Айгүл Кемелбаева: Мағжанның прозасы
Бөлісу:
ХХ ғасырдың басындағы қазақ прозасының алғашқы үлгілерінде: Міржақып Дулатұлының “Бақытсыз Жамал”, Спандияр Көбеевтің “Қалыңмал”, Сұлтанмахмұттың “Қамар сұлу”, Тайыр Жомартбаевтың “Қыз көрелік”, Бейімбет Майлиннің “Шұғаның белгісі” атты шығармаларында әйел теңсіздігі күңірене, өкси жырланса да, адам жанының психологиялық ереңдіктеріне бойлауды олар өздеріне парыз санамаған сияқты. Әлеуметтік, қоғамдық өмір көріністерінің объективтік сарыны ашылды, тұрмыстан озбайтын, Абай айтатын “адам баласы жылап туады, кейіп өледі” деген өкініштің сахаралық өмір салтының дәстүрлі бейнесі қамтылды. Алғашқы қазақ прозасында психологизм аз деп кінә тағуға келмейді. Өйткені ол проза дамыған, өскен кезде туатын құбылыс. Мағжан мен Мұхтарды туыстыратын дүние ол көркем әдебиеттің ішкі мазмұнына сай рухани суреткерлік қасиеттері болса керек.
Қос суреткер дәстүрлі әйел затының жан-дүниесіндегі сән-салтанат пен адамшылық болмысын және қатал тұрмыс күйзелткен нала-шердің иірімдері мен зардабын тереңнен, жүрек түкпірінен зерделеулерімен ерекшеленеді.
Сондықтан да Мағжанның “Шолпанның күнәсі” атты бір ғана әңгімесі 20-шы жылдардағы қазақ прозасының көктемін тақатқан алғашқы қарлығаштай ерен аңсарлы, көркем дүние. Мағжан мен Мұхтарға ортақ ұқсас теңеулер мен параллель ұғымдар бұл әңгімеден табылады. “Қаралы сұлудағы” қара жыландар тұспалы Мағжанда да кездеседі. “Шолпанның сұңқардай ұшқыр жанын, желдей есалаң жүрегін қара жыландай қап-қара ойлар орап алып, улай бастап еді”.
Жылан сөзі ежелден нәпсі туралы ойға мегзейді. Мұхтарда ол нәпсі тұспалы болса, Мағжанда бұл сөздің астарында өмір, өмірге құштарлықтың негізіндегі балажандылық сезімі жасырылған. Таураттағы Хауа ана туралы аңызды еске алайық: “И нарек Адам имя жене своей: Ева, ибо она стала матерью всех живущих” (Быт 3, 20).
Хауа – өмір деген мағынаны бір білдірсе, екінші бір мағынасы “жылан” деген ұғымға тіреледі.
Адамзат Хауаны тіршіліктің басы, адам нәсілінің анасы санайды. Шолпанның көкейін тескен бір ғана мезет, ол – ана болу. Сонымен Шолпанның зары Қаракөздің мұңынан мүлде бөлек. Нәресте сүю үшін Шолпан ақ некеден аттап, жат қылыққа барады, сөйтіп ақыры өзін-өзі құрбандыққа шалады. Аналық соқыр махаббат сезімі, ал жарық дүниеде одан күшті не болуы мүмкін, оны шамға үйір көбелектей күйдіріп, ақыры өртеп тынады.
Мағжанда адам жаны періште сипатты, жүрек ошақ іспетті. Шолпан сөніп бара жатқан өмірдің сәулесі бала деп ұғады. Сол себептен оның адамшылығын да ақыры өртеп тынады.
Мағжанда адам саны періште сипатты, жүрек ошақ іспетті. Шолпан сөніп бара жатқан өмірдің сәулесі бала деп ұғады. Сол себептен оның адамшылығында, баласүйгіш нәзік, отты жүрегінде қапы жоқ.
Автор Шолпанға бала бермедің деп Құдаймен де алысуға бар: “Тегінде Тәңірі де ауыздықсыз, арсыз саудагер”, - дейді Мағжан кейіпкерімен қосылып егіліп, бірге кіжінгендей таусылып.
Осы жолды Мағжан неге жазды екен. Ал Құдаймен алысу әлемдік поэзияда ежелден бар дәстүр, ол ақындардың маңдайына біткен бөлек қасиеті, мүмкін соры. Пенде сонда неге өзін судан таза, сүттен ақ көргісі кеп тұрады?! Жаратушы иені өзінің бәкене бойына шақтап алғысы кеп аласұратыны неліктен?!
Адамзат ағат кетпей, Алладан жаза жетпейді.
Қазақ эпосы мен ертегісінің басы дәулеті асқан бір текті әулеттің жалғыз балаға, мұрагерге зор болуынан басталатын. Мағжан әңгімесінің тақырыбы бедеулік қайғысы, баласыздық қасіреті болғанмен, оның астарында ең асыл арманының жолында өлген панасыз, ару әйелді жоқтау, аза жатса керек. Мағжан адам трагедиясын пафосқа айналдырып жіберетіні сондықтан; өйткені жазмыштан озмыш жоқ, жан талғамайтын арашаға көнбейтін тағдыр бір ұр тоқпақ емес, тасбауыр, қатігез, менмен адамдардың жауыздығы одан асып түсеріне дау жоқ. Діни аңыздарда Құдайтағала адам баласы шын жыласа тілегін беретін еді. Әбден қартайған ерлі-зайыпты адамдарға ғұмыр бойы күткен баласын беретін, мысалы, христиандық әфсанада Иисустың анасы Мария солай туған екен.
Әңгіме кейіпкері Шолпан өзінің өзгелерге білдіруге батпайтын ұлы ауыртпалығын ұзақ арқалайды, ақыр соңында Құдай жарылқап, көктен тілегені жерден табылып, нәрестелі болары ашылғанда сұмдық ауыр қазаға ұшырайды. Мағжан некеге қатысты осы бір оқиғаны адамзаттық трагедияға көтеріп жібереді. Ол бір әйелдің қасіреті емес, тап бір өзін-өзі жоқтап, өз тағдырына налып, зарлап, күйініп жазғандай сұмдық бір әсері бар бұл әңгіменің.
Сөйте тұра, Мағжан әңгімешінің әдемі әсерін, сұлу сөздің ырғағын еш бұзбайды, тілі төгіліп, айшықты кестеленеді. Оның фольклорлық теңеулері аса көркем-ақ: “Қыстың ұзын түні шайтанның шашындай ұзайғаннан ұзайды”. Бұл сахаралық өмір қалыбы ғана емес, қазақ ұғымында албасты әйел кейіпті, әйел-сайтан, дұспан деп те айта береді. Сонда адамның жаратылысына, шыққан тегіне тән күнәнің табиғаты осылай ашыла түседі.
Күнә – бұл әңгіменің негізгі өзегі. Оның дерексіз ұғымнан кесектеніп, ұрық шашып жанды тұлғаға айналу процесін Мағжан ұдайы астарлап, бейнелеп жеткізе алған: “Сол уақытта ақ отауының алдында күнге жылынған мысықтай керіліп, Шолпан отыр еді”. О, ендігі мысық тілеу, мысық қимыл даяр, шеберлік деген осы. Өйткені, Шолпандай аяулы келіншектің армандаған нәрестесі құпия тілектің, тиым салынған ағаштың жемісі болып шықты, ендеше мысық тілеу деген сол. Хемингуейдің бір әңгімесінде де жалғыздықтан жабырқаған жас әйел мысық құшақтап отыратын еді.
Сонымен тым қауіпті мұратының жолында жан пида деп Шолпан қатерге ұрынады. Әйел трагедиясы зорайып өседі. Бақытсыз Жамалдың, Қамар сұлудың өмірін улаған қасірет өзгеше сипатпен төніп, Шолпанды өлімге үкім етеді.
Мына бір ұқсастықты қараңыз: Мұхтарда Қаракөздің сорына оның күйеуі Әзімбай жастай мерт болса, Мағжан оны Шолпанның бағы мен сорына қайта тірілтті. Асылында, қайнысы Әзімбай Шолпанның бір құныкері де. Сөйтсе, Шолпан сорлының ғұмыры өтіп бара жатыр екен. Мағжанның оның обалын кімге жүктері және беймәлім тәрізді. Ол түйінді мына сөздерінен аңғаруға болар: “Дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ. Адам – шешуі жоқ жұмбақ. Шешуі деп атауға болатын болса, адамның шешуі жалғыз өлім”.
Мағжанның өлімге деген ізеті ерекше, онысы ажалсыз жан тумасын білген қорқытшыл жүрегінің бұйрығы ғана емес, ақындық болмысының негізі болар:
Балқиды жаным бұл күйге,
Мені де, өлім, әлдиле...
Әлдиле, өлім, әлдиле!
деп аңырайды Мағжан, мұны тек қана Бальмонттың әсері деп қабылдап ұшқаралық болса керек. Тал бесіктен жер бесікке түсерін қазақ қалай көркем жеткізе алған, ендеше, Мағжанның ұлттық дүниетанымы бұл. “Шолпанның күнәсі” атты әңгімедегі күнәдан ақталу – өлім. Ажалдың тазартпайтын, ақтамайтын дүниесі жоқ сияқты. Бұл әңгіме өзінің қым-қиғыш, ит тұмсығы батпас қалың жыныстай шиеленіскен ауыр, моральдық тақырыбымен, адам психологиясын сомдаудағы кіршіксіз шындығымен, композициялық шеберлігімен, көркем болмысымен орыс классикалық прозасындағы хас үлгілермен үндес.
Бұл әңгімеде Лев Николаевич Толстойдың үлкен жанрға тиесілі ірі-ірі үш романының көтерген жүгімен қатар, оның кіші жанрдағы дүниелерінің тақырыбы қатар келген.
Лев Толстойдың “Крейцер сонатасы” атты повесі жарық көрісімен орыс қоғамын дүр сілкіндіргені белгілі. 1890 жылдардың басында жазушыға қарсы қоғамдық пікір қалыптасып, ХХ ғ. басында Нобель сыйлығына лайық бірден-бір суреткер екені анық болса да, мойындамай, сол билеуші таптың сыны оны аластауға тырысып-ақ бағады. Мұның бос әуре болғанына кәрі тарих куә. “Беседа о христианском супружестве против гр. Л. Толстого” (Одесса, 1890) атты мақаласында архиепископ Никанор “Крейцер сонатасын” “қарғыс, құдайға тіл тигізу” және шіркеуді мазақ қылу, келеке деп атайды.
Толстойға дінбасыларды жаппай қарсы қойғызған да тақырыптың шамшылдығы – некенің көлеңкелі, жабық тұстары еді. Дәлірегі, отбасылық өмірдің ашық айтуға тиым салынған кейбір мәселелері болатын. Толстойға трактовкасында, әйел затын нәпсінің күші азғырып, оның адамшылық болмысын қорлайды, әйелдің тауарға айналуының, жанының жапа шегуінің негізі ол. Бәрінен бұрын Лев Толстойдың христиандық көзқарастан ауытқымай-ақ сол заманғы некеге орынсыз шабуылы, мінеуі орыстың православиелік топтарын қатты абыржытқан еді.
Толстойдың әйелдер образы Гоголь, Гончаров, Тургенов, Лесков, Чехов тәрізді суреткерлер сомдаған образдардан мүлде бөгде болатын.
“Анна Каренина” атты романның ең басты сұрақтарының бірі Анна кінәлі ме? Яғни, оны зинақор, күнәһар әйел санатына қосу, қоспау мәселесі еді. Ал Анна Каренина тәрізді аса күрделі бейнені сомдау үшін Л. Толстой “Соғыс пен бейбітшілік” атты роман-эпопеясында алдын-ала Наташа Ростованы сомдады десе де болады. Наташа да өзінің екі бірдей жары болғанын армандайды, ал Аннаны түбіне екі күйеуі болған сұмдық жетеді.
“Крейцер сонатасында” соншалық бір адуын ашынумен көтерілген ер адам мен әйел адамның арасындағы бітіспес қастық сезімі, өзара өшпенділіктің сыры неде? Толстойдың айтуынша, олар қысқа мерзімді татуласулардан соң сөзсіз қайта жауығуларға, ұрыс-керіске душар бола береді. Өйткені үйлесімділік заңы некеде жоқ. Өйткені, әйел мен еркектің жұлдызы қарсы, оларды қосатын дүние хайуанға тән жабайы түйсік сезімі. Бұған оның “Арылу” атты романындағы түрмеге айдалған, жезөкшеліктің қарғыс атқан таңбасы баылып, қамыты киіліп Катюша маслованың бір кезде өзін осы халге итерген Нехлюдовтың жан азабынан соң, адамшылыққа ынтызар көңілмен ақ ниетін білдіргендегі сөзіне берген жауабы куә. Нехлюдов өзінің озбырлығына өкініп, Катюша Масловаға маған тұрмысқа шық дейді. Сонда әйел оған астам жауап беріп, мүлде жерлеп тастайды. Тіпті өшін алғандай сыңайлы:
“Ты мной в этой жизни услаждался, мной же хочешь и на том свете спастись” дейді ол. Бұл жайт Толстойдың өз басындағы да үлкен сырды мегзейді.
Ежелгі дұшпан ел болмас, ендеше мынау жаратылысқа жат әлдебір сұмдық дұшпандық, құдай о баста бір-біріне мейірбан жар, сүйікті қосақ болуға жаратқан, бір-бірінсіз күні жоқ, адамзат нәсілін жалғайтын ұрпақ қамы үшін мүддесі бір саналатын әйел мен еркектің жалғыздығы, жан сарайларының үйлесімсіздігінен туатын қиянат болса керек. Мұны айтқан Лев Толстой адам баласын жан жүрегімен сүйген, оны шырылдап қорғап, пана болуға тырысқан, мұңын мұңдаған алып суреткер екенін әсте ұмытпауымыз керек.
Тегінде, толстойшылдық, кейіпкерлердің шиеленіскен рухани қақтығысы, дәлірегі ер мен әйелдің ымырасыз өшпенділігі қазақ прозасында да жоқ емес, бұл тақырып «Шолпанның күнәсі» мен «Қамар сұлуда» бар. Сұлтанмахмұт жас сұлуды зорлап қосқан жексұрын күйеуі, жорға Нұрым атанған топас болысты «залымдығы мен аты болмаса, әліпті таяқ деп білмейтін... елу шамасында жасы бар... бұқа мойын, өгіз құрсақ, алақан көз, жайын ауыз, дорба сақал, тоқпақ мұрын, бір түрлі нысаналы жануар еді» деп суреттейді. Адамды жануар еді деу сүйектен өтер ащы сөз ғана емес, Л.Толстой қозғаған нәпсінің арсыздығы мұнда сыңаржақты болса да сезіліп тұр емес пе.
«Женщины унижены сладострастием. Тем же отплачивают, от того их власть» - бұл «Крейцер сонатасы» атты повестің тақырыбы. Мағжанның да бір жағынан айтпағы осы болса керек. Жаратылысы азғырылуға бейім тұратын (жұмақтан қуылған себеп – жылан, әзәзіл ишарасы) әйелдің күнәһарлығы сөйтіп бітпес дауға айналады.
Қазақ әдебиетінде әйел баласын қызғыш құстай қорғап, араша сұрап, жоғын жоқтаған, ажалдан қаққан шығарманың бірегейі Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» атты романы. Мұндағы психиологиялық тереңдік, адамшылық сана таңғажайып мейірімге толы; Ақбілектің баласына деген аналық махаббатын автордың өзі жанын салып қорғап алады. Өзінен туған ұл баланың тірі екенін араға көп жыл салып білген Ақбілектің қуанышы жазушының шапағатынан туса керек. «Шолпанның күнәсі» атты шағын әңгіменің ұлы тақырыбы – аналық махаббаттың күші. Әлбетте, Мұхтар Әуезовты уыздай 20 жасында «Адамдық негізі - әйел» дегізіп қолына қалам алғызған құдірет те ананың қасиеті болатын. «Ал қазақ мешел болып қалам демесең тағлімінді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең әйелдің халін түзе».
Мағжанның да булығып, өксіп, емірене, егіліп отырып айтқан ақиқаты осы ойға жетелейді. Мағжан жаны неден түршікті? Әңгімедегі метаморфоза, өмірдің құбылуы бір ұғымның бөгде бір қалып пен дағдыға енуі, мағыналарының ауысуы табиғи суреттеледі. Естен тандырар сандырақ сезілсе де бүркемесіз қатігез өмірдің боямасыз, ұсқынсыз сұрқы осы: жар дегені жендетке айналды, бала дегені лағынет қарғыс болып шықты. Әңгіменің шырқау шегіне шыққан шарықтауы соңы: сегіз жыл тату-тәтті отасқан қосағын Сәрсембай дүлей көзіме шөп салдың, елге мазақ қылдың деген жан ашуымен тепкілеп өлтіреді. Бір емес, екі жанның өмірі қиылады, қорғансыз ана мен бейкүнә сәбидің тумай туа шөккені асқан трагедия. Со замат Сәрсембай өзінің ұясын ғана емес, жан-дүниесін қоса талқандап, таптап жібергенін кім ұғады. Өйткені, Шолпан күнәһар атанса да оның өмірінің мәні болатын, ашу-зұлымдық, ақыр ол өкінбестей қылық деп кім айта алмақ. Сәрсембайдың мына қазаға қабырғасы қайыспауы мүмкін емес-тін, себебі ол өз қабырғасын өзі күйреткен нақұрыс адамға ұқсап кетпей ме. Тауратта әйелдің жаратылуы туралы мына бір белгілі аңызға қайыра үңілейікші: «И создал Бог Яхве из ребра, взятого у человека, жену, и привел ее к человеку. И сказал человек: вот это кость от костей моих и плоть от плоти моей; она будет называться женою, ибо взята из мужа. Потому оставит человек отца своего и мать свою и прилепится к жене своей, и будут одна плоть» (Быт, 2, 5, 7... 18-24).
Сонымен қатар ауыл адамдарының бойкүйез надандығы, жалған намысты жаны ашымас аярлықпен қоса жыртуы және әшкереленбей қалмайды. Әңгімеде дүмше молда, дәрменсіз, безбүйрек қатын-қалаш, жауыз күйеу, қояндай бұғып қашқан жымысқы Әзімбайлар бар, сөйтіп адамшылығы өз фәниден Шолпан бақиға озады, күнәсі болса, оны сұмдық ауыр жазамен өтейді.
Жас өмірі қыршынынан қиылар тұста Шолпанның ойына оралған өткен өмірінің ең аяулы шақтары бір елестеп өтеді: «Жаңа шолпы тағып, сол шолпыны әдейі сылдырату үшін жүкті әдейі қайта-қайта бұзып жиғаны...».
Осыны жазғанда Мағжанның егіліп, қара көзінен алты айрық жас ағып отырғанына шүбәланбайсыз. Ол өзі ғана жыламай, өзгеге де беймезгіл солған аяулы Шолпанын қоса жоқтатады. Шолпыны қазақ әдебиетінде әйел тағдырын тұспалдайтын атрибут деуге болады, Мұхтарда ол тіптен астарлы, айшықты дүние. Жарық дүниеден күдер үзіп, үзіліп бара жатқанда жастық дәуреннің шолпыдай сыңғырлап, жарқ ете түскен бір аяулы мезетін ғана есіне алған Шолпанның күнәсі со замат өртеніп, жанып, жоғалып үлгеретін сияқты. Өлім сезінбей қалмаған. Жан азасы күнәні жуып, Шолпан бейнесін кіршіксіздендіріп, көріктендіріп жіберетініне дау жоқ.
Батыс философиясындағы Ф. Фейербахтың өлімді игілік, қиянаттан құтқаратын береке ретінде қабылдауы сол себепті. Махаббат пен зұлымдық тақырыбына таңдауы түскенде Мағжан, сөз зергері, өз кейіпкерін Шолпан атағаны тегіннен емес. Сондай-ақ, ақынның 1912 жылы Қазанда басылып шыққан «Шолпан» атты кітабы – тұңғыш жыр жинағы. Бұл кітапқа енген өлеңдерінде қазақ қызының көрік-сымбаты, бітім-болмысы сүйген ғазиз жүректің лүпілімен асқақ жырланады. Мағжанның теңдесі жоқ лирик екеніне ешкімнің таласы болмаса керек.
Қазақта астрономиялық аңыз көп, поэтикалық бейнелеу күшті. Шолпан – көктегі жұлдыз. Іңірде батыстан туған Шолпанды ұнатпаған халық оны «Тұл қатын» (байсыз, перзентсіз) деп атайды. Әсіресе қыста аяздың күшеюімен қабат шақшиып жалғыз тұрған Шолпан елге сұрқия көрінеді. Халық сенімінде Шолпан жұлдыз – жалғыздықтың, тұлдықтың ишарасы болса, сол символды Мағжанның жаңылмай қолданғаны таң қалдырады. Алла тағала әсте зердесіз суреткер жаратпағаны ғой.
Тауратта Мара (горькая, күйікті) деген әйел бар. Бұл баласы жоқ, жесір әйелдің өзіне-өзі қойған есімі. Ол өзінің Ноеминь деген атынан безініп, енді мені Мара деп атаңдар, өйткені Жасаған маған ұлы күйініш, бақытсыздық жіберді дейді. Құранда ер-әйел құқықтары түгел қамтылған. Онда ерлі-зайыптының ажырасуына мүлде қарсылық жоқ.
Әйтседе отбасы, сүйіспеншілік және бейбітшілік ұясы туралы «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да оның белгілерінен» (30-21) делінген. Және кешірімшіл адамның өз күнәсі кешіріледі, қысасты кешіру мүмкіндігі айтылады.
Тегінде ислам философиясы бойынша, бұл дүниедегі барша игілік, қазына, бала, бақ Алланың қасындағы орынға жетпейді. Яғни, ең алдымен Алланы риясыз сүю керек. Қалған дүниенің қамы содан кейін. Иман келтірудің қасиеті үнемі еске салына береді. Нәпсісіне ергендер деп дінбұзарлық пен кәпірлікті атайды.
Мағжан Шолпанды қорлықтан құтқара алмады, сонысы үшін де ол аяныштан зар илейді. Әңгіменің көркемдік түйіні соны айғақтайды. Шолпанның қылығы арсыздықтан ада тәрізді. «Баланың жақсысы – қызық, жаманы күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығын аз болды ма?» дейді Абай оныншы қара сөзінде, дүниеден бір түңілген сәтінде.
Тумай жатып күйікке айналған баланың анасын қорғау үшін Мағжан қатігез жауыздықтың, салқынқанды немқұрайлықтың бет пердесін жұлып жан дауысымен аңырап мейірім іздейді. Оның шындықты ащы да болса паш еткені – шын сөзден рақым күткені ғой. Адамдар сендер бір-біріңді аясаңшы деп шырылдайды Мағжан.
Тағы да Толстойға ден қоялықшы. «Жена была чадолюбива и легковерна.
Так что присутсвтие детей не только не улучшало нашей жизни, но отравляло ее. Кроме того, дети – это был для нас новый повод к раздору», - дейді «Крейцер сонатасындағы» ақыр соңында қызғаныштың кесірінен өз әйелін өзі өлтірген Позднышев.
Сәрсембайға туыс ол. Өйткені тағы бір некедегі түйін мынау болса керек: «Тогда мы не понимали, что эта любовь и злоба были то же самое животное чувство, только с разных концов».
Шолпан мен Сәрсембайдың арасындағы сүйіспеншілік сезімі де осы жайтқа келіп тіреледі.
Аяғы ауыр әйелін тепкілеп өлтірген Сәрсембайды «ашу - дұшпан» деген бір ғана ұғымға сидыру қиын, «ашу-шайтанға» лайық лағынет атқан кейіпкер ол, өйткені үндемегеннен үйдей пәле шығады дейтіннің нағыз өзі осы Сәрсембай сияқты сұм адамдар. Оның тасжүректігін тіпті намыс деген сөз де ақтап алмайды. Аяусыз пенденің күрделі бейнесін Мағжан сөз бұдаламай-ақ жарқыратып бере білгені өмірдегі қастерлі мен қорғансыздық символы Шолпанын, ана мен баланы жаны күйіп сүйгенінде болып шықты.
Осы әңгіменің өнебойындағы Мағжанның дүниетанымы бойынша Шолпан тіпті күнәһарлықтан, сайқалдықтан ада, ол жер бетіндегі өмір тіршіліктің иесі – әйел. Оның ана болсам, бала сүйсем деген тілегі Құдайдың жаратқан парызы, борышы, сол қарызды өтемекке ол шейіт болады. Шолпанды өлім арулап тазартты, Мағжанның оны ақтап алуына еш талас жоқ. Қайғы-қасіреттің адам жанын кір-ластан, күйініштен, күйкіліктен, әурешіліктен тазалайтын әулие қасиетіне имандай ұйып, сенген соң да жазушы осы әңгімесін жазды.
Мағжан поэзияға лайық сұлу тілін қарасөзінен әсте аяған жоқ. «Ұршыққа оралған жіптей бас-аяғы жоқ қыстың ұзын кеші еді». Осылайша ол ұршықтағы жіптей оқыс үзілген, сондай бір әлсіз өмірді суреттеді. Әйгілі «Ұйқыдағы ару» атты Шарль Перроның ертегісінде тағдырдың жазуымен қолына ұршық шаншыған ханша жүз жылдық ұйқыға кетеді. Мағжан да Шолпанын аялап, ұйқыдағы арудай мәпелеп, жер бетіндегі жамандықтан жасырғысы келгендей, ақыры жер бесігіне, мәңгілік тыныштыққа бөлеп тынады. Тіршіліктегі уайым-мұңды, тағдырға наразылықты, жоғалған жұмақты аңсауды Мағжан мына бір аңызға құрылған сөйлеммен өрнектейді: «Көл бойынан дамылсыз: «құдырет-ау, құдырет-ау» деген дауыс естіледі. Өмір бойы құдыретті аузынан тастамайтын қандай ауыр күнә істеді екен ол құс?!».
Бұл тауқұдырет атты құстың ғана емес, Шолпан тәрізді талайсыз-бақсыз жандардың өксікпен өткен өмірінің де ишарасы емес деп кім айта алсын.
Жазушының өз кейіпкеріне шаң жуытпайтыны сонша Сәрсембай түгіл Әзімбайдың Шолпанның жаралы жанын түсінуге, аңғаруға миы, сезімі жетпейді. Бұл екі еркек, екеуін Шолпанның қос күйеуі деп атасақ та болады. (Анна Каренина тәрізді) хайуандықтан аспай, адамдыққа жетпей қалған рухани мүсәпір біреулер. Сәрсембайда ожарлық пен өшпенділікке құл шадырлық қана бар. Шолпанның нәзік, жанқиярлық жаратылысынан садаға кеткір топастық бар екеуінде де. Әзімбай болса, құр жігітшіліктен аса алмайды, асылында бұлар әйелді адам санатына қоспайды. Сәрсембайдың сегіз жыл отасқан әйелін «мен сенен бала сұрадым ба?» деп сөйлеп, итше тепкілеуі оның жаны мешелдігіне айғақ емес пе. Ол дүлей иісалмастықтан, тағылықтан сәл арылса, Шолпанның қасіреті өзіне ортақ екенін, бір ұшы өзінде жатқанын түйсінген, кешіріммен қараған болар еді. Сәрсембайдың бітеу жара екенін Мағжан «неге ол аузына тас салғандай үндемейді? Ол бірдеңе десе, Шолпан да айтар еді. Өзінің не үшін күнә қылғанын, бала үшін ойнас қылғанын айтар еді. Жоқ, үн жоқ, балағаттау бар, тепкілеу бар» деп баяндайды. Арылу, ақтаудың бір маңынасы – ажалдың өзі. «Жердің бетін аппақ кебіндей болып боз қырау жапты» деп суреттейді Мағжан қыркүйектің аяғын, Шолпанын жала мен наладан, қорлық пен азаптан біржола құтқарып алуға белін бекем буып. «ең жақының – қара жер», - дейді Шәкәрім өлеңінде.
Кісі өлтіріп жатқан сәрсембайға ел адақтаған сұм молда жұмсақ-жұмсақ тіл қатады, аярлығы емес немене? Өлімші күйдегі панасыз Шолпанның басына құдықтың мұздай суынан қырық шелек су құйылып, азапталуы да шанайы имандық сезімі мен дүмше иолда дін бұзарлықтың жер мен көктей арасына жатады.
Суреткерліктің ұлы миссиясы – адамды сүю. Адамзат нәсілін бауырым деп сүю сезімін Абай уағыздайды, иманның басы сол. Сол бауырмалдық ізгі қасиеті Мағжанның қара сөз жанрындағы Көкшетаудың бауырындағы көлдердей мөлдіреген сұлу очеркі «Ақан сері» деп аталады. Очерк деген ұғымынан асып түседі бұл дүние. Творчество туралы творчество десек, жанрын тап басқандық болады. Ал бұл ерекше жанрдың әлемдік әдебиетте ХХ ғ. әдебиетіне тән сипатпен ерен дамып кеткенін ескерсек, Мағжанның қазақ әдебиетіндегі алғашқы қарлығаш болғанын ұғынамыз. ХХ ғ. аяғына шетелдік роман жанры әлдеқашан осы жанрға айналып кеткен. Өйткені бұл жанр тең-теңімен, жұлдыз бен жұлдыз тілдесердей заңғар биіктікте орналасуымен, руханилығымен, зиялылығымен ерекшеленеді.
Мағжан Ақан серіден аттай 50 жыл кейін туған. Ақан серінің думанды дәуірі мағжан үшін тым алыста қалмаса керек.
Мағжанның ақан серіге қызығуына не себеп? Рухани туыстық дей салу таяздық етеді.
«Ақанның өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір. Сондықтан Ақанның алдымен өмірін жазып, онан соң сөздерін тексереміз» - дейді Мағжан.
Романтик Мағжан Ақан серіні тегін таңдаған жоқ. Ол өліп-өшіп жаны сүйіп, өзіліп отырып жазғаны сырт көзден таса қалмайды, онысы Мағжанның Ақан серіні ғана емес, өзін-өзі танып, өз рухына бойлауы да еді. Сал-сері десе ақындығы, арқасы қозып, жалыны маздайды Мағжанның. Поэзиясындағы сүйікті образдары – жүйрік жел мен асау жүрек мұнда екі елі ажырамайды. Ол Ақанның аңызға айналған Құлагерін де, соңғы махаббатын да емірене, еліге, тебірене баяндайды, құдды өзге емес, өзі туралы жазып отырған сияқты. Сонда ойға Қасым Аманжоловтың «Дүниеге келер әлі талай Қасым» дегені, ақындықтың халықтың қайнар көзі – тұма бұлақтай негізі, ұлттықтың ділі екені дөп келеді. Мағжан Ақан серінің ізбасары, рухани ұрпағы.
Тегінде осы Ақан серінің өмірбаянындағы ақынды пері шалды дегенді неге жоруға болар? Мұны мистификация деу артық. Суреткерліктің жаратылысында сондай бір тылсым сыр бар.
Мағжан ақан өлеңдерін шып-шырғысын шығармай талдайды. «Ақанның кей өлеңдерінде тілі тарғыл, мынау шұбар тіл үшін, әрине, Ақанға рахмет айтарлық еш нәрсе жоқ» дейді ол.
Әсіресе, ақан сері өмір сүрген дәуірдегі әлеуметтік құбылыстарға, азаматтық позициясына, бодандықтың, отарлаудың қамытын киген, бағы тайған елдің қаяу баласы болғанын Мағжан тап басып тұжырымдайды. Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» дейтін әлеуметтік зары Ақан сері заманының шері болатын. Ер жігіттің ішінде өскен ат басындай шер иісі қазаққа ортақ күйініш. Мағжан өзінің «Орал тауы» атты сағынышқа толы түрікшілдік идеясы күшті өлеңінде көшпенділердің күйреген дәуірін аңсап жылаған жоқ па, оқыған халықтармен араласқан елдің бұзылатынын Шәкәрім ұғып, Абай жоқтамап па еді, бет-бейнесін, тегін жоғалтпасын деп қазақтың қамын қайғырмап па еді. Мағжан Ақан сері трагедиясының сондай бір иірім-тұңғиықтарына тереңдей білді. Өйткені Ақан серіні өзіндей көркемдікке құштар ақын деп қана емес, елінің сүйікті ұлы деп сүйді. Ұлтын сүю мен салт-дәстүрді дәріптеу Мағжанның поэзиясының өн бойында бар. Еуропалық жарқылдақ әшекейі күшейген сайын ол сезімі тұнықтап, ұлғая түсті.
Есімінің өзі құлаққа жырдай естілетін Мағжанды сол асыл мұрасы үшін сүйеміз.
Бөлісу: