Ұларбек Нұрғалымұлы: Мөп-мөлдір өмір мөрленіп қапты-ау жадымда...

Бөлісу:

15.02.2016 4861

 


ЖАЗҒЫ ТҮН. ЖАЙЛАУ


Сол жайлау шіркін…
жатқан бір шөбі жайқалып,
Өрістен мама сиырлар қайтар найқалып.
Шар саулықтарың жайлаудың салқын түнінде,
Мекіреніп қойып, жататын күйіс қайтарып.

Құлағын тігіп, шөп басы сыбдыр еткенге,
Жылқылар анау тұрады мүлгіп тепсеңде.
Тек жетім құлын бауырына ығып байталдың,
Алыстан талып байғыздың үні жеткенге.

Үкінің көзін ұялтқан сүттей жарық түн,
Жылқы жусатқан тыныштығыңа зарықпын.
Қара қосымның жыртығын жамап жұлдыздар…
Жасаған Ие-ай, нығыметіңе қарықпын.

Жалбыздысайдың саумал түні-ай…
жалғанда,
Өзегім аңқып, өзгеге шөлім қанған ба?!
Суп-суық бұлақ жарқырап ағып жатады,
Сап-салқын айдың сәулесі тұнған аңғарда.

Ақ шағи бұлттар…
Алтайдың асқар тауында,
Мөп-мөлдір өмір мөрленіп қапты-ау жадымда.
Кең дүнияның керіле жұтқан жұпарын,
Жайлаудың сол бір баянсыз рахат шағында.





АЛТАЙ. ҚЫС. САҒЫНЫШ (I)

Аязына сүңгисің
Айдалада,
Жылылық бар онда бір ойламаған.
Тұмсығыңмен жұтасың,
Тұп-тұнық бір
Арқар иісі аңқиды айналаңнан.

Аяңымен ақ қырау арғымақтың,

Бедер түсіп жүзіне сан қыраттың.
Құсбегінің кешкі бір жүзіндей боп,
Батып бара жатады албырап күн.

Сезгендейін, жымыңдап түн жанары,
Балғын қыздың балтыры сыздағанын.
Жас қонаққа жаутаңдап,
Бейуақта,
Жалғыз үйдің кірпігі дір қағады.


Бір қиғылық сезімге жасап өтер,
Аяз ерні алдымен масаң етер.
Ай қылымсып ақ төсін аша беріп,
Бұлт үстіне бұраңдап жата кетер.


Не бір арман күзетте, не бір елес...
Шолпан туды, жас шопан жөніңе көш.
Ай мүйізді текеңді қасқыр жепті,
Түсіңдегі айдай қыз, тегін емес.

Ақ сүңгі етіп ажарлы қас-қабақты,
Алып қашсаң ақ түнде ақ тамақты.
Аппақ қарда жүйткіген ақ қояндай,
Пырағыңды ағызып ақ қанатты.

Жүзін өбіп таулардың таңғы ызғары,
Уысында ұлпадай балмұздағы.
Бұрымында күн нұры күміс шашып,
Бұлаңдайды бұзылмай сәнді ырғағы.
.... .... .... .... .... .... .... ....
Қиялыма сипатып қауырсынын,
Құшағымда балқиды «қар қыздары».



АЛТАЙ. ҚЫС. САҒЫНЫШ (II)


Есімнен бір кетпей қойды неге осы,
Қарт Алтайдың мұз құрсанған елесі.
Мұздай қару,
мұздай тақым астында,
Сықырлаған мұз жылқының денесі.


Ақкөз түнде жалғыз рет жолығар, 
Жортуылдың жан білмейтін мәні бар. 
Шытынатып аяз қысқан аспанды, 
Шұрқырайды астыңдағы жануар.


Қаһарына мінгенде Алтай қағынып, 
Үрген иттің тілі аязға қарылып, 
Ақ бураның қызыл жалын – шыбығы, 
Cынып түскен тұрған бойда шабынып.

 

Ғайып болып басыңдағы тұрған бақ
Бәрін осы кететіндей түн жалмап
Қотаныңды тінтеді аяз 
бөрінің
Мұздай суық тұмсығындай сумаңдап.


Бел астынан бір тіршілік білсем деп
Мен де жортып, тау қолтығын тінтем кеп
Аймүйізін шайқап қашқан арқардай
Бұлт қалқасын паналап жүр бүрсеңдеп.

 

Жолға бағыт бере алмайды бұл біздің
Жүзін әбден суық сорған жұлдыздың
Бейнесі де есімде жоқ дәл қазір
Ұмыт болған жамалындай бір қыздың.

 

Жал-құйрығы сүңгі мұзға малынып
Омыраулап тартады алға сәуірік
Шоқылардан бөрі ұлиды аулақта
Бөрі ұлиды тұмсығы айға шағылып.

 

Адастырмай әкеледі-ау түнгі өкпек
Дәл сондағы күйге қалай тіл жетпек.
Балғын қыздың мені күткен деміндей
Қар бетінде жүрген түтін дірдектеп.



СУРЕТ

Жалғыз үй таудың ішінде,
Алтайды ақ кебін жабатын.
Тек анам жаққан түтінге,
Жалғанып тірлік жататын.

Меңіреу еді әлгі күй,
Білмейді ешкім мендей көп.
Жапанда сол бір жалғыз үй,
Жататын жалғыз меңдей боп.

Ер жетіп қара сирағы,
Бесікпен ақпанда өңгерген.
Арманға беріп бұйданы,
Алыстап кеттім ол жерден.

Жыл бойы жілік сақталып,
Анам да мүмкін жүдеген.
Мақтана сөйлеп, хат жазып,
Суреттер салып жіберем.

Құдіреті-ай ана жүректің,
(
Елеген оны анық кім)
Достармен түскен суреттің,
Шетінде тұрып қалыппын.


Қабағын ашпай түнерген,
Көңіліне алаң, секем кеп.
Мұңайыпты анам,
Біреулер
«Шеттетіп жүр ме екен»,-деп.


Көңілінен кетпей сол бейнем,
Түсіне дағы кіріпті.
Жөңкіп жұрт,
Жыртық жейдеммен,
Шетінде тағы жүріппін.


Бақыттың бізде несі кем,
Айналдым ана сенен мың.
Ортада жүрмін отымен,
Сүтіңмен сіңген өлеңнің.

Құдайға ғана жалбарын,
Құдайсыз қулар оңбаған.
Көремін өзім қалғанын,
Талассыз тірлік болмаған.


Ол жағындағы ұмытпан,
Шетінен түгел айдаһар.
Түйреуге әбден құныққан,
Қызыл да қырғын найзалар.


Ортаға алып құрметте,
Итерсең итер орға әлі.
Анама салған суретте,
Ортада тұрсам болғаны.

 

2006.ж



ЖЫЛҚЫЛАР

Тым іңкәрлі көзін қадап, өбердей,
Алауымен жан жырыңды жебердей,
Мың жанардың бірі сынды,
Еленбей,
Неге қалғып бара жатсың дегендей:
Ұйқастары сай-саладан шұрқырай,
Түннен ағып түседі өлең жылқыдай.
Жау қолынан шыққандай-ақ ширығып,
Арғымақтар елегізіп, дүрлігіп
Тартып берер,
Тұяғында жанады от:
«Еркіндіктің мекені осы дала»,-деп.
Сусылдаған жалындай бір құлпырып,
Мен тірілем,
Қанатым дүр сілкініп!
Үзіп кетіп шылбыры мен шідерін,
Еркін аққан ендігі жыр – 
Күреңім.
Мен қайтейін, қазақ өлең сынаса,
Жылқылардың біле тұра мінезін...
Ондай ұлы еркіндікке кім шыдар,
Теңіз деген – 
Түн шайқалтқан жылқылар.
Емшек сүтін дірдектетіп 
Соқада,
Бір ақынға иігені шын шығар.
Емген шығар,
«Сан ғасырлық сырды айтып,
Мың тылсымын жеткізер – деп, тіл қайтып?»
Тұлпарларға
О, далалық ғашықтық.
Ғашықтық ол жүрекке де сыймайтын.
Қалаларды таптап өтіп,
Төрінен,
Бірақ шыққан сәтіңдей бір тебірен!
Ал, домбырам, аққан жұлдыз бейнелі.
Зар желісті пырағымдай еңіре.
Бір құмары қанбай кетсе пәниде ер
Тақымына түспей кеткен әрине ол
Саңлақ қой,
Сағым сынды саңлақ!
Өрт-жалынан жан-дүнием жамырап
Тигенде әттең, шаңға оранып артымда,
О, қу жалған қалар еді-ау аңырап...



ҚАЗАҚ. ТУ. СӘЛЕМДЕМЕ

Ағамның содыр ұлы бар еді,
Алтайда қалған ауылда.
«Ерлігін» естіп отырам әлі,
Тілдессем аға-бауырға.

Мектептен қайтқан «батырлар» жолда,
Тентектігіне басатын.
Қытай балалар,
қырғиқабақ боп,
Қырылысып кеп жататын.

Қырда өскен мығым, біртоға бала,
Төбелес десе түрленер.
Сол «жігіт» екен Оспан батырдың,
Рөлін сомдап жүрген ер.

Өткенде соның бір сөзін естіп,
Тоқ жүріп өтті денемде.
«Қазақстанның туы бар шәпкі
ап келсін" -депті келерде.

Төртінші сынып оқитын бала,
Мың тәтті қиял ойында…
Келген-кеткеннен естіп жүрген ғой,
Қазақтың елі жайында.


Қилы да қилы ойларға батам,
Оңаша жерде отырып.
Мектепте өткен балалық кезді,
Қайта бір бастан кешіріп…


Қаптаған қытай балаларымен,
Тең тұрып өмір сүрмекке,
Көк туды қойып маңдай тұсына,
Айбар ғып соны жүрмек пе?!.

Илеуге түскен инелік сынды,
Тағдыры көңіл жасытар.
Көк туға қарап ұлыған рухы,
Кеңсірікті удай ашытар…

Өткеніндегі өрлігін айтсам,
Іштегі шерді қозғай ма!
Ұлы бабалар Ұлықорғанды,
Уыстап тұрған кез қайда?!

Алдында оның алты басы бар,
Айдаһар сұлап жатса да,
Жұмыр жүрегі құл болмап еді-ау,
Құдайыңыздан басқаға.

Алаң да алаң күй кешем қазір,
Не болар екен ғұмырың.
Қазақстанның туы бар шәпкі
Сұратып жүрген құлыным!

 

2014

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар