Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы: тарих пен саяса...

30.04.2025 637

«Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы: тарих пен саясат сабақтастығы» атты конференция өтті 12+

«Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы: тарих пен саясат сабақтастығы» атты конференция өтті - adebiportal.kz

29 сәуірде Астана қаласы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында шығыстанушы ғалым, тарихшы, фольклортанушы, этнограф, географ Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы аясында «Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы: тарих пен саясат сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Дөңгелек үстелге тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Махсат Алпысбесұлы, шоқантанушы,                 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарихшы-ғалымы, профессор Самат Көшенұлы Өтениязов, жазушы, филология ғылымының кандидаты Жарылқап Бейсенбай сынды шоқантанушы ғалымдар, тарихшылар  Ш. Уәлихановтың шығармашылығы мен өмір жолына қатысты баяндамалар оқып, ғылыми зерттеулерінің, еңбектерінің тарихи маңызын жан-жақты талқылады. 

Конференцияға онлайн қосылған Ресей және Ұлыбритания елдерінің өкілдері Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция сәттілік тілеп, ыстық лебіздерін білдірді.

Конференция тізгінін ұстаған тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған іс-шараға онлайн-офлайн қатысқан ғалымдар мен шоқантанушыларға кезекпен сөз ұсынып отырды. 

Алғашқы сөзді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Күміс Сейітова кітапхана қорында сақтаулы тұрған, Ш.Уәлихановтың өмір деректері туралы жазылған құнды еңбектерді таныстыра келе былай деді: 

«Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың жүз тоқсан жылдығына арналған ғылыми конференцияға Қазақстанның Шоқан танушы ғалымдармен қатар, көршілес Ресейдің бірқатар гуманитарлық ғылым саласының өкілдері онлайн қатысып отыр. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов отандық ғалым мен әдебиет тарихында үлкен орын алатыны бәрімізге аян. Оның қысқа да жарқын өмірі мен ғылыми қызметі, қазақ халқының дамуына сіңірген еңбегі және рухани ізденістері туралы конференцияға қатысып отырған ғалымдар кеңінен талқылайтынына сенімдіміз. Конференция аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы қорында жинақталған Шоқан Уәлихановтың мұралары бойынша және ол туралы әдебиеттерден экспозициялық көрме жасақталды. Солардың ішінде Шоқан Уәлихановқа қатысты сирек құжаттармен яғни, «Сочинения Чокана Чингисовича Валиханова /изданы под редакцию» Н.И. Веселовского. – Санкт-Петербург, 1904. Шоқан Уәлихановтың досы болған орыс шығыстанушысы, тарихшы ғалым Николай Иванович Веселовскийдің құрастыруымен 1904 «Шоқан Уәлиханов және оның еңбектері» атты Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасын алғаш жүйелеп, бағалаған аса маңызды дереккөздердің бірі болып саналады. Бұл кітапта Веселовский Шоқанның өмірі мен қызметіне терең тоқталады, оның ғылыми зерттеулерін, саяхаттарын, еңбектерінің тарихи маңызын сипаттайды. Сондай-ақ, Шоқанның Ресей ғылымына қосқан үлесін жоғары бағалап, оның дарындылығы мен тұлғалық қасиеттерін мақтайды.

Екінші кітап, «Легенда о Едиге и Токтамысе: Киргизсий текст, взятый из рукописей» Ш. Уалиханова. – Санкт-Петербург, 1905 г. П.М. Мелиоранский басып шығарған Ш. Уәлихановтың қолжазбаларынан алынған мәтін. Мазмұны: Едіге мен Тоқтамыс жайлы аңызды баяндаса.

Үшінші кітап Хадиша Айдарова «Шоқан Уәлиханов. Монография» Алматы 1945 жыл. Бұл кітапта Қадиша Айдарова Уәлихановтың өмірі мен қызметін зерттеген еңбектерін ұсынады. Одан кейінгі төртінші кітап Ч.Валиханов «Статьи/переписка» Х.Айдарова. Алматы 1947 жетінші жыл. Бұл кітапта Шоқан Уәлихановтың: Жоңғария очерктері, Сот реформасы туралы жазбалары, Халықтардағы Шамандықтың қалдығы, Абылай атты мақалаларымен, Достоевскийге, Майковскийге, Колпаковскийге, Гутковскийге жазған хаттары топтастырылған».

Күміс Сейітова сөз соңында: «Құрметті шоқантанушылар, жас ғалымдар, зерттеу жұмыстарыңызға қажетті құжаттарды іздестіруге, кітапхана деректі бағаларымен бөлісуге, шетелдік кітапханалармен серіктестік орната отырып, қолжетімділік беруге дайынбыз», - деген ізгі тілегін жеткізді. 

Келесі сөзді алған, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ғалымы, профессор, шоқантанушы Самат Өтениязов онлайн режимде қатысып, Шоқан Уәлихановтың қазақ баспасөз бетіне жарияланбай, жинаққа енбей келе жатқан мақалалары мен халқты адастырып Шоқан атынан жарияланып келе жатқан мақаласы турады алаңдаушылығын білдіріп былай деді: 

«Шоқан туралы, Шоқан еңбектерінің толық жинағы туралы болсын ешқайсысына кірмей келе жатқан Шоқанның төрт мақаласы бар. Ол мақалалар сонау революциядан кейінгі совет заманында баспа беттеріне алынып тасталған еді. Ал сол мақалаларды егемендіктен кейін басылып шыққан жинаққа кіреме десек, әлі күн қақпайға ұшырап кірмей қалып кете береді. Кітап шығарушылар бірін-бірі қайталап, бірін-бірі көшіріп баса бер ме, әлде әдейі солай ұйымдастырыла ма, сол жағын түсінбедім. Осыдан бес-алты жыл бұрын ағылшын ағайындарымыз бізге «Бұрын Шоқан Уәлихановтың көп томдығы шыққан екен. Біз тағы бір рет шығарып берейік», - деп ұсыныс жасаған кезде Тарихи институты оны жасап беруге міндетті болды. Сонда мен осы төрт мақаланың екеуін, әсіресе Алтын Ордаға қатысты, «Едіге» мен «Едіге жырын» Ш.Уәлихановтың керемет зерттеген мақаласын апарып берген едім. Сонда сол мақалаға біздің жазған пікірімізбен кіргіздік деп айтып еді. Кейін шыққан кезде қарасақ кірмей қалыпты. Жалпы Шоқан Уәлихановтың шықпай қала беретін мақалаларын қосу біздің міндетіміз. Бұл бір. Екіншіден, Шоқан Уәлихановтың өзінің мақалаларын түгендемек түгілі Шоқанның еңбектерінің ішінде Шоқанның мақаласы емес, басқа бір мақалалар да кірген жағдай болып тұр. Шоқан Уәлиханов емес, Шоқан Уәлихановтың атыменен кезінде кірген бір мақала бар. Ол мақала қазір біздің халықтың құлағы түгіл қанына да сіңіп кетті. Ол «Абылай» деген мақала. Бұл мақаланы кезінде жазған кім дейсіз ғой? Левшин жазған. А.И. Левшиннің 1838 жылы жазған кітабында бәрі бар. Ал кейін Шоқанның атыменен төрт бет мақала жазып, соны Россияның энциклопедиясына 1860 жылы деп кіргізіп жіберген. Шоқан бұл мақаланы көрген де жоқ, білген де жоқ, жазған да жоқ. Ал ол мақаланың ішінде бірде бір жазған мәселе анықталған жоқ. Онда жазылғанның бәрі – фантазия. Себебі империя бар уақытта құрығын алысқа сілтейді. Сол Шоқанның атымен жазылған мақаламенен осы күнге шейін қазақ елін ақымақ қылып келе жатыр. Қазақ елін ғана емес, ғалымдарды да ақымақ қылып келе жатыр. Қазір Абылайдан басқа бізде идеология жоқ. Ал шынын айтқанда ол мақаланы не үшін жазған дейсіз ғой? Абылайды қазақ халқына түсіндіру үшін кезінде империя неше түрлі әрекет жасады. 1947 жылғы Х.Айдарованың «Статьи/переписки» деген кітабын Москвадан тапсырыспен шығарды. Себебі 1944 соғыстың соңғы жылына қарай біздің көптеген батырларымыздың алып тастады ғой. Сол алып тастағандар ішінде Абылай да кетіп қалмасын дегені еді. Себебі Абылай Ресейдің сүйікті құлы болған адам. Содан Айдароваға Шоқанның екі-үш мақаласын қосып, екі-үш кішкентай хатымен бірге, тілге тиек етіп отырған «Абылай» деген мақаланы да қосып жаңа кітап етіп шығарды», - деп даулы пікірінің білтесін қозғап, ұзақ сөйледі. 

«Шоқанның қазақ шежіресін зерттеуге қосқан  үлесі» туралы тақырыпта сөз алған, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Махсат Алпысбес Шоқанның шежірелік жазбаларына кеңірек тоқталды:

«Бүгінгі күні Шоқанның көптеген маңызды тарихи-мәдени еңбектері бар. Қазақ халқының болмысын ашатын, соның ішінде, әсіресе «Киргизское родословие» еңбегі. Қазақшаласақ аты – «Қазақ шежіресі» болады. Бұл «Қазақ шежіресінде» айтылған өте маңызды, өзекті мәселелер бар. Қазақ шежіресінде руларды саяси-әлеуметтік институт ретінде көрсеткен Шоқанның қолжазбалары нақты сақталған. Әлкей Марғұлан Шоқанның шығармалар жинаған шығарғанда осыны түгел талдап, жаңа еңбектерді қосқандығын көреміз. Шежіре зерттеуде біздің толып жатқан үлкен рухани-мәдени мұраларымыз бар. Әбілғазы Баһадүрұлының  еңбектерін Шоқан өте жақсы талдайды. Содан кейінгі Өтеміс қажының «Қара тауарих» яғни «Шыңғыснама» нақтысы қыпшақ даласында билік еткен Шыңғыс хан ұрпақтарының тарихы туралы көптеген мәліметтерді жазған тарихи еңбек еді.  

Шоқан Уәлиханов мынаны анық айтады. «Жошы ұлысының басым жұрты қыпшақтар дейді. Ал Шағатай ұлысының негізгі жұрты Арғындар болған», - деп ашық көрсетеді. Шоқанның Әбілғазыға сүйеніп шежірені тарқатуында қазақ ру-тайпаларының қайдан өрбігендігін анық жазып көрсеткен. Шежіредегі тарихи деректердің сипаты, мазмұны Ұлы дала тарихын баяндау екендігін Шоқан анық көрсеткен. Міне, Жошы ұлысының, Жошы хан мавзолейінің орналасқан нүктесі Ұлытаудың төрінде, қазақ жерінің кіндік жерінде дегенін тұжырым айтқанын көреміз», - деп сөзін аяқтады ғалым.

Қысқа ғана ғұмырында ғасырлық құны бар қаншама дүние қалдырып кеткен Шоқан Уәлиханның мұраларын насихаттау мен ғылыми айналымға түсіру үрдісі тәуелсіз елдің бас тартпас парыздарының бірі болатыны анық. Замана талабына сай, Шоқанның есімі мен басып өткен өмір жолын насихаттау мақсатында 2025 жылғы наурыз мерекесі қарсаңында «Balapan» телеарнасы түсірген «Шоқан. Қашқария сапары» анимациялық фильмі еліміздің барлық қалаларындағы кинотеатрларда қойылғандығының өзі, ғалымның атын ұлықтаудың жаңа форматқа көшкендігінің дәлелі болса керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар