Айгүл Кемелбаева: Мағжанның поэзиясы

Бөлісу:

12.02.2016 7792




Мағжан Жұмабаев

Дүниенің мағынасы сөз. Сөздің құдіреті шексіз болмағын тап осылай қабылдауға болар. Мәдениеті мен тұрмысының негізі сөз өнерінен өрбитін көшпенді нәсілдің ақынға әсте кенде болмасы заңды.


Мағжанның ақындық жаратылысын суреттеуге сырлы сөз, байыпты бояу таппай қиналасың. Жұмақ құсындай құлпырған, махаббат сезіміндей тылсым поэзия. Мағжанның суреткерлік құбылысын тануға әдемі, салтанатты теңеулердің бәрі тарлық қылып, адыра қалатын тәрізді. Мағжанның көркемдік көкжиегі Тайбурылдың шабысындай. Оның күн дидарлы нұрлы өлеңдерінің жалғаны, осалы жоқ, құдды табиғат стихиясындай. Сондықтан ол туралы табынбай, шабыттанбай сөз айту неғайбыл дүние. Мұхтар мен Жүсіпбек Мағжанның өлеңі хақында тебіренбей, майдай ерімей сөз айтқан емес. Мағжан феноменін ақ-адал түйсінген Мұхтар мен Жүсіпбек жүрекжарды лебіздерін ұрпақ санасына құйып кетуді парыз санаған. Өйткені ол үшеуі шыңдағы ұялардан түлеп ұшқан жас қырандардай әдебиет көгіндегі заманы бір, тілегі бір, рухы бір алыптар тобынан болды.


Мағжанның ақындығы арнасына сымай лықситыны сонша, онда Абайдан бүтіндей алынған сөйлемдер кездеседі, бұл оның қазақ өлеңіне енгізген стильдік ерекшелігі, себебі, оның өлеңінің бисмилләсі Абай.


Масатыдай құлпырған жердің жүзі,

Аяқ бассаң – табанға өтер сызы, -

деп жазды ол «Күз» атты өлеңінде. Білгенге маржан, Абайға еліктеу дәстүршілдік пен үйрену мектебі болған. Мағжанға жыраулар поэзиясының нөсерлеткен, дауылдатқан, жалғанды жалпағынан орайтын стилі тән:


Бұл қымыздың арғы атасын сұрасаң,

Құлаша қулық бие сүті еді.

Томсарған ерке қазақтың асы еді,

- дейді «Қымыз» атты этнографиялық өлеңінде фольклордың иісін

аңқытып, сонда ол ертегідей тәтті, әуезді естіледі құлаққа, ұлттық сипаты қанық.


Көшпенді қазақтың маңдайын күн сүйген, айдарынан жел ескен қыр баласы діншілдікті жан-жүрегімен түйсінбейтіні білінеді. Бірақ Алланы сүю, Аллашылдық Мағжанның күллі суреткерлігінің, жаратылысының кепілі. Кей азамат сол сүйіспеншілігін өзі де сезбейтін сияқты.


Мағжанда ұлтшылдық сарын, дәстүршілдік күшті. Сөйте тұра ол белгілі бір шеңберге симайтын ақын. Адамзатқа ортақ дүниелер мен ұғымдарға бүйрегі бұра беретіні сол себепті.


«От» атты өлеңінде Мағжанның дүниетанымының кеңдігі сонша, пәлсапасының неше атасы осы өлеңнің өн бойына сиып та, жарасып та тұрғаны таң қалдырады.


Күннен туған баламын...

Біртүрлі қызық. Бал тілді балғын бөбектің тілімен сөйлейді ақын, ал ұлы мұраттарды уағыздайды, түрікшілдік идеясын тазалық ұғымымен ұштастырды, өйткені балада қисын (логика) күшті.


«Күннен тудым» деу адамзат аңызының қайнар көзі, оның нәресте шағында туған солярлық мифтердің де сәулесі. Таураттағы Самсон бейнесі күн нұрын персонификациялаудан туғаны сияқты бұл мән-мағынасы ұшан-теңіз таным дүниесі, ежелгі зороастризм дініндегі отқа табынушылардың гимні десе де лайық, көне түркі тайпаларының шартарапқа таралуы десе де артығы жоқ, қатпар-қабаты көп, көркем пафосқа құрылған сұлу жыр.


Өйткені Мағжан космостық, ғарыштық сананың суреткері. Өлеңдері асқақтап, жалындай шалқып, жер мен көкті орап тұрады.


Көктің сансыз көздері,

Алдамаңдар ойнақтап.

Шақырғанмен бара алман,

Бұлт, тез шық та, бетін жап!

Бұл шумақ оның «Жұлдыздарға» атты өлеңінен,. Орыс поэзиясынан «тысячеглазая ночь» тәрізді теңеу, әлбетте, еске сап ете қалары даусыз.


Мағжан ірі өлшемдермен ойланған ақын. Бұл өлеңнің ғаламаты сонда, ғаламшар мен адамның пропорциясы мұнда бар. Ақын аяғы жерде, көңілі көкте, дәрменсіздігін сезінуі оның руханибиіктігіне тең. Өлеңде түпсіз тұңғиық ғарышта құм түйіршігіндей болса да адамзат нәсілінің сезімтал болмысы, тулап соққан беймаза жүрегі көркем, кестелі бейнеленген. Топырақтан жаралып топыраққа аыналатын, табаны жерден ажырамауға үкім етілген адам баласының жаны, қиял-арманы шартарап дүниені, беймәлім көркемдіктерді, үйлесімді аңсап шарқ ұруы. Орындалма арманының салдарынан қапа-мұң шегіп, ақыры – Жаратушы Аллаға, неге солай жараттың? – деп өкпе назын білдіруі қандай нәзік берілген:


Жаратқан соң жерден сен,

Берсеңші жердей тыныш жан.

Өйткені ақын кей мезет өзінің «сезгіш жүрек, ұшқыр жанын» ауырсынатынын мүлде жасырғысы жоқ. Абайдың «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деуіне ұқсас. Осы ойдың ұшығын Мағжан өзінің «Батыр Баян» поэмасының басында пысықтайды: «Сұм өмір абақты ғой саналыға».


Орта ғасырларда дүние оянғанда, жаһанның тірегі – адам философиясы туды. Мағжан сол гуманистік идеяны осы өлеңінде жаңғыртса да Батыс философиясындағы адам баласының санасын тұрмыс билеп, өз бойынан аса алмайтын шарасыз күйін, ажалды пенде екендігін мойындап қана қоймай, мойынсұнып жазғаны және анық.


Адамды аласартып қор қылатын бейшара күй – ол құдайсыздық, сенімнің болмауы, керісінше, биіктетіп, зор қылатын қасиеті – құдайшылдығы болса керек.


Күн астындағы әлемді дүр сілкіндірген идеализм мен материализмнің қақтығысуында, зұлымдық пен ізгіліктің теке тірес шарпысуында шынайы суреткер әманда ұлы сенім иесі. Мағжан рухани өмірдің жақтаушысы ғана емес, жыршысы болған ақын.


Білген емес иман деген не нәрсе,

«Қарын» деген сөзді ғана жаттаған.

Мағжан «Пайғамбар» атты өлеңінде Батыс мәдениетінің бірнеше ғасырлық мағынасын сидырып жіберген құдіретті ақын.


Жүсіпбек Аймауытов Мағжанның орыс әдебиетінен көп үйренгенін, еліктегенін қадап айтты. Орыстың ұлы ақындарының ішінен қазақ ақындарына рухани тым туыс жан М.Ю.Лермонтов болар. Лермонтовты Абай мен Мағжан сүйген. Мағжан оның «Когда волнуется желтеющая нива» атты құдайшыл өлеңін аударған. Сол өлеңнің әсері бар. Абайдың көркемдік әлемі бар, басы – Абай, соңы – Лермонтов синтезделініп, бірақ эпигондықтан ада «Жазғытұры» атты өлең дүниеге келгенге ұқсайды.


Жартақан жанға рахат жазғытұры,

Шүкір қыл, бір Аллаға «я құдайлап».

Мұнда Абай стиліндегі жаратылыстың адами кескіні бар, сөйте тұра, Мағжан қазақы болмысы күшті ақын:


Уызға жаңа тойған жас құлыны, -

деп суреттеуі түркі табиғатының уыздай жас далалық сипатын астарлап береді. Отырықшы қауым уақыт табынан көнере береді, көшпенді жұртқа кеңістікке бағынып тіршілік кешкендіктен, мәңгі көктемдей жаңару, жаңғыру тән, олардың дүниетанымында қордаланған ештеңе жоқ, сол себепті дүние жалған, бәрі өткінші деп түсінеді. Мағжанның махаббат лирикасында космостық эпитет ерекше жарқырап көрінетіні ғажап. Сүйген жар десе ақын жаны жер-дүниеге симай аласұрып кететін тәрізді.


Мен Шираздың пәк сұлуын тәңіріме теңер ем.

Бір меңіне Самарқан мен Бұқараны берер ем.

Хожа Хафиз түркі аруына табынса, біздің Мағжан жер бетіндегі шаһарларды місе тұтпай ғашығына «Жұлдызды – жүзік, Айды – алқа ғып берейін» - деп үздігеді. Шалықтап кеткенде мына жарық дүниеге симай кететін қайран ақындар, космостық сұлулыққа неліктен сонша әуес болған десеңізші! Мүмкін ақындықтың бір сипаты Сырдың суы сирағынан келмеуі емес пе екен?!


Талайғы кәрі дүниеде махаббат лирикасында әйел бейнесі тым биік өлшемдермен құйылған қос шедевр Пушкиннің «Я помню чудное мгновенье» атты өлеңі мен Блоктың «Незнакомка» атты өлеңі деп жазады орыс сыншысы Ю.М.Ключников. «Но то, что прошло перед Александром Блоком астральным видением, то Пушкин разглядел в земной женщине Анне Петровне Керн».


Орыс сыншысы Абай мен Мағжанды түпнұсқадан оқыса не деуі мүмкін?!


Балдан тәтті, айдан сұлу осы өлеңінде Мағжан абайшылдығынан сынық сүйем ажырамайды. Абай айтпаушы ма еді өрендеріне:


Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа.

Мағжанның ұлттық дүниетанымы махаббат туралы өлеңдерінде айқын сезіледі. Әйел көркіне қатысты бағзы заманға тән теңеулер бар. «Сүйемін» атты өлеңінде сүйген жарын «иірілмейді жыландай» деп бейнелейді. Тағы бір құпия аруға арнауында «Иірілген бұйра толқын шашы қандай, иығына екі жылан асылғандай» деп суреттейді. Ертедегі жыраулар поэзиясында: «Әбжыландай есіліп» деген сөз бар. Яғни жылан – сұлулық символы. Бертін келе өзгеріп кеткен. Жер жүзіндегі ең мифологиялық жәндік болғандықтан, жылан теңеуінің астары мен мағынасы, тұспалы жын атады.


Кім біледі, мен де шетке кетермін,

Туған жерім, сені тастап басым жас,

- дейді Мағжан ұлы ақындарға тән көріпкелдік, дәстүр қуалаушылықтан айнымай. Өзіне-өзі өлеңмен үкім шығару, асып отырғанда айтылған бір ауыз сөзі тағдардың тәлкегімен бұлжымай келуі ақындықтың тылсым жаратылысында бар құбылыс.


Орыс тілін бозбала шағында Міржақып Дулатовтан оқып үйренген Мағжанды Мәскеудің дәмі тартты. Ол 1923-26 жылдары Мәскеуде болды. Жоғары Әдебиет курсында Сергей Есенинмен бірге оқиды. Ілияс Жансүгіров тәрізді Мәскеуде жүріп, аудармамен Мағжан көп айналысты. Өзі М.Горький, В.Брюсовтармен жақын біліскен. Мұхтардың «Мен Абайды сүйемін. Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін... Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ерте шыққандай. Заманнан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады» деп тебіренуі осының бәрін мегзейді.


ХХ ғасыр қазақ үшін алабөтен ғасыр болды, қым-қиғаш дүрбелеңге, трагедияға толы дүбірлі ғасыр болды. Алаш зиялыларының бағы өрлеген кезі ғасырдың басы, Кіндік Азиядан шыққан халықтардың арасында ілгері кетіп, бұратана саналған ұлттан соншалық тегеуірінді, оқымысты топтың өсіп шығуы кейіннен империялық реакциялық күштерді репрессияға итермелегені даусыз.


Отаршылдық бұғау ұлттық сананы оятты. «Оян, қазақ!» деп жар салды Міржақып Дулатов. «Маса» болып ызыңдайды Ахмет Байтұрсынұлы, бірақ бәрінен де асырып айтқан небәрі 27 жасында бақилық болған қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт еді:


Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам!

Халықтың бағы жануын аңсаған осы тақілеттес арман-мүддесін «Күншығыс» атты өлеңінде Мағжан жалғайды. Азаматтық лирикасында Мағжанның асқан ұлтшылдығы, отансүйгіштігі дариядай жойқын қуатпен көрінді. «Орал тауы» атты өлеңінде көшпенділер дәуірінің көзден бұлбұл ұшқан бағзы салтанаты мен сол ежелгі ата-баба мекенінен айрылып қан жылау бар.


Бір күнде сенің иең түрік еді,

Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.

Қазақ-ноғай бөлінбеген, ел іргесі бұзылмаған құдіретті, салтанатты өткенін жырлау «Түркістан» атты өлеңінде ерекше патетикалық сүйіспеншілікпен көрінді:


Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?

Түрікке адамзатта ел жеткен бе?

«Туған жерім – Сасықкөл» атты өлеңінде Мағжан зарзаман ақындарынан бір аумайды, бұлдыр болашаққа күмән жанын торлаған:


Білмеймін не боларың, қайран көлім,

Жарайды тең болмаса күн мен түнің.

Итиіп қарашекпен келіп қонса,

Басыңнан құсың ұшып кетер сенің.

Ол қорғансыз, надандыққа шырмалған қазағының қамын жеп, жаны күйіп Аллаға арыз қылған ақын, онысы күпіршілік емес, ащы зар екеніне «Тәңірі» атты өлеңі куә.


Бақытсық қаңғып жүрген қазақ сорлы,

Әркімге күні кетіп мазақ сорды.

Бір елші жібермедің, санға алмадың,

Жалаңаш түйе баққан араб құрлы.

Бұл өлеңнің бір ішкі иірімі, ұлттық мүддемен кіндігі бір астары – ел болу үшін Алланың хақ діні – Ислам діні қажет деген ақиқат ойды да меңзеуінде жатыр, сонымен де орасан ұтып тұр. Имансыз халықтардың халі мүшкіл боларын ақын сезіп отыр.


Мағжан мұңлы, зарлы ақын бола тұра, өз елінің келешегі жарқын боларына сенім білдіреді. «Күншығыс» атты өлеңінде уайымның ізі де жоқ:


Күншығыстан таң келеді – мен келем,

Жер жүзіне нұр беремін, күн берем!

Қазақ эпостарына тән жершілдік, елшілдік мұраттары Мағжанның поэмаларында жарқырайды. Отанды сүю, ұрпақты аман сақтау, бұқарашылдық поэмаларында, тіпті, махаббат тақырыбынан әлдеқайда күшті сезіледі. Мағжан ұзақсонар поэма жазбаған, барлық поэмасының көлемі шағын.


«Ертегі» атты аллегориялық поэмасында Мағжан ауыз әдебиетінің стильдік тәсілдерін мейлінше меңгеріп, қазақ әдебиетін жанрлық жағынан көркейтті.


Поэма кейіпкері Сыздық – Абылай ханның шөбересі Сыздық сұлтан. Бағзы бабасының заманындағы нақты дұшпанның орнына абстрактілі ұғымдар – жалғыздық, өлім, мифологиялық құбыжық қолданылады. Ақын жанын әлдебір ауыр дерексіздік, рухани дағдарыс, торығу меңдеп жазылғаны хақ. Мағжан өзін «қиял құлы – мен бір ақын» деп атаушы еді ғой, сол бір аумалы-төкпелі көңіл-күйінің күйреп, жасыған, түңіліп мойыған кезеңінде осы поэма туса керек. Әйткенмен «Ертегі» поэмасының негізгі сарыны туған елінің мұң-мұқтажы мен қауіп-қатері, арман-тілегі және соншалық биік мүдделермен қатар, ақын жанын шырмаған рухани дерт. Сондықтан да өмірдің емес, өлімнің символикасы жиі қолданылады.


ХХ ғасыр орыс поэзиясындағы 1910-20 жылдардағы символистік ағымы әсер етпей қалмауы және ғажап емес. «Құм астында демі біткен бетпақ шөл; бетпақ шөлдің көгі де бір сұр кебік; айы нұрсыз, жұлдызы үнсіз сықылды; үнсіз өлік бетпақ шөл; жанын берді, өлді шөл; тұншыққан құм; мәңгі бұққан баялыш; айнала өлім, шегі шексіз, шөл де шөл».


Шөл мен өлім – егіз туғандай, синонимдік ұғымдар. Қорқыт бейнесі Мағжанның жүрегіне жақын болғанына оның «Қорқыт» атты поэмасы куә, ал мына туындысында Мағжанның қорқытшылдығы шектен шыққан. Поэманың негізгі лейтмотиві:


Әлдеқайда, Қырда, Сырда алаш бар...

Мұнарлы тау, балдай бұлақ, ағаш бар...

Есіл ерді, есіл жерді жат алды...

Ойлы ұлына бұл кең дүние болды тар.

Өз заманының сұрқия уытынан жаны түршіккен Мағжан зұлымдықты фольклорлық образ жезтырнақ арқылы берген:


Сұлу келіншек – жезтырнақ қой қанішер.

Осы сөйлем тұтасымен оксюморон. Сайқалдық табиғаты мен алдамшы бет пердесі өзара үйлеспейтін, кереғар дүниенің ішкі астары бұл, дуалистік пәлсапаның қазығы.


Жезтырнағын өз тісіне қайрады.

Соншалық жанды сурет! Мағжан құбыжық бейнесін ерен көркем әсірелейді. Мынау тырнағы қанжар, тісі алмас бір жалмауыз. Қазақтың бай ауыз әдебиеті үлгілерінде гипербола, литота бұйым емес, ертегі, дастандарда оқушысын баурап алар тосын, тұтқиыл бейнелеу толып жатыр. Су бетінде өкпе жүзіп жүреді, ер жігіт оны құрығымен түртіп қалуы мұң екен, ол мыстан кемпірге айналып шап береді. «Құйрығы – шаян, беті - адам» бір аяр дүние құбылып тұрады. Осыншалық таңғажайып поэтикалық бейнелерді қияли бай, зердесі күшті парасатты халықтар ғана сомдайды.


Адамзат тіршілігіндегі метафораның шегі жоқ, оны меңгеру табиғи болса да, осал дүние емес. Мағжан поэзиясында Абылай хан бейнесі бір поэмадан екінші поэмасына көшіп жүре беруімен де тәнті етеді, ақын өз идеалын осылайша қастерлейді және бұл тәсіл бейненің өміршеңдігімен қатар нақты тұлға екенін ашады. Тәуелсіздікті, ұлы мұраттарды көксеп жазылған «Ертегі» атты поэманың аяқталуы классикалық үрдіс:


Ертегі айтады, дертті балаң Жәжекең.

Автор өзін-өзі атап отыр. Жәжекең – Мағжанның кішкентай бауырларының бірі тілі келмеген соң атаған есімі.


«Қорқыт» атты жырында өмір мен өлім егіз ұғымның сырын ұға алмаған, аңызға айналған данышпан Қорқыттың бойынан Мағжан өз бейнесін көре беретіні сезілмей қалмайды.


Дариға, бесігімнен көрім жуық.

Түркі тектес халықтардың санасынан өшпейтін мифтік тұлға Қорқыт түсінде өзіне ор қаза беретін қабіршілерді көре бергесін, ажалдан қашып құтылмаққа жер бетін кезіп кете береді. Сөйтсе, тумақ өлмек үшін, ажалсыз адам баласы жоқ екен. Қайда барсаң Қорқыттың көрі деген абстракциялық нақыл содан қалған.


Мағжан трактовкасында ең күшті нәрсе өлім екені ақиқат, оны ешкім жеңе алмақ емес, бірақ өнердің қасиеті өлімді жеңе алатын құдіретке ие. Өзі өлгенмен сөзі өлмес ақындық мұратын, өнердің жасампаз, жарқын қуатын Мағжан былай деп суреттейді:


Шеше алмай жан жұмбағын шерлі Қорқыт,

Жұбанды қолындағы қобызымен,

Көрге де қобызымен кірді Қорқыт.

Шәкәрімде:


Қобызбен Қорқыт сарнаған,

Болмады жері бармаған.

Шәкәрім де Қорқыт, Асан қайғы тәрізді жерұйықты іздейді. Мағжан да солай құт-береке, бақты ажалсыздықтан тапқысы бар ойшылға жиһан кездіреді, бірақ екі ақын да адам жаратылысы туралы аңызды айта тұра Құдай хақында толғанбайды, себебі, Қорқыт туралы миф түркі тайпаларында исламға дейінгі мәдениетке тиемел.


Қобыздан осылайша шықты сарын,

Бірде мұз, бірде дауыл, бірде жалын.

Қарағай мен қыл сырнай не деуші еді,

Шығарды сарынменен Қорқыт зарын.

Қобыз – Мағжанда жай ғана сөз аспабы емес, сырлы дүниеге сұлу көрік берген, жылаған жанды жұбатып, іштегі шер мен зарды басатын қасиетті, киелі өнер символы. Өйткені қобыздың қылы сезімтал ақынның жүрегіне жалғанған. Поэманың соңында Мағжан өзінің лирикалық қаһарманымен тұтасып, бірігіп кетеді. Қорқыт дегені өзі болып шығады:


Өмірде арманым жоқ – Қорқытқа ерсем,

Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.

Жас төгіп, сұм өмірде зарлап-сарнап,

Құшақтап қобызымды көрге кірсем!


Қорқыт – Мағжан үшін поэзияның пірі, жебеушісі.

Атасы ақындардың – ақын Қорқыт.

Өлеңге қатысты дүниенің бәрін Мағжан сүйді. Ол «Қойлыбайдың қобызы» атты қобыз тақырыбын қайта жандандырды, бақсылықты шабыттана суреттейді. Қойлыбай бақсы ат орнына қобызын қосыпты деген қазақ арасындағы ескі бір сөз қалған, кәдімгі миф. Мағжан соны тірілтті.


Түркі халықтары Ислам дінін қабылдамас бұрын бақсы мен абызға сенген. Бақсылық жын шақырумен тең. Ал жын әлемін қасиетті Құран жоққа шығармайды:


«Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым (51:56).» Егер адамдар, жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиылса, тіпті олар, бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды де» (17:88).


Сексеуілге байланған қобыз құстай ұшып, жылқының алдынан жетеді, жын буған Қойлыбай бақсы қылышын қобыз қылып тартады. Мағжанды баураған сюжет осы, алайда соны ақын қалайша нөсерлетіп, құйындатып, құтыртып жеткізе білген. Өзі көріп келгендей, тіпті жындардың аты тегіс бар, сонда Қойлыбай бақсы Құлан мен Түлен атты қос шайтанды айламен бағындырған Алдаркөсеге ұқсап кетеді.


Мағжанның поэмаларының шоқтығы биігі – «Батыр Баян» поэмасы. Негізгі идеясы – отаншылдық, елін сүю және «жатқа ұрпақ бермеңіз!» деген бабалар өсиеті. Түптеп келгенде «Батыр Баян» көркемдік қуаты тұрғысынан қазақта өшпес бір аңыз «Аңшының зары» болса, соның жаңа вариациясы тәрізденсе де, мазмұны тым биік өлшемдерге тиесілі поэма.


Мұндағы махаббат тақырыбы қайғылы болғанымен патриоттық рухтан аспай қалады. Ақын символизмнен нәр алған, өлімге сұқтануынан бір тынбайды.


Он екіде бір гүлі ашылмаған жауқазын гүлдей екі жастың өлімін жалындап суреттеуі соны аңғартады. Классикалық әдебиетте, әлбетте, өлеңнің тууына трагедия себеп. Ежелгі Рим ақыны Овидий көркін өлім аша түскен асқан сұлулықты, өлім мен махаббатты қосып жырлаудың хас шебері еді.


Поэмада қазақтың қос азаматының обалына қалған қалмақ қызының аты аталмайды. Мағжан қызды Ақшамаңдай, Толқыншаш деп метафораландырып атай береді. Асылында қазақ ақындарының қалмақ қыздарына осал болмағы таңқаларлық құбылыс.


Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы қалмақ қызының бейнесі көркем. Жаугершілік заманда екі халықтың қанды қырғындарды бастан кеше жүріп, шабындықтан олжалап құлдыққа, күңдікке адам айдап алғаны белгілі. Қазақ поэзиясында әйел затына келгенде қалмақшылдық бар. «Ежелгі дұшпан ел болмас» дегенді ескермейді, сірә, қалмақтан туған тұқым аз болмаса керек. Қос алып империяның қыспағында қалып, бір-біріне айдап салынып, зардап шеккен көршілес халықтардың трагедиясы ортақ болса керек.


Жорыққа қу қалмаққа жүрдім неге?

Тобына көк бөрідей кірдім неге?

Тәтті бал, балауса тал жас сұлуды

Садақтан жүрегінен тартып кетпей,

Жыландай бауырыма сап келдім неге? –

деп зарланады. Батыр Баян, қапелімде қызғаныш пен ашудан өз бауыры Ноянды өлтіріп алған соң.


Десе де, шығарманың басты мұраты, сезімшілдік алдарқату, жастық махаббатты дәріптеуден аулақ, ол жанып тұрған шоқтай ыстық патриоттық. Елін сүю қасиетін артық санау бар. Отан үшін отқа күюдің қасында махаббат сезімі адыра қалары даусыз.

Жоқ, әлде, жоқ, жоқ... Әлде... өлтірдім бе?

Інімді алты алаштың намысы үшін?!

Інісі Ер Баянның жасық Ноян

Атадан азып туған дер болар ма?

Құп болса бір қыз үшін балдырғаны

Алашқа бұдан да ауыр шер бола ма?

Жан төзгісіз өлім азабын арқалап, мойнына қан жүктеп күнәһар болса да Батыр Баянның ештеңеге өкінер, тайсалар түрі жоқ. Өйткені балғын інісі бір қызға бола елін тастай қашқан қалмақ діні, салты бөлек бөтен ел:


Анадай дөң басында Ұса, Серен,

Қуыршақ құдайына қасқа сойды.

Пұтқа табынушылықты Мағжаннан асырып осыншама жерлеп, мазақтап сөз айтқан кім бар.


Біздің ата-бабамыз Тәңірі дегенде Жаратушы бір Аллаға сиынған, сонысы расында да дөп келген жоқ па, пұтқа, көп құдайға табынушылықты олар білмеген.


Поэманың соңы – ерен ерліктің гимні. Абылай бітімге келіп кері қайтқанда, Батыр Баян таңдап алған жүз жігітпен «Абылайлап!» жауға тиеді. Мағжан соншалық терең психолизмге құрылған реалистік бейне сомдай алған. Қанды қанмен жууға асыққан Баянның жанқияр батырлығында еш жалғандық жоқ. Сол динамизмді, сол романтикалық сарынның реалистік сарынға ауысу ғажайыбын Мағжан жанын салып төгілте, шебер суреттейді.


Мағжанның бір жаны желде байланғандай, күллі поэзиясында желге жан салу бар.

Құшақтап ақ селеуді жылады жел,

Өзінің қасірет жырын қоңыраулатып.

Сол мәңгілік қасірет күйі ақын жанына маза бермейді. Поэманың алғашқы шумағында Мағжан бір сырды ашты:


Ақында адамзаттан дос болмайды,

Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына.

Ол ақынның пайғамбарлығын айтып отыр. Бірақ ақынның тағдырына тірі пенде қызығуы мүмкін емес. Мағжан поэзиясына терең бойылаған сайын осыны ұғамыз. Сөйте тұра ол:


Өзім – тәңірі, табынамын өзіме,

Сөзім – құран, бағынамын сөзіме!

Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,

Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе, - деп өзгеше құйқылжитыны несі? Мағжан күллі адамзат ақынмен салыстырғанда аласарып қалатын өлшеммен өлшеп отыр. Бұл қылығы сүйістен туса, көбіне күйініштен де туады.


И бога глас ко мне воззвал:

«Восстань, пророк, и виждь, и внемли,

Исполнись волею моей,

И, обходя моря и земли,

Глаголом жги сердца-людей».

Пушкиннің «Пророк» атты поэзияның парызы мен миссиясы хақындағы, бір құдіретті Жаратушыға тағзым үшін жазылған өлеңінің ішкі қуаты Мағжанның осынау «Мен кім?» сынды өлеңімен үндес. Менмендік, тәкаппарлық тәрізді сезілетіні сыртқы бояуы ғана. Өйткені Мағжан адам баласына әрдайым жаны ашып, бауыры езіліп тұратын мейірбан жүректің иесі.


Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,

Надан адам өлім жоғын білмейді.

Өзім – патша, өзім – қазы, өзім –би,

Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?

Мейірленсем – сегіз жұмақ қолымда,

Қаһарлансам – тамұқ даяр жолымда.

Осы шумақтар Мағжанның терең құдайшылығын көрсетеді. Жан туралы пәлсапа, адамның ақ пен қараны ажырату хұқы өз еркінде. Оң жолмен мен теріс жолдың қайсысын таңдап алуға мүдделі екені мұнда бар. Бір қарағанда астамшылдық, күпіршілік, лағнет арқалаған ібілістік мінез сезіліп қалғаны алдамшы дүние. Мағжанның жырында ақын – Алланың сүйген құлы.


Әдепті болсаң онан да,

Көп жақыннсың Аллаға! – деп адамшылық негізі иманға ұю екенін ашып уағыздайды.


Мейірімі күшті кең Ием,

Сорлы жұртты оң баста.

(«Жауға түскен жанға»).

Мағжан сыршыл жаны сыйынудан да рахат табатын тәрізді. Оның мәңгілік ұғымдарды: Жаратушы Алланы, көркемдікті, махаббатты, сұлу табиғатты жырлағанда ғадеттегі уайымшылдығынан, үмітсіздігінен, шерінен айығып сала беретін қасиеті көзге ұрып тұрады.



Айгүл Кемелбаева


"Мағжан әлемі" кітабынан алынған

Бөлісу:

Көп оқылғандар