Дарданелл әскери операциясы, немесе Галлиполи шайқасы (Gallipoli Campaign, Çanakkale Savaşı) – 1915 жылғы 19 ақпаннан 1916 жылғы 9 қаңтарға дейін созылған және Бірінші жаһан соғысы кезінде Уинстон Черчиллдің бастамасымен Антанта елдері – соның ішінде Британ империясы – Стамбул қаласын басып алып, Осман империясын соғыстан шығарып, Ресейге теңіз жолын ашу мақсатында жүргізген кең көлемді әскери операция – Википедия осылай дейді.
Антанта жағынан 490 мың адам, түріктер тарапынан 450 мың сарбаз қатысқан. Алдыңғы елдер 190 мың адамнан айрылған, түріктер 102 мың жауынгерімен құрбан берген, соңы Антантаның жеңілуімен аяқталған сегіз айлық жойқын шайқас.
18-наурызда, 10 сағат 30 мүйнетте одақтастар кемелері Дарданелл бұғазына кірді. Түріктер оларды әбден жақындатып алып, биік төбелерге орнатылған зеңбіректерден топ (снаряд) құйынын жаудырды. Француздың құрыш кемесі «Сюффрен» мен британдық «Агамемнон» қатты зақымданып, ұрыстан шығып қалды. Француздың тағы бір құрышкемелері «Голуа» мен «Буве» және британдық «Оушен» мен «Иррезистибл» шайқас қарсаңында түріктің минатосқауылдаушы «Нусрет» кемесі қойған миналарға килігіп, істен шықты (соңғы үш кеме суға батып кетті). 18.00-де британдық адмирал Де Робек операцияны тоқтату жөнінде бұйрық берді.
Таң атты. «Үшеулеп ыңғайламақ» (Антанта) сонда да райынан қайтпай, жаңа шабуыл жоспарын ойластырды. Түріктің жағалау батареяларының үнін өшірмекке десант түсіру жөнінде шешім қабылданды. Бұл іске ағылшын-француз біріккен күштерінен бөлек австралиялықтар мен жаңа зеландиялықтардан сондай-ақ сенегал, үнді, тіпті ішіне Еврей легионы кірген әскер құрамы жасақталды. Бұлардың арасынан біздің ынта қоятынымыз – австралиялықтар, яғни АНЗАК.
АНЗАК (австралиялық және жаңа зеландиялық армия корпусы) – Бірінші жаһан соғысына қатысу үшін құрылған Австралия мен Жаңа Зеландияның әскери құрылымы. Мысырдағы, Галлиполидегі әскери ұрыс қимылдарына белсене қатысушы. Корпустың командирі – генерал Уильям Бидвуд. АНЗАК шын мәнінде британ әскерінің жедеғабыл бақылауының астында әрекет еткен.
АНЗАК негізі 1914 жылғы қараша айынан жасақтала бастаған, тек Түркияға бірден бармай, әуелі Мысырға жіберіліп, сонда әскер өнеріне біраз жаттығады. Құрамы: 1-ші австралиялықтар дивизиясы, жаңазеландиялық жаяу әскер бригадасы және австралиялық жеңіл атты әскер, жаңазеландиялық атты атқыштар бригадалары.
Галлиполидегі шайқас – Түркия ғана емес, Австралия үшін де ұлттық біркелкілену бойынша үлкен тарихи мәнге ие уақиға. АНЗАК деген аббревиатура Австралияға ұлт ұйыстырушы кіндік аңыз құрастырып берді деуге болады. Бұл тұрғыда тұрып қарағанда, осы уақиға жайында 1981 жылы кинорежиссер Питер Уир мен продюсер Роберт Стивуд түсірген австралиялық «Галлиполи» әскери-драмалық фильмі айрықша мәнге ие.
Фильм АНЗАК құрамына кірген батыс австралиялық бірнеше жас жігіттің өмір жолдары туралы. Корпус құрамында Түркиядағы (ол кезде Осман империясы) Галлиполи түбегіне жіберіліп, сонда атақты Галлиполи соғыс науқанына қатысқан екеу нағыз қанқасапты белшеден кеше жүріп, бұрынғы балаң, пәк қалыптарынан айрылып, соңында «Осы біз мұнда неге келдік, не үшін, кім үшін соғысып жүрміз?» деген адамгершілік дилеммасына тіреледі. Айдаладағы Британия біздің немізді алған, тегіміз, түбіміз, тіліміз бір болғанымен, топырағымыз, тарихымыз басқа дейтін сұрақтар ғой, окопта және өмір мен өлім арпалысқан сәттерде қауашаққа еріксіз келетін.
Фильм 1915 жылғы 7 тамызда Нек елдімекенінің түбінде өткен шайқас кезінде, Галлиполидағы АНЗАК әскери шебінде өзінің шарықтау шегіне жетеді. Шайқас нағыз адами қасіретке айналады және өзіне австралиялық біркелкілік, қаруластар арасындағы жолдастық, ларрикинизм, жас адамдардың соғыс жағдайында есеюі секілді тақырыптарды біріктіре келіп, көпмағыналы, жоспарлы туынды ретінде өскелеңдейді. Австралияның мәшһүр жиырма фильмі тізбесінде «Галлиполи» бірінші орында тұр.

Жә, фильмнің сюжетіне келейік.
Батыс Австралияда тұратын он сегіз жастағы малшы жігіт Арчи Гамильтон мен бұрынғы теміржолшы, қазірде жұмыссыз Фрэнк Данн, екеуі де желаяқ, спринтерлік жарыс жолында танысады да, ақша мұқтаждығымен АНЗАК-қа жазылып, майданға кету жөнінде ұйғарымға келеді. Бұдан бөлек жігіттерге соғыс кезіндегі антигермандық насихат, шытырман оқиғаларға құмарлық және әскери киім киіп жүру салтанаты да әсер етеді. Алдымен Каирге келіп, сонда әскери дайындықтан өтеді, одан әрі жаяу әскер ретінде Галлиполиға аттанады. Сондағы АНЗАК аймағында окоп қазып, шеп құрып бекініп жатады. Аз күндерден соң екеуі, жоғарыдан түскен бұйрыққа сәйкес Нек түбіндегі әскери қимылға – Сувл бұғазына десант болып түскен британ әскеріне көмек операциясына қатысады. Фрэнк майор Бартонның бұйрықтарын алғы шепке жеткізіп тұратын жаушы, Арчи болса алғы шепке – нағыз оқ өтіне болмай барады.
Алдымен осман пулеметшілері бекінген телім арқылы үш дүркін толқын болып жеңіл атты әскер өтуі керек еді, әміршатырда алдын-ала сызылған шайқас жоспары бойынша. Бірінші толқынды шабуыл артиллериялық дайындықтан соң іле-шала таңғы 4:30-ға белгіленген еді, бірақ командирлердің сағаттары әртүрлі уақыт көрсеткендіктен артдайындық уақытынан бұрын бітіп қалады. Алайда, бригада әмірі полковник Робинсон шабуылды тоқтату жөнінде шешім қабылдайды. Бірінші шабуыл толқыны османдар тарапынан әп-сәтте туралып түседі. Екінші толқын кейін шегінгенімен олар да жусап қалады. Майор Бартон босқа қырғын шабуылды тоқтатуға құлықты, бірақ оған полковник Робинсон қарсы. Айтатыны: оған біреу түрік оқпаналарында АНЗАК туы көтерілгенін айтыпты. Демек, шабуыл жарым-жартылай болса да діттеген мақсатына жете алған, енді тоқтап қалмау керек. Осы кезде телефон байланысы істен шығады, Бартон Фрэнкті бригада штабына шабуылды тоқтату жөніндегі хабарламамен жұмсайды. Алайда, қырсық полковник жоғарының бұйрығынан кейін де алған бетінен қайтпай қояды. Сол кезде Фрэнк жаушы майорға полковникті көктей өтіп, тікелей генерал Гарднердің өзіне шығуды ұсынады да, іле-шала өзі генералдың жағажайда орналасқан лагерь-штабына жетіп, майдандағы жағдайды баяндайды. Генерал шабуылды тоқтатуға бекінеді. Фрэнк ала-өкпе болып кейін жүгіреді, бірақ осы екі арада телефон байланысы қалпына келтіріліп, полковник Робинсон жаңа шабуылға шығу бұйрығын беріп үлгерген екен. Амалы құрыған майор Бартон оқпанадан тапаншасымен атып шығып, жауынгерлерін шабуылға бастайды. Арчи соңғы лекке қосылып, тіке шабуылға кетеді. Френк досын тоқтатуға шамалы ғана – бірнеше секөнд үлгере алмай қалады. Ойбайлап, шашын жұлып отыра кетеді. Арчидың жан-жағында жанұшырып келе жатқан қаруластары осман оқшашарларының оғының астында баудай қырылып түседі.
Сол кезде Арчи бесатарын жерге атып ұрып, алға қарай жалаңқол өршелене жүгіреді. Соңғы кадр: жүгіріп келе жатып, кеудесіне оқ келіп тиген күйі қатып қалған Арчидің бейнесі. Басы, құдды жүз ярдтық қашықтыққа жүгіріп мәре сызығын қиған кезіндегідей кейін шалқайып кеткен. Бірнеше секөндтен кейін өзінің он тоғызыншы жазын өткеріп үлгермеген өреннің денесі оқ пен оттан қаракүйік тартып жатқан түрік жеріне кескен томардай сылқ етіп құлайды...
Кейін, Арчи болып ойнаған Мэл Гибсон «Галлиполиде жаңа ұлт туды. Галлиполиде Австралияның арман-аңсары күйреді. Олар ғұндармен шайқаспақ болып, лас-батпақты окоп соғысында мыңдап өмірлерін қиды» деген.
Мэл Гибсон осылай дегенімен, айдаладағы ғұндарға (түріктерге) айдаладағы австралиялықтар неге кеп соғыс ашқан, неге қайдағы бір ағылшын-сакстар үшін Австралияның көкөрім жастары өмірлерін қиған?! Фильмнің негізгі өзекті ойы осындай.
Ал енді бар ма, бұдан пәлен жыл бұрынғы, қатып қалған ескі көңді неге жібітіп отырмыз бұл жерде, соған келейік.
***
Галлиполи – Шанаққала қырғынынан кейін 26 жыл аралатып, 1941 жылдың қоңыр күзінде қазақтың жалын атқан жас ақыны Абдолла Жұмағалиев Алматыдан майдандағы әскерге аттанды.
Абдолланың майдан өміріне қатысты мағлұмат мардымсыз. «Память» мемориал порталына ілінген жеке әскери парақ мәліметтерінде ғана бірқатар дерек айтылады. Одан бөлек, майдандастары қалдырған үш-төрт бөлік естеліктер кездеседі. Олардан біз Абдолланың Алматыда жасақталған атақты панфиловтық 316-атқыштар дивизиясына түскенін, сол құрамда Мәскеу түбіндегі немістердің әйгілі «Тайфун» әскери операциясы кезінде жауға қарсы тұрғанын, оған дейін Ленинград майданында болғанын білеміз.
«Күз. Тұман бүркеп, орман қоршаған Ленинград облысының бір кішкене қыстағы. Біз түн қатқан лайсаң, ұзақ сапардан кейін түнейтін орын іздедік. Мен атқыштар заставының кепешегінде Абдоллаға жолықтым. Басында каска, қолында винтовка, ажарында ұзақ жорықтың шаршатқан ізі бар екен», – деп жазады ақынмен Алматыдағы әдеби орта арқылы таныс қазақстандық ақын, әдебиетші Павел Кузнецов Абдолланың 2015 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Өлмес өмір дастаны» атты кітабына енген «Өлмес өмір поэмасы» дейтін шағын естелігінде.

Көз шырымын алуға жантаярлық жер жоқ: кепешік атаулы жауынгерлерге лық толы, оралуға мүмкін емес. Екеуі оңашарақ шығып, сабан оранып отырды. Ақ көңіл, адал жүрекпен сырласу.
– Мен өлмейтін өмір туралы поэма жазғалы жүрмін, меніңше, өте күшті шығуы керек, – деді Абдолла сабан шөбінің біреуін алып, ерініне тістеп – Қазақ Отан соғысының майдандағы өзінің әскерлік тарихын жазады. Қазақ батыр, қазақ большевик. Қазақтың туысқан елдермен бірігіп жасаған ерлігі жырланады. –Соңғы сөздерді ол дақпа-дақтап, нығарлап айтқан. Пафосты, тым жалынды, тым кітаби сөздер. Бірақ сенгің келеді. Себебі ол ақын ғой. Совет дәуірінің ақыны. Не автор жаннан қосып жіберген. Бұл жағын енді анықтай алмаймыз...
«Абдолланың биік шабытпен маған баяндағаны әлі сюжет жағынан пісіп болмаған поэма туралы еді. Одан кейін әңгіме бетін басқа жаққа бұрдық. Сүйген жар, алда болатын соғыс, анау алыс Алматы, ондағы достар туралы кеңестік. Біз сөйтіп жатып ұйықтап кетіппіз», – деп аяқтапты «В дальных подступах» кітабындағы естелігін Павел Кузнецов.
Ендігі бір естелікке тағы бір майдангер жазушы Дмитрий Снегин қол қатыпты, мұндағы локация – Мәскеу түбі.
« ... Москва маңындағы деревня тұрғындары үйге кіре берістегі босаға-баспалдақтарын сәнді әшекейлеуге өте әуес келеді ғой. Сол әшекейлі босаға баспалдақтардың бірінде мен өзімнің ең қымбатты, қаламдас досым – Абдолла Жұмағалиевті кездестірдім. Үстіндегі олпы-солпы солдат шинелі, басындағы солдат құлақшыны, аяғындағы өлшеусіз үлкен солдат ботинкасы кешегі кербез Абдолланы тіпті қораштандырып-ақ жіберген екен.
Жақындай түсіп, құшағымды аша бердім. Абдолла батальон штабының кезекшісі екенін ескертті. Мен оған да қараған жоқпын, құшағыма қаусырып құшарлана қыстым.
– Ау бұған дейін қалай кездеспегенбіз-ай?
– Сен зеңбірекші, мен «жаяу», сен командир, мен жауынгер ғанамын, шалғайлығын аңғардың ба, достым-ау, сенімен екі араның. – Абдолла өкініш, арман аралас, сәл күлімсіреген қалыпта, осы сөздерді орыс тілінде тақпақтап жеткізді. Маған ол қазақ өлеңін жолма-жол орысшаға аударып тұрған тәрізденді».
Ақын солдат шинелін қайыс белбеумен қынай буып алған екен, Дмитрийдің көзіне ол шыбықтай жіңішке де, тым ұсақ та көрінді. Оның соғысқа дейінгі бейқам да бозбалалық өңіне түпкілікті сақталып қаларлық ызғарлы рең пайда болыпты. Қос-қабақтарының аралықтарында – қайсар әжім сызықтары. Солай бола тұрса да, ол жазушыға дәл мынадай қауіп-қатерлі алдыңғы шептен өңгелердің қалыс қалмауын талап етіп тұрған жас бала сияқты болып көрінді. «Бұл жерге нәзік жанды ақынды кім әкелген? Өзгелер де жетпейтін бе еді?!» – деп ойлады орыс халқының адал сүт емген перзенті. Соны айтамыз-ау...
– Абдолла-ау, сен сияқты қазақ ақындары бізде көп емес қой, сенің орның газет редакциясы еді ғой. Бұнда тұруың қалай?
– Қазақ ақындарының әзірге саусақпен санарлықтай екені де рас. Алайда менің соғыста болуым шарт. Соғыстан кейін біздің көп туындылар беруіміз керек қой.
– Дұрыс айтасың. Сондықтан да сенің қауіп-қатерден шеткерірек болуың қажет, – деді Снегин де болмай.
– Менің орным нағыз осы жер, алдыңғы шеп. Көрмей, білмей, саусақпен сорамын ба? – деді Абдолла көздері шырадай жанып. – Мен халқымыздың пікір-парасат тереңдігіне сәйкес терең мағыналы туындылар жазбақшымын. Терең мазмұнды шығарма жазу правосына осы ауыр айқас үстінде ие болуым керек...
Бір-бірімізге қарасып үнсіз тұрмыз. Күзгі жаңбыр біздің арамызды ұп-ұсақ тамшылар пердесімен бөле түседі. Қараңғылық та біртін-біртін қоюланып барады. Абдолланың жүзі маған енді көмескілене бастады. Достымды мүсіркеп тұрмын, құшақтағым келеді. Салқын жаңбырға малшынған қалпында жалғыз тастап, ептеп қана үйге кіріп кетуді ыңғайсыз да санаймын, қимаймын да.
Абдолла менің жағдайымды айтқызбай аңғарғандай.
– Жарайды, енді бара бер... Уақытың болды. Сенен өзге командирлердің бәрі де түгел жиналды».
Снегин үйге кіргесін батальон командирінен атқыш Абдолла Жұмағалиевты өзіне бір түнге босатуды сұрады. «Жерлесім ғана емес ол, тумама тең қаламдас бауырым» деп.
Комбат Степанов жауап орнына Снегинді үстел үстіндегі картаға шақырды. Жазушы-зеңбірекші карта жайылған үстелге таяған кезде оған бір тарақ қағаз ұсынды.
– Сен әлі хабарсыз екенсің ғой… Оқы, бұйрық…
Снегин құпия бұйрықтағы өзіне таныс белгілерге үңіле түсіп, мән-жайға қанықты. Дивизияның сол қанатындағы бөлімшелер алатаңнан бері айқас үстінде екен. Жазушы үйден шыққан кезде сырт тас қараңғы екен. Абдолла жоқ, орнында басқа солдат.
Сол түні Абдолла соңғы ұрысына кетті ме, әлде ол сапардан аман-есен қайтып келді ме, ол жағын Дмитрий Фёдорович ашып жазбапты. Әйтеуір сол жолы жаңбыр астында екеуі ақтық рет ұшырасқаны мәлім.
Ақынның ақтық айқасын алдыңғы келтірілген естелікте Павел Кузнецов былайша жеттіктірген:
«… Қан төгіскен қатты ұрыстар өтті. Әсіресе бір қыстақ үшін айрықша кескілесу болды. Әрбір үй үшін, әрбір ұлтарақтай жер үшін алысты ерлер. Немістер қыстаққа жаңа күштер әкеп төкті, осы кезде гвардия капитаны Григорьев өз бөлімшесін жаңа тосқауылға шегіндіру туралы әмір алды. Жауынгерлер шегінген. Бірақ, қыстақтағы соғыс қыза түспесе, бәсеңдер емес, бұл не ғажап? Немістер шеттеу көрінген оқшау үйге топ-тобымен ұмтылады. Ал ұмтылған немістерге оқшау үйдің төбесінен белгісіз біреу автоматтан отты қорғасын жаудырып тұр. Көшені немістердің теңкиген өліктері басып барады.
– Қыстақта кім қалып еді? – деп капитан кісілерін түгендей бастады.
– Жолдас командир, онда Жұмағалиев… Абдолла Жұмағалиев қалған, – деді бір жауынгер, – біз оған кейін шегіну керектігін айтып ек көнбеді, «қағазға жазылған бұйрық алғанша кетпеймін» деді.
Абдолланың бекінген үйін немістер төрт жағынан түгел қоршады. Олар батыр автоматчикті тірілей ұстап алғылары келді, бірақ Абдолла қайсар қарсылықпен маңына да жуытпады. Құныққан жау болмасын білген соң үйге от жіберді. Жалаң қаққан жалмауыз жалын өрмелеп, үйдің төбесіне де жетті. Қалған өмірі санаулы еді. Автоматы сәл тына қалды. Немістер тап осы кезде қара құрымдай жыбырлап, үйге қарай лап берді. Үйдің лауылдап жатқан төбесінен үстін-үстіне түскен гранаттар жау тобын тағы да ойранға ұшыратты. Автомат қайта сөйлеп кетті. Өртенген үйдің төбесі күл боп жанып ортасына түскенше, батыр ақынның денесін құшағына алғанша оның автоматы атыла берді. Ақын жанып тұрып, жалын ішінен жауына ажал жаудырды...»
Абдолла Жұмағалиевтың 1945 жылы «Таңдамалы өлеңдер» деген атпен жарияланған шығармалар жинағында жарық көрген үшбу естелікті жазарда автор белгілі бір тарихи дерекке сүйенгені белгілі. Ол дерек – 1942 жылғы 6 желтоқсанда 2-гвардиялық атқыштар корпусының «Советская гвардия» газетінде жарияланған гвардия капитаны, комбат В. Григорьевтің «Писатель-герой» атты шағын мақаласы екені даусыз (1943 жылғы 13 қаңтарда «Социалистік Қазақстан» газетінде аударып басылды». Енді сол мақаланың түпнұсқасына үңіліп көрелік.

«Героями произведений казахского писателя Абдула Джамагалиева были необыкновенные люди – советские богатыри, которые вершили необычайные подвиги.
Война сделала писателя солдатом и одним из таких героев, о которых писал сам Абдул Джамагалиев.
... Наши войска отходили, цепляясь за каждый дом и бугор. Это была борьба на истощение врага, на изматывание его сил.
У одной из деревень завязался аръергардный бой. Немецкие части имели огромное численное превосходство. Но зло и отважно дрались бойцы. Они долго держали врага на подступах к деревне, а затем стали драться за каждый дом. Только нависла угроза окружения, часть оставила деревню.
Отошли мы, но в деревне все еще продолжался бой. Оттуда неслись звуки стрельбы. Немцы атаковали один дом, с чердака которого кто-то вел огонь из автомата. Одинокий автомат бил зло, беспощадно. Уже много немецких солдат было убито, другие с опаской приближались к дому.
У каждого из нас вопрос: кто же остался в деревне? В это время ко мне подбежал боец и сказал:
– Товарищ командир, это Джамагалиев. Я ему говорю – идем, все уходят, а он отвечает: «Нет, не уйду, пока не получу письменного приказа». Прошу, товарищ командир, напишите, а то он уж больно недоверчивый».
Но писать уже было поздно. Одинокий дом был окружен со всех сторон. Немцы торопились покончить с Джамагалиевым. Они бросались со всех сторон, но огонь автомата всегда прерывал и бег, и жизнь у самых стен дома.
Тогда немцы подожгли дом. Далеко была видна деревня на высоте и этот пылающий дом, из которого долго ещё слышался стук автомата.
В боях мы привыкли к героизму и подвигам. Но когда мы представляли себе одинокого, окруженного пламенем и врагами, обреченного на смерть писателя-героя, то мы поняли, что его поступок больше, чем подвиг. Он знал, что нет выхода, что осталось только умереть, и желал одного – со славой закончить жизнь. До этого он писал о героях, теперь он сам творил подвиг. И это был самый вдохновленный порыв в жизни писателя.
Видно было, что он торопился. Жить оставалось мало и он бросал в немцев последние гранаты, а затем опять заговорил автомат, не замолкая до последнего патрона.
Пусть воины помнят о своем соратнике, а писатели – о своем собрате и напишут о нем, чтобы Абдул Джамагалиев, писатель-воин, стал сам героем произведений о великом мужестве и стойкости.
Гвардия капитан В.Григорьев.
Адрес редакции: 44 Полевая почта, часть».
Білгендей-ақ айтыпты гвардия капитан (ол кезде көбінекей жауынгерлер мен офицерлердің әңгімелерін майдан, дивизия, корпус газеттерінің тілшілері жазып алып, қорытып, солардың атынан жариялап отырған). Шынында да, көп ұзамай-ақ Абдул Джамагалиев (сірә, әскери құжаттағы, ұрыс донесениесіндегі аты-жөні) – қазақтың талантты ақыны Абдолла Көшекұлы Жұмағалиевтың от оранған алаулы ерлігі шығармаларға арқау болды..
«Ауыр халде тұрғанда егіз астанам, / Мен жеңістің прологын бастағам! / Артық айтсам, кешір мені, Отаным, / Мен өзіңнен көкірегіме от алдым. / Прометейің боп от алдым да қолыма, / Өрт қамал боп тұрдым жаудың жолында! / Бар-ды алдымда талай арман, бал-қызық – / Бәрін, бәрін әзір кейін қалдырып, / Адамзатқа төнген мынау апатты – / Бөгеу үшін, сақтап, алтын шапақты / Жиырма беске жаңа толған шағымда – / Айналдым мен лапылдаған жалынға. / Бұдан былай ақ нұр болам өшпейтін, / Қамал болам дұшпан бұзып өтпейтін! / Алау ем ғой, алау ем ғой қашаннан, / Романтик Абдолла деп атанған. / Жаны нәзік адам десті достарым, / Бейбіт шақта шуағымды тосқаным... / Мен адамдық қасиетке жүгінгем / Адам жайлы толғанар ем түніңмен. / Асан болып, жерұйықты іздегем, / Қорқыт боп та қабір көргем түзде мен. / Армандағам мен мәңгілік өмірді, / Күллі адамзат маған тума көрінді. / Маған ізгі адам аты ортақ-ты, / Іздемеңдер дегем – менен қорқақты! / Адамға ортақ, ортақ еді мұң маған, / Токиодан да зарлы үнді тыңдағам. / Күрсінер ем, ашитұғын шын жаным, / Бонивар боп көрген Шильон зынданын. / Жан едім мен жаралған кіл сезімнен, / Мен апатты ертерек-ақ сезінгем. / Сондықтан да қолда бары бақыттың. / Шежіресін мол шертуге асықтым!... / Енді, міне, Прометей боп заманның, / Дұшпан өтпесе өрт қамал болып қаландым! / Уа, адамдар, құтты болғай ертеңің, / Жауыңды мен жалыныммен өртедім! / Атағымды тарихта айқын қалдырып, / Ақ алау боп тұрмын өзім мәңгілік! / Ауыр хәлде тұрғанда егіз астанам, / Мен Жеңістің прологын бастағам!»
Абдолланың Алматыда қатар жүрген досы Әбу Сәрсенбаевтың қаламынан қорытылып шыққан (сірә кейінірек) «Абдолла монологы» ғой бұл. Ақын атынан айтылатын және бір монолог-өлең бар, оның авторы осы, бүгінгі заманның авторы, ақынның жерлесі, оралдық, соның ішінде Сырым ауданының тумасы Бауыржан Шермединұлы. Бүй дейді, «Мен өртпін!» дейтін өлеңінде:
«Мен – өртпін! / Қып-қызыл алаумын кәдімгі, / О бастан, қанымды, жанымды / Өрт қыл деп өтіндім Тәңірді. / Өртпін мен! / Адуын, алапат ағынмын, / Маздадым, лауладым, қағындым. / Жолымды жалмаған қабірмін! / Жалынмын, / Өртпенен өрілген шынжырмын, / Кәззапты күліме құл қылдым, / Сүйегін сарт-сұрт сындырдым. / Сол өртпін! Өшпейтін, өршитін өкпекпен, / Қаламын сия емес, от төккен. / Ақынмын – аждаһа боп кеткен. / Өртпін мен! / Жоқ қылған, жайпаған, жұтатқан, / Кеудемді жұрт үшін жүк артқан, / Ып-ыстық топырақ тұтатқан! / Мен – өртпін! / Сескенген, қорқаулар, сайтандар. / Бойымда жайпау бар, шайқау бар, / Байқаңдар! Байқаңдар!»
Сөз жоқ, екі монолог-өлең де тамаша жазылған, екеуінде де бас кейіпкердің де, автордың да мінезі андағайлап тұр. Оқып болғасын, шынында да аяғыңды байқап басқың келеді, яки бүгіндері әлгіндей мінездің жігіттері азайып, мігіттері көбейіп қалмады ма деп ойланасың.
Десе де, және бір өлең бар. Өлең емес, толғау. Толғау-дастан. От толғау. Абдолламен басқалардың қайсысынан да көбірек қанаттасып жүрген, қанаттасы ғана емес, таланттасы болған, сонысымен де ерек оқшау ақындық қуатқа ие ақын, ол – Қасым Аманжолов және оның әдебиетіміздің асыл қазынасына енген «Ақын өлімі туралы аңызы». Осы жерде бұл туындының жазылу мерзімі жағынан Абдолла ерлігі орын алған уақыт мұғдарына бәрінен де жақын тұрғанын, яки ақын қазасынан көп ұзамай қағазға түскенін (1943 жылы, Қиыр Шығыста) айту жөн. Өз басым бұл шығарманың Абдолланың 1945 жылы жарық көрген «Таңдамалы өлеңдері» атты шағын жинағында жарық көрген ілкі, асыл нұсқасын көбірек ұнатамын. Мынадай бір үзік:
Майдан етіп дүние төрін,
Темір гүрзі қақтап отқа,
Жекпе-жек кеп өмір-өлім,
Соққыласып жатқан жоқ па?..
Арқалап сол майдан жүгін,
Қалың жаудың ортасында,
Көкірегінің кекті зілін,
Қоса түйіп қорғасынға,
Қанды қырғын, қапылыста,
Жалғыз қап бар жолдасынан,
Жараланған жолбарыстай
Өрт жанарлы бір жас ұлан,
Ырғып бұлттан түсер жайдай,
Өзі оқ боп атылғандай,
Ұлы айқасқа жанын тігіп,
Күтті жауын тас бекініп…
***
— Құдірет күші жер-жаһанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл жүрек!
Еңкейе түс өз жалауым,
Көтеріл ел, намыс туы! —
Деп ер ұлан бақты жауын,
Жарқ-жұрқ етіп жан ашуы.
***
Қанды пышақ жау күлкісі.
Қақ жарғандай түп жүрегін, —
Шошып ұшты орман құсы,
Көл күрсініп алды демін,
Ер күрсініп алды демін.
Қызғыш болып қызғанышы,
Қыймай жауға көл арнасын,
Жалын шарпып дем алысы,
Құшып жерін, сүйіп тасын,
Жүрегіндей сол аймақтың
Алас ұрды намысты ұлан,
Ащы зары махаббаттың
Естілгендей күйінді жан, —
Кеуде кегі, жан ашуы
Кетті өтіп «от өзектен...»
Көтерілді жаудың шуы,
Түскендей-ақ қаһар көктен.
* * *
Ыза боп жау жіберді өрт.
Кідірді ер, оқ таусылып.
Автоматы ең соңғы рет
Алды демін, тынды сұлық...
…Айтты да ол соңғы сөзін,
Аударды бір отты көзін,
Жанарымен шырқ үйіріп,
Жер мен көкті алды жыиып,
Сол бір көздің аясына
Кеткендей ед дүние сыйып...
Күй көңілді, жаз бейнелі
Алтын өмір мың құлпырып,
Көз алдында жардай күліп,
Қасақана алды тұрып.
Ғашық жардай қайран өмір
Қиналдырмай қалатынба ең?
Желпуші еді ол, жуытпай кір.
Құс жанының қанатымен.
Кейде сағым, кейде жалын,
Арбады елес көз жанарын.
Көрді бәрін, құшты бәрін,
Туыстарын, жан достарын...
Кенет осы сұлу сурет,
Тұрған жайнап, көзді тартып,
Сұп-сұрланып, о керемет,
Орны-орнында қалды қатып!
Тұр еді ол, үсте жалын,
Алтын тудай шалқып, лаулап,
Жалп етті ту, жалт берді өмір,
От төсекте түсті аунап.
Не деген ақындық қуат! Неткен ғажайып, ағылмалы-төгілмелі троптар! Обертондар! Форма қандай, шіркін – кәдімгі эпик жанрымыздың сыңар-дублі түріндегі толғау, оның ішінде түйдегімен, шоғыркластерімен төкпектете құйылып жататын дастандық толғау! Поэманың бас қаһарманының өзі бір кезде ұдайы қалам тартқан толғау. «Шүу!»дегенде сулығын, / Шұлғи тарта жөнелген. / Ағыны жұлдыз айна көк, / Жел жүйрігі көбеген, / Қырлы найза құлағы, / Қыранның мінер пырағы, / Шаншылып Айға секірген, / Кім екен баптап өсірген?». Немесе: «Ой мұхиты – өлеңнен, / Ту көтере туған ұл. / Тіл тиегі – көмейден, / Қотарылсын толған жыр. / Музыкасын жүректің / Ой бұлағы өлеңнің /Шалқаларынан шалқымай, / Алпыс екі тамырдың / Арқауынан сарқырай, / Арқадағы аралдың /Айдынындай сарқырай, / Бүгін сел боп ақпасаң, / Көңілім саған риза емен!»
Сонымен бірге, Қасым дастанынан кейде емескі, кейде айқын түрде Абдолланың өз өлеңдерінің, Абдолланың өзіне ғана тән ақындық қуат пен қолтаңбаның мөрі байқалады. Мысалы, Абдолланың мына бір жолдары:
«Екпіні дауыл, өжет қыран, тау теңселген күш қайраттан,
Ұлы дүбір дабылымен долы мұхит сеңді оятқан.
Адамзаттың азғын жауын, қаһарымен қалтыратқан…» . «Ә» дегеннен Қасымды еске салып тұр емес пе?!
Бұл да ештеңе емес, соғыс қарсаңында, бәлки майданда жүріп жазған мына бір өлеңі ше?!
Ақын жүрек, от жүрек,
Асығып неге туладың?
Білемін ғой сырыңды,
Жасық боп рас тумадың.
«Айқас!» деп соқтың әзірге
Қалдырып жастық думанын.
Жарылсаң жауға бомба боп,
Жарадың, жүрек, туғаным!
Сонда саған адамзат
Иер әділет туларын...
Қиыр Шығыста жүріп, ылғи да досының жай-күйінен хабардар болып отырған Қасым, оның ерлік қазасын лазаретте жатып, есіріктеніп, ұзақ түндерді дөңбекшумен өткізіп, ақыры дәрігерлердің өлең жазып жатқан дәптерін тартып алғандарына қарамай, оларға айбат шеге отырып поэмасын төгілтіп жазып шыққан Қасым, сірә, оның майданнан елдегі қаламдас достарына хатпен жіберген өлеңдерінен хабардар Қасым атақты дастанында досының бұл өлеңіне тікелей аллюзия береді:
… – Құдірет күші жер жаһанның,
Қанатын бер қыран құстың.
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл, жүрек!

«Ақын өлімі туралы аңызда» қырағы әскери цензорлар байқамай қалған бір жағдай бар. Соғыс жылдары, соғыстан кейін де «лакировка теориясы» үстемдік құрды. Ол бойынша совет халқының соғыстағы патриотизмін, жанқиярлық ерлігін жаппай марапаттау, пафостық дәріптеу талап етілді және қолдан қиылған осы идеологиялық қалып заңдылығына орай кейін «майдан диалектикасы», «окоп шындығы», «лейтенанттық проза» деп аталған соғыс ақиқатын жазу ыңғайына ресми де, бейресми де тыйым салынды. Дихан Әбілевтің дивизия газетінде басылған «Майданбек» атты поэмасында бас кейіпкер Майданбек окопта отырып ойлаған «Осы соғыс неменеге керек, адамдар неге бірін-бірі өлтіруге құмар?!» деп келетін пәлсапалық қилы ойлар үшін шүйт басы кете жаздаған ғой. Әлгі қалып бойынша солдат ешбір ой ойламай, Отан үшін ғана өмірін беру керек. Ал Қасым дастаны Абдолланың өлім әлетіндегі сәтін бейнелейді және осы жағдайды психологиялық жіткірлікпен терең талдап көрсетеді.
«…Айтты да ол соңғы сөзін, / Аударды бір отты көзін. / Жанарымен шырқ үйіріп, / Жер мен көкті алды жиып, / Сол бір көздің аясына / Кеткендей ед дүние сыйып. / Күй көңілді, жаз бейнелі, / Алтын өмір мың құлпырып, / Көз алдында жардай күліп, / Қасақана алды тұрып. / Ғашық жардай қайран өмір, / Қиналдырмай қалатын ба ең, / Желпуіші ед ол жуытпай кір. / Құс жанының қанатымен, / Кейде сағым, кейде жалын, / Арбады елес көз жанарын. / Көрді бәрін, құшты бәрін. / Туыстарын, жан достарын… / Кенет осы сұлу сурет, / Тұрған жайнап, көзді тартып, / Сұп-сұрланып, о, керемет, / Орны-орнында қалды қатып…»
Жауынгер… советтік жауынгер... комсомол, бәлкім тіпті коммунист… көзіне қан құйылып, айнала дүние қып-қызыл бояуға боялып, артынша үстінен дүниедегі тау біткен құлап, бүткіл зіл-батпан салмағымен жанши бастаған сәтте жарын, туыстарын, жан достарын еске алады, солармен ақырғы рет амандасып, қоштасады. Отанымен емес – советтік отанымен емес, туыс, дос, зайыбымен…
Досының жан дүниесін дәл өзіндей білетін Қасым неге олай етті, шынымен де Абдолланың жалаулы да алаулы ерлігінің түп-тереңінде нендей себептер жатыр, жалпы өлім мен өмір ұстасқан сәтте және ажал сағаты соққанда адам не ойлайды, кісінің жаналқым мезетте жойқын ерлік көрсетуінің анатомиясы нешік?
Бұл сұрақтарға жауап беру үшін кейіпкеріміздің өмір жолын көктей болса да шолып шықпақ керек.
(жалғасы бар…)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.