Жасанды интеллект жайлы қазақ тілінде жазылған алғашқы кітап

Бөлісу:

Жасанды интеллект жайлы қазақ тілінде жазылған алғашқы кітап
10.04.2025 812

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында журналист Мейіржан Әуелханұлының «Жасанды интеллект әліппесі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. 

«Бас редакторлар клубының» бастамасымен өткізіліп отырған шараның модераторы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибигүл Нұрғалиқызы Жексенбай Парламент қабырғасында жасанды интеллект туралы заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылып, өз жұмысын бастағанын хабарлай келе, өз сөзінде шараның маңыздылығын былай баяндады: «Бүгін біз ерекше шараға жиналып отырмыз. Заманауи технологияларды тануға жол көрсететін, Қазақстанда тұңғыш рет шығып отырған жасанды интеллектімен жұмыс жасау нұсқаулығы «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының тұсаукесер рәсіміне келдік. Жасанды интеллект Қазақстанда ғана емес, тұтас әлем бойынша өзекті бір тақырып болып отыр. Өйткені ХХІ ғасыр – технологиялық серпілістер ғасыры. Осы үдерістің алдыңғы қатарында жасанды интеллект тұр. Жасанды интеллект бұл – технологияны ғана емес, қоғамды өзгертуге қабілетті үлкен күш. Бұл үдерістің маңызын президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та тереңінен түсініп, осы саланың дамуына басымдық беріп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы жасанды интеллектінің еліміздің болашағы мен дамуы үшін атқаратын рөлін бірнеше рет атап өтті. Сонымен қатар президентіміз жасанды интеллектінің қолдану этикасы мен қауіпсіздігіне де көңіл бөліп, адам құқықтары нормаларын бұзбауы керек екенін ескертті. Жасанды интеллект қоғамның барлық саласына еніп жатыр». Бибигүл Нұрғалиқызы Қазақстанда «Alem.AI» атты Халықаралық жасанды интеллект орталығын құру туралы ұсыныс жасалғанын, бұл орталықтың шетелдік жасанды интеллект орталықтарымен байланыс орнату арқылы ұлттық негіздегі технологиялық базаның дамуындағы маңызының зор болатынын атап өтті. 

Кітап авторы Мейіржан Әуелханұлы жаңа еңбекті таныстыра келе, кітаптың алғашқы жүз бетінің жасанды интеллект саласындағы негізгі терминдер мен ұғымдарға берілген анықтамалықтан тұратынын, қалған екі жүз беті, яғни үштен екі бөлігі жасанды интеллектіні қолдану нұсқаулығынан, яғни промттардан тұратынын жеткізді. Түркі елдерімен серіктестік жасап, бірге жұмыстар жүргізіліп жатқандарын айтып өткен Мейіржан Әуелханұлы жақында Түркі мемлекеттерінің жасанды интеллект саласындағы сөздігін жасауды да қолға алып жүргенін хабарлады. 

«Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Айна Задабекқызы кітап авторы мен көпшілік қауымды құттықтай келе, өз сөзінде «Qazcontent» АҚ мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыратын медиа компаниясында жасанды интеллектіні дамыту кеңесі құрылып, жұмысты жеңілдету мен дамыту барысындағы ЖИ рөлі жан-жақты қарастырылып жатқандығын жеткізді. 

Бас редакторлар клубының құрметті мүшесі, «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрмет тұсауы кесіліп отырған бұл кітаптың қазақ ұлты үшін үлкен олжа екенін, қазақ тіліндегі жасанды интеллектінің қолданыс аясын кеңейту барысында қолданушыларға көп көмегін тигізетінін атап өтті. 

«Әдебиет порталы» интернет-жобасының бас редакторы Ықылас Ожайұлы жалпы кітап тұсаукесерінің қоғамдағы рөліне тоқтала келе, тұсауы кесілетін кітап кемінде бір ай бұрын оқырманның қолына тиіп, танысқаннан кейін барып тұсауы кесілсе, жиында кітап жайлы көбірек ақпарат, талқы жүргізілетінін тілге тиек етті. 

«Жаһандану (яки кез-келген жаңа дүние) қазаққа құбыжық секілді елестейді» деген Таласбек Әсемқұловтың сөзін еске түсірген Ықылас Ожайұлы жаңалықтан қорықпау керегін, жасанды интеллектінің ешқашан адамнан биік бола алмайтынын, әрі оған соншалықты бір үреймен қараудың да қажеті жоқ екенін айта отырып, әдебиет саласында Павел Пепперштейн атты қаламгердің алғашқы болып жасанды интеллектіні қолдану арқылы роман жазып шыққанын, «осындай шығармалар көбейсе, шығарма авторға тиесілі бола ма, әлде жасанды интеллектіге ме?» деген сұрақтардың көңіл қобалжытатынын жеткізді.

Шараға қонақ болып келген Өзбекстан Журналистика және коммуникация институтының оқытушылары ЖИ саласының Өзбекстандағы студенттер арасындағы қолданысы мәселесі өзекті екенін, оларға қолданыс шартары мен жолдарын үйрету барысында мұндай оқулықтың маңызды болатынын айта келе, тұсауы кесіліп жатқан кітапты өзбек тіліне аударып, жариялауға әзір екендерін жеткізді. 

Бұдан бөлек іс-шараға көптеген қаламгерлер мен журналистер, кітапханашылар қатысып, кітаптың маңызы мен қоғамда алатын рөліне қатысты өз ойларын ортаға салды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар