Рымғали Нұрғали: Мөлдір сезім, биік парасат

Бөлісу:

12.02.2016 7826

Рымғали Нұрғали.jpg


Халқымыздың от-жалынды, зор таланттарының бірі, ескінің күйреп, жаңаның туған, аумалы-төкпелі заманда өмір сүрген, ауыр тағдырды басынан кешкен, ақыры сталиндік репрессия кезінде мерт болған есіл боздақ ақын Мағжан Жұмабаев қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданының “Молодежный” совхозы жеріндегі Сасықкөл мекенінде іргелі, әйгілі шаңырақта 1893 жылы 15 май күні дүниеге келген. Өз әкесі Бекен, бабалары Жұмабай қажы, Шонай, Өтеген, Өтеміс бәрі де исі атығай ішінде даңқы шыққан белгілі, көшелі кісілер. Мағжан өзімен емшектес Мүсілім, Қаһарман, Мұқаметжан, Сәлімжан, Қалижан, Сабыржан, Күләндам, Гүлбарам деген бауырларымен құлын-тайдай тебісіп, анасы Гүлсімнің бауырында ауыл баласының қызықты, романтикаға толы тәтті, қимас шағын бірге өткізген. Кәрім, Мұқаметжан молдалар, Данияр қажы, Ахитден мұғалім – болашақ ақынның тілін сындырып хат танытқан, арабша, парсыша, түрікше, орысша оқытқан алғашқы ұстаздары. Алдымен Қызылжарда медреседе Хасен молдадан дәріс алған Мағжан Уфа қаласына барып, медресе Ғалияда татар халқының ұлы жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтан оқыды. Алғашқы әдеби тәжірибе басталып, тырнақалды, көк қауырсын жырлар тудырды.

Жаңа заман рухы бойын билеген, тырнақалды “Шолпан” (1921ж., Қазан) кітабы шыққан, асау жүрек, жас сұңқар орысша білім алуға ерекше талаптанып, 1913 жылы Омбы қаласына келіп, семинарияға түседі де, оны 1916 жылы бітіріп шығады.


Бұдан кейін ел өміріндегі ұлы оқиғалар жас азаматты, өршіл ақынды өзінің ұмар-жұмар, аласапыран көгала толқынына тартып әкетеді. Үш революция дүмпуі, Алаш қозғалысы, адасулар, дүниетанымдағы сілкіністер, қоғамдық-әлеуметтік тартыстардың поэзиядағы көріністері, жеке бастағы шырғалаңдар – осылардың баршасын көре жүріп, Мағжан да 1919 жылдың көктемінен бастап, советтік құрылысқа бел шешіп, білек сыба-нып кіріседі. Қызылжардағы “Бостандық туы” газетінде редак-тор болады (1919), Ташкентте Қазақ-қырғыз институтында сабақ береді (1922), Москвада Күншығыс баспасында аудар-машы болады, В. Брюсов атындағы көркем әдебиет институ-тында оқиды (1928), Бурабайда техникумда, Қызылжарда совет-партия мектебінде сабақ береді. 1929 жылы жазықсыз жала жабылып, түрмеге қамалады, содан Карелияға жер аударылады, М. Горькийдің және оның әйелі Е. Пешкованың араласуымен 1936 жылы айдаудан босап шыққанымен, қайта ушыққан репрессия тырнағына ілініп, жазықсыздан-жазықсыз 1938 жылы 19 мартта атылып кетеді. Өзі ғана емес, ағалары Мүсілім, Қаһар-ман, інісі Мұқаметжан да репрессия отына шалынады. Әкесі Бекен 1934 жылы, анасы Гүлсім 1943 жылы дүние салған.


Мағжаннан қалған әдеби-творчестволық мұраның көлемін, салаларын, сақталуына қатысты әңгімені нақты айтуға мүмкіндік бар. Талантты ақынның алғашқы өлеңдері Уфадағы, Омбыдағы қабырға газеттерінде, қолжазба журналдарда, өз кезіндегі мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып жүріп, көзге түседі, елеп-ескеріледі де, жұртшылық назарын аударады. 1912 жылы Қазанда “Шолпан” деген өлеңдер жинағы шыққанда, Мағжан он сегіз-он тоғыздардағы уылжып тұрған қыршын жас. Абай кітабының басылғанына үш-ақ жыл өткенін ескерсек, жас ақынның даңқы қазақ сахарасы аспанында қалай көтерілгенін ұғу қиынға соқпас. Бұдан кейінгі кезеңде дүниеге келген қазақ газет-журналдарының бетінде Мағжан шығармалары, 1929 жы-лы жаламен күйіп, абақтыға түскенге дейін, үздіксіз жарияланып тұрды. Негізінен ақын өлеңдері екі-ақ рет жинақталып, топталып, оқырман қолына тиді. Бірінші рет 1922 жылы Бернияз Күлеев Қазанда бастырып, екінші рет осы кітап толықтырылып Сұлтанбек Қожановтың алғы сөзімен 1923 жылы Ташкентте шықты. “Педагогика”, “Сауатты бол” (араб, латын әріптерімен бірнеше рет басылған) кітаптары, аудармалары басылды. Қысқасы, Мағжан Жұмабаевтың қаламгерлік сапары бас-аяғы жиырма жылға жетпей, тым ерте үзілді, он жылдай өмірі абақтыда, лагерьде қуғын-сүргінде, азап-қорлықта өтіп, ақыры 1938 жылы ажал оғы құлатты.


Көзі тірісінде ақынның атағы жалғыз Қазақстан емес, тіпті Өзбекстанға, Қырғызстанға, Татарстанға, Башқұртстанға түгел жайылып, сол тұстағы татар Ғалымжан Ибрагимов, өзбек Фитрат, Шолпан, қырғыз Қасым Тыныстанов, башқұрт Сайфи Құдаш Мағжан ақындығының дария ағысты, терең тұңғиығына назар аударса, қазақ топырағында сан алуан, кереғар пікірлер айтылды. Ахмет Байтұрсынов „Әдебиет танытқыш” (1926) кітабында қазақ өлеңінің табиғатын, құрылысын түсіндіру үшін Мағжан шығармаларынан көптеген мысалдар алады. Жүсіпбек Аймауытовтың „Мағжанның ақындығы туралы” деген зерттеу еңбегі – поэзия танудағы ғажайып эстетикалық биіктеріміздің бірі. Мұхтар Әуезов Мағжанды Абаймен қатар атап, сөзі бола-шаққа жететін ең үздік, заманынан озған жүйрік ақын санады. Ал Ғаббас Тоғжанов „Мағжанның ақындығы, Жүсіпбектің сыны”, Сәбит Мұқанов “ХХ ғасыр басындағы қазақ-әдебиеті” еңбектерінде Мағжан поэзиясының тереңіне бойламады. Сол сияқты дөрекі социологиялық өлшемдермен кетіп қалып, кей тұстар дәлелсіз саяси айып таққан әде-биетшілер, сыншылар болды.


Мағжанның көзі тірісінде барлық көркем шығармалары жинақталып, тұтас топталып басылып көрген емес. Бұл шаруа енді қолға алына бастады. Ақынның ең көлемді кітабы, қолтума еңбегі – 1923 жылы Ташкентте „Мағжан өлеңдері” деген атпен шыққан жинақ. Мұның сыртында “Шолпан” журналында жарияланған “Батыр Баян”, „Ақжол” газетінде басылған “Қорқыт”, “Ертек” поэмалары, “Еңбекші қазақ” газетінде жарық көрген “Тоқсанның тобы”, әртүрлі басылымда шыққан өлеңдері бар. Жұрт қолында жүрген, қолжазбасы сақталған басқа туындылар бар ма, жоқ па, әсіресе он жылға жуық қорлық-зомбылықта өткелектен өтіп, соры қайнаған, ырысы кетіп, ыңыршағы айналған кезде жазған туындыларынан не қалып, не қойды, дәл бүгін бұл сұрақтарға тап басып жауап беру қиын.


Қош, сонымен, қалың оқырман, қазіргі ұрпақ, болашақ буын үшін ақынның отыз жасында Ташкентте жарық көрген кіта-бының тарихи маңызы зор. Ақын поэзиясы, оның табиғаты, басты ерекшеліктері туралы бірер ауыз пікір-байламды, ой-тұжырымды біз де осы жинаққа сүйеніп айтамыз.


Мағжан бала күнінен халық фольклорын, ауыз әдебиетін, елдің дарынды сөзін бойына сіңіріп сумен қатар қаршадайынан арабша, орысша хат танып, артынан арнаулы оқу орындарын аяқтап, сүйегіне біткен сұңғыла, зерек, қиялшыл қасиеттеріне орай, Шығыс пен Батыстың поэзиясын терең біліп, көңілге то-қып, жүрекке ұялатып, бойына сіңіру арқасында таза талғаммен биік парасатқа, көркемдік нысанаға тіпті ерте жеткен. Ақын таланты шын мөлдір қасиетін сақтап, табиғат-ұста соққан қалпында қалған. Бала-бозбала, оқушы-шәкірт қолынан шыққан, әр нәрсенің басын шалған, шөпті де, шөңгені де өлең еткен әрекеттен ада, европалық үлгідегі мәдениетті ақынның қаламгерлік жолы басталған. Алғашқы күннен Мағжан қара-сөзбен айтуға болатын, мақаламен көмкеретін жәйттерге өлең арнамайды; үгіт-насихат сарынынан, ғақлия-өсиет мақамынан, терме-қисса арнасынан бойын мүлде аулақ салады; аз күндік ұранға ілесе жазылған қошемет, мадақ жыр, біреуді марапат-таған қолпаш өлең атымен жоқ. Тоқ етерін айтқанда, қазақ поэзиясының аспанына көтерілген жаңа жұлдыз – Мағжан салған жерден ақындықты көз жасы, жүрек қанынан сорғалайтын – асыл сөз, дарынды сөз, қасиетті өнер, шарапатты өнер деп біліп, бұл сапарды туған жерге, Отанға, халыққа қызмет етуге киелі жол санайды.


Жетсе егер қорқынышты қара түнім,

Басса дерт, әлім құрып, шықпай үнім.

Көңіл ашып кеудеме жан кіргізер

Өлең менің – шолпаным, айым, күнім –

деп толғауы тегін емес.

Ақын 1923 жылғы жинақты жеке тауарларға, бөлімдерге айдарлап, тақырыптап, бөліп-бөліп бермегенмен, кітап композициясы, өлеңдердің бірінен кейін бірінің берілуі ерекше ойластырылғанын аңғару қиын емес. Топтама “Көкшетау” өлеңімен басталады да, бұдан кейін “Жиіленді қара орман”, “Қысқы жолда”, “Жазғы жолда”, “Орман патшасы” (Гете - Жу-ковскийден), “Жазғы таң”, „Толқын”, „Күннің батуы” (Генрих Гейнеден), “Сарғайып келген егін толқынданса” (Лермонтовтан), “Жаз келді”, “Сыйлық”, “Жазғытұры”, “Жазғытұрым”, “Жазғы түнде”, “Жел”, “Толған ай” өлеңдері берілген. Бәрі де табиғатпен сырласудан туған толғанысты жырлар, көзіңді арбап, жүрегіңді тебірентетін мұңлы пейзаж, ғажайып суретші қолынан шыққан картина секілді; тізіп, шолып, термелеп айтқан, жер бедерін баяндай көрсеткен тұрмыс-салт көрінісі, маусым кескіні емес, қайта әртүрлі сезім-түйсік арқылы қабылданған психологиялық астарлы сырлары бар реалистік пейзаж үлгілеріне қоса кей тұста фантастикалық сурет, пері, періште, тәңір араласып кетеді. Әлем поэзиясы классиктерінің шығармалары қалай, менің туындым қалай дегендей, ақын әртүрлі үлгілерді қатар жарыстырып беріп отырады.


Ақынның суреткерлік құдіретін көрсететін сиқырлы өлеңдердің бірі “Толқын”. Ол мынадай жолдармен аяқталады:

Ерке бала былдырлап,

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап

Толқынды толқын қуады.

Күміс кәусар суымен.

Суының алтын буымен

Жарының бетін жуады.

Мөлдіретіп көз жасын

Жасымен жуып жартасын

Сүйіп сылқ-сылқ күледі

Жылағаны – күлгені,

Күлгені – оның өлгені,

Жылай, күлей өледі,

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,

Бірінің сырын бірі ұрлап,

Толқынды толқын қуады.

Жарына бал береді.

Береді де, өледі,

Өледі толқын – тынады.

Толқын біресе бала болса, біресе ғашыққа айналады, ең соңында өледі. Қандай қозғалыс, қандай әрекет жатыр. Астарлы ой, мегзеу идея, емеурін сарын қандай десеңізші!


Ақын шыққан аса биік эстетикалық тұғырдың бірі – пейзаж лирикасы. Халық әдебиетінен, Абай дәстүріндегі жыл маусым-дарына қатысты әлеуметтік терең сарындардан алынған үлгілерді дамыта келе Мағжан табиғат көріністерін бейнелеуде әлем поэзиясындағы классикалық тәжірибеге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады. Бұл топтағы жырларда кескін өнерінің тәсілдері, сәуле мен көлеңкені ойнату, уақыт пен кеңістік диалектикасын көрсету, панорама, плэнер, әртүрлі ракурс, этюд, түрлі астастыру принциптерін пайдаланғанын байқауға болады.


1923 жылғы кітаптағы пейзаж лирикасын ойлана оқып шыққанда, әрбір өлеңнің берілу тәртібінде зор мағына бар екенін аңғарасың. Алдымен жазғы не қысқы сахараның аумақты, мол көрінісі алдыңнан шығады: кең дала, асқар тау, саумал бұлақ, ақ қайың. Бірте-бірте ақын жалпы суреттен жеке бейнеге, нақты детальға, дәлді образға көшеді. Мұның үстіне ашық, жарқын, сәулелі бояулар азайып, қара, қорқынышты, үрейлі таңбалар молаяды, дауыл соғады, нөсер төгеді, боран ұлиды. Ақырында аштан бұралған, үсіп өлген, түтекте адасқан, ажал жұтқан пенде. Әуелде кісіге дос, жақын, етене табиғат бірте-бірте тасбауыр тартады, өлімге пейіл береді. Қуаныштан, рахаттан, ләззаттан басталған пәк дүние соңы – апат, қырғын, зобалаң, нәубет, селебе.


Осындай күрделі, қат-қабат көзқарас, өмір-болмысты, табиғат – ортаны екі ұдай болып жарылған, ақыры құрдыммен аяқталған қар-қырғын трагедиялық сипатта көру – үлкен ақынның көркемдік танымындағы тұтас суреткерлік жүйе екенін ашып айту керек.


Жинақтағы ғашықтық жырлар “Р. альбомына” деген өлеңнен басталады. Альбомға жазу формасы да – европалық үлгі. Бұдан кейін “Көңілде қайғы қалдырмас”, “Жұлдызды – жүзік, айды – алқа қып берейін”, “Көңіліңді ашар”, “Сәуле”, “Гүлсім ханымға”, “Гүлсімге”, “Бұлбұл”, “Құр қалыппын”, “Хор сипатты қарындас”, “Жан жарымды бір сүйейін түсімде”, “Күміс нұрлы ай”, “Сен сұлу”, „Шолпан”, „Екі бетің сұлу қыз” (Гейне-Фет), “Сүй, жан сәулем”, “Төгілген шашы”, „Біраз Фетше”, „Н. ға”, “Ес кірген соң”, “Сүйгенім анық”, „Жас сұлуға”, “К. ға”, “Айырылдым сенен, жан сәулем” (Гете), “Махаббат не?”, “Р. ға”, “Сүйгеніме”, “Зат”, “З. ға”, “Айрылғанда”, “Тірілдім” өлеңдері берілген. Бәрі де – төгіліп тұрған махаббат лирикасы. Мағжанның Мағжан атын шығарған, халық аузында жатталып кеткен әйгілі өлеңдер. Бұл шығармаларда сан алуан психологиялық күй-сезімдер мол, адам жанының неше түрлі тылсым сырлары, ләззатты минуттар, азапты түндер, қоштасулар, тосулар, жыр-тылып айырылу, қайта табысу сәттері, қуаныштың жасы, қайғы-ның қаны, жүрек толқыны – міне үлкен ақын осының бәрін алдыңа жайып салады. Оқыған сайын тереңіне тарта берер, әлем поэзиясының ең озық үздік үлгілерімен қатар тұрар жырлар:


Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да,

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін

Патша тағы, бүкіл дүние малына.

Мағжан поэзиясының мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жал-ғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны – махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық хикаясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдаса ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр дүниелері.


Ақын лирикасындағы қыз, әйел қай жағынан алғанда да жі-гітпен, еркекпен тең, иықтас, деңгейлес. Көп ретте әйел адамгер-шілік, ізгілік, махаббат сезімдері тұрғысынан суреткер үшін дүниедегі ең қасиетті, ең ардақты, ең құрметті адам, торыққан, қиналған, тапталған кездерінде медет сұрап, сыр бөлісіп, қайы-рым тілеп, әйелге тіл қатады, ақтық демі таусылып, ажал тырнағына ілінер сәтте де айтылар сөз сүйген жарға, туған анаға арналады.


Ғашықтық сезімнің сан алуан толқындары: ұнату, құлай сүю, бір көргеннен құлап түсу, ұзақ уақыт сүйіспеншілік зарын кешу, ләззат рахатына бату, ажырасу азабын тарту, айырылып күйзелу, тіл таба алмай торығу, бір кездесуге құмарту, жалт еткен ықылас, түңіле безіну, махаббат жолында жан қию, ерлі-зайыпты, қоңыр тірлік, батаға адалдық, неке су iшшісу, жастықтың әр кезеңі, қызықшылық, серілік, ұйқысыз түндер, тоқырау, тәубаға келу, отбасы, ошақ қасына қарап қалу – осы алуандас сезімдер, күйлер, мұң-қайғылар Мағжан өлеңдерінде жеке адамдардың тұтас тағдыры, көзден жас, жүректен қан, тілден уағызған сырлар болып төгіледі.


Еріксіздік азабына, түрме тауқыметіне арналған шығармалар шоғыры “Сағындым” өлеңінен басталады да, “Жел”, “Тілегім”, “Жауға түскен жанға”, “Тұтқын” (Лермонтов), “Әбу Фарастан”, “Күн шығады да, батады” (М. Горький), “Айға” туындыларымен қосылып, тұтас цикл құрайды.


Абақтыда айды, күнді жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

Қарашығым, құлыным деп зарлаған

Алыстағы сорлы анамды сағындым...

Алтын күнді, қара жерді сағындым,

Жан жолдасым жүйрік желді сағындым.

Асау тайдай еркелетіп өсірген

Ағайынды, туған елді сағындым...

Қазағымды, қалың елді сағындым,

Сарыарқамды сайран жерді сағындым.

Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті

Арқадағы айдын көлді сағындым,

деген жолдарды жазған Мағжан өзінің қайғылы тағдырын күні бұрын сәуегейлікпен болжаған секілді. Ал „Оқжетпестің қиясында” өлеңінде:


Бұлтты айдап, сылдыратып сумен ойнап,

Ерке жел тасты құшып, сылқ-сылқ күлді.

Аллалап ну қарағай шулай-шулай,

Төменде тулай-тулай толқын өлді, – деген керемет образ жасайды.

Философиялық, трагедиялық жырлар, шерлі, мұңды толғаулар “Жан сөзі”, өлеңінен кейін берілген. Олар: “Ой”, “Ауыру”, “Жұлдыздарға”, “Сағат”, “Ж. ға”, “Ф. ға”, “Шылым”, “Александр Блок”, “Н. альбомына”, “Алдамшы өмір”, “Күзді күні”, “Мені, өлім, әлдиле”, „Сарғайдым”, „Ғазизаға”, „Қайғылы сұлуға”, „Домбыра”, „Зарлы сұлу”, “Жәмила”, “Шын сорлы”, “Жас келін”, “Алданған сұлу”, “Тілегім”, “Әйел”, “Түн еді”, “Жарыма”, “Қарындасқа”, “Орамал”, “Батқан күн, атқан таңның жыры”, “Сүйемін”, әсіресе “Жан сөзінде” ақынның қайғы-қасіретке толы өмірі, келешек ұрпақпен ашық тілдескен, іштей ақтарыла төгілген бір сәті бар; бұл – қазақ поэзиясында кейін Қасымның “Өзім туралы”, Мұқағалидің “Жан азасы. Реквием” шығармаларына ұласатын терең трагедиялық арна, ұлы сарын.


Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған

Молама көз қырын да салмас па екен.

Дариға, сол күндерде күнім қараң,

Қазақ елім, бір ауыз сөзім саған.

Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы

Кінәні жүрекке қой, қойма маған, –

деген сөздер дәл бүгін де естіліп тұрғандай.

Ел басына түскен зор нәубет, қанды кесапат, улы селебе – он алтыншы жыл оқиғасына арналған шығармалар көркемдік сипатымен, терең идеясымен, шебер кескінімен дараланып оқшау тұр. Келіншектің толғау-монологы сипатында жазылған жыр – бастан-аяқ бір шабыттан туған, көңіл-күйдің қағазға түсе салған суреті.


Қайғы батты жаныма,

Уға толды жас жүрек.

Орамалды жарыма

Бітірем қашан кестелеп.

Күз сарғайтты қайыңды

Мен де бірге сарғайдым.

Қара бұлт жауып айымды

Жылаймын, күйем, зарлаймын –

деп басталатын өлеңде ақынның поэтикалық лексикасында жиі қолданылатын, көбінесе тұтас образ, символға айналып кететін сөздер бар. Олар: қайғы, жан, у, жас жүрек, күз, қайың, сарғаю, қара бұлт, ай, жылау, күю, зарлау. Кейін қазақ поэзиясында „орамал” сөзі солдат сағынышының символына айналды, Мағ-жан бастап берген сарынды көптеген ақындар қайта жырлады, әсіресе ¦лы Отан соғысы туралы жазылған өлеңдерде бұл әуез көп қайталанды.


Ақынның күрделі өмір құбылыстарын, тарихи кезеңдерді бейнелейтін, реалистік сипаттармен қоса, символдық, мистикалық, фантастикалық сарындарға бой алдыратын аса күрделі өлеңдері – “Тәңірі”, “Жаралы жан”, “Оқжетпестің қия-сында”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Күз” бір сала болса, „Бесік жыры”, “Туған жер”, “Туған жерім – Сасықкөл”, “Анама”, “Жазды күні қалада”, “Айда атыңды, Сәрсенбай” шығармалары екінші арнаны құрайды. Ал ежелгі этностар тұтастығын, исі түркі бірлігін жырлайтын “Өткен күн”, “Тез барам”, „Жер жүзіне”, “Орал”, “Орал тауы”, “Жер жүзін топан басса екен”, “Алыстағы бауырыма”, “Түркiстан”, “Күншығыс”, “От”, “Пайғамбар” өлеңдерінің ырғақ, сөз жүйесіндегі құйылып тұрған ғажайып көркемдікті көрсете отырып, кей тұста ұшырасып қалатын дүниетаным қайшылықтарын айтпай кетуге болмайды. Сол сияқты “Батыр Баян”, “Қорқыт”, “Ертек” секілді шығармалар үстірт, аттүсті қарауды көтермейді, олардағы тарихи-эстетикалық концепцияларды, образдар жүйесін, идеялық-философиялық сарындарды терең зерттеп, көп толғанып барып, пайымдау керек.


Қазақ лирикасында үлкен көркемдік жаңалық ашып, соны әсемдік арналарды негіздеп, әсіресе Европа, орыс әдебиетіндегі ізденістерді, бағыттарды ұлттық топыраққа батыл да еркін енгізген Мағжан эпикалық жанрда поэманың ықшам формаларын қалыптастырды. Бір қарағанда, тақырыптық тұрғы-дан алғанда, алып-жұлып, әкетіп бара жатқан ерекшелік көрін-бейтін секілді: “Қойлыбайдың қобызы”, “Қорқыт”, “Түркiстан”, “Оқжетпестің қиясында”, “Батыр Баян” – аңызға, тарихи белгілі оқиғаларға, “Жүсіпхан”, “Өтірік ертек” – шығыс сюжетіне, мысал, тұспалға құрылған. Ішкі мазмұн тұрғысынан келгенде бұл шығармалардың бәрінде де халықтық аңыз, тарихи дерек, ежелгі әңгіме сарындары өзгере құбылып, жаңа сипатта эстетикалық желі тартады.


Мағжан фольклорды игеруде соны жол, жаңа бағыт ашты, қайта жырлау, назира, сарындау емес, түп-түгел тосын, биік асқақ көркемдік жүйелер жасады.


Ең бастысы, ақын ықшамдық, сұлулық, философиялық талаптарды, бейнелілік, суреттілік шарттарын бірінші қатарға шығарды. “Қойлыбайдың қобызында” фантастикалық күйлер, бәйгеге қобыз қосу көрінісі ғажап шебер бейнеленеді; “Қорқытта” өмір мен өлім арпалысы, мәңгілік үшін күрес, өнердің өлместікке апарар киелі қасиеті жыр етіледі, “Жүсіпханда” тұлғамен тобыр, мансап пен ождан диалектикасы, “Өтірік ертекте” мысал, тұспал әдісімен берілген әлеуметтік тартыс сыры бар.


Фольклорда, тіпті жазба әдебиеттің өзінде қазақ ұғымын-дағы дәстүрлі батырдың айқын, анық кескіні белгілі: ел қорғау жолында жанын береді, жолбарыс жүрек; дүдәмал, шәктену, күдіктену деген жоқ, бір қимылдың, бір әрекеттің, бір ерліктің адамы. Жаңа заманда, үлкен эстетикалық әдеби мектептерден сабақ алып, өз бағытын тапқан зор талантты, ғаламат шабытты, биік мәдениетті қаламгер аңыздан, фольклордан негізгі оқиға сорабын, сюжет арнасын ғана ала отырып, мүлде тың тартыс, орасан қақтығыс-қайшылықтар тоғысына құрылған жаңа сипаттағы, ең бастысы реалистік трагедиялық поэма шарттарына, жанрдың классикалық заңдылықтарына жауап беретін, қазақ поэзиясындағы аса көркем, терең, ғажайып шығармалардың бірін тудырған.


Патша заманында отаршылдық тепкіні, ұлттық езгіні көрген, ал лениндік нормалар бұзылған жылдарда сталиндік қанқұйлы қуғын-сүргін бұлты басына төнген Мағжан жүрегін қайғының қара толқыны басып, шерлі, мұңлы жырлар төгілді. Әділет-сіздікке, зорлық-зомбылыққа деген қарсылық, тақымына қыл бұрау түскен періште-шындықтың шырқырауы – ақынның жәдігөйлік, жағымпаздық, келісімпаздық дертіне шалдықпаған жігерлі, қайратты, намысты толғауларындағы сарындар “Батыр Баян” поэмасында бір арнаға құйып, бұрқырай тасқындады. Таразының екі басы тең емес, әрине, бір жағада – сұм дүниенің зілзаласы, екінші жағада – ботадай еңіреген ақын жүрек. Қолы ғана емес, жаны, рухы, қызыл тілі кісендеулі шандулы, шыр-маулы, тордағы жыршы жүрегінен – қан, көзінен – жас ағыза отырып, зарлайды, жылайды, сонда да тапталып, жаншылып қалмай, бас көтереді, қарсылық білдіреді, атой салады. Зорлық-зомбылық, әділетсіздік зілдей басқанмен, бәрі-бір шындықты таптай алмайды, ақынның асыл сөзін, келешекке деген үмітін үзе алмайды, түптеп келгенде, ақын мәңгілікке, өлместікке, бостандыққа, еркіндікке сенеді, сол рухты сезім, кісілікті ой алдында өзінің оқырманын имандай ұйытады.


Ақын оқырманға жан сырын ашып салады, жүрек тереңінде жатқан құпиясын ақтарады. Ол қоғамдық, әлеуметтік мұратты халқының өткен күндерінен, азаттық үшін күрескен ерлерінің тағдырынан табады. Бұл ретте тарихи тұлғаларды әдеби образ-ға, көркем бейнеге айналдырады. Сондықтан ақын шығарма-ларындағы кейбір тұлғалар туралы ойлар, ақындық толғамдар тарихи деректермен, ғылыми пікірлермен, тіпті бүгінгі тарих-намалық концепциялармен дәл келмей жатуы мүмкін. Поэма сюжеті екі арнада дамиды. Бірі – Абылай хан, оның айналасын-дағы белгілі батырлар, олардың қалмақ шапқыншылығына қарсы бүкіл халықтық күреске қатысуы, Шоқан Уәлиханов жазатын әйгілі оқиға. Бұл бағыт ақындық шолу қалпында, суретті жөргем түрінде беріледі. Екінші арна, әділіне келгенде, шығарманың күре тамыры – батыр Баянның қалмақ елін шауып, Бөбек қызды қолға түсіруі, оған ғашық болу хикаяты. Сорға қарай, Бөбек қыз батыр Баянның інісі ер Ноянмен көңіл қосады, екі жас ғашық болып табысып, жарасады да, қайын жұрт батасын алмақ ниетпен қалмақ еліне тартады. Бір жағынан, қызғаныш сезімі өртеген, екінші жағынан, туған інісі тұтқын қыз соңынан кеткені үшін намыстан күйген батыр Баян басындағы психологиялық күйзелісті, қат-қабат құбылысты ақын өз басындағы шындықтармен заман мен ақын, тарих пен ақын, ел намысы және махаббат, туыс сезімі және қызғаныш тәріздес шытырман әуездермен астастыра, құлпырта, толқыта, тербете бейнелеген. Трагедиялық ситуация, шекспирлік жағдай, дантелік қарым-құлаш достоевскийлік екпін еске түседі. Қан, қазаны, ғаламат күйзелісті көрсеткен “Батыр Баян”, түптеп келгенде, рухани сеніммен, келешекке көз тіккен үмітті серпінмен аяқталады.


Қазақ фольклорында, ауыз әдебиетінде, ақын-жыраулар поэзиясында өмір мен өлімнің беттесуі, тіршілік пен ажал айтысы терең арна тартқан емес. Оның үстіне мұсылмандық шарттар бұ дүниеден гөрі о дүниені мәңгілік, қасиетті орын етіп көрсеткендіктен де, ХІХ ғасырда шыққан жазба әдебиетінің өкілдері де өлім тақырыбына терең бойлап бара алған жоқ. Абайдың рухтың мәңгілігі, болашақ ұрпақпен сырласу хақында терең тебіреніспен жазған өлеңдері, Кемпірбайдың, Әсеттің тіршілікпен қоштасуы секілді үздік туындылар бір төбе.


Мағжан поэзиясындағы көкжал толқынның, көкала ағыстың бірі – өмір мен өлім, тіршілік пен ажал айқасы, екеуінің бетпе-бет келуі. Данте, Гете сарындары, Байрон, Пушкин, Лермонтов әуездері, Блок, Фет, Мережковский ырғақтары түйісіп, тоғысып келіп, қазақ ақынының қайғысына қайғы қосып, жүрегін тербеп, жаңа, соны, бой түршiгердей күйлер тудырған. Періште, тәңір, пайғамбар, құдай, көк аспан жер, ай, жолбарыс, арыстан, толқын, жел, теңіз, өзен, алдаспан, алмас қылыш, тұлпар, жүрек – міне осы секілді көптеген сөздер, ұғымдар Мағжан поэзиясында үнемі қайталанып отырады, олардың жинақтаушылық эстетикалық, ал образдың символдық, көркемдік орасан зор мәні бар. Өз ортасынан үздік шығып, уақыттан озып, кезеңінде замандастарына танылмай, жұмбақ болып, арада көп мезгіл өткесін, көп дүние өзгергеннен кейін жаңа қауыммен емірене табысқан өнер иелері әр халықта, әр топырақта, әр ғасырда бар болса, Мағжан поэзия-сының бірқыдыру сыры осы арнадан табылса керек.


Ақынның күнделікті, мезгілдік, науқандық, тіпті анығын айтқанда, таптық күрес, тартыс талабына орайлас елгезек, үгіттік, насихаттық шығармалар жазудан бойын мүлде аулақ салуы таң қалдырады: тақырып таңдау, өлең объектісіне келгенде ерекше талғампаздық, өзін-өзі саналы түрде шектеуді көреміз. Ал бірақ, әлем поэзиясындағы ұлы шайырлар үнемі жыр еткен мәңгілік тақырыптар, мәңгілік образдар, мәңгілік сарындар қазақ ақынының жанын мазалайды: жарыса бейнелеу, бой теңестіру үстінде туған әуендес туындылар өз алдына, аршынды дарын асқақ шабытпен еркін көсілген кейбір тұстарда адам таңғаларлық ғашықтық, сүйіспеншілік, ізгілік, мұңлы қайғы, текті қасіретті толғаған сом алтындай саф дүниелерді бұрқыратып жазып тастайды. Үш революцияның, аласапыран дәуірдің, саяси төңкерістердің қоғамдық-әлеуметтік өзгеріс-тердің, санадағы сілкіністердің ықпал-әсерімен күнделікті іс-әрекет, талап-тілек, уақыт сұранысы өнер атаулыны өзіне баурап алған, публицистикалық, саяси ұрандар, ұғым-категориялар, байлам-тұжырымдар әдебиеттің барлық саласына ентелеп кірген заманның өзінде Мағжан поэзияның зеңгір көкпен, тәңір пайғамбармен мәңгі тілдескен заңғар шыңындай болып, таза ақындықты сақтады, ол бір тақырыптың, бір кезеңнің, тіпті бір таптың жыршысы болып кетпей, уақыттардың желі құлата алмайтын алтын діңгек, әлемдік, планетарлық әуез-сарындармен тамырлас өлмес туындылар берген ұлттық ақын, интерна-ционалист суреткер болып қала берді.


Мағжан Жұмабаевтың қайта құру, жариялылық заманында оралып келуінің бір сыры оның әсемдік әлеміндегі жаңаша эстетикалық, философиялық-көркемдік ойлау жүйесінің ерекшелігінде жатыр. Қазіргі қазақ оқырманы дүние жүзі әдебиетінің сан алуан қайнар бұлағынан, өзен, дариясынан, теңіз, мұхитынан сусындаған, толып жатқан көркемдік-эстетикалық ізденістер төркінін айыра білетін, өлімді жеңетін, мәңгілік мұраттар үшін қызмет ететін асыл поэзияның қадір-қасиетіне жеткен оқырман Мағжан шығармаларымен емірене табысатынына сеніміміз кәміл.


Алпыс жылдан астам Мағжан шығармаларына ресми түрде тыйым салынып, оның еңбектері жұрт қолынан жиналып алынды, өртелді: ондай кітаптарды сақтаған адамдар басын қатерге тікті, үлкен кітапханалар қоймасындағы темір тор ішін-дегі құлыпты сандықтарды ашқызып, арнайы тізімге ілініп, жүрегінде түгі барлар ғана оқыр еді. Қаншама қиямет күндер туғанымен, бір керемет нәрсе, Мағжан өлеңдері, поэмалары ел арасына фольклор шығармалары секілді тез тарап, халық жүрегінде, жұрттың ой-санасында, елдің ақыл-зердесінде қалып қойған еді, – оны жоюға сталиндік репрессияның күші жетпеді. Біреуден біреу естіп, қолма-қол жаттап алып таратты; халық өлеңдерінің әуенімен шырқалды. Бертін келе қолдан көшірілген, машинкаға басылған нұсқалар тарап жүрді. Сондықтан Мағжанмен қатар жасасқан аға буын, оның алдын көріп, сабақ алған шәкірттерін былай қойғанда, кейінгі ұрпақ қаламгерлері де ақын мұрасынан хабардар еді...


Орыс әдебиетінде қысталаң, қиын кезеңде Сергей Есенин шығармалары жұртшылық арасына қалай тараса, Мағжан Жұмабаев туындылары да біздің ортамызда сондай хал кешті десек, мұнымыз өтірік емес. Әсіресе партияның ХХ съезінен кейін, жеке адамға табыну айыпталып, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, басқа да ғазиз жандар ақталып, қатарға қосылған тұста, Мағжанды тірілту күресі басталған-ды.


Бұл орайда Қазақ мемлекеттік университетінің профессор-лары Бейсенбай Кенжебаевтың, Хайролла Махмутовтың, Темірғали Нұртазиннің әлеуметтік пікір қозғау арқылы шындыққа жету әрекеттері, Мағжан шығармаларын орыс тіліне аударып, бастыру арқылы ақиқатты дәлелдемек болған Ілияс Омаров, Иван Шухов, Ахмет Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Александр Жовтис қимылдары нәтиже беру орнына бірқатар келеңсіз жағдайлар туғызды. Осы орайда арнаулы орындарға, үлкен мансапты қызметкерлерге хат жолдап, тарихи фактілер, әдеби текст күшімен Мағжанды қатарға қоспаққа тырысқан башқұрт ақыны Сайфи Құдаштың өзі қуғынға ұшырады. Мұны айтасыз, қылмысы жоқтығы айтылып, заңды түрде 1960 жылы ақталғаны туралы шешім шықса да, оны елеген, ескерген кісі жоқ, әлдекімдердің „азаматтық ақталу”, „саяси ақталу” деген желеу-лері тағы да отыз жыл дарынды ақынның жолында үлкен тос-қауыл, бөгет болды.


Бірақ “Алтын кез қап түбінде жатпас” дегендей, Мағжан халқына қайта оралды. Мөлдір сезім, биік парасатпен сағына қауыштық.



                                                                                                                                                                         Рымғали Нұрғали


"Мағжан әлемі" кітабынан алынған

Бөлісу:

Көп оқылғандар