Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Aspan Books» баспасынан қос қаламгердің кітабы жа...

29.04.2025 1088

«Aspan Books» баспасынан қос қаламгердің кітабы жарық көрді 14+

«Aspan Books» баспасынан қос қаламгердің кітабы жарық көрді - adebiportal.kz

29 наурыз күні Алматыда жазушы Ермек Тілеуғазының «Бхарат құдайының құлағы» кітабының тұсаукесері өтті. «Aspan Books» баспасынан басылып шыққан кітапта жазушының повесі мен әңгімелері топтастырылған. Тұсаукесер рәсіміне Алматы қаласындағы әдебиет және өнер саласында жүрген белгілі тұлғалар қатысты. Кештің тізгінін ұстаған ақын Арман Әділбек Ермек Тілеуғазы шығармашылығының ерекшеліктерін қаузап, кеш қонақтарын талқыға шақырды. Ал кітаптың редакторы Ырысбек Дәбей мен жазушы Сәкен Сыбанбай Ермек Тілеуғазыға сәттілік тілей отырып, кітаптың тұсауын кесті.

Повесті – өткен ғасырдың басында қазақ баласының басына келген зұлмат жылдарды қаузап, өсіп-өнген жерін, елін тастап ауа көшкен халықтың трагедиясын көрсетеді. Қорлық пен зорлыққа ұшыраған дәрменсіз, қорғансыз жанның жан азабына үңіледі. Ал әңгімелер – сан алуан тақырыптарды қамтып, этнографиялық, философиялық дүниелерді оқырман назарына ұсынады.

Кітаптың алғысөзінде белгілі жазушы Ырысбек Дәбей: «Ермек Тілеуғазының сөз саптауында бүгін айтыла бермейтін дәстүрлі қазақ қоғамының байырғы сөз-сөйлемдері жиі ұшырасады. Мәтінді оқып келе жатып кідіріп, қайта басынан оқуға тура келетін сәт те болады. Бұл енді бір жағынан Ермектің артықшылығы, бір жағынан кемшілігі саналуы да мүмкін. «Азбанда» өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазақ баласының басына төнген нәубет, үркін-қорқын заман бейнелеген. Таза қазақ ауылы, қазақ өмірінің қайнаған ортасы, тұрмыс-тіршілігі, трагедиясы. Осы тұста автордың «бөтен сөзбен былғанбаған» сұлбасын көресіз, танисыз. Жапандағы шілдің боғындай шашыраған әлеуметтің өзіндік өмірі, тұрмыс-тіршілігі сөзбен өріледі, ен табиғатпен етене қалпы суреттеледі. Оқып отырып қазір архаизмге айналған көп сөзбен көрісесің. Санаңның бір қатпарынан ұмытылған ұғым жылт ете қалады», - дейді. Ал ақын Арман Әділбек: «Ермек Тілеуғазының «Бхарат құдайының құлағы» атты бұл әңгіме-хикаяттар жинағы мен үшін жаңа терезе ашып бергенін айта кетуім керек. Жинақ авторының біздің толқында кем ұшырайтын шұрайлы тілін айтпағанда, шығармадағы мәтіннің мазмұнын байытып отырған, ауыр екеніне қарамастан жарасымды сіңірілген монологтар-философиялық пайымдар, және, автордың фантазиялық қуаты, мистикалық детальдармен еркін жұмыс істеуі оның шығармашылық потенциалына бейжай қарамауыма себеп болды. Шығармалар  қызықты. Тақырыбы қалай баураса, мәтін де солай сенімнен шығып отырады. 

Бір қарағанда сондай қарапайым стильді жазу машығы етіп отырғандай көрінеді, шындығында, полистилизмнің сағымы жинақ маңдайында дірілдей ойнап тұр. Осылайша қазақ әдебиеті екі жаңа есіммен толықты. Бірінші, әлбетте кітап. Дәлірек айтқанда, кітаптың атауы. Қызық ныспы, қазақ оқырманына жұмбақ ат. Соған орай табиғи түрде оқушыны соны қиялға бастайды. Ынтықтырады. Мәселен, өзім кітапты сондай бір қызық құмарлықпен аштым. Әрине, алдымен бір шолып шықтым. Оқырман ретінде ғана емес, қазақтың баласы ретінде таныс және сондай бейтаныс, жақын және сондай алыс бір әлемнің терезесін көргенімді іштей сезіндім. Сезімім алдамады. 

Алдыңғы кезекте, жас жазушылардың шығармашылығына қарата ағалар мен ақсақалдар тарапынан айтылытын «Сөздік қоры кемшіл», «Көркемдік қуаты әлсіз» дейтін сын бұл кітаппен қатысы жоқ болып шықты. Кітапқа енген әңгімелер мен хикаяттардың тілі қазақы - классикалық сөз дарияларымен еркін шөл басқан сөз иесіне тәуелді екені бірден аңғарылады екен. Бұл әрине, жас жазушылар үшін оңайлықпен асу бермес биік болатын. Жазушының тілі бұл кезекте қазақ сөзін даңғойлықпен, өз білгенінше пайдаланып, сөздің дәстүрлі нақты мәні мен мыңдаған жылдық логикалық дағдысын менсінбейтін және мұны сөз жұтаңдығына қарсы ерекшелік етіп көрсеткісі келетін есерліктен ада екенін байыптап қойған оң деп ойлаймын. 

Автор тілді өте жақсы меңгерген, соған орай тілге деген құрметі де биік.

Ал мазмұн өз ағынымен толқып ағып жатыпты. Автордың тілге кенендігі оның әңгімешілдігіне де бір қырынан дәлел болуға тиіс еді. Дегенмен, сөз иесі осы жағынан тізгінін көп тартқан секілді. Бұнысы әрине құптарлық та болған деп білдім. Себебі, айтқыштық пен ойшылдық, шешендік пен сабыр қанаттас болған жерде жеңілістің аз болуы анық жәйіт. 

Бұларға автордың фантазиялық қуатын қосыңыз. Қаламы енді төселіп келе жатқан жас жазушы болғанымен, оның шығармаларындағы өзін қаншалық сендірсе, соншалықты деңгейде оқушысын да сендіре алатындай сіңірілген мистикалық элементтер мен шығармадағы оқиғалардың философиясы жараса отырып жымдасуы маған жеңістіктей сезілді. Әрине, бұл жазушыға қойылатын негізгі талап екені анық, дегенмен, жас қаламгер жөнінен бәрібір мықты дайындықтың да көрінісі секілді. 

Автор классикалық қазақ прозасының сезімтал жас шәкірті. Әңгімелер стильдік тұрғыда реалистік бағытта жазылғандай көрінгенімен, қазақтың классик прозаиктері шығармаларында ыңғайға қарай өзге бағыт пен формалардан еркін іліп қолданып, жаза беретіні секілді ерекше қасиеттің сағымы ойнайды. Бұл дәстүрлі сабақтастық қазақ әдебиетінің бүгіні үшін өте маңызды, аса қажетті дүние еді. Біздің дәуір стильдер, бағыттар бір-бірімен еркін араласуға, өзара бір-бірімен толықтыру сипатты қатынастар орнатуға әбден хақылы болатын. Полистилизм бұл дәуірдің ең маңызды, ең түйткілді қажеттіліктерінің бірі екені шын болса, онда жас қаламгердің беталысы керім екенін түсінуге тиіс болдым. 

Жазбамыздың басында қазақ әдебиеті екі жаңа есіммен толығып жатқанын айтып едік. Кезек екінші жаңа есімді көрсетуде болса керек. Ол жас қаламгер, «Бхарат құдайының құлағы» атты прозалық шығармалар жинағының авторы - Ермек Тілеуғазы. 

Ол осыған дейін қазақ әдебиеті кеңістігінде бірде-бір шығармасы жарық көрмеген, әдебиет есігін толық бір жинақпен, мүмкіндігінше дайындықпен ашқан жаңа, жүректі қаламгер болып тұр. Әрине, әдетте, жас жазушы басылым беттеріне жекелеген шығармаларын жариялай жүріп, сол барыста айтылатын сын-пікірлермен сомдалудың алдыңғы процесін өткізетіні анық. Ермек олай етпеді. Өзіне сенді. Жүректі екен деп отырғаным да содан.

Ермек Тілеуғазы – жазушы, брокер. 1996 жылы ҚХР, Тарбағатай аймағы, Толы ауданында дүниеге келген. 2014 жылы тарихи Отаны - Қазақстан Республикасына қоныс аударған. Алғашқы әңгімелерін мектеп қабырғасынан жаза бастаған. Қазіргі таңда шығармашылықпен қатар жеке кәсіппен де айналысады.

 

Жазушы Сафина Ақтайдың «Burger King-тегі Элвис Пресли» кітабы жарық көрді

 

Жақында тұсауы кесілген «Aspan Books» баспасынан жазушы Сафина Ақтайдың «Burger King-тегі Элвис Пресли» кітабы жарық көрді. Бұл жазушының алғашқы әңгімелер жинағы. Кітаптың тұсаукесері 17 сәуір Алматы қаласында Kegere Central Asia кеңістігінде өтті.

Кітап автордың әр жылдары жазған шығармаларынан топтастырылған. Сафина Ақтай әңгімелерінде адамның туғанынан өмірден өткенге дейінгі кезеңі саналатын тән түсінігі арқылы әртүрлі өмір тәжірибесін қаузайды. Кейіпкерлердің өмір кеңістігін еңсеруге деген ұмтылысы уақыт рухына ұласып, алайда онымен ешқашан кездеспейді. Кітапта жазушы көші-қон тәжірибесі бар адамдарға, дене саясатына, тән мен жанның қайшылығына, әйел бейнесі және постсоветтік өмірдің жаңа шындығына үңіледі. 

Сафина Ақтай – жазушы, аудармашы, журналист. Ол 1996 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Шығармалары ағылшын, орыс, түрік тілдеріне аударылып, «Дауыс» антологиясында, «Angime», «Дактиль» және т.б басылымдарда жарық көрген. Өнер және философия туралы «Friedrich Shegirtke» жобасының авторы. 2023 жылы «Целинный» заманауи мәдениет орталығының қолдауымен басылып шыққан ғалым Мадина Тлостанованың «Болмыс, білім және түйсік отарсыздығы» кітабын қазақ тіліне аударған. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар