Құралай Омар: Көлеңкем «Кетпе» деп жолыңа құлады...

Бөлісу:

02.03.2016 6173


***

Жолайрықта жолықтық, жол екіге бөлінді.
Өзіңізсіз өмірім тым көңілсіз көрінді.


Кезіктіңіз неліктен жүрегімнің сорына?
Шыға алмадым, шырмалып сезімімнің торына.


Сағынышым түндерде жөнеледі хат болып,
Жүдетеді жанымды кеткеніңіз жат болып.


Саусақтарым сүйеді телефонның пернесін,
Қайда жүрсіз, қай жерде, енді оралып келмесім?


Армандарым алыста, жұлдыздан да жоғары,
Белгісіздеу бақыттың қайта айналып соғары.


Балауызын үміттің көз жасыммен сөндірдім,
Хат жазбауға өзімді әрең-әрең көндірдім.



Жанардың хаты
(Оралхан Бөкейге)


1

Өзегімді неге өртейді барша мұң?
Оралар ма, оралмас па бал шағым?
Сізсіз өмір, көзсіз қоғам ішінде
Өзімді іздеп, жоғымды іздеп шаршадым.


Сұп-сұр тұман, дала ма, әлде қала ма?
Әлдекімдер тұз себеді жарама.
Жан айқайым естілмейді ешкімге,
Жұрттың бәрі саңырау боп бара ма?


Өз ойыма өзім сосын күйемін,
Тарқатса ғой қалың шердің жиегін.
Ақтарылар жан таба алмай, басымды
Мұздай суық қабырғаға сүйедім.


Жабырқатар жалғыздық қой мекенім,
Кімнің енді ес тұтамын жетегін?
"Соқыр ғой" деп қарайтындар сезбейді-ау,
Жүрегімде жанарым бар екенін.



2



Қуантпады жазмышым... сыйсыз неге?
Батар ма екен қайраңға күйсіз кеме?
Әр түн сайын жылаймын ағыл-тегіл,
«Соқыр көзден жас шықпайды» дейсіз бе, не?


Жан жыласа, жанардан ағар мұңым,
Тағы да сары уайым табар бүгін.
Тағдырымды қайтемін, күрсіндіріп,
Алқымыма ап-ауыр тағар жүгін?


Ауырлаған бұл күні кірпігім де,
Бақыт біткен біз жақтан үркіді ме?
Ақтарылғым келсе де, ашыла алмай,
Айтарымды айтқызбай іркіді не?


Үміт суық, арман мұз, сенімім сыз,
Түнек тірлік жұтады мені де үнсіз.
Адастым-ау... мәңгі түн әлемімнің
Шамшырағы, жарығы едіңіз сіз...



***


Көз жасымнан дымқыл тартқан күз демі,
Халімізден хабарсыз-ау біздегі.
Сен келердей терезеге қадалып,
Қарашығым неге сені іздеді? 



Өмір неге бізді осылай сынайды?
Бөлмеде мен, далада күз жылайды.
Үмітімдей жүрегімнен үзілген,
Жанды ауыртып, жапырақтар құлайды. 



Жанарымда дірдектейді дана күз,
Жетім көңіл, жоқ сияқты панамыз.
Адасатын бір-бірінен жел тұрса,
Біз екеуміз жапырақтар ғанамыз.



Күз


1


Қабағы түскен сары күз,
Халіңіз қалай, халіңіз?
Жайымды несін сұрайсыз,
Жаншылып жатыр жанымыз.
Тағдырдың тиіп салқыны
Тұмауратқанбыз бәріміз.
Дертімді менің емдеуге
Табылар ма екен дәріңіз? 



Өзімнен өзім үркідім,
Ауырлап кетті кірпігім.
Дәрменім жетпей, жүректің
Жамай алмадым жыртығын.
Тұманда қалған қалпымның
Ішінде дауыл, сырты – күн.
Сап-сары мұңды қайың боп
Санадан келді сілкігім. 



Сағыныш жұтқан сары күз,
Халіміз осы, халіміз.


2


Аялдаңызшы, тоқтаңыз.
«Жаз өткен» – дейсіз, – «жоқ тамыз».
Жапырақтарды жел жұтқан,
Менімен бірге жоқтаңыз.
Мұңыма ортақ мұнар күз,
Тоқтасаңызшы, тоқтаңыз. 



Көңілі күннің түспейді,
Ұшса да кетіп құс мейлі.
Қаңтардың ертең аязы
Жүректі келіп тістейді.
Тоңдырып алып, содан соң
«Тағдыр дегенің – түс» дейді. 



Келеді бәрін түзегім,
Айта аласыз ба сіз емін?
Сізбенен жаны туыстас,
Сарғайып жүрген қыз едім.



Сенсіз


Қара түн құшағы,
Қамығып тағы да жалғыздық жастадым.
Келген ед жаңа өмір бастағым.
Жылытсаң деп едім жанымды,
Күйдіріп тастадың. 



Өрт шалған қанатым ұшуға жарамай,
Қанша рет құладым биіктен.
Жыладым,
Жүрегім шырылдап күйіктен.
Қош дедім қия алмай,
қасыңда қалу мұң.
Дәл бұлай өртеніп сүйіп пе ем. 



Ақ боран, адасып қалдым ба елсізде?
Білмеймін, бұл дертім емсіз бе?
Реңсіз күндерім... сүре алар емеспін
Сенімен бірге де... сенсіз де.



***


Саумал түннен аппақ арман сауамын,

Қара жерге ақ қар болып жауамын.

Кетсем деймін аспан жаққа, жыраққа,

Мен білмеймін себебін,

Сен білмейсің жауабын.


Сұрамашы, жерден, сенен жерісем,

Нәзік қар боп қолдарыңда ерісем

Деп едім ғой...

Неліктен мұз қып қойдың мені сен?


Суық әлем, қызуымды тонадың.

Қалжырап кеп, алақаныңа қонамын.

Жылытам деп, күйдіресің, содан соң

Дір-дір етіп тоңамын.


Мұндай сезім аңсаған да жоқ едім,

Мұздай жасты жанарымнан төгемін.

Қажыдым ғой.

Қашып кеткім келеді,

Сұрамашы себебін.



***


Қиялымда жүрем енді тербетіп,

Жүрек жатыр ақ жауынын селдетіп.

Аспанның да түнеріп тұр қабағы,

Астана да суық тартты сен кетіп.


Күңгірт мекен, көңіл бордай үгіліп,

Сүріндім бе?

Сезім қалды жығылып.

Жылу таппай қаңыраған қаладан,

Амалсыздан өз-өзіме тығылып:


"Құралайдың салқыны" деп алдадым,

Сұр тұмандай бұлыңғырлау алдағым.

Өзіңсіз күн, кеш те, түн де меңіреу.

Сенің жайың қалай екен, ардағым?



***


Табылмай жанымның тұрағы,

Таусылмай тағдырдың сұрағы,

Жып-жылы сәттерді қия алмай,

Көзіме ыстық жас тұнады.

Мен үнсіз күрсіндім.

Көлеңкем

«Кетпе» деп жолыңа құлады.


Жата қап жылады иегі кемсеңдеп,

Мың мәрте оқталды өзіңе ерсем деп.

Аяққа жығылып, жалынды содан соң

«Қайтадан айналып келсең» деп.


Көрсем деп тағы да...

Өзгерді мекенің.

Қай кезде, қай күні, қалайша жетемін?

Кеткелі күй осы...

Сездің бе,

Құлаған көлеңкем жылаған жүрегім екенін?



***


Кірпікке тағы да қонар мұң,

Неге мен күлуді доғардым?

Өзімнен адасып… іздедім…

Қай жерде, қай күні жоғалдым?


Қайдамын? Ешкім де көрмеді,

Жыласам, ұғады ел нені?

Күрең күз көңілсіз ән салып,

Жетектеп келеді жел мені.



***


Жаурадым-ау тыңдап күздің әнін көп,

«Жылыт» деп ем, неге өртедің жалын боп?

Қанатымның қауырсынын өрт шалған,

Қоштасар ем, қоштасуға әлім жоқ.


Халім осы. Өң мен түстің арасы.

Жүрегімнің ұлғайыпты жарасы,

Ертегіге сеніп қалар балаша

Жымиюға жетер емес шамасы.


Сары-сары жапырақтай солғаным.

Басқан ізім, барар жерім, жол да мұң.

Тәтті еді ғой, жақсы еді ғой, қайтейін,

Қуанышым, күйінішім болғаның.



***


Арманым да адыра қап, күйреген,

Үмітімнің қауырсыны сиреген.

Жапырақ қой қоштасарда, мен емес,

Жылап тұрып, соңғы биін билеген.


Қалықтап кеп, қара жерге құлаған,

Мәңгі ұмытып күзін сосын ұнаған.

Тағы алдаймын, көз жасымды жасырып,

«Ол мен емес, аспан ғой, – деп, – жылаған».


Күндер өтер, ауыр бұлтқа ілініп,

Жүрек қалған әр жерінен тілініп.

Қаңыраған суық қала жауратты,

Сенің жоғың білініп.



***


Қайран да, қайран, қайран күз,

Жолығып қалдық қайдан біз?

Жетегіне еріп арманның

Тағдыр жолында тайғанбыз.


Үн-түнсіз азап шегеміз,

Не дейді жазмыш – егеміз?

Жүрекке ауыр жүк артып,

Кездестік екен неге біз?


Қайран да, қайран, қара күз,

Суыды неге арамыз?

Сағынышымызды арқалап,

Қай жаққа енді барамыз?



***


Бір ауыз хат жазсаңызшы, құрыса...
Деген едім қар көңілім жылыса.
Қайдан пана таба алады жүрегім,
Іште дауыл, сыртта боран ұлыса?


Сезімімді бүркеп жанды тербеген,
Арпалыстым азынаған желменен.
Қанат бітіп ұшар едім қазір-ақ,
Дауысыңыз естілсе егер "кел" деген.



***



«Жүректің мынау жыртығын, – деп ем, – жамашы»...
Ауысты айдың, айналды күннің жаңасы.
Хабарсыз жүрсіз көңілді неге қиратып,
Ұмытқансыз-ау шамасы.


Ақ таңда күнде үмітті құшып тұрдым да,
Құр сүлдер болдым, қиялым құлап құрдымға.
Жанымның мөлдір тамшыларымен жазылған
Құны да жоқ қой жырдың да.


Ішімде боран, далада бәрі мұз дейді...
Жаураған сезім сіз жақтан жылу іздейді.
...Дәл мендей адам көп шығар жердің бетінде,
Таба алмаспын-ау сіздейді...



***


Бола алмады дала, қала, үй мекен,
Бәрі өзгеше, көңілдегі күй бөтен.
Күтіп жүрсем кірпігіме мұз қатып,
"Мына аязда... ессіз шығар" дей ме екен?


Ақыл ауып, төзімімді тауысып,
Ай жаңарды, тағы да бір ауысып.
Елеңдемей жүрер ме едім, қайтер ем,
Естілмесе "келем" деген дауысы.


Түсініксіз отырысым, тұрысым,
Солым қайсы, қайсы оңым – дұрысым?
Ештеңе де керек емес, тек қана
Паналасам жүрегінің бұрышын,
Жай табар ем...



***


Жаным жүдеу, жүз сынық, ішім нала,
Неге ұшады әуеде құсым дара?
Алданғаным арманға бекер екен,
Сізді көрген сәттерім – түсім ғана.


Өң емесін енді ұқтым, өң емесін,
Бұл шындыққа жүрек пен көне ме есім?
Жолығып қап деген ем, қолтығымнан
Сізден өзге ешкім де демемесін.


Тарқады ма көңілдің шеруі шын,
Неліктен құшағым мұң, шер уысым?
Қай қиырды бетке алып кетсем екен,
Тәтті түсті тағы да көру үшін?



***


Сағыныш тырнағын батырды...
Ештеңе қалмады татымды.
Есімнен шығарып барыңды,
Ұмытып қалсам ғой атыңды.


Күтпесем алданып бекерге,
Дауысым сен жаққа жетер ме?
Күйдіріп барады, бұл сезім
Бал да емес екен ғой, шекер де.


Кермек дәм келеді таңдайға,
Осы ма жазылған маңдайға?..




Бөлісу:

Көп оқылғандар