Мұхтар Әуезов: «...МАҒЖАНДЫ СҮЙЕМІН!»

Бөлісу:

12.02.2016 13457



Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған «Абай» деген сөз «Қазақ» деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар секілді. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып кіндік кескен жерді сүюмен барабар болатыны бар.


Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда бұл бір заманның тегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып, күндегі өмірінің тереңін терген ақын болмайды, заманынан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін.


«Мағжан әлемі» кітабынан

Бөлісу:

Көп оқылғандар