Әдебиет – адам жанының айнасы болса, іскерлік журналистика – қоғамның тынысын зерделейтін барометр іспетті.
Жазушы кейіпкер тағдырын суреттесе, журналист кәсіп пен қаржының тағдырын баяндайды. Бірі адам мінезін зерттесе, екіншісі экономиканың мінезін ашады.
«Ақша айналымы – қан айналымы сияқты: тоқтаса, өмір де тоқтайды» дейді кәсіпкерлер. Расында да, қоғам – алып бір ағза. Оның жүрегі дүрсілдеп соғу үшін қаншама тамыр керек болса, елдің экономикасы үшін де іскерлік ақпарат дәл сондай қажет. Осы «тамырды» ұстап, соғысын қадағалайтын сала бар, ол – іскерлік журналистика.
Газет бетін ашсаңыз да, ақпараттық сайтты шолсаңыз да, бизнеске қатысты материалдарды кездестіресіз. Өйткені адамдар тек саясатқа ғана емес, тікелей тұрмысына әсер ететін экономикаға да құлақ түреді. Жалақысы, несиесі, депозиті – бәрі де күнделікті өмірдің бөлшегі. Оны түсіндіретін де – іскерлік журналист.
Бұл саланың өзіне тән «әдебиеті» бар. Біріншіден, ол – драмалық желіге толы. Шағын ғана дәмхананың бір айда миллион пайдаға шыққанын оқу – жеңіс тарихы, ал алып корпорацияның банкрот болуы – қайғылы финал. Оқырман бұл хикаяларды кейіпкер тағдыры сияқты қабылдайды.
Екіншіден, мұнда кеңес пен ғибрат бар. «Депозитке салған тиімді ме, доллар ұстаған дұрыс па?» деген сауалдарға ресми деректен емес, газет бетінде түсінікті тілмен жазылған мақала арқылы жауап табу әлдеқайда жеңіл.
Үшіншіден, бизнес тақырыбы мәдениетпен де, тарихпен де тығыз байланысты. Қазақ «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Бүгінгі кәсіпкер бірде саудагер, бірде өнертапқыш, бірде суреткер болып шығады. Іскерлік журналист болса – осының бәрін әңгімеге айналдыратын жазушы секілді.
Уақыттың өзі қазір жылдамдықты талап етеді. Заң өзгерді ме – кәсіпкер дереу біліп, әрекет етуі керек. Валюта құнсызданды ма – халық шешім қабылдауға тиіс. Міне, осы кезде іскерлік журналист ақпаратты жай жеткізуші ғана емес, бағыт сілтеуші рөлін атқарады. Бір жас кәсіпкердің табыс тарихын оқыған адам жаңа іс бастауға тәуекел етуі мүмкін. Бұл – публицистиканың мотивациялық күші.
Іскерлік журналистика – бизнес әлемінің ғана емес, қоғам болашағының да айнасы. Оны қызықты етіп жазу – журналистің шеберлігіне байланысты болса, оқу – оқырман үшін болашаққа салынған инвестиция.
Аухат Зульмира
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.