжолов, бұлардың барлығы құдіретті ақындар болатын, бұлардың трагедиясы бұлар осы заман қысып тастады, ақын өзінің жанын, жүрегін, өзін жырлау керек. Соған көп бара алмады. Ал енді біз айтып тұрған 3 ақын адамды, адамның жан-дүниесін, арман-қиялын, оның махаббатын жырлағанда бір жаңа өрістерді ашып берді. Тұмағаң осы үш ақынның ішінде бірінен-бірін кемітетіні жоқ, соның ішіндегі бір серкедей ақын. Өлеңді қиындатып та жіберді. Менің өз басым Тұманбайдың жақсылығын да көп көрдім творчествомда, зиянын да шектім. Негізі әдебиетке адам ерте келеді. Мен мысалы 8-9 класта жүргенде кәдімгі өлеңнен басқа ештеңе ойламайтын бала болдым. Жазғандарым «Қазақстан пионерінде», аудандық газеттердің бетінде, кейде орыс тіліндегі газетке шығып қоямыз. Қарсақпайда мектеп бар, Жамбыл атындағы № 1 мектеп. Орта жақсы мектеп. Көп адамдар шыққан. Сонда оқып жүргенімде 9 класта, мектепке аудандық газеттен 2 адам іздеп келді. Біреуі аудандық газеттің жауапты хатшысы екен – Көбейсін Еңсебаев, екінші сол газетте бөлім меңгерушісі Хамит Башаров деген ақын. Мен 9 класта болатынмын. Содан сабақтан шыққанда, маған өлең оқытты. Мен дәптерімдегі өлеңді оқып бердім, әйтеуір. Анау үлкен ақын да өлең оқыды. Содан маған Хамит: «Мен Еркін Ібітановпын, – деді, Еңсебаев – Қадыр Мырзалиев, сен – Тұманбай Молдағалиев сияқты ақын екенсің» – деді. Содан жолыққан сайын «Тұманбай» өлеңіңді оқы», – дейді. «Тұманбай» болып өлеңімді оқимын. Сөйтіп өлеңдерім тіпті тезірек шығатын болды. Өйткені менің жаңағы достарым отыр ғой жақшаның ішіндегі – «Қадыр Мырзалиев» отыр. Содан Алматыға келген кезде осылай үшеуін іздедік. Еркін Ібітанов ол кезде әдеби ортада жоқтау екен. Қадыр мен Тұманбайдың нағыз дүрілдеп тұрған кезі. Сол кезде студенттер қазіргідей емес көп жиналады, әдеби кештер көп болады. Бәрі де өлеңдер оқиды. Енді мен Тұманбай ағаға еліктеймін. Тұманбайдың маған даусы да ұнайды. Оны айтасыз, көзіндегі көзілдірігін де жақсы көремін. Ақынның шашы да сондай сиректеу болуға тиіс сияқты, маңдайы кеңдеу болды. Сөйтіп жазып жүрген кезімде менің өлеңім шықпайтын болды. Сөйтсем, әдебиетке екінші Тұманбай керек жоқ екен. Мен Тұманбайдың әсерінен көпке дейін құтыла алмай жүрдім. Әрине басқа да қызығушылықты бастадық, орыс әдебиетін оқыдық, батыс-шығысты оқи бастаған кезде Тұманбайдан басқа мықты ақындар бар екеніне көзіміз жетіп, енді өзімізше жазу керек болды ғой. Енді Тұманбайды оқымау керек болды. Содан біржола Тұманбайдан құтылу, Тұманбайды оқымау қиын, қайда барсаң – Тұманбайдың кітабы, радионы қоса қалсаң – Тұманбайдың әндері, теледидарды қосып қалсаң – Тұманбайдың өлеңдері. Бүкіл Қазақстан, әсіресе, соңғы жылдары маған Тұмағаңның шамырқанған шабытты кезінде тұрған шағы енді. Мен Тұмағаның қасында көп жүремін, бірге ел аралаймыз. Қолымыз қалт етсе бірге жүреміз, іздесіп тұрамыз. Енді бұл кісіге мен іні болып келемін. Мен ғашық болатыным – бұл кісінің тұла бойы толған өлең. Бұл кісінің өлеңсіз уақыты жоқ. Күндіз де, түнде де өлең жазады. Оны және оқығысы келіп тұрады. Серуендесең соны тыңдағысы келіп тұрады. Әйтеуір бір өлең әлемінде дамылсыз жүрген адам. Ал енді Тұмағаңды қазір мерейтойында пікір айтып жатыр, мынау шын мәнісінде халықтық ақынға айналған адам ғой. Тұмағаңа мен қазір біз қатарлылар еліктеуден кеттік, дегенмен бағасын білеміз, қазақ әдебиетінде, қазақ өлеңінде мықты 3 ақын қалатын болса, біздің дәуіріміздің, біздің заманымыздың соның бірі Тұманбай Молдағалиев екеніне ешкім де күманданбауға тиіс. Тұманбай осындай ақын.
Бейбіт Құсанбек: Тұмаға, Сіздің соңыңыздан ерген ақын інілеріңіз бар, жұрттың аузында Сізге ризашылық сезіммен айтатыны Сіздің қамқорлығыңыз, соңыңыздан ерген інілеріңіздің жылт еткен жақсысы болса, соларды көтермелеп, шығып жатқан өлеңдеріне алғысөзін жазып, жағдайы болмай жатқандарға сойылыңызды ала жүгіріп барып әкімге кіріп, пәтер алуына көмек көрсетіп жіберу, соның бәріне адамның уақыты кетеді, оған да біраз жүйке құртуға тура келеді, осыдан тартынбайтыныңызды көп адам айтып жүреді.
Тұманбай Молдағалиев: Бала күнімнен ұстанған принципім – кісіге жақсылық істеу, кісіні жақсы көру, кісіге жақсылық істемей, кісіні жақсы көрмей өзіңді ақынмын деу қате нәрсе, ақын деген, ең алдымен жақсы кісі, періште адам, ақын біреуге қиянат жасаса ол неғылған ақын?!
Абай атамыз өзін соққыға жыққаннан кейін барып, ойпырмай кейбір нәрседе қате кеткем екен-ау, артық кеткем екен-ау деп, мынадай іске араласпай қойған ғой, соңғы 10 жылда Семейге де бармай қойған, сондықтан әлгі жақыныңды жақтап, менің жақыным ғана болса екен деу, ол да ізгілік нәрсе емес, мен осы әйбат кісімін деп айтпаймын, жеке басымды, мүмкін мен жақыныма қатаң болармын, үй-ішіме қатаң болармын, мен деп жүрген, менің өлеңімді оқып жүрген, менің өлеңімді жаттап жүрген бауырларым – менің ең жақын көретін кісілерім деп сезінемін. Сен білесің Жұматай Жақыпбаевты, «Тұмағаңсыз Алматыны неғылам?» деген өлеңі бар еді, сол жігітті Талдықорғаннан шақырғанда келмей қойды алғашқыда, екінші шақырғанда келді. Қасыма алып, жетектеп, ертіп-ақ жүрдім, қайтейін енді, басқа бір ағалары ертіп кетіп, ақыры опат болды. «Балдырғанға» келгенде де «Әй, шырағым, менің қасымда жүрсейші» деп едім, сол қызыққа құмарлық, өзі ақкөңіл, тоқтата алмады өзін қызықтан, әйтпесе, спортсмен жігіт, алғыр жігіт, өлең дүниесіне қаншама керемет нәрселер берер еді деп ойлаймын. Таланты жоқ адамдар жек көріп мені, осы күнге дейін кекетіп, мұқатып жүреді, мен не істеймін оны, оған амал жоқ, олар басқа жерден бақыт табу керек еді, ал әдебиеттен бақыт табам деген кісілер бәріне де қолымнан келгенше көмектестім. Бата бергішпін, менің ұстазым Әбділда Тәжібаев бата бергіш қой, тіпті іштен шықпайтындарға да беріп жібереді батасын. «Енді осыныңыз не?» – десең, «Қойшы, келіп жүр ғой», – дейтін. Көңілшек. Сол маған да жұққан болар.
Бейбіт Құсанбек: Тұмағаңмен қашан таныстыңыз?
Әбділда Тәжібаев: «Тұманбаймен қашан таныстыңыз?» деген сұраққа жауап беру маған қиын сияқты, өйткені ол менің үйімде туып, менің үйімде өскен адам сияқты көрінеді, пәлен жылдан пәлен жылға дейін деп дәл жауап бермегеніме кешірім сұраймын.
Бейбіт Құсанбек: Тұмаш ініңіз ғой, әлде балам дейсіз бе?
Әбділда Тәжібаев: Інім ғой, Тұманбай алпыста, мен 85-темін, арамыз – 25 жыл.
Бейбіт Құсанбек: Адамның өмірінде қатты қуанғаны немесе қатты бір өкінгені, ренжігені есте қалады ғой, осы ініңіздің Сізді ренжіткені не қуантқаны есіңізде ме?
Әбділда Тәжібаев: Бір-бірімізді қуантқан кездер ғана есімде, Тұмаштың мені ренжіткені, не менің оны ренжіткен кезіміз болмапты. Құдай осындай татулық берсе, оны қалай өзгертуге болады?! Әрі баламдай, әрі інімдей, мінезі де ұнайды, мінезі жақсы болмай адам жақсы болмайды. Адам жақсы болу үшін жақсы мінез керек, айнымайтын жақсы мінез керек. Тұманбайда осы айнымайтын жақсы мінез бар. Өзімді де мақтап қояйын, оған деген сондай жақсы мінез менде де бар.
Бейбіт Құсанбек: Жаңа өлең жазғанда, не бір қатты қуанғанда сырыңызды бөлісіп тұрған жағдайлар болған шығар.
Әбділда Тәжібаев: Ондай сәттер көп болды. Анда-санда бір есебін тауып, кездесіп, кеңесіп, өлеңімізді оқып, сыпайы сөзбен бірімізді-біріміз өлеңмен айтқан сырымызды мақұлдап құптап отыратын кезіміз көп болған. Меніңше бұл біздің, достасқан адамдардың ерекше қасиеті осындай болады деп ойлаймын.
Мен «Тұманбайым» деймін,
Ол «Әбекем» дейді,
Жұбымыз солай жарасқан.
Жасап келеміз солай,
Достығымыздан айнымай,
Ақ жолымыздан шықпай, адаспай.
Неге адасамыз ақ жолдан
Тәңірінің өзі қосса егіздей.
Тарта береміз де, тиеген жүгін қазақтың
Қатар жегілген өгіздей.
Тұмашжан, 60-қа жеттің бүгін сен,
Алдыңда сенің Алла бұйырса, жүзің бар,
Ұлы жарық жолың бар,
ғасырларға ұласар айқын ізің бар.
Жасай бер, жаным,
Береміз саған аппақ күндей жарық батамды,
Қосылып жырлай берейік, досым, қазағымызды,
Қазақстаным деген жарық Отанды.
Жасасын қазақ және оның поэзиясы,
Тұманбайдай ғажап ақыны.
Бейбіт Құсанбек: Ақындық өзі бір сезім, ақындық бірге айтылады ғой. Адам өзі ақындықты өзіне мұрат еткеннен кейін, адамның сезімі де бір ұшталып, сезімнің бір приборы болып кететін шығар деп ойлаймын. Сіздің өміріңізде интуиция, ішкі сезім қандай орын алады.
Тұманбай Молдағалиев: Енді жылдар өткеннен кейін қапы соққан жерлерің еске түседі. Мен анамды өте жақсы көруші едім, кім анасын жек көреді дейсің, мен қызметке тұрғаннан кейін он жыл ғана өмір сүрді анам. Кейде ойлаймын, мүмкін сол кісіге осы күнде аялап отыруға, жылы сөз айтуға уақытым болмай қалды ма екен деп, сол ұмытып жүрдім бе екен деген бір өкініш түседі есіме. Мысалы, маған ерік сезімін, жүрегін берген осы күнгі жеңгең, енді басқа біреудің қолынан шәй ішкім келмейді, шынымды айтайын, соған да менің уақытым болмай қалды ма екен, өлең қуалап, ой қуалап, қиял қуалап жүріп, мән бермей қалдым ба екен деген ойға барып жүрмін. Өзімнен өрген перзенттерімді апам айғайлап жүрді, анам, біздің қазақ қызық қой, анасы қызғанады да сол балаларыма көп жолай алмадым. Мысалы, қыздарым да, ұлдарым да, бір түрлі маған өкпелі сияқты ма екен дегендей сондай бір сезімдер болады. Сол кезінде менің қазір аталық сезімім немерелеріме оянып масқара болып жүрмін. Үйде мына Дәуреннен көрген 1-2 бала бар. Сол бір жаққа іссапарға шықсам, үйге қайтқым келіп тұрады. Мен жоқта шешелері өкпелетіп қойды ма, ренжітіп қойды ма, ауырып қалды ма деген бір сұмдық сезімдер болады. Сезім ұштала береді. Ақыл адаммен бірге өседі. Жас кездегі жіберген қателер көп, жастықпен білмей қалдық, бізді ренжіткен кісілер де жас болды. Ал қазір тіпті ешкімді ренжіткім келмейді.
Көрмегендеймін бір ғасыр,
Бір күн сені көрмесем.
Шөлдегендеймін бір ғасыр,
Бір күн сусын бермесең.
Аяулым, менен бұрын өлме сен...
Ашылған кезде бұлтты аспан,
Аспанды жерге төсесем.
Екі-екіден жұптасқан
Өмірдің қандай көші әсем.
Аяулым, менен ұзақ жаса сен.
Өлшенбес бақыт жылдармен,
Алтын күн кімнен озбаған.
Талай жыл бірге тұрғанмен.
Бірге өлуді жазбаған.
Аяулым, осы бақыт аз маған.
Жолығып бала күнімнен,
Жырымсың менің жаттаған.
Жалыққан емен сүюден,
Сен барда қайғы жат маған.
Аяулым, осы бақыт көп маған.
Тірліктің әсем бағында
Жүрегім менің шарықтар.
Жүз жылдың арғы жағында
Көретін біздер жарық бар.
Аяулым, өлеңдерімді алып қал!
Бейбіт Құсанбек: Күлтай тәте, Тұмағаң Сізге қанша өлең арнағанын білмеймін дейді, мүмкін Сіз білетін шығарсыз?
Күлтай апай: Санамадым, көп өлеңдер арнады ғой.
Бейбіт Құсанбек: Ал енді соны оқып, өзіңіз іштей риза болып, мақтаныш сезімі оянатын шығар.
Күлтай апай: Әрине.
Бейбіт Құсанбек: Көп қойылатын сұрақ қой, Ақынның жары болу оңай емес деп жатады, қиын деп жатады, Сізге қалай, Сіз қалай ойлайсыз?
Күлтай апай: Ақынның жары болу әрине оңай емес. Барлық бабын тауып әр уақытта ойынан шығып отыру әр әйелдің міндеті ғой деп ойлаймын.
Бейбіт Құсанбек: Сөйтіп ойынан шығып, Сізге әйтеуір жырын арнап жатыр, рахметі бар ғой ақындардың?
Күлтай апай: Рахметін өлеңмен айтып жатыр ғой, рахметі, ризашылығы сол шығар...
Тұрсынзада Есімжанов: Ақын ақын жөнінде айтқанда, прозалық тұрғыда ойлану мүмкін емес. Әсіресе, мына Тұманбай сияқты қазақтың аса көрнекті ақындарының бірі туралы ойланғанда мен өзім ақын болғандықтан, ақындықтың жолы, ақындықтың сиқыр жолы туралы ойланамын. Сондықтан өлең жолдарымен ғана айтып шығу мүмкін. Мен Тұманбайға арнап Тұманбай деген өлең жаздым, соны оқып берейін
Алпысыңда қасымызда талтаңдап,
Ару жаққа бұрылатын жол таңдап,
Аман жүрші, ағам менің, жүзге де
Аяңдарсың, таяқ ұстап қалтаңдап.
Әзіл ғой бұл, өлеңге әзіл жүрмейді,
Қайран өлең қартаюды білмейді.
Кең дүниеге өлмеу үшін келген сөз
Кең дүниедей мәңгі бақи гүлдейді.
Тұманбай ғой – қызғалдақтар қырың да,
Тұманбай ғой – бұлғақтаған бұрым да.
Тұманбай ғой – жер көктем тұлпар да,
Тұманбай ғой – ойнақтаған құлын да.
Тұманбай ғой – көк жиектер жырақ та
Тұманбай ғой – шалғын майса, құрақ та.
Тұманбай ғой – көгіңдегі жұлдыздар
Тұманбай ғой – жеріңдегі бұлақ та.
Тұманбай ғой – найзағайлар жарқылдар,
Әсем көңіл, әсершіл ел ән тыңдар
Тұманбай ғой – аққудайын бұралып,
Би сағымын кешкен аппақ балтырлар.
Тұманбай ғой – бақытың да, қайғың да,
Тұманбай ғой – қорғаның да, айбын да,
Табиғаттай төрт маусымы аралас,
Тұманбайдың жырларына тойдың ба?
Көңілдерге кеткен сіңіп өз басы,
Тұманбай ғой жанардағы көз жасы.
Ғалым тозбай, адам тозбай, тіл тозбай
Аян маған Тұманбайдың тозбасы.
Тіршіліктің таусылмаса тұз-наны,
Таусылмас-ау махаббаты, қыздары.
Махаббаттың жыршысының тойына,
Мәңгі бақи қатысайық біз дағы.
Тұрсын сөзі тайғақ емес, табанды,
Құттықтаймын алпыстағы ағамды.
Алпыс тұрмақ, алты жүзге келсең де
Осы өлеңмен берсін ұрпақ бағаңды.
Тұманбай Молдағалиев: Адамға ең керегі бірауыз жылы сөз ғой. «Аманбысыз? Халыңыз жақсы ма? Жақсы жүріп жатырсыз ба? Күннің астында ұзақ өмір сүріңіз» деген сөзді адам бір-біріне аз айтқаннан кейін өмір қысқа ма деймін. Егер мына көңіл-күйім болмай отырып, сондай сөзді өзіңнің жақыныңнан, жақсы көретін кісілеріңнен естісе, адамның өмірі ұзара береді ғой деп ойлаймын. Адам бірін-бірі, адам аштыққа да көнуге болады, бірақ мына сөз арқылы бірін-бірі емдеп, бірін-бірі жетелесе ұзағырақ өмір сүреді. Менің ұққаным, жалпы тіршіліктегі нәрсенің бәрі көңіл, сөз, адамға жетпейтін жылы сөз, көңіл жетпейді. Біз мына тойларымыздың осы бір мерекелер болайын деп жатыр, осының бәрі не үшін керек, көңіл үшін керек. Ал көңіл жақсы болатын болса, өлгің келмейді. Көңілді, бақытты кісіге ажал жоламайды. Мен оған сенемін. Мен құдайға сенемін, мен тағдырға сенемін. О дүние мына мен айтқандай болса екен деп тілеймін. Өйткені о дүниеде көрсем дейтін кісілерім көп. Шынымды айтайын. Мен ата-анамды, өзімді туған ата-анамды титтей күнімде жоғалтқан кісімін. Одан кейін басқа, мен ол кісіні басқа деп те айта алмаймын, ол да менің туған анам, тууы туралы куәлікте солай жазулы тұр, сол кісінің тәрбиесінде өстім, сол кісі жеткізді. Оның маған өгей еді деп айтуға тілім бармайды. Осы дүниеден кетер күні сені тумап едім балам, осындай жақсы абысынымнан туып едің деп өзі айтты.. Бірақ соның өзінде сенгім келмеді. Бірақ содан кейін тілге келгеніміз жоқ. Енді анам өзі солай айтып кеткен соң, менің де басқа туған кісім бар еді деп қалай айтам. «Өгей шеше, ол өгейлік жасайды» деген былшыл әңгіме. Жақсы кісі бүкіл қазақ, бүкіл баланы бауырына басып тұратын еді менің анам. Мен Қамқа анамды бүкіл ауылдың балалары жақсы көретін еді. Мені сондай бір мейірімді кісі тәрбиелеп өсірді. Мүмкін менің өзімнің мейірімді болуымның өзі соның арқасы шығар деп ойлаймын.
Қанша жасқа келер екем мен осы,
Қай жерлерде тоқтар екен Тұманбайдың кемесі.
Кімдер құшып жылар екен, дариға,
Сорлы ақынның табытта жатқан денесін.
Суыққа да, ыстыққа да бой бермей,
Шынымен-ақ қартаям ба мен де елдей.
От басында отырам ба омалып,
О дүниеден келгендей.
Шашым түсіп, көзім ісіп шөмиіп,
Отырам ба от басында мөлиіп.
Бақытымнан жалаңаш қап жүрем бе,
Кәрі ағаштай тұрған күзгі жел иіп.
Досым, досым, бұл тағдырды мен күтпен,
Жаралған ем махаббат пен ерліктен.
Жаралған едім мөп-мөлдір көздің жасынан
Көз жасы бітпей, мен бітпен.
Досым, досым, бұл тағдырды мен күтпен,
Жаралған едім махаббат пенен ерліктен.
Жаралған едім анамның ащы мұңынан,
Мұң барда жерде, арылтпай мұңды мен бітпен.
Жап-жас боп тұрам келсе де жасым қаншаға,
Ойларға шомып, мен үшін, жарым, шаршама.
Жүрегім менің қартая қоймас сірә да,
Жүзімнен ептеп нұрымды уақыт алса да.
Білем ғой бәрін, мені де тастап қашар күн,
Оғанға дейін белдерден талай асармын.
Өлмейді дейді өмірге құштар адамдар,
Мен мүмкін ұзақ жасармын.
Тасқындап едім, әлі де талай тасармын,
Асықпай жүріп асқандардан да асармын.
Өлмейді дейді арманды сүйген адамдар
Мен мүмкін ұзақ жасармын.
Өзімді ойлап көзіме мен де жас алдым.
Қалпымды бұзбай қара емендей-ақ қасардым.
Өлмейді дейді махаббаты бар адамдар,
Мен сірә мәңгі жасармын.
1995 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.