Ганс Христиан Андерсен. Зұлым патша хикаясы

Бөлісу:

02.04.2025 785

2 сәуірде дат халқынан шыққан ұлы ертегіші Ганс Христиан Андерсеннің туғанына 220 жыл толып отыр. Андерсен ертегілері - адамзатқа ортақ құнды қазына. Қазақ балғындарына арнап Ганс Христиан Андерсеннің “Зұлым патша хикаясы” атты ертегісін ұсынып отырмыз.

Ертеде бір зұлым да тәкаппар ханзада өмір сүріпті. Оның бар ойы – күллі әлемді бағындыру, өзінің атын естігенде барша адамзатты үрейден қалшылдап тұратындай ету болыпты. Сөйтіп ол осы ойын жүзеге асыру үшін айналасындағы бейбіт елдерге шабуыл жасап, олардың халқын қылышпен қидалапқалаларын өртеп ойрандау үшін соғысқа аттаныпты. Зұлым паташының қатігезжауынгерлері жайқалған егін алқаптарын табанға таптап, шаруалардың үйін отқа орапты. Қызыл жалын ағаштың жапырақтарын сумаңдай жалмап, пісіп үлгермеген жемістер бұтағымен қоса қуырылыпты. Емізулі сәбилерін кеудесіне басқан байғұс панасыз аналар бұқпантайлай қашып, қою түтінді қалқалап жасырынса да жауыздар оларды тіміскілеп жүріп тауып алып, аяусыз қорлық көрсетіпті. Бұлардың жауыздық іс-әрекетіне қорқынышты рухтардың өзі таңдана бас шайқағандай едіПатшаның қалауы солай болған соң, оны қалайда орындаулары керек қой.

Зұлым патшаның күш-құдіреті уақыт өткен сайын артқан үстіне арта беріпті. Оның атын естігеннен шынымен-ақ барша адамдарды үрей билейтін болыпты. 

Патшаның күллі іс-әрекетіне сәттілік серік болып, әбден толықсып тұрған шағы екен. Ол өзі жаулап бағындырған елдерден алтын мен қымбат қазынаны тонап тасып әкеліп, астанасына қисапсыз байлық жинапты. Сөйтіп ол осы мол қаржыға салтанатты сарайлар, ғибадатханалар мен аркалар салдырыпты. Бұл ғажайып ғимараттар мен құрылыстарды көрген жұрт: «Па шіркін, қандай ұлы патша еді!» - деп таңдай қағысыпты. Бірақ олар бұл байлықтың өзге елдердің қайғы-қасіреті арқылы келгенін білсе еді ғой, өртеліп тоналған, қиратылған қалалар халқының мұң-зарына құлақ түрсе еді ғой. Олай болмапты.

Осынау жиналған мол алтын мен салынған зәулім сарайларды көріп көңілі шалқыған патша да халқы сияқты: «Мен қандай ұлы патшамын!» - деп өзіне өзі риза болып таңғалыпты. Сөйтеді де: «Бірақ бұл да әлі жеткіліксіз сияқты! Ұлылығымды, құдіреттілігімді әлі де жоғарылатып көтеруім қажет-ау! Бұл әлемде менімен тең келетін, менен асқан ешбір билік иесі болуы тиіс емес!» - деген ойға бекінеді.

Сөйтіп ол тағы да әскерін жиып соғысқа аттаныпты. Айналасындағы көрші елдердің бәрін түгелдей жаулап бағындырып алады. 

Өз астанасының көшелерін аралауға шыққан кезде ол тұтқынға түскен патшаларды күймесіне алтын шынжырмен байлатып-мататып, жетектетіп жүреді екен. Тамақ ішу үшін үстел басына отырған кезде тұтқын патшаларды өзі мен айналасындағылардың аяғы астына тірі төсеніш етіпті. Оларды өзінің және нөкерлерінің лақтырған бір үзім нанына тәуелді қылып ашықтырып қорлапты.

Ақыры бұдан да жалыққан зұлым патша елдегі күллі алаңдар мен сарайларда өзінің мүсінін тұрғызуға шешім қабылдапты. Ол өз мүсінін тіпті ғибадатханаларға, құдайға мінәжат қылатын альтардың алдына да қоюға бұйырыпты. Сонда дінбасы патшаға келіп: «Мәртебелі патшам, сіз әрине ұлысыз. Бірақ Құдай сізден де ұлы ғой. Біздің олай жасауға дәтіміз жетпейді!» - дейді, жалбарынып.

- Жарайды, ендеше! - дейді жауыз патша. – Онда мен қажет десең Құдайдың өзін бағындыратын боламын!

Тәкәппарлық пен мақтаншақтықтан әбден көзі тұманданып есірген патша сөйтіп шеберлерге аспанда ұшуға болатын таңғажайып кеме жасауды бұйырады. 

Әзір болған кеме алуан түстерге боялыпты, ондағы мыңдаған дөңгелек дақтар тауыстың құйрығына ұқсас болыпты. Мұндағы мыңдаған дақтардың әрқайсысы – мылтық оқпандары еді. Патша ұшқыш кемеге отырды, ол бір серіппені басқан кезде, сол сәтте мыңдаған мылтықтардан пытырлай оқ атылатын және мылтықтар бірден қайтадан оқталатын еді. Қанаты қуатты жүз алып қыран кемеге жегіліпті, сөйтіп әуеге көтеріліп, Күнге қарай беталыпты. Жер төменде әрең-әрең көрініп, таулар мен ормандар әуелі жыртылған шымтезектей болыпты, біраздан соң географиялық картадағы кішкентай сызық сияқты көрініп, соңыра тұманды бұлттың астында кішірей келе мүлде көзден ғайып болыпты. Қырандар болса біртіндеп биіктен-биікке көтеріле беріпті. Осы кезде Құдай кеменің алдына өзінің сансыз періштелерінің бірін жұмсапты. 

Зұлым патша болса өзіне қарай ұшып келе жатқан періштені мылтықтың дүркіндете атуымен қарсы алыпты. Мылтық оқтары періштенің жалтыраған аппақ әдемі қанаттарына жауған бұршақтай сатырлап тиіп, қанатып жатыпты. Осы сәтте аппақ қанаттан тамған бір ғана тамшы қан сорғалап келіп кеменің патша отырған тұсына тамыпты. Осы бір тамшы қанның өзі желкен ағашын қақырата қиратып, бейне мың пұт қорғасынның салмағындай алапат күшпен аққан қалпы кеменің түбіне соғылыпты. Сол-ақ екен, қырандардың қуатты қанаттары быт-шыт болып сынып, кеме бірден төменге құлдилай жөнеліпті. Ысқырынған долы жел патшаның құлағын жарып жіберердей гулепті. Өртеп қиратылған қалалардан көтерілген қою түтін қара бұлт болып тұтасып, қорқынышты құбыжықтарға: құлама жартастарда ойнақ салып, сояудай тырнақтарын патшаға қарай созған алып шаяндарға, аузынан от бүріккен айдаһарларға айналыпты. Алапат қорқыныштан есеңгіреп қалған патша дәрменсіз күйде кеменің еденіне жабысқан қалпы сұлқ жатыр еді. Ақыры кеме құлдилаған қалпы ну орманның үстіне құлап, ағаштың бұтағына ілініп тоқтапты.

- Мен Құдайды жеңемін! – дейді патша. – Жеңемін деп ант бердім бе, мұны қайтсем де орындайтыным сөзсіз! 

Сөйтіп ол жаңадан әуе кемелерін жасауға бұйрық береді. Бұл кемелерді жеті жыл бойы құрастырыпты. Патша сонымен бірге аспанның тығыз қабығына шабуылдау үшін қатты металдан найзағай соғуды бұйырады. Өзі билейтін мемлекеттің түкпір-түкпірінен мол әскер жинайды. Әскердің көптігі соншама, қарақұрым қалың қолдың ұзындығы көптеген шақырымға созылып жатыпты. 

Ақыры жауынгерлер кемеге отыруға дайын болыпты. Патша да өз кемесіне жақындап келеді. 

Мұның бәрін көруші Құдай осы кезде патшаға қарсы гулеген сары масаның бір ғана үйірін жұмсайды. 

Гуілдей ұшып жеткен жәндіктер патшаның айналасында ызыңдап-ызылдай жүріп, оның беті-қолын аяусыз шымылдатып шаға бастайды. Ашуға булығып долданған патша қылышын суырып алып айналасына сілтейді. Бұдан не қайран болсын, тек қана ауаны осқылағаны болмаса, қаптаған қалың масаға не істей алады? Амалы құрыған патша қызметшідеріне қымбат кілемдерді әкеліп, маса шақпас үшін өзінің үстіне бастыра жауып тастауды бұйырады. Бұйрық бірден орындалды. 

Бірақ патшаның сорына қарай бір айлакер маса ең астыңғы кілемге дейін өтіп, патшаның құлағына жыбырлай жетіп, шағып алады. Тыз еткен сол сәтте тамырын өрт жайлағандай дуылдап, миына ащы у құйылыпты. Үстіне жабылған бүкіл кілемді сілки серпіп тастап, киген киімінің бәрін жұлқылай шешіп лақтырып тыр жалаңаш қалған патша қалың елінің, өзінің қатігез әскерлерінің көз алдында жанталаса ышқынып, дәрменсіз күйде секірумен болыпты. Ал халық болса Құдайды жеңбек болып тыраштанып, шындығында титтей масаға әлі жетпей мысы құрыған ақымақ патшаны мазақ етіп күліп тұрыпты!

Бөлісу:

Көп оқылғандар