«KitapTime – 2025»: бәрі де оқырман игілігі үшін

Бөлісу:

25.09.2025 207

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған кітап мерекесі фестивалі аясында түрлі іс-шаралар өтті. Республикалық шараға ғылым және шығармашылық  адамдары, шетел елшіліктерінің өкілдері, баспагерлер, суретшілер, қолөнер шеберлері, иллюстраторлар, БАҚ өкілдері, кітапханашылар, оқырмандар, Астана тұрғындары қатысты.

Кітапхананың қақ алдында кітап тиеген керуен өтіп бара жатқандай әсер қалдырады. Ағаштан жасалған түйелердің «жүгі» әжептәуір салмақты, сан алуан кітаптың арасында шетелдік туристерге арналған жолсілтеме, «Қазақ әлемі», «Дастандар», І. Есенберлиннің «Алтын Орда» романы, т.б. кітаптар бар. 

Алдымен келген қонақтың назарын аударған еліміздегі және шетелдік баспалар мен кітап дүкендерінің кітап және қолөнер көрме-жәрмеңкесі болды.

Көрменің тамашалары: қолөнер бұйымдары

Қолөнер көрме-жәрмеңкесіне жақындадық. Ұлттық музейдегі «Шеберлер альянсынан» келген шеберлердің бұйымдары көз жауын алады. Гүлсім есімді шебердің бұйымдары қой жүнінен жасалған. Басқұр, құрақ көрпенің неше түрі бар. Саздан жасалған тасбақалары да шын сияқты. «Жібек жолы» «Құрақ», «Азия» деген атаулары бар кәдесыйлары шетелдіктер тарапынан сұранысқа ие екен. «Сыйлыққа беруге арналған заманауи кәдесыйды елде жасап жатқан мен ғана» дейді. Дизайнын өзі жасаған, авторлық құқығы бар. Этнодизайнер Ақмарал Бахитованың бұйымдары да ерекше көз тартады. Бұл жерде алқа, үйді безендіруге арналған, сәндік үшін жиналатын этнодизайндық бұйымдарға металл, әшекейлер, тастың неше түрі пайдаланылған.

 Қызыл-жасыл кітаптар

Отандық кітап баспалары: «Арман-ПВ», «Қасым», «Мұқаба», «Мазмұндама», «Qyr balasy», «Qazbilim» баспалары мен «Алматы кітап», «Кіtapal», «Абай үйі» секілді кітап дүкендердің және Елшіліктердің «Ұлттық атрибуттар» кітап-иллюстрациялық көрмесіндегі Татарстан, Ресей елдерінің кітаптары қызыл-жасыл болып алыстан көз тартады. 

Әлемнің әсем жерлері

Сонымен бірге «Picnic time» фотоаймағында әлемнің әр түкпіріндегі ерекше орындардың көріністері қойылған. Мысалы, Лос-Меданос-де-Коро ұлттық саябағы, Фалькон штатының «Шөл» туристік аймағы, Лос-Льянос және таулар агроэкологиялық туризм аумағы, Каракас көрінісіндегі Вайрарепано аспалы жолы, Маргарита аралы, Канайма ұлттық паркінің Анхель сарқырамасы, Каракас қаласындағы «Каракас сферасы» мүсіні, Лос-Рокес архипелагы... фотокөріністерді асықпай тамашалап көрсеңіз,  табиғаттың ғажайыбы шексіз екендігіне тағы бір рет көз жете түсер еді.

 

Фестивальдің ашылуы

 ҚР Мәдениет және ақпарат вице министрі Айбек Сыдықовтың  құттықтау хаты оқылып, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Қарсақбайқызы жиналғандарды кітап мерекесімен құттықтады: 

- Құрметті оқырмандар, сіздерді бүгінгі Кітап мерекесімен құттықтаймыз. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының дәстүрлі «KitapTime – 2025» ІҮ жалпы республикалық кітап фестиваліне қош келдіңіздер! Дәл қазір бүкіл көпшілік кітапханада осы «KitapTime» мерекесі өтіп жатыр, бұл шара кітапханаға оқырман тартуға, кітап насихатына арналған. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырыстарында елдің ертеңі мен келешегі үшін кітап оқу мен кітап басып шығару ісінің маңызына тоқталып, кітап оқитын ел ғана зиялы ұлтқа айналатынын баса айтқан болатын. Кітап оқуды кеңінен насихаттау, рухани, интеллектуалдық даму жолында жастарды ынталандыру және мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу мақсатында осы іс-шараны ұйымдастыруға  атсалысқан Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрына, шеберлерге, елшіліктерге, өнерпаздарға алғыс білдіремін.

Бұдан кейін саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір,  жүргеновтанушы Сәпен Әбдіқадырұлы, Қырғызстан және Венесуэла Боливария Республикаларының Төтенше және Өкілетті Елшілері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бауыржан Қарағызұлы, ақын Ұларбек Нұрғалымұлы, ақын, Геральдикалық орталығының директорлығы міндетін атқарушы Шерхан Талап құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.

Мерекенің сәні – Абайдың әні

 

Бұдан кейін Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасынан үзінді қойды, Абай әндерін шырқады. Астаналық танымал өнер иелері, оның ішінде «Шаңырақ» әжелер ансамблі де әннен шашу шашты. 

 

Осы жерде айта кетейік, еліміздің түкпір-түкпірінде қатар тойланып жатқан кітап мерекесі биыл халқымыздың ұлы ақыны Абайдың 180 жылдық мерейтойына орайластырылғандықтан «Абай ауылы» этнолокациясы мен ақын мұрасына арналған көрме де қонақтар назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, «Ауылға кітап» сыйлау акциясы, елшіліктердің «Ұлттық атрибуттар» кітап-иллюстрациялық көрмесі, шеберлік сағаттары, «Bookcrossingq», «Библиоринг» әдеби ойыны танымдық жағынан жас оқырмандар үшін тартымды болғаны анық.

Велошабандозбен кездесу

«KitapTime-2025» ІҮ жалпы республикалық фестивалінің «Велошеру» бөлімінде АҚШ-та 21 күн велосаяхат жасаған журналист, велошабандоз Ернат Рахметолла көптің ықыласына бөленді. Осы орайда Абайдың рухани мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеген азаматтың үлгісін көрсету, жастарды белсенді өмір салтына, отансүйгіштікке, кітап пен білімге тәрбиелеу мақсатында «Абайды ұлықтаған велошабандоз»  атты кездесу сұхбат ұйымдастырылып, велошабандоз Ернат Рахметолла  Абай мұрасын шетелде насихаттау  сондай-ақ, салауатты өмір салты мен жеке жетістікке жету жолдарын баяндады.

 

 

Қазақтың Табылдысы

«Қазақтың Табылдысы» атты сырлы саз сағаты қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовқа арналды. Ақын жайлы естеліктер айтылып, әні шырқалды. Біз осы орайда Тбылды досымовтың досы, ол қайтыс болғанда жоқтап, «Доспен қоштасы» деп ән жазған ақын Елена Әбдіхалқованың пікірін бергенді жөн көрдік. 

Елена Әбдіхалықова, әнші, композитор, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері :

- Табылды Досымов қазақтың бард ақыны деп жатыр, бірақ, ол негізі қазақтың сал-серілік дәстүрін жалғастырушы, қазіргі заманда европалық үлгіде жалғастырушы деп түсінем. Бар-жоғы 45 жыл өмір сүріп, артына қазақ өлмей өлмейтін мұра қалдырды. Бір өкініштісі –оның осындай шығармашылық кештері Алматыда, Астанада, Атырауда өткен емес, біздің қазақтың жаман әдеті бар, тірісінде бағаламайтын, талантты адамдарды танымайтын... Әрине, тірі болса биыл 60 жасқа толар еді. Өнер адамының өкініші –өзінің жүрегінен шыққан жақсы дүниелерінің бір жемісін көріп, халықтың ықыласына марқаятын сәттері болады, Табылды соны көре алмай кеткен таланттардың бірі. Бүгінгі Кітап мерекесі біздің елімізде үрдіске айналып келе жатыр, бұған өте қуанамыз. Кейінгі жастар бір-біріне кітап сыйлауды үрдіске айналдыруы керек деп түсінемін. Табылдының саяси сүзгіге, цензураға түскен шығармалары көп, мен өзім ән-поэма деп атайтын «Қазақ едім дегенше» деген шығармасы. Бұл – Тәкең қайтыс болғаннан кейін оның әнімен, әуенімен ешқандай сөкеттігі жоқ екенін, кешегі отарлау кезіндегі халқымыздың басынан өткізген тарихы екенін, ол шындық кейде ащылау болғанмен үкіметке де, мемлекетке де ешқандай зияны жоқ екенін, кейінгі ұрпаққа осындай дүниелер айтыла беруі керектігін эфирлердің барлығына дәлелдеп,  менің репетуарыма енген шығарманың бірі. «Гури ақсақалға хат» деген дүниесі бар, ол деген Гурьев, кезінде басқа жақтан келген,  бай, киелі өлкеге жіберілген адам болатын, мұнай өндіріп, балық өндіріп келген... «Негізі оның тарихы, байырғы атауы Атырау» деп қайтарып алдық. Табылдының бір ерекшелігі – өзі сол Махамбет, Мұрат Мөңкеұлы жатқан топырақтың шырақшысындай болды, өмірі Алматы, Астанада жүрген жоқ, өзінің бағын, мақтаншылығын күйттеп, өзіне жағдай жасаған адам емес, оның ауылда жүріп осындай шығармалар жазуы оның өте талантты тұлға екенін көрсетсе керек. Табыл шығармашылығы өлмейді! Шетелдегі қазақтар да Табылды Досымов кім десе  біле кетеді. Мен өзім көрген, дос болған, жолдас болған адам ретінде бүгінгі шара үшін кітапхана ұжымына, көрермендерге рахмет айтамын.

«Күзгі жыр» поэзиялық battle

Фестивальдің «Күзгі жыр» поэзиялық battle, автограф пати бөлімінде алдымен ересектеу ақындар: Батырхан Сәрсенхан, Қабиден Қуанышбай, Айдана Сегізбай және тағы басқалар сөз сөйлеп, өз өлеңдерін оқыды. Жиналған көпшілік актер Жанкелді Өркенұлы Мұқағали өлеңін оқығанда сүйсіне қол соқты. Одан кейінгі кезек жас ақындарға келді. Абзал Мақаш пен Дәулет Жадырасын, Шапағат Әбдір мен Ділда Уәлибек, Мәрлен Ғилымхан мен Назерке Семейдің өлеңдерін көрермен жылы қабылдады. «Жақсыны көрмекке» деген, біз осы жерде оқылған өлеңдердің бір-екеуін «Әдебите порталы» оқырмандарына ұсынсақ дедік. 

Абзал Мақаш. Элегия

Адамзаттың бәрі бала болып дүниеге келеді.

Ересек болып туған екі-ақ адам бар.

Олар — Адам ата мен Хауа ана...

Автор

 

Адам ата!

Бес күн жалған берді ме саған опа?

Толқын ойды қозғай ма қайғы желі,

Ішіңдегі боздай ма бала бота?!

 

Болмады ма бесігің берген бөлеп,

Қызығын сен көрмедің, көрген бөбек.

Есігіне өмірдің егескендей

Ересек боп ендің сен, елден бөлек!

 

Бала болмай, жаралдың баба болып

Әміріне Тәңірдің дара көніп.

Дауа болып дертіңе келді Һауа

Одан бірақ кетпеді заман оңып!

(Сабағынан бидайдың зауал өніп...)

 

Екі бетің қызарып қысылғанда,

Періштенің қондырып құсын қолға.

Бал балалық шағыңда батпақ ойнап,

Батпырауық жақсы ғой ұшырған да!

 

Ата сенен, алайда азап қашқан,

Ғаршы-ағладан тыңдадың ғажап дастан.

Сен ЖҰМАҚТА тудың ғой не дегенмен

Балалар ше көздерін «ТОЗАҚТА» ашқан

 

Жетімдер үйі дейтін...

 

Шапағат Әбдір. СЕНІ...

 Жапыраққа жазған хатым кей уақта,

Қайта-қайта оқылады, дейді ғой.

Бақша да ылғи мені күтіп бейуақта,

Орындықта отырады, дейді ғой.

Сені!

 

Құспен бірге қонды ма деп жанарын,

Су бетіне көп қадайды, дейді ғой.

Көз жасының білмей тіпті тамарын,

Суретіме көп қарайды, дейді ғой.

Сені!

 

Сағынышы күлкісін де күнде ұрлап,

Қайтқан қазбен бірге іздеді, дейді ғой.

Мен сыйлаған қалмасын деп гүл қурап,

Күзді үйіне кіргізбеді, дейді ғой.

Сені!

 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар