Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН. МАҒЖАН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ
Бөлісу:
Қазақ поэзиясының жарық күні
Мағжанды, Мағжан поэзиясын жете танып, жетік бағалай білген ұлы ойшылымыз Жүсіпбек сонау 1923 жылы-ақ «Сөз жоқ, Мағжан ұлтшыл, түрікшіл, санашыл, дарашыл ақын болып шығуы керек. Олай болып шықпауы мүмкін емес», - дей келіп, оның ақындық дарын қуаты жөнінде: «Мағжан алдымен сыршыл ақын... Не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады... Мағжан сыршылдығымен, суретшілігімен, сөзге еркіндігімен, тапқырлығымен, күшті маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі-мұңды зарымен күшті», - деп ең сыйлы, ардақты сөздерін төгеді. Әрине, Мағжан солай ардақталуы, күндей жарқырап қазақ поэзиясын нұрға, мейірге бөлеуі керек еді. Желкілдеп өскен құрақтай қаулап келе жатқан Алаштың жас перілері Мағжан нұрынан нәр алып, тез есеюі керек еді.
Тұтқиылдан соққан құйыннан күн тұтылды. Ұзақ тұтылды, аттай 60 жылға созылды. Біз сол 60 жылдық «тұтылған күн поэзиясын» мазмұнына, қаламгерлердің қарымына қарай төмендегіше жіктеп талдамақпыз.
Бұл сарын бірде үдеп, бірде жүдеп болса да 70 жылға созылып келгені, кез келген ақынның кез келген кітабының алғашқы жартысы сол тақырыпқа арналып келгені кімге құпия?
2. Ұлы Мағжандар поэзиясының алтын нұрына шарпылып үлгерген, құдай берген мықты дарынының бір бөлегін болса да жымнан жол тауып, қалт етпеде таза, асыл поэзия жаратуға арнай алған ақындардың шығармалары. Олардың жыр кітаптарындағы сабанды дәннен айыра тазалау - болашақ баспагерлер мен зерттеушілердің борышы.
3. Тек көрініс үшін, қырағы цензурамен, ұр да жық белсенді сыншы сымақтардың бақылау мұнарасын айналып өту үшін ғана саяси, науқандық өлең, поэмалар жазып қойып, негізгі күш-қуатын өз жан дүниесін ашуға, өмірге, қоғамға қарсылығын тұспалдап, астарлап болса да білдіруге арнаған Мағжаншыл, тұраншыл, ұлт жанды ақындар.
Осы үш топ, үш ықылым қаламгерлердің ала-құла, әр текті шығармалары құрала келе «Қазақ совет әдебиеті» деген атағы дардай әдебиеттің поэзиясын дүниеге әкелді. Сәп сала, барлай барсаңыз сол әр текті ақындардың қай-қайсысы да Жүсіпбекше айтқанда».., Мағжан сөзінен бірдемені алмай қоймаған, алайын деп алмаса да, еріксіз өзі байқамай алып қойғандығы анық» болып шығады. Кейбір қолы сұғанақтары тіпті ақынның тұтас ойларын, өлеңдерін, бейнелеу, суреттеу тәсілдерін иемденіп кеткені белгілі.
Кемеңгер Жүсіпбек Аймауытов дәл тауып айтқанындай, «Ақындық жүзіне Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңынан шәкірт ерткен, мектеп (школ) ашқан күшті ақын» тек Мағжан болатын. Тек сол дәуірде ғана емес, күні бүгінге дейін Мағжан ақыннан асып жаңалық, мектеп ашқан ақын туралы айта қоюға ендігі жерде ешкім де батылдық ете алмас. Өйткені «Поэзияның жарық күні» нұр шашып, «жалған жарық жұлдыздардың» бәрі Абайша айтқанда, «артын қысып» кеткен болатын.
Тарих білетін бүкіл шындық, бар ақиқат осылай бола тұра, алпыс жыл бойы Мағжансыз, Мағжан бастаған бір шоғыр нағыз алыптарсыз қазақ байғұс не оқып, нені зерттеп, нені малданып келгеніне, неменесіне мәз болып келгеніне таңбыз.
Кешегі СССР құрамындағы 15 республика ішінде дәл осы біздің Қазақстандағыдай өтірікке, жалған тарихқа, жасанды беделдерге тізерлей құлдық ұрған ешкімді таппасың анық. Сол батпандап кірген ауру енді мысқылдап шығу үшін де қанша уақыт жалған беделдердің аузына қарауға, солар жасаған дүбара тарихты малдана тұруға тура келетіні қандай өкінішті.
Мағжанды зерттеушілердің кейбірі, сол қатарда Жүсіпбек ағамыз да «Мағжан терең ойдың ақыны емес, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны. Ол кедейдің ақыны емес, ұлт ақыны», - деп бағалайды. Басқаларын қайдам, Жүсекең Мағжанды олай дегенде, еш уақытта ойсыз, идеясыз ақын демекші емес, қайта «ұлт ақыны»:
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ - ұлтым үшін өлгенім,
- деп өз антымен мәлімдемесін жариялап қойғаны және ол тіпті, тек қана қазақшыл ғана емес, «Түрікшіл, санашыл, дарашыл, уайымшыл, өзімшіл» де ақын екенін әлденеше рет нықтап, шегелей айтқан еді. Егер Жүсекең ұр да жық, шала сауат сыншы сымақтардың басын қатыру үшін сөз ойнатып, әр қиырға салса, «ой» дегенді «идея» саясат дегендермен шатастыру үшін ғана тілге тиек еткенін түсінуіміз керек емес пе? Ой мен идея дегенің - Мағжан поэзиясының жаны, төл құжаты сияқты емес пе? Ол сондықтан күллі әлемге жар салғандай:
Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім патша, өзім қазы, өзім би,
Қандай ессіз не қылдың деп тергейді? -
деп өлмес поэзия мұратын аманаттап кетпеп пе еді.
Данышпан Абай ұстазынша,
«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - ақын екенін қасқая тұрып, сеніммен айта алған болатын.
Мағжанның поэзиясы ой мен идеяның, терең мазмұн мен шебер, көркем түрдің, Абайша айтқанда: «Сырты алтын, сырты күміс сөз жақсысы», сөз патшалығынан тұратын классикалық поэзия екендігіне сол заманда күмән қалмаған еді.
Данышпан Абайдың айналасындағы алыс-жақын талантты шәкірттерінің күш-қуаты, ақыл-парасатымен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ қазақтың ұлы да қасиетті, әлемдік талапқа сай поэзиясы жасалып қойған болатын.
Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі - Абай мен Мағжан өмір сүріп, ғажайып шығармашылық мұра қалдырып үлгерген ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегі болатын. Ал «Октябрь төңкерісі» сол гүлденген мәуелі гүл бақшаны қара дауылымен соғып, қиратты. Қолына енді қалам ала бастаған талантты қазақ баласын ұстазсыз, өнегесіз, мектепсіз қалдырды. Оның зардабын жетпіс жыл тартып келді, тіпті күні бүгінге тартып келе жатқанымызды неге мойындамасқа?
Олай болса қазақтың ұлы поэзиясы Абай, Мағжан дәуірінде, данышпан Толстой айтқандай: «Ұлы әдебиет өзінің адамгершілік қасиетін сезінген елдің тәуелсіздік қозғалысы кезеңінде дүниеге келетінін» дәлелдеп беріп еді.
Орыс империясының тас құрсауынан құтылу үшін азаттық туын көтеріп, «Оян, қазақ»-тап ұрандап жүріп Алашорда мемлекетін құрумен аяқталған, бірақ қызыл империяның қанды қырғыны мен белсенділердің сатқындығы салдарынан шаңырағы ортасына түскен Қазақстанның өрлеу, құлдырау дәуірі, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, халқымыздың шын адамгершілік қасиеті мен күш-қуатын сезінген, әрі ұлы әдебиетін де жасап үлгерген жасампаз кезеңі еді.
Кешегі арыстандай айбыны зор,
Жүректі жолбарыстай қайраты мол,
Айырып ар-намыстан, күштен, естен,
Кім қылды, шала-жансар, бір қорқақ құл?
Мағжан ақын осылай шерлене толғаса - ол да тағдырдың басқа салғанын әрі мойындауы, әрі тағы да шығар жол іздеп шарқ ұруы. Азаттық аңсау, бостандыққа ұмтылу көк бөрі - көк түріктің, Алаштың, оның жалынды ақыны Мағжандардың қасиетті борышы емес пе?
Қазақ халқы тарих сахнасына қайта көтеріліп келе жатқан мына заман - өзінің ұлы әдебиетін дүниеге әкеліп әлемге танытатын нағыз тәуелсіздік қозғалысына жол ашқан заман. Зорлықпен, қиянатпен үзіліп тасталған қаралы 1929 жылмен 1989 жылдың арасын қайта жалғап, ескі-құсқыдан, қызыл империяның нағыз «Сарай ақындарынан», жалған жарық жұлдыздардан құтылып, поэзия бақшасын басып кеткен арам шөптерден тазаратын азат заман енді туды.
Жортуыл заманының жауынгер жыршысы Ақтамберді бабаша:
Жуылмай қастың қасымен,
Намысқа тиген кір кетпес, -
деп кек қумасақ та, Ахмет атамызша:
Асықпаңдар!
Артымызда қазы бар,
Тергеп талай сүйектерің қазылар! -
деген жан айқайына құлақ асу керек шығар. Егер оған құлақ аспасақ, қызыл империя мен коммунистерді басқа ұрып тоқтатқан уақыт, әділет деген қатал құдірет маңдайға ұрып тоқтатары сөзсіз.
Өлген соң ой бауырымдап, қабірін құшақтап бәріміз жоқтаған ақын - Мұқағали еді. Әсіресе өмірінің соңғы аса қайғылы, қасіретті кезеңінде Мұқағали ақын, Мағжан ақынмен барынша туыстасып, қабыса жақындасып кеткендей әсерге қаласың. Талант, дарын ұқсастығы ма, әлде жолы болмаған жаралы, назалы жүректердің тағдырластығы ма, әлде Мұқағали да «Қазақ поэзиясының жарық күні» Мағжан шығармаларымен таныс па - өте ұқсастық іздері сайрап жатыр. Мағжан ақын өкпесі өше қысылғанда:
Талапсыз, бақсыз мен сорлы,
Бір ісім оңға бармаған.
Мен не жаздым о ғұрлы,
Тәңірі мұнша қарғаған, - деп налиды.
Ал жүрек қыжылын өлеңге сыйғыза алмай құпия қоймасындай күнделігіне түсірген Мұқағали: «Әдебиетімізді арам шөптерден тазартатын күн туар ма екен, қайдам. Осы күнгі әдебиет нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы… Бізде ай сайын әдебиетіміз де жаңа, бірақ өзі белгісіз, аты, жөнсіз бір «жұлдыз» пайда болып жатады. Ал біз құнарлы топырағымызда тағы бір арам шөпті өсіргенін елемейміз. Қашанға дейін осылай созыла бермек? Арамшөптерді түп орнымен жұлып тастауға әлдекімнің батылы жете ме? Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қиналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: достар, таланттар, бірігіңдер! Барлық шатбақбайшыларға қарсы майдан ашайық! Олардың желеп-жебеушілерін түгелдей әшкерелейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады»… - деп жан даусы шыққалы да, мінеки, 18 жыл өтіп кетіпті. Бұл 18 жылда қаншама, “жаңа, бірақ өзі белгісіз жұлдыздар” шығып, қаншалаған шын жұлдыздар сәуле шаша алмай құсалықпен өз отына өздері күйіп, Мұқағали ағасының соңынан қайтпас сапарға аттанып кетті. Егер тасбауыр, табашылдығымызға басып, жығылған құландар құлағында құрбақа болып ойнағымыз келмесе, қазақ поэзиясы бақшасына еркелей, екпіндей, жыр нөсерін төге келген дарынды боздақтарымыз Төлеген, Төлеужан, Кеңшілік, Жұматайлардың өкінішті, құсалық, шат қақпай тағдырларына кінәлілерді айыптап, ар сотына беру керек болар.
Біздің әдебиетімізде сынау, мінеу дегенге қатысы жоқ, талассыз, дауасыз коммунист, комсомол ақындар, еңбек, өндіріс тақырыбының “Майталман” жыршылары деген ерекше категориялы ақындар бар. Шетінен “лирик”, шетінен “эпик” - ағып тұр. Олар отыз жылда отыз, қырық жылда қырық, елу жылда елу кітап (қолына қалам алғалы) шығарғанымен мақталып, өздері мақтанып масайрағанда шеніне жуи алмайсың. Ал сол бір көп кітаптардың ұлтымызға, оның қилы тағдырына, аянышты өткені мен қыл үстінде қалтылдап тұрған бүгініне байланысты Мағжанша жазғанын атап айта алармыз ба?
Лирика, лирик ұғымына арнайы тоқталып әуре болмай-ақ, Виссарион Белинскийге жүгінсек, “Әрбір поэтикалық шығарманың арқауы пафос болу керек, әрбір поэтикалық шығарма пафостың жемісі болу керек” екен. Пафос ұғымында сүйіспеншілік сезімі негізге алынуы керек деп есептелінеді. Сүйіспеншілік ұғымының мазмұны шетсіз-шексіз ғой. Ал сүйіспеншілік бар жерде табиғи түрде жек көру, кектену, түңілу, тіпті тәрк ету, жауласу қатар жүрмейтін бе еді. Сондықтан лирика ақын жүрегінің қуанышы мен қайғы-қасіретін тең жырлайтын алдаспан қаруы, поэзия көгіне самғар қос қанаты емес пе?
Ендеше кез келген ақын жырдың осы қос қанатын тең сермемесе, ұлтының мұң-мұқтажы тағдыр тауқыметімен үйлеспесе, Мағжанша “Не көрсем де, ұлтым үшін көремін” дей алмаса, қасиетті, жауынгер лирика жалаң күйдім-сүйдім немесе қошаметшіл одаға айналып қалмай ма? 70 жыл бойы саяси лирика деп жалаулатқанымыз сондықтан да диктаторларды, қызыл империяны, құлдықты, мәңгүрттікті мадақтайтын жалған, сатқыншақ қошаметшіл әләуләйға айналып кетпеді ме? Сөйтіп жылайтын жерде өтірік күлдік, тергеп-тектеп ақы, әділет даулайтын жерде құлдық ұра тізерлеп міңгірледік. Ақырында, періште ақын әзәзіл сайтанға, сарай жыршысына айналып қалғанын өзі де сезбей қалды.
Ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрғысынан алғанда, қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың шындығы біреу-ақ болатын. Ол шындықты Мағжан ақын “Ана тілі” өлеңінде жетерлік ашып берген еді.
Күш кеміді, айбынды ту құлады,
Кеше батыр, бүгін қорқақ бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суыған, жүрек солғын соғады.
Осыған шырқыраған ақын жаны медеу, шығар жол іздейді. Ендігі жалғыз үміт - бар үміт мынау еді.
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр, жайды бәрін не бардың.
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз - бабам тілі, сен қалдың.
Жарық көрмей, жатсаң да ұзақ, кен тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа.
Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім.
Иә, қайран Мағжан бар үмітін, соңғы үмітін артқан “баба тілі” сіз бен біздің көз алдымызда-ақ тандыры тартылып, азып-тозған қазақ халқы этнос ретінде жойылып кету қаупі күн сайын асқынған соңғы 40-50 жылда 40-50-леп кітап шығарған лирик ақындарымыз бұл туралы не жазды? Егер лириканың екінші қанаты, ұлттық ар-намыс, тағдыр-тәлейіне байланысты қанаты жоқ болса, немесе осал, қармаусыз болса, олар өздерін ұлт ақыны, халық жаршысымыз деп қалай айтар екен?
Шырғамен ұшып, шыжыммен қонған бағыныштылық, жел тұрғанда ғана көкке көтеріліп желпілдеп ұшқансыған батпырауық шабытпен жазылған әлеуметтік-партиялық заказ кітаптар нешеу болғанда, одан келер пайда қандай болсын?
Қазақ халқы бастан кешкен зұлматтарды ойласақ, Мағжанша: “күй жүрек, көл бол жасым, өртен ішім”, - деп зар жылаған болар едік.
Амал қанша, ұлы ақынның жан дауысы ешкімге жетпеді. Көлдей жасына ешкім тұншықпады. Керісінше, марқұмдар сүйегін табанға таптап жүріп-ақ би билеп, ән салып, қыз құшақтап, шалқып шарап ішіп, партия мен совет өкіметіне, Россияға алғыс айтып тауыса алмай шаршаған, оқта-текте жыласа тек масаңдықтан, тоғышарлықтан жылаған лирик-сымақтар әспеттелген заман күні кеше ғана емес пе еді?
Кешегі «жалған, аты белгісіз жұлдыздар жарқыраған» күндерде Мұқағали ақын былай деп күнделігіне құса мұңын шағып еді.
«Мен өлімнен қорқам ба? Қорқам. Қорқатын себебім: өмірімнің қуанышын татып көргем жоқ. Творчествоның қуанышына жолыққам жоқ. Бар өмірімді жоқшылықтан үнемі үрейленуде өткіздім. Қысқасы, туғанда да, өмір сүргенде де және өлгенде де біркелкі болу, ештеңе өзгермеу қашан да қорлық қой...»
Мұқағалилар өлімінің трагедиясын, оның психологиялық, әлеуметтік, саяси себебін іздеушілер болса, ақын жанына үңілсін.
«Кесені қолыма алып қарай бердім, ішінде нақақ көзден жас барма деп...» Бір қызығы Мұқағалидың жоғарыдағы күнделіктерін оқығаннан кейін, кесектей-кесектей қалың томдарды қолға алған сайын кесеге үңілген ақынша «нақақ көз жасын» іздейтін болыппыз. Әділетсіздік дегенің барлық уақытта да баршылық болған-ау.
Қатық ішіп сен жүрсің,
Қатып-семіп мен жүрмін.
Шайға қатық таба алмай,
Ағайынды жағалай,
Сауын сұрап мен жүрмін.
Мінеки, бір ғасырдың бас-аяғында, түрліше әлеуметтік қоғамда өмір сүрсе де, таланттар тағдырында, тұрмыс-тіршілігінде еш өзгеріс болмағаны ғой.
Мұқағали ақын өлімнен қорыққанда әділеттің жеңісін көре алмай, еңбегі жанбай, өз есесін жалмап жатқан ит жанды арамшөптерге зығырданы қайнағаны болмаса ол:
«Өмірді қандай сыйласаң,
Өлімді сондай жат көрме!» - деп парасатты ой толғайды, сабырға шақырады.
Ал Мұқаңның қаламдас, замандасының бірі Тұманбай ақын өлім туралы тіпті үрейге толы қорқыныш қатерін үйіп-төккенде, зәре-құтыңды қашырады екен. Өмірдің қызығы мен шыжығын қимай табиғаттың кез келген құбылысынан секем ала қорқу, тіпті өзінен, сөзінен, көзінен қорқу, мазарды көргенде зәресі қалмай тізесі қалтырау дегендер соншама мақтарлық, үлгі-өнеге аларлық емес-ау, сірә!
Біз бұларды неге айтып отырмыз? Күннен, Гүннен туған көк түріктің - Алаштың арыстан жүректі ақыны Мағжанның інілері Өмір мен Өлімдей мәңгілік тақырыпты қалай жырлады екен деген сұрауға жауап іздеу еді.
Өйткені өлім мен өмірдің қыл шегінде тұрып-ақ Мақаң:
Өлім күйі тәтті күй,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле! - деп ажал атты құбыжыққа базына айта алған.
Ол тіпті:
Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,
Көз қырымен күліп қана қарармын... - деп асқақтай тіл қатады. Өйткені дана көңіл:
Басы сайран, сұм жалғанның соңы ойран,
Адам өмірі - тағдыр ойыны, біл де, ойлан, -
екенін сезіп, біліп тұр ғой. Бір қарағанда, Мағжан мен Мұқағали өмір мен өлім туралы алшақ кереғар түсінікте сияқты көрінер. Ал шын мәнінде бірі күліп тұрып кек қылышын қайраса, бірі кектеніп тұрып күледі. Қайнаған зығырданын бұрқ-сарқ тасытады. Әділет үшін, өлмес үшін айқасқа шақырады. Әйтпесе өлмек үшін жаралған адамзат жазмышын кім мойындамасын?!
Қорқытты құтқармаған өлім кімді құтқарсын? Кез келген елестен қорыққанмен жан қала ма?
Мағжаннан кейінгі қасіретті де көрнекті ақын Мұқағали поэзиясын түсініп, бағалауға әлі күнге сырттай тамашалау, жалаң марапат, тамсану басым да, оның азаматтық, адамзаттық - алаштық рухы, яғни оның шын ақындық келбеті ашыла қойған жоқ. Ол өзі туралы айтарын айтып, ауызымызға сөз салып кетіпті.
«Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным - бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма». Ендігі біздің міндетіміз сол «бір ғана бүтін поэмада» адам өмірі мен өлімін, қуанышы мен қасіретін қалай ашып бергенін, оптимистік трагедия рухын тану болмақ.
Отызыншы жылдардағы ашаршылық пен қанды қырғыннан әупіріммен аман қалса да, генетикалық жұтқа ұшыраған ұрпақтың өкілдері ендігі жерде Мағжан ақынша басқа шауып, төске өрлеуге, Көк түрік пен Тұранның жырын жырламақ түгілі, Жұбанша:
Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде-ақ табысқан мұң тілімен...
- деп айта алудың өзін ерлікке балайтын бейшара күйге тап болып еді. Қызыл империя, коммунистік диктатура жағдайында уақыт ауанына қарай жуасыған Жұмекен Нәжімеденов Өмір мен Өлімдей мәңгілік жөнінде былай толғанады:
Жамандығын жасайды екен жамандар,
Жақсылар тек тартады екен азабын!
Осындай өмірдің ащы шындығын көріп-біліп тұрсаң да, көлгірсітуге, өтірік айтуға мәжбүр болғаныңды:
Төбелердің көңілі үшін ғасырлық
Кейде шыңның асқақтығын жасырдық, -
деп, екі-ақ жол өлеңмен 70 жылдық жасанды, мейрампаз жылдардың бар шындығын ашып бере алыпты.
Нағыз дарындардың өлмес, өршіл рухы қай заманда, қандай жағдайда да өзіне шығар жол, тіршілік ортасын жасап алатын сияқты. Ерте келіп, қапыда соғатын ажал болмаса, оның қолын қағып, дегеніне жеткізбеу мүмкін еместігін Жұмекен ақын:
Махаббатқа өкпелеп, емен болды көк терек,
Абай болды сол ақын заманына өкпелеп,
- деген тапқыр шендестірумен айтып бере алыпты.
Шырғалаңы көп келте ғұмырда адам орнымен өкпелеп, қалпымен қайғыра білуі, қасіретті қайратқа айналдыра білуі керек екенін Мағжан ақын:
Көрмейін рахат, жанайын,
Жалын болсын маңайым,
Күйейін, азап шегейін,
Жырыммен жанымды жұбатам,
Жырыммен жұртымды оятам,
Несіне жас төгейін! - деп ереуілдейді.
Ақын мұндай өршіл, қайсар рухты жырларын қан жылап, зар еңіреп тұрған жаралы жүрек қанымен жазғанын түсіну керек. Сондықтан саналы, көкірегі ояу алаш азаматы Мағжан атасының мына өсиетін қайталап, мінәжаттай жаттап оқуы қажет-ақ.
Аз өмірінде көп уланған, көп сүйген,
Көп алданған, көп жылаған, көп күйген,
Ақын ағам болып еді дегейсің,
Жүрегіне өмір оғы көп тиген!..
Мағжандай, Ахаңдай сардарлары мен сарбаздарынан айырылған «қайғы елі, уайым елі» көз жасын көлдетпей қайтсын-ай!?
Ақындық, ұлылық, әулиелік деген әлем-жәлем атақ, дақпырт емес, халқының мұңы мен зарын, жан жарасын көк бөріше өзі жалап жазатын, өзіне-өзі ем таба алатын өршіл, жасампаздықтан көрінер болар.
Әйгілі Джордано Бруноның (1548-1600) мына бір қайсар сөзі біздің XX ғасырда империя атқан оқ пен барлық боздақтарымыз рухына бағышталғандай әсер етеді: «Бір ғасырдағы өлімім, маған барлық келер ғасырларда өмір сыйлайды». Ұлылардың пәнилік өмірі қандай ұқсас болса, екінші мәңгілік бақилық сапары да өте ұқсас болатын сияқты.
Ал тіршілікте шайқап ішіп, үріп төгіп, дүрілдетіп өткізген қолбала атақтылар жөнінде ұлы Белинский тамаша айтқан-ақ: «Аз уақыт ішінде жоқтан өзгеден туған атағы аз уақыттың ішінде жоқтан өзгеден құрып кетеді. Әуелі олардың өлеңін мақтауды қояды. Содан кейін оқуды қояды. Бара-бара басуды қояды».
Бұл сүйінерлігі - соның бәрін де көзбен көріп, құлақпен естіп отырғанымыз болмақ. Өлісі-тірісі бар жүздеген мүшеге ие Қазақстан Жазушылар одағының кешесі мен бүгіні (ертеңін айтпай-ақ қой) Белинский данышпандығын дәлелдеуге жүз мәрте жетіп, артылатын шығар.
Қазақтың ұлы Абайдан басталған жаңа әдебиетінің ғасырдан асқан ұзақ тарихына бой сала, ой жіберіп көрсеңіз - бір нәрсе жетпей, жетіспей тұрған сияқты болады да тұрады. Әсіресе, қызыл империя дәурен сүрген 70 жыл әдебиеті туралы ойлағанда, ол тіпті анық, айқын. Немістің ұлы перзенті Гетеше айтқанда:
Айта алман күн мен көктің қасиетін,
Білемін жер бетінің қасіретін.
Адамзат сол баяғы қалпында әлі,
Тартуда күйкі өмірдің тақсіретін, - еді.
Иә, адамзат, әсіресе біздің сормаңдай қазақ қай уақытта да күйкі өмірдің тақсыретін тартып келеді. Қулар, зұлымдар, ібілістер масайрап, арқа-жарқа күн кешеді. Шәкерім қажыдай көреген данышпандар ғана ондайда көзге шұқи:
Қазақтың көзсіз баласын,
Қаңғыртып қайда барасың?
Арыңды сатып арамға,
Адалдап қалай аласың? -
деп қала алды.
Осы бір ар-иманға, ұлттық сана мен мүддеге құрылған ахирет таразысындай сұраққа кім, қалай жауап берер екен? Бұл сұрақ күні бүгінгі атқа мініп, ел басқарып отырған, қолына қалам алып ұлттық идеология жасауға ат салысып жүрген барша адамға қойылар мәңгілік сұрақ.
Ойлап көріңіздерші, қазақтың көзсіз баласы, барар жер, басар тауы қалмаған қашқын-босқын баласы қайда қаңғырмады, қайда-қайда қаңғыртпады?
Кеше ғана он миллионға толдық деп алақайлаған қазағыңның сайда саны, құмда ізі бар ма? Жер басып жүрген әр үш қазағыңның бірі туған Отанынан шалғайда, жат босағада телім болып қаңғып жүргенде, бұл елдің - Қазақстанның басы аман, бауыры бүтін еді деп кім айта алады? Басы ауырмағанның қашан да құдаймен ісі болмаған. «Гүлденген, төбесі көкке екі-ақ елі жетпей шалқыған Қазақстан» туралы бұл 70 жылда біздің әдебиетіміз бен өмірімізде нелер жазылмады дейсің? Бұл күнде оны еске алудың өзі ыңғайсыз-ақ. Ал ұялмағандардан ұяла, ұяла болдық қой.
Қазақтың тарихы - Орыс пен Қытай отаршылдарының зорлық-зомбылығынан бөлініп-жарылғандар, қашқын-босқындыққа ұшыраған бейбақтар тарихы. Қазақстанның жан-жағына әлемнің түкпір-түкпіріне жайылып кеткен қазақ мал жайып, сауда керуеніне ілесіп, немесе жаугерлік пен жортуылға кетіп, келмей қалмап еді ғой. Ендеше сол туған елінен шалғайда өмірі өксікпен, қуғын-сүргінмен өткен миллиондаған қандастарымыз жөнінде әдебиетіміз не дейді? Кім, не жазды екен?
Бүгінгі өркениетті әлемнен, есін енді-енді жинап, тарих пен тағылымға назар сала бастаған халқымыздан ұяла-ұяла өткенімізді еске аламыз. «Еліңді жау шапса, бірге шап» деген құтырық ұранға белсене қалам тартқан қазақ қаламгерлерінен басқа елдің қаламгерлерін айта алмаспыз. 70 жыл бойы Қазақстаннан, СССР-дан тыс жерлерде тек қана қазақ халқының жаулары - сатқындар, шпиондар, баскесерлер қаптап жүргендей әсер қалдыратын шимайлар толып кетпеді ме? Совет өкіметіне адалдығын білдіргісі келген монтанылар қайткенде шетелдік қазақтарды құстаналап, бір нәрсе жазбаса болмайтындай еді.
Өз ұлтының мемлекеттік туы жығылып, Алашорданың шаңырағы ортасына түскеніне қайғырып, жыламақ түгілі, дұспаннан бетер ғайбаттап «Үлкен Түркістанның күйреуін» алақайлап, әлемге жар салған жетесіз де біздің қазақтан шыққаны - бетке шіркеу, сүйекке таңба екенін әлі күнге біреу сезсе, біреулер сезер емес. Сондықтан болар, «үндемес полковнигіңіз» бір түкпірден жұдырығын көрсетіп, қайдағы бір архивтік айғақтармен сес көрсете айғайлауын қояр емес. Ұлттық сана, елдік мүдде аяқ асты етілгенде қандай ұятсыздықтарға жол берілетініне бұдан артық қандай дәлел, қандай құбыжық үлгі керек?
Мынау уақыт деген шіркінге не айтарсың? Соңғы 40-50 жылдан бері күнделік баспасөз бен әдеби шығармаларда қарғыс жаудырылып келген «құбыжықтың» бірі «Азаттық» радиосы еді. Кеше ғана астанамыз Алматыда сол радионың бөлімшесі ашылған салтанаттың куәсі боламыз деп кім ойлапты? Ондайды ойласа, бір ағамыз: «Жат елдесін» жазып, 1966 жылғы бүкіл ССРО-лық жабық бәйгенің бас жүлдесін қанжығаламай-ақ қояр ма еді, кім білсін? Енді, міне, қазір сол жылдарда өткір мысқыл тілімен, айқайшыл саяси айыптауларымен шетелде бас сауғалап жүрсе де, туған елінің бүгін қол жетіп отырған тәуелсіздігі үшін үлес қосқан ардагер азаматтарымызды қандай құнтита, сүмірейте жерлегенін оқудың өзі ауыр.
Біз адам уақыттың құлы екенін, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ екенін де білеміз. Ақиқаттың алтын таразысы біздің ғана қолда емесі белгілі. Алайда, болғанды болғандай ақ сөйлеп, қазақтың өсер ұрпағын тарих тағылымынан сабақ алуға үндеу әркімнің азаматтық парызы. Білместіктен у ішіп, бағытынан адасқандар аруақ алдында, тарих алдында тазарып, арылуға керек. Бұл - солардың арына аманат!
Бізді 300 жылдай билеп-төстеп, торғайдай тоздырған Ресей империясының өлі-тірі тақ мұрагерлерінің ешқайсысы да «кешірім» сөзін айтуға жарамады. Балта сабынан озбайтыны рас екен. Орыс империясы пана, Кремльді құбыла тұтып дағдыланған кейбір мәңгүрттенген басты бері бұрудың қаншалық қиын екенін «федерация», «конференцияшылардың» сөзі мен ісінен анық ұғып отырған боларсыздар.
Демек, қазақ халқының толық азаттық, тауелсіздік үшін, тарыдай шашырап кеткен өрісін түгендеу үшін әлі де талай күресуіміз керек екен. Әдебиетіміз ол күрестің жаршысы болуы лазым.
МАҒЖАН ӨНЕГЕСІ
Дүниенің төрт бұрышына шашырап кеткен миллиондаған қандастарымыз туралы Мағжан ақынның «Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа ақ қолыңмен тарта аласың», - деп кеткен өсиетін орындауға талпыныс болды ма? Әрине, болды.
Бұл саладағы олқылық пен бұрмалауларды бір арнаға - реалистік шындық арнасына салуда жазушы Қабдеш Жұмаділовтің сіңірген еңбегі баршаның көз алдында. «Социалистік реализм» әдісінің салқыны тиген жасанды таптық, партиялық жіктеу, топтастыруларын айтпағанда, Шығыс Түркістандық қазақтардың тағдыр-тәлейі, екі отаршыл империяның қазақ халқына әкелген апатты зардаптары туралы шындықты «Соңғы көш», «Тағдыр», «Атамекен» қатарлы романдарында едәуір ашып бере алады. Шет елдердегі қазақ қандастары жөнінде отаршыл қызыл империя, коммунистік идеология қалыптастырған жалалы, пәлені қарғыс таңбасының қою қара бояғы сәл де болса өшкіндегендей болды.
Ал поэзиямыз кеш те болса, бұл салада жемісті өнімдер бере бастағаны қуантады.
Мағжандар салған сара жол - Көк түріктің, Алаштың, Тұранның жолы еді. Ондаған жылдар ұмытылып, халық жадынан өшкіндей бастаған тұраншылдық рухты алғаш рет және қазақ ұлты үшін ең қиын күндерде Есенғали Раушанов көтергенін біреу таныса, біреулер әлі күнге тани алмай, немесе танығысы келмей жүргені өкінішті-ақ. Соған қарағанда, ертегі-аңыздың шытырман соқпағы талай мәңгүрт басты әлі шатастырып жүрген сияқты. Бір жағынан «Ғайша бибі» жарықтықты Колбин мен Камалидиновтың қырағы көзінен тасалап, аман алып қалған ақынның айтар ойын астарлап әдіптеуі болса керек.
Әлемдік әдебиет тарихында, кешегі Советтік диктатура заманында ертегі-аңыз, тұспалдау, жұмбақтау арқылы ой мен идеяны жеткізу сияқты шығармашылық жасырын (подполя) күрес тәсілі жиі қолданылғанын білеміз.
Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға... -
деп Мағжан ақын текке жазбаған.
Сол бір алмағайып, зобалаң жылдарда басына төнген қауіпке қарамай, Мағжан бабасынша нар тәуекелмен «Ғайша бибіге» қалам тартып, «түбім - Түркі», - дей алу үшін де үлкен ерлік керек екенін бүгінгі қаптаған батырлар мен батылдар бағалай қояр ма екен?
Кеңестік қызыл империя, оның соңғы жендеті Колбиндер мен Камалидиновтардың халқымызға қылған қылапаттары, отарлық бұғау былай ашылады:
Қайтейін, дүние обал-ақ,
Жемтікке құзғын кенелді.
Кеудеден басы домалап,
Керемет ұлдар көп өлді.
Заман да заман, заман-ай,
Бұлағай мен алағай.
Қай жаққа безіп барасың,
Алды-артыңа қарамай.
Қорқамын заман түсіңнен,
Сарайлар жатыр обадай.
Қағанатты орып түсірген,
«Қара нәпсінің» орағы ай.
Сартасқа салдым сапыны,
Білмеген обал-сауапты,
Арыстан жұртым ақыры,
Тышқаннан келді-ау зауалың.
Арыстан елім, ер елім,
Етіңе құзғын тойды ғой.
Құдай бола ма деп едім,
Құл бауың түспей қойды ғой.
Қырылармысың - сұмдық-ау,
«Қара нәпсінің» етінде.
Қолыңда емес қыл бұрау,
Қыл бұрау сенің ниетіңде.
Есенғали бұл тұста Мағжан ақынмен астасып кеткендей болады. Қара түнектен, өкпені қысқан террордан ширыққан жас ақын:
Қолыңда емес қыл бұрау,
Соны ойлап жаным езілед.
Не деген ұзақ түн мынау,
Таң атса екен тезірек.
Жасампаз ерлер, жақсы ұлдар,
Жалбарынайын жылай кеп.
Құл болып ұйықтап жатсыңдар,
Ояныңдаршы құдай боп, - деп тілек тілейді.
Мінеки, қадірлі жыр сүйер қауым, қолда барда алтынның қадіріне жетсек, «Желтоқсан» үскірігі қақап тұрған күндерде ақынға бұдан артық бір нәрсе айтпадың деп кім кінәлар. Осылай қасқая жырламақ түгілі, солай ойлай алатындар қанша еді қазақта?
Қапастағы қазағымның зары, тозған көне түріктің мұң-наласы періштенің құлағына жетті ме, әйтеуір тарих бізге бір ғасырда екінші рет, бәлкім, ақтық рет азаттық алу орайын туғызды.
Ұзақ түн ғайып болып таң атты, қолдан кісен түсті саудырап, енді ниеттегі «қыл бұрау»-дан босанып, құл болып ұйықтап жатқан ұлдардың құдай болып құдіреттене дүр сілкінуі қалыпты.
Оянған ұлдардың алдында тұрған қасиетті парыздың не екенін еске салуды ақын әсте ұмытпақ емес. Ол ендігі жерде:
Аулақпыз атасы арзан болжамдардан,
Жұртыңда әр ғасырдың олжаң қалған.
Жәмиғат, біздің тарих - алтын шынжыр,
Әр жерден жиі үзіліп, көп жалғанған, -
екендігін түсініп білуіміз керек болар. Ақын өшкенді жандырып, өлгенді тірілтер, төрт құбыламызды түгендеу жорығына шақырғандай болады. Біле-білсек көп үзіліп, көп жалғанған тарихтың бірі - мынау қызыл империя өктемдігінен бөлініп-жарылып қалған қазақты қара шаңырақ астына жинаудың жырын жырлауымыз, ендігі ертегі-аңызға бойлап орағытпай-ақ, реал өмірдің нақты шындығына тіке қарауымыз керек шығар.
Қазақ тарихы бөлініп-жарылғандар, ата жұртқа жете алмай, ана жұрттан кете алмай зарыққандар тарихы екенін мойындасақ (үш қазақтың бірі жат елде жүргенде, мойындамай не етерсің) оның поэзиядағы көрінісі, жарылғандар жыршысы болмауы да мүмкін емес қой.
Тарихқа көз салсаңыз, қазақты айтулы бір қанша үдере көшу, бөлініп-жарылу, тіпті әке-баладан, бауыр-туыстан адасып телім-тентіреулер болыпты. Мың жылдың алдындағы ұлы көшті айтпағанда, Қазтуған жырау:
Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың.
Қайырлы болсын сіздерге,
Менен қалған мынау жұрт, -
деп аһ ұрғызған ғасырлар дүрбелеңінде ел айырылған жырлары мен ән-күйлері аз шығарылмаған еді.
Азау мен Ақ Жайық, Еділ мен Есіл қолдан кеткенде: «Арманда болып барамын, қоштасуға аял жоқ», - деп Жиембет жыраудың өкпесі қысылса:
Балаларыма өсиет,
Қылмаңыздар кепиет.
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет, - деп бөлініп жарылудың, берекесіздіктің қандай апат әкелетінін жырлап өтті. Бірліктен айырылған сорлы қазақ ақыры жаңа қонысқа да орныға алмай, «Елім-айлап» «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшырады. Абылай хан тұсындағы сәттік үзілісті айтпағанда, XVIІІ ғасырдағы, күні бүгінге дейін тоқтаусыз, күңірене, зарлана айтылып келе жатқаны, «Елім-ай», «Аға-жай, Алтайдай жер қайда-ай» сияқты қаралы жоқтаулар қосылғаны баршаға аян.
Күллі Алаш баласы хормен айтқандай болған сол қаралы әуенге бүгінгі қазақ қаламгерлері ішінен ерекше айқын дауыспен үн қосқан ақынның бірі, әрі бірегейі Жәркен Бөдешов екенін даралап айтпасқа болмайды.
Жәркен поэзиясынан Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар шығармаларындағы асыл ойдың сұлбасын байқаймыз. Ол - бөлініп-жарылған қазақ халқының айықпас мұңы, шерменді шері, өксікті құсасы, қанды көз жасы, қасиетті Алаш Ордасына деген теңіздей терең сағыныш пен алау махаббаты сан-сала, сан ағыс болып құйыла келе Жәркен ақын тұлғасын даралап, поэзиясын әруақтандырып тұратын сияқты.
Жәркен поэзиясы - арысы Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жыраудан бастау алып, «зар заман деген сөз шықты, заманның қарай түріне», - деп зарлаған Шортанбай, Мұрат, Дулат, Базар жыраулар әруағын шақырып, кешегі күннен, гуннен туған Мағжан рухымен іштей де, тыстай да үндесіп жатқан, жалғасып, жарысып бара жатқан өрісті, кенеулі, шешен де көсем, қазақы-ұлттық поэзия. Басқамызға бірде жетсе, бірде жетпей жатқан дәстүршіл, халықтық «қара өлең» Жәркен ақында жетерлік.
Үйірінен бөлінген сайын сахарада адасқан көк бөрі көкке қарап мұңды, зарлы үнмен ұлып тұр. Серігін іздей ме, серуенін аңсай ма, әйтеуір, құсалы, арманды ұлу.
Көк түріктің көк бөрі ақыны оған үн қосады.
Туған жерден кеткелі,
Сағынышым көп тегі.
Айға қарап ұлыған,
Мен бір жалғыз көк бөрі.
Айға қарап ұлысам,
Ай сарғайып батады,
Күнге қарап ұлысам,
Күн сарғайып батады.
Бұл жыр жолдары бізді екі салалы ойға жетелейді. Алдымен - көркемдік ойлау мен бейнелеу тәсілінің тек қазақша-тұранша байырғылығы, одан кейін барып ақынның бөгде миллиондар арасында жүрсе де, жалғыздық зарын туған жер, ана жұртқа деген сағыныш мұңы меңдеткен қапалы көңіл-күйінен хабар беріп тұр. Мұндағы ақындық пафос - көк және сары түстердің бөлініп-жарылғандар зар-наласына символдық сипатта шендестерілуінде болса керек.
Дегенмен, мұндай эстетикалық пайыммен тұшынуға қол жеткізу үшін, оқырманның да қазақша-көк түрікше, тұрандық сезім-сезігіне салмақ салуға тура келер. Мәңгүрт талғаммен, орысша ойлау жүйесімен ақынды түсіну мүмкін еместігін айта кету жөн шығар. Жәркеннің мына өлеңін оқыңыз.
Шаңырағының биіктігін,
Шыққан күнмен өлшеген.
Керегесінің тұрған бойын,
Кер жыланмен өлшеген.
Арқанының ұзындығын,
Аққан сумен өлшеген,
Туырлығының тұтастығын,
Бүтін тумен өлшеген.
Қайран ата-бабалар -
Талғамы биік даналар.
Ақын өзінің неге бұлай ойлап, қиялдау себебін, яғни поэтикалық талғамын келесі өлеңінде былай білдіреді.
Мен ақын емеспін,
Тағдырым ақын.
Көктемдегі сағымдай сан құбылатын,
Жаным ұлы тау секілді.
Ұлары шуласа,
Өзені туласа,
Байғызы жыласа,
Тастары құласа,
Бораны аңыраса,
Орманы жамыраса,
Қасқыры ұлыса - жаңғыратын.
Мен ақын емеспін,
Тағдырым ақын.
Нағыз тапқырлық, ұшқыр ойлылық, бейнелілік, әрі тек қана қазақша - Мағжанша шалқу деп осындайды айтар болар. Табиғат пен ақын жанының үндесуі, халық тағдырының шендесуі қандай жарасым тауып тұр. Мұндай табиғилықты, ұлттық бояу нақышты:
Аттың жалында,
Түйенің қомында,
Оранып сағымға,
Даланың жонында,
Туыппын Жайырда, -
деп ағынан ақтарылған дала перзентінің төл жаратылысынан, тұрандық болмыс-бітімінен іздеу керек.
Мұндай пайым-талдауымызды перзентхананың ақ сейсебінің үстінде туған азаматтарымыз тура қабылдап, «мықты ақын болу үшін аттың жалы, түйенің қомында туу керек болды ғой» деп кекетуі де ғажап емес. Айтайын дегеніміз, мың-мың жылдық өмір салты, тұрмыс қалпы, әлеуметтік, отбасылық қарым-қатынасы өзінше қалыптасқан, эстетикалық талғам-түйсігі, сезім-сезігі, ойлау, бағалау, әспеттеу-мансұқтау өлшем таразысы өзгеше бөрілі байрАқты көк түрік ұрпағы - қазақтың тәңірілік ақыл ой мен поэтикалық шарқының Жәркен ақын поэзиясында жарқырай көрінуін дәлелдеу еді.
Әсілі, тарихи қайнардан, ұлттық болмыстан, көркемдік ойлау, қиялдаудан қол үзген, қайсы ұлттың өкілі жазғаны айқын парықталып, білінбейтін поэзия дегенді адамзат бүгінге дейін мойындай қойған жоқ.
Саясатты ат қылып мініп, жалған жаңашыл, интернационалшыл, адамзаттық ортақтықты жырлаушылардың айқай жарнамасы ендігі жерде ешкімді де алдарқата алмаса керек.
Жәркен поэзиясын тұтастай алғанда бөлініп-жарылған қилы тағдырлар, қиямет кешулер поэзиясы бола тұра, мазмұны жағынан мынадай үш үлкен тақырыпқа жіктей қарастыруды қажет етеді:
1. Бөлініп-жарылуға, отаннан қол үзуге мәжбүр еткен тарихи себептерге;
2. Туған жер, қара шаңырақты бір көруге зар болып еңірегендердің трагедиялы тағдырына;
3. Қара шаңырақтың босағасына табаны тиіп, қайта қауышуға қолы жеткен бақыттылардың көңіл күйі, қилы-қилы жағдаяттардың саяси, психологиялық, адамдық қарым-қатынастарына арналған өлең-толғау, поэмалары жатады.
Ақын «Біздің ауыл» атты өлеңінде дүниенің әр жерінде шашырап жүрген қазақтардың жай-күйін айта келіп, оның тағдыр таразысына үңіледі.
Сұрасаң, біздің ауыл сондай ауыл,
Далаға талай көшіп қонды-ай ауыл.
Түндігі желпілдеген құстай жеңіл,
Тағдыры білеу-білеу сондай ауыр.
Сол білеу-білеу ауыр тауқымет арқалауға мәжбүр еткен айыпкерлер, құныкерлерді басқа ұрып таңбалаған өлеңнің бірі «Ұлар жыраудың шекара бөлісін жүргізгенде айтқаны» екен.
Қарға тамыр елдігімді жат көріп,
Аш қасқырдай қос бүйірден тап беріп.
Айырдыңдар екіге бір жүректі қақ бөліп.
Арамызға шекара деген түсіп от,
Жалынына шарпылмаған кісі жоқ.
Жетім ботам боздап тұр.
Жетім құлыным кісінеп.
Бүйрегіндей сиырдың,
Бөлшек-бөлшек хал мынау.
Торығу, аңсау, зар жылау.
Ежен хан мен Ақ патша,
Обалымызға қалдың-ау.
Отаршыл жыртқыштар сенің обал-сауабыңды қайтсін? Жеріңді алып өзіңе тыныштық берер ме, түп-тамырыңмен қопара құртпай көңілі тынар ма? Сондықтан Ұлар жырау зарламай, кім зарласын?
Жанарым жайдай жарқылдап,
Намысым бөздей жыртылды.
Бір ұлым өлді қастықтан,
Бір ұлым өлді аштықтан.
Біреуі жатыр тас зынданның түбінде,
Біреуі кетті айдалып қызыл іңірде,
Біреуінің сүйегі қалды Тақламақан шөлінде,
Біреуінің сүйегі қалды Сібірде.
Толы едім, суалдым да, ортайдым.
Балғын едім, сіңір болып қартайдым.
Ақын бұл арқылы не айтпақшы? Ел басына күн туып, екі талай заман болғанда атам қазақ не істеуші еді? Ерлер ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алар, Алаш ақыны аруақ шақыра ақырып топқа кіруге, халқын аттанысқа келтірер отты, қаһарлы жырлар жазар болар.
Қосатын ұғұл туар ма?
Бөлінген елдің іргесін.
Айға білеп найзасын,
Асырған жаудан айласын.
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Әз Жәнібек, Ер Баян,
Ұрпақтары қайдасың, -
Бармысың-ау, қайдасың?
Осынау жан айқайы, құдіретті аруақтар жаңғырығы XIX ғасырда Ұлар жырауды қалай зілзалаға салса, XXI ғасыр табалдырығына қадам басқан сіз бен бізді де сондай сілкініске сала алатындығы сөзсіз. Ақындық қуаттан туған отты жыр берер әсер сондай болмақ.
Ақынның «Санадағы сарын» атты өлеңінде:
Жүректегі жан жырым,
Шым-шытырық тағдырым.
Бірде сөзім шырын бал,
Бірде сөзім қан жылым.
Көп қарадым қабаққа,
Аз қосылдым санатқа, -
деп кер заманға, кесір тағдырға өкпе-наласын білдіреді. Алаң көңіл, қайғылы жүрек шерін шертіп, пұшаймен күй кешеді мұңлығың.
Жасырайын несіне,
Қақ бөлінген несібе.
Бөліп беріп отырам,
Бір жүректі екіге.
Ана жақта - Анам бар,
Мына жақта - балам бар.
Мен анама алаңдап,
Анам маған алаңдар.
Алаң-алаң алаңмын,
Алаңдасам налармын.
Қиын екен жалғанда,
Алаңдауы адамның.
Ботадай боздап, бордай егіле беру - ақын рухына жат. Алаң көңілдің ауыртпалығын сезіне отырып, отандастарына, күллі Алашқа ой сала ізгі тілегін үндейді.
Не ойлайды осы жұрт,
Іске асар ма қос үміт.
Бүтінделер ме екенбіз,
Бөлінгендер қосылып.
Қор болмай босқын-қашқынға,
Жем болмай ит пен қасқырға,
Біз қашан түгелденерміз,
Бір шаңырақ астында? -
деген жырларын мінәжаттай жаттап қайталағың келеді.
Туған жер. Отан ананың қадірін шетте, жат елде жаутаңкөз болып жүрген мұңлықтан артық кім білген? Шерменде жүрек шерлене былай деп мұңды тілек айтса, сенбеуге хақың бар ма?
Менде бір тілек бар,
Толқындай бұлқынған,
Жүйріктей жұлқынған.
Ей, тәңірім, айырма.
Туған ел-жұртымнан.
Осындай жүрек жарды ақ тілекті, биік арманды періште көңілді барша отандастары өзіндей түсініп, өгейсімей бауырына тарта бермейтін тасбауырлықтан ақын жаны назалана, ашына жыр толғайды.
«Жансыз» деп,
«Ауған ел» деп,
«Қосжүрек» деп,
Естіген сөзім аз ба көрінгеннен.
Мен келсем келдім,
Туыс, бауырым деп.
Алатау, Арқа,
Сауырым деп.
Сенімсіздік пеен сергелдең әбден ығыр еткендіктен бе ақын жанын жаппарға тапсыра ант іше:
Қаныммен, жаныммен де қасам етем,
Сенімім саған деген ала бөтен.
Талап жеп қояр еді қасқыр тағдыр,
Егер де сен болмасаң Атамекен,
- деп ағынан ақтарылады.
Бұл жыр жолдарынан ақынның ала-бұртқан көңіл кегінен әлденеше ойдың сұлбасын байқауға болар. «Қасқыр тағдырға» жем болмай аман-сау оралған отандас-қандастардың көңіліндегі түйткіл де, өкпе-наз да, болашаққа деген нұрлы сенім де сыйып тұр.
Сонау бір құрлықтан ауып келген неміс пен іргеңнен басып келген орыс-орманды, қытай-шүршітті жатырқамаған аңқау қазағын большевиктік айтаққа арсалаңдап, қашанға дейін өз қандасың, бауыр етің туғаныңа ішің жылымай, қытымырлана сыртқа тебесің деп ақының сынап отыр. Жәркен ақынша бүгінгі айтылар жыр, тілер тілек біреу-ақ:
Шашылып кеткен қазақты жинап жер-көктен,
Бөрілі ала байрақты
Бөлінбеске белгі етсем,
Қуанар-дүр, бұл жүрек,
Қуанар-дүр, бұл жүрек.
Ақын өмірдің қарапайым талап-тілектерін қанағаттандырып, жұрт қатарына теңелуді ғана мұрат тұтып, пендешілік арбасын сүйрелемейді. Асқақ, әлемдік ұлы қазақ мемлекетінің мәртебесі үшін тер төгуді армандайды. «Наурыз жыры» атты өлеңінде қалыпты қарапайым табиғат құбылысынан үлкен ой түйеді:
Тудық, өлдік, не көрдік,
Көп сарғайып, аз көгердік.
Адамға, шіркін, бітсейші,
Тәңірге біткен шеберлік.
О, тәңірім, шебер-ді,
Күн менен түн теңелді.
Айтармын мен де бір күні
Еңсесі биік елдермен
Теңелдім ғой дегенді.
Ендігі ұлы, қазақы отаншылдық ұран да, ақ, адал перзенттік, ақындық тілек, арман да сол болуы заңды еді.
Өршіл асқақ арманды ақын тіпті жай теңесу, қатарға қосылуды қанағат етпей, ғарыштық жылдамдық алғысы келіп өрге тартады. «Кезек» туралы жырында:
Айтып тұрған бұл сөзім,
Түп-төркінін білші өзің.
Тарихтың тарлан сөзі еді -
Ендігі кезек бұйырса,
Ер түріктің кезегі.
Бәйгемді енді шаппай бер,
Тобығымнан қақпай бер.
Кезегі келген жұртымды,
Тіл-көзден тәңірім сақтай гөр,
- деп, ер түріктің ұлы Мағжанның жалаулы үмітін қайта көтеріп, бүгінгідей тоғыз жолдың торабына жеткен Алаштың бағдар-бағытына барлау жасай тілек тілейді.
Көп жағдайда адамдардың, әсіресе, қазақтың тарихи жады ұмытшақ әрі кешірімшіл. Тарихи қателіктерің араға уақыт салып, келесі бір ұрпақтар тұсында қайталанып жататыны да сондықтан болар. Бірақ бүгінгі ұрпақтың - барлық көресісін көріп, енді ғана көсегесі көгере бастаған ұрпақтың қателесуге хақысы жоқ. Бұл тұрғыдан сөз етіп отырған әдебиет, поэзия туралы айтарымыз - қайнарға, негізге, ұлттық, түркілік, тұрандық негізге қайта оралуымыз керек демекпіз. Қиян-қырдағы - Асан ата, Қорқыт бабадан бастап, Абай, Мағжан, Ахмет қатарлы ұлыларға бет бұрып, бой түзеуіміз керек. Сол данышпандар жасап қалдырған асыл өнеге, мектептер жетерлік. Тек ниетті, пиғылды, жүректі таза, түзу ұстап, батысқа - жатқа қисайып, қыңырайып қалған тоңмойынды Шығысқа - өзімізге қарай иіп әкелуіміз керек.
Егер қазақ поэзиясындағы Мағжандай жарық күніміздің нұр сәулесінен нәр алып, желкілдеп өсіп келе жатқан жас түлектер шығармашылығына назар аударсаңыз, құнарлы топырақтың киесіне тағзым етіп, ендігі кезектің шынында Ер түріктің - қазақтың кезегі келе жатқанына мың шүкіршілік еткендей боласың.
Тамшыдан теңізді көруге болатыны сияқты, жыр сүйер қауым мен сыншылардың назарына әлі іліне қоймаған Дархан Қыдыр Әліптегінің өткен 1992 жылы 2 қыркүйекте «Жас қазақ» газетінде жарияланған «Асыл тегім түрік-дүр» топтама өлеңдері дәлел бола алады.
Асырып айтар болсақ, Дархан қаламынан қазақ поэзиясының XXІ ғасырлық нышаны, көмескі тартқан Мағжан тұраншылдығы, ұлы түрікшілдік рухы атой салып, бір қиырдан шаң бергендей әсер алдық. Тәуелсіз елдің ұлдары ғана Дарханша асқақтай алатынына кәміл сендік.
Он сегіз жасар жас бөрің азуын айға білеп, күш жігер кернеген адуын екпінмен селдете жыр төгеді:
Асау шабыт келіп бір,
Көкірегімді керіп тұр.
Отқа оранған жастық шақ,
От жалынды беріп тұр.
Желіктір мені, желіктір.
Арынын бер ақынның,
Қаруын бер батырдың.
Келіп тұр менің жасын боп,
Жарқылдай көкке атылғым,
Аруағымды шақырғым...
Ақынды одан әрі тыңдап көріңіз:
Айға қарап көктегі,
Ішін тартып ұлығанда көк бөрі.
Мазалайды көп мені,
Бабалардың бөрі болып өткені.
Жауда кеткен кектері,
Қанды жасын төккені.
Қызыл қанға бөккені,
Жері үшін шаһит болып кеткені.
Серт етемін:
Бола алмасам көк бөрі,
Өмірімнің өксікпенен өткені.
Өз жерімде өзгелердің өрекпіп,
Өр кеудемнен тепкені,
Жүрегімнің шерменде боп кеткені.
Аспанымды торлады да қара бұлт,
Запыранға толды кеудем, кек керген.
Жүре бермей жүрегімді жара қып,
Айтарымды айтып кетем, текке өлмен.
Мұндай серт, ондай кектің үдесінен шығу - кім-кімге де оңай түспесі анық. Біз жас ақынның көпшілікке әлі таныс еместігін ескеріп, әрі өлеңнің серіппелі динамикасын, шабыт тасқынын әлсіретіп алмау мақсатында кейбір өлеңдерін тұтас келтіріп отырғанымызды ескерте кетелік.
Дархан өлеңінің табиғаты өршіл ұлы Тұран ақыны Мағжанның жастық шағын, «кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял» жебеген бұла шағын еске салады.
Сондықтан «серт етемін, бола алмасам көк бөрі, өмірімнің өксікпенен өткені» деп кесе айтады ол. Шамасы, жас ақының Мағжандық жол - тұраншыл, түрікшіл жолдың - ауыр да қатерлі жол екенін түсініп, анық біліп тұр-ау. «Айтарымды айтып кетем, текке өлмен» - деп шамырқануы соны білдірсе керек.
Ұлы Мағжан атасының «Пайғамбар», «Орал тауы», «Күншығыс», «Өткен күн» қатарлы адуын жырларынан шабыт алғаннан болар. Жас ақын да айға шауып шығандап кетеді:
Кәпірдің басар желігін,
Түріктің тарлан тегімін.
Тұғыры биік тәңірдің
Шайтанда кеткен кегімін - деп,
немесе:
Жүргісі келмей бұғып бір,
Шерменде жүрек ұлып тұр
Ислам менің рухымда,
Асыл тегім - түрік дүр, - деген жолдардың кеуде керген өр шабыттан туғанында дау жоқ.
Ұлы Мағжанмен қолына енді қалам алған бала Дарханды салыстыра әспеттегендей болғанымызды айып көрмеңіз, - «Ботаның кішкенелігі болмаса, аумаған түйе» депті бір аңқау. Көптен поэзиямыздағы Мағжан рухын - Ер түрік рухын аңсап, зарыққандықтың да, қазақ елінің азат ойлы әдебиетін жасар жас өркенді сағына күткендіктен де бала Дарханның аяқ алысы бізді ерекше қанаттандырып жібергені анық.
Жас ақынға тағы кезек беріп көрейікші. Ол енді бізді жаңа көкжиектерге жетелейді.
Ей, Аллам!
Тегімді танып, атырапты ұғып,
Кінәмді біліп, ақымақ қылық.
Түземек үшін - қайтадан бәрін,
Жарата көрші топырақ қылып.
Тас жүректердің қуануы үшін,
Имансыздардың нұр алуы үшін.
Тәубеге түсір, ұлы дүние.
Ұяты барлардан құралуы үшін.
Бұл тұста бала Дархан - уағызшы аға Дарханға айналып кеткен жоқ па?
«Әке тұрып ұл сөйлесе, ұлыңның ер жеткені» деген сүйініш сөзі осындайға айтылған болар.
Ендеше Дархан меңзеген жол қайда нұсқайды?
Атеизм мен коммунизмнің әзәзіл үгіті аздырып, мәңгүрттенген ұрпақты құтқарудың жолын қайдан, қалай табамыз? Таяудан бері ұлттық, мемлекеттік идеология жасаймыз деп ұрандап жүрген адамдар бала Дарханның пәк жүрегі, адал иманы тапқан исламдық, түркілік жолды жатырқамай, мұрын шүйірмей қабылдай алар ма екен? Егер қабылдай алмай, тағы ескі сүрлеуге түсіп коммунистік, христиандық, массондық мәңгүрттік идеологияның астарын тас қып, «ақ теріні көк тері қып» өткізуге барын салса, қайтпек керек? Жас ақынымыз мұндай шешуі қиын түйінге былай деп жауап береді.
Иә, Алла!
Жан беремін ақиқат шындық үшін.
Тіл бере гөр алмастай жарқылдаған.
Туылғам жоқ, өмірге құлдық үшін,
Жүрек бергін күрестен тартынбаған.
Жүрегіме жылу бер жалындаған,
Қазағымды арылтам, қайғы мұңнан.
Ала көрме шабытты арындаған,
Қалдырсаң да бар бақыт-байлығыңнан.
Иә, Аллам!
Асу жатыр алдымда алынбаған,
Көкейіме тыныс бер тарылмаған,
Сейілтейін қайғыны қалыңдаған,
Жүректерді оятам дамылдаған.
Әрине, Дархан керемет жаңалық ашып отырмағанымен, екінің бірі айтпақ түгіл, ойлай да қоймайтын батыл ой айтып отырғаны да анық.
Кәлимаға тілі келмек түгіл, қорықса да, қуанса да «боже мой, дай богу, слава богу» деп тақылдайтын замандастары кекете езу тартар да. Кезінде жап-жас Сұлтанмахмұт тайсалмай-ақ: «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам, Қараңғылықтың кегіне, күн болмағанда кім болам», - деп жар салғанда, талай «піскен бас», аппақ сақал-самайлар кекете күлген-ақ шығар. Жап-жас Дархан жүрегіне қолын қойып: «Иә, Аллам! Жүректерді оятсам, дамылдаған», - деп мінәжат етсе, тілегіңе жет жаңа талап, жас қазақ деу керек шығар.
Қазақтың кең даласында қаһарлы көк бөрі рухы, Тұран рухы, Абай, Мағжан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұттар рухы аруақтанып, атой салып тұрар болса, поэзия бақшасы да Мұқағали марқұм армандаған арам шөпсіз, жалған жұлдыздарсыз әдебиет әлеміне айналары сөзсіз. Жас өркен Дархан Қыдыр Әліптегінің сәтті қадамы жас Қазақ мемлекетінің, Мағжандар армандап кеткен ертеңінен зор үміт күттіреді.
Мағжан поэзиясы - өлмес-өшпес мәңгіліктің поэзиясы. Бұл мәңгілікті баянды етіп, оған күш-қуат, құдірет дарытып тұрған қасиетті көк түрік рухы, көк бөрі жебеген Алаш рухы еді. Ендеше өсер елдің, мәңгіліктен дәмесі бар талапкер ақындардың Мағжандар салған сара жолдан енді адасуға, көкте нұрын төгіп тұрған алтын күннің алау шапағын тосқысы келетін коммунистік, батырақтық, жандайшаптық, азғындық жолға түсуге хақысы жоқ.
Ұлы Мұқаң айтқандай, «Төзім деген жақсы қасиет, бірақ ұзақ төзуге өмір қысқа». Данышпан Мағжан ұлылығы халқымен қауышу үшін қысқа ғұмырында ұзақ күтті.
Ендігі күтіске, ендігі мәймөңкеге төзуге әсте болмас.
Бөлісу: