Төреғали Тәшеновтің топтама өлеңдері
Бөлісу:
ШЫҢҒЫС ХАН. БҰХАРАЙ – ШӘРІПТІҢ БАС МЕШІТІНДЕ
Қаузасам қадым заман хатыменен:
Жаралған Күн нұрынан, заты ерен, –
Бұхарай – шәріптің бас мешітіне
Шыңғыс хан кірді, – дейді, – атыменен.
Аруақты жерден үркер ат тұяғы,
Құранмен жазып қойған хат, – сияғы.
– Құдайдың жердегі үйі, - десе: – Бұған
Қалайша, - дейді Қаған, – Хақ сияды?!
– Көгінде Бұхараның жаңа Ай туған –
Алдияр! - дейді Имам, – сөз дәл айтылған.
Бірақ та, сыймаса Хақ мешіт-үйге,
Кішкентай жүрекке ол қалай сыйған?!.
Қағандай сөзге тұрған дүр өтпеген,
Атынан түсіпті іле ізетпенен.
Мінберге жоғарырақ шығып сосын,
Барақат байтақ жұртқа тілепті ерен.
– Жерде – мен,
Көкте – Тәңірі қалауы бұл!
Басынан Бұхараның ауады түн.
Күнәһар қауымның қақ төбесіне
Түсірген Жаратқанның зауалымын!
...Уәжін айтты солай ашып елге,
Ақша бұлт жүреді еріп асыл ерге.
«Алланың досы!», – деп хақ әулиелер
Жеткенше иіледі басы жерге.
Шақырып шейх, мүршит, машайықты,
Иләһи нұрынан хан масайыпты.
«Бір діннен бір дінді артық қоймаңдар! – деп,
Бұхарлық бойсұндырды халайықты.
Өзінің болды басқан құт қадамы,
Жығылды сәждеге айтып «Субхана...»-ны...
...Қағанға – Хақтан тауфиқ тіледі имам
Дұғада – жұма күнгі құтпадағы.
...Мешіт пен синагога, пұтхананы
Тең көрген Шыңғыстайын тұтқа кәні?!
Қағанның қадап кеткен қағидатын,
Қайтейік, бұл адамзат ұқпады әлі...
БОСТАНДЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІ. ЖАЛҒЫЗДЫҚ.
(Тәуелсіздік алдындағы елең-алаң)
СССР – жоқ!
Қалайша?!
(Жан-халім ұқ!)
Тұрып қалдым аң-таң боп,
сәл қамығып.
Жалтақтаймын жан-жаққа,
бір-ақ сәтте
Үйсіз қалған адамдай,
аңтарылып.
Бақ па, сор ма?! –
басымнан ұшқан бүгін,
(Жарты жолда қалғандай басқан жүгім).
Ұшарымды –
білмеймін –
қонарымды,
Осындай ма ең,
оңай ма ең,
БОСТАНДЫҒЫМ!?.
Ұқтырып тұр
шыққан Күн,
аспан нені?! –
Қарап тұрып көзіме жас келгені...
Ескі үйімнің есігі мәңгі жабық.
Жаңа үйім жоқ...
О, Құдай, ескер мені...
1991 жыл
АЛАКӨЛМЕН СЫРЛАСУ
Еңкілдеп келіп Ебінің желі соққасын,
Алакөл, ой-хой, толқыды дейсің, Хаққа шын.
Жосытып көшін, шалқуын-ай жарықтық,
Ағытып қойып алаңсыз Жоңғар қақпасын.
Көк қарлығаш – көк көлден ілген несібе,
Жақындай беріп жалт беріп ақты есіле.
Реликт шағала реттеп жүргендей,
Толқынның тілін – келтірген көлді нәшіне.
...Көкке ынтық көл ме, көлге іңкәр, әлде ғарыш жақ,
Жіберді бірі шөкімдей бұлтпен жазып хат.
Алуан сырлы алаша түзген ақшамда,
Алакөл десе, ала көл екен анық, хақ.
ТҮРКІСТАНМЕН ТАБЫСУ
немесе
ӘЗІРЕТ СҰЛТАН РУХЫМЕН ТІЛДЕСУ
Тыңда мені,
Төрт қақпалы Түркістан!
Қос қақпалы Қожа Ахмет!
Алты ғасыр арбауына шыдаған,
Төрт бұрышын көк перісі сұраған,
Қабырғасын Қызыр-Баба сылаған
Қасиетті Көк Күмбез,
Тұрсың ба,
Уа, дін-аман!
Алыстан Хақ дем берген,
Арыстан Баб тең көрген,
Аса пірлер жол берген,
Мүсәпірге қол берген,
Халайықты меңгерген,
Машайықты жөн көрген,
Шәрбат ішкен әздермен,
Шарап ішкен Шілтенмен
Әзіреті Сұлтан ҚОЖА АХМЕТ,
Құзырыңа келген — мен...
Әзелден-ақ дара отау
Алпыс мың бар бұлағы,
Ақ тасы бар қыналы,
Пәк тәніңнің тұрағы,
Әз жаныңның шырағы —
Әуеніңе Қаратау
Төңкеріліп тұрады.
Уа, дүр текті
Асыл жан,
Тәуап еттім жасымнан,
Санама ектім сыр түюлі тасыңнан.
Дәруіштей дәргейіңе бас ұрған,
Хақ дидарын көрердеймін жасырған,
Алдым босап арқаннан,
Көшім босап көгеннен,
Құлыптаулы қырық қақпам ашылған.
Маңдай алды қас бетіңе жел өпкен
Түзік қатар салған мырза теректен Уілдеген үн естимін ерек мен.
Жанын жыққан Биігіне қалаған,
Шырқау асып шығып кеткен Санадан
Үкі құс боп жеткен сен бе дана жан?!.
Бауырына Бұхараны балаған,
Серігіне Самарқанды санаған
Сендей кентті таба алам ба даладан —
Асық еткен жеріме гүл ЖаҺанды,
Нәсіп еткен төріме Алла Тағалам!
Уа, тыңда,
Бай өлке ұлыс — байтағым!
Жатсынып жоқ қайтарым,
Сақсынып бар айтарым:
Қаншама жыл ғаріп болып саф ділге,
Арып-талып жеткен кезде ақ күнге,
Қарсы қойып қауымыңды хақ дінге,
Ұрпағымды ұйытпасын жат кірме.
Далам үшін жолын кесіп Тауымның,
Күлше салман керсеніне кәуірдің.
Тілің менен жырың және діліңе
Қоса тұт деп түзу дінін Тәңірдің,
Төрт тараптан түгел қостым түркі ұлын
Тоғысында ғасырлар мен дәуірдің.
Беу, тыңдағын,
Төрт қақпалы Түркістан!
Қос қақпалы Қожа Ахмет!
Салғаным — зікір,
Айтқаным — шүкір,
Ойлағаным — пікір,
Қорыққаным — күпір болсын,
Қолда өзің Хазірет!
Ақтың құлын тәлім ет!
Хақтың нұрын жаныма ек!
Бұрдым жүзімді,
Өптім ізіңді,
Әзиз жолыңды тұттым,
Ғибадат орныңды құштым,
Миуалы бағыңа шықтым,
Мүбәрак қолыңды қыстым,
Қабыл ет!..
ЖЫЛҚЫ МІНЕЗ
Қазаққа жылқы мінез қанмен келген,
Шұрқырап табысатын әудем жерден.
Ат мінсем – арқаланып шыға келем,
Керіліп одан бетер керген кеудем.
Әуелде жылқы көкте жаратылған,
Жазылған болуға ердің қанатынан.
Ер-тоқым, ерге қажет жарағымен
Жерге дайын күйінде қаратылған.
Жан қиған Жаббар үшін жылқы-жаным,
Жалына жаққан Тәңір нұр-шырағын.
Жалқы күй,
жұпар иіс,
сұлу әйел
Жүйріктей тарқата алмас жан құмарын.
Ант еткен Аллам өзі шапқан атпен,
Жарысқан жауға қарсы атқан оқпен.
Жалғанның жалғандығын қайран да жұрт
Жылқының жанарынан жаттап өскен.
Білінген қыр астынан қасқа демі,
Табаны бір тимеген тасқа тегі,
Серті үшін мерт болған атты ойласаң,
Ұшына сақалыңның жас келеді.
Бөлісу: