Мақсат Тәж-Мұрат. Күлгін проза немесе әдебиетіміздегі әйелдер шығармашылығы туралы толғам

Бөлісу:

25.09.2025 300

Эстет, эссеист қаламгер Мақсат Тәж-Мұраттың қазақ әдебиетіндегі әйел жазушылар прозасы туралы көлемді мақаласы көптеген өмірлік сұрақтарды қамтиды. Мақаланың бірінші бөлімін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

Қатындардың көз жасына буаз болса қара жер,

Туар еді-ау аждаһа... 

Ғабит Мүсірепов. «Ақан сері-Ақтоқты» 

Алыс 2008 жылы, «Ана тілі» газетінде жүргенімде, қолыма әлде қалай «Өмір сүру ережесі» дейтін кітап түсті. Авторы – мен бұрын оқымаған Гүлзат Шойбекова. Жаңылмасам, Қызылорданың Жаңақорған ауданының тумасы. Бұл екінші проза жинағы екен, тырнақалдысы содан бес-алты жыл бұрын «Тоты аралының тұрғыны» деген атпен жарық көріпті. 

«Өмір сүру ережесі» (кейін аты «Ажал аузында» болып өзгертілді) – психологиялық әңгімелер топтамасы болып шықты. Солардың ішінде маған ерекше әсер еткені – автор айтылмыш кітапқа ат етіп табындырған әңгіме. Кейбір жазушыларды «бір әңгіменің (повестің, романның) авторы» деп айдарлайтыным бар еді, сірә, бұны әдеби таланттың ала-құлалығы, әлі жетер жеріне жетпегендігі деуден бұрын табиғи дарынның бірнеше шығармасының біреуінде анық өзін табуы яки әлгі туынды бар ер-тұрманымен бүткіл жасау-жабдығымен автордың оң жамбасына толық келуі деу дұрысырақ болатын шығар.

Кейін қарасам, аталған әңгіме жөнінде соңыра бірнеше рецензия жарық көрген екен. Алдымен соларға сөз берейік. «Ажал аузында» («Өмір сүру ережесі») – жазушы шығармашылығындағы шоқтығы биік туындының бірі. Бұл өмірден баз кешіп, тіршіліктен түңілген пенде Қадір түні Жаратқанға жалбарынып, өзіне өлім тілейді. Сол түні ол көзге көрінбейтін, тек құдіретті зор үні ғана естілетін Дауыспен тілдеседі. «Өзіне өлім тілеп отырып та терезеден түскен жарықтан көз алмаған» пенде мен сол тылсым Дауыстың мазмұнды диалогы біздің өмір сүру туралы дағдылы түсініктеріміздің тас-талқанын шығарып, көзқарасымызды түбегейлі өзгертеді. Әңгіме тұмшаланған санасы қайта ашылғандай болған кейіпкердің «Ассалаумалейкум, Жарық Күн! Ассалаумалейкум, Адамдар!» деген сөздерімен аяқталады...» – жазушы Сәкен Сыбанбайдың 2017 жылы Abai.kz сайтында жарық көрген «Құла бестінің құдыреті» мақаласындағы осынау пікір белгілі қаламгер Жанат Ахмадидің 2009 жылы «Ана тілі» газетінде жарияланған «Інжу іздеген тереңге сүңгиді» рецензиялық жадығатымен бір ізді басады:

«... Бір қызығы, «Өмір сүру ережесі» әңгімесіндегі аты-жөні белгісіз, бірінші жақтан әңгімеленетін «мендік» кейіпкерге неге ат қойылмаған деп ойлауға мұршаң келмейді және оның қажеті де жоқ. Қасиетті «Қадір түні» Жаратушыдан жұрт өзге нәрсе тілеп жатқанда кейіпкер өзіне өлім тілейді... Осынау жақсы күнге үміт артқан ойшыл кейіпкер шынайы мінәжат тілегімен дүниеден өтуді армандайды. Кейіпкер бірталай уақыт өз-өзімен ой таласып, жоғарыдағы жарқын мақсатын армандап, басы қатып отырғанда оған тылсымнан жауаптасатын құдіретті бір дауыс пайда болады. Өзге жұрт Қадір түні жақсылық тілейтіні кімге де болса белгілі. Автор соны айтумен бастаған шығармасының екінші сөйлемінде «Ал мен Алладан өмір сүру азабынан құтқаруын сұрап, құлшылық жасамақшымын» дейді де, содан ары қарай осы сарынмен неше түрлі соқталы ой жүйелей отырып, ақырында «Қараңғылық қоюланып, түн жарымынан ауғанмен...» деп барады да «Ажал түгілі тірі тышқан да менің есігімді қақпады» деп кейіпкеріне күдер үздіре бастайды... Сөйтсе оның өлгісі келіп отырғаны – өмірді танып болмаған шикілігінен екенін кейін аңдайсыз. Ғайыптан пайда болған тылсым дауыс иесі тартысты жауаптасу арқылы әлгі өлерменге өмірдің қат-қабат сырын ашады... Ал бұның арғы жағына үңілсеңіз, Гүлзаттың өз жан дүниесіндегі үлкен тартыс қарама-қайшылық арқылы шешіліп, жалпы адам баласына сол арқылы ой салады. Тәсілқой автор екі кейіпкер ортасындағы рухани таразыны тарта-тарта, ақыры әлгі пақырды өлімнен ажыратып, адам ғып шығарады... Оқиғаның желі-арқауы, соқтасы адам жанының тылсымына құрылған... Ол өлілер рухының тірі екенін, сенің бар болмысың тірі жүргеніңде де, өлгенінде де ғарышпен, көкпен байланыста болатынын әлгі тылсым дауыс иесі арқылы күміс шегемен шегелеп бергендей етеді. 

Әңгіме әдебиетіміздің үлгісінде алабөтен орын аларлық, адам рухына, адамзаттың жан әлеміне психологиялық талдау жасалған көркем кесте деп қарауға болады. Оқып отырып неше қилы ойға шөгесің. Бір кейіпкердің қақ жарылып, екі адамға өзгертіліп отыратыны сияқты сен де өзіңді екіге бөлесің». 

Бұл жерде Жанат ағамыздың қаламы өз нысанының шығармашылық ерекшелігін ашуда дөп түскен, соның ішінде ол әңгіменің әпсіндік (мистикалық), тылсымдық (инферналдық) табиғатын қапысыз аңғарған. Бас кейіпкердің ғайып әлемі өкілімен тілдесуі (некромантия) әлемдік көркем әдебиеттегі фантазилік және мистикалық шығармаларда бұрыннан қолданылған тәсіл, мысалы Гамлетке әкесінің елесінің көрінуі, Оскар Уайльдтың «Кентервиль елесі» шығармасы, Гогольдің «Вийі», Достоевскийдің «Бестері», Тургеневтің «Клара Миличі» және әлбетте, Булгаковтың «Воланды». Қазақ әдебиетінде әңгіме жас жанрындағы бұл ghost story әдісін алғаш Жүсіпбек Аймауытов «Елес» әңгімесінде қолданды. Кейінгі буын жазушылардың арасында Жүсіпбек салып кеткен бұл модернизм ізін Нұрғали Ораздың «Ақ сауытты батыр» хикаятынан байқаймыз. Міне, содан кейін Гүлзаттан кездестіріп отырмыз. Гүлзаттың бас кейіпкері (бәлкім автордың өзі) сананы кеулеген суицидалдық әуейілікті – өмір сүрудің мәнін жоғалтудан болатын жан сырқауы акедияны ақыры еңсереді, өзінің бойынан өмір сүруге деген ынтаны таба біледі. Осы орайда, бас кейіпкер монологындағы Жарық Күнмен есендесу – Мұқағалидің белгілі «Табыт үні» өлеңіне, ондағы «Мен сені сүйгем, / Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!» деп келетін жолдарға аллюзия. Әңгімені оқып шыққаннан кейін мұқағалишылап, «Бір күндік сәуле... / Бір күндік жарық мекенім! / Мәңгілік түнек – қапасқа қалай кетемін. / Келмейді-ау тілім... / Өлгеннен сұра дер едім, / Тірі жандарға, / Өмір дегеннің не екенін...» деп күбірлеген келеді-ақ. Көркем әдебиеттің негізгі дағасы (миссиясы) – адам баласын өзіне нығмет етілген тіршілік ету жемісінен жеріндірмеу. 

Ілгеріде Гүлзаттың осы әңгімесі өзіме ала бөтен әсер етті деп едім ғой. Оқып болғасын ол жөнінде білетіндерден сұрастырдым. Айтуларынша, жас екі баласымен жатақхананың бір бөлмесін мекендейді екен. Баяғы баспананың зары. Отыра қалып, Алматының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовке хат жаздым. Осылай да осылай, Имеке, қазақтың бір талантты қызына көмек керек деп. Хат көмекшісі Жүнісбек Сұлтанмұратов марқұм арқылы қолына тиді. Арада бірқыдыру күндер өткенде Гүлзатқа қаланың шеттеу бір жерінде жаңадан салынған мөлтек ауданнан екі бөлмелі пәтер берілді. Рақметін айтып келіп-кетті. Жанат Ахмади жоғарыдағы мақаласын «Қазағымыздың Гүлзаттай ойшыл қыздары проза жанрында молыға түссе, әдебиетіміздің де көсегесі көгеріп, көкжиегі кеңи түскен болар еді» деп аяқтаған екен. Менің де тілегім осыған жуық болды, яғни Гүлзаттан бөгеліп қалмай жаза беруін сұрадым. Ол содан кейін аса бір қолтығы сөгіліп, құлашты кең сілтемегенімен (тоғаға тіл болғандай талантты әйел адамдарға қашанда тіршілік түйткілдері көлденең түсіп отырады ғой), іркіліп барып, сағындырып барып бірнеше әңгіме-повесть берді. Солардың арасынан маған да тағы да алабөтен ұнағаны – бас-аяғы екі-ақ бет «Бұрым» дейтін новелла. Осының өзі Гүлзаттың жетім қозыдай түртіншектеніп, көп ізденіп, аз да болса саз жазатын жазушылық кредосынан таймағанын көзапара көрсетті. 

Осы оқиғадан кейін мүмкіндігімше әйел авторлардың қаламынан шыққан прозалық туындыларды қарап жүретін болдым. Соның бірі – Мәдина Омарова дейтін жас жазушының «Жол үстінде» дейтін әңгімесі. 

Қысқасы, әңгіме кейіпкері түнде айдалада келе жатқанда оған бір адам жана салып жүріп, екеуі ауылға дейін бірге келеді. Сөйтсе, әлгі жігіт содан он жыл бұрын қайтыс боп кеткен кісі болып шығады. Әңгімені Таласбек Әсемқұлов марқұм «Қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы» ретінде жоғары бағалапты. Яғни, готик әдебиет үшін дәстүрлі қосарлану (двойничество) тақырыбы, жарқын үлгісі –  Стивенсонның «Доктор Джекил мен мистер Хайдтың таңқаларлық хикаяты» повесі. 

Мен бұл әңгімені салғаннан ұнатпадым. Шындық өмірге еш жанасымы жоқ, таза ойдан шығарылған нәрсе және балаң сананың жемісі деп қабылдадым. 2018 жылы жарияланған «Бізде бәрі бар, бізде бәрі жоқ» дейтін әдеби сын мақаламда мұндай таза мистикалық шығармалар реал өмірден аулақтығымен қазақ оқырманының талғам-тұщымына ереуіл түсетінін айтып, бізге керек дүниелер ретінде Ғалымбек Елубайдың «Аспанда тіреуіш жоқ» әпсаналық әңгімесін мысалға келтіргенім есімде. 

Мәдина кейін «Ана жүрегі», «Коньяк қосылған кофе» дейтін екі прозалық кітап шығарыпты, олары қолыма түспеді, оқығаным – интернетте жарияланған шағын әңгімелері. Нағыз минимализм – жарты бет, ұзаса екі-үш беттен аспайтын мөлтектер, соларды қиық-қиқымынан жинала келіп, тұтас бір шығармадан нышан тастайды, алайда «Жол үстіндегідей» ойдан құрастырған готик әдебиет енді байқалмады, бәрі де реал өмірден алынғаны аңғарылып тұр, десе де, Таласбек жазғандай, бұрынғыша өмір шындығына матасқан. Таласбек сол кезде айтқан: «Жол үстінде» сөйлемдердің арасы ауыр қиысады, осыған қарап отырып жазушының өзі ойлап шығарған сюжеттің әсерінен, магиясынан арыла алмайтынын сезесің деген ескертпесі әлі де өзінің маңызын жоғалтпағандай. Ұлттық прозамызға Мәдина сияқты басқаша ойлайтын, дүниетүйсігі өзгешерек, соның ішінде әйел жазушыға тән эмоционалдық тіні қалыңырақ, постмодернистік сипаттағы шығармалар керек. Бірақ бұл жерде кейінгі буын жазушылар тым елігіп кетуге жол беретін балаңдықты кемел қаламға еңсертулері қажет дер едік. Қайталап айтамыз, бұл сөз әсіресе табиғаты ер адамдардан айырым нәзік жаратылыс иелері қаламгерлерге көбірек қатысты. 

Осы орайда үшінші оқыған шығармам туралы әсерімді ортаға сала кетейін.

Былтыр ғой деймін, фейсбуктен әлдеқалай «Мақта қыз» дейтін әңгімені көзім шалып қалды. Авторы – мен үшін белгісіз Ақлима Сапарова. Құдайшылығын айтайын, таза автор өмірінен алынғаны білініп тұратын әңгіменің қисындылығы, нанымдылығы (мотивировкасы) әлсіздеу болып көрінді. Оны бір фолловер комментте шымбайға батыра жазған да екен. Бірақ мен сонда да Ақлиманың қолтаңбасының бірдеме-бірдемесінен анық суреткерлік белгілерді байқап, тағы не жазса екен деп гуглдетіп көрдім. Көп емес жазғаны және проза мен драматургияға бірдей қол қатып жүр екен, солардың ішінен көңіліме қонғаны – «Жұптағы жалғыздық» дейтін шағын дүние, дәлірегі новелла. Осы жерде фб-ға «Қысқалық» деген атпен жазған пост-пікірімді келтіре кетейін: «Маркес шығармашылығы Латын Америкасында, Еуропада әспеттелсе әспеттелетін шығар, ал қайсыбір аймақ үшін бұл колумбиялық қаламгер белгілі бір дәрежеде «қолдан жасалған миф». Соның ішінде ресейлік оқырмандар арасында оның басты шығармасын «Жүз жылдық... нудятина» деп бағалайтындар, «Бұған қалайша Нобель сыйлығы беріліп жүр?!» деп таңқалатындар аз емес. 

Бір қызығы, үшбу пікірге қол қоятын кәсіби сыншылар да бар. Айтуларынша, Маркестің ең алғашқы «Көгілдір иттің көздері» дейтін әңгімелер жинағына енген, әлі танылмай тұрғанында жазылған он бір әңгімесінің шоқтығы кейінгі жазғандарынан әлдеқайда биік екен. Бұл әңгімелерде кейін Маркес негізін салатын латын-американдық магиялық реализмнің кейбір ұшқындары ғана бар, қалған жағынан таза еуропалық модернизммен шалапталған.

Соңыра Маркес тағы бірнеше әңгіме жазады. Солардың ең қысқасы және әлемдік әдебиеттегі ең қысқа көркем шығармалардың бірі де бірегейі – ат қойылмай жарияланған үш-ақ сөйлем: «Бес жасар балақан қала жәрмеңкесінде көп адамның арасында анасынан көз жазып қалды. 

Ол полицейге жақындап: Сіз мына жерде маған ұқсас баласыз, жалғыз өзі серуендеп жүрген әйелді көрген жоқсыз ба? – деп сұрады». 

Эрнест Хемингуэй бұл жағынан тіпті рекорд қойған. Оның бәстесіп жазған әңгімесі екі-ақ жол: «Бала бәтеңкесі сатылады. Киілмеген». Не деген тақсырет десеңізші!

Ақлима Исмаил (Сапарованың) «Жұптағы жалғыздығын» оқып отырғанымда жоғарыдағы қос классиктің қысқа да нұсқа жазу тәсілі есіме түсті. 

Метонимиялық принциппен – ыммен, ишаралаумен орындалған үш беттік новелла сюжет, идея жағынан бірдеме-бірдемесімен біздегі бір ер жазушының әңгімесін ойға оралтады. Онда бас кейіпкер бір кезде үлбіреп тұрған, бүгінде салпы етек, балпаяқ үй шаруасы әйеліне көңілі толмай, нариза күймен іштей кіжінумен жүреді де, мұның аяғы төсек қызығынан суынып, басқа бір қызбен көңіл қосуына әкеп соғады. Ақлимада әлгі еркекті әйел кейіпкер ауыстырған – ол «талай алақұйын түндерге тоғыз жыл тоймай жүріп, кейін неге өзінен суына бастағанын» білмей дал. Жоқ, негізінде себебін доғал түйсікпен саналады – не саясатты жарытып түсінбейтін, не кітаптың бетін ашпайтын, қоғамда болып жатқан жаңалық-оқиғаларға да өзіндік көзқарасы, пікірі жоқ мұны мен күйеуінің арасында ортақ дәнеңе жоқ екен. Содан да бір таныс журналист қыз күйеуінің ойынан кілкіп шықпай, түнімен алағызиды. 

Негізінде, Ақлимаға бұрынырақта жарық көрген әлгі тақырыптас, идеялас әңгіме әсер беруі мүмкін. Бірақ көркемдік шешім басқа: жігіттің әңгімесіндегі еркек кейіпкер үнемі борпаяқ әйелін күстаналап, «Қатын!» деп дауыс көтерумен болса, мынада әйел кейіпкер күйеуін жазғырмайды, тек өзінің осы жағдайын ойлап, іштей тағдырына налып, жанын жантақтаумен күн кешеді. 

«Бітпейтін шаруаның шырмауынан босап, есікті ептеп ашып бөлмеге Алуа кірді... Талай жылдан бері үлкен әлеуеттің үдесінен шығу жолында нәзіктігін жоғалтқан күректей қолдары кір сабын сасып жатағына жақындады. Тас қараңғыда сипалап жүріп көрпесін тапты да, серпіп жіберіп, суық төсекке сүңгіп кетті... Бүгін кірпік айқастыра алар емес. Келін болып түскелі осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүргенін, келген керегесін жаман сөзбен кірлетпей, шаңырағына шаң жуытпай жүргенін ойлап жатып өз-өзін аяп кетті. Осылардың барлығын ой елегінен өткізіп жатып ол сол өмірден өзін көрмеді... Бәрінен де өз басын ұмытып, отбасы үшін өзін осыншалықты құрбан еткен Жарасының қанша уақыттан бері қасында қатқан қара тастай болып жатқаны жанына батты. Ішін қарып, кеңірдегіне дейін көтерілген өкініш пен өксікті бөгей алмай бетін жастыққа тығып алып сығылып жылап жатты. Жарас барлығын естісе де былқ етпей жата берді». 

Өзіміз осы жерде әдейі ұзақтау келтіріп отырған Алуаның ішкі монологы «Ақбілектегі», «Шолпанның күнәсіндегі», бертінгі «Ақ шағылдағы» тағдырына назалы, өміріне налалы әйел кейіпкерлердің ішкі монологтарымен үндескендей болады. Бұлардың барлығының да ат байлар, алтын қазығы біреу – ер адамның, құдай қосқан дейтін жар-қосақтарының тарапынан алғандарына (зайыптарына) көңіл бөлудің аздығы, содан туатын реніш, кейстік, тіпті азапты ойлар. Еркектер патшалығы нені діттейді – жас кезінде өзі ұнатып қалған қыздың бетін бері қаратып алғаннан кейін оны басы бүтін билеп-төстеу, ғұмырынша өзіне бағынышты қызмет-зейіл талап ету. Ал әйел бақшалығы басқаша. Ері өзіне көңіл бөлмей қойса, яки үнемі жанында болмаса, ондай күйеуден әйел кетеді. Негізінде, жанында болмау – жанында жүру деген сөз емес. Екеуі күні-түні бірге, бірге тамақ ішеді, түнде жатқанда «жұмалық», таң алдында «ұйқыашар» жасайды, ері баланы балабақшаға, мектепке апарып, алып келеді. Жұмыстан кейінгі жеке меншік уақытын диванды аяғының басын қайқайтып жатып TV алдында өткізеді, бірақ... бірақ ол шын мәнінде әйелінің жанында емес. Әйелімен бірге емес. Одан алыста, өз әдемімен бірге. Сосын да әйел күндердің күнінде әлгіндей еркектен кетіп тынады. Себебі, әрқандай әйел өзінің еркегі (күйеуі) үшін ылғи да оның жанында жүрер бақ-береке мейрам болғанын тілейді... 

Жоғарыдағы «Ақбілек», «Шолпанның күнәсі», тағы басқа әйел туралы шығармаларды ер адамдар жазса, біз сөз етіп отырған «Жұптағы жалғыздықтың» авторы – әйел адам. Бұлардың арасындағы ең елеулі айырмашылық та осында – «Жұптағы...» шын мәнінде бас кейіпкердің (автордың) басынан не әйелдер басынан өткенді қағазға түсірген автофикшн болуы әбден мүмкін. Ал осы жағдай «ой ағыны» тәсілімен беріліп, ол жағдай юнгтық әлдебір дерексіз, пошымсыз нуминоз күйге түскен кезде автофикшн көркем шығармаға айналады.

Кезінде бізді «ерлер әдебиеті», «әйелдер әдебиеті» деген болмайды, бәрі де бір әдебиет деп үйретті. Бірақ, дегенмен, еркектің психологиясы, әйелдің психологиясы болса, «әйелдер прозасы» неге болмасқа?! Оның бар екенін жоғарыда біз мысалға алған тақырыбы ұқсас, бірақ шешімі әрқилы екі әңгіме көрсетіп беріп отыр емес пе?! 

«Әйелдер прозасы» бар, тек еркек сыншы шовинистердің осы саланың бұйдасын басы бүтін қолдарына жиып алуы себепті әйел авторлардың қызметпен, үй шаруасымен, бала тәрбиесімен арпалысып жүріп, солардың ала-шоласында жазып жатқандары назардан тыс қала беретіні бар. 

Осы постыны сол үшін де шамырқанып отырып, әрі қысқа жазудың шеберлік үлгісін көрсете алған Ақлима қарындасымызға қолдау көрсету мақсатында жаздым», – деппіз.

***

Жоғарыда өзім сипаттап өткен инсайдерлік жағдайлардың соңында мен оқта-текте әйелдер әдебиетіне көз салып жүретін болдым. Қазірде көпшілік арасында тасқа сөз басу өнерінен гөрі өнердің көзапара (визуал) түрлерінің, соның ішінде әсіресе кинематографтың бәсі асып тұр ғой. Осы орайда Мег Волитцер дейтін жазушының «Зайып» (орысша аударылуы – «Жена») романы бойынша француз режиссері Бьёрн Рунге түсірген осы аттас фильм өзіне назарымды тіктетті. Бас кейіпкер Джоан – жазуды енді бастаған дарынды қаламгер –  өзі қызмет істейтін баспаға қолжазбасын алып келіп жүрген бір жазушы жігітті ұнатып қалады да, ақыры екеуі бас құрайды. Күйеуі дарынсыздау графоман, бірақ амбициясы аспан тіреп жатыр. Оның қолжазбаларын түзетіп беріп жүрген Джоан бірте-бірте күйеуі болып түгел-толайым жазуға ойсады. Сүйіспендік, махаббат үшін барады бұған, әрине, сонымен қатар оның жазуды қойып кетуіне бір жазушы әйелдің «Әйел адамға жазып керегі жоқ, біз бәрібір еркек жазушылардың деңгейіне жете алмаймыз» деген бір ауыз сөзі қамшы болады. Күндердің күні күйеуі, әйелі жазып берген кітаптарының арқасында атағы шығып, шарықтау шегінде Нобель сыйлығын иеленеді. Бірақ сыйлықты тапсыру салтанаты мен басқа да мәресімдер кезінде Джоан назардан тыс қалады. Бұл көпе-көрнеу әділетсіздік (әсіресе күйеуі тарапынан) оның ашу-ызасын қайнатады, бірақ ол сонда да сабыр сақтап, іренішін ақылға жеңізеді. Соның өзінде де Джон үйіне басқа адам болып оралады. Роман, сәйкесінше фильм – әйел адамның өз талантына, қабілет-қарымына өзінің сенбеуі, өзінен бұрын өзгеге сену дағдысы жайлы хикаят. Сонымен қатар бұл – жаны қалаған ісіңді басынан бастауыңа ешқашан, ештеңе бөгет алмайтындығы туралы бір феминистік тәмсіл. 

Жалпы, әйелдер прозасы деген не?

Анықтамалықтарға айтқызсаң, ол – жанр да емес, белгілі кітаптардың жиынтығы қойылған кітап сөресі де емес, өзінің тарихы, ерекшеліктері бар әдеби феномен. Нақтылап айтқанда, әйелдер прозасы дегеніміз - әйел адамдардың әлемін, әлеуеттік тәжірибесін және ғамал-практикасын әйелдердің көзімен қарап жазған әдеби текстер. Мұндағы автор мен шығарманың бас кейіпкері – әйел; шығармада қалайда «әйел мәселесі» көтеріледі; негізінде ғұмырнамалық жазбалар жатады. Сонымен қатар әйелдер прозасына неғұрлым биік (еркектер прозасымен салыстырғанда) психологизм мен экспрессивтілік; туындаған айрықша әсершілдік беріп тұратын өзін басқаға құрбан ету сезімі мен кешірімшіл кең жүрек; өз заманының саяси және экономикалық мәселелерінен қойын аулақ жаю іспетті ерекшеліктер тән екен. Бұл әдеби құбылыстың шығу тегі, тарихы да бірғауым және тіпті, оқып отырып жаның ашиды.

Себебі, ХIX ғасырға дейін әдеби еңбек толыққа жуық ер адамдардың еншісі болып келіпті. Әйел жазушылардың еркек қаламгерлерімен бәсекеге түсуі салыстырмалы түрде тіптен бертін – сол  ХIX ғасырдың 30-шы жылдары екен. Таза әйелдер жазған шығармалар жинағы одан да бері – ХX ғасырдың 80-ші жылдары ғана пайда болған және осының өзі қолдарына қалам ұстаған нәзік жандар үшін айтағаласын ғаламдық уақиғаға айналған екен. Ал ерекше серпін алған уақыты – әйелдер эмансипациясының күшеюімен шаппа-шап. Осы тұста Жорж Санд «Графиня Рудольштадт», Шарлотта Бронте «Виллет» және Джейн Остин «Эмма» романдарымен әдебиет аспаннан дүрліктірген. Оларда әйелдердің өз тағдырын таңдау құқы алғаш көтеріліп, онымен жанасалай өмірдің мәнін ұғынуға тырысу, өзіңді, жан дүниеңді аңсау, жеке адам мен қоғамның арақатынасы, өзі өмір сүрген орта, жағдаяттар әсерімен адамның өзгеріске ұшырауы, өмір мен өлім мәселесі, оларға тағы да жанасалай отбасы, бала тәрбиесі, сүйіспеншілік, бойжету мәселесі, үй мотиві... тәрізді қат-қабат тақырыптар қоса көтеріледі. Тақырып ауқымы жағынан еркек жазушылардан да кеңірек осынау феномен соңыра Луиза Мэй Олкоттың «Пәс әйелдер», Джейн Остиннің «Тәкапарлық пен ескіліктің сарқыншақтары» («Асқақтық пен адасу»), Энни Бэрроуз бен Мэри Шаффердің «Кітапқұмарлар мен картоп қалдығынан пісірілген бәлішқұмарлар клубы» сықылды шығармаларды өмірге әкелген. Бұлар нәзік жаратылыс иелерінің бұрынғы «дұрыс», «жөндемі» бейнесінің астын үстіне шығарған «бүлікшіл» әйелдер әдебиетінің отының алды, суының тұнығы. Мысалы, Луиза Олкодтың ойын-сауықты жаратпайтын, босмойын әйели қылымсуды білмейтін, шарт-шұрт кетіп тұратын тәуелсіз Джо Марчы. 

Соның өзінде де кейінгі, тіпті осы біздің XXI ғасыр басындағы миллениум әйелдер прозасы қалыпқа қатырылған бұрынғы каноннан шыға алмай біраз қиналған. Кейіпкер қыздар, әлбетте, марчқұлықты ермінез, бірбеткей, сөйтсе де олар өздері күйкі тірліктің жәрмеңкесінен құтқарып, әсем өмірге алып кететін «ақбоз атты серіні» күтіп алаң көңілмен жүреді. Уақиғаны өздері өрістетуден бұрын баяғысынша еркектердің әлеуетті иығына сүйенуге бейіл, мысалы, Стефани Майердың «Ымыртындағы» Белла Свон сияқты. 

Ал бүгінде, біздің заманымызда Белла мен Күлқыз оқырманды әбден түңілтіп болған сыңайлы. 2010-шы жылдардан бермен мықты және тәуелсіз-дербес қыз-келіншектер образы трендте. Бұл тұрпатты әйелдерге әлемді де өзгерту, өздерінің де өзгеруі түк емес. Осы өреде баяғы «ақ боз атты принц» көш соңының шаңдаяғы боп қалған қалғанын неткені!? Бір ғана Китнисс Эвердинді алайықшы (Сюзьен Коллинздің «Ашқарақ ойындарындағы»). Жалын кешкен от қой! Одан кейін Маяковскийдің «Қыз емес-ау бұл бір – құт, / Екі  емшегі екі пұт» образымен жылап көресің. Осы қайтарда бүгінде Маша Трауб ( «Мен ешкімге ештеңе берешек емеспін» ), Екатерина Вильмонт («Ал менің ақымақтығым бесіншінің бесіншісі!»), Татьяна Толстоя («Көзге көрінбейтін тәңір әйел») және Виктория Токарева («Менің өмірімдегі еркектер») сияқты әйел қаламгерлердің «бүлікшіл» шығармалары ойып тұрып орын алады. Реті келді, айта кетейік, айтылмыш феномен бойынша, жалпы әйел тәуелсіздігі мәселесінде Еуропадан бұрын үн көтерген орыс әйелдер прозасы аса қуатты. Қазірде дүниежүзі көлемінде әйелдер прозасына басымдық беретін No kidding Press секілді баспалар жұмыс істейді және Common place баспасы «Q» деген атпен жеке топтама кітаптар шығарады. 

Қорытып айтқанда, бүгінде әлемде өткен ғасырдың аяқ шенінен бастап дербес әдеби құбылыс ретінде мойындалған әйелдері прозасына оң көзқарас орныққан екен. Әдебиеттанушылар, әдебиет сыншылары бұл құбылысқа жататын туындыларды үнемі талдап, талқылап отырады, зерттеулер жүргізіп, пікірталастар өткізеді, әйелдер прозасының өз тілі, эстетикасы, ерекшелікті жазу мүсіні бар ма дейтін мәселелерде өз ойларын ортаға салып отырады. Кейбіреулер ондай ерекшеліктері бар десе, базбіреулері әдебиетті гендер бойынша бөлу – шартты нәрсе, себебі әйелдер прозасы бастан өткеріп отырған үдерістер жалпы әдеби процесте болып жатқан ортақ өзгерістер деген пікір түйеді. Енді біреулер әйелдер прозасы деп тек әйелдер жазған шығармаларды атауды ұсынады. Тағы біреулерге айтқызсаң, бұл ұғымға феминизмді, ерлер билігін (патриархат) әуезе еткен шығармаларды жатқызу жөн. Бірақ, кім қалай айтса солай айтсын, бір нәрсенің басы ашық – әйелдер прозасы өмірдің, өнердің толыққанды бейнеленуі. Оған эксперимент жасау, жаңашылдық, өмірден мұрат (идеал) іздеу, неше түрлі жанрлар мен бағыттардың басын бір жерге қосып топтау (синтез) тәсілі тән. Түптеп келгенде, әйелдер прозасы дегеніміз – әйели төлсананы үстеу, дүниені әйелдің көзімен көру арқылы әдебиеттің көкжиегін кеңейту, деп аяқтапты өз ойын осы жерде біз мәліметтерін пайдаланып отырған «Женская проза и женские образы в литературе» мақаласының авторы. 

Осыған өз жанымыздан мынаны қосар едік: ер жазушылары әйелдің. анатомиялық атласында не бар, соның бәрін бере алады, тіпті әйелдердің өзінен де шебер бере алуы мүмкін. Алайда әйел қаламгердің қолынан оның өзегін жарып шыққан әрқандай туынды – бұл ең алдымен нәзік жаратылыс иелерінің ешқашан өзге адам тұрмақ, өзге өріске де қайталанбас жан азабы, сезім бұрқаныстары, өмірлік тәжірибе-ғамалдары мен хикмет-даналығы. Бұл – ер адамдардан бөлек азап, бөлек бұрқаныс, өңге ғамал, өзге хикмет. Әлемдік әдебиетте, әйел жазушылар қолдарына қалам алмай тұрған уақытта әйел жайында ең керемет шығармалар берген талантты еркек қаламгерлер көп, тіпті аткөпір, соның ішінде біздің Мағжан, Жүсіпбектер, кейіндегі Өтебай Қанахин, Әзілхан Нұршайықов, Бексұлтан Нұржекеевтер де бар, әйелдер жайындағы ең мықты поэзиялық туындылар да Расул Ғамзатов, Қайсын Кулиевтердің алаулы жүректерінен құйылып түскен, бірақ, сонда-дағы, әйелдік жан дүниені оны қара қабырғасының астында өзімен бірге ала кететін әйелден артық ешкім жеткізіп жаза алмайтыны шығар Күндей шындық.

Қарап отырсақ, біздің қазақ әдебиетіндегі әйел жазушылар жөнінде де жазылған бірқатар жадығат бар екен, соның біреуін сөйлетейін. 

«Қазақ әдебиетінде... жазушы ретінде биік белестерді бағындырған әйелдер саусақпен санарлық. Оның себебі де жоқ емес... Қазақ қыздары көбіне-көп ерлерге жол беріп, өзі бала-шағаның қамынан әрі аспай жатады және онысын үлгі тұтамыз,  – деп жазыпты Бағлан Оразалы осыдан сегіз жыл ілгеріде «Әдебиет порталында» жарияланған «Қазақ әдебиетіндегі жазушы әйелдер» дейтін мақаласында. – Қазақ прозасының алғашқы кезеңінде мүмкіндігінше еңбек етіп, көпшілікке танылған Аққағаз Досжанова, Нәзипа Құлжанова, Данабике Байқадамова, Фатима Ғабитова, Сара Мыңжасарова, Ғазиза Жұбанова, Мариям Мұқанкелінін атауға болады. Осы жазушылардың артынан Шәрбану Құмарова, Бибігүл Иманғазина, Шәрбану Бейсенова, Мағира Қожахметова, Сара Латиева, Зейнеп Ахметова, Сәуле Досжанова, Зайда Елғондинова сияқты таза прозаға ден қойған қаламгерлер шықты. Шәрбану Құмарова әңгіме, повесть жанырында өнімді жазып, көптеген кітаптар шығарды. Оның сонау әдебиетіміздің айтулы кезеңі 60-70 жылдардағы жарық көрген «Қыз сыры», «Терезелер», «Қос шынар», «Сәуірдің ақ таңы», «Қазбауыр бұлттар» сияқты кітаптары жаңалық болды... ХХ ғасырдың 80 жылдары қазақ әдебиетіне әйелдер арасынан атойлап шыққан Шәрбану Бейсенованың әңгімелері жаңа леп әкелді. Оның «Тойға келген келіншек», «Сезімтал жүрек» атты кітаптары өз заманында озық туындылардың қатарында болды. Қаламгер әлі күнге дейін тынбай еңбек етіп, 2008 жылы «Сүзгенің соңғы күндері» деген прозалық кітап шығарды. Мағира Қожахметованың танымал бірнеше кітабы бар. Оның «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай» деген кітаптары кезінде жоғары бағаланды. Сәуле Досжанованың әңгімелері бүгінгі таңда баспасөз беттерінде үнемі жарияланып жүр. Қазақ әйелдері арасындағы прозаны биік белеске шығарған жазушы – Роза Мұқанова десек, артық айтқандық емес. Сонымен қатар, Айгүл Кемелбаеваның қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегі бар. 

Бүгінгі таңда Мадина Омар, Лира Қоныс, Аягүл Мантай, Бану Дәулетбаева, Сағадат Ордашева, Сәулеш Шәтенова, Маржан Ершу сияқты қаламгерлер өзіндік ізденіске барып, проза саласында жан-жақты еңбек етіп жүр... 

Қаламның киесі мен күйбең тірліктің жүйесін қатар алып жүрген қаламгерлерге қайран қаласың. Олардың шығармашылығын сүйсінбей оқу мүмкін емес. Өйткені, олар «халтура» жасамайды. Жүректен шыққан шынайы лебіздерін ғана ақ қағазға ақтарады. Нәзік жанды арулардың бос сөз жазуға уақыттары жоқ».

Бұл жерде естелік, эссе сипатты дүниелерді атап өтіп, таза прозалық шығармаларды теріп беріп отырмыз. Ал олардың, яғни ыңғай проза жазатын кәсіби әйел жазушылардың тізімін Сара Мыңжасарова бастап тұр екен. Оның «Қыр қыздары», «Әйел бақыты» романдарының жазылған мерзіміне қарағанда, ұлттық әдебиетіміздегі ол ғана емес, бүкіл Орта Азиядағы қыз-келіншектер прозасының басталуы 1970-1980 жылдар мұғдарына келеді («Қыр қыздары» романы 1970 жылы жарық көрген). Әлем әдебиетінен көп кеш, дегенмен оның ең бір көтерілу, серпілу дәуірімен шаппа-шап «Қар қыздары» одан да ілгеріде 1960 жылы жазылып, ер жазушылар тарапынан қолдау таппай, тек Ахмет Жұбановтың жылы сөзінің арқасында жарыққа шыққанын Мағира Қожахметова апамыз «Қазақтың тұңғыш романист қызы» мақаласында жазады. 

Және бір мақала «Әдебиеттегі әйел шығармашылығы немесе қаламгер қыздарды құттықтау» деген ат тағынып, Oinet.kz сайтында, әлбетте, қыздар мерекесі күні жарияланған екен. Бұл, дәлірегі, қаламгер қыз-келіншектер шығармашылығы жайынан ер әріптестері жазған мөлтек портреттер. Атап айтқанда, жазушы Досхан Жылқыбай «Суретші дипломы бар суретші» мөлтегінде Жәудір Нартай жөнінде, жазушы Есбол Нұрахмет «Стереотипті талқандап жүр» суреттемесінде Бақытгүл Сармекова туралы, ақын Батырхан Сәрсенхан «Ол – Аягүлдің өзі екен...» мини-эссесінде Аягүл Мантай хақында, ақын Мехриддин Өтеген «Ақжанды Ақжан етіп тұрған ол – «Сезім» деген мақаласында Ақжан Аманжол жайлы сыр шертіпті. Осындағы Ақжанның басқа үш автор – прозаик. Әйелдер прозасының кейінгі жас буыны және оларды өз тұрғыластарының, соның ішінде қарсы жыныс өкілдерінің қалай қабылдайтынын білу қызықты. Досханның жазуынан ұққаным, Жәудір «аядай ауылдан тұтас шығармашылық жасайды» – ол кез келген адамның басынан жазуға тұрарлық тағдыр таба алатын сияқты». Осы орайда автор өз нысанының шығармашылығын «жазғандары тек тағдырдан тұратын модернизмге дейінгі жазушыға», яғни реалистерге ұқсатқысы бар. Яғни, концепцияға, детальдармен ойнауға құмартпайды. Тура өмірдің өзіндей тағдыр жасауға тырысады. Ал модернизмге тағдыр емес, концепция, авторлық идея басым. Кейіпкер тағдырын ашу емес, сол арқылы идеяны жеткізуге мән беру. Осылай шығармада адам өміріндегі құбылыстар басталады. «Тағдырды жоғалттық. Тіпті авторлар адам мен Тәңір арасындағы құпияның өзін өзгертуге тырысады, өзіне ыңғайламақшы болады. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеті осындай концептуалды шығармаларға толық бет бұрып, «ойлану, ой қалдыру» мәнінде жүрді. Шығарма жұмбаққа айналды. Ал Жәудірде жұмбақ жоқ. Болған күннің өзінде ол автордың емес, адам жанының жұмбағы. Оның жазуында жалған сентиментализм мен аяушылық жоқ, Жәудір тағдырды өз оқырманымен бірге кешеді. «Той көйлек», «Костяның алғашқы махаббаты», «Ақын болған жазушы», «Ұлжан»... Бұл шығармалардың ешбірін әдеби теориялық талдауларға қия алмайсың. Өйткені, тағдырға теория жүрмейді ғой...»

Ал Есбол Нұрахметтің түсінігінде Бақытгүл Сармекова «ер мен әйелдің ойлануындағы, логикасындағы айырмашылық туралы стереотипті талқандап жүрген жазушы. Бұл бір жағынан оның ішкі дүниесіндегі әйелдік комплекстен ада екенін де аңғартады. Тек әйел кейіпкерлердің ғана жан дүниесін суреттеумен шектеліп, әлемге тек әйелдің көзімен ғана отырып алмайды. Өзін әйел қауымының әдебиеттегі өкілі санамайды. Бұл оның өмірдегі қарым-қатынастары мен іс-әрекетінен де көрінеді. Бақытгүл «әйел жазушы» деген атқа саналы да, санасыз деңгейде де қамалмайтын шынайы жазушы... Санадағы бұндай қоршауға түсетін де, одан азат болатын да адамның өзі...» 

«Томпақ» әңгімесіндегі ортадан оғаш қалып, дербес қиялымен ғұмыр кешер томпақ қыз бейнесінен өзімізді көруші едік. Сөйтсек, ол Аягүлдің өзі екен...» – Батырхан Cәрсенхан бұл жалғыз сөйлеміне біз білетін Аягүлдің өмір тақсіретін де, шығармашылық бояуын да сыйдырып жіберген деу жөн. Үш прозаик қыз. Үш қолтаңба. Бір-біріне ұқсамайтын, біреуі дәстүрлі реализмге тартса, екіншісі әйелдік эмансипация жетегіндегі, үшінші шыңылтыр сентализммен көкке қалықтаған үш түрлі өмір сүру әдебі, үш түрлі сезінулер біздің соңымыздан жас құрақтай бой тартып өсіп келе жатқан жауқазын жазушы қыздарымыз Әлем әдебиеті дейтін ұлы мұхитқа желқайық боп түскеннің соңында ондағы сандаған идея, бағыт, стиль, үдерістерден тән алып, басын тауға да, тасқа да соғып, яғни бұлтаққа түсіп көп іздену үстінде екенін ағатсыз түйсінесің. Біз келтірген үш есім – ұлттық әйелдер прозасы дейтін жауһардың ұшып түскен үш жаңқасы ғана. Бұрын ерлер аспабы саналатын труба, валторна, ұрмалы аспаптарда бүгінде қыздардың еркін ойнай беретіні қалыпты жағдайға айналғаны сияқты, бізде соңғы он-он бес жылдың көлемінде проза жазатын қыз-келіншектердің қатары күрт молайды және оларды санаған кезде екі қолдағы он саусақ түгілі екі аяқтағы он башпайды қоссаң да жетпей қалады, тпа-тпа. Олар – ілгері буындағы Сәуле Досжан, Ділдәр Мамырбаева, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Роза Мұқанова, Заря Жұманова, Гүлзат Шойбековалардың соңынан еріп келе жатқан Айнаш Қасым, Жадыра Шамұратова, Лира Қоныс, Әдина Жүсіп, Самал Зікірияқызы, Ақлима Исмаил, Сағадат Ордашева, Бақтыгүл Сармекова, Зәуре Төрехан, Мира Сембайқызы, Мәдина Омарова, Гүлден Жылкелдиева бар. 

Жалпы алғанда, осынау шоғырдың жазушылық қолтаңбасы, бағыт-стильдері, тіл мүсіндері өздерінің барынша саналуандығымен – бір-біріне ұқсамауымен, бірін-бірі қайталамауымен әдемі таңдандырады. Ілгеріде Мәдина Омарованың және өзгелердің де шығармашылығынан байқағанымыздай, әйел қаламгерлеріміз әлемдік әдебиеттің ауанына қарай қым-қиғаш көп беттен қашып, максимализм үдерісінде неғұрлым қысқа жазуға, бүгіннің асығыс оқырманына аз сөзбен көп мағына беруге тырысады, суреткерлікке талпынады. Әдеби бағыт, стиль де әралуан: реализм, модернизм, сюрреализм, мистицизм, техникалық сингуляризм, феминизм... Бір сөзбен айтқанда, соңғы он-он бес жылда аяқ астынан шұғыл дамып бара жатқан ұлттық әйелдер прозасын қадағалап оқып болсақ, оның жиынтығынан әлемде күрт күйреп жатқан ескі өмірдің жарқыншақ сынықтарының, сол сынықтардың топырағында кенет өсіп-өніп жатқан жаңаның бәрі-бәрін табуға болады десек, шындықтан адаса қояр ма екенбіз!? Өкініштісі, осынау тосын, жойқын өзгеріс, оны саралау, ізерлеу қашанғыдай біздің әдеби сынымыздан, әдеби қауымның, жалпы көпшіліктің талқысынан тыс қалып отыр. Биыл, яғни 2025 жылы aqmeshit-zhastary.kz сайтында жарияланған А. Маратқызының «Қазіргі қазақ әдебиеті: әйелдер прозасындағы мистика» дейтін мақаласын қоспағанда. Онда үш әйел қаламгердің – Сәуле Досжанның тылсым үй иесі, оның елесі жайлы «Үлкен үйдегі үрей» хоррор-романы, Лира Қоныстың жалғыз түп ағаштың түбінде жерленіп, сол жерді рухы (елесі) кезіп жүретін кемтар қыз жайлы «Келіншектал» және рухы алма бақта ән салумен болатын тағдырлы сұлу қыз туралы «Алма ағашының құдайы», су перісі қызға ғашық болатын жас жігіттің хикаясы «Су перісінің зираты», кітапхана үйіндегі елес қыз хақындағы «Махаббат туралы роман», егіс алқабында жүріп есі ауысып кеткен қыз туралы «Сәкө, су және Андерсеннің ертегісі» әңгімелері, Аягүл Мантайдың қабірде өскен гүлді жұлып алып, өзі де өлім құшатын кішкентай қыз жайындағы «Қабір гүлі» әңгімесі, қарғыс кісінің өзі тұрғай зәузатына кететіні жайлы «Қарғыс» атты хикаяты, Жәудір Нартайдың ескі сандыққа қарғыс тиюі себепті тасталған той көйлегін киіп, белгісіз сырқатқа шалдығатын (есі ауысып кететін) қыз жайлы «Той көйлек» әңгімесі сөз болады. Автор аталған жазушылардың ақылмен түсіндіру қиын, өмірде болған тылсым оқиғаларды негізге ала отырып, адам санасының беймәлім қырларын ашып, өмірдің көмес, сананың қараңғы тұстарын зерлеуге құмар саспенстік ізденістерін көрсеткен. Ол солай, десе де осы тұста біз мұндай хичкоктық паранормал және психологиялық хоррор жанрына біздің әдебиетімізде ер жазушылардан гөрі әйел жазушылардың көбірек баруы соңғыларының ішкі конституциясына байланысты болуы әбден мүмкін дер едік. 

Қыздар прозасы жайлы және бір жарияланым соңғы кезде ойлы дүниелерімен көрініп жүрген Ердоған Еркіннің қаламына тиесілі. «Айнаға ұзақ қарайтын Сафинаның нәзік қыздары» аталатын шағын мақалада жас жазушы Сафина Ақтайдың «Burger King-тегі Элвис Пресли» әңгімелер жинағы сөз болыпты. Барлығы он бес әңгіме, «көпшілігі қыз-баланың сыртқы жүріс-тұрысынан ішкі әлеміне дейін суреттелетін жазбалар». Анасын іздеп жүретін Сағира, толықша келген студент Жаңыл, картоп жегенді ұнататын Ұзай қыз, бір аяғы ауыратын Сүйрік, қаңтардың төрті күні киім дүкенінде көйлек алғалы жүрген қыз, мұғалімнен қорлау сөзін естіген оқушы, т. б. Автор осылардың ішінен «Сүйрікке» арнайы аялдаған екен, сол жерін толығырақ келтіре кетейік. 

«Сүйрік» – авторды поэтикалық тіл мен бейсаналы символиканы тоғыстырған, һәм нәзік стильмен өрнектелген нағыз шедевр туындыларының бірі. Әңгімеде үнемі сол жағына қарай қисайып жүретін Сүйріктің дене кемістігі (аяғы) айтылады... Түзу аяғы болу – Сүйрік үшін арман. Үнемі айна алдында анасының биік өкшелі туфлиін киіп, өзін басқа кейіпте көргісі келеді. Дегенмен, бұл іс те соңында жасандылық пен жалғыздықты жасыра алмайды. Әңгіме соңында сарқырамадан аққан суда жүзіп жүрген қан-қан аяқтар ішкі күйзелістің, күйреудің символдық көрінісі ретінде өте сәтті берілген. Енді Сүйрік үшін әлемдегі сұлулық та – «қорқынышты». Оның денесінің кемістігі – тек физикалық ғана емес, бүкіл дүниетанымның сүзгісі сынды... Сафина әңгімелерін оқып отырсаңыз, физикалық немесе психологиялық жарақат кемістік, мүгедектік арқылы кейіпкердің ішкі әлемін, қоғамдық қарым-қатынасын, мәдени кодты көрсету тәсілінің (Кемістік, жаралы тән поэтикасы) «Disability aesthetics» шынымен сәтті мағынасында іске асқандығын аңғарар едіңіз». 

«Сүйрікті» мен де ерінбей оқып шықтым (оқу уақыты – 3 мин.). Соның ішінде Ердоған жазған судағы қан-қан аяқтар сүгіреттелетін жерін ,, <…> Бүгін Сүйрік терезеге таяп келді. Тағы да күз келген, далада сұп-сұр тұман тұнып тұр. Кенет оған қарсы беттегі тал бұталарының арасынан шатынай кесілген қан-жоса болған аяқтар келе жатқандай көрінді. Енді аяқтар Сүйрікке бұрынғыдай адамның ең әдемі мүшесі болып көрінген жоқ. Бар әлем бір жағына қисая бітіп, тоқтаусыз сарқырамаға құлап жатқан тұста, тұман арасын арындап аққан суда қауқарсыз аяқтар жүзіп бара жатты”. 

Әңгіменің финалындағы, ең аяққа бұл сөйлемдердің табиғаты – символ. Бір  көркемдік тексті әр оқырманның өзінше қабылдауы заңдылық, Ердоған бас кейіпкерді өз дене кемістігімен, содан туатын рефлексиямен байланыстырған қанды ақтарды өз басым әлгіндей көрініс арқылы жалған дүниеге тоқтаусыз келіп-кетіп жататын жандарды ишарамен, меңзеп көрсету, яғни аллюзия деп түсіндім. Осы айтқаным рас болса, «Сүйрік» – өмір философиясымен шалапталған сюрреалистік шығарма.

«Сүйрікте» және бір символ-рәміз бар. Ол – айна. ,, <…>  Ол сол жағына ауыр тартып қисайған күйі айнаға қарап тұрып, көзін аяғынан алмай айнала береді. Сосын айнаға таяп келіп, бетіне қарайды. Үнемі бір нүктеге емес, екі нүктеге қарап тұратын үмітсіз көзіне, ұсақ түйіншек болып іркіліп тұратын терісіне, бір жағына қайыра қиған келте шашы мен кекіліне әлсіз көз тастайды...” Бұл «бейсаналы символиканы» осы бағаның авторы Ердоған Еркін де байқапты. Жазуынша, жалпы Сафина әңгімелерінде кейіпкерлер үнемі айнаға қарап жүреді. Өзді-өзі қалғанда, «Мен осы кіммін?» деп айнаға қарау оларға әдет: Сафинаның өз жарақатын танып, мойындап, айнаны катарсистік құрал ретінде пайдаланған нәзік қыздары шынымен аяулы... Тағдырындағы күйзелісті, болмысындағы жарақатты сөзбен жеткізуге шарасыз қалған Сафинаның кейіпкерлері айнаға қарап үнсіз тұрады. Қоғамдағы өз «менін» тексеру үшін айнаға қарап, үнсіз мелшиіп кеп тұрғаны...» 

Айна арқылы өзіндік «менін» тексеру және соған сәйкес өзгеру мотиві – Самал Зікірияқызының «Айна» әңгімесінің де идеялық қолқа-жүрегі. Бас кейіпкер Айна біреуден сатып алған шифоньердің айнасынан бір күні олпы-солпы киініп состиып тұрған сұрықсыз әйелдің бейнесін көреді. Рефлексия әлгі бейнеге шошына қарап тұрғанында өзінің тағдырымен айқасып, күйеусіз, бес баланы аузымен тістеп, арқасымен көтеріп жеткізген бейнетті өмірін саналайды. Араға уақыт аралатып, әлгі айнадан іш лыпасы мұныкі, бірақ денесі, бет-әлібі бөтен сары қыз көрінгенде (шифоньердің бұрынғы иесі, марқұм болған неміс қызы) тағы да рефлексия: бұл жолы әлгі ғайып жас сұлудың шифоньер ішінде «қалған» киім-кешегі, әтір-жұпарының әсер-ықпалымен ендігі жерде қалған өмірін біреу үшін емес, өзі үшін сүру жөнінде тастүйін шешімге келеді. Сол сәттен ол қайыра құлпырып, жасанып, дүниеге басқа көзбен қарай бастады. Жаңа өмір, жаңа витальдылық.

Мистика, әпсін, символизм араласқан мотивациялық бұл шартты ізденіс, әйелдер прозасы, жалпы ұлттық әдебиетіміз үшін қаншалықты өміршең? 

«Ешқашан айнаға қарамайтын адам – ең сұлу, өңді адам» дейтін сөз бар ғой. Бұл әрине, сөздегі, сөйлеудегі фигура, мүсін, әйтпесе қазіргі біздің өмірде айнаға бір сәт те болса көз салмай өтпейтін адам болмайды. Ал әдеби тексте айнаны – бейнелеу өнерінің яки сәулет өнерінің туындысы ретінде суреттейтін, басқаша айтқанда, қолтума зат, артефакт, өнер туындылары сипатталатын әдеби жанр ретіндегі экфрасис жиі қолданылады. «Таңертең айнада бетінде ит тірліктің ізі қалған бір шал тұрады» деп Рахымжан Отарбаев өзін-өзі мүсіркей әжуа еткендей, айнаның күңгірт әйнегінен өзіне шытынай жарылып кеткен кәрлен сіріге (маска) ұқсас біреу (әйел, еркек) қарап тұратын тұстан яки ортасынан, соңынан шығарма өрбіту – қаламгерлер арасында жиі қолданылатын тәсіл және өнімді тәсіл. Осыны органик проза тілімен ұластыра дамытып, тіршілік өмірді өң мен түстің арасында айна секілді бейнелеп көрсететін (зеркальное отражение) талантты жазушылар да аз емес дүниелік әдебиетте. Мысалы, өзінің өміріне көңілі толмайтынын, өмірден, оның қиындықтарынан өлердей қорқатын кейіпкердің күнделікті бір күнін сипаттайтын Маркестің «Айнамен әңгімесі», өмірлік ситуацияға кез болғанда ескі айнадай шытынап түсетін бір әулеттің тағдыры сүгіреттелетін Р.Отарбаевтың «Айна» әңгімесі өмірдің өзін барша бұраң-бұрамасымен айнаға түсіре алумен тәнті етеді. Самал Зікірияқызы да осы принципті – кейіпкердің бүткіл өмірін, тағдырын стандартсыз мәтіндік ой жүйесі арқылы, яғни вуайердің көзімен – әйнекке, айнаға түскен бейнесі арқылы береді. Жалғыз айырмашылық – Маркес пен Рахымжанның жазғандарының көлемі екі, үш бет, шымыр, жинақы пәлсапалық тәмсіл. Болашақта Самал да тұрмыстық реализмге тән көп детальдарға салынбай, бейәдеби элементтерден сақ бола отырып, айтарын үш беттен аспайтын новеллалық метонимиялық пошыммен сығымдап, сөз сөйлемдерді бадырайтпай, жұқанасын ғана көрсетіп, сүйкеп өтуге дағдылануды ойланып көрсе болар еді. 

Әйел қаламгерлердің қай-қайсысы да жар не болашақ жар, ана ғой. Соған орай олардың бірқатары педагогика, бала тәрбиесі тақырыбындағы көркем шығармаларға да қалам тартып жүр. Ділдәр Мамырбаева, Әдина Жүсіп, Зәуре Төрехан, Мира Сембайқызы тәрізді қаракөздеріміз балалар әдебиеті бойынша өнікті еңбек етіп келеді. Әсіресе, Батыс әдебиетін көбірек тән алатын, «қиялы маманданбаған» балалар жазушы Ділдәр Мамырбаева соңғы жылдары жоғары технологияларға арналған «Дарын жасушасы», «Индиго», «Роботтар отбасы», «Айдағы қалашық», «Робот. Вирус. Сезім», «Мұғалім-робот» секілді шығармаларымен көзге түсіп жүр. «Дарын жасушасы» ми талшықтарына әсер ету арқылы адамның қабілетін арттырып, дарынын қуаттауды тақырып етсе, қалғандары робот технологияларына арналған. Оларды оқитындар негізінен мектеп оқушылары, дегенмен, бұл туындылар терең астарында ересектерге де арналған. Базбіреулер «Жұрт, қоғам, рухани проблемаларды шеше алмай жатқанда роботтар дәуірі немізді алған?!» деуі де мүмкін. Бірақ әрқандай жазушы идеяға, тақырыпқа, заман аңғарын алдын ала сезіп баратынын да ескеру жөн. Бұл – ғаламдық проблема, ал ондай мәселе бір есептен саясаткер болып саналатын қаламгерлерді алаңдатуы тиіс. Біз қазірде «Қараңғы ағарту» дәуірінің «Жаңа технологиялық Спарта» кезеңіне ендік. Капитализмнің орнына технократизм, «тұңғиықтағы мемлекеттің» орнына технократия келді. Мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт мемлекеттің «Жер шарындағы бітпес-бітіспес соғыстар» қалыбындағы классикалық глобализмінің орнын технологиялық сингуляризмге қол жеткізіп, тарихты фазалық ауысудың аса маңызды нүктесі арқылы қиып өту үшін қажет технологиялардың акселерациясы басты. Осынау ғаламдық трендті қазақ жазушылары арасында Досхан Жылқыбайлардан да бұрын Ділдәрдің әйел, ана жүрегінің алғашқы болып сезінуі қандай ғанибет?! 

Жалпы, әйелдер прозасы оның иелерінің қаншалықты әсершіл, сезімшіл бола тұра, орынсыз романтика, жойдасыз қиялға салына бермеуімен, ал әдеби бағыт-стильдер бойынша алғанда реал өмірге қиғаш «измдерге» ауыл-үй қатар қона бермеуімен ерекшеленеді. Андеграунды – ұзаса модернизм, сюрреализм, символизм немесе солардың қосындысынан тұратын өзіндік бір контемпорафи. Ал ерлер прозамызды, соның ішінде кейінгі толқын «қара домалақтарды» күпінің жәндігіндей жайлап бара жатқан түсініксіз, дерексіз абстракционизм, постмодернизм мен мегамодернизм қыз келіншектер прозасында жоққа таңдық деуге аузымыз барады. Оның өзінде де әйел автордың өз басындағы жағдайларды жинақтап, көркемдік шешім табатын автофикшнінен тамыр тартып жататын алабөтен, қызық андеграунд. Өз басым мұны, яғни автофикшіндік неореализмді Роза Мұқанова, Заря Жұманова, Жадыра Шамұратова, Сағадат Орашева, Айнаш Қасым шығармаларынан байқағандай болдым. Шығармашылық жолында «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнгі оттар», «Сіз іздеген әлем», «Ақбота», «Күләйша», «Рокфеллер және басқалар», «Ғажайып орман» тәрізді бірнеше прозалық жинақ берген Заря Жұманованың ностальгиялық «Иесіз қалған сандықтар», жаңа түскен жас келін туралы психологиялық «Ақ босаға», бір кезде сезімін селт еткізген сәттер жайындағы «Ол іздеген әлем», күйеуінің орынсыз қызғанышынан әйелдің жүрегі жараланған «Жазылмайтын дерт», әйелдік бақытты табудың ерте-кеші жоқ екенін мотивациялайтын «Уақытша неке», зайыбының көзіне бұтақ салғыш еркек туралы «Тобынан адасқан жалғыз тырна»... – барлығы да әйелдің жеңіл емес тағдыр жолын арқау еткен. Содан да Маржан Ершу Заря шығармаларын жан-жақты талдаған рецензия-мақаласына «Әйелдер әлеміне үңілген көз» дейтін дәл атты тағындырған екен. Заряның кейіпкерлерінің өмірде түп бейнелері бар, саусақтан сорып, ойдан құрастырған сюжет, кейіпкерлері балаларға арналған ертек-мысал әңгімелерінде ғана. Жазушының кредосы – тек өмірдің өзінен алып жазу. Ол оқырман назарын қалайда өзіне аудару үшін түрлі әдіс-тәсілдерге жүгінетін мазмұннан бұрын сырт формаға мән беретін шектен шыққан андеграундты қабылдамайды. Түйіп айтқанда, Заря – шын өмірде қандай болса, жазғандарында да сондай, екіге бөлінбейтін келіншек.

Соңғы әзірде әйелдер прозасында Жадыра Шамұратова дейтін новеллист жазушы өте өнімді еңбек етіп жүр. «Үйінді астында», «Жалғыз көз», «Секундтар арасындағы шексіздік», «Қара қазан», «Оң жақтан санағанда үшінші...», «Иога», «Бейуақта ашылған құпия», «Тұңғышты күту...», «Пойыздағы мазасыз түн», «Сарымсақ қосылған ұлу еті», «Ерекше сыйлық»... – тақырыптарының өзі интрига, кликбейт, бірақ шулы даңқтың мүйнеттері емес. Себебі, біздегі көптеген қыз келіншектер сияқты прозаға журналистикадан келген Жадыра өзінің табанды еңбек етуінің арқасында аз уақытта кәсіби жазушы ретінде қалыптаса алды. Оның да кейіпкерлері, тақырып ауқымы негізінен әйел адамдар, сонымен бірге Жадыра ойға алған идеясына сай ер адамдардың да психологиясын беруге талпынып отыратын санаулы әйел авторлардың бірі. Бұлайша тақырыпты әртараптандырып отыру, соған сәйкес көп жазу, кейде өзін-өзі қайталауға әкеп ұрындыруы мүмкін, дегенмен, санның сапаға ауысатын сапалақтығы тұрғысынан келгенде тонна-тонна сөз кенін қазып шығарып, сұрыптап байытып отырған автор қалайда қара тәжірибе алу арқылы діттеген биігіне шықпай қоймайды. Мен Жадыра қаламынан қорытылып шыққанына көп бола қоймаған «Ерекше сыйлық» әңгімесін осы кейіпкеріміздің дәлелі дер едім. Әйелдің көзіне шөп салмайтын, тоқал алмайтын, үй жинайтын, сырласа білетін, сырласа білетін, қысқасы, ішкі микросхемасы жанды еркектен сау «робот-еркек», «құлтемір-күйеу» жайындағы әйелдік эмансипациялы, тіпті феминистік шығарма. Жоғарыда өзіміз шетін басып өткен технологиялық сингуляризм, тек соның гендерлік нұсқасы. Соның ішінде фэнтези табиғатты – жалғызбасты әйел кейіпкер жан жылуын өзіне құрбылары сыйлаған робот еркектен тапқандай болады. Оған бауыр баса бастайды, бірақ құлтемірі үйренісе келе роботтан адамға – «қазаққа ұқсайтын қой көзді» құмар жігітке айнала бастап, өзіне сезімін білдірген кезде Сая шошынып, райынан қайтады. Осы тұста авторы әйел адамның психологиясын сәтті детальдармен ашып, оның ситуациядағы ішкі қайшылықтарын, жансыз нәрсені (бөтен еркекті) жақсы көріп, бауыр басып қалудан туатын әйелдік қорқыныштарын нанымды суреттейді. Сюжет осы жерде американдық белгілі «Оно» фильмімен бір ізді басқандай болады. Тек ол фильмде ер адам нейротораптық көмекші қызды жақсы көріп қалып, әлгі нейробойжеткен өзінің көзіне басқа жүздеген клиенттермен шөп (томар) салып жүргенін білген кезде жынданып кете жаздаса, Жадыраның Саясы өзінің ізіне түсіп, өкшелеп, жүрегін қолына ұстап келіп тұратын, тіпті көңіл жарастырып жүрген жанды еркекпен арасын бұза жаздаған башибузук құлтемірден аллалап зорға құтылады. Осы екі арада, бас кейіпкер әйел роботпен махаббат құра бастаған шақта, екеуара әңгіме-дүкен үстінде Сая өзінің әйел ретінде ер адамдарға, жалпы неке мәселесіне көзқарасын ортаға салады. Көркем шығармадан нарға құрым артқандай, жараспай тұрар ашық моралите, әрине, дегенмен мұның біз үшін қазір маңызы бар. Айтуынша, қазіргі еркектердің әйелдермен қарым-қатынасы архаик түсініктерге құрылған. Саяның түсінігінде неке – әйелдің еркіндігін тұншықтыратын шеңбер. Некеде күйеуіңе емес, өзіңе адал болу құқығы басты орында тұрмақ керек (астағфируллах!). Бір адам үшін тұтас өзіңді жоғалту – бұл махаббат емес, өзіңе өзің опасыздық жасау т.с.с. Қысқасы, біздің қоғамға Батыстың құндылықтар дүниесі арқылы жеткен әйелдер эмансипациясының иісі шығады. Тіпті мұны көркем шығарма арқылы алға жайылған, еркектер қауымына қарсы шеп құрып алған феминистік манифест деу жөн. Осы жерде біздегі әйелдер прозасында тікелей де, жанасалай да үшбу үрдістен «бояу алған» шығармалар (әйел авторлар жазған) аз емес, тіпті солар соңғы жылдары нәзік жаратылысты прозамыздың денін, өзегін құрап отыр десек, шындықтың ауылынан алыс кетпейміз және осы бір кеден неден болды деген сұрақтың басын ашу – бүгінгі әдеби сынымыздың алдында тұрған ең өзекті, ең зәру міндеттердің бірі. (жалғасы бар)

Мақалаға пайдаланылған фотосуреттер мен коллаждар автордың ұсынуымен жарияланды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар