Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЗЕРТТЕУ
/
Cағымбай Жұмағұл. Қапастағы қаламгерлер......

25.09.2025 246

Cағымбай Жұмағұл. Қапастағы қаламгерлер... 14+

Cағымбай Жұмағұл. Қапастағы қаламгерлер... - adebiportal.kz

 

Қуғын-сүргін жылдарындағы қаламгерлердің тағдыр-талайы туралы

Сөз бостандығы аяусыз жаншылып, ой еркіндігі коммунистік цензура қысымына алынған алмағайып дәуірдегі айрықша тиым салынған әрі қырағы идеологтар назарынан бір сәтте тыс қалмаған тақырыптардың бірі – саяси репрессия болатын. 

1929 жылы 11 шілдеде КСРО Халық комиссарлар кеңесінің «Қылмысты тұтқындардың еңбегін пайдалану туралы» қаулысы қабалданып, соның негізінде үш және одан да көп жылға бас бостандығынан айырылған тұтқындарды бақылауларында ұстау ОГПУ (объединенное государственное политическое управление) (БМСББ) (біріккен мемлекеттік саяси басқарма бөлімі) құзыреттілігіне берілді. КСРО Халық комиссарлары кеңесінің «Еңбекпен түзеу лагерлері туралы ереже» қаулысын орындау мақсатында ОГПУ дың 1930 жылғы 25 сәуірдегі №130/63 бұйрығымен 1930 жылы 7 сәуірде ОГПУ-дың еңбекпен түзеу лагерлерінің басқармасы (УЛаг ОГПУ) ұйымдастырылды. 1930 жылғы 1 қазаннан бастап ОГПУ-дың еңбекпен түзеу лагерлерінің Басқармасы (УЛаг ОГПУ) ОГПУ (БМСББ) Еңбекпен түзеу лагерьлерінің Бас Басқармасы болып қайта құрылды (ГУЛаг). 

1934 жылғы 10 шілдеде КСРО Ішкі істер халық комиссариаты құрылып, оның құрамына ең маңызды деген бес басқарма енгізілді. Солардың бірі (ГУЛаг) яғни Лагерлерді Мемлекеттік басқару немесе Еңбекпен түзеу лагерлері мен жер аударылғандар қоныстарының және қамау орындарының Бас басқармасы болды [1].

ГУЛАГ-тың еңбекпен түзеу лагерлерінің қанды тезінен 15-18 млн. адам өтіп, аштық пен түрлі аурулардан 1,5 млн. тұтқын өлім құшты. «Всего за годы существования ГУЛАГа через лагеря, колонии и тюрьмы прошло более 20 млн человек, из них каждый пятый был осужден к лишению свободы за так называемые «контрреволюционные преступления» [2].

1921 жылдан 1954 жылдың басына дейін ОГПУ, НКВД үштігі, Ерекше кеңес, Әскери коллегия, Әскери трибуналдар және сот шешімдерімен «контрреволюциялық қылмысы үшін» сипаттағы заңсыз айыптаулармен 3 777 380 адам сотталып, 642 980 адам өлім жазасына кесілген [3, с. 89-105]. 

Большевиктер билігі жазалау лагерлеріндегі тұтқындарды жаппай атуды қалыпты жағдай ретінде қабылдады. Қазан төңкерісінің 20 жылдығына орай 1937 жылдың 27 қазан 4 қараша аралығында Соловецк айрықша маңызды лагерінің 1 111 тұтқыны атылды. 

Бүгіндері ГУЛАГ құрбандарының есімдері қалпына келтірілуде. АҚШ халықаралық даму (USAID), Джексон қоры (АҚШ), Сахаров қоры (АҚШ) қолдауымен А.Сахаров атындағы музей және «Бейбітшілік, прогресс, адам құқығы» қоғамдық қоры құрастырған «Воспоминания о ГУЛАГЕ и их авторы» сайтының ақпараттық базасында коммунистік жүйе қуғындалануына алынған азаматтарға қатысты 4 476 библиография, 1 600 мәтіндік дерек қамтылған. Үнемі толықтырылып отыратын сайтта ГУЛАГ қанды шеңгелінен өткен тұтқындар туралы мәліметтер, олардың туған-туысқандары мен үрім-бұтақтары, жора-жолдастарының естеліктері мен сұхбаттары берілген [4]. 

Кешегі литоның қатал цензуралық бақылауындағы әрі социалистік реализм әдісіне күштеп танылған КСРО әдебиетінде озбыр биліктің қылмысын әшкерлеуге кемел шығармаларымен азаматтық ерлікке барған суреткерлер қатары санаулы еді. Бұл санатта атақты 58-баппен «халық жауы» деген саяси айыптаулармен еңбекпен түзеу лагерлерінде ұзақ жылдар бойы яғни 5 жылдан 30 жылға дейінгі аралықта жазасын өтеп, тамұқтан оралған орыс суреткерлері О.Волковтың (1900-1996) «Погружения во тьму», Б.Дьяковтың (1902-1992) «Повесть о пережитом», Н.Заболоцкийдің (1903-1958) «Истории моего заключения», Е.Гинзбургтің (1904-1977) «Крутой маршрут», В.Шаламовтың (1907-1982) «Колымские рассказы», А.Алдан-Семеновтың (1908-1985) «Барельеф на скале», А.Солженицынның (1918-2008) «Один день Ивана Денисовича», «Архипелаг ГУЛАГ», А.Жигулиннің (1930-2000) «Черные камни» туындылары, татар қаламгерлері И.Салаховтың (1911-1998) «Колыма хикәяләре», А.Гилязовтың (1928-2002) «Давайте помолимся», украин жазушылары Б.Антоненко-Давидовичтің (1899-1984), «Сибирские новеллы», Ю.Лавриенконың (1905-1987) «Черные пурги», И.Багряныйдың (1907-1963) «Тигроловы», С.Пидгайныйдың (1907-1965) «Недостреляные» шығармалары, беларус ақын-жазушылары П.Прудниковтың (1911-2000) «Таймыр» поэмасы, «За колючей проволокой» кітабы, С.Граховскийдің (1913-2002) «Зона молчания», «Такие синие снега» повестері, армян жазушылары Г.Мааридің (1903-1969) «Черная личность», «Колючая провлока в цвету», «Армянская бригада» туындылары, В.Арамянның (1909-1995) «Закон Таиги» кітабы, грузин суреткері Ч.Амирэджибидің (1921-2013) «Гора Мборгали» романы, қырым татар жазушысы Бектөре Шевкидің (1888-1961) «Волга къзыл акъаркен» («Когда Волга растекалась кровью») естелік кітабы аталады. 

ГУЛАГ тауқыметін бастарынан кешкен башқұрт қаламгері Юсуф Гарей (1904-1988), беларус ақыны Микола Хведрович (1904-1981), түрікмен жазушысы Хыдыр Дерьяев (1906-1988) шығармашылық ғұмырнамаларының белесті кезеңдері кеңестік қоғам қиянатымен тамырласып жатыр. 

КСРО бойынша сталиндік қуғын-сүргін жылдары атып асылған ақын-жазушылар тағдыр-талайына қатысты тарихи деректер жан түршіктіреді. Өзбекстанда 1936-1940 жылдары 5 758 ақын-жазушы, журналист, қоғам қайраткері түрмеге қамалып, оның 4 800 жойылды. Олардың қатарында Абдулла Қадыри, Абдурауф Фитрат, Абдулхамид Шолпан сынды өзбек әдебиетінің алыптары болды. Тұтастай алғанда Өзбекстанда 1937-1953 жылдары 100 000 адам қуғындалып, 13 000 атылған [5].

Қырғызстанда Қасым Тыныстанов атылып, Аалы Тоқомбаев 1937-1939 жылдардағы тергеу ісімен қамауға алынды. Қарақалпақстанда Сейфулгабит Мажитов (1865-1938) өлтіріліп, Ибрагим Юсуповтың (1929-2008) «буржуазиялық ұлтшылдығына» қатысты қылмыстық іс қозғалып, 1950 жылдары қуғынға түсті.

Украинада И.К.Микитенко, Г.Д.Эпик, В.П.Бобинский, М.Драй-Хмара қуғын-сүргін құрбаны болды. Республикада 1938-1954 жылдары 240 қаламгер атылған.

 КСРО-да еркін ойлы қаламгерлерге қарсы қолданылған идеологиялық жазалаулар барысы құйқа шымырлатады. Белоруссияда қызыл қырғында атылған беларусь ақын-жазушыларының жалпы саны төрт жүзден асып жығылады. С.Павловскийдің «Общество Мертвых Поэтов» мақаласында 1937 жылдың 29 қазанында Минскіде НКВД жендеттері қолынан 14 ақын, 30 қазанда 3 ақын барлығы жиырмаға жуық қаламгердің көз жұмғаны айтылады. Атылғандар тізімінен беларус халқының белгілі суреткерлері Михась Зарецкий, Алесь Дудар, Платон Головач, Анатоль Вольный, Василь Коваль, Валерий Моряков, Юрка Лявонный, Зяма Пивоваров, Василь Сташевский, Бронштейн, Дунец, Кульбак, Харик, Юдельсон, Тодор Кляшторный, Янка Неманский, Юлий Тавбин есімдерін оқимыз [6].

Әзербайжан ақын-жазушыларының зұлмат жылдары тартқан тауқіметтері аз емес. Жазушылар одағына мүше қаламгерлердің жартысынан көбінің дерлік көзі жойылды. Ахмед Джавад, Микаил Мушфиг, Юсифа Везирова, Таги Шахбази, Султан Меджид Ганизаде, Юсифа Везира Чеменземинли, Омар Фаик Неманзаде, Мамед Кязим Алекперли, Сеид Гусейн, Амин Абид сынды 27 апталдай азамат нақақтан нақақ атылып кетті [7]. Грузияда Тициан Табидзе, Николаз Мицишвили, Михайл Джавахишвили сынды қаламгерлер оққа ұшты. Паоло Яшвили өз өзіне қол салды. Галактион Васильевич Табидзе жындыханаға жабылды. Арменияда Забел Есаян, Карен Микаэлян, Норенц Вагаршак, Егише Чаренц, Аксель Бакунц жазықсыз жапа шекті.

Литвада Андрюс Дабулявичюс, Латвияда Линардс Лайценс, Эдуард Шмит-Биройс, Петерис Свирис, Карлис Пелэкайс, Алвилс Цеплис, Вилис Аболтиньш, К.Пелекайс атылды. Жер айдалған Янсон-Берзинь адам төзгісіз қара жұмыстан зорығып өлді. 

Сан алуан ұлт пен ұлыс мекен ететін Ресей Федерациясында қызыл террор жылдары 1 000 астам суреткер ажал құшты. Мыңнан астамы ГУЛАГ-тың қанды қақпанына түсті. Атып асылған 1 000 қаралы қаламгердің 300-ге жуығы орыс ұлтынан болса, 700-ден астамы түрлі ұлт өкілінің маңдай алды қалам қайраткерлері [8]. Татарстанда 121 татар ақын-жазушысы қудаланып, 46 суреткердің сүйегі итжеккенде қалды [9].

Зерттеуші Р.Мустафиннің «Репрессияләнгән татар әдипләре» (Қазан, 2009) кітабында репрессияға ұшыраған 70 татар ақын-жазушысының трагедиялық өмірбаяны қамтылған. 1934 жылы өткен КСРО жазушылары І съезіне сайланған татардың бетке ұстар суреткерлері Кави Наджми, Хасан Туфан, Лябиб Гильми, Гумер Тулумбайский, Фатих Сайфи-Казанлы, Галимджан Нигмати, Карим Тинчуриндар небір қорлық пен зорлықты бастарынан өткерді. Бұлардың бәрінің дерлік көзі жойылды.

Башқұрт ақын-жазушыларынан Салям Галимов, Имай Насри, Даут Юлтый, Афзал Тагиров, Тухват Янаби, Габдулла Амантай, Булат Ишемгул, Губай Давлетшин оққа байланды. Кеңестік ұлтсыздандыру саясатына наразылығын білдірген башқұрт ақыны Рами Гарипов (1932-1977) «Туған тел» өлеңі үшін Жазушылар одағынан шығарылды. 1964 жылы «1937» («Табыну») поэмасын жазып қудаланды. Сталинизмді айыптаған шығарма тек 1987 жылы жарияланды. 

Бастапқы орыс отаршылдығы кейінгі кеңестік озбыр саясат қысымына алынған аз ұлт өкілдері ақын-жазушыларының аясуыз оталуы құйқа шымырлатады. Удмурт әдебиетінің бастауында тұрған Дмитрий Корепанов-Кедра (1892-1949), Михаил Коновалов (1905-1939), черкестің алғашқы қаламгері Магомет Дышеков (1902-1942), нанайдың тұңғыш жазушысы Богдан Ходжера (1902-1938), буряттың бірінші суреткерлері Цыден Дон (1905-1938), Петр Дамбинов (1892-1938), шешеннің көшбасшы сөз зергері Сайд Бадуев (1904-1943), хакас әдебиетінің майталманы Василий Кобяков (1906-1937), якут әдебиетінің негізін қалаушы Платон Ойунский (1893-1939), марий жазушысы Осып Шабдар (1898-1937) осетин суреткері Арнигон Илас (1898-1938) құйынды жылдардың иіріміне жұтылып кетті. 

Халықтар достығын даурықпа үгіт-насихаттарымен дәріптеуден жалықпаған кеңес идеологиясының имансыз саясаты депортация жылдары барынша күшейді. Сталиндік депортация жылдары Қазақстанға күштеп көшірілген балқар шайыры Кязим Мечиевтің (1859-1945) «Тәуекел етейік біз бүгін», «Өсиет», «Жарлы халқым», атажұртынан қудаланған балқар ақыны Қайсын Кулиевтің (1917-1985) «Өсиет» (Завещание) поэмасы, Сібірге күштеп жер аударылған қалмақ ақыны Давид Кугультиновтың (Көглтин Дава) (1922-2006) «От правды я не отрекался», жат елде құсаға батқан қарашай ақыны Азамат Суюнчаевтың (1923-2012) «Песни изгнания» циклды өлеңдері, «Годы судьбы» поэмасы, «Сожженные книги» туындысы, тарихи отанынан қиянатпен аластатылған ингуш қаламгерлері Ахмет Ведзижевтің (1916-1996) «Орден» әңгімесі, Саид Чахкиевтің (1938-2008) «Золотые столбы» романы советтік қанды шеңгелде жаншылған ұлттардың көз жасына суарылған туындылар болатын. 

Қазақ әдебиетінде сталинизм қасіретіне үңілдіріп, «жабық» тақырыптағы ГУЛАГ яғни түрме әфссанасына түрен салған алғашқы туындылар шоғырында РФ қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11 бабымен 10 жылдан 25 жылға дейін бас еркіндіктерінен айырылып, еңбекпен түзеу лагерлеріне қамалған Жайық Бектұров (1912-1998), Шахан Мусин (1913-1999), Хамза Абдуллин (1919-2001), Ғайпен Бейісов (1921-2009), Махмет Темірұлы (1923-2014), Бүркіт Ысқақов (1924-1991), Әйткеш Толғанбаев (1924-1995), Рамазан Нәрешев (1927-2001), Кәмел Жүніс тегі (1939-2023) есімдерін құрметпен еске аламыз.

Қазақ қасіретін тұтастықта тануда шетелдегі қандас қалам қайраткерлерінің ұлтымыздың тұрлаулы тағдыр-талайы арқау болған шығармаларын назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Ақыт қажы Үлімжіұлы өлтірілді. Таңжарық Жолдыұлы абақты азабынан дүниеден өтті. Дөңтай Қожамбетұлының ғұмыры түрмеде үзілді. Асқар Татанайұлы, Қажығұмыр Шабданұлы, Задақан Мыңбай, Жақсылық Сәмитұлы, Омарғазы Айтанұлы, Оразанбай Егеубайұлы, Ғаппар Бәлілұлы сынды ұлт перзенттері Такламакан шөліндегі Тарым лагерінің тауқыметін жиырма жыл бойы тартты, тар қапастың қорлығын көрді. 

Дубек Шалғынбаев, Мағаз Разданұлы, Сейітхан Әбілқасымұлы, Тұрсынәлі Ырыскелдіұлы, Күнген Мұқажанұлы, Рахметолла Әшпеұлы, Құрманәлі Оспанұлы, Қаусылқан Қозыбаев, Омарғазы Айтанұлы, Серік Қапшықбайұлы, Қалмұқан Ахметов, Тәліпбай Қабайлардың бұлғақ жылдары тартқан тауқыметтері аз емес. 

Таңжарық Жолдыұлының (1903-1947) «Түрме хәлі» поэмасы, Дубек Шалғынбаевтың (1906-1996) «Құн және айып» деректі повесі, Қажығұмыр Шабданұлының (1925-2011) «Қылмыс», Сейітхан Әбілқасымұлының (1926-1999) «Қуғын», Омарғазы Айтанұлының (1931-1997) «Тырналар» дастаны, Оразанбай Егеубаевтің (1935-2007) «Көк бөрі немесе тағдыр тәлкегі», «Тарымда өткен бір тәулік», Серік Қапшықбайұлының (1935-2018) «Абақты дастаны» поэмасы, Ғаппар Біләлұлының (1938-2013) «Ғасырлық ызғар» (бұрынғы басылымда «Ғасырлық қуғын»), Ғалым Қанапияұлының (1938-2000) «Ғасырлық қуғын», Задақан Мыңбай (1939-2017) өлеңдері аяусыз қуғындалған асыл азаматтарымыздың тұрлаулы тағдырларын суреттеуімен гуманизмді қастерлеген әлемдік әдебиеттің үздік үлгілері болып қала бермек. 

Таңжарық Жолдыұлы «Отырар орындыққа шеге қақты, Әдісін жанды қинау енді тапты. Басыма көк темірден құрсау салып, Шыңғыртып шыбын жанды шырқыратты. Танауға қызыл бұрыш езіп құйып, қақалтып көзден жасты бұрқыратты. Торанды соқыр тұман төңіректі, Осындай қорлықпенен өмір өтті. Көбеге ине, үрпіге ши жүгіртіп, Боздатты, зар жылатты, еңіретті» деген зарымен шемен шерін ағытты.

 Тарымға айдалған үш мыңнан астам боздақтан әулетіне аман оралған 700-дің бірі ақын Задақан Мыңбай «Ей, отыншы, қыршын талды қимашы, Жұп торғайды үркітпеші қумашы. Жасты қисаң қуарып жер құшады, Жұпты қусаң екі айрылып ұшады. Мен де солай қыршынымнан қиылғам, Мен де солай айырылғанмын жұбымнан…» деп жырлады.

Сейітхан Әбілқасымұлының «Қуғын» романында адамзат тарихындағы қанды қылмысты: «1938-1939 жылдары Шың Сысай басқарған үкіметтің кезінде, астана – Үрімжіде 600 мың адам тұратын еді. Осы қалада 30 түрме болды. Сол кезде 120 мың адам түрмеге қамалды. Соның 80 мыңы өлтірілді. Бұл тұрғын халықтың әр бес адамының бірі қамауға алынып, түрмеге кірген әр екі адамның бірі ажал құшты деген сөз» [10, 4 б.] деп жеткізудегі реалистік қуаты алабөтен. Қиямет-қайымның небір түрлерін басынан өткерген Оразанбай Егеубаевтың «Көкбөрі немесе тағдыр тәлкегі» роман-эссесіндегі мына жолдарды оқудың өзі жүрек шаншиды.

«...Артынан жон терісі жауыр болды. Қан шықты. Камерада құжынап жүретін құрт-шыбын үймеледі. Құрттады. Қышуы дуылдағанына құрт жыбыры, құрт кеміруі қосылды. Оның да амалын тапты. Құртты қабырғаға, босаға қырына үйкеп түсірді. Дауал мен дене аралығына жаншып, мыжып өлтірді.

Түрме өміріндегі ең үлкен бақытсыздық – қараңғылық пен жалғыздық. Қараңғы түкпірде ұзақ болған соң жарық сәулені, күн көзін зарыға сағынасың. Тағатың таусылады. Жан алатын жендет болса да, жаныңда тіл қатысар біреудің болғаны – тойда отырғандай. Арқаңды үңгіп жеп бара жатқан мына құртты ол болса, теріп тастамас па еді?! Ошанның шашы жылқы құйрығындай шұбалаңдап өсіп кеткен. Түрме табалдырығын аттағалы су да, ұстара да тимеген. Көз жанары қабындаған тұта-бүрген арасындағы қос тұмадай жылтырайды. Сақалы – кеудені, мұрты – иекті, шашы – иықты жапқан. Жабайы адам кейпіне келген» [11, 146 б.].

Серік Қапшықбайұлы өмір мен өлім текетіресіндегі жанкештілікті боямасыз жеткізді. Сол бір зобалаң жылдарды: «…Енді бұларды да қамау керек деп 1959 жылдың қысында қамауға алындық. Айдауға апарардың алдында Шауешекте «Қарақақпа» дейтін түрме бар, қылмыстыларды алғаш апарып қамайтын жер. Сол жерге барғанда сағын сындыру керек деп қылмысты саналған адамдарды азаптап соққыға жығады. Сол соққының азабын көп көрдім. Тіпті бес-алты күн ес жия алмай жатқан күндерім де болды. Одан бізді Қаражар деген жерге айдап жіберді. Ол жақта бізді шолақ белсенділердің қолына тапсырып берді. Олар енді шаш ал десе, бас алатын өңкей қызыл белсенділер. Күн-түн демей қара жұмысқа аямай жекті. Ол жақта тәртіп бұзбай жақсы жұмыс жасағаным үшін 1962 жылы өз ауданыма жіберді. Одан басында қалпағы бар, соны жасырған деп тамыз айында Шағантоғайдан сақшының адамдары келіп, ауданда үлкен жиналыс ашып, басыма «Оңшыл ұлтшыл элемент» деп қайтадан қалпақ кигізді. Қалпақ кигізу қытай үкіметінің қаралау, қинау, арыңа тиіп бет-беделіңізді айрандай төгу үшін жасалатын жазаның бір түрі. Содан 1980 жылға дейін халық бақылауында болдым. Сол кездерде бел жазбай күні бойы орақ ору, тоған қазу, кейде тіпті түнде егін суаруға апаратын. 24 сағат бойы жұмыс істеген кезіміз (де болды. Адам жұмыстан өлмейді екен, ең бастысы тәніңе таяқ тимесе болды. Ай сайын берілетін нөміріңе қарай норма аласың, өзгелерге күніне он нөмір қойса, маған басшылықтың көңіліне ұнасам ғана айына, не жылына бір жүз нөмір қояды. Кейде ол да жоқ. Ол кезде еттің өзін нормамен аудан береді. Ал біз сияқты «Қалпақтыларға» ет бергізбейді. Менің отбасым он жыл ет жемеді, адам баласымен тіпті тусқаныңмен де араластырмады…» [12] деп еске алды.

Отыз жетінші жылдары қыспаққа алынған Жайық Бектұров 1942 жылдың мамырында НКВД айрықша кеңесінің шешімімен тұтқындалды. РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58-бабымен сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Архипелаг ГУЛАГ» шығармасына «Благодарю тебя, тюрма, что ты была в моей жизни» деген көтеріңкі пафоста нүкте қоя отырып, туған халқының тұрлаулы тағдырымен табыстырып, ұлт қасіретін туындыларының кемел тақырыбына түбегейлі дәнекерлегеніне шат көңілімен бас иіп, шетел асқан Солженицынның шығармаларын жариялауға әрі әлем елдері құрметіне бөленуіне жол ашылды. 1970 жылы Нобель сыйлығын алса, «Архипелаг ГУЛАГ» кітабының бірінші томы 1973 жылы Парижде басылды. Аталмыш туынды 2009 жылдың 9 қыркүйегінен Ресей мектептеріндегі жоғары сыныптардағы әдебиет пәні бағдарламасына арнайы енгізіліп, міндетті түрде оқытылып келеді. Ал қилы кезең шындығын жазуға азаматтық батылдықпен барып, демократиялық құндылықтарды тәрк еткен кеңестік жүйе илеуіндегі қоғам өмірінің қайшылығын адамның адамгершілік-психологиялық болмысымен байланыста 1950 жылдары «Төгілген ар» романына өзек еткен қазақ қаламгері Жайық Бектұров романының жариялануына, саяси тұрғыдан ақталуына жарты ғасыр дерлік уақыт керек еді. 

Кеңестік цензура, «литодағы» қырағылар қысымы «социалистік реализммен» үйлеспейтін туындының жолын кесті. Аталмыш романның алғашқы «Таңба» атты бөлімінің ықшамдалған нұсқасы араға ұзақ жылдар салып 1989 жылы «Жұлдыз» журналының №7 санында жарияланды. 1997 жылы «Төгілген ардың» «Таңба» атты бірінші бөлімі жеке кітап болып басылды. Кемел туынды 2011 жылы қайраткер Нұрмахан Оразбеков қолдауымен толық нұсқада басылды. 

«Таңба» романы «Штрафной лагпункт», ыстық, суық карцер, титығына жетіп, көтерем болған тұтқындарды масыл етпей есептен шығару үшін колхоздың арық-тұрақ малдарындай «актировка» жасау, тұтқындағы әйелдердің ауыр ахуалы, қашқындарды итке талату және тағы сондай жантүршігерлік қиянат-қысастықтардағы» (Ж.Бектұров) тоталитарлық жүйе қылмысын әшкерлеп берген деректі көркем туынды. Екі бөлімнен тұратын «Таңба» кітабының «Жол үстінде», «Шолақ шинель», «Түнгі дүрлігу», «Дошел», «Бытыраған бригада», «Ілгішек те тікенек», «Өкініш пе, өтініш пе?», «Түнгі тыныс», «Әбекеңнің әңгімесі», «Ресмуста», «Қызыл тақта», «Дөңгелек домалату», «Уа, картошка» атты тарауларында суреттелген тамұқ өмір тауқыметі сталиндік жүйенің беймәлім қылмысын әшкерлейді. 

Шығармада түрме тауқыметі психологиялық иірімде өріліп отырады. «Осыншама зұлымдықты кім ойлап таба берген!» деген басты кейіпкер толғанысы сталинизм азабын өткерген жаны сірі адамның азапты тағдыр-талайын сүйек сырқырата отырып жеткізуімен шерге батырады. Қара жұмысқа жегілген тұтқындар үш күнге 500 грам нанды талғажау етумен өлместің күнін кешіпті. Түрменің қатал заңымен күн-түн демей жүйелі түрде тергеуге алудағы жүгенсіздік, жыртқыштықпен ұрып-соғу мен қинау арқылы адами кейіптен айырған жендеттер хайуандығына жиіркенесің. «Қанға бөкпесе апанда жата алмайтын қасқырдай адам қорлауға, соттатыруға, аттыруға әбден құнығып алған» әккі қанішер Бектеміровтердің тірлігіне лағынет айтасың. Тергеу тезінен, карцер азабының қан қасабынан өткен Жайық Кегенұлы 1955 жылы «жылымық» ықпалымен азаттыққа шықты. «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі №2200 Заңына сәйкес толық ақталды. 

Қазақ халқын қынадай қырған коммунистік құрылысқа наразылығын білдіріп, «Наркомға хат» өлеңін жазған Шахан Мусин сан жылдар абақты азабын тартты. 1937-1946 жылдары Колымада, 1948-1954 жылдары Сібірде айдауда болып, Сталин өлімінен соң азаттыққа шықты. 

«Наркомға хат», «Көсеміме», «Терезе», «Ғасырыма», «Колыма қысы», «Колыма», «ГУЛАГ», «Қуаныш», «Бір жендетіме», «Өксумен, өкінішпен өткен өмір», «Түсімде елге қайтыппын», «Тағдырымның талқысынан безем бе...», «Жылытып деміменен сыз зынданын» өлеңдерінің реалистік қуаты терең. Сталин қылмысын «Қан түкіріп қалың жұрт, Қараңғы сыз бұрышта. Қанға жерік қанды мұрт, Арқа сүйеп қылышқа. Адалдықты айғыздап, Ұлы күнде ұлыста. Күн тұтылып, ай мұздап, Отан толды «қылмысқа» (Қан түкіріп қалың жұрт) деп суреттесе, «Көсеміме», «Ғасырыма» өлеңдерінде адамзатты жеке басқа табынудан сақтандырды. «Жылдар бойы табынып, Пір тұтып ем тұлғаңды. Сөйткен тұлғаң малынып, ел қанына былғанды» (Көсеміме). «Өліктен, оттан, түтіннен Өршелене, жасара Күрескен, жеңген Ғасырсың! Сонда да сенен өтінем: Адамнан «құдай» жасама, Адамға құдай бас ұрсын!» (Ғасырыма).

Варлам Шаламовтың «Колымские рассказы», И.Салаховтың «Колыма хикәяләре» шығармаларының қатарынан ойып тұрып орын алатын «Колыма, дүлей, Колыма» (1937-1946 жылдар), «Колыма қысы» т.б. өлеңдерінде жазықсыз жапа шеккендер тағдыры көрініс тапты. «ГУЛАГ» өлеңінде «Ажал тулап, оқ зулап, Өлім күткен үңгір ең. Иттер шулап, берді лап, Күңірен, ГУЛАГ, күңірен» деп жырлады. 

Қазақстанда кеңес өкіметінің ұлтсыздандыру саясатына қарсылық толастаған емес. Соның айқын дәлелі – Қарағандыда құрылған «ЕСЕП» («Елін сүйген ерлер партиясы») ұйымы. 1951 жылы 15-16 маусымында Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі Коллегиясы үкімі бойынша РСФСР Қылмыстық Істер Кодексі 58-бабының 10-11 тармақтары бойынша, «ЕСЕП» партиясын құрушылар, оны қолдаушылар қуғын-сүргінге түсті. Бүркіт Ысқақұлы, Махмет Темірұлы, Айтбай Нәрешов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

М.Темірұлы А.Нәрешевпен бірге Ресейдің Иркутск облысындағы Сиблагқа, Б.Ысқақұлы, Р.Нәрешев, М.Азанбаев, Ж.Қалиев, А.Аманқұловтар Степалагқа айдалды. Ақын Бауыржан Үсенұлы «Қара машина» (1981) өлеңінде «...Әлі алдымда батпағым көп кешпеген, Көкейімде құпиям көп шешпеген. Шындық жайлы айта берсем, бір түнде, Қара машина ап кетердей сескенем...» деп жырлағанындай, елшіл азаматтар «қара құзғын» (черный ворон) машинаға тоғытылды. Махмет Темірұлы «Арман мен азап» атты естелік кітабында: «1951 жылы тамыз айының бірі күні бізді, сотталғандарды «қара құзғын» (черный ворон) деп аталатын қара темірден мықты етіп жасалған машинаға сығылыстыра отырғызып, лагерге жөнелту үшін вокзалға алып келді. Күн қайнаған ыстық. «Қара құзғынның» іші оттай жанып барады. Таңертеңгі сағат сегіздер шамасында әкелген тұтқындарды түстен кейінгі сағат төрт-беске дейін жанды жеген жалынның ішінде ұстайды. Қатты қапырықтан қысылған денеміз шылқылдаған тер болды. Таңдайымыз құрғап, кеуіп қалды. Бір жұтым су сұрап темір құрсаудың ішінен талмаусырап жалынамыз. Ешкім елең қылмайды. Бөшкеге тұздалған балықтай тығыздап қамаған «қара құзғыннан» көп адамдар өз бетімен қозғалып, вагонзакқа (тұтқындар вагонына) көтеріліп міне алмады. Оларды біртіндеп итше сүйретіп жүр. Байғұстарды әдейі істеп жүргендей желкелеп те, тепкілеп те жатты. Бірақ олар өлтірсе де ештеңе сезер емес...» [13, 86 б.] деп жазды. 

Қайсар қаламгер Бүркіт Ысқақов қазақ поэзиясында түрме тауқыметін, лагерь азабын суреттеген «Тас еденнің ызғары» өлеңдер циклын тудырды. 

«Есіңде болсын бірақта, Торғай емес, Бүркітпін. Кетпессің сен де ұзаққа, Төлерсің құнын Бүркіттің» деп қиянатқа қарсы тұрған ақынның «Душар боп бейнет сорыма», «Кіршік жоқ бірақ ойымда…», «Жамбасыма сыз батып», «Артымда бар ел-жұртым», «Шыққанда жаңа жарқ етіп, арман», «Болар бірақ бір реті», «Өкініш», «Кей тұтқынның жүрегі», «Үміт», «Тағы бір жыл», «Нахақ тұтқынның наразылығы (Адал азаматтарга жала жауып, жазықсыз жазғырған Ежов, Берия, Абакумов сияқты халық дұшпандарына)», «Алматыдан алыста», «Атандым қайта азамат (Капитан Кибенкоға)», «Босанып шығып лагерьден» өлеңдерінің реалистік сипаты ерекше. 

«Жамбасыма сыз батып» өлеңіндегі «Жамбасыма сыз батып, Жай болғалы абақты, Талай рет Күн батып, Талай рет таң атты. Күні-түні сарылып, Тергеуші алар жауапты, Тыныс талай тарылып, Жедім талай шапақты... «Қысып алсақ оңаша, Куә болар әйелің, Саған түсер араша, Бар артыңда қай елің?!» Дейді-дағы тергеуші Үстіме келіп төнеді, Қорлайды әлі келгенше, Жеткенше тілі сөгеді» сынды жыр жолдарынан абақты азабын тартқан жазықсыз жанның жан айқайын, тергеуші қиянатын аңғарамыз. Ақын Рамазан Нәрешов «Қамауда туған шумақтар» топтама өлеңдерімен қапастағы қиянатқа толы күндерін бейнеледі. «Бүгінде біз қапастың қармағында, Кетіп ем жете алмай арманыма. Сол күннен жүрегіме дақтар түсіп, Шарпылған, барлық дене жаралы да. Басым жас келмейді өлгім, жаным жеңге, Жар болар бір құдайым біздей ерге. Жамандықтан жабысқан ауру емес, Жазылар жарақаттан бұл бір дене» [14, 153 б.] деп қайсар мінез танытты.

«Қайғылы мешін» өлеңіне ұлт қасіретін өзек етіп, Голощекин билігінің зобалаңына егілді.

«Халықтың малын алды, жанын алды, Өліктер іріп-шіріп жолда қалды. «Халықта аша тұяқ қалмасын», деп Қанішер Голощекин ойран салды. Естігем шырылын да жас баланың, Төсін тырнап жатыр екен өлі ананың. Көмусіз қалып жатты талай боздақ, Жем болып құзғынына қу даланың. Аштықтан қырылды ғой біздің қазақ, Көргені өмір-бақи болды азап. Әлі де асау белдер жатыр алда, Бітпейтін сорымызға бұл не ғажап! Арқада сайран құрған қайран елім, Кездесті бақталайға қырғын өлім. Айтам деп басқа түскен зұлымдықты, Сол үшін кешегі күн таяқ жедім. Бұл қырғын жүрегімді жаралады, Миымды талай ойлар аралады. Осындай өшпес қайғы-қасіреттің, Шындығы қашан оның қаралады?! Үндері өліктердің мазалайды, Мұң-зарын, қайғы-шерін азалайды. Халықтың басын жойған сойқандарды, Қай заман, кімдер оны жазалайды?!» [15, 44-45 б.].

Ақын З.Игілікұлымен бірге «Жас қазақ» атауымен кеңес билігінің ұлтсыздандыру саясатын айыптаған хат, үндеу парақшалар дайындап, Қарағанды жоғары оқу орындары студенттеріне таратқан қаламгер Кәмел Жүністегі қуғындалды. «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) ұйымдастырушысы ретінде қудаланып, Сібірге айдалады. 

«Отанға опасыздық жасау» бабы бойынша сотталған қайраткердің Қызылжардағы (Петропавловск) хан сарайы алдында (сол кездегі түрме) толғап, лагерьде қағазға түсірген, осы күні Абылай ханның ақ үйінің төрінде 1963 жылы оқыған өлеңі елшіл тұлғаның азаматтық ерлігін танытады [16].

Саяси репрессиялар қасіретін тануда 10 жылдан 25 жылға дейін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған ұлт зиялылары, әдебиетші ғалымдардың эпистолярлық мұралары, хаттары және бүгінгі күнге жеткен бірлі жарым естеліктерінің маңызын айтып жеткізу мүмкін емес. Ойранды отызыншы-қырқыншы жылдары түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылып, түрмеге тоғытылған Әлімхан Ермекұлы (1891-1970), Жүсіпбек Арыстанов (1904-1993), Өтебай Тұрманжанов (1905-1978), Сейділдә Талжанов (1906-1972), Хамза Есенжанов (1908-1974), Мұратбек Бөжеев (1910-1980), Қасым Тоғызақов (1910-1984), Зейін Шашкин (1912-1966), 1940-1950 жылдары қудаланған Қажым Жұмалиев (1907-1968), Мұратбек Бөжеев (1910-1980), Ахат Шәкәрімұлы (1910-1984), Есмағанбет Ысмайлов (1911-1966), Бек Сүлейменов (1912-1984), Әбіш Жиреншин (1913-1975), Ермұхан Бекмаханов (1915-1966), Ілияс Есенберлин (1915-1983), Қайым Мұхамедханов (1916-2004), Айтбай Нәрешов (1915), Рамазан Нәрешев (1927-2001), 1960 жылдары Сібірге айдалған Кәмел Жүністегі естелік жазбалары мен аталған тұлғалар туралы жазылған туған-туысқандары мен ізбасар шәкірттерінің естелік мақала, хаттарынан тамұқта өткерген қиямет-қайым шындығын танимыз.

Алаш арысы Әлімхан Ермекұлының Жайық Бектұров жазбалары арқылы жеткен естелігінде «…Қорлық-қысастықта шек болмады. Ешуақытта істемеген, үш ұйықтасам түсіме кірмеген неше түрлі қылмысты жауып бақты. Бірін де мойныма алмадым.

Қалайша өзімді-өзім зиянкес, шпион, шетел агенті, совет өкіметін құлататын астыртын ұйым құрдым демекпін!  Таласып, арпалысып бақтым. Айлап ұйқы бермеді. Тізе бүктірмей, тіке тұрғызып қойды, аяғымның буыны ісіп кетті. Ақырында шалқамнан жатқызып, екі аяғымды керіп қойып, жанды жерімнен тепкіледі. Сүзіскен қошқарлардай жүгіріп келіп тебеді. Бұл тергеушілердің аттарын әлі ұмытқаным жоқ. Катков, Оспанов, Халимуллин. Мұны заңсыздық, қысастық, қиянат деу жеткіліксіз. Бұл нағыз хайуандық. Адамға аң да бұлай қарамас. Есімнен тандым. Есеңгірегенде көзіме неше түрлі елес көрінеді. Орысша айтқанда голлюцинация пайда болды. Есімнен ауып, алжаса бердім…» деп жазылған [17].

Жүсіпбек Арыстанов «...Жауап алу 12 сағатқа созылып, тәулігіне үш-төрт сағаттан артық ұйықтауға рұқсат бермейтін. Ұрып-соғудан, моральдық қорлықтан, ашу-ызадан жүйкем жұқарып, есімнен жаңылған кезім де болды. Үстіме мұздай су құйғандықтан ауырып, тұмауға шалдықтым, басыма, желкеме шиқан қаптап кетті. Менің осындай жай-күйімді пайдаланып, Катков пен Оспанов ақыры айтқанын істетті: Олар өздері ойдан шығарған қылмыс қағазға қол қойылды. Сөйтіп, қолдан жасалған құжат негізінде тоғыз адамға, оның ішінде маған іс қозғалып, бәріміз сотталып кете бардық…». [18].

С.Талжанов Ш.Есеновке 1971 жылы 26 қаңтарда жазған хатында «...Мен өмірімді енді бастап жатқанымда-ақ көресімді көрген жанмын. Бұл жан шошытатын түнек бір кезең еді. Сол бір алмағайып кезеңнен бүгінде сүйкімді көрінер бет-әлпетіміз, жарқыраған шен мен ордендеріміз ластанбай, тіпті қанға былғанбай өткеніміз санаулы... Иә, тап сол кезде біреулердің әділетсіз, аса ауыр, тіпті қылмысқа парапар қимыл-қарекет, соққысы келесі біреулерді жанымен «жауап беруге» мәжбүр етті...

Қазіргі жас ұрпақ әрбір минуты мәңгілікке тең 19 жыл бойы зарығып та қайғырып күту дегеннің не екенін толық сезінбес... Бүкіл осы уақыт ішінде мен әр сәт сайын еркіндік деген қасиетті сөзді дұғадай қайталаумен болдым. Жасырары жоқ, мен жалған «достарымнан» кек аламын деп те минут сайын қайталайтынмын. Бірақ ол кезде оларды білмей діңкем құрыды...

Мені аман алып қалған да – сол бір бейхабарлығым, ал, ең бастысы – шындықтың түбі салтанат құратынына деген сенім болды. Бүгінде мен бақыттымын, көзден бұл-бұл ұшқан семьяммен қауыштым, азатпын, сүйікті жұмысыммен айналысудамын.

Осы ғұмырымда менің көз жеткен бір шындық бар – бақыт деген де, бақытсыздық деген де жоқ, бәрі басқа түскенде. Тек аса бақытсыздықты бастан кешкен жаң ғана бақыттың қадірін біледі, рахатын сезіне алады. Егер адам баласы өмірдің, жарық күннің қаншалықты ғажайып екенін түсініп, бағасына жеткісі келсе – өліммен бетпе-бет келіп көрсін!..» [19, 38-39 бб.]деп жазды.

Ақын Хамза Есенжанов 1938 жылы жазалған өлеңінде «Қап-қара бұлт көктi қаптап келедi, Найзағайы жарқ етеді сөнедi. Рақымы жоқ тағдыр добы жарылса, Жай оғынан бiр ғазиз жан өледi. Жай оғынан бiр ғазиз жан өлгенде, Аяулы жүз суық көрге кiргенде, Бар өмiрiн бiр өзi үшiн шам еткен – Елi не дер сол шырағы сөнгенде» деп саяси зобалаң қасіретін жеткізді. Қазақ зиялыларының басынан кешірген зорлық-зомбылық, қиямет-қайым кеңестік тоталитарлық жүйенің имансыз саясатынан шошындырады. Есмағанбет Ысмайылов сол кездегі КСРО Жоғары Президиумының төрағасы К.Ворошиловқа жаған шағым-хатында басынан кешкен озбырлықты баяндады. 

«1. Мені жеке камераға жапты. Тұтқындалған сәттен бастап сені күні-түні тергеуге алды. 13-18 сағат дем алдырмай, ұйықтатпай, маза бермей тергеді. Тергеудің осы тәсілі жүз қырық тәулікке созылды. 2. Өзім дімкәс және мүгедек болғандықтан осы тергеу кезінде әбден арыдым, жүдедім, кейбір кезде ақыл-есімнен адасып қалып, еденге құлап түскен сәттерім көп болды. Міне, осындай кездерде тергеуші Е.Соловьев күні бұрын дайындап қойған протоколға қол қоюымды талап етіп, есімді одан әрі шығарды. 3. Тергеуші Е.Соловьев тергеу кезінде ұрып-соғудың үстіне аузына келгенін іркілмей айтып, орыс тілінің лексиконындағы боқтық сөздерімен балағаттады, намысыма тиді. Ол ол ма, тергеуші Е.Соловьев күні бұрын даярлап қойған тергеу протоколына тезірек қол қойдыру үшін мені қабырғаға теріс қаратып қойып, құлап түскенімше аяғымнан тұрғызып қойып та жүрді. Әрине, мұндай айыптау нәтижесіз болмайды. Соның салдарынан мен «кінәлімін» деп, тергеу протоколына қол қойдым» [20, 244-245 бб.].

Қаламгер Зейін Шашкиннің қарындасы Мәкизаға айтқаны «Бір есімді жиып, басымды көтерсем, алдымда беті-аузында сау жері жоқ бір адам жатыр», – деп еске алатын ағам,– «Әлгінің түрін көрген кезде шошығаным сонша, есімнен қайтадан айырылып қалыппын. Қанша уақыт өткені белгісіз, оянып, орнымнан тұрып, жан-жағыма үңілсем, бөлмеде менен басқа ешкім жоқ. Сөйтсем, бөлменің бір қабырғасы тұтастай айна екен. «Өзін-өзі көрсін» деп, жендеттердің істеп қойғаны болып шықты. Мазақтың түр-түрі сол жерде еді ғой. Көргенімнің бәрін айтып, жүректеріңді ауыртып неғылайын. Тек тісімді түгелімен қағып алғандағы әңгімені ғана айтып отырғаным ғой» [21] деген жансырының айтар ақиқаты мол. 

«Тергеу әдістері жайында жиркенішсіз еске түсіре алмаймын, – деп жазды Ермұқан өзі Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке. – Тергеудің өн бойында қорқыту мен қоқан-лоққы қатар жүрді. Сол үшін барлық тәсілдерді пайдаланып тырысса да мен жекелеген адал адамдарды қаралай алмадым» [22].

Қайым Мұхаметханов тергеу барысында басынан өткерген қызыл террорға тән қиянатты былайша жеткізді. «...Өтірік анықтамаға қол қоймауға бекіндім...Тергеушілер бір күні мені бір жеке бөлмеге қамап кетті. Ішінде еш нәрсе жоқ. Тек қана ортасында турник құрулы тұр. Бұл не, мені турник ойнасын деп қойған ба деп таңдандым. Байқасам біруақтарда бөлмем қатты жылынып, бірте-бірте ысап барады. Табаным күйіп барады. Саса бастадым. Не қыларымды білмей дағдарып тұрып, жан қысылған соң құрулы тұрған турникке асыла кеттім. Көп тұруға қолым шыдамай барады. Турниктен қолымды жіберейін десем, табаным ыстыққа тиіп күйетінін сезіп тұрмын. Жандалбасамен турникке асылып, қолым қарысып қалыпты. Оны мен есім ауғандықтан сезетін халім жоқ. Бір кездері өздері келіп мені босатып алыпты. Тағы да есім кірген соң «қол қойдың» астына алды. Көнбедім. Екі-үш күн өткен соң тағы да «қол қой» деп қыстады. Қасарыстым. Көнбеген соң кешегі бөлмеме апарып тағы да қамап қойды. Бірақ бөлмеде құрулы тұрған турник жоқ. Үй ысыса не лаж етем деп ойланып тұрғанда, бөлменің суи бастағанын сездім. Бөлме суығы үдеп барады. Тісім тісіме тимей қалтырап барамын. Өлместің қамын жасап, үйді айнала зыр жүгірдім. Тоқтасам қатып қаламын, тек жүгіру ғана жанды сақтап қалмақ. Жүгіре-жүгіре талып түссем керек. Ес-түссіз жатқан мені тағы да өздері сүйреп алып шықты. Шамасы сыртан бақылап тұрса керек. Әрең дегенде есімді жиып, басымды көтерсем тағы да қағазды алдыма тоса қояды. Тістеніп тұрып қасарыстым...Міне, алдын ала ойластырылған не бір азаптың тозағынан өтіп, жиырма бес жылға «халық жауы» деген статьямен сотталып, ҚарЛагқа жөнелтілдім» [23, 100-101 бб.].

Саяси репрессиялар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары да толастаған емес. Соғыс тұтқынында болған азаматтар түрмеге тоғытылып, ұзақ жылдарға бас бостандықтарынан айрылды. 

Жаһан соғысы тұтқынындағы қазақ солдаттарының нақты саны айқындалып болғаны жоқ. «1945 жылдың 3 қазанындағы мәліметтер бойынша ССРО-ға оралған 1 368 849 тұтқынның қатарында 23 143 қазақ болған. Олардың қаншасы іріктеу лагерлеріне түскені немесе елге оралғаны әлі де белгісіз» [24]. Соның ішінде Түркістан Ұлттық комитетіндегі түркі халықтары өкілдерінің санына қатысты деректерде бірізділік жоқ. «Шығыс легиондары» құрамының саны шетел әдебиетінде әр түрлі көрсетіледі. Соғыс жылдары «Түркістан Ұлттық Комитетінің» әскери бөлімін басқарған Баймырза Хаит «Түркістан ХХ ғасырда» деген еңбегінде «Германия жағында 181 402 түркістандық соғысты» десе, неміс тарихшысы Иоахим Гофман «Шығыс легиондары» атты кітабында «неміс формасын киген кеңес түріктері саны 250 мыңдай болды» дейді. 1985 жылы Лондонда жырық көрген «Кеңес ұлттары стратегиялық болашақта» деген жинақта да осы мәлімет шындыққа баланады, бірақ легиондағы қазақтардың жалпы саны көрсетілмейді...» [25, 3 б.].

«...Кеңестік статистиканың өзі әртүрлі мәліметтер береді: КСРО Қорғаныс министрлігі 1988 жылы құрған комиссия тұтқынға түскен жауынгерлер санын 4 559 000 адам деп анықтаған болса, соңғы жылдардағы мәліметтер бойынша, жалпы 5 млн 59 мың жауынгер тұтқынға түскен, оның ішінде, әрине, румындар мен финдердің тұтқынында болғандар да бар. Кеңестік соғыс тұтқындарының жалпы саны туралы нақты анықталған мәлімет болмағандықтан, олардың ұлттық құрамы туралы мәлімет жоқ екеніне таңдануға болмайды» [26].

Міне, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақ қайраткерлігі майдан тұтқынындағы Қарыс Қанатбай (Қанатбаев) (1911-1982), Мәжит Айтбаев (1913/14-1945), Мәулікеш Қайболдин (Мәулекеш Қайбалды) (1913-1969), Хамза Абдуллин (1919-2001), Дәулет Тағыберлі (1919-1987), Әли Асқар, Мәжит Аяпбеков, Хакім Тыныбеков (1914), Ғайпен Бейісұлы (1921-2007), Жәкебай Бапыш (1922-2000), Әйткеш Толғанбаев (1924-1995) шығармашылығымен жаңаша мазмұн алды. Олар жат елдің әскери тұтқында жүріп Қазақстанға деген сағыныштарымен коммунистік саясаттың ұлттық еркіндік пен азаттық идеяларын қыспаққа алуының зардаптарын, ұлт зиялыларын атып-асудағы қылмысын әшкерлеуге күш салды. Түркістан легионында шығып тұрған «Милли Түркістан» (редакторы профессор Иохан Вензинг), «Милли әдебиет» (бас редакторы Мәжит Айтбайұлы) басылымдарында қазақ қаламгерлерінің тоталитарлық жүйені айыптаған өлеңдері басылды.

«Милли әдебиет» («Ұлттық әдебиет») журналы бөлшектенбейтін, бөлінбейтін біртұтас ұлы Түркістанды, яғни қазіргі заманғы жаңа мәдени талаптарға сай келетін ұлттық мемлекет құру мақсатын ұстанды [27]. 

«Айына бір мәрте жарық көрген басылымда негізінен қолға түсіп, еркінен тыс майданда қан кешіп жүрген жауынгерлердің туған жерге сағынышы, ел-жұртқа деген ыстық ықыласы бейнеленді. Өлең-жыр, кестелі сөз болып өрілген шығармалардың қайбірінен де автордың айрықша махаббатын сезінбеу мүмкін емес. Басым көп санды шығармалар бүркеншік есімдермен берілген. Айталық, Қобызшы Қорқыт, Асан қайғы, Сайран, Ғали Алтай, Сыр баласы, Зарлық, Өлмес, Қ. Қазыбек, Қ.Қ., С., Легион әскері, Жақан, т.б. есімдер журнал бетінде жиі кездесетін бүркеншік аттар. Басылымда «халық әдебиетінен», «жырлар», «аудармалар», «күлкі бөлімі» қатарлы айдарлар болды. Осы айдарларымен тұрақты түрде түрлі жанрдағы шығармалар жарияланып тұрды. «Әлі қарттың әңгімесі», «Жолаушы» балладалары; «Балықшы қызы», «Адамның арманы» пьесалары; «Азамат» ертегісі мен «Өткен күндер» романынан үзінділер, «Мырқымбай» сатирасының басылуы журналды мазмұндық тұрғыдан байытты» [28].

Кеңес жүйесінің қысымын өткерген қаламгер Х.Абдуллиннің «Жау қолында қалған жазушылар» естелігі, әскери фототілші Ғайпен Бейісұлының (Бейісов) «Тамұқтан өткен тағдыр» деректі кітабы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақ қайраткерлігін кеңінен тануға мүмкіндік береді. Түркі әлемінің азаттығы мен бірлігі жолында тарихи қызмет атқарған Мұстафа Шоқай мұратын Ғ.Бейісұлы «Сен оны ұмытпауға тиістісің!» (1943) толғамымен жаңғыртты. 

«...Сен бақытсыздыққа ұшырасаң, елден бұрын анаң есіңе түседі. Сен оны ұмытпауға тиістісің! Сенің ата-бабаң Темір, Абылай жау ортасында қол-аяғы шынжыр кісенмен байлаулы қалғанда, ашуы келіп, шынжыр кісенді тісімен үзіп, әлемге атағын шығарып, бар өмірін халқы үшін, ұлты үшін сарп еткен. Сен сол атақты Темір, Абылайлардың ұрпағы екеніңді біл, жадыңнан шығарма, балалық қылма! Сен оны ұмытпауға тиістісің! Атажұртың сені сол Темір, Абылайлардың жолын қуатын қажырлы, қайыспас ержүрек деп біліп, жауыңа қайырымсыз етіп тәрбиеледі. Сен оны ұмытпауға тиістісің! Сен ертең қолыңа қару алып, дұшпанға баратындығыңды біл! Егер, сен жау ортасында жараланып қалсаң да дұшпанға берілмеуге тырыс. Сол кезде атаң Темір, Абылайдың қайратын есіңе түсір, солардың істегеніндей ерліктер істе! Сонда жау саған ештеңе де ете алмайды. Сонда сенің жас қаның ыршып, қайнай түседі. Сол уақытта ер болғаныңды байқамай да қаласың. Сен оны ұмытпауға тиістісің! Сағынып күткен елің, асыр салып өскен жерің зарығып, зарланған ұлын көргенше асық. Сол елді, сол жерді, тек қана білектің күшімен, найзаның ұшымен көре аласың, жауыңнан босата аласың, сонда ғана сағынған мауқыңды баса аласың. Сенің алдыңда қол жетпес асу, таудай талап бар, бойды кернеген ашу қайнаған ызалы кекке ұласқанда ғана сол асуды ала алатындығыңды біл! Сен оны ұмытпауға тиістісің! Есіңде болсын, әркімнің де анасы бар, әркімнің де анасы осылай өсірген. Баласы анасы үшін, туған халқы үшін, кіндік қаны тамған Отаны үшін қызмет етсе, сонда ғана халқың, Отаның, туған анаң саған риза болады. Сенің денсаулығың олар үшін қымбат, сондықтан денсаулығынды күт, оны ақ сүтін берген анаңа, халқына қызмет қылуға арна. Сонда ғана балалық борышыңды ақтаған боласың. Дүниеге келіп байлаулы бұзау болып өтпе. «Халқым», «елім» деген ерлердің біреуі болуға тырыс. Сонда балалық борышыңды ақтайсың! Сен оны ұмытпауға тиістісің!» [29].

1944 жылы Берлинде «Бұлбұлдың үні» кітапшасы үш тілде басылып шыққан Ғ.Бейісұлының «Тамұқтан өткен тағдыр деректі кітабында Мұстафа Шоқай, Вели Каюмхан, Хамза Абдуллин, Мәулікеш Қайболдин, Мәжит Аяпбеков (М.Дара), Баймұрза Хайт, Қарес Қанатбаев, Қази Қазыбеков (Қази), Мәжит Айтбаев (Қобызшы Қорқыт), т.б. сияқты соғыс кезіндегі Берлиндегі Түркістан комитетінің көрнекті өкілдерінің қилы тағдыры әңгімеленеді [30].

Соғыс тұтқынындағы қазақ қалам қайраткерлері кеңес билігінің қыспағындағы ұлт тілінің мүшкіл халін, сталинизм құрбаны болған зиялылар тағдырын батыл көтерді. Хакім Тыныбеков 1944 жылы мамыр айында Австрияның астанасы Венада өткен «Түркістан конгресінде» «Тіл бірлігі – ұлт бірлігі» тақырыбында ғылыми баяндама жасады [31, 212 б.].

Баяндамада «...Совет дәуірінде ұлттық интеллигенция өздерінің жауларына қарсы үнемі күрес жүргізіп келді, қал-қадірінше Түркістан халықтарын біріктіруге, оның біртұтас болуына тырысып бақты. Бұл істе керемет белсенділік көрсеткендердің ішінде біздің интеллигенттер де аз емес еді. Мысалы, совет өкіметі жылдарында бұған мұндай пікірді бірінші айтқан профессор Фират, профессор Ахмет Байтұрсынов, Елбек, Жұбанов және басқа көптеген тарихшылар мен тіл мамандарын жатқызуға болады. Патша үкіметі мен совет өкіметінің қайсысы болса да біздің халық үшін жау екендігін тарих пәнінің оқулықтары мен кітаптарында ашық жазды... Совет өкіметі билік құрған алғашқы жылдары бұл адамдарды және басқа ұлтшылдарды түгел құртып жібере алмады өйткені олар артына өздері тәрбиелеп-өсірген жүздеген, мыңдаған ізбасарларын қалдырған еді... Біз де сондай Түркістан ұлдарының бір тобымыз. Отанымыз үшін, халқымыздың азат болуы үшін біз де жаулармен күресеміз» деп жазылды [32]. 

Әскери тұтқындағы қазақ қайраткерлері сурет, ән-күй, сөз өнерімен ұлтық құндылықтарды насихаттауды қолға алды. Мәселен, Еуропада Абылай ханның суретін Мәжит Айтбайұлы сипаттауымен Манас-Мінəсіп Нұғманов салды [33, 4-5 бб.]. Сырым батырдың көркем бейнесі сахналанып, Мәулікеш Қайболдин (Мәулекеш Қайбалды) «Жұмақтан келген жәрдем» атты роман жазды.

Әскери фототілші Ғайпен Бейісұлы «Тамұқтан өткен тағдыр» деректі әңгіме кітабында 1944 жылдың 10 мамырында Австрия астанасы Венада Түркістан түріктерінің І Құрылтайы өткендігін, келесі күні Вена опера және балет театрында Қази Қазыбековтің «Ұлы адамның арманы» атты қысқа екі актілі пьесаның қойылғанын жазады. «Пьесаның оқиғасы Сырым Датұлының ұлт-азаттық күресі туралы, Сырым ролінде артист Мұхамбетқали Батыргереев, сахнаға қойған журналист Мәжит Жақсылықов, музыкасын жазған Вена консерваториясында оқып жүрген Ғалым Абсаламов және Түркістан легионының көркемөнер үйірмесінің жетекшісі, скрипач, әрі дирижеры Айтекеш Толғанбаев. Бұл кәрі Европа төріндегі театрдағы қазақ халқының ұлт-азаттық күресі тарихы жөнінде қойылған алғашқы туындылардың бірі болды деп есептеуге болады» [34].

Соғыс тұтқындарының кейінгі тағдыр-талайы да күрделі. Ақын Мәжит Айтбайұлы Дрезден қаласының бомблану кезінде көз жұмса, Мәулікеш Қайболдин (Мәулекеш Қайбалды), Қарыс Қанатбай, Дәулет Тағыберлі, Жәкебай Бапыш Германияда қалуға мәжбүр болды. 

«Несмотря на агитационную работу, организованную советскими эмиссарами, многие из туркестанских легионеров, знакомые с идеями Мустафы Чокая о национально-освободительном движении, не поверили пропагандистским речам и предпочли остаться за рубежом. И хотя после ІІ мировой войны туркестанское национально-освободительное движение, созданное Мустафой Чокаем, не нашло своего организованного продолжения, отдельные лица, верные этой идее, продолжали противостояние коммунистической идеологии» [35].

Мәулікеш Қайболдин «Азаттық» радиосы «Түркістан» редакциясының алғашқы директоры қызметін атқарды. Қарыс Қанатбай 1951 жылдың қыркүйегінде Мюнхенде «Түркелі – Түркістан Азаттық Комитетінің органы» деген атпен түрікше, орысша «Түркелі» журналын шығарып тұрды. «Азаттық» радиосы Орта Азия редакцияларының ашылуына тікелей араласты. Кеңес жүйесіне қарсы эмигранттардың Висбаден конференциясына делегат ретінде қатысты. «Ол серіктестерімен бірге 1950 жылдың 20 наурызында Германияның Мюнхень қаласында «Түрікелі – Түркістан Ұлт-Азаттық комитетін» құрған және оған өзі төраға болған. Сол жылдары Мюнхень қаласында Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Түрікмен және Тәжік тілдерінде «Түрік елі» деген бір журнал шығарды. Бұл журналда 1950 жылдардың басында Пәкістанда, Кашмирде тұрған Шығыс Түркістандық босқын қазақтар туралы хабарлар және хаттар да жарияланған» [36]. 

«...Қарыс Қанатбай сол кезде шет елдерде өмір сүретін қазақ, өзбек, қырғыз, түрікпен және тәжіктердің бәрін «Мұстафа Шоқайұлы салған біртұтас Түркістан жолы» принципімен ұйымдастыруға кіріседі. Соның нәтижесінде 1951 жылдың қыркүйек айында Мюнхен қаласында «ТҮРКЕЛІ  - Түркістан азаттық Комитетінің Органы» деген атпен екі тілде: түрікше және орысша ТҮРКЕЛІ журналы шығарыла бастайды» [37]. 

Дәулет Тағыберлі «Азаттық» радиосының «Түркістан» редакциясында қызмет істеп, қазақ бөлімінің жеке редакция болып құрылуына белсене атсалысты. Ол басқарған кездегі «Азаттық» радиосының «Түркістан» редакциясында болған бір айтулы оқиға – қазақ тілінде ғана хабар беретін «Түркістан – 3» аталған редакцияның жеке бөлініп шыққандығы. Жәкебай Бапыш та «Азаттық» радиосында 1955-1986 жылдарда еңбек етті. Есіл ерлерге Мюнхен топырағы бұйырды [38].

Соғыс тұтқынан оралғандардың тағдыры күрделі. Оларға саяси айыптаулар тағылып, сенімсіздік білдірілді. Өлім жазасына кесілді, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылды. Тоталитарлық жүйе тепірішін тартты, қуғындалды. «1945-1946 жылдары Қазақ, Өзбек, Қырғыз және Түрікмен ССР-ы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеттері (МҚК) немістердің барлау органдарының арандатушылығымен құрылды делінген «Түркістан ұлтық комитеті» («ТҰК»), «Түркістан ұлттық советі» («ТҰС») аталған советке қарсы ұйымның және осы мекемелер ұйымдастырған «Түркістан легионының» бір топ мүшелерін тұтқындап, қылмыстық жауапқа тартты». «...Түркістан легионына» қатысты, қылмыс жасады, байтақ елдің тұтастығына, қауіпсіздігіне нұқсан келтірді деп ұсталып, жауапқа тартылған 49 адамның бәрі 58-баптың әртүрлі тармақтарымен жауапқа тартылды» [39, 95 б.].

Хәкім Тыныбеков әуелі ату жазасына, кейін 25 жылға сотталды. Ғайпен Бейісұлы 1946 жылы РСФСР Қылмыс заңының 58-1б бабына сәйкес «халық жауы» ретінде 10 жыл бас бостандығынан айырылып түрмеге қамалды. Қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әйткеш Толғанбаев тұтқындалып, 25 жылға қамалды. 

Хамза Абдуллин 1947 жылғы 18 сәуірдегі Түркістан әскери округі әскери трибуналының РСФСР қылмыстық кодексі 58-І «б», 58-10, 2. бөлім баптары негізінде 10 жыл бас бостандығынан айырылды. Бастапқы бес жылын Иркутск облысындағы Тайшет лагерінде, қалған мерзімін Колымада өткізді. Итжеккенде жүріп «Мен – қазақпын! Қазақ үшін көрдім көбін азаптың. Шыда, бауырым, Алаштың жас ұланы, Азаттыққа қалды тіпті аз-ақ күн» деп Алаш жасампаздығын жырлады. Сталин өлімінен соң азаттыққа шығып, 1955 жылы елге оралады.

«Біз соғыс аяқталған соң елге қайтамыз деп оңбай қателестік. «Отаныма» оралып едім, «отаным» 10 жылға жер аударды. 1956 жылы лагерьден босап, елге келдім. Келсем, туған үйімнің орны ғана қалыпты. Анам Гүлсім қайғыдан қан жұтып, мәңгілік мекеніне аттаныпты. 1937 жылы ұсталған әкем сол күйі хабарсыз кетіпті. Шаңырақ иесі - үлкен ағам Мүбәрак майдан даласында қаза тауыпты. Тірі қалған екі ағам – Қалижан мен Ғазиз және інім Қанаш елден безіп, шалғайдағы басқа елдерде өмір сүреді екен. Мен өзіміздің ауылда қалған немере апам Бибізайып пен оның ері Сәлімжанның (Мағжанның туған інісі) үйін паналадым. Жаз бойы осы үйде тұрып, күзге қарсы Алматыға сапар шектім» [40].

Колымада жазылған «Түн перісі (Коммунизм туралы тарихи баллада)», «Алтай», «Мағжанның жиені Бибізайыпқа» өлеңдеріндегі ақын қайсарлығына бас иеміз. 

Соғыс тұтқыны ретінде саяси сенімсіздікпен тұтқындалып, 25 жылға қамалған қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әйткеш Толғанбаев 1946-1955 жылдары кеңес түрмелерінде тамұқ азабын тартты. Өнер тарланы «Исповедь судьбы жестокой» (1993), «Қатал тағдыр тәлкегі» (Алматы 2001) естелік кітаптарында құсаға толы шерлі шерін тарқатады.

Итжеккенге айдалған күннен бастап, азаттыққа шыққан сәтке дейінгі алмағайып жылдар ақиқаты жазылған естелік кітап советтік биліктің не бір беймәлім болы келген қылмысын әшкерлеуімен маңызды.

Заңсыздық жайлаған зұлмат жылдар шындығына қанықтыратын кітапта қан құйлы жендет Сталиннің өлімін зарыға күткен бейкүнә жандардың арман-аңсарын берудегі Әйткеш естелігінің өмір шындығынан суарылған тарихи деректелік сипатын айрықша атаймыз. Автор «…1953 год встретил на прииске «Комсомолец». Ранней весной среди зэков, вольнонаемных и охраны неожиданно заговорили о тяжелой болезни И.В.Сталина. Сначала шепотом, потом в полный голос. Как только медицинские светила, отбывавшие в колымских лагерях различные сроки наказания, услышали по радио бюллетени о состоянии здоровья вождя народов, уверенно сказали: кровоизлияние в мозг означает, что не сможет выжить.

Кто с тревогой за будущее, кто с откровенной радостью ждал конца. Все понимали, что вместе с кровавым тираном кончается целая эпоха...» деп қызыл жендет өлімінің тарихи маңызын жеткізді.

Қорыта айтқанда, саяси зобалаң толқындары қазақ халқының демографиясына, руханиятына орасан зор алапат әкелді. Елін өрге сүйрейтін зиялыларынан айрылған ұлттың тілі мен дініне қауіп туды. 1920-50 жылдардағы саяси репрессиялар адамзат тарихындағы коммунистік билік қылмысына тән зұлмат пен қасіретті ұғындырады. Жаһан елдерін адам құқығы мен демократиялық құнылықтарды аяусыз жаншып отырған тоталитарлық жүйенің қанды қол саясатының ауыр  зардаптарынан сақтандырады. Кеңес билігіне қарсы үн көтеріп, гуманистік туындыларымен сталиндік террорға қарсылық танытқан қалам қайраткерлігінің ерлігі мен өрлігіне бас идіреді. 

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақ қайраткерлігі тоталитарлық жүйеге қарсы күресінде жаңа мазмұнмен толықты. Қазақ халқын өзінің сан ғасырлық ата тарихын, ана тілін сақтап қалудағы жанкешті жанталасымен елдік жолындағы күресін жалғастыра берді.

 

Қолданылған әдебиеттер:

Кокурин А.И., Петров Н.В. (сост.) ГУЛАГ (Главное управление лагерей) 1918-1960. – Москва: МФД, 2000. – 888 с.

Иванова Г.М. История ГУЛАГа, 1918-1958: социально-экономический и политико-правовой аспекты / Г.М. Иванова; Ин-т рос. Истории РАН. – Москва: Наука, 2006. – 438 с. 

Земсков В.Н. О масштабах политических репрессий в СССР // Мир и Политика. – 2009. – № 6 (33). – Стр. 89-105. 

e-mail: secretary@sakharov-center.ru http://www.sakharov-center.ru.

Знать прошлое, чтобы не повторилось в будущем https://psmb.ru/a/znat-proshloe-chtoby-ne-povtorilos-v-budushchem.html.

Расстреляное. Возрождение. https: //tjournal.ru/stories/147490-rasstrelyannoe-vozrozhdenie-kak-stalinizm-unichtozhil -ukrainskih-pisateley.

Сталинские репрессии в Азербайджане - Википедия https: //ru. wikipedia. org/wiki/ Сталинские_ репрессии в Азербайджане. 

«Поименно вспомним всех» - Звезда Поволжья. 

Шариф Камал и репрессированные татарские писатели https://art16.ru/reportage/2009/11/24/sharif-kamal-i-repressirovannye-tatarskie-pisateli.

Әбілқасымұлы С. Қуғын. Роман. – Алаты: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007. – 160 б.

Егеубаев О. Көкбөрі немесе тағдыр тәлкегі. Роман-эссе. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2006. – 256 б.

Серік Қапшықбайұлы. Ақын-жазушының ең үлкен байлығы сөз бостандығы adebiportal.kz › news › view

13. Темірұлы М. Арман мен азап. Естелік. – Алматы: «Санат», 1998. – 160 б. 14. Нәрешұлы Р. Өмір өткелдері: Естеліктер, эсселер мен өлең-жырлар. - Қарағанды, 1994. – 153 б. 

15. Нәрешов Р. Қайғылы мешін // Қарқаралы. – 1997. - № 1/2. – 44-45 б.

16. Кәмел Жүністегі жайлы үзік сыр – Қожалар kozhalar.kz › Сыр-сұхбат].

17. Бектұров Ж Енеден ерте айырылған төл секілді… – Алматы. «Қазақстан» баспа үйі, 2002. – 223 б.

18. Көлбаев Т. Кеселді кезең құйыны // Ана тілі. – 2013. – 28 наурыз.

19. Бөпежанова Ә. Мәдениет-жасампаз сана: Сыни-мәдениеттанушылық кітап. ІІ. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2008. – 224 б.

20. Кәкішев Т. Е.Ысмайылов не үшін сотталды? // Санадағы жаралар. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 264 б. 

21. Райымқұлова-Шашкина М. Жазылмаған жазулар // Шындық деп өткен жан еді: [Жазушы, дәрігер Зейін Шашкинге арналады]/ Құраст. Қ.З.Шашкина, Ш.Е. Құнанбаева. Бас ред. Қ.З. Шашкина. Жауапты ред. Р.О. Кәрібжанова, «Ғылым ордасы» РМК бас директоры. – Алматы: «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапхана, 2013. – 480 б. 

22. Халима Бекмаханова: «Мехнат бізді мойыта алмады» https://i-news.kz/.../6884355-halima_ bekmahanova_mehnat....

23. Қайым туралы сөз. – Слово о Каюме. Сб. Воспоминании. – Астана: Фолиант, 2006. – 376 б.

24. Жылгелдинов М. // Соғыс тұтқындары мәселесі ҚР Президенті Архивінің назарында Соғыс тұтқындары мәселесі ҚР Президенті Архивінің назарындаhttps://e-history.kz/kz/publications/view/1987. 

25. Есмағамбетов К, Ахмет А. Соғыс тұтқындары мәселесі әлі де қоғам назарында // БҚМУ Хабаршысы. – 2012. №2(46). – Б. 3-13.

26. Көкебаева Г. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы:«Тұтқындарды сатқын деу тек Кеңес өкіметіне тән») zanmedia.kz…lzhau…kebaeva…farabi-atynda …aza de

27. Кәкен А. 1944 жылы ана тілін қорғап Венада баяндама жасаған Хәкім Тыныбеков деген кім? // Түркістан. – 1997. – 5-10 наурыз. 

28. Ұшқын Сәйдірахман // Ұмыт қалған «Ұлттық әдебиет» - El.kZ

29. АхметА. // Ғайпен Бейісов. el.kz› news/ archive/ content-29252].

30. Бейісұлы ҒТамұқтан өткен тағдыр. – Алматы: «Өлке», 2002. – 400 б.

31. Қыдырханұлы У. «Өз елім – өзегім»: Эссетолғауестелікдеректі  əңгімелер. – АлматыДүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. – 264 б

32. Кәкен А. 1944 жылы ана тілін қорғап Венада баяндама жасаған Хәкім Тыныбеков деген кім? // Түркістан. – 1997. – 5-10 наурыз

33. Қыдырханұлы УАбылай хан суретiнiң авторы кiм? // Әдебиет айдыны. – 2008. –11 қыркүйек. – Б. 4-5.

34. Ахмет АҚазақ әдебиеті тарихындағы Сырым Датұлы бейнесінің тарихи сабақтастығы / library.wksu.kz›dmdocuments/Ахмет.pdf/].

35. Садықова Б. История Туркестанского легиона. – Алматы: «Кайнар», 2002. – 95 с.

36. Абдулқаюм Кесижи // Еуропаға таныс, Қазақстанға бейтаныс Қарыс Қанатбай кім? qamshy.kz›article/687-europagha-tanys… qarys… kim. 

37. Орталтай Х. Елім-айлап өткен өмір. – Алматы: «Білім», 2005. – 223 б. 

38. Баймолда Д. Жат жерде қалған қазақтар // Айқын. – 2017. – 22 шілде.

39. Кәкен А. Түркістан легионы. – Астана: республикалық баспа-полиграфия орталығы, 2000.– 140 б.

40. Ерғазина Д. Соғыс тұтқыны қалай легионер атанды? // Егемен Қазақстан. – 2016. – 26 қазан.

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар