Ербол Тілешов: Поэзия – қоғамдық сана айғағы

Бөлісу:

05.04.2016 4643



bf8dfab139a011c3790b6544204c777e.jpg

Қазақ халқының өмір салтында ауызша туып, ауызша таралған авторы белгілі шығармаларды «Авторлық ауыз әдебиеті» деп атау әдебиеттану терминологиясына енуі тиіс. Бұл идеяны өз зерттеулерінде академик Қасқабасов негіздеп жүр. Көрнекті ғалымның бұл жөнінде: «Авторлық ауыз әдебиеті деп аталады. Бұл – жаңа ұстаным. Осы жайында алғаш өткен ғасырдың 70-ші жылдарында Мырзабек Дүйсенов жазған болатын. Бірақ ол кезде қабылданбады да, сол ұстанымды біз мына әдебиет тарихына ресми тұжырым ретінде кіргіздік. Әсіресе, Қазақ хандығы тұсындағы әдебиетті айтқан кезде пайдаланылды» - деп жазады /1,326/. Әдебиет тарихын зерттеу, әсіресе, оны дәуірлеу кезінде аталған терминнің маңызы айтарлықтай. Дегенмен, біз өз тарапымыздан «ауыз» дегеннің орнына «ауызша» деп атауды ұсынамыз. Себебі, «ауыз» деген сөз «халық ауыз әдебиеті» дегенді еске түсіретін сияқты. Сондықтан, біздің ойымызша, дұрысы «Авторлық ауызша әдебиет» деп атау.


Қазақ халқы өзінің мемлекеттілігін ХV ғасырдың ортасында қалыптастыра бастады десек, ортақ ұжым, бір этнос ретінде тарих сахнасына шыққан елдің өзіндік мәдени-рухани қазынасы да қалыптасатындығы белгілі. Төлбастаулық сипаттағы осы қазынаның түрі мен тұрпатын, сыны мен сырын тану жаңа ел, өркениетті мемлекет құрып жатқан ұлт ұландарының еншісінде. Осындай тану мен бағалау үрдісінің негізінде сол рухани қазынаның жүрген жолын, өткерген сапарын таңбалау сияқты үлкен міндет, басты мақсат тұрмақ. Қазақтың халық ретінде қалыптасуынан бастап бүгінге дейін жүріп өткен рухани жолын бажайлағанда біздің ойымызға оның бай әдебиеті алдымен түсері хақ. Қазақ әдебиетінің осы ұзақ сапары бір ғана жолда, жалғыз ғана бетте болмағаны белгілі. Рухани құбылыстың даму, өрістеу, бір сатыдан келесі сатыға өту, өзгеру кезеңдері болатындығы ақиқат. Әрбірден соң рухани құбылыстардың кезеңдік өрістеуі – оны дамуға, жаңа үрдістерді қалыптастыруға, жетілуге алып келеді. Егер кезеңдік ауысулар болмаса, дамудың өзі болмас еді. Кезеңдік даму көркем әдебиетке де тән бола отырып, оны бір орында тұрып қалудан, тоқыраудан сақтайды. Кезеңдік даму дегеніміз - бардың асылы қалып, жасығының көмескіленуі, асылдың бойындағы озық қасиеттердің жаңалық тудыруы, осы жаңалықтың жаңаны қалыптастыруы, жаңаның игеріле келе өміршең дәстүрге айналуы. Асылы, сөз өнерінің жаңа кезеңге өтуі – ұлттың рухани әлеуетінің жаңа мүмкіндіктерді игеруі. Мұндай жаңа мүмкіндіктердің пайда болуының негізінде ұлттың көркем ойлау деңгейінің өрісі мен өресі жатады десек, ал оның тұғыры ұлт тілінің бай мүмкіндіктері, бейнелі байлығы. Ұлттың дүниені көркем қабылдау өрісінің кеңеюі сөз өнерінің жаңа кезеңге өтуін қамтамасыз етеді десек, онда әдеби дамудың осындай өзгерістерін зерделеуіміз қажет. Осыдан барып әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесі туындайды. Бұл әдебиет тарихында шешімін табуға тиісті өзекті ғылыми тақырып. Өйткені, сөз өнерінің жүрген жолдарын, өткен соқпақтарын ғылыми тұрғыдан сараламай, оның шынайы шежіресін толық танып-білу де, түзу де мүмкін емес. Ал, әдебиет тарихын дәуірлеу барысы – әдеби үдерісті танумен бірге көркем шығарманың мазмұны мен пішінін, жанрлық ерекшеліктерін, көркемдік әдістерді, әдеби ағымдар мен бағыттарды зерттеуге, зерделеуге мүмкіндік береді. Сол себепті де әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесіне айрықша ғылыми назар салып, жалпы әдебиет пен жеке көркем шығарманы барынша танып-білуге күш салғанымыз абзал. Дәуірлеу мәселесі шешілмей тұрып ұлт әдебиеті жөнінде толыққанды ғылыми-теориялық ой айту қиын. Біз бұл еңбекте қазақтың төл әдебиетінің алғашқы кезеңі болып табылатын ауызша дамыған әдебиет жөнінде ой қозғамақпыз.


Көшпелі өмір салты, табиғат аясындағы еркін өмір, ұзақ уақыт бойы қалалық емес, далалық жағдайда тіршілік ету, соған орай шаруашылық, тұрмыс салттарының алуан емес, мейлінше негізгі бірнеше типте ғана болуы – қазақ әдебиетінің ауызша дамуына тиісті мүмкіндіктерді қалыптастырды. ХІV ғасырдан біздің заманымызға дейін сақталған осы авторлық ауызша әдебиет кешегі кеңес дәуіріндегі халық ақындарына дейін сақталғанымен, оның классикалық фазасы – ХХ ғасырдың басына дейін жалғасты деп санаймыз. Оның жарқын үлгілері – Қашаған Күржіманұлы, Базар жырау, Ақтан Керейұлы мұралары. Бұл алты ғасырға жуық мерзімді қамтыған қазақ әдебиетін жыраулық және ақындық поэзия деп бөліп жүрміз. Ал хронологиялық жағынан келгенде, ауызша дамыған авторлық поэзияны тек жылдар мен ғасырлар шегімен өлшеп-пішіп ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы әдебиет, ХІХ ғасырдың І жартысындағы әдебиет, ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы әдебиет деген кезеңдерге бөліп келеміз. Бұл сөз өнерінің шынайы өрістеу жолдарынан шалғай жатқан, әдебиеттің ішкі даму заңдылықтары мүлде ескерілмеген, тек хронологияға ғана негізделген шала жіктеу. Рас, бұл жіктеуді сонау 1941 жылы «Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеу мәселесі туралы» мақаласы арқылы айтқан Бейсенбай Кенжебаевтың ұсынысы сол кезең үшін ілгерінді қадам болатын. Бейсекең мақаласы жарыққа шыққан жылдарда бұл қазақ әдебиеттануы үшін үлкен жаңалық болатын. Бірақ одан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Әдебиеттану ғылымымыз өсті. Ендігі жерде сол дәуірлеу үлгісін бүгінгі зерттеулерге тұғыр етіп ала берудің реті де, жөні де жоқ сияқты. Өйткені, Б.Кенжебаевтың дәуірлеу кестесі бүгінгі биіктен қарағанда қазақ әдебиетінің даму жолдарын толық көрсете алмайды. Б.Кенжебаев дәуірінде Қ.Жұмалиев ұсынысының ескіргені сияқты, әдебиет туралы ғылымның дамуы әдебиет дәуірлеу мәселесіне де өзгеріс енгізетіндігі табиғи құбылыс.


Жыраулық поэзиядан басталатын қазақтың төл әдебиеті қоғамдық институттардағы ауысулар мен әлеумет тұрмысындағы өзгерістерге қарамастан аттай алты ғасырдай уақыт бойы ауызша дамып келді. Осы ұзақ мерзімде шығарылған шығармалардың мазмұнында заманына қарай ерекшеліктер бола тұрса да, ауызша әдебиеттің үлгілері болған себепті оларды ортақтастыратын қасиеттер айырмашылықтардан да көп еді. Біріншіден, бұл шығармалардың барлығы дерлік белгілі бір жағдайға байланысты ситуативті дүниелер. Бұл – ауызша дамыған, тараған әдебиеттің негізгі қасиеттерінің бірі. Себебі, жазба әдебиеті әлі дүниеге келмеген халықтың өкілдері (шығармашылық иелері) бүгінгідей алдын-ала материал жинап, жоспар құрып, шығармашылық ішкі ұзақ дайындық күйін бастан кешіре бермейді. Жыраудың немесе ақынның шығармалары белгілі бір оқиға, жағдаят үстінде туады. Екіншіден, импровизация жемісі мен қағазға түскен өңделген шығарма арасында айырма айтарлықтай. Әсіресе, мұнда ауызекі сөйлеу стилі мен жазба әдебиет стилін айғақтайтын аражіктер айқын аңғарылады. Дәлел қажет болса бұл бүгінгі жазба поэзия мен айтыс ақындары поэзиясының туындыларынан-ақ көзге түседі. Солардың төңірегіндегі қазіргі пікірталастың туу себептерінің дені табиғаты екі бөлек поэзияны өзара салыстырып, бірін артық, бірін кем деп жүрген әдебиетші ағайындардың жаңсақтығында. Үшіншіден, ауызша дамыған әдебиеттің объектісі – аса белгілі оқиғалар мен тұлғалар болып келеді. Төртіншіден, ішкі сыр, субъективті пікір ауызша дамыған әдебиетке аса тән емес. Сол себепті жазба әдебиеттің лирика сияқты тебіреніске құрылған жанрында кеңінен орын алған ана, бала, махаббат, табиғатқа тамсану, ішкі жан дүние, сағыныш, наз, мұң, т.с.с. тақырыптық-идеялық мазмұнның көрініс таппауы – Асан Қайғы мен Қазтуғанға қалай етене болмаса, Шортанбай мен Мұратқа да сондай тән емес. Бұл тақырыптар, идеялық сарындар Ыбырай Алтынсарин, Абай, Шәкәрімдер тұсында ене бастайды. Бесіншіден, ауызша шығарылған әдебиет – жанрлық жағынан аса бай емес. – ХІV ғасырдан бастап ХІХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін ең басты жанрлар: толғау, арнау, терме және дастан. Прозаны айтпағанның өзінде поэзияда мысал, элегия, сонет, идиллия, эпиграмма, поэма, баллада т.б. жазба әдебиетке ғана тән жанрлар жыраулар мұрасында ұшыраспайды. Алтыншыдан, образдау саласында ізденістерден гөрі канондық үлгілерді пайдалану өзара ұқсас бейнелеу компоненттерін қолдану өте жиі кездеседі. Оны айқындау мен теңеулердің, метафора мен метонимияның, ирония мен сарказмның т.с.с. қолданылу аясын айқын аңғарамыз. Осы жағынан ол өзінен кейін қалыптасатын жазбаша әдебиетке қарағанда фольклорға жақын тұрады. Жетіншіден, өлең құрылысына келсек, тармақ, шумақ композициясынан да, ұйқас эволюциясынан да өте көптеген ортақтастықтар табуға боларлық. Өлең құрылысына реформа жасау Дулат шығармашылығынан байқалып, Абай поэзиясында кең түрде жүзеге асқаны белгілі. Сегізіншіден, ауызша дамыған поэзияда толғау немесе арнау шығарылған жағдаят айқын бейнеленеді де, сол мәселені кең түрде талдау, ішкі сырына терең үңілу бола бермейді. Содан барып оқу-білім, мәдениет, саяси-қоғамдық, әлеуметтік қатынастарды талдау, гуманистік идеалдың әдеби-эстетикалық моделін жасау да ұшыраспайды. Осы жайларды алғаш таныған М. Әуезовтің : «Абайдың өлеңінің ішіндегі мағынасы мен беттеген бағыты жағынан қарағанда, көшпелі дәуірдің өлеңдерінен айырылатын жері – мұнда сүлдері құрылған зар да, әлі құрыған уайым да жоқ, оның орнында қазақ өмірінің кем-кетігін түсінген көзі ашықтық бар, дәлелдеп ауруын тауып емін айтқан ширақтық бар. Бұрынғыдай әр нәрсені ем көрген далбасалықтың орнына, Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, кәрісіне малыңды дұрыстап бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, қарызыңды атқар дейді. Қазақтың өміріндегі кемшіліктің қайсысына болса да, Абай өз емін айтып кеткен» - деуінде ауызша дамыған әдебиет пен жазба әдебиет арасындағы мәнді айырмашылықты байқаған, сонымен бірге кемеңгер ақын жаңашылығын анық аңғарған терең пікір, өрісті ой жатыр /3, 83 /.


Қоғамдық сананы мейілінше жан-жақты көрсетудің біздің заманымызға жеткен ең негізгі үлгілері – әдебиет нұсқалары дедік. Музыкалық туындылар, билер сөзі, тарихи деректерге негізделген әңгімелер, аңыздар – әдеби туындыларда көрініс тапқан қоғамдық сананың мазмұнымен деңгейлесе алмайды. Қазақ даласы үшін әдебиет сөз өнері ғана емес, көптеген қоғамдық институттардың орнына жүріп келгені шындық. Әдебиеттің ел билеу ісіне араласуы Шалкиіз бен Бұқар заманында әрекет, тікелей атсалысу деңгейінде болса, Дулат, Махамбет заманында наразылық, Абай заманында сын, Міржақып, Мағжан заманында Алаштың азат күнін аңсау, Сәкен, Сәбит заманында ұлт жасаған мұраны ескіліктің қалдығы деп санау, төңкерісшіл өкіметті қолдау, тап теңдігін жырлау, одан беріде большевиктік партия мен кеңестік үкіметті насихаттау, қазіргі дәуірде, негізінен алғанда, тәуелсіздік мұраттары мен ұлт тағдырын бейнелеу – сөз өнерінің осы мазмұндарына сай бейнелеу тәсілдерінің де өзгеріске түскендігін де байқатады. Бейнелеу тәсілін өзгерткен – биліктің тікелей формасы болмағанымен, оны өзгерістерге түсірген қоғамның саяси бағыты, әлеуметтік мазмұны, оның рухани мәдениетінің өрістеуі, саяси-идеологиялық бастамалардың рухани құндылықтарға айналуы, соған орай, әдеби дамудың жаңа кезеңдерге өтуі, өзге көркемдік сатыларды меңгеруі. Бір дәуірде өмір сүрген Дулат пен Махамбеттің билікке наразылығындағы идеялық-көркемдік қатпарларға үңілсек, онда алғашқысында салыстыру, балау орын алып соған орай, эпитет, әсіресе, теңеу көбірек қолданылса, екінші ақында метафора, сарказм басым. Десек те, Дулатта да, Махамбетте де ауызша дамыған поэзияның өзге өкілдеріндегідей билік басындағыларға деген наразылықтарына бірбеткейлік, біржақтылық тән. Сол себепті де қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастарды жинақтау мен көркем талдаудан да өлең, толғау арналып отырған билік иесін әшкерелеу үстем болып отырады. Сондай-ақ, ауызша поэзияда жыраулардан бері келе жатқан дәстүрлі тәсілдердің бірі – оның ата тегін қосақтап айту бар. Осы арада Бұқардың Абылайдың тегіне байланысты немесе Үмбетейдің Бекболат биге айтқандарын, Дулаттың Кеңесбайға, Жұмырбайдың Шәріп төреге айтқандарымен салыстыруға боларлық. Мұның себебі сол тұстағы қазақ қоғамындағы ата-бабаның, әулеттің, ру-тайпаның ерекше орын алуымен байланысты.


ХІV-ХІХ ғасырлардағы ауызша әдебиетті ортақ дәуір шегінде қарастыруға мүмкіндік беретін идеялық әрі көркемдік ерекшеліктердің мол қабатын – осы дәуірге жасаған жыраулар мен ақындардың мұрасындағы дидактизмнен аңғара аламыз. Мораль, дидактизм қазіргі әдебиет үшін де жат емес. Көркемөнердің түрлі бұтақтары дамыған, сараланған бүгінгі ХХІ ғасыр биігінен: «әдебиет тәрбие құралы емес», «сөз өнері – педагогика емес» дейміз. Дұрысы дұрыс-ақ. Алайда, «Бір аллаға сиынып, Кел, балалар, оқылық», «Жасымнан ғылым бар деп ескермедім» деген жазба әдебиеттің ағартушылық идеяларына дейін бірді-екілі болмаса, мектебі, кітабы, мұғалімі болмаған тұтас халықтың, бүтін ұлттың өнеге айтушысы, ғибратшысы кім болған дейсіз, әлбетте, фольклордағы адамзаттық мұраттар, әлбетте ақын-жыраулардың поэзиясындағы дидактизмнің мол қабаты. Адалдық пен сатқындық, зұлымдық пен мейірбандық, жақсылық пен жамандық – т.с.с. ізгілік пен имандылық сабақтары сол тұстағы әдебиеттің негізгі тақырыптарының бірі болды. Әдебиеттің полифункционалды сипаты қазақ әдебиетінде, біздің ойымызша, ХХ ғасырдың ортасына дейін сақталып келді. Жаңа әдебиетте оның «өмірін» ғасырдың алғашқы ширегіндегі ағартушылар, одан бері де халық ақындары ұзарта түсті. Әдебиеттің полифункционалды сипаты дегенде өзінің негізгі эстетикалық функциясына қоса біз сөз өнерінің этикалық, этатикалық, педагогикалық, саяси, діни идеяларды насихаттап, солардың да қызметін атқарғанын жақсы білеміз.


Бөлісу:

Көп оқылғандар