Ғабиден Мұстафин майдан жылдарында
Бөлісу:

Жеңістің 80 жылдығына орай майдангер жазушылармен қатар, соғыс жылдарында тылда жұмыс істеп, жауды жеңуге қаламымен және ұйымдастырушылық іс-қызметтерімен үлес қосқан қаламгерлердің еңбегін де еске алған дұрыс болмақ.
1941 жылы 22 маусымда Гитлершіл Германия Кеңес Одағы шекарасын бұзып, басып кірген күннен бастап-ақ жаппай мобилизация басталды. Қазақстаннан аттанған 1,3 миллиондай жауынгердің қатарында ондаған қаламгерлер де бар еді. Олар қолына қару мен қаламын қатар ұстай жүріп, жаумен аянбай соғысты. Қазақтың көптеген майдангер ақын-жазушылары, журналистері мен музыка мамандары майдандағы саяси іс-қимылдарға белсене араласты: қазақ тіліндегі майдан газеттерін шығарды, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Қазақ ұл-қыздары арасынан тұңғыш Кеңес Одағының батыры да жазушылар ортасынан шықты. Бұл атаққа ғалым, жазушы, аудармашы Мәлік Ғабдуллин 1942 жылы 30 қаңтарда ие болды. Аты аңызға айналған батыр Төлеген Тоқтаровқа да дәл осы күні батыр атағы берілген еді.
Майдан шебіне сапар
Алапат соғыс басталғанда отандық ақын-жазушылардың бір бөлігі Қазақстан аумағында жұмысын жалғастырды. Олар басылым редакцияларында қызмет істеп, өздерінің қалам қарымын тыл еңбеккерлері мен майдандағы жауынгерлерді жеңіске жігерлендіруге жұмсады. Қарт жырау Жамбылдан бастап, әрбір облыс, аудандардағы халық ақындарына дейін бұл үрдістен шет қалған жоқ.
Қазақ әдебиетінің осы кезеңдегі кесек тұлғаларына айналған Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әлжаппар Әбішев т.б. жазушылар осы кезеңде майдан тақырыбындағы көлемді романдар, драмалық туындылар жазды. Осы шоғырдың қатарында танымал прозаик жазушы Ғабиден Мұстафин де бар еді. Соғыс қауырт жүріліп жатқан кезде, Алатау етегіндегі Алматы қаласындағы руханият, ғылым-білім, мәдениеттің арнасы да буырқана тасқындап жатты. Соғыс өрті шарпыған Мәскеу, Ленинград т.б. қалалардың іргелі ұжымдарымен қатар, қазіргі тілмен айтқанда кино, өнер жұлдыздары, әйгілі ғалымдар мен жазушылар келіп еңбек етті. Мұның өзі жергілікті мамандардың кәсіби, шығармашылық деңгейі артуына септігін тигізгені сөзсіз. Бұл – жазушы Ғабиден Мұстафиннің шығармашылық жолына да қатысты.
Жасы асқан немесе броньмен қалдырылған руханият өкілдері арасында сұранып жүріп өз еркімен майданға аттанғандар да аз болмаған. Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин қатарлы ақын-жазушылар, өнерпаздар мұндағы қызметпен қатар, соғыс жылдарында майдан шебіне сапарлап, тыл еңбеккерлерінің сағынышты сәлемін, жолдаған сәлемдемесін жеткізуге атсалысты. Майданның алғы шебіндегі жауынгерлермен кездесу өткізіп, оларға кино, концерт тамашалатып, әңгіме-сұхбаттар құрған. Өздерінің болашақта жазатын әдеби туындысының кейіпкерін таңдап, оның жүріп өткен жолына қанық болып, даңқты командирлермен жүздесіп, әңгімелесіп, жазу жоспарын құрған.
Қазақ әдебиетінің роман жанрын дамытуға елеулі үлес қосып «Өмір мен өлім» (1940), «Шығанақ» (1944), «Миллионер» (1948), «Қарағанды» (1952) қатарлы көлемді туындылар жазған Ғабиден Мұстафиннің өнімді майдан сапары туралы төменде тоқталатын боламыз.
Соғыс жылдарында Қазақстан мен Орта Азияда бірнеше ірі әскери құрамалар жасақталып, майданға араласты. Ол құрамалардың басым бөлігі сол жасақталған өңірлердің, соның ішінде қазақстандық жауынгерлер болды. Осы құрамалармен Қазақстан арасында шефтік көмекті жолға қойылып, майданға азық-түлік, киім-кешек т.б. жинап жеткізумен қатар, жоғарыда атап өтілгеніндей, өзара мәдени, әдеби тығыз байланыстар да жүзеге асырылған.
Алматыда 1941 жылы құрылған 316 атқыштар дивизиясының құрамы негізінен Қазақстанның сол кездегі Алматы, Талдықорған, Шымкент облыстары мен Қырғызстан тұрғындары болды. Тұңғыш командирі генерал И.В.Панфилов болған осы құрама кейіннен 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы болып аталды. Гвардиялық дивизияны 1941 жылдың 1 қазанынан бастап генерал-майор Спиридон Чернюгов басқарған.
Алғаш Мәскеу қаласын қорғаушы бөлімдер қатарында Волоколамск маңындағы қиян-кескі шайқастарға қатысқан дивизия кейіннен Ловать өзені бойын, Холм, Великие Луки, Невель, Режица, Рига қалаларын азат ету және Курляндия тобын талқандау ұрыстарына қатысты. Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев қатарлы аттары аңыз болған көптеген азаматтар осы құраманың қатарында шайқасты.
Соғыс жылдарында даңқы күллі майданға мәшһүр болған 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына 1942 жылдың желтоқсан айында жазушы Ғабиден Мұстафин бастаған Қазақ мемлекеттік филармониясы артистері бригадасы барады.

Алматыдан жеткен бригада жиырма бес күн бойы майдан шебінде болып, командирлер мен жауынгерлер алдында қалтқысыз қызмет көрсетеді. Абай.кз сайтында жарияланған (16.11.2022) «Ғабиден Мұстафин жайлы тың деректер табылды» (авторы К.Даут) атты архив құжаттарына негізделген мақалада дивизия командирі С.Чернюговтың ризашылық хаты берілген. Осы жазбаны қазақ тіліне аударып ұсынып отырмыз: «Қазақ мемлекеттік филармониясы артистер бригадасының жетекшісі, жазушы, жолдас Ғабиден Мұстафинге!
Қазақ Мемлекеттік филармониясы артистер бригадасының Қызыл жұлдызды Ленин орденді 8 гвардиялық атқыштар дивизиясында болған мерзімдегі жұмысына байланысты
РИЗАШЫЛЫҚ СӘЛЕМ
Өзіңіз басқарып келген Қазақ Мемлекеттік филармониясының артистер бригадасы 1942 жылдың 17 желтоқсаны мен 1943 жылдың 11 ақпаны аралығында осында болған уақытында дивизия жауынгерлері мен командирлеріне арнап 55 концерт берді.
Қазақстан артистерінің келуі дивизия жеке құрамы үшін аса қуанышты жағдай болды. Дивизия жауынгерлері мен командирлеріне мәдени іс-шаралар көрсетумен қатар, бригада майдангерлер отбасының өмірі мен іс-қызметі және олардың тылдағы жанқиярлық еңбектері туралы әсерлі әңгімелеп берумен болды.
Қыс мерзіміндегі суық ауа райы жағдайында өнер көрсететін аса қолайсыздықтарға қарамастан, бригада гвардияшыларға мәдени қызмет көрсету жолында өздерінің концерттік бағдарламаларын орындауда асқан жігерлілік пен, өз ісіне шын берілгендіктерін танытты.
Бригада артистері дивизия жеке құрамы шынайы серпіліп тастады. Артистердің ән салып, мәнерлеп оқып, би билеп, күй тартқан әрбір өнер көрсетуі жауынгерлерді гитлершіл бандалармен шайқаста жаңа ерліктер жасауға жігерлендірді және қазақстандық жерлес артистер арқылы біздің даңқты тылымызбен байланысымыз бұрынғыдан да арта түскендей болды.
Қызметтестерім атынан жолдас Мұстафин Сізге және артистерге, Өмірзақовқа, Елебековке, Атаманакқа, Ғайникамалға, Тұрымбетовке, Астаховқа, Львовичке, Басовқа, Ткаченкоға АЛҒЫС ЖАРИЯЛАЙМЫН және Қазақстандық артистер алда да біздің дивизиямызға келеді және неміс басқыншыларына қарсы күреске бізбен бірге қатысады дегенге сенім білдіремін.
Панфиловшылар атынан Қазақстан КП (б) ОК Хатшысы, жолдас Скворцовқа майдангерлерге деген әрдайым қамқорлығы үшін гвардиялық рақметімізді жеткізуіңізді сұраймын!
Гвардиялық дивизия командирі, генерал-майор Чернюгов.
Гвардиялық дивизия командирінің саяси бөлім орынбасары, полк комиссары Шершин.
Гвардиялық дивизия саяси бөлімі жетекшісі, подполковник Логвиненко.»

Академик Мәлік Ғабдуллин өзінің «Жас қазақ» атты деректі әңгімесінде Ғ.Мұстафин басқарған бригадасының майдан шебіне келуі туралы былай деп жазады: «...1943 жылдың январь айында дивизияға Қазақстаннан бір топ артист, мәдениет қайраткерлері келді. Олардың ішінде белгілі жазушымыз Ғабиден Мұстафин, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков бар екен.
Осы жолғы сапардың ең олжалы сәті – жазушы үшін әйгілі «Жас қазақ» әнінің авторы Рамазан Елебаевпен кездесуі болғаны анық.
Көкшетаулық талантты композитор, Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітіре сала, өзі сұранып майданға аттанып, әйгілі 8-гвардиялық дивизия құрамында шайқасып жүрген жауынгер Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әні өзінің қаруласы, майданда қаза тапқан ержүрек батыр Төлеген Тоқтаровқа арналған еді. Мәлік Ғабдуллиннің деректі жазбасында мынадай жолдар бар: «Ғабиден мен Жүсіпбек Рамазанның майданда шығарған ән-марштарын тыңдайды. «Жас қазаққа» жоғары баға береді. Сол жерде олар «Жас қазақты» Рамазанның өз орындауынан жазып алады. Оны майдандағы жігіттердің сәлемдемесі ретінде туған елге алып қайтады. Әннің жаңа тексін Ғабиден жазып береді.»
Қан майдан, сұрапыл шайқаста қапияда қаза тауып, мынау өмірден мезгілсіз озған бір ғана Төлегеннің ғана емес, туған жеріне, еліне аман-есен жете алмай, жат топырақ жамылып бақилық болған барша қазақ ұл-қыздарына арналған жан азасы – реквиемі іспетті, өзекті өртер өкініш сарыны бебеулеген «Жас қазақтың» ұзақ толғаныстан кейін әуелі әуені дүниеге келген екен. «Жас қабір» деп аталған әннің мәтінін алғаш автордың өзі жазып, одан соң айналасындағы өзге адамдарға да жаздырып көрген екен. Бірақ көңілге қонымды бола қоймапты.
Қалам ұстаған әрбір қазақ дерлік өлең жазатыны, әсіресе қарасөз жанрында танылған шығармашылық иелерінің бірталайы әуелде өлең жазып, тіпті алғашқы жыр жинақтарын да шығарған соң біржола проза аулына бет бұрғаны мәлім. Ғабиден Мұстафиннің ән мәтінін жазуын да осы аяда қарастыруға болады.
Әннің жан дүниесін түсіне отырып орындаудың асқан шебері Жүсіпбек Елебеков әбден иін қандыра көкірегіне құйып алған әуенді сонау Еуропадан Азияның төріндегі Алматыға жеткенше вагон ырғағымен тербеле, қаншама рет шырқаса керек. Ақыры қаламгер ағасы, үзеңгі жолдасы Ғабиден Мұстафин қаламынан өлең жолдары туады:
...Қар жамылған кең дала қанға бөгіп,
Гүрілдейді сұм аспан өлім төгіп.
Жас қазақ, мұрттай ұшты уралап...
Осылайша әні мен сөзі үйлесім тауып, мезгілсіз қаза тапқан боздақтарды жоқтау, өмірге деген құштарлық пен ыза-кекті ширығуға толы «Жас қазақ» әні бүкіл қазақ даласына тарады, майдан шебіне де жетті. Өкінішке қарай ән иесі, болашағынан зор үміт күттірген композитор Рамазан Елебаев сол жылы майданда Псков жерінде қаза тапты. Жүсіпбек Елебековтің орындауында алғаш кеңінен тараған бұл өміршең ән сексен үш жыл бойы домбырамен, эстрадалық сүйемелмен айтылып келе жатыр.
Пролетарлық дәуір туындыларын мансұқтаушылық...
Бұл тақырыпқа қарап «Ғабиден Мұстафин туындылары оқылудан қалып, мансұқталуда» деген ой тумауы тиіс. Себебі туған жері, халқы барда қаламгердің әдеби мұралары насихаттала бермек. Бұл – кейінгі онжылдықтар жүзінде әдеби дәуірлерге қатысты айтылып жүрген кейбір ұшқары пікірлерге, сондай-ақ қазіргі әлеуметтік желілерде әредік көрініс тауып жататын ойларға қатысты жалпы ой бөлісушілік.
Майдан шебіне барып, көзбен көріп, өлім мен өмір астасқан ортаны сезінген жазушы Ғабиден Мұстафин қаламынан сол тұстағы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» сияқты тікелей соғысты суреттеген көлемді туынды жазылмаса да, осы кезеңдегі тынымсыз да жанқияр еңбектің үлгісіндей болған «Шығанақ» романы шыққан екен. Тары өсіруден әлемдік рекордқа қол жеткізген даңқты диқан, қазақтың даңғылкөкірек қариясы Шығанақ Берсиев туралы жазылған бұл роман туралы кейінгі кезеңде кемел жазушы Әбіш Кекілбай былай деп баға берген екен: «Шығанағында» сол кездегі таптық тайталастардың қызыл қырғындары мен қызыл қырғиларын дәріптемей, жер тырмалап, ырзығын айырып, былайғылардың да күн көрісіне қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей өз қолғабысын тигізгеннен басқаны мұрат етіп көрмеген, қазақтың «Я, Құдайлап» күн кешкен қарапайым шаруа шалының бейнетқор тіршілігін суреттейді. Романды оқығанда бұл тұжырымға анық көзіңіз жетеді. Әбіш Кекілбайдың ишаралап отырған «таптық тайталастарды, қызыл қырғындар мен қызыл қырғиларды дәріптеу» – пролетариаттық әдебиеттің басты ұстанымы, мұраты болды және сол кезеңде, осы үрдіс ауқымында жазылған әсіре қызыл бояулы роман, хикаяттар мен поэмалардың бүгінгі заман сүзгісінен өтпейтіні де басы ашық әңгіме. Алайда барлығына бірдей үкім шығаруға әсте болмайды екен. Оған дәлел – сұңғыла Әбіштің жоғарыдағы ой-тұжырымы.
Советтік дәуірде өмір сүрген ақын-жазушылардың әдеби мұрасын орынды-орынсыз мансұқтаушылық белең алып тұрғанда мұндай салиқалы тұжырымдар ұрпақтар сабақтастығы тінінің үзілмеуіне, «ешкіні апа, текені жезде дейтін» алмағайып замандағы шығармашылық еңбекті түсінуге мүмкіндік береді, ойландырады.
Иә, әр тарихи дәуірдің өзіне тән талабы мен сұранысы болады десек те, жалпы адами құндылықтар ешқашан өзгермек емес. Әрі бұл шығармалар ұлттық тілдің белгілі бір даму дәуірінде жазылғандықтан, тіліміздің ілкідегі шырайы мен құнарынан да аңыс аңдатып тұрған жоқ па? «Көрмес – түйені де көрмес» дегендей, осыны да көргісі, мойындағысы келмейтіндердің күресінге лақтыруға дайын тұратыны несі екен?
Ғабиден Мұстафин шығармашылығының замананың соққан желіне өң бермес құндылығы да осында емес пе? Бұл жолы тағы да қара сөзің қайығы Әбіш Кекілбайдың толғамына жүгінуге тура келеді: «...Қаптаған құйтырқы құбылыстарға төтеп бере алу қай замандағы суреткерлер үшін де қиынның қиыны болған. Кейінгі жүз жыл ішінде әдебиетіміз осындай ойнақшыма кезеңнің талайын кешіп, талай жерде екі оттың ортасында шыжғырылып, әрі-сәрі дәурен кешіп келеді. Кейбір туындыларымыз қанатсыз тауықтай күнделікті тіршіліктің күлдібадам қиындығының тар көрпесіне қамалып, етекбасты күй кешіп бақты. Кейбір суайт уақыттың айтқанына еріп, ақыр аяғында бәлду-бәлду бәрі өтіріктің кебін киеді. Ғ.Мұстафин мұндай қатерден замана шындығына адамгершілік көзімен үңіліп, адамгершіліктің таразысымен байыптай алған салиқалы сарабдалдығы арқасында аман қалды. Оның шығармалары шырғалаңы мол шытырман заман да ғұмыр кешкен, мейлінше әділ адамның өз көзімен көріп, өз көкірегіне түйген әсерлерін шынайы жеткізе алған дәйектілігімен құнды. Жазушының «Өз көзіммен», «Көз көрген» сияқты жанрлық анықтамаларға жиі жүгінуі соның айғағы. Ол өмірді күрес деп емес, еңбек деп ұқты. Өйткені, күрескеннің бәрі жеңіске жете бермейді. Ал еңбек еткеннің ешқайсысы жеміссіз қалмайды.»
Рас, еңбек арқылы аш-жалаңаштықтың барлық түрін жеңуге болады. Еңбек адамының шынайы бейнесін өз дәуірінің шынайы болмысымен қоса өріп суреттей отырып, қазақ тілінің құнары мен қуатын таныта білген жазушының шығармасы әр кезеңде де оқыла бермек. «Адамды адам еткен – еңбек» дейтін пролетариат көсемінің сөзін кім жоққа шығарар екен? «Сөз құдіретін еркін пайдаланған адам халқына өмірлік рухани азық, өзіне алтыннан ескерткіш қалдырып кетеді», - деп Ғабиден Мұстафиннің өзі айтқанындай, жазушының сөз құдіретін пайдаланып, өзіне сомдап кеткен алтын ескерткіші ғасырлар жүзінде жарқырай бермек. Бұл – әсте сөздің қызыл бояуы емес. Сенбесеңіз, жазушы мұраларын оқып көріңіз. Дәуірлер, ұрпақтар сабақтастығының берік тіні де осы.
(мақалаға ғаламторлық абай.кз порталында жарияланған фотосуреттер пайдаланылды)
Бөлісу: