Абдолла жайындағы естелік мақалалар аз емес. Ол жөнінде кезінде Қ. Жұмалиев, Ә. Сәрсенбаев, Қ. Бекхожин, П. Кузнецов, Дм. Снегин, М. Хакімжанова, т.б. жазды. Солардың ішінде Қажым және Әбу ағаларымыз ақынның туған жері Орал кезеңінен бірқатар мәлімет қалдырған. Орал пединститутында оқыған жылдары, Қажекең ашқан әдебиет үйірмесіне қатысып, алғашқы өлеңдерін оқуы, қызу, албырт мінезі, арықша, талдырмаш дене тұрқы, қимылының, жүріс-тұрысының шапшаңдығы, Хамит Ерғалиев, Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейітов және Қасым Аманжоловпен аралас-құраластығы, соңыра оқуын Алматыдағы ҚазПИ-де жалғастыруы, одан соң газет-журнал редакцияларында журналистік қызмет атқарып, әдеби ортаға араласуы, «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» сияқты орталық басылымдарға өлең-толғауларын жариялап, соғысқа дейін-ақ ақын ретінде елге танылып үлгергені, институттан кейін Қызылордада ұстаздық етіп, соңыра Алматыға қайтып кеп, КазГИЗ-де редактор болуы… барлығы да достарының қаламымен бүгінгі бізге жетіп отыр.
Абдолла Алматыда ерекше қастер тұтқан екі ақын болған. Олардың біріншісі – Қасым Аманжолов. Екеуі жастық шақтарының белгісі Оралда танысып, достасып кеткен. Қадір Мырза-Әлінің айтуынша, Абдолла біреу-міреу Қасым жайлы оғаш сөз айтса, «Сен не дедің?!» деп, жағасынан ала түседі екен. Ал Қасым Ғабдол Слановқа 1942 жылы мамырда майданнан жазған хатында «Абдолладан хат-хабар бар ма? Корей келін күйлі ме?» деп сұрайды. Жан досының ерлік өлімін естісімен қатты толқып, «Ақын өлімі туралы аңызды» жазып, оған өлеңнен өлмес ескерткіш қояды. Қазақ мұндайды «ахиреттік достық» дейді.
Екінші адам, ол да ақын – Қалижан Бекхожин. Екеуі 1936 жылы КазПИ-де қатар оқыған, «жарты құртты жарып жеген» (Абдолла) студенттік достар. Досының 1945 жылғы жинағына алғысөз ретінде жазылған мақаласында Қ. Бекхожин Абдолланың ақындығына жалпы сипаттама береді.

Жазуынша, Абдолла өлеңдерінде, тіпті бастапқы шикілеу поэзиясының өзінде біреуге еліктеу, даурықпа қызбалық көп кездеспеген, қайта лиризм бағытында іздену байқалған. Әсіресе, оған Батыстың, орыстың атақты ақындары сұрапыл әсер еткен, жаңа бастаған жас ақын соларды пір тұтудан да өзін тыя алмайды. О заман ақын біткен саяси өлең жазған ғой және олардың көркемдік жақтары онша болмай, өзара егіздің сыңарындай ұқсап тұратын, дей келіп естелік иесі «Абдолла біздің арамыздан өзгеше түрмен шықты, оған өзімен қанаттас жас ақындардың көркемдігі аз, жалаң сөз өлеңдерінің көбісі ұнамады, ол жаңа өмірді, шаттықты, социализм жеңістерін өзінше жырлады, өлең дегенді ол – әулие, керемет өнер деп біліп, нені жырласа да терең толғануды ойлады. Сөзбен емес, жүрекпен жырламақ болды» деп атап көрсетеді. Және де ақын достарымен сырласқанда: «Поэзия музыка сияқты нәзік үнді болса екен, поэзияда шаблон болмай, жаңалық болса екен, өлең жүректің қылын шертсе екен, өлеңде өмір суреті романтикалық бейнелермен жырланса» дейді екен.
Бұл ақындық кредосы Қызылордада жүргенінде негізгі арнасын тауып, Абдолла осында романтикаға (романтизм әдеби ағымына) аққұла бой ұрып, Алматыға байроншыл ақын болып оралады. Оған бұл ағылшын ақынының адам тағдыры төңірегіндегі толғаныстары, жауыздыққа, зұлымдыққа бітпес көзқарасы, әділетті ашына іздеуі қатты әсер етеді, ақыры Байронның бірнеше шығармасын қазақшаға аударады. Әсіресе, «Шильон тұтқыны» Абдолланың сөзге шебер күшті ақын және ақындық табиғаты Байронға өте-мөте жақын тұрғанын паш етеді.
Абдолла өлеңдерінің нәзік сезімді лиризмге құрылуы, бұл лиризмін жүрегінің билеуі, қиял романтикасына құлаш ұруы оның кешегі Мағжан мен Бернияз (Күлеев) романтизмін алға апарушы ақын ретінде қалыптана бастағанын көрсетеді. Мына бір шумақ Мағжанды мәтқапы еске түсіреді:
Ойнап сағым, сәулесі ағын,
Қош айтысар дүние.
Кел тезірек, сүй, жан сәулем,
Қосылар бұлбұл күйіне…
Ал «Күн бетіңді көріп, сәулем», деген жол Берниязды ойға салады.
Сол сияқты «Жасына жаны боялып…», «Ақ төсін аймалатып күрең нұрға …» секілді жолдар қандай ақынның болсын бағын ашатын көркемдеуіш құралдар ғой.
Абдолланың жазғанының бәрі бірдей асыл емес, әрине, сонда-дағы мына бір элегиялық шумақ қолға күнде түсе бермейтін олжа: «Көк мұнар серпе тастап шәй көрпесін, / Сүйді де ақ желекті найза өркешін. / Таң сұлу күле келіп Алатауға, / Кигізді інжу, маржан сәукелесін». Ғажап өлең емес пе?!
Романтизм әдеби ағымының айқын белгісі де, қозғаушы күші де – лирикалық кейіпкердің (автордың) басынан өткерген махаббат сезімі, сүйіспеншілік ғаламаттары. Бір ерекшелігі, Абдолла бұл турада нысанды «Мен ғашық қыз» деп, абстрактылы ала салмайды яки амальгама – бір ғана жүрек ынтығына қадалып петраркашыламайды, ләйлішілемейді – оның сүйіспендік объектілері көбінекей деректі, кейбірін толық атымен, қайсыбірін есімінің бас әрпімен келтіріп отырады. Мәселен, ол аты «А»-дан басталатын бойжеткенге жүйемелете эротика сипатты үш өлең арнап жіберсе, енді бірде біреуіне «Уа, сүйіктім, Зина сұлу» деп қайырылады, тағы бір тұста – «Лена, сәулем, ал бас ұрдым...», «Күләйім күн тотысы секілденіп...» .
Соңғы уақытта Абдолла мен Мәншүк Мәметованың арақатынасы жөнінде пыш-пыш бір әңгіме өрбіп жүр. Пыш-пыш деп отырғанымыз, бұл хақында нақты бір дерек жоқ, қаңқу сөз дәрежесінде. Сонда да болса осы жерде Абдолланың адрессіз, бірақ қыздардың нақты портреті берілген бірқатар өлеңдерінің арасынан «Қарындастың альбомына», «Терезеден күлім қағып...», «Қарақат көзді қалқам-ай...» қатарлы өлеңдерінде «төңкерілген толқындай, қара шашы көмірден», «ұзын қара өрген шашын иығынан төгілген» жас сұлу Мәншүк пе, әлде «көлкіген қара шашы төсін көмген күн тотысы» Күлайым ба, оны енді ешкім анық айта алмас. Дерек үшін келтіре кетейік, Тайыр Жароковтың Мәншүк жайлы толғауында ол майданның келген ғашықтық хатын оқып отырады. Әлгі майдангер өзі кім еді, ол жағын автор айтпайды, егер Тайыр екі жақты да – Мәншүкті де, Абдолланы да өте жақсы білгенін ескергенде, осының өзі бүгінде мөрі өшіп, малталанған бір құпия көмбеге жетелеп әкелуі мүмкін.
Ие, «жүрегін Күнге жуып, гүлге ойнап» жүрген албырт ақынның махаббаты көп болғанға ұқсайды. «Сүйіспендік жорығында мен Қалижанға атқосшымын, бұл ақасы барда перизаттардан махрұм болмаймыз» деп өзі айтпақшы, Абдолла сүйген «күлкісі гүласыл ханшалар мен ханымдарды» түгендеу ендігі жерде оңай шаруа емес.
Сонда-дағы, өзі жазғандай, «Шың басында сыланып, сылдырап күлген қай сұлу» екеніне ден қойғызарлық бір дерек кездеседі.
Байқасаңыз, соғыс қарсаңында Абдолла шығармашылығында Шығыс тақырыбы белең ала бастайды. Осы жылдары ол «Шығыс қызы», «Токиодағы дауыс» минипоэмаларымен көрінеді. Тағы бір тұста «Шығысынан дүниенің, / Алтын есік ашылды. / Сол есіктен сауылдап, / Бақыт нұры шашылды» деп жібереді. Сөйтіп келіп, бір жерде «Жаным сүйді, жар қылдым мен» деп салады. Бұрынырақта оқыған аталарымыз «жар» деп қазіргі мағынадағы әйелін, зайыбын да айтқан. Яғни, әйелі – ерінің досы, дос-жары деген ұғым. Біз бұл сөзді ақынның үйленуі деп қабылдаймыз. Аты Александра, ұлты корей екен (Қасымның өз хатында «Корей келін күйлі ме?» деп сұрайтыны сол). Екеуінің ортасында бір түйір қызалақ бала болған, екеуі және сол қызымен үшеуі түскен екі фотосүгірет сақталған осы шақтан.

Қазақ оқығандарының өзге ұлт қыздарына үйленуі (аралас неке) сонау ХХ ғасырдың басынан бері келе жатыр. Татар, орыс, еврей қыздарымен бас қусырған алашшылдар аз емес бізде, бірақ ол кез корей қызын алғандар кездеспейді. Кездесуі мүмкін де емес, егер корейлер Қазақстан жерінде алғаш 1937 жылы ғана пайда болса (сол жылдан Қиыр Шығыстағы корейлерді Қазақстан мен Орта Азияға көшіріп, көкөніс, күріш өсіру ісіне пайдалану басталады). Александраның әке-шешесі Алматыға сол бірінші депортация толқынымен жетсе керек және бұл халықтың өкілдері жергілікті қазақтарға тез сіңісіп, бірден аралас-құралас боп, тіпті қыз алысып, қыз берісіп кеткен. Оның себебі, екеуі де Шығыс халықтары, бет-ауыздары ұқсас, мінез-құлық жағынан да сәйкестік бар. Тіпті тарихи тамыр бір. Қазақ және корей тілдері әріп саны жағынан қарайлас, грамматикалық тұрғыдан ұқсас, екеуінде де сингармонизм (үндестік заңы) бар, екеуі де сәйкесінше алтай тіл тобына жатады. Оны айтасыз, корейлер де қазақ сияқты ру арасында өзара қыз алыспайды, мысалы, бір Ким деген әулеттік атау ішіндегі жүздеген ру, ру тақталарының өзара үйленуіне тыйым салынған және бұл жағдай ел конституциясымен бекітілген.
Сонымен, Абдолла «Қондырып Күн мен Айды кебісіне, / Жұлдызды қонақтатып желісіне, / Көк жүзін көркем күнді еліктеткен, / Сиқырлы әйел заттың перісі ме?» деп жырлаған асыл жармен, бір тамшы судай, бір жұтым ауадай балдан да тәтті қызымен қоштасатын уақыт та келіп жетеді.
Дивизия Талғардағы жаттығу лагерінен қалаға оралып, Жәкесінің (Жамбылдың) өлең батасын алған соң, ақын да «сидорын» арқаға асып, кең етігін күрпілдете қонышынан басып, «қызыл вагондардың» біреуіне тиеледі. Жаннан артық ұрпағын және өлең дәптерін зайыбына аманаттап. Осы бір қоштасу сәтін вагонда ақын қағазға былай деп түсіреді:
Алыс жолға аттанды ақын,
Ажал, өмір майданына.
Тапсырды да аманатын,
Қарақат көз жан-жарына.
Жыры ғой ол – жүрек ары,
Жырға қайтып оралар ма?
«Қош!» деді де қалды жары,
Жасын төгіп орамалға.
Елжіреді ақын-дағы,
Түрі бардай жас алатын.
Аттанды ол тез асыл жардың,
Ар-қанат қып махаббатын...
Осы, адам белгісіздік майданына – Абдолла айтпақшы «жекен жетпес, жел жетпес» қиырға бет түзегенде не ойлайды екен?! Қанқасаптың ортасына ертең барып күрп ете түскенінде не істейтінін, қалай әрекет ететінін қалай көз алдына елестетеді? Қатарда жүрер ерқара болып өле ме, әлде есен-аман қайтып орала ма, не болмаса жұртты таңқалдырып бір кесек қимыл яки ерлік іс көрсете ме?! Сірә, әркім туабітті табиғатына, тегіне және мамандығы мен тәрбиесіне орай әрқилы күй кешеді, мұндайда. Көбісі оны сыртқа шығармайды. Тек қалам иелері, соның ішінде ақын шығарады, алға іркіліссіз жайып салады. Абдолланың алдағы соғысқа һәм болып жатқан соғысқа көзқарасы айқын және ол көзқарас сол кездегі сталиндік «жас қырандардың» көзқарас ауқымынан табылады. Бір ғажабы, ашық пікірлі Абдолланың саяси білімі мен түйсігі күшті болғанға ұқсайды және мұның өзі жазумен, өлеңмен ғана машғұл албырт мінез ақындарға онша тән емес қасиет.

Хамит Ерғалиев естеліктер кітабында Қасым, Абдолла үшеуі соғыс алдында «Алатау» ресторанында отырып әңгімелескендерін жазады. Соның бір тұсында Абдолла «Гитлердің тықыры тығыз, сірә, соғыс басталатын шығар, талайдың басын жұтпаса неғылсын?!» деп жібереді. Ол кез Германия – КСРО арасы жақсы боп тұрған шақ, көпшілік ортада ондай сөз айтуға болмайтын. «Одан кейін көріспей, арада өткен алты жылдың соңғы төртеуінде Абдолланың айтқаны болды да тынды» деп таңданады Хамаң досының түйсікшілдігіне. Ол ол ма, сол тұстағы бір өлеңінде – «Бақыт шыңында» ақын «Түсін бояп, түн жамылып, араңызда бүркенген жау. / Жез тырнағын қадалтпақ боп, жар тасалап іркілген жау. / Айламенен ұрлап кіріп, іштен сені аңдыған жау, / Әйгіленді жау әдісі, қырағылық салды құрсау» деп, әлденені (әрине, немістердің КСРО-да «бесінші баған» құру ойын) дәл тұспалдайды. Тұспалдайды да, ортаға «Екпіні дауыл, өжет қыран, / Тау теңселген күш-қайраттан. / Ұлы дүбір дабылымен, / Долы мұхит сеңді оятқан. / Адамзаттың азғын жауын, / Қаһарымен қалтыратқан, / Біздер – батыр, асқар шыңнан, / Коммунизм маршын тартқан» деп, шақыртқы ұран тастайды. «Қош, достарым» өлеңінде де «Жеңіспен күт сен мені, / Қош, достарым, құшқаным, / Жер бетінен құртқанша, / Адамның арсыз дұшпанын» деп, идеологиялық клишемен кетеді, десе де, кете тұра осы өлеңіне әлгі штампқа кереғар ішкі, имманентті ой-толғаныстарын араластырмай тұра алмайды. «Адамды асыл дер едім, / Болыпты бұным балалық. / Болса да ортақ ұлы атқа, / Адамда мол алалық» деп, ыңғай гуманистік өз сарынына бір сәт ереуіл келгендей болады. «Адам неге жылайды? / Адам неге күледі? / Ар деп соққан болмас па, / Адамның түгел жүрегі?!» деп келіп одан әрі, «Мен де аттандым майданға, / Қалдырып жыр мен жарымды. / Сапарым ауыр болса да, / Кірлетпей ақын арымды» деп түйіндейді. Бұдан біз көреміз, Абдолланың іркілмей майдан баруында өзіне парыз ретінде адамдық, ақындық борышты – биік адамгершілікті, оның маркасын жоғары ұстағанын.
Мұның бәрі алдымен мінезден.
Абдолланың бойында жалпы батыс қазақтарына тән туралық, тіке айту жақсы дамыған екен. Ілгерідегі Хамит Ерғалиев «Екі жолығыс» естелігінде Абдолла екеуінің халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлына сәлем бере барғанын келтіреді. Сөйтсе, біреулер шалды айтысқа «сөзіңізді жазып алып, жаттап түсіңіз» деп қинапты. Айтатын сөздерінің ұзына нобайын қағазға түсіріп, жандарынан бірдемелер қосқан. Сонда Абдолла тұрып:
– Сәтеке, анау қағаздағы өз сөзіңізді қайта көшіріп, газетке берерсіз. Ал ауызша айтар жерге келгенде ақындық аруағыңызға табынып тарта беріңіз, қорықпаңыз, – деп салыпты қызынып. Сәттіғұл атамыз айтқан ақылды алыпты.
Мұны неге айтып отырмыз?
Көп жағдай адамның өзінен болады. Соның ішінде мінезінен туындап жатады. Майдан жағдайында ерлік көбінше қаннан, қанмен бірге берілетін мінезге байланысты жасалатыны байқалған. Азынша – тәрбие, идеология әсерімен. Қазақ кешегі соғыста немісті алдымен өз жерінің шетіне келген жау көріп, арыстанша алысты, бұл рас. Сонда-дағы ерлік алдын ала ұзақ дайындықпен, күнілгері ойланып барып жасалмайтыны, қанды қызу ұрыс үстінде, көзге қан толып, азғана мезеттер аясында, әлдебір әлемет күштің тепкінімен жасалатыны байқалған. Яғни әлгіндей алмағайып мәтқапы сәтте (ситуацияда) адамның түп мінезі белгі береді екен. Оны отқа да, оққа да, өртке де түсіріп жіберетін сол мінез. Қазақ осыны «От ішінде туған өрттен қорықпайды» деп бір ауыз сөзбен берген. «Жауынгер оқтан емес, оттан емес, мінезден өледі». Орыс жазушы Юрий Нагибин «Павлик» дейтін әңгімесінде бала кезгі досы Павликтің қазасына осындай баға беріпті. Немістер Павлик қаруластарымен бекініп жатқан сельсовет үйін өртеп жібергенде бұлар берілмей, ішінде жанып кеткен.
Тағы бір жағдай бар.
Қазақтан майданға жүздің үстінде қаламгер алынған екен. Елуі қаза тапқан, елуі қайтып келген, жүздің үстіндегілері жауға пенде боп, арғы бетте қап кеткендіктен үшбу тізімге енгізілмеген. Хош дейік, ал енді майданға әлгі жүздіктің баруы, бірақ тағы сондай мөлшердегі ақын-жазушылардың соғысқа алынбай қалуы қалай? Бәрі бірдей аурулығынан, денсаулықтарына ақау ілінгеннен жарамсыз болмаған шығар, не десе де тылда қалдырылғандардың арасында Абдолла, Қасым, Әбу, Хамиттердің жасындағы жігіттер де болған ғой, мысалы, тағы да сол Қалижан Бекхожин, сорри, бұлар, сірә тылда әдебиетшілер ретінде «ақ билетпен» (броньмен) қалған.
Оралдық өлкетанушы Серік Марксұлы Абдолла өмірінің Орал кезеңіне қатысты бір дерек келтіреді. Жазуынша, Абдолла 30-жылдар басында Орал пединститутының студенттері құрған антикеңестік көңіл-күйдегі бейресми ұйымның мүшесі болған және сонысы үшін пединституттағы оқуынан шығарылған. Сондай-ақ, осы автордың дерегінше, Жайық Бектұров Абдолланың Арыстағы балалар үйінде тәрбиеші болып жұмыс жасағанын жазыпты. Бұл 1935-1936 жылдар шамасы. Егер, дейді осы орайда Серік, ол Арыс арқылы Алматыға кетіп қалмағанда Балтан Нарымбетов, Хасан Жапақов, Хайрекен Бәкішев, Равиль Валиев, Әбдірахман Нұрғалиев және Науша Хамзин сияқты идеяластарымен бірге РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11, 59-7-баптарымен сотталған болар еді.
Құлаққа кіретін сөз. Шынында да, Рахымжан Қошқарбаев сияқты соңына «қалжуыр байланғандарға» майдан барып, күнәсін, кінәсін қанымен жуу емеурінмен кеңес етілген ғой ол жылдары немесе өздері майданда ерлік көрсетіп ақталуды ойлаған. Ендеше, Абдолла да «қалпақ астында» жүріп, майданға барып, ерлік көрсетіп, бұрынғы «кінәсін» жуып-шаюды көздеуі әбден мүмкін ғой. Өзі Снегинге айтқан «Алдыңғы шепте болып, майдан қимылын көзбен көріп шығарма жазуым керек» деген сөзінің терең түбінде әлгіндей бір себеп жатса, өзі білсін.
***
Абдолла өз өлеңдерінде кейінгілерге жары мен қызын ғана емес, сонымен бірге жарыққа шыққан яки шықпай, жол сөмкесінде қап кетіп жоғалған әдеби мұрасын да табыстап кеткен. Ал бүгінгі біз келтірдік пе орнына сол аманатын?! Айту қиын. 2017 жылы ғой деймін, құрдасым, досым, БҚО Сырым ауданының сол кездегі әкімі Төлеген Төреғалиевтың және оның орынбасары Асланбек Сарқұлов нағашымның шақыруымен Абдолла ақынның кіндік қаны тамған бұрынғы Карл Маркс атындағы ауылдық кеңес, қазіргі Жосалы ауылдық округінің орталығы Қоңырдан он сегіз шақырым Былқылдақ ауылына барғаным бар. Абдолланың інісі, бұл күнде марқұм Шайдолла Жұмағалиевке жолығып, әңгімелестік. Сондағы әсерімді ақын, жазушы Ғайсағали Сейтақтың бір сөзімен келтірейін: «Былқылдақ десең, Былқылдақ!.. Былқылдақ атты көлі бар, сулы-нулы, қырқалы-құйқалы, құмдауыт жердің табиғаты керемет, сонда шыр етіп, дүние есігін ашқан жанның әсершіл болмауы мүмкін еместей».

Иә, әлгі сапар бізге де үлкен әсер сыйлады. Сонымен бірге, қауашағымызға «Осы біз Абдолла ақынды қаншалықты танытып-тани алдық, оның талайлы тағдыр жолын қандайлық дәрежеде зерттей алдық, өзі?!» деген ой келді. Тындырылған шаруа аз емес сияқты. Неше қабат кітабы шықты, азын-аулақ болса да поэзиясы зерттелді. Алайда толық ғұмырнамасын түзу бойынша олай дей алмаймыз. Ең жеңілі, ақын қаза табатын шайқастың жай-жапсарында мәлімсіз тұстар көп.
Оралдық өлкетанушы Қазыбек Құттымұратұлының жазуынша, бұл туралы «Мемориал», «Подвиг народа», «Память народа», «Календарь победы», «ЦАМО» сияқты сайттарда дерек мардымсыз. Ақырғы ерлік шайқасы ресми құжатталмаған. Әлгі шайқас Мәскеуден жүз шақырым Волоколамск қалалық округіне қарасты Новинки деревнясында 1941 жылғы 26 қазанда ағаш үйде өткенін енді біліп жатырмыз. Қазір ол үй жоқ, жанып кеткен, орнына басқа үй салынған. Әбу ата жазатын серіктері Әбіл Құндыбаев пен Иван Дунай кім? Абдолла құрамында болған 2-гвардиялық атқыштар дивизиясының жорық жолдары қандай? Сөйте тұра ол, Серік Марксұлы жазғандай, 316-шы атқыштар (Панфилов) дивизиясының 1075-полкіне қашан, қалай тап болған?
Ең бастысы мәселе, Абдолланың еленбей қалған алаулы ерлігінің – туралап атылған напалмнан от оранған ерлігінің сырын ашатын кесек шығарма тудыру, тіпті фильм түсіру. Шынында да, соңынан келер жазба бұйрыққа бірнеше секөнд қалғанда, Галлиполиде Арчи окоптан атып шығып, неге ажалына қарай тұра шапты? Содан 26 жыл өткенде Волоколам түбінде Абдолла да соңынан келер жазба бұйрықсыз аттап баспаймын деп неге қасарысты? «Память» сайтына айтқызсаңыз, Абдолла үйленбеген, баласы да болмаған, сонда Александра мен қызы қайда қалады, неге олар құжатқа түспеген? Қызы жөнінде алматылық корейлерге неге іздеу салынбаған?
Сондай атты кинолента түсіріле қалса, бұл ерлік өлімнің сырын серігі Әділмен арадағы мына бір диалогпен жеттіктірсе ғой, шіркін, Маркестің «Полковникке ешкім жазбайды»-сындағыдай.
– Әбеке, жазбаша бұйрық келуі керек. Міндетті түрде келуі керек.
– Бұл дүниеде міндетті түрде келіп жететін бір ғана нәрсе бар, оның аты – өлім, ажал, Әділ...
Осы және өзге де сұрақтар таяуда Сырым ауданы әкімінің бастамасымен Волоколамскіге, Новинкаға жасалмақ, ішінде аудандық музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева мен журналист, ақын Бауыржан Ширмединұлы бар экспедиция барысында нақты жауап беріліп, олар батыр ақынның туғанына 110 жыл толуына орай түсірілмек деректі фильмге арқау болмақшы, еншалла.
Жүз он жыл туғанына. Ғапыл қаза болғанына 84 жыл.
Бірақ Павел Кузнецовтың Абдолла жайындағы мына бір сөздері санада әлі де жаңғырығып тұр:
«Тұрыңдар, қане жолдастар! Батыр ақынның әруағы алдарыңда әлі тұр. Ұлы Отанның алдындағы борышын – ол ұлы қасиетпен ақтады. Өлмес өмір поэмасын ол батырлық қимылымен, қанмен жазды. Енді Абдолла туралы поэманы сендер жазыңдар. Қазақ ақыны Жұмағалиев Абдолланың Алматыда өзі тұрып, шаттық өмір сүріп, шалықтаған қиялынан қанатты жырларын ұшырған кішкене үйіне әрдайым жылы назарларыңды сала жүріңдер».
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.