Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында қазақ-қырғыз зиялыларының ІХ форумы өтті.
«Мәдени дипломатия – бауырластықты нығайту жолында» деген тақырыппен Ұлттық тарих мұражайында өткен форум жұмысына Қазақстан тарапынан қатысатын өкілдерді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастап барды. Форумға сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, қазақстандық мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, екі елдің зиялы қауым өкілдері, Қырғыз Республикасындағы қазақ диаспорасы және Бішкек қаласында тұратын жастар қауымы қатысты.

Форумға Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу, Қырғыз Республикасы президентінің кеңесшісі Аслан Қойчиев және қырғыз елінің мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып қазіргі заманғы қазақ-қырғыз қарым-қатынасының мәселелері туралы ойларын ортаға салды.

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өз құттықтау сөзінде: «Екі елдің әдебиеті мен өнерін насихаттауға басымдық беру керек. Бұл жұмыс аясында белгілі ақын-жазушылардың дәрістерін ұйымдастыру орынды болар еді деп ойлаймыз. Мәдени мұралар мен әдеби шығармаларды цифрлық кеңістікте сақтау өте маңызды. Осы мақсатта біз ғылыми еңбектердің электронды нұсқаларын жасау, виртуалдық мұражайларды және т.б. жобаларды ұйымдастыруды ұсынамыз. Өз тарапымыздан аталған бастамаларды іскер асыру үшін қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», - деп осы мақсатта алда атқарылуы тиіс жұмыстардың бағытына тоқталып өтті.

Форум барысында қазақ-қырғыз шығармашылық өкілдері екі ел арасындағы ежелден бергі тарихи-мәдени байланыстарды тілге тиек ете отырып, оны одан әрі дамытудың мүмкіндіктері туралы талқылады.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде қазақ-қырғыз халықтарының телегей-теңіз ауыз әдебиетінде жатқан рухани байланыстар туралы айта келе, қазіргі әдеби байланыстарға тоқталып өтті: «Қазіргі кезеңде де қазақ пен қырғыз әдебиетшілері, жазушылар одағы, баспалары бір-бірімен шығармашылық байланыстарын үзген емес. Кітап аудармалары, бірлескен конференциялар, фестивальдер – бәрі де халықтарымыздың достығын одан әрі тереңдетуде. Сөзіміздің дәлелі ретінде республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының 2022 жылғы шығарылымдарын толықтай қырғыз әдебиетіне арнағанын айтсақ та жетіп жатыр. Аталған басылым «Қырғыз әдебиеті» айдарымен жыл бойы қырғыз қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, үзбей жариялап отырды. Бұдан өзге «Түркі әлемінің әдебиеті» атты тарихи-мәдени, рухани байланыстарды нығайту жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жобаның басты мақсаты – түркі елдері әдебиетінің ең үздік шығармаларын қазақ тіліне аударып, шығару. Шығармалар 1991 жылдан, яғни туысқан мемлекеттер Тәуелсіздік алған кезден кейін жазылуы шарт, сөйтіп біз ол елдердің советтік дәуірдегі социалистік реализм дәстүрлерінен арылған, жаңа заман әдебиетін өз оқырмандарымыздың игілігіне айналдырмақпыз. Қазіргі таңда үш мемлекет – Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстандағы Жазушылар одақтарымен тиісті меморандумдарға қол қойылып, алдын-ала дайындық жұмыстары атқарылды. Әр елден 52 автор, барлығы 156 қаламгер қамтылып отыр. Басқа да түркі елдерінің шығармашылық одақтарымен келіссөздер жүргізілуде.»

ҚР Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов мырза өз сөзінде сондай-ақ қазақ пен қырғыз зиялыларының ІХ форумына қатысушыларға біздің халқымыздың басына төнген алапат нәубет, отызыншы жылдар басындағы аштық кезінде Алатау асып келген ағайынға пана болған бауырлас елдің айтулы тұлғасы, Қырғыз үкіметінің сол кездегі басшысы, 1938 жылғы сталиндік зұлматтың құрбаны Жүсіп Әбдірахмановтың жарқын тұлғасын ұмытпай, оны лайықты ұлықтау қажет екендігі жөнінде зиялы қауым өкілдері алдында өз ұсынысын айтты: «Осы орайда, сол тұстағы төрт миллион қазақтың екі миллионын құрбан қылған, миллионға жуық адамның шекарадан асып кетуіне себеп болған жаппай ашаршылық жылдарын айтқым келеді. Бұл нәубет пен зұлматқа толы жылдар ағайын екі халық үшін де тарихтың азалы парақтары болып қалмақ. Туған жерімен қоштасқан талай қазақтың Новосібір, Барнаул, Кемерово жақта жанын баққаны мәлім. Бұдан өзге қаншама халық Өзбекстанда, Түрікменстанда, Қарақалпақстанда аман қалды. Біраз ел Алатаудан асып Қырғызстанда пана тапты. Осы қиын-қыстау кезде ашаршылықтан көз ашпаған қазақтарға жәрдемдесіп, қол ұшын созғаназамат – Қырғыз үкіметінің басшысы Жүсіп Әбдірахманов болатын.
Сол тұста астық дайындау жоспарын орындап, шолақ белсенділік танытпай, азық-түлікті орталыққа жібермей, өз елінде алып қалған, осылайша, Қырғызстанда ашаршылық зұлматын азайтып, 200 қазақ отбасын ашаршылық нәубетінен аман алып қалған Жүсіп Әбдірахмановтың ерлігін қазақ халқы ұмытпайды. Айтулы қазақ ақыны Ығылман Шөреков «Ел қамын жеген ерлердің, Сөз білген жанда хақы бар» деген екен. Осы ретте, Астана мен Алматы қалаларында елінің қамын жеген ер – Жүсіп Әбдірахмановтың ескерткішін орнату керек деп санаймын. Бұл – екі халықтың өткен тарихы үшін де, мәңгілік достығы үшін де маңызы зор ескерткіш болар еді.»
Бұл – әрине өте орынды ұсыныс екені даусыз. Аштыққа ұшырап, пана тұтып келген бауырлас жұрт өкілдеріне көмек қолын созған есіл ердің ізгі ниеті, еңбегі ескеріліп, қазақ жерінде ескерткіші бой көтерсе, қос елдің бірлік-берекесі бұрынғыдан да нығая түсері сөзсіз. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегенді айтқан халқымыз, көршілес елдің жасаған жақсылығын ұмытқан емес.
Форумға қатысқан қазақстандық делегация өкілдері Бішкек қаласындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, сондай-ақ 2020 жылы Алықұл Осмонов атындағы Ұлттық кітапханасында ашылған Абай Құнанбаев атындағы Қырғыз-Қазақ мәдени орталығында болып, ондағы әдеби жәдігерлермен, кітап қорымен танысты.

Арғы замандарды айтпағанда, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың Ыстықкөлге сапарлап барып, әлемдегі ең көлемді жыр «Манасты» хатқа түсіруі, ХІХ ғасырдағы қазақ-қырғыз айтысының алыптары Сүйінбай мен Қатағанның, одан кейінгі Жамбыл мен Тоқтағұлдың айтыстары, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың, Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың өзара рухани, шығармашылық байланыстары – қазақ қырғыз достығының мәңгілік жалғасы іспетті.
Соңғы кезде Қазақстан мен бауырлас елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстар жандана түсуде. Осыған дейін мұндай форматтағы іс-шара қазақ-өзбек зиялылары форумы арасында өткен болатын. Ел мен елді жақындастыра түсетін мұндай мәні зор, игілікті іс-шаралар алда жалғасын таба берері сөзсіз.
Фотосуреттер ғаламтордағы Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі парағынан алынды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.