Зейнолла Әкімжанов: Қазақ жырының пайғамбары
Бөлісу:
Тағдыры, тауқыметі, тар жол, тайғақ кешуі мол, тартқан азабы мол, тозақ кешкен, мұңлық ақын, тамаша дарын Мағжан Жұмабаев шығармашылығы турасында сөз қозғаудың өзі батпан тартады десем, асыра айтқандық емес. Мен мұнымен баяндамамның салмағын арттырайын демеймін, керісінше осынау үлкен тақырыпқа қалам тартарда жеріне жеткізіп айта аламын ба деген секем мен үміт араласқан жауапкершілік жүгінен жүрексінгенімді сездіргім келеді. Өйткені, қашанда көзін көріп, үнін естімеген адам хақында, оның шығармашылық дарыны, ақындық күш-қуаты жайында сырттай сөз ету аса оңай емес. Бізді мұндай күйге түсіріп отырғаны да ақындық ғұмырына осыдан алпыс жылдай бұрын уақыт бұғалық салынып, өмірі қиылған аяулы ақынның жырларының қаншама уақыттар бойы санамызға сіңбеуі ғой.
Жасыратын несі бар, Мағжан дүлей, озбыр күштің құрбандығы болған жалғыз, дара дарын емес. Мұндай ұқсас тағдырлар басқа да әдебиеттерде, жалпы ғаламдық мәдениетте жеткілікті. Бұлардың басындағы ортақ зобалаңы да сол – қара күштің бауырына басқан озбыр, аужар, заманның құлақкесті құлы болмай, көкейдегі ақиқатты шынайы дарынға ғана тән қайсарлықпен ақтық демі таусылғанша айта білгендігінде. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, қай уақыттарда, қашанда болмасын ұлы төңкерістер ұлы құрбандықтар жасаған. Өйткені белгілі бір төңкеріс белгілі бір дәуірді орнатады. Демек, жаңа дәуірдің өзіне тән заңы, көксеген мақсат-мүддесі, ой-өрісі, сол мақсат-мүддені алға ұстап, соған қызмет ететін идеологиясы болады. Ресейде ескі дәуірді құлатып, жаңа большевиктік өкімет билік төріне шыққан да большевиктік идеология да ілесе келгенін ешкім теріске шығармаса керек. Жаңа кезеңге бұрынғы идеология, оның ішкі заңдылықтары қызмет етпейтін болғаны рас. Бұл үшін ескіні құлатып, жаңаны орнықтыру қажет болды. Алайда, расында да, Ресейде сол кезде шығармашылықты, мәдениетті, ғылымды, қысқасы бүкіл рухани дүниені пролетарлық дүниенің ырқына бағындырудан басқа тәсіл болды ма, өзі? Мұның пролетариат диктатурасы күштеп, білекпен, шекеге таянған тапаншамен жасалғаны жасырын емес. Өйткені, Лениннің өзі “Біз үшін заң деген не? Заң біз үшін үстем таптың еркін білдіреді. Демек, біздің заң – пролетариат диктатурасы!” деген болатын. Осыдан барып, әдебиеттің партиялылығы деген шықты. Мұның өзі шығармашылық күш-қуатты, жалпы творчество адамын байлап-матап, партияны, пролетариат диктатурасын мадақтаудың жолы болды. Міне, Ресейдегі ¦лы қазан төңкерісінің әкелген басты зияны осы деп білу керек. Біз қазір шығармашылық, жалпы рухани байлықтарға осындай озбырлық жасалғанынан шошынып, көптеген тамаша орыс зиялылары шет елдерге ат-тонын ала қашып, бас сауғалап аман қалғанын біліп отырмыз. Олар қарақан бастарын ғана аман сақтап қалған жоқ, сонымен бірге өз идеяларын, өз мақсат-мүдделерін, озбырлыққа қимайтын еркін шығармашылық серпіндерін, жүректегі ізгі арман, сезімдерін мына күштен сақтау үшін қашқаны анық.
Ал Ресейде жаңадан күш-қуат дарыған жас пролетарлық мәдениет осы пролетарлық мақсаттардың тегерішін тегеурінді түрде айналдыра бастады. Сөйтіп, РАПП (Пролетар жазушылардың Ресей ассоциациясы) құрылды. Одан қазақ даласы да құр қалған жоқ. Бізде айқай-шуға, жаға жыртпауға жетіп қалған дау-дамай өрістеп берді. Сөйтіп РАПП-тың Қазақстандағы көшірмесі ҚазАП дүниеге келді. Бұлардың екеуінің де ұраны “Бізге ермегеннің бәрі бізге дұшпан” деген болды. Сөйтіп, шет елге қашпаған, алайда жүрегінде тулаған шымыр жанға ешқандай пролетарлық астар, сипат бермеген ақындар сол ұраншылдардың жауы болып шыға келді. Қашанда рухани дүниені допша тепкілеп, астына басып алатын сияқты алпарыстар әлжуаз, әл-дәрмені қораш, алайда ақиқатқа ғана бас иетін шынайы шығармашылық адамдарды шетқақпай қылып тастады. Тысқары сытылып кетпегендердің көбі көсемдерді мақтап, партияға табынып, сол озбыр заманның Оразбайларының ығына тығылып өң, сипатын өзгертіп күн кешті. Қазір орыс әдебиетінде әйгілі революция жаршысы Маяковскийдің тұлғасы күн сайын солғындап бара жатқаны сол кезеңнің бүгінгі күнге жеткені тарихи шындық болып отыр. Әйтпесе саяси плакаттарға өлең шығарып, көсемді мақтап “Ленин” деп дастан жазып, заманды марапаттап көзін жұма салып, “Жақсы” деген дастанымен дауылдата “Орақты, балғалы!” дәуірге табынып күн кешер ме еді? Болмаса етік, бәтеңке сататындар дүкендерге ұрандап:
Жауын жауын,
Жауасың сен негізсіз.
Мен бәрібір
Жүрмеймін ғой кебіссіз,- деп өлең жазар ма ақын?!
Бұл енді, шынайы жүректен тумаған, тапсырмамен жазылған өлең екені даусыз ақиқат қой.
Алайда ақындардың бәрі Демьян Бедный яки Маяковский болмағанына тарих айғақ. Орыс әдебиетінде ондайлар жеткілікті. Мысалға Александр Блок пен Сергей Есенинді алсақ та болды. Әсіресе, соңғысы ноқта , құрық тимеген шу асаудай арындап, төңкерісті мойындағысы келмеді, мойындамады да. Содан барып, өз өмірін өзі қиды. Алайда оны Ресейді, Отанын сүймеді деп ешкім де айта алмаса керек.
Жырым, енді айғағы емес өр үннің,
Өзім де өлдім, біттім, тындым, көмілдім,- дейді ол “Советтік Русь ” деген жырында.
Осы жырында ол:
Шаруаның комсомолы келеді,
Айтатыны Демьян Бедный өлеңі.
Өзгерістер болып жатыр не деген,
Белсенділер шырқайтыны сол өлең,
деп жүрегі сыздай сыр шертеді.
Міне, кейіндері орыстың осы ұлы ақынына төңкерісті түсінбеді, оны жүрегі сезінбеді деген айдар тағып берді. Әстеде олай емес, өлең үшін ғана жаратылған ақын, жырына саяси жағымпаздықты қоса алмаған, жүрегі оған дауламаған ақын, сол төңкерісті түсінгісі келмейтіні, оны қабылдамайтыны тарихи ақиқат.
Ендеше Мағжан тағдырын да осындай сипатпен бағалау ләзім. Өйткені, Қазақстанда “Кіші Октябрь” сонау “¦лы Октябрьдің ” ойранын жасап жатқан. Белсенділердің, саяси жағымпаздардың неше атасы шығып, еркін дарынға, самғау талантқа құрық тастап, зорлап, байлап-матап әкеліп, пролетариат әдебиетінің азаншысына айналдырмақ болды. Мағжан да, Ахмет Байтұрсынов та, Міржақып Дулатов та, басқа да зиялы адамдар да пролетарлық дүниенің заңдылығына бас ие қоймады. Шәкәрім болса да қоғамнан жырылып, оқшау тірлік іздеп, тау-тасты кезіп, өз алдына пәтуана күй кешті. Ақыры ол да оққа ұшып, жүректегі өзіндік ғұмыры, болмысы идеясы үшін мерт болды.
Замандағы осындай қиян-кескі құйтырқы заңдылықтардың бұғалығына басын имеген Мағжан, әрине, оқшау қалады. Оған үнін өшіру, даусын шығармау үшін “Байшыл”, “Түрікшіл”, “Ескі дәуірді көксеуші”, “Хандардың жоқтаушысы” деген неше түрлі бәлелердің ошағанша жабысуы осы тұс болатын. Ендеше, Мағжанды “ұлтшыл ақын, сол ұлтшылдығы үшін өліп кетті!” деп айтқан сөз орынсыз. Анығында, Мағжан өзінің саяси жағымпаздықтан тысқары, одан әлдеқайда асқақ та самғай тұрған жыршылдық бостандығына бола мерт болды деу орынды да қисынды.
Сөз жоқ, Мағжан өз тұсындағы һәм одан бұрынғы классикалық әдебиетті жетік білген. Оған дүниедегі ең таңдаулы ақындар, жазушылар сара жол нұсқап, адамгершілік пен адамзат баласы алдындағы парыздың мұрагер- мүдделерін мирас етіп бергені анық. Ол өзінің айналаны жетік танып – біле бастаған зеректігінің арқасында осы мұралардан ана төсінен нәр алғандай еркін еміп шындалғаны да бүгінгі бас иіп, тағзым етерлік сипаты. Сөйтіп, ол қазақ жырына жүрек шымырлатар сазымен, нәрімен және жаңа үрдістерімен үйлескен өлеңдерді әкеліп қосып берді. Оның ертегілердегі сағаттап емес, минуттап өсетін батырлар сынды тез жетілгені ақындық қуат- күші ересен. Ол жаңа, өзіне дейін ешкім айтпаған, ешкім қозғамаған тақырыптарды тыңнан кескіндеп, сезімге әсерлі ересен шумақтарды төгілтеді. Ол қуатты ағын, күшті дауыл іспетті бірде олай лықсып, бірде былай үйіріп, жырдың күш-қуатын аспанға асқақ көтеріп жіберді. Оның көптеген жырларын замандастары дұрыс аңғармай яки астарын, ішкі серпініне сезіне алмай, бұрынғы қарапайым қалыптан асып кеткен жаңашылдық үрдісін ұға алмай, әуре-сарсаң болса, немесе тіпті қызғанса, сол жырлардың теріс бұрмаласа қайтеді? Әйтпесе соңында:
“Толқыннан толқын қуады,
Толқынды толқын қуады.
Толқын мен толқын жарысад,
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен,
Жарысып жарға барысад“
деген тамаша әрі филисофиялық, әрі суреткерлік сұңғылалығына сұқтанар ма еді? Сұқтанады, сүймейді, қызғанады. “Осыны мен неге айтпадым, япырмау, мынау қалай көсіледі, бауыры қалай жазылады, жыр тұлпары қалай-қалай тепсінеді, зырлайды!” деген сұғанақ көздер болмады ма? Әрине, ондайлар жетіп жатты. Міне, солар Мағжанды түсінбегенсіп іліп-шалды. Содан барып оның тамаша жыры жүнін жұлған қырғауылша қораш күйге түсіріліп, жырға саяси астар тағып, ақынды оттың ортасын лақтырды. Соның салдарынан “Толқын ” өлеңінің тонын айналдырылып:
“Иваннан Иван туады,
Иванды Иван қуады.
Екі Иван төбелесіп,
Бір Иван құлады ”-
деген саяси пародиямен Мағжанды ұрып жығады. Сонда өңі теріс бұрмаланған өлеңнің астары “Мағжан толқынды емес, орысты мазақ қылып жазып отыр. Міне, бұл өлеңде осындай астар бар? ” деген пасық пиғылды бықсытып , отқа май құяды.
Бұл фәниде адамға ең ащы қиянат оны қоршаған ортасының түсінбеуі болса керек. Мұндай қиянат, әсіресе, шығармашылық адамның ауыр тиері даусыз. Тағы да орыс әдебиетіне жүгінсек, Пушкин де, Лермонтов та өздерін айналасындағылардың түсінгісі келмегендігінің құрбаны болып, оққа ұшқаны мәлім. Өйткені, мұндай қиянат оларға жоғарыдан жасалғаны анық еді ғой. Содан барып Лермонтов Пушкинге “Өлді ақын, ар-намыстың құрбаны” деп жыр арнаған. Ал Мағжанға ара түскен кім бар еді? Алаштың сүт бетінде қаймақтарын озбырлықтың ожауы іліп алып, құртып жатқанда бас сауғалаған төменгі тобырсымақтан ондай қауқар-қайрат табылар ма еді? Қайта қара күшке дауа болғандардың артынан кесек атып, қара күйені қалыңдатып, «Жұмабаевшина», «Дулатовшина», «Байтұрсыновшина», «Бөкейхановшиналарды» көбейткен бейбақтар соларды оққа байлап, аман қалды.
Ал Мағжанның ұлы ақын, ұлы философ екендігі жөніндегі айғақтар мен дәйектемелер кейінгі жылдардың, ақын ақталған кездегі күндердің әні. Әйтпесе «Абай – ақылдың ақыны, Мағжан-ақынның ақыны» Ақын ретінде Мағжан Абайдан мықты!» деген сөздер сол шақтарда айтылса, бұл Лермонтовтың Пушкинге араша тұрғанымен бірдей ерлік болар еді ғой.
Осы ретте Мағжанның ақындығы туралы тамаша дарындылықпен, асқан білімпаздықпен жылы жүрек лебізін арнаған Жүсіпбек Аймауытов, оның асқан дарындылық дәрменіне бас иіп, тағзым етіп өткен Мұхтар Әуезов сөздері қайран қалдырды. Осы орайда манадан бері біз сөз етіп отырған қарама-қайшылықты-ақын шығармашылығына екідай пікірді – Жүсіпбек Аймауытов жақсы көре білген. «Мағжан өлеңдерін аса құнттап, бұлдап жарыққа шығаратын Мағжаншылар да бар, іске алғысыз қылып өртеп жіберу керек дейтіндер де бар. Қысқасы, Мағжанның қасы да, досы дабар, мақтаушылар нені біліп мақтап ждүр, жамандаушылар не үшін жамандап жүр?».
Міне осының өзі Мағжан поэзиясына деген пікірлердің саналуандығын сездіреді. Меніңше, сол кездері Мағжанның өлеңдерін таптық көзқараспен, саяси бағдармен топшылағандар ішкі дүниесіне үңіле білгендер ондағы жанартаудай жарқырап, аспанға от шашып жатқан күш-қуатты танып, көре білген.
Осыдан барып, Мағжанның сыршылдық, жыршылдық дүниесінен біз нені көріп, нені таңдап аламыз, несіне сүйсінеміз деген ой өздігінен келіп шығады. Сонда әуелі Мағжанның жағашылдық сипатын алдымен атап алуға болады. Бұл жаңашылдық формалық өзгерістерде емес, оның лирикаға жаңа эмоциялық серпін әкелуінде жатыр-ау деп топшылауға болады. Осы тұста бір айта кететіні – Мағжан еліктегіш ақын. Алайда еліктей отырып та ол өзіндік сара жолмен кетеді. Сонда ол жақсы ұстаздан дәріс алып, ақыр-соңында оның өзінен асып түскен, озып шыққан дарынды шәкірт болып қалады.
Күншығыстан таң келеді, мен келем,
Көк күңіренеді мен де көктей күңіренем.
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем.
Бұл шумақ ақынның әйгілі «Пайғамбар» атты жырынан алынған бір сыр іспетті. Мұндағы ақынның романтикалық рухы, өзіне өзі қуат беруі ерекше де ересен. Ақын ойы қиялға сілтеп келеді, қанаты талмай көк жүзін қиялай құлаш созады. Қысқасы, шабыт атты қас тұлпардың тізгініақынның қос қолында. Бұған дейін қазақ поэтикасында дәл осылайша, нақ Мағжанша екпінмен, лирикалық сезімталдықпен, өзіне өзі қуат, күш бере жырлаған ақынды табу қиын.
Қайғыланба, соқыр-сорлы, шекпе зар,
Мен –Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар.
Осы орайда тағы бір мәрте Мағжанға өзге әдебиеттердің, әсіресе Байронның романтикалық жырларының мықты әсері болғанын атап айту орынды. Одан бері де орыстың романтикалық стильдегі ақындарынан дәріс алғаны тағы да сезіледі. Алайда Мағжан олардан асып түседі де өлеңдеріне ішкі қуат пен сыртқы сұлулықты қатар үйлестіреді.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Мағжан лиризмі жалаң емес, онда бірқатар суреткерлік қырлары қатар қамтылады. Мағжан өз тарихын тамаша білген ақын. Міне, бұған дейінде өз тұстары арасында да оны Мағжаннан артық жазған ақын болған емес. Мағжан өзінің түп атасы түрік екендігін, арғы тамыры Гүнде жатқанын қаймықпай жазған. Және де соны әдемі, сезімге зор эмоциялық әсері бар шумақтармен шырайлы ере білген. «Күншығыс», «От», «Жер жүзіне», «Түркістан» сияқты өлеңдерінде осылайша ата-тегін, шыққан жұртын мақтан ететін қанатты ойлар көп-ақ. Мағжандағы ақындық дүр қуаттың да дауылдағы сыры осы туған жерден, ата тектен нәр ала самғап кетуі екені әбден аңғарылады.
Осы айтылғандардан туатын бір қорытынды мынау: Мағжан жырында өзін-өзі дәріптеуі емес, өзіне өзі қайрат беру, өзін өзі шыңдау шебер өріледі. Оның айқын мысалы «Мен кіммін?» деген өлеңі.
Арыстаным, айбатыма кім шыдар,
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте-бұлт, жерде-желмен гулеген,
Жел еркесі-желдің жөнін кіс сұрар?
Көкте-Күнмін,көпке нұрым шашамын,
Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын.
Шеті, түбі жоқ теңізбін қаракөк
Ерігемін-толқып, шалқып, тасамын!
Ақын жанын ұға білген адам осының бәрі анық, осының бәрі ақиқат, қисынды дүние дер еді. Егер нақ осылайша сезінбесе Мағжан Жұмабаев болмауы да ғажап еді. Бірақ, табиғат Мағжанға сыйлаған осындай пафос, ерлік, ерлік оның жүрегінен дауылды жыр болып, пәрменділік әлеміне алып барады. Жалпы ақындардың осылайша өршіп, шалқып кетуі тегін емес. Мысалы Ұлы Пушкин «Ескерткіш»- өлеңінде өзіне жырмен ескерткіш орнатқан, сол ескерткіштің Александр патша мүсінінен де биіктеп кеткенін, болашақта мен туралы дәріп, мақтау, мадақ сөз бар әлемге тарайды. Мені түптің-түбінде славян да, тунгус та, қалмақ та аузынан тастамайды!» деп көрегендік жасаса-мұны оған ақындық болмысы мен сәуегейлігі итермелеп отыр деу керек. Ендеше, Мағжан да өзінің Күн екендігін, Тәңір екендігін тайға таңба басқандай танытып-ақ кеткен. Және де мұны айтқанда Мағжан отызға да жетпеген екен. Біздіңше айтқанда балаң ақынның жас шамасы. Алайда Мағжан сол кездің өзінде қалыптасып, пісіп, жетілгені анық сезіледі. Демек, бұл да оның ақындық дарындылығының табиғи заңдылығы.
Мағжанның тамаша өлеңдерінің бірі - «Жан сөзі». Оның бұл өлеңі жиырма алты жасында жазылғаны жырдағы «Енді бір ай жиырма жеті жасқа келем» деген жолынан -ақаңғарылады. Ақын осы жырында лирикалық сұлулықпен бүкіл тағдырына саяхат жасайды. Өзінен-өзі нықақ күйген кездерін де, жоқтан төгілген көз жасын да, сағынышты жоқшылық пен оғаштықта, оқшаулықта өткен жырларына өкінішпен жазғандай болады осы жырды. Осы «Жан сөзі» ақынның бүкіл адами ақындық тұлғасының таразысы іспеттес көрінеді. Бұл жырда ақынның романтикалық, серпінді шағынан гөрі басына пендешіліктің қара бұлты үйірілген, достан құрып, дұшпан күліп, жер болған, жанары төменшік тартқан, желкенін жел кермеген, шабыты суалған шағында нақ ұсталатын 1929 жылғы кезіндегі сыры атойлайды. Өлеңмен өзіне-өзі сұрақ, жауап анкетасын беріп, ақын:
Дариға, сол күндерде күнің қараң,
Қазақ елім, бір ауыз сөзім саған.
Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,
Кінәні жүрекке қой, қойма маған!
Мені атама, бұл жүрек - жынды дерсің,
Ұмытылған аламын деп Күнді дерсің.
«Сүйіп-күліп, күйіп көз жасын төгіп,
Жынды жүрек өлді де тынды!» дерсің,- деп
егілгендей болса бұл оның соңғы сөзі, елімен, жұртымен қоштасу сөзі деп білген жөн осы өлеңді. Бұл жыр-ақынның болашаққа, мына қазіргі заман жұртына арнауы деп бағаланса құба-құб!
Мағжан лирикасындағы ендігі бір ерекше жасылған жыр- «Мені де өлім , әлдиле» Үрдіс, мүсінделуі жағынан қазақ жырындағы өзге өлеңдерден өзгеше бұл жыр ішкі композициясы бөлек, оқылуға жеңіл болғанымен ойы, мұрат-мақсаты зіл-батпан, жаныңды езіп, көңілді құлазытатын шымыр да шыншыл. Мағжан торыға отырып, үміт артады., үмітіне отырып торығады. Адам басына бермейтін бір ауыр мұң, шер арқалайды. Соңғы екі тармағы:
«Мені де өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!»
деп аяқталып отыратын осы жырдағы риторика тәтті мұңды қияңқы қарсылықпен мазақ қылған ақынның көңіл-күйін анық ұқтырады.
Егер Мағжанның махаббат лирикасын айтпасақ онда Мағжанның асқан лирик екендігін айғақтамағандығымыз болар еді. Бұл тұрғыдан Мағжан қазақтың сүйіспеншілік жырларына сара жолды салып бергені анық аксиома.
Сүйіспеншілік жырларын жазуда Мағжан алдына жан салмаған тайпалған жүйрік екені оның осы тақырыптағы қай өлеңінен болсын сезіледі. Бұл жөнінде ол Абайдан да биік тұр. Ол әйел затын ессіз сүйіп, махаббат отына күләлсіз, күмәнсіз беріле күйіп, сол ыстық сезімді қызуы қашпаған күйінде жып-жылы жырларымен кестелеп беретін тамаша суреткер.
Махаббат сезімі осы уақытта атойлап, осы кезде шырын сезім бірте-бірте күшейген ағындай шымыр сезімге айналып жүре береді. Пушкин де, Абай да махаббат лирикасын беріле жазғаны айғақты. Бірі Анна Кернге, бірі Тоғжанға арналған өлең жырлар қалған.
Мағжан сезімінен де осындай мәңгілік жырлар жасалып, ғұмыр-тірлігі осындай ұзақ болып қала береді. Мағжанның махаббат лирикасы шыншыл, қазіргі кейбір ақындардай бесігінен бүлініп, бүлдіріп тастап, соны шатпақтап өлеңге айналдырып жатқан жасанды махаббат, жалған сезім емес, ақын шындығы екендігіне бас иесің.
Келші, кезім, күн бетіңді көрейін,
Сүйші, сәулем, тұңшығып бір өлейін.
Жет жұлдызым жылжып қана жібектей,
Жұлдызды-жүзік, айды алқа ғып берейін
Немесе «Сүй, жан, сәулем» өлеңіндегі:
Шашың-қара, денең-ақ бұлт, жүзің-Ай,
Тісің меруерт, көзің -сәуле, құралай
Ләззат, рахат, бақыт бәрі қойныңда
Сұрамаймын енді Ұжымақ-жақсы жай!,
я болмаса «Гүлсім ханымға» өлеңіндегі:
«Бота көз, сиқырлы сөз, ханым Гүлсім
Көктегі Күн күлмесін, Гүлсім күлсін.
Гүлсім-күн, көкте ақырын жүзе білед-
Сүйдіріп, күйдіргенің қайдан білсін!»
деген жолдардағы шолпы сылдырындай сезім, бұлақ суындай кәусәр тазалық Мағжан Гүлсіміне ескерткіш, махаббат мүсіні емес деп кім айтар! Гүлсім Мағжанның махаббат биігі, сүйіспеншілік пен сезімінің шыңы. Сондықтан да осы – Гүлсім Камалованы оқыған, зиялы, әсем жанды, сұлу дидарлы періштені Мағжанның Анна Керні, Тоғжаны деп білеміз.
Осы айтылғандарға қайталап бір соқсақ, махаббат лирикасында Мағжан өз топырағымыздан әрі асып, кез келген ең дүр, ең жетілген, ең биік әдебиеттің қандайда бір үлкен дүр жыршысымен бәсекеге түсе алады.
Бұл жырларда Маған сүйе отырып көз жасын төгеді, сұлуға жан сырын ақтарады, өмір- тағдырынан елестерді алға тартады. Оның басынан өтіп жатқан оқиғалар осы сырлы сезімдерде ағытыла отыра мына бір сияқты оқырмандарына ақын тағдыры тап болған кезеңдерді көрсетеді. Міне, сонысымен де Мағжан лирикасы шыншылдықтың биік шынарындай асқақ самғап, биіктен қол бұлғайды.
Сөз жоқ, Мағжанның лирикалық күш-қуатын айғақтап жазылып тамаша жырларын түгелімен саралап, оның басынан ала құйын алуан сезімдерді тізіп шығу мүмкін емес. Мағжан эпикалық құлашы кең де ақын.Сонымен бірге сыршыл, оқиғаны суреттегіш, ауқымы, алымы кең тұлпар ақын. Осының бәрі де оның жырларында , дастандарында төгіліп, тізіліп тұр.
Мағжан лирикасындағы тамаша сөз жүйріктігі, тіл шешендігі, ой алғырлығы, кескіндеуші күш-қуат – бәрі де осы шумаққа жиылып келіп құйылып жатқандай емес пе?
Мағжан өзі еліктегіш ақын еді. Оны Жүсіпбек Аймауытов айқын айғақтап береді.
Мағжанға еліктегендер қазір шығып жатса, бұл кесел емес, қуаныш, оны тану, оған табыну деп білген жөн. Сөз жоқ, Мағжан-қазақ жырының пайғамбары, ұлттың ұлы ақыны. Ал пайғамбарға табыну, ұлыға қызығу әбес емес, әдемі сезім, бас ию, тәнті болу әрекеті.Ендеше мен де «Кенесары» дастанымды жазғанда Мағжанға еліктедім. Мағжан көзімен, Мағжан жүрегімен сөйлегім келді. Алайда өз сезімімді, өз сөзімді айтуға талпындым.
Осы ретте мен Мағжанның «Оқжетпестің қиясында» атты дастаны еренше қасиеттілігімен, асқақ суретшілігімен әсер, пәрменді ықпал ететінін қуанышпен жариялаймын. Ер Кененің ерен тұлғасын мүсіндеу үшін бұдан асқақ сабақ, дәріс қажет емес еді. Мұнда Мағжанның мақтанышы да, мұңы да, сыршылдығы да, сезімшілдігі де – қамшының өріміндей жымдасып, көз жауын алып , жүректі тербеп өрілген екен.
Көкшені күндіз-түні мұнар басқан,
Қап-қара бұлттарменен құшақтасқан.
Алдында бұйра жалды бөлек тау тұр
Көкшеге қосылмаққа қойын ашқан.
Мөп-мөлдір дөп-дөңгелек көл ортада
Жел ойнап, ақ бетінде меруерт шашқан.
Сол көлдің жағасында Оқжетпес бар
Жасаған мұнарадай құйып тастан!
Неткен ғажап сыр, неткен жыр, сурет дейміз бе? Әрине.
Ендеше осы бір суретшілдік тәсілге мен де бой ұрдым. Мен ұлы Мағжанға бас ие отырып, оған ердім. Ол мені осы сезіммен жетектеп, жанына ертіп жүрді. Маған «Былай жаз, анадай кесте сал, мынадай бояу қос, былайша әрле, былайша кескінде!» деп үйретіп отырады.
"Мағжан әлемі" кітабынан алынған
Бөлісу: