Өмірбаян Бекбосынова Арайлым Мұхаметқалиқызы 1983 жылы Семей облысы Ақсуат ауданы Қызыл Кесік ауылында дүниеге келген. Жазушылықты бала күнінен жанына серік еткен Арайлым «Ерке қыз» «Абай ғибарты» кітаптарының авторы. Негізгі мамандығы мұғалім болғандықтан Арайлымның әңгімелері балалық шақтың балауса кездерін еске түсіреді. Бала тәрбиесіндегі ұлттық дүниетаным, ұлттық құндылық мәселелері «Барби» «Құрақ көрпе» «Бауыр басу» «Қара қазанның қақпағы» «Ақ бантик» әңгімелерінде нәзік көрініс табады.
БАРБИ
Әуе айналып жерге түсердей шілденің шіліңгір ыстығы. Бір тамшы жаумағалы екі аптаға ұласып барады. Күйіп тұр.
Әйгерім күнделікті әдетімен көрші қыздармен ойнап жүрсе де, көңілі алаң. Жол жаққа қайта-қайта жалтақтап қарай береді. Ауылды қақ жарып жатқан ұзын трассаны көзбен күзетемін деп ойнаған құрлы болмады. Ауылдың ішіне құлдилап келетін бұралаң жолдан әне бір көлік көрінді, сары автобустың көрінетін уақыты да жақындап қалған еді. «Қаладан келетін автобус болса екен» деген үмітті ой Әйгерімнің көңілінде күлім қақты. Жақындағанда жазбай таныды көрші Қали ағаның сары жигулиі екен. Ілешала артынан тағы бір шаңды көзі шалды, көлік қылтиып көрінді де сайға енгенде жоқ болды, біздің ауылдың кіре беріс жолы түйе өркешіндей қызық осы...
Сайдан қылқиып жақындаған көлік түсі сары камаз екен. Дәл қазір күнде ары-бері өтіп жататын сары автобустың қадірі ерекше болып тұрғаны-ай. Автобустың төбесін бір көрсе болды, арманы қол бұлғап жақындайтындай сезіледі. Қаладағы апайы Айманның «шілдеде демалысқа шығып келемін» деген хатын алғалы Әйгерім күн санап жүр. Бүгінгі көптен күткен күні келіп, сағынған әпкесін көруге асық. Әшейінде зырылдап жатқан сағатты айтам да күткен кезде уақыттың өтпей қоятыны несі? Күнделікті таң атса кешке зыр етіп күн бататын уақыт бүгін ұзаққа созылғандай. Әлде адам сағына күткен кезде солай созылып бататын күннің әдеті ме екен. Жолға минут сайын қарап, қайта-қайта алаңдай берген сайын уақыт та сағызша созылып алғандай. Бүгін Әйгерім зыр жүгіріп бақша суару, бұзау қайыру, құрт қайнатқан қазанды жуу деген өзінің күнделікті шаруасын әлдеқашан тындырып тастаған. Жұмыс істеп жүріп қаладан әкеле жатқан қуыршағы туралы ойлап кетсе болды, бала көңілі шаттанып сала береді, езуіне күлкі үйіріліп жымиып қояды. Әйгерім алтыншы сыныпты мақтау қағазымен аяқтады, сыныптағы белсенді оқушылардың бірі, бойының ұзарып өсіп бара жатқаны болмаса, әлі ойын баласы. Көршінің қыздарымен күні бойы қуыршақ ойнау - демалысқа шыққалы бергі қызықтарының бірі. Бұйра бас, сары шашты, көзі тұздай, кірпіктері бірдей қайқайып тұратын қуыршағына анасының құрағынан қалған қиындыларынан түрлі киім тігіп алады. Әр қуыршағының аты бар. Бірі - Элен деп атаса, екінші – Джуана. Таза қазақи ауылдың қыздары тілдерін сындырып француздың атына құштар боп жүргені не дерсіз? Оған себеп - күнделікті отбасы болып тамашалайтын «Элен және оның достары» телехикаясының кейіпкерлері.
Көзі телміріп жолға елеңдеген Әйгерім бір сәтке қалт еткенде, автобустың қашан ауылға кіргенін байқамай қалғаны қалай, есігі жоқ қақпадан Айман апайының сөмкесін әрең көтеріп келе жатқанын көре салысымен:
-Айм а-а-а-а-а-а-а-а-н!- деп тұра жүгірді. Оған қоса үйдегі өзінен кішкентайлар да сүріне-қабына ілесті. Шұбыра жүгірген бауырларын көрген Айман тоқтай қалып құшағын жайды. Өзі де ауылын, үй ішін сағынып келе жатыр еді, бауырларын бір-бір құшақтап сүйіп мауқын басып жатыр. Кішкентайлар тіпті жіберер емес. Анасы:
- Болды енді, апайларың жолдан шаршап келді, мазасын алмаңдар, - демесе босатар түрлері жоқ.
Айман апайы тым ажарланып кетіпті. Әйгерім қызығып қарап қояды. Иығына дейін қиылған қап-қара бұйра шаштары толқынданып ақ құба өңіне жарасып-ақ тұр. Бұрындары бетінің алмадай қызылы бар еді, бояу жағып алған ба аққұба боп шыға келіпті. Үстінен жағымды иісі аңқып шығып тұр. Әйгерім осы иісті жақсы көреді. Қаланың иісі осындай болар деп есептейді. Қызықтың көкесі екі бүйірі тыңқиып тұрған мына дәу қоңыр сөмке ашылғанда болатынын Әйгерімнің іші сезіп тұр. Шай жасалғанша Айман апайы қоңыр сөмкені ашып, қаладан әкелген сарқытын тарата бастады. Дәу сөмке ашылғанда қызыл алманың хош иісі үйдің ішін алып, мұрынды қытықтап барады. Сөмкеден үнді шайы, қызыл-жасылды маталар, кір жуатын сабын шығып жатыр. Анасының тапсырған заттарын Айман асықпай қолына бере бастады. Құрақ көрпеге торғын, барқыт маталар, тоқымаға жіптер, үйге перде, көйлек-көншектер. Балаларға бұлар қызық емес, «тағы не бар екен» деп қаумалап алған. Әрқайсысының қолына бір алма, бір сағыз, бір Альбени шоколодтан тиді. Кішкентайлар тәттінің қызығына батып мәресәре, Әйгерім сөмкеден қашан қуыршағым шығар екен деп елеңдеуде. Ойда жоқта Айман апайы: «Ойбу! Әйгерім, қуыршақ тарс есімнен шығып ұмытып кетіппін» десе қайтер еді. «Жо-жоқ, әкелем деп уәде берген әкеледі» Сөмкеден қызыл пакет шықты «әәә, міне осы болар» деп қолын созып ыңғайлана бастап еді. Анасы тапсырған тоқыма жіптері екен. Қуыршағымның шашы қандай екен өзі, көйлегі қандай екен, өткенде көрші Тоғжанға анасы шашы аппақ қуыршақ әкеліпті. Бірақ Әйгерімнің көңілінен шықпады. Қуыршақтың шашы қоңыр болғаны дұрыс деп санайды. Е, бәсе бәсе апайы арнайы қорапқа салынған қуыршақты бүлінбесін деп әдейі ең түбіне салған екен ғой. Көптен күткен қуыршағы қолына тигенде қалалық апайының бетінен шөп еткізді де бөлмесіне жүгіре жөнелді.
- Ойпырмай, жыл сайын қуыршақ әкелесің, мынауың қып-қызыл ақша ғой, қарағым!- деді анасы қызының қалтасын ойлап.
- Ойын баласы ғой, мама! Ойнасыншы, бізде мұндай қуыршақ та болған жоқ қой.
Бойы ұп-ұзын, сирақтары оқтаудай, жіп-жіңішке белі қиылған қуыршақты қолына алғанда, күнде теледидарда жарнамадан көріп жүрген сәнқой биші қызбен бетпе-бет келгендей болды. Әйгерім «Барби» атауын естіп жүргенімен қуыршақтан гөрі шетелдің селтеңбай қыздарына ұқсатты. Ес білгелі ойнап жүрген қуыршағынан мүлде бөлек, қуыршақтан гөрі үлкен бойжеткеннің келбетіне ұқсайтын сияқты. Әсіресе дене бітімі мен үстіне кигізіп қойған киіміне қарап Әйгерімнің көңілін бір түрлі сезім билей бастады. Көңілі құлазып сала берді. Әдеттегідей топ-томпақ қуыршақтарының жаңасын әкелер деген ойының тас-талқаны шықты. Барбимен ойнамақ тұрмақ, қолына ұстап көруге өз-өзінен ұялып барады. Соншама шақырымнан арқалап арнайы әкелген апайына:
- Неге мұндай қуыршақ әкелдің? - деп қалай айтады. Қанша күн армандап күткен көңілі су сепкендей басылды. Күні бойы самбырлап көрші қыздарға да мақтанып үлгеріп еді. Қуыршақ кеудесіндегі екі кішкентай түйнекті ақырын сипап көрді де денесі дір етті, қымсынып бір түрлі ұялатын сияқты. «Қуыршақ кеудесін томпитып қойғаны несі» деп іштей сөкті. Күндізгі тәтті қиял жетегіндегі қуанышы аяқ асты сөніп, мұңайып қалды. «Апайым маған қуыршақ әкеледі» деп мақтанышын, енді қалай достарыма көрсетем деп бір ойланды.
Бәрін құртып тұрған қуыршақтың кеудесіндегі екі түйнек, әлі бой жетіп үлгермеген, ойыны қанбаған қыздың қапелімде көңілін құлазытып қоя берді. Шашын желкеден келте қиып, қысы-жазы шалбарланып жүретін еркекшора Әйгерімге мына сылқым Барби «ертең сен де мен сияқты сымбатты қыз боп шыға келесің» деп көзін қысып, белгі бергендей. Жансыз Барбидің өзіне сенімді көздері Әйгерімге «қуыршақты қоятын кезің келген шығар» деп тұрғандай. Үйдегілер көріп қоймасыншы деп қомсынып, әсіресе, әкем мен ағам деген сақтықпен қуыршағын жасыратын жер іздеді. Үйдегілер демекші, осы үйдегі әйелдер қауымы жасы он екіге толған қызға бойы мен тәнінің өзгертетіні жайлы «болашақ жар», «болашақ ана» болатыны туралы бірер ауыз айтты ма екен? Бірбеткей қыңыр қыздың бетіне келіп, оған ешкім жақ ашпады ма? Әлі бұл тақырыпта сөз қозғалмады ма? Бірақ бала күнінен еркекшора болып өскен қыздың, табиғаты әйел екенін ішкі түйсігі сездіретіні рас. Қарапайым пластмассадан жасалған болса да Барбимен ойнау Әйгерім үшін өте ауыр болды. Кішкентай жүрегінде балалықпен қоштасқысы келмейтін қимастық орнады. Алаңсыз жүрген Әйгерімнің аңғал балалығын Барби ұрлап алғысы кеп тұрғандай.
Содан не керек, қуыршақты матамен орады да, киім сөресінің түбіне тығып тастады....
Ақ бантик (әңгіме)
Мамыражай ауылдың бұйығы тірлігінен алғаш рет ұзап шыққан бетім, қаптаған ию-қию адам, зуылдаған машина үніне, қаланың абыр-сабыр өміріне бой үйрете алмай, өзімді ыңғайсыз сезініп жүрмін. Сағат бес болыпты. Ауылдағылар бестің шайына отырды. Бүгін бейсенбі анам құрт қайнатқан шығар, ертең нан салады. Бұзаулары еміп қойып, бауырларым таяқ жеп жүрген жоқ па екен? Әкем шөп түсіріп алды ма екен? Ауылымды сағынып жүрмін... Қала біртүрлі қатігез, өгейлік танытатын сияқты. Қаланың қым-қуыт тірлігіне аздап бейімделе бастағандаймын, адамдарын да дүкенін де ауылмен салыстыра беремін. Өз-өзімен болып, бүгін дүкен аралауға бірінші рет шықтым.
- Ажар, сенбісің? Қандай әдемі қыз болып өсіп кеткенсің? Кезінде қуыршақпен ойнап жүрген кішкентай қыз едің. Тіпті танымай қалдым ғой.
Сары келіншектің секпіл беті мен шүңірейген көкшіл көздері таныс. Айжан ғой.
-Айжан апайсыз ба?
- Амансыз ба? Сіз де осында тұрасыз ба?
- Иә, жақында көшіп келдік.
- Өзің студент шығарсың? Оқымысты қыз едің. Грантқа түскен боларсың?
- Иә, филологияға түстім.
- Қандай күшті, қызығамын жастарға. Біз байға тиіп оқусыз қалдық емес пе? Жас күнінде бойшаң еді. Кеудесін керіп екі бөксесін бұлғаңдатып екі жаққа теңселтіп жүретіні көз алдыма келді. Өзгеріпті. Қыз күніндегі белі мен мүсіннің белгісі де қалмапты. Денесі толысып, бүкірейіп қалғанға ұқсайды. Көрші қыздың секпіл беті мен көк көзі ауылдағы алаңсыз күндердің естелігін ойға салды. Қасында кішкентай қызы бар. Мектеп бітіре салысымен күйеуге тиіп кетіпті деп ауылдың шулап жүргенін құлағым шалғаны бар. Алтылар шамасындағы қызы да өзі сияқты шикі сары, секпіл бет екен. Кішкентай сары қыздың ақ бантигіне көзім түскені сол-ақ еді, әлгі оқиға санамда жылтың қақты.
Қысы-жазы басынан ақ бантигімді тастамайтын балалық әдетім бар. Жазғы кезде қыдыруға шықса да бір елі бантигімді шешпейтінмін.
- Ажар, қазір каникул. Сен бантикті мектепке барғанда тағасың. Көшеге бантиксіз де бара беруге болады,- дегенге көнетін Ажар бар ма. Қырсықтығымнан көзімнен моншақтар домалай бастаған соң, еріксіз ырқыма көнетін. Өткенде моншаға бару үшін де ақ бантигін тағып барған соң енді не дейсің? Басыма гүлдеп ақ бантигі тағылса, өзіме деген сенімім жоғарылай түсетіндей сезінетінмін. Бірде жаңа жыл алдында қызық болды. Шыршаға ақшар болып киініп, сахналық қойылымға қатысамын деп бір ай дайындалдық. Қаладағы апайым арнайы шырша қойылымына тағасың деп аппақ атласқа ұқсас матадан жып-жылтыр бантик беріп жібергенде қуаныштан төбесі көкке екі елі жетпей қуанып жүрдім. Күнделікті сабаққа тағуға қимай, жаңа жылдық шыршаға деп сақтап қойдым. Ақшақардың көйлегімен ақ бантигінің үйлесімін елестетіп ұйықтап жүрдім. Ондай бантикті сыныпта әлі ешкім таққан жоқ. Бірінші болып өзім тағатыныма мақтаныш сезімі де кеудемді кернейтін. Кешке қарай жаңа жылдық қойылымға арналған киімдерін үтіктеу басталды. Сары майдай сақтап жүрген жап-жаңа бантигімді үтіктеуге бердім. Осы кезде көрші қыз Айжан да киімдерін үтіктеуге келе қалмасы бар ма? Қас пен көздің арасында әлгі бантик ғайып болды да кетті. Бүкіл үй іші шарқ ұрып, үйді ақтарыптөңкеріп, бантик іздеумен болдық. Өмірде көз алдыңа қойған затты таппай сандалып, жоқ іздеген қандай жаман еді. Табылмады. Әп-сәтте ақ бантик көзден бұлбұл ұшты. Ал отыра қалып өкірдім, ішім ашып барады. Бірде бір рет тақпай әдейілеп шыршаға арнаған бантигім қайда? Қалайша көз алдындағы зат ізім қайым жоғалып кетеді. Үйдегілердің бәрі қайран қалды. Не керек, барымен базары деп ескі бантигін тағып, ертесіндегі қойылымға бардым. Әртістік қабілет нағашыларымнан келген, өзіме берілген рөлді тыақылдатып орындап шықтым. Жетістігіммен өнеріне шаттанып қайтқалы жатқаным сол еді, дәлізден көрші Айжанды сыныптас қыздарымен көзім шалып қалды.
Айжан 11-сыныпта оқиды, бойшаң тырбиған арық, көзі көкшіл ішіне кіріп шүңірейіп тұрады, өзі сап-сары, түрі онша қазаққа ұқсамайды. Бала болсам да «осы Айжанның түрі неге басқаша екен?» деп ойлайтын. Біздің ауылда өзге ұлт өкілі мүлдем жоқ. Бәріміз қара қазақпыз. Кейбір үйлерде өң бастары өзгешелеу: көздері көк, қоңқы мұрын, шикі сары балалар табылып қалады. Өткенде М.Мағауиннің «Бір атаның балаларын» оқып отырып, шынымен де Айжан да Ахмет сияқты өзгешелеу иә деп топшыладым. Бір топ қыздардың ішінен кетіп бара жатқан Айжанның қара көйлегінің сыртынан, қылдай беліне қапсыра байлап алған ақ бантигі көзіме оттай басылды.
- Бантигім!- деп айқай салдым.
- Әкел, бантигімді.
- Кеше сен ұрлап кетіпсің ғой! - деді бүкіл дәлізді басына көшірдім.
- Ұрлықшы, мен сені мамама айтам! - деп арамдыққа жаным шыдамастан еңірей жөнелдім.
Дәліздегілердің екі көзі бізде. Бәрі аң-таң. Ауыл мектебінің кіпкішкентай дәлізі азан-қазан болды да қалды. Мұғалімдер бөлмесінен тәрбие меңгерушісі жүгіріп жеткенше, Айжан ләм-мим деместен зып берді. Сыныптас қыздары Айжанның қолының жымысқысы бар екенін растап, пыш-пыш етті. Көзімнің жасын көл қылып кешегі үйдегі оқиғаның бәрін тәрбие ісінің меңгерушісіне жырдай қылып айтып жатырмын. Аяқ астынан шыққан айқайдан хабардар болған Айжанның сынып жетекшісі де ашуға мініп іле-шала жетті. Кабинетке шақырып жазасын бермек болып, Айжанды іздеді. Сыныптастары жан-жаққа жүгіре жөнелді. Мектептің қуыс-қуысын, бұрыш-бұрышын шарлап шықты. Айжан жоқ.
Үйге кіре салысымен әлгі буырқанған ашудың ыстық буымен анама шағымдана бастадым. Анам сабырлы күйімен мені тыңдап алды да:
- Кеше ішім сезіп еді. Бір бантик үшін көршіммен бет жыртыспақпын ба? Өз ұяттарына қалдырайық,- деп қазанның аузын жауып қойды. Жұдырықтай жүрегім ұрлықпен алғаш рет бетпе бет келіп, мына өмірде «ұрлық» деген айланың бар екенін түсіне алмай бұлқынып жатыр. Анамның қызының жоғын іздемей, үнсіз қалғанына одан сайын ашуланып, бұртиып жүрдім.
Бантик оқиғасынан соң Айжан үйге мүлдем жоламай кетті. Бірақ менің санамда түрлі сауалдар пайда болды. «Біреудің затын рұқсатсыз алуға болмайды» деп әрдайым анамның, одан қала бере әпкелерімнің құлағыма құятын ақылы ше? Айжанның анасы ондай айтпай ма екен? Айтса неге Айжан бұл адалдықтың ақ жібін үзеді екен? Анам неге ақ бантикті дауламай үндемей қалды? Айжанның анасы үйге келсе шайын беріп, ештеңе болмағандай беймарал әңгімелесе беретіні қалай? Бала көңілім сол күйі жұмбақтың жауабын таппады.
Кенет бір әйел келіп, Айжанның сөмкесін жұлқылай жөнелді.
- Сен екенсің ғой. Ұрлап кеткен. Ұрлықшы! Қырық сөмкені қарап - қарап алмаймын деп кетіп қалғаның сол еді, біреуін жымқырып кетіпсің ғой. Қазір мен сені милицияға беремін. Көрсетейін мен саған ұрлықтың қалай болатынын деп!- екі аяғын бір етікке тықты.
Табан астында шыққан шудан сары қыздың жүрегі ұшып кетті.
- Мама, тез кетейікші! Сені тағы да милиция ағай алып кетеді- деп бала шырылдай бастады. – Мама, кетейікші! Айжан балаша төмен қарап, жаутаңдап жасып қалды.
Айжанды қатты аяп кеттім.
- Кешіріңіз, байқамай алып кетіппін. Қалай алғанымды өзім де білмеймін, - деп сөмкені иесіне қайтарып берді. Саудагер әйел де осал емес екен, қарғанып сіленіп кері қайтты. Айжанның өзін қоярға жер таппай ұяттан өртеніп бара жатқан шарасыз күйін көріп, жаным ашып кетті. Бір ауыз жылы сөз айтып жұбатқым келді. Іле-шала менімен қоштастпастан қызын жетектеді де, тұра жөнелді.
Бала күнгі жұмбақтың сырын енді түсіндім. Айжан клиптоманиямен ауырады екен ғой. Қаршадай қызының «Мама, тағы да милиция алып кетпесінші!» деп шырылдаған дауысы құлағымнан кетер емес... Мүмкін ата-анасы ертерек емдеткенде, жазылып кетер еді ғой. Айжанның не жазығы бар. Айжаннан кешіріп сұрағым келді...
ҚАРА ҚАЗАННЫҢ ҚАҚПАҒЫ
Дархан биыл бесіншіні үздік аяқтады. Атасы мен әжесі үшін көптен күткен немерелерінің әрқашан сыныптың алдында, оқ бойы озық тұрғаны бір бақыт. Кеше де соңғы қоңырауда фамилиясы аталып, мектеп директорының қолынан мақтау қағазын алған сәтте қос қарияның кеудесін қуаныш кернеп, қартайған шағында немеренің қызығына бөленуді лайық көрген Аллаға шүкіршілігін еселеп айтып, жүректері елжіреп кетті. Екеуі де мақтанышпен бойларын түзеп, «біздің немере ғой, көрдіңдер ме?» дегендей жан-жағына қыр көрсетіп, өз-өздерімен марқайып қояды. Соңғы қоңырау біткен соң атасы ұлының мақтау қағазын көшедегі ел-жұрт көрсін деді ме үйге дейін желбіретіп ұстап келді. Жылдағы әдет бойынша көрші-қолаң мақтау қағазды сылтау етіп, улап-шулап Дарханның әжесі лықа толтырып жасап қойған дастарханынан дәм татып, қою күрең шайын ішеді. Шәй үстінде атасы ешкімнің сөзіне де басқасына да мән бермейді, ұлының жетістігін мақтаумен болады. Күн ұясына бата бастаған уақытта көршілер үйді үйлеріне тарқасады. Таңертең ұйқыдан тұра салысымен Дархан әжесінің дайындап қойған қаймағын нанға жағып, бетіне қант сеуіп, бір кесе қара шайды жұта салды да, жазғы демалыстың алғашқы күнінің ойын қызығына еніп кетті. Енді Дарханның жалғыз-ақ жұмысы бар. Ойын. Ала жаздай өзеннің бойында суға шомылып, балық аулап асыр салады. Одан қала бере асық ойнау, доп тебу, асауды үйретумен үш айлық демалыстың қалай өткенін де сезбей қалады. Боғастың суына шомылып, күнге қақталып, күні бойы жүрген ұлдардың денелері қызарып, қолдары жарылып шыға келетін. Жалғыз Дархан емес, бүкіл ауыл баласының бет-жүзі осындай болып кеткен. Бұл - көзге үйреншікті қалыпты жағдай. Өңшең қара домалақтар өзен басында у-шу боп жатады. Ауылды екіге жарып ағып жататын Боғас өзені – қысы-жазы балалардың ойын алаңы. Жаз келіп, каникулға шыға салысымен үш ай бойы өзеннің жағасында асыр салып ойынның түбін түсіруден шеберлердің қатарында Дархан да бар. Жаз бойы өзен маңайында балшықтан үй қалап ойнау - өте қызықты ойындардың бірі болды. Балшық үйді қалау үшін талай уақыт кетеді, кәдімгі маңдай тер, адал еңбек. Өзеннен лай батпақты алып, ол сұйық болса, қоймалжың қылу үшін топырақ құм араластырады. Арнайы ыдысқа қоймалжың дайындап алып, қара домалақтар қиялдарына ерік беріп, арманы болып жүрген әдемі үйді қалап алады. Балшықтан қалап алған үйлерін бірнеше бөлмеге бөліп, оның ішін жихаздарға толтырып қоятыны тағы бар. Көрші қыздар екі-екіден бөлінеді де, бірі- анасы, бірі- қызы болып рөлге еніп алып, бірін-бірі қонаққа шақырып мәз мейрам. Естері кіргелі көргендері - қонақ шақыру дастархан жасау, соны бүлдіршіндер өз ойындарымен жүзеге асырады. Ал үйдегі әке-ағалары малдың кезегіне немесе шөп шабуға кетеді. Қонақ келгенде әдеттегіден ерекше қылып дастархан жайып, қыздар анадан көргенін қайталайды, балшықтан жасап алған торттың бетін түймедақ гүлімен безендіреді де, бөтелкенің сары қоңыр жасыл шынылары мұз кәмпиттің рөлін атқарады, гүлді оюлы кеселердің сынығы шай ішетін сервизі болады. Үйдегі шай ішіп жүрген қызыл ала кесе сынса, қуанады. Сол кезеңнің тапшылығынан болар, кесенің сынығы балалар үшін ерекше ойыншық. Анасы қабағын шытып бастарынан айналдырып лақтырып жібереді, қазір неге сынық кесемен бізді аластады екен деп ойлаймын. Көп ұзамай сынық кесені тауып алып, жуып-шайып әп-әйбат ойыншық жасап ала қояды. Балалық қой «қолымды тіліп кетеді-ау», «ойбай, микроб» деген ой мүлде жоқ. Микроб та жұқпайды, жарақат та болмайды, керісінше әп-әдемі оюлы кесенің сынығы балшық үйдің дастарханының көркі болып шыға келеді. Осылайша қиялға қанат бітіріп, ойды түрлендіріп ойнай береді. Бала қиялы кереметтігі соншама, кейбір кездері оқыған кітаптардың, көрген сериалдарымыздың кейіпкеріне айналып кететіні бар. Ауыл балаларының арманы мен қиялына ешкім тосқауыл қоя алмайды, балалықпен талай биікке самғайтын еді. Кей күндері үйді тәп-тәуір қалап болғанда, аяқ астынан күн күркіреп, найзағай шатырлап жауын құйып кетеді. Ондай кезде балшық үйлер жайына қалып, өз үйді үйіне қарай тұра безеді. Шатырлаған найзағайдың үні үрейді алғаны сонша «бісімілла, бісімілла!» деп жарыса сыбырлай қашады. Ойынның қызығына беріліп кеткенін Дархан күн әбден ұясына батып, қараңғы түскен уақытта ғана байқады. Үйге қайтып келе жатып, есіктің алдында бір қолында таяғы, бір қолында тайқазанның қақпағын ұстаған анасын көрген кезде, жақсылықтың күтіп тұрмағанын сезіп, қылп ете қалды. Таңертең ойынға шығып бара жатқанда анасының «Кешке күн қараңғы болмай тұрып тайқазанның қақпағын Қасымхан ағаның үйіне апарып бер» деген тапсырмасы есіне сол кезде ғана түсті. Тарс есінен шығыпты. Ойынның жетегінде еліріп жүріп анасының екі ауыз сөзін мүлдем ұмытқанын қарашы. Күні бойғы ойыннан шаршап, қарны ашып, «қазір әжемнің дайындап қойған тамағын жеймін де тұп тура төсекке құлаймын» деп келе жатқан Дархан шешесінің қолына ұстаған таяғынан бұрын сұсты қабағын көргенде қарнының ашқаны да, шаршағаны да ізім ғайым жоқ болып кетті. - Күні бойы қайда жүрсің? Мен саған не деген едім,- деп анасының қадалған көздеріне Дархан қарай алмай, төменшіктеп басын ие берді. «Қап, әттеген-ай, қара басып ойынға кетіп, анасының сөзін ұмытқанын айтсаңшы?!» Есік алды алакөлеңке болғанымен анасының қатулы қабағын сезіп ақ тұр. Шыр-шыр еткен шегірткенің үніне іші де шұр-шұр етіп қосылып қояды. Қайтсін таңғы астан кейін нәр сызбаған ішектері де шұрылдап барады. Анасының бір ауыз сөзін ұмытып, ұяттан өртеніп барады. Дарханды анасы ешқашан таяқтың астына алып көрмеген еді, қолына сес көрсетіп алғаны болмаса бұл жолы да таяқтап мүлде ұрмады. Сол заманның баласы әке-шешенің қатулы қабағынан, көзінің бір қарасынан-ақ, сап тыйылушы еді. Дархан осы бір өтімді көздерімен жеп қорқытқанша қолындағы таяғымен тоқпақтағаны дұрыс-ақ еді деп ойлады. Бүкіл даусымен айғайламайды да, неге екенін қайдам анасы көзінің бір қиығымен сүзе қараса болды қорқып, есін жия қоятын. Міне тағы да бас салып тілдеп, қарғанып ұрысқан да жоқ. Әлгінде айтқан бір ауыз сөзінен кейін тіпті ләм деп тіл қатпады. Таяғы еттен өтпесе де, зілді сөздері мен қатулы қабағы сүйегінен өтіп бара жатыр. Дархан қарсы алдында тұрған анасының қолынан қазанның қақпағын жасқана алды да, үндемеген күйі Қасымхан ағаның үйіне қарай бет алды. Үйдегі атасы мен әжесі де немерелерін қорғауға шамалары келмей іштей тұншығып отыра берді. Әжесі шыдай алмай: - Ертең таңертең апарып берсе де болады ғой,- дегендей сыңай танытып еді. - Тәйт! Еркек бала берген уәдені орындап үйрену керек,- деп атасы тыйып тастады. Қара қазанның қақпағын көтеріп, тас қараңғы түнде қарны шұрылдап, аяқ-қолы дызылдап Дархан әрең келеді. Күні бойы нәр татпай ойнағаны бар, анасына берген сөзін орындамағаны бар, екі ойдың ортасында келе жатып, қорқу деген мүлде есіне кіріп те шықпады. Бұл ауылда көше атауы мүлде жоқ. Дархан үшін көшенің атауы тек қалалар мен үлкен аудандарға ғана тән. Ауыл ішіндегі ұзын асфальт бойында орналасқан үйлер бойынша жоғарғы жақ, орталық, төменгі жақ, алтыншы ферма деп бөлінеді. Орталық дейтін себебі мектеп, бала-бақша, пошта, әкімшілік осы маңайда орналасқан. Төменгі жақтан шыққан Дархан орталықта орналасқан атасының немере інісі Қасымхан ағаның үйіне қақпағын құшақтап, қалың ойда келе жатып, қалай жеткенін де байқамады. Ертең осы үйдің кенже баласы Қуат марқұмның жылын беретінін, абысыны палау басатын тайқазанның қақпағын сұратқанын таңертең Дархан ойынға шығып бара жатқанда анасы тәптіштеп тұрып түсіндірген еді. «Сенген қойым сен болсаң» дегендей анасының сөзін жүре тыңдағанына Дархан іштей қатты қынжылды. Тас қараңғы. Көшенің жоғарғы жағынан ағараңдаған белгі байқалады. Кішкентайынан иттен қорқатын Дархан «ит болмаса екен» деп селк етті. Жақындаған сайын жүрісінен сезілді, адам сияқты. - Мхм, - деп жөткірініп белгі бергендей болды. Үрейлі көңіл сабасына түсті: - Ух, адам екен ғой. Ақ шалбарлы, ақ кроссовкалы жүрісті жақындағанда жазбай таныды. Кеше ғана өзіне мақтау қағазын табыстаған мектеп директоры - Жарас Бірханұлы. Өзінің бойымен бірдей қақпақтың ар жағынан мықшыңдай амандасқан қара балаға ақ кроссовкалы директор таңдана қарады. - Жеті түнде неге жалғыз жүрсің? - Анам жұмсады. Ағамның үйіне қақпақ апаруым керек - Үйде үлкен біреу табылмады ма? - Әкем жылқыға кеткен. Мектеп директорының тергеуінен дәл қазір кабинетіне апарып жазалайтындай жасқана бастады. Жарас Бірханұлының ауылға көшіп келгеніне екі-ақ ай болды. Мектеп директоры қызметіне кіріскен күннен бастап, ұзақ уақыт қараусыз қалған оқу орнының тізгінін мықтылап қолға алған жігіт еді. Оныншыны бітірген ақын жігіт Медет арнауында «ақ кросовкамен бастаған қадамыңыз ақ жол болсын» деген екен ауылдағылар талайға дейін әңгіме қып жүрді. - Кіші ағамның ұлы келіпті ғой,- деп Қалида тәте жүгіріп келіп бетінен сүйіп, бір уыс кәмпит берді. Үйге қайтып келе жатып кәмпитті талғажау етіп жүрек жалғағандай болды. Алайда бүгінгі анасының жеті қараңғыда жаяулатып жалғыз жібергені - Дарханның бүкіл өміріне сабақ болды. Осы оқиғадан кейін Дарханның бойына жауапкершілікті сезіну, уәдеге берік болу деген азаматқа тән ізгі қасиеттер дәнін еге бастады.
БАУЫР БАСУ
Әмір бүгін аш қалды...
Өзегі талып, қарны шұрылдап, асқазаны бүріп бара жатса да дастарханға беттемеді. Үйдегілердің ас үй жақтан шыққан жарқын-жарқын үндері мен шаттанған күлкілері шымбайына одан сайын батып барады. Өксігін баса алмай солқылдап жатыр. Бірақ ызаға толы үнді ешкім де құлағына ілер емес. Жо-жоқ олар кешкі асқа шақырды. Жеңгесі де, ағасы да, тіпті апайы да кезек-кезекпен келіп, алдап, еркелетіп дастарқанға шақырғаны рас.
Күні бойы суға шомылып, өзен маңынан шықпай ойнап, үйге шаршап шалдығып қайтқан беті осы. Әмірдің ішінде аш қасқыр ұлып отырса да, қырсықтығы жеңіп кетті. Қыңырлығы өзіне ас болып, бұралған күйіне қуат беретіндей:
- Тамақ ішкім келмейді, - деді тістеніп. Жеңгесінің «Кешкі асқа мәнті пісірем» деп айтқаны есіне түскен сайын, аштық пен ызақорлық қосылып, өз терісіне өзі сыймай долданып, алқымына тығылған ашуға булығып жатыр. Ана жақтан шыққан мәнтінің исі мен әлгілердің емен-жарқын қуанышты үндері де бір жағынан өзегін өртеп барады. Әмір ішкі ойымен тілдесіп, өз сырын өзіне ақтара бастады... Бәрін бүлдірген әлгі екеуі. Босағада тұрған атамның сегіз өрім қамшысын алып, әлгілерді осып-осып жіберіп, сазайын берер ме еді?! Мазақтап, келемеждеудің не екенін көрсетер ме еді өздеріне?! Дәл қазір екеуі әжемнің екі жағында тәтті-дәмдіге тыңқиып, алаңсыз отырған шығар. Қара қазандай өкпені жамылып алып, қырсығып жатқан менің жатысым- мынау.
Біріншіден, таң бозынан нәр татпаған асқазаным шұр-шұр етіп ішектерім қабысып қалды. Ашпын.
Екіншіден, көңіл-күйімнің астан-кестеңі шықты. Биологиядан беретін Айжан мұғалім айтқандай адам ашуланғанда нерв клеткалары бір талдап өле береді екен. Олар қайтадан қалпына келмейді, қайран, менің нейрондарымай, қаншасы бүгінгі қыңырлығымның жолында құрбан болдыңдар екен әәә?. Бәрінен бұрын әжемнің мені аямай ұрып жібергені жаныма батып барады. Әлгілердің кесірінен әжетайыма деген аппақ сезіміме сызат түсті.
Жасым беске толғанша әжем мені арқалап жүріп баққан. Жастай үйленген ағам мен жеңгем мед институттың студенттері, бала қарау қиын, сабақ оқу керек. Жасқа толған мені ауылға атам мен әжеме әкеліп береді. Содан бері он бір жыл бойы осы кісілердің бауырында еркелеп өсіп келемін. Не ішем, не кием деген уайымды атымен де сезініп көргенім жоқ. Ағамның тілімен айтқанда «шалдың баласымын» Былдырлап шыққан тіліме, апылтапыл басқан алғашқы қадамдарыма атам мен әжем куә. Өткен шақтың бір хикаясын сұрай қалсаң, әжемнің жанары қуанышқа толып, менің балалықтағы шалалығымды жыр қып айтып береді. Жеңгем: «Мектепке баратын жасқа келді өзіміз оқытамыз» деп бір жазда мені алып кетуге келгенде азар-безер болып жылап, қалаға бармай қойдым. Атам мен әжемді қимадым. Атам көреген, дана адам ғой:
- Мына жаман немені ата-анасына берейік,- деп әжеммен шүйіркелесіп отырғанын талай естігенім бар. Әжем:
- Кішкентайынан бауырыма салып алған құлыншағымды қимаймын, сағынамын ғой. Мен қалай жүремін,- деп көзіне жас алатын.
- Тәйт әрі! Көз жасыңды бұлама! Біз құзғын емеспіз ғой. Ертең біз кеткен соң, жат бауыр болып кетеді. Көзіміздің тірісінде өз үйіріне қосқанымыз абзал, - деп атам әжемнің сөзіне басу айтатын.
Сол әжем мені бүгін қорғамады. Керісінше әлгілердің сөзін сөйледі. Әлгілер деп отырғаным - менің туған бауырларым. Өзеннен қайтып келе жатқанда екі ініммен оңбай төбелесіп қалдым. Үлкендігім бар, бұзау бағып, қар күреп, қора тазалап, өскен шымырлығым бар, шыны керек, жұдырығым қатты батып кетті. Екеуі үйге аңырап келіп, әжеме шағымданды. Мен мән жайды түсіндіргенше дес бермей, жеңгем килігіп, ашуға мінді. Балалар арасындағы төбелес, аналар арасындағы ұрсысқа ұласты. Келгелі бері менен ала алмай жүрген өші бардай көрінетін жеңгеме құланның қасуына аңшының басуы дәл тиді.
- Осы ұлды әбден жаман қылып жібергенсіздер?
- Өзін ғана ойлайды, інілеріне жаны ашымайды. Бүгін ұрса, ертең қайырылмай кететін тас бауырдың нақ өзі болып шыға келеді! - деген найзадай қадау-қадау сөздері әжеме қарай атылып жатыр.
- Тәрбиелеріңіздің жеткен жері осы болды! - дегені манадан бері тілін тістеп, мелшиіп отырған әжеме оңбай тиді ме, жаныма жетіп келді де, ашулы алақаны күнге қақталған бетімді оңдырмай сипап өтті.
Көзімнің оты жарқ етті. Әрдайым арқамнан сипап еркелететін әжемнің мамықтай жұмсақ алақаны алғаш рет оқ боп тиді. Басым мең-зең, көзімнен жас парлап, есім ауып қалардай күйдемін.
- Олай болса, бүгіннен қалдырмай, ұлыңды алып кет те, өзің тәрбиеле!
Бәріне кінәлі мен екенмін ғой,- деп қыстығып, даусы дірілдеп кетті.
Әжем кемсеңдеді. Ашуға мінген әжемді танымай қалдым.
Ойыннан от шығады деген осы болар. Алақанға да, әжеме де, өзіме де өкпелеп аш жатқан түрім осы...
Өкініш пен ренішті ойымен жеңе алмай жатқанда Әмірдің көзі ілініп кетті.
Жылқы кезектен келген атасын күтіп алатын Әмірдің бүгін алдынан шықпай қалғанына түсінбеген күйі, үйге кіре салысымен, немересін іздеді. Болған жағдайды естіген қарттың жүрегі шымырлап, бойын бір уайым билей бастады. Аш құрсақ талықсып ұйықтап кеткен немересінің қасына келіп, маңдайынан иіскеп еді, шоқша сақалы жыбырлатып, Әмірді оятып жіберді. Атасының ыстық демі мен жылы сөздері жараланған жанына алғашқы дауа болды. Еміреніп еркелеткен сайын Әмірдің көздерінен тарам-тарам жас ақты. Іштей егіліп жылап жатыр. Бұл көз жасы ызаға толы емес, бөлек көз жасы. Атасы мен әжесінің күбір күбір әңгімесінен ұққаны - әке-шешесіне өз аманаттарын тапсыру керек екен. Осы жолы Әмірді өздеріне қосып жібереміз. Өз үйіне қайтарамыз деп шешіп жатыр. Әмірдің жүрегі елжіреп, қимастық көз жасы тамшылап жатыр.
Ауди 80 көлігіндегі Әмір ауылдың қарасы көзден ұзап кеткенше терезеден көз алмай мелшиіп отырды. Тау жотасынан қараң-құраң етіп көрінген ескі ауылда екі қимасы қалып барады. Қимастық сезімін арқалап тас қалаға сіңіп бара жатты...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.